Жазылбек ата өмірі: Белгілі, беймәлім беттер
Жаз ата! Жазекең! Жазылбек Қуанышбаев! Осы бір есімді ауызға алғанда ырыс-байлықты тасқындатушы, барша шопандардың ұстазы болған, мал өсірудің шебері, қарапайым еңбек адамы, қазақтың қасиетті қара шалы, данагөй ақсақалы көз алдымызға келеді. «Мал өсірсең, қой өсір, табысы оның көл-көсір», дегенді қазақ халқы тектен текке айтпаған ғой. Шынында да еті бал, сүті шипа, жүні алтын қой өсірудің арқасында Жаз ата абырой биігіне көтеріліп, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанды. Осындай атақ алуына байланысты көзі тірісінде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Бірлік селосында Жазатаның бюсті биік тұғырға орнатылды.
Жақсымызды қадір тұтып, ел үшін еткен еңбегін үлгі еткеннен ұтылған жеріміз жоқ. Қазіргі ұрпақ үшін Жазылбек Қуанышбаев әлі де жұмбақ жан. Өйткені өзінің еңбегімен шопан кәсібінің абыройы мен даңқын асырып, мал шаруашылығы тарихында өшпес із қалдырған баба туралы айтатын дүние көп. Осы мақсатпен Жазекеңнің 120 жылдығы қарсаңында Мойынқұм ауданына арнайы іссапармен шығып, алғашқы бас тіреген жеріміз шопаната атындағы мұражай үйі болды. Ауылдың қақ ортасында орналасқан бұл мәдени орынға Жазатаның келіні, егіздің сыңары Тойшыбай ағамыздың жары Ләйла Қожагелдиева басшылық етіп отыр.
- Оқимын деген баланың бетін қақпаған
– Бұл музей 1973 жылдан бері халыққа қызмет етіп келеді, – дейді бізбен әңгімесінде Ләйла. – 1986 жылдан бастап атамның атымен, яғни Жазылбек Қуанышбаев есімімен аталды. 2010 жылдан бері осында директор болып жұмыс істеймін. Музей 5 бөлімнен тұрады. 6325 жәдігер жинақталған. Оның ішінде атам өз өмірінде тұтынған заттарының саны 90-нан асады. 8 адам жұмыс істейміз.
Биыл Жазылбек Қуанышбаевтың 120 жылдық мерейтойы қарсаңында шопан атаның еңбегін, өмір жолын түсіндіріп, кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында көрмелер, ашық сабақтар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Мойынқұм аудандық әкімдігі де мерейтойға арналған іс-шараларға көмектесуге уәде берді. Бұрын жыл сайын Шопан ата атындағы қазақша күрестен республикалық турнир өтетін. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары демеуші болмағандықтан тоқтап қалды. Негізі аудандық спорт бөлімінің жоспарына енген, бірақ соңғы жылдары бірде ұйымдастырушы, бірде демеуші жоқ деп өтпей қалып жүр.
Әрине, атақты шопан туралы, ол кісінің еңбегі, жетістігі, кісілік қасиеті, жеке өмірі өте көп жазылды. Ата өз кіндігінен бала көрмей, жетпіс жасқа келгенде бәйбішесінен рұқсат сұрап, екінші мәрте үйленіп, егіз бала дүниеге келгені, олардың есімдерін Қойшыбай мен Тойшыбай деп қойғаны туралы жағдайға қалың оқырман жақсы қанық деп ойлаймын. Бұл қуанышты күн – 1967 жылдың 27 наурызы болатын. Бірінші болып дүние есігін ашқан Қойшыбайды анасы Әлімхан ана бәйбіше Жайшыбаланың бауырына салған. «Мына бала сіздің балаңыз болсын», деп оң қолымен ұсынғанда Жайшыбала апамыз егіліп жылап жіберген көрінеді. Содан кейін Қойшыбай өз анасының сүтін де ембеген, сол күйі үлкен апаның қолында өседі. Дүниеге әкелген анасын ешқашан шешем деп айтқан емес.
