Өткен жылы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қолдауымен жамбылдық 24 қаламгердің кітабы Алматыдағы «Абай» баспасынан жарық көргені есте. Сол туындылардың қатарында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, айтыскер ақын, облыстық «Aq jol» газетінің аға тілшісі Есет Досалының «Өлең деп өмір сүремін» атты жыр жинағы да бар болатын.
Аталған жыр жинағының тұсауы жақында Талас аудандық орталық кітапханасында кесілді. Іс-шарада аудан әкімі Нұрбол Жүнісбековтің құттықтауын орынбасары Айтолқын Әбдібекова жеткізді.
– «Абай» баспасынан кітабы жарық көрген жамбылдық қаламгерлердің ішінде 9-ы таластық жерлесіміз екен. Оның ішінде танымал ақын журналист, айтыс сахнасына да сән берген жүйрігіміз, жеңімпаз шәкірттер тәрбиелеп жүрген Есет Жаңабайұлының жөні бөлек. Біз бүгін тамаша кештің куәсі болып отырмыз. Жерлесімізге толағай табыс тілеймін, – деген Айтолқын Серікқызы кеш иесінің иығына шапан жауып, құрмет көрсетіп, қонақтармен бірге жаңа кітаптың тұсауын кесті.
Мұнан соң ардагер журналист, «Құрмет» орденінің иегері Ақылжан Мамыт, Талас аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұржан Мұхтаров ақынның жауһар жырлары, адал болмыс, ізгі қасиеттері жөнінде пікір білдіріп, әсерлі естеліктер айтты. Ақылжан Мамыт: «Облыс баспасөзінің қарашаңырағы саналатын «Aq jol» газетінде бас редактордың орынбасары болып қызмет етіп жүргенімде облыстық «AR-AI» жастар газетінен Есет бізге ауысып келді. Жасыратын несі бар, кейбір журналистерді жұмсасаң әртүрлі сылтау айтып тұратын. Ал Есет сенбі, жексенбі күндері жұмсасаң да қуана қабыл алып, құстай ұшып кетіп бара жататын. Небір алыс ауданға боран, аяз, жаздың ыстық күндерінде де шын ықыласымен барды. Керісінше ол «Ағай, маған тапсырма бере беріңіз» деп өтінетін. Бұл – оның еңбекқорлығы», – деп жоғары баға берді.
Қазір аталған басылымда бірге еңбек етіп жүрген әріптесі Марат Құлибаевтың да айтар ойы салмақты шықты. Ол: «Есет жан жақты, арнау өлең жазудың да нағыз шебері. Егер көңіл қойса, балалар тақырыбында да жақсы өлеңдер жазар еді. Себебі ол балалардың да психологиясын жақсы біледі», – деді әріптесінің ақындығы жайында.
Ақынның қыздары Маржан мен Інжу Жаңабай да әкелері туралы тебірене сөз сөйледі.
Іс-шара барысында өнер иесінің шығармашылығы жайлы бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар таластық ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Рафаэль Ниязбектің жары Гүлжан Мұхамадиеваның онлайн құттықтауы да кеш иесіне тосынсый болды.
Кеште аталған кітапхананың және Ақкөл ауылындағы Ақкөл және Ы.Алтынсарин орта мектептерінің оқушылары ақынның ойлы да мазмұнды өлеңдерін жатқа оқыды.
Іс-шара барысында Есет Жаңабайұлы жерлестеріне ағынан жарылып алғыс айтып, әкесіне арналған «Ойлаппын» және қызы Айшаға арнаған «Көке, менімен ойнашы» атты өлеңдерін шабыттана оқыды.
– Мен осы кезге дейін де бірнеше кітап жаздым. Бірақ кітабымның тұсаукесерін тұңғыш рет өткізіп отырмын. Оны жерлестерімнің алдында кескеніме қуаныштымын. Мұндай қолдаулар маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Айтыстағы ұстазым Шорабек Айдаров, журналистикадағы ұстаздарым Әскербек Құйқабайұлы, Болат Бекжанов, Сәулембай Әбсадықұлы, Дүйсен Молдақұлов ағаларға құрметім шексіз. Олар мені үлкен жолға жетеледі, – деді кеш иесі.
Есет ақын өзі туып-өскен Таласқа ғана емес, облысқа белгілі азамат. Жақында Тараз қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №6 кітапханасының ұйымдастыруымен де Есет Досалымен «Ел сыншысы – Есет» атты кездесу кеші өтті.
Бұл кешке арнайы қонақ ретінде ақын Нұржан Әліш, облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының ғылыми қызметкері, айтыскер ақын Дидар Апбасов шақырылды. Кездесуге М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Филология және журналистика» кафедрасының, Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің студенттері қатысты.
Кеш арқылы жастар ақын өмірі мен шығармашылығы, адами болмысы және рухани әлемімен жақын таныса алды. Бала көңілі бойында сақталған Есет Жаңабайұлы оқырмандардың жүрегіне жететіндей етіп мектептегі қызыққа толы өмірін, шығармашылық жолдағы алғашқы қадамдарын әңгімелеп берді.
Сондай-ақ өлең десе ішкен асын жерге қоятын жастар ақынның жүрегін жарып шыққан жырларын тыңдап, оның өлеңдерімен рухани сусындап қайтты.
Жанар Егеубаева, кітапханашы
Ar-Ai. — 2024. — 4 желтоқсан