Жаңғырған тарих, жаңарған Тараз
Ілгеріде іргетасын ғұндар қалап, тұңғыш атауын «Тәңірғұт» деп атаған алаштың алтын бесігі, қазақтың қазыналы да құтты мекені, көргені мол, келешегі зор көне шаһарымыздың «Тараз» деп алты құрлыққа азан шақыра айтылған ежелгі есімінің қайта жаңғырып тұрғанына биыл бақандай жиырма жыл толып отыр.
Екі мың жылдан астам тарихы бар шежірелі шаһарымызға осыдан жиырма жыл бұрын ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев арнайы іссапармен келіп, орта ғасырларда әлемге әйгілі болған тарихи атауын қалаға қайтарып берген болатын. Тарихта таңбаланған бұл атау — Тараз еді. Кешегі мен келешекті, аманат пен арманды, тарих пен тәуелсіздікті, ата-баба мен ұрпақтың тағдырын таразылап тұрған бұл атау, расында да, шаһарымыздың кейінгі өміріне, бүгінгі жетістіктеріне, бағындырған белестері мен алар асуларына, толағай табыстары мен қазандай қайнаған барлық тіршілігіне тұздық, болашағына бойтұмардай болып, едәуір әсер еткендей. Оған шаһардың өзі дәлел. Осынау тарихи сәттен бері Тараз қаласында салмағы жер қайыстырар өзгерістер орын алып, жиырма жылда қаншама ұрпақ дүниеге келді. Қаншама жанұя шаңырақ көтерді. Зәулім ғимараттар мен еңселі ескерткіштер бой көтерді. Түркі халықтарының текті мұрағатында алтыннан қымбат саналатын Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі» жазылып, бес жарым ғасыр бұрын Қазақ хандығының туы тігілген Тараз топырағы қашанда киелі. Елбасы жиырма жыл бұрынғы Әулиеатаға келген сапарында Жамбыл қаласын ежелгі аты Тараз қаласы деп атау туралы 1997 жылғы 8 қаңтардағы №3315а Жарлығына ашық аспан астында, қасиетті Қарахан кесенесінің қасында тұрып қол қояды. Ежелде Талас, орта ғасырларда Тараз, XVIII ғасырда Әулиеата, 1936-1937 жылдары Мирзоян, 1937-1997 жылдары Жамбыл аталған даласы дархан, тарихы тархан қалаға 1997 жылы ата-бабалар қойған Тараз атауы қайтарылды.
— Жаңа жылдың басында бірінші рет ел аралап шығып отырып, осындай үлкен бір қасиетті шаруаны бастап отырмын. Сол арқылы Қарахан бабаны жұртқа паш етеміз. Тәуелсіздігімізді осы бабаларымыздың әруағы жебеп жүрсін. Жамбыл облысының жергілікті атқарушы органдарының өтінішін және жұртшылығының тілегін ескере келіп, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде қаулы етемін: Жамбыл облысының орталығы — Жамбыл қаласының аты Тараз қаласы болып өзгертілсін. Жамбыл бабамыздың әруағы да риза болсын. Облыстың аты Жамбыл облысы болып қала береді. Қаланың аты — байырғы Тараз. Қазақстан жерінде баяғы Жібек жолынан бері қарай барлық карталарда белгіленген екі-ақ қала бар. Біреуі — Тараз, екіншісі — Жаркент. Сондықтан біздің көне тарихымыз бар екенін дүние жүзіне таныту үшін осы шешім дұрыс болар деп санаймын, — депті Нұрсұлтан Әбішұлы Тараздың топырағын басып тұрып, тарихи сәтте. Дәл сол күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тараз қаласының тұңғыш Құрметті азаматы атаныпты.