Көзі көргендер егіздердің дүниеге келу арасы үш сағат деп айтады. Тойшыбайды кіші апамыз Әлімхан бағып, сол кісінің тәрбиесінде болған. Атамыз жайлауға шықса да, ауылға келсе де екі үй болып отырған екен. 80-ші жылдары Үкімет атамыздың еңбегін ескеріп, аудан орталығынан үлкен үй салып береді. Сол үйде тұрған екі апаның ауызбірлігі, татулығы ерекше еді. Құдды бір апалы-сіңлілер сияқты сыйласып, шүйіркелесіп, өте жақсы араласты. Тіпті, бір-бірінсіз ас ішпейтін. Егер біреуі бір жаққа кетсе, екіншісі: «Сол келсін, күте тұрайық, сосын шай ішерміз», деп алаңдап отыратын. Келін болып үлкен апаммен 10 жыл, кіші апаммен 21 жыл бірге тұрдым. Екі кісінің татулығы бүкіл өміріме үлгі болды. Келіндерін айналып-толғанып, шаң жуытпай отырушы еді. Әсіресе, сәбилі болып үйге келгенімде екі апамыз да құрақ ұшып, өте жақсы күтім жасады.
Ал мына жайтты есіме алған сайын күліп аламын… Екі апамыз бір шаңырақта тату-тәтті тұрғанымен, бертінге дейін балаларға келгенде бөлектеніп шыға келетін. Екі ұл 8-сыныпта оқып жүргенде күрес секциясына қатысқан екен. Бір күні үйге мектептен біреу телефон шалып: «Қайсысы екенін білмеймін, бірақ балаңыздың біреуі «аяғым» деп жылап жатыр, бақайы шығып кеткен сияқты… Ата естісе бәрімізді құртатын болды-ау…» деп тұтқаны қоя салыпты. Телефонды кіші апам көтерген ғой. Шынында егіз ұл бір-бірінен айнымайды. Мұны естіген кіші апамыз мектепке жетіп барыпты. Сөйтсе, аяғы мертіккен үлкен апамыздың баласы Қойшыбай екен. Бала шыңғырып кілемнің үстінде жылап жатса керек. Мұны көрген апамыз: «Ойбүй, менің емес, ана кісінің баласы екен ғой», деп тайып тұрыпты. Үйге кеп үлкен апаға «Менің балам ба десем, сіздің балаңыз екен ғой. Барыңыз, балаңыз жылап жатыр», депті жарықтық. Екі апаның осындай қызықтары туралы әңгіме көп… Үлкен апамыз Жайшыбала 2000 жылы, кіші апамыз Әлімхан 2011 жылы қайтыс болды.
– Әрине, Жаз атаның отбасы туралы, кейінгі ұрпағы туралы біраз жазылды. Әйтсе де соның ішінде Қойшыбай мен Тойшыбайдың үйленгендерін әркім әртүрлі айтады…
– Атамыз көпті көрген көнекөз, ескілікті, қазақтың салт-дәстүріне қанып өскен адам болған ғой. Қойшыбай мен Тойшыбай 7-сыныпта оқып жүргенде Шу ауданының орталығы Төле би ауылында тұратын, үлкен апаның нағашылары болып келетін бір үйдің егіз қыздарына жеті бие беріп, құда түсіп қойған екен. Ол қыздар да бұлармен жасты болған. «10-сыныпты бітіріп, егіздерді үйлендіріп, төртеуін бірге оқуға жібереміз», деп армандапты атамыз. Бірақ, өмір ғой… Адам өз тағдырынан алшақтап қайда кетсін?!. Мектеп бітірген екі бала да «әзір үйленбейміз» деп оқуға түсіп кетеді. Кейіннен Тойшыбай әскерге кеткен. Негізі Қойшыбай ҚазПИ-дің тарих факультетін, менің жолдасым заң факультетін тәмамдаған. Жолдасым айтады: «1986 жылы әскерде жүрген маған: «Әкеңнің 90 жылдығы болады», деген жеделхат келді. Бұл кезде Саратов қаласында болатынмын. Әскери бөлім он күнге демалыс берді. Оның алты күні ары-бері жолға кетті. 1986 жылы тамыздың 29-ында әкемнің 90 жылдығы өтті. Қыркүйектің 1-і күні кешкі автобуспен жолға шығамын деп отырғанмын. Сол күні кешкі бес жарымда әкем қайтыс болды. Аудандық әскери комиссариат менің демалысымды тағы он күнге созып берді», деп.
