Жамбыл – менің жай атым

Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы аясында Абай атындағы орталық кітапханасында «Жамбыл — менің жай атым, халық — менің шын атым» атты Көкшетау-Тараз online — телекөпірі ұйымдастырылды

Көкшетау қалалық ақпараттық кітапханасы мен Тараз қаласы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен өткен телекөпірді Жастар ресурстық орталығының дирекгоры Абзал Есіркепов және Көкен Шәкеев атындағы ақындар мектебінің жетекшісі, жас ақын, айтыскер Мұхамед Қонқаев жүргізіп отырды.

Кеш барысында халық поэзиясының атасы атанған Жамбылдың жыраулығы, айтыскерлік мұрасы, күйшілік, жыршылық өнері, әңгімешілдігі мен ақын жырларының шеберлігі жайында сөз қозғалды. Ақын шығармашылығы арқылы оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында өткен кеш барысында жырдан шашу шашылып, оқырмандар Жамбыл жайлы көптеген мағлұмат алып, кітаптарын сұрастырып жатты.

Телекөпірге Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тілегенова, Руханият және тарихтану орталығының «Жамбылтану» бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері Қалыбек Атжан, Тараз қаласы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Ұлбосын Саулебаева Жамбылдан жеткен жыр-мұраның қалың көпшілікке ортақ мәңгілік сипаттары мен сырлы әлемінің үлгі-өрнектері туралы әсерлі әңгімелері жайлы оқырмандармен ой бөлісті. Сонымен қатар кітапхана оқырмандары Жұлдыз Бектемісова «Абайдың суреті», Ақбота Ермекбай «Өмір жолы», кітапхана қызметкері Сара Жолдыбаева «Ақын болдым» өлендерін онлайн оқыды.

Сондай-ақ кеш соңында оқырмандар назарына Жамбылтану орталығы туралы онлайн- бейнесаяхат және «Жыр дүлдүлі» атты кітап көрмесі ұсынылды.

 Құралай Сейсенбекқызы

Jambyl–Taraz. – 2021. – 24 ақпан