Рас, жиырма жыл бұрынғы Таразды бүгінгі Таразбен салыстырсақ, айырмашылығы жер мен көктей. Әлеумет, экономика, мәдениет салалары жан-жақты дамыды. Өндірістердің өрісі кеңейіп, қазына қалыңдады. Табиғи шикізат көздері игеріліп, ел игілігіне Тарихи сәт. жұмсалды. Спортта, білімде, өнерде тараздық таланттар шаһардың есімін әлемге шарықтатса, жергілікті ақын- жазушыларымыз әдебиетке енгізді. Бүгінде төрт жүз мыңға тарта тұрғын өздерін тараздықпыз деп парасатты мақтанышпен айта алатын кезеңге көш түзеді. Алдағы мақсаттарымыз да ауқымды.
— 1997 жылы 8 қаңтарда Елбасының Жарлығына сәйкес Жамбыл қаласына Тараз деген тарихи атауы берілген болатын. Содан бері табаны күректей жиырма жыл өтті. Осы уақыт аралығында облыс орталығы Тараз қаласы тарихтағы беделі биік, сәулеті сұлу кейпінен бір сәтке ажыраған емес. Ата- бабалардың аманатындай, ұрпақтың парызындай, халқымыздың көзінің қарашығындай сақталып келеді. Ірі химиялық өндіріс орталығы ретінде еңсе көтеріп, қалыптасып келеді. Бүгінгі күнде ел өміріне қатысты бірталай ауқымды бастамалар, жүйелі жобалар, нақты нәтижелер мен табысты жұмыстар атқарылуда. Ірі кәсіпорындарымыз үздіксіз жұмыс жасауда. Оның ішінде химия саласының алыбы «Қазфосфат» ЖШС, «Тараз металлургиялық зауыты», «Жамбылгипс» зауыты алдарына жан салмай қуатты қадаммен жұмыс атқаруда. Өткен жылы барлық көрсеткіштерді жүз пайыздан жоғары орындап шықтық. Оның ішінде өнеркәсіп өнімінің көлемі 100,1 пайыз деп бағалап отырмыз. 195 млрд. теңгеден астам өнім көлемін өндірдік. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі өзінің қарқынды қадамымен, табысты нәтижелерімен қуантуда. Өткен жылы бес ірі инвестициялық жобаны іске қоссақ, биылғы жылы 9 млрд. теңгеге жуық қаржыға үш ірі инвестициялық жоба Тараз қаласында іске асады деп күтілуде. Оның ішінде «Тараз арматура зауыты» ЖШС, құрғақ құрылыс материалдары мен гипс қоспаларын өндіретін «Alina holding» зауыты, «Кист» ЖШС металл құю өндірісі бар. Бұл үш кәсіпорында 700-ге тарта жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Және шаһарымыздың көркін арттыру, абаттандыру мақсатында атқарылатын жұмыстар да аз емес. Барлық құрылыстарды бір қалыпқа келтіру үшін егжей-тегжейлі қаламыздың жобасын жасауға және Бас жоспарға өзгерістер енгізуге облыстық бюджеттен 350 млн. теңге қаржы бөлінді. Осы жұмыстарды биылғы жылы абыроймен атқарып, ежелгі тарихи орталық «Көне Тараз» ашық аспан астындағы музейі және соның аумағын абаттандырып, туристік кластерге айналдыруға ауқымды жұмыстар жүргізетін боламыз. Оған қоса мектеп, тұрғын үйлердің, әлеуметтік нысандардың жұмыстары да жоспар бойынша іске асырылатын болады. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне орай біз қазіргі таңда туристік маршруттарды және қаладағы мәдени ескерткіштерді дайындау үстіндеміз. Қазақ хандығының 550 жылдығында бірталай тарихи ескерткіштеріміз қайта қалыпқа келтірілді. Биыл да сол жұмыстар жалғасын табатын болады. Қаланы абаттандыру бойынша тиісті жоспарларымыз дайын. Елбасының айтуынша, 5-6 миллион халық халықаралық көрмеге сырттан Астана қаласына келетін болса, туристердің бір бөлігі Тараз шаһарына да ат басын бұрып, табан тірейді. Жеке кәсіпкерлер жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты жұмыспен қамтамасыз етеді деген ниеттеміз, — дейді қала әкімі Нұржан Календеров.