Сонымен, ата 1986 жылы қайтыс болып, екі жылдан кейін Қойшыбай баяғы егіздің сыңарын алды. Ата-анасы егіз қыздардың есімдерін Жарқынай, Алтынай деп қойған екен. Жарқынайды қара шаңыраққа келін етіп түсірген күні бүкіл ағайындар жиналып, Тойшыбайды да үгіттейді. «Екеулеріңнің тойларыңды бірге істейік, сен де үйлен, егіздің сыңары Алтынайды ал», деп. Тіпті, бұл іске үлкен қызметтегі кісілердің өздері де араласады. Бірақ, Тойшыбай көнбей қойыпты. Арада бір ай өткен соң Қойшыбайдың үйлену тойы болады. Ауылдың тойы кешкі тоғыздарда басталады емес пе? Үлкендер Тойшыбайды шақырып: «Әлі де үлгересің, екінші қызды барып алып кел», деп оны ортаға алыпты. Бірақ бұл алған бетінен қайтпаған.
– Иә, Тойшыбайдың тағдыр жолы өзіңізбен тоғысты. Әйтсе де екеулеріңіз қалай қалай таныстыңыздар? Сіз бұл отбасыны бұрыннан білетін бе едіңіз?
– Менің де туған жерім – Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылы. Мектептен кейін екі жылдық училищені бітіріп, аудандық білім бөлімінде жұмыс істеп жүрген кезім болатын. Бірде қасымдағы құрбым: «Кешке киноға барайықшы» деген өтініш айтты. Жұма күні ауылға қайтып, жексенбі күні кешке орталыққа оралып жүрген мен басында киноға баруға қиналған сияқты едім. Бірақ, тағдырдың жазуы ғой, Тойшыбаймен танысуыма сол қыз бен кино себепкер болды. Бұл Жазылбек атаның қайтыс болған, Тойшыбай қолдағы малды бағамын, қара шаңыраққа ие боламын деп оқуынан академиялық демалыс алып келген кезі екен. Әйтсе де атаның есімі ел ішінде дүрілдеп тұрған шағы ғой. «Егіз ұлына егіз қызды айттырып қойыпты», деген әңгімені де естігенмін. Содан Тойшыбай қыр соңыма түсті. Жұмысыма түсте де келеді, кешке де келеді. Бір жағы ұяласың. Кабинетке кеп отырып алатын. Осылайша бір жыл өтті. Ақыры 1990 жылы шаңырақ құрдық.
– Бүгінде Қойшыбай да, Тойшыбай да ердің жасы елуге жақындап қалыпты. Қазіргі тіршіліктеріңіз қалай?
– Қойшыбайдың да, Тойшыбайдың да екі ұлы бар. Атамның 100 жылдық мерейтойында сол кездегі облыс әкімі Тараздан 4 бөлмелі пәтер сыйлаған болатын. Содан кейін Қойшыбай еншісін алып, облыс орталығына көшіп кетті. Атамыз армандап кеткендіктен олар үлкен баласының есімін Арман деп қойған. Кейінгі ұлдарының есімі – Абзал, жұмыс істейді. Біздің үлкеніміз Еркебұлан Алматыдағы Д.Қонаев атындағы университеттің заң факультетінің магистратурасын бітіріп, қазір тестке дайындалуда. Кіші ұлымыз Нұрлан ТарМУ-ді информатика мамандығы бойынша бітіріп жатыр. 2015 жылы Еркебұлан шаңырақ көтерді. Қаратау қаласынан Бекзада есімді келін түсірдік. Ол да жоғары білімді заңгер. Осы келін босағамызды оң аяғымен аттағанда атам есіме түсті. Ол кісі қызын емес, алдымен құдасын таңдап, жақсы отбасының қыздары да тәрбиелі, иманжүзді, ибалы болатынына бек сенімді болған шығар. Бірақ қазіргі жастардың дәстүрі бөлек. «Қандай үйдің қызын аламыз, қандай адамдармен құда боламыз», деген уайым болып, кезінде атамның да осындай ой кешкеніне күмәнім қалмады. Аллаға шүкіршілік, бәрі сәтімен жүзеге асты. Қойшыбай үлкен апаның баласы болғандықтан келін түсірерде арнайы барып, рұқсат сұрадық. Рұқсаттарын беріп, баламыз үйленді.
Мамандығы заңгер Тойшыбай аудандық ішкі істер бөлімінде кезекші боп жұмыс істеп, 45 жасқа толғанда құрметті демалысқа шықты. Қазір Хантаудағы цемент зауытының қоймасында еңбек етеді. Қойшыбай Алматы қаласында тұрады. Өзінің отбасылық бизнесі бар. Әйелі екеуі сонымен айналысады. Айтпақшы абысынымның сыңары Алтынай біз үйленгеннен кейін көп ұзамай Шу ауданындағы Белбасар ауылының бір жігітіне тұрмысқа шықты. Өте жақсы араласып тұрамыз. Өткенде келін түсіріп, той жасағанда күйеуі екеуі келіп, көмектесіп, шапқылап жүрді.
– Қартайғанда көрген егіз ұл әкесі сияқты малсақ, шаруақор ма? Жалпы атакәсіпті жалғастыруға құлықтары болды ма?
– Атамыз өте сабырлы, тұйық, бір-ақ кесіп айтатын, көп сөйлемейтін кісі болған екен. Бұл жағынан келгенде екі ұл да әкелеріне тартқан. Негізі атамыз балаларын қатал ұстапты. Жолдасымның айтуына қарағанда: «70 жасымда көрген балаларым еді», деп еркелетпеген. Кейде көңіл-күйі жақсы кезде, дастарқан басында отырғанда екі баланың басынан сипап қана қояды екен. Бар еркелеткені сол. Ал апаларымыз бертінге дейін жаңа туған бала құсатып екеуін өбектеп отырушы еді. Шынын айту керек, екі ұлдың да мал бағуға, атакәсіпті жалғастыруға икемдері болмады. Қайбір жылы малдың бәрін сатып, қалаға көшеміз деп, қайтадан басын құрастыра алмай, қиналған кездеріміз де болды. Қазақта: «Әкенің малы балаға мал болмайды», деген сөз тегін айтылмаған екен. Қойшыбай да, Тойшыбай да өте адал, өте момын жандар. Өмірі кісі алдына шаруа айтып барған емес. Ұялады, намыстанады. «Атақты адамның баласымыз», деп кеуде ұрмайды. Өздерінің адал еңбектерімен, өздерінің бейнеттерімен қарапайым ғана тұрмыс кешіп келеді.
– Екі ене, екі келін бір шаңырақта тату-тәтті тұрдыңыздар. Әйел адамның әңгімесі бітпейді деген бар, енелеріңіз өткен күндерден қандай естеліктер айтушы еді?
– Әрине, атамыздың көзі тірісінде қонақжай шаңырағына небір ақын-жазушылар, әртістер, атақты адамдар көп келген ғой. Нұрғиса Тілендиев: «Бір перзентке зар болып жүрмін», деп атаның батасын алып кеткен екен. Екі апаның айтуына қарағанда, атаның қамқорлығын көргендер өте көп болған. Жетім-жесірге көп көмектескен. Оқимын деген баланың бетін қақпаған ғой.
- Жазылбек атаның тағы бір ұлы болған ба?
Осы Мойынқұм сапары кезінде қолымызға бір мақала түсіп, онда жазылған дүниелерге аң-таң қалдық. Бір жағы солардың сырын, құпиясын білуге құмартып, мақала авторымен жолығуға асықтық. Ол 2011 жылдың 29 наурызында аудандық «Мойынқұм таңы» газетінде жарияланыпты. «Әкем жайлы айтсам» деп аталатын шағын мақаланың авторы Бейбіт Қуанышбаев деген азамат екен. Онда автор өзінің Жазылбек Қуанышбаевтың үлкен баласы екенін тайға таңба басқандай етіп айқын жазады. Апыр-ау, біз білетін Жазекеңнің екі-ақ баласы бар емес пе? Қойшыбай мен Тойшыбай. Бұған дейін баспасөз беттерінде Жазекең туралы қаншама дүниелер жазылды. Неге біреуінде Бейбіт Қуанышбаевтың есімі аталмайды?
Мойынқұм ауданының Жамбыл ауылында тұратын Бейбіт Қуанышбаевтың үйінің табалдырығын осындай дүдәмал оймен әрі-сәрі боп аттағанымыз рас. Үйдегілер өте жылы қарсы алды. Бейбіт ағамыз да, Пернекүл жеңгеміз де қонақшыл жандар екен. Әңгіме бірден қыза жөнелді. Әрине, «Жазылбектің туған баласымын» деп айта салу оңай. Оны барлық жағынан дәлелдеу қажет емес пе? Сондықтан, ұят та болса ағаның құжаттарын сұрадық. Көрсетті. Иә, шынында да жеке куәлікте де, туу туралы куәлік, яғни «метіркеде» де «Бейбіт Жазылбекович Қуанышбаев» деп анық жазылыпты. Енді бұл кісінің Жаз атаның баласы екеніне күмәніміз қалмады.