Қаламыздың ежелгі есімі қайта жаңғырған тарихи сәт қала тұрғындарының да есінде. Бұл оқиға екі мың жыл алаулап тұрған шаһардың шамшырағына қайтадан жалын сыйлағандай еді.
— Елбасы келіп, қазіргі қалалық жаңа мешіт орналасқан Қарахан кесенесі маңында Тараз атауын беру туралы Жарлығын оқығаны әлі есімде. Сол жиынға мен де қатыстым. Күн қақаған аяз еді. Мемлекет басшысының игі шешімін естігенде, төбеміз көкке бір елі ғана жетпей, ел қуанышы еселенгендей болды. Жиырма жылда қала түбегейлі өзгерді. Аумағы отыз пайызға өсті. Жаңадан «Астана» және «Бәйтерек» мөлтек аудандары бой көтерді. Орталыққа «Достық» атауы беріліп, Бәйдібек бабамыздың және ел өміріне маңызы бар еңселі ескерткіштер орнатылды. Орталықтан «Һибатулла Тарази» мешіті халықтың игілігіне берілді. Менің өзімнің студентім болған Бақтияр Артаев Олимпиада чемпионы атанды. Кейінгі жылдары да тараздық спортшыларымыз алтыннан алқа тағып, ел абыройын асқақтатты. «Тараз-Арена» спорт кешені мен құм астындағы құндылықтарды насихаттап, тарихпен тілдестіретін «Көне Тараз» музейі ашылды. Бұл игі істің барлығы осы Тараз топырағында өніп-өсіп келе жатқан ұрпақ үшін жасалды. Әлі де атқарылатын шаруалар аз емес. Бүгінде қалада орта техникалық білім беру ісі қарқынды дамыған. Өндіріске, медицинаға, темір жол саласына арнайы мамандарды даярлайтын орта оқу орындары мен гуманитарлық-техникалық колледждер заманауи технологиямен жұмыс жасауда. 20 жылда шаһарда 11-12 орта мектеп ашылды. Яғни қаламыз күннен-күнге, жылдан-жылға кемелдену үстінде, — деді қаланың Құрметті азаматы, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ «Технологиялық» факультетінің деканы Әнуарбек Әймен. Ал талай жыл шаһарда қарапайым көлік жүргізушісі болып келе жатқан Данияр Аманбек Тараздың көшелеріне дән риза. «20 жыл бұрын қалаға Тараз атауы берілді. Ал мен шаһарда көлік тізгіндеп жүргеніме жиырма жылдан асты. Ол кезде қаланың көшелері тар, ескі, жолдардың көбінде асфальт төселмеген, қыста батпақ, жазда шаңы шығып жататын еді. Қазір қалада көлік көп. Соған орай көшелеріміз де кеңейтілді, қосымша жолдар мен бұрылыстар жасалды. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойында екі басты көпір жөндеуден өтті. Мұндай игі істердің барлығына көзіміз куә, көңіліміз қуанышты» — дейді ол.
20 жыл бұрынғы тарихи сәттен бастап белгілі әулиеаталық қайраткерлердің дені өз есімдеріне «Әл-Тарази» атауын қоса айтуды игі ұстанымға айналдырды. Тіпті сол күні дүниеге келген, бүгінде жиырмадағы қыз-жігіттердің есімдері Тараз шаһарының атауымен байланысты болды. Қалай десек те, атына заты сай қаламыздың бүгінгі өмірі, кемеңгер келбеті уақытты бағындырып, аты аңыз, тіршілігі тарих болып қала беретіндігі ақиқат. XXI ғасырмен құрдас шаһарымыздың ежелгі есімі қайта жаңғырған күн құтты болсын, құрметті тараздықтар!
Нұржан Серікханұлы
Жамбыл -Тараз. — 2017. — 11 қаңтар