– Мен 1951 жылы қазіргі Мойынқұм ауданы, Кеңес ауылында дүниеге келдім, – дейді Бейбіт Жазылбекұлы. – Әкем – Жазылбек, анам – Жайшыбала. Айдарлы ауылындағы Жиделі көшесінде тұрдық. 1966 жылы атамыз зейнеткерлікке шығып, таяғын М.Бидасбаев деген жас шопанға тапсырды. Ол кісінің көзі тірі, қазір сол Айдарлыда тұрады. Жазекеңнің зейнетке шығып, жас шопандарға ақ жол тілегенін кезінде телевидение де түсірген. Сол жылы Бірлік ауылына көшіп келдік. Мойынқұм ауданын 25 жыл басқарған бірінші хатшы Айтбай Назарбеков әкемнің ұзақ жылғы жемісті еңбегін құрметтеп, арнайы үй салдырып берді. Одан 1970 жылы Жазекең атақонысымыз, жұртымыз, ата-бабамыздың тұрған жері, ағайын-туыстың ортасына барамын деп Жамбыл ауылына қоныс аударды. Бұл үйде 1979 жылға дейін тұрды. Кейіннен аудан орталығына көшті. Кетерінде: «Қарашаңырақ осы. Осыған сен ие бол, балам», деп мені мына үйге қалдырып, батасын берді. Ол кезде мен үйленіп, келіншегім үлкен ұлыма босанған еді.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де әкем қол қусырып отырмады. Жазылбекшілер мектебімен айналысып әрі Қазақ ССР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қой шаруашылығы жөніндегі инспекторлығы қызметін қоғамдық негізде атқарды. Айтпақшы еліміздің энциклопедиясында: «Мойынқұмда Ж.Қуанышбаев атындағы мектеп бар», деген жолдар бар. Бірақ ауданда ол кісінің атында ешқандай мектеп жоқ. Бұл бір кездері құрылған «Жазылбек мектебі» ұйымын жоғарыдағылар кәдімгі орта мектеп деп түсініп, солай деп жазып жіберсе керек.
Жазылбек әкем анамыз Жайшыбаланы 1945 жылы құда түсіп алған екен. Анам Шу ауданы, қазіргі Төле би ауылының қызы болатын. Ол кісі 1948 жылы алғашқы Социалистік Еңбек Ері атағын алғанда Айдарлы ауылында үлкен той болыпты. Сол кездері Мойынқұм Көктерек ауданы деп аталған екен. Орталығы – Бірлік ауылы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Шорабеков деген кісі болыпты. Кеңес колхозының төрағасы – Әшім Тоқсейітов. Бүкіл өмірін ұстаздыққа арнаған Ізтілеу Орынбасаров деген ағамыз сол күндерді еске алып, маған талай рет әңгіме қып айтқан еді. «Менің ол кезде жасым 18-де болатын. Мектепке жаңадан мұғалім болып кірген кезім. Тойға делегаттардың бәрі атпен келді. Автомашина деген атымен жоқ кез. Олардың аттарын байлап, өздерін киіз үйлерге кіргізіп, күтіп, қызмет жасадым. Жеңіл автомашина тек аудан басшысы Шорабековте ғана болды», деуші еді Ізтілеу ағамыз өткен күндерді еске алып.
Аудан басшысы атамыздың астына ақбоз ат мінгізіп, үлкен сый-құрмет жасайды. Осы үлкен оқиғадан кейін 10 жыл өткенде, яғни, 1958 жылы әкеміз Жазылбек Қуанышбаев республика тарихында тұңғыш рет екінші мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Менің жасым сол кезде жетіде болатын. Бала болсам да кейбір жайттар есімде қалыпты. Ол жылдары Көктерек ауданын Қайназаров деген кісі басқаратын еді. Кеңес ауылының Шу өзені жағасында той өтті. Орасан еңбегі үшін облыстың сол кездегі басшысы Асанбай Асқаров «Газ-69» көлігін сыйға тартты. Бұл Мойынқұмдағы алғашқы жекеге берілген машина болатын.
Одан кейін Шу өзенінің жағасында үлкен ат бәйге болғаны есімде қалды. Оған Көктерек және Шу ауданының сәйгүліктері қатысты. Бізге жақын ағайын, ағамыз боп келетін Бақдәулет Төлебеков өзінің қаракер атымен бірінші келіп, бас жүлдені жеңіп алды.
Тағы бір есімде қалғаны… 8 жастамын, бірінші сыныпқа барған кезім. «Казахстанская правда» газетінен келген Скоробогатов деген бір тілші, қасында тағы бір әйел бар, Жазекең екеумізді суретке түсірді. Әкем дастарқанның шетінде жастыққа жантайып жатыр, мен қаламмен қағаз бетін шимайлаудамын. Ол кезде суретке түсіру дегенді жақсы білмейміз. Ауылдағылардың бәрі қызық көріп, жиналып, екі тілші әкем екеуімізді киіндіріп, дайындап, бірнеше рет суретке түсіргені есімде қалыпты. Солар кейін «Самородок Коктерека» деген шағын кітапша шығарыпты. Қарасам, ішінде баяғы әкем екеуміз түскен фото бар екен. Кейіннен үлкейтіп алдым.
Кеңес Одағы кезіндегі заң бойынша еңбеккер екінші Алтын Жұлдызын алатын болса, оның туған жеріне ескерткіш орнатылады екен. Жазекеңе ескерткіш 1960 жылдың мамыр айында ашылды. Ол жылдары Жамбыл облысын Асанбай Асқаров басқарып тұрған болатын. Сол кісінің өзі жиынға арнайы келді. Жиналысты ашып, лентаны қиған Асанбай Асқаров Жайшыбала апамызға бұрылып: «Құрметті жеңгей, Жазекең қандай еңбек сіңірсе, сіз де сондай еңбек сіңірдіңіз. Тіпті, артық еңбек сіңірдіңіз», деп ризашылығын білдірді. Шынында, Жайшыбала анам әкеме лайықты жар, көмекші бола білген адам. Өте қонақжай кісі еді. Қандай қонақ болса да ренжіп, қабақ шытпайтын. Қай уақытта болсын дастарқаны кеңінен жайылып тұратын.
Айтпақшы, оның алдында мүсіншілер кеп Жазекеңнің мүсінін жасады. Бір ай біздің үйде жатып, алдымен балшық арқылы бейнеледі. Кәдімгі сары балшықтан… Ол кезде киіз үйде тұрамыз, Жазекеңді күні бойы үстелге отырғызып қоятын.
Бір жылы көктемгі каникулда ойнап жүріп, байқамай сіріңке шағып, төлдету қораларының өртеніп кетуіне себепкер болдым. Зәрем ұшып, алды-артыма қарамай қашып, шидің арасында тығылып отырғанда әкем өзі атқа мініп іздеп, тауып алды. Жалпы, Жазекең тұйық, алайда ашуы қатты кісі еді. Менің қатты қорыққанымды байқап: «Қорықпа, балам. Бейбітжан, келе ғой, атқа мін», деп алдына мінгізіп, үйге алып келді. Біздің қыстау Сұңқардың кіре берісінде орналасқан болатын. Сол кездегі атақты қойшылардың бірі, Ленин орденді Тыныштыбай Ахметжанов біздің көршіміз болды.
Бір күні қыстауға жер-көкті гүрілдетіп тікұшақ келіп қонды. Ондай ғажапты сол кезде бірінші рет көруім. Кейіннен білдім, әкем партияның ХХІ съезіне делегат болып сайланған екен. Соған байланысты облыс басшысы тікұшақты арнайы жіберіпті.
Әкеміздің көп адамдарға шарапаты тиді. Жағдайы жоқ, тұрмысы нашар жандарға көмектесті, талай баланы оқуға түсірді. Оқу бітіріп келген олардың жұмысқа орналасуына септігі тиді. Содан кейін өзінің шәкірттерін дайындау мәселесіне көп көңіл бөлді. Ең бірінші Ділдәш Итбасова деген апамызды үйретті. Кейін ол кісі де Еңбек Ері атағын алды. Сондай-ақ, «Көктөбе» совхозында Құдайберген Біртаев, Шоман Шәріпбаев деген шәкірттері Еңбек Ері атақтарын алды.
Әкем мені де оқуға апарды. Мені ғана емес, сол жылы Мойынқұмнан үш баланы бірдей апарды. Ол кезде ҚазМУ-дің ректоры Жолдасбеков екен. Мені профессор Ермеков деген ағайға тапсырды. Емтихан кезінде менің Жазылбектің баласы екенімді мұғалімдердің бәрі біліп отырды. Содан оқуға түстім. Бірақ бір жылдай оқығаннан кейін ауырып қалдым. Одан кейін қайтып жалғастырмадым. Қарапайым жұмыс істедім. 1976 жылы үйлендім. Келіншегім Пернекүл осы ауылдың қызы. Алланың берген үш ұлы бар. Үлкені – шахтер, ортаншысы Ақбақайдағы әкімдікте маман, кіші балам – өнер жолында. Немерелер сүйіп отырмыз. Соңымнан ерген Қойшыбай, Тойшыбай бауырларым бар.
Әкемнің көзіндей болған бұл қара шаңырақта қазақтың небір атпал азаматтары қонақ болды. Ғабит Мүсірепов пен Еркеғали Рахмадиевтің қонақ болғаны әлі күнге есімде. Аң аулауға шығып, Жазекең олармен бірге жүрді. Соңында аудан басшысы Ғабит Мүсіреповке ат мінгізіп, құрметтеп шығарып салды.
Әкеміздің әкесі Қуанышбай Мойынқұмның төменгі жағында, Бетпақдалада дүниеге келген екен. Үлкендердің айтуына қарағанда өнерге жақын, домбыра тартып, ән айтатын, ақын адам болыпты. Қуанышбай бабамыздың әйелі Айткүл Жетісу жақтың қызы болған.
… Міне, құрметті оқырман, біз Бейбіт Жазылбекұлының айтқан әңгімесін сол күйінде жариялап отырмыз. Бірақ біз қанша қазбалап сұрасақ та Бейбіт аға біздің: «Сіз неге осы уақытқа дейін көрінбедіңіз? Ел Жаз атаның баласы екеу-ақ, Қойшыбай мен Тойшыбай деп білді. Сіздің есіміңіз еш жерде аталмайды ғой…» деген сұрағымызға ашылып жауап бермеді. «Мен қарапайым адам болдым, қарапайым өмір сүрдім. Міне, Жазылбек әкемнің қарашаңырағында түтінін түтетіп отырмын. Құжаттарымда соның баласы екенім анық жазылған. Бұдан басқа қандай дәлел керек?» дегеннен арыға бармады. Көкейде күдік қалмас үшін Таразға келгеннен соң Мойынқұм ауданының біраз үлкендерімен, Қуанышбаевтар отбасымен жақсы араласып жүрген жандармен телефон арқылы сөйлестік. «Бейбіт – Жазылбектің ағасы Темірбектен тараған Иманқұлдың баласы. Иманқұлдың ұл-қыздары көп болған. Жазекең баласы болмағаннан кейін ырымдап асырап алған. Атаның ақжолтай болсын деген арманы орындалып, кейін Бейбіттің соңынан Қойшыбай мен Тойшыбай ілесті. Бейбіт Жазылбектің бауырында өсіп, соның баласындай сіңіп, бүгінде атаның қарашаңырағына ие болып отырғаны рас», деген де әңгімені естідік. Жалпы қазақта ырымдап бала асырап алу дәстүрі ежелден болған. Оны үлкендер жақсы біледі. Және ондай ақжолтай баланы «бөтенсің» деп айтудың өзі күнә. Тылсым дүние талай құпиясын ішіне бүгіп тұр емес пе? Соңғы жылдары Бауыржан Момышұлының қызы, Оралхан Бөкеевтің бауыры табылып, ел сүйінші сұрап жатыр. Бұл жағынан келгенде Жазылбек Қуанышбаевтың тағы бір баласы табылды десек, артық емес. «Адам ұрпағымен мың жасайды», деген. Жаз атаның үрім-бұтағы көбейіп, Алланың шапағатына бөлене берсін!
Оралхан ДӘУІТ,
Жамбыл облысы,
Мойынқұм ауданы.
Егемен Қазақстан – 2016. – 11 наурыз(№46). – 9 б.