Жүзден жүйрік жас толқын

    Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевқа қандай құрмет көрсетілсе де артық емес. «Мұқағали Мақатаев оқулары» республикалық байқауының облыстық кезеңі облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының және Тараз қалалық орталықтандырылған Абай кітапханасының бірлесіп ұйымдастыруымен аталған кітапхананың базасында өтті.

Бұл жолы да жүзден жүйрік оқушылар үш аталым бойынша сынға түсті. Атап айтқанда, «Айтып өткен ақында арман бар ма?» (Ақынның шығармаларын жатқа оқу) атты аталым бойынша М.Мақатаевтың өлеңдерін көп жаттаған және мәнеріне келтіріп оқи білген Байзақ ауданы №1 гимназиясының 8-сынып оқушысы Ұлпан Сүндет бас жүлдені иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алды. «Жыр эстафетасы» (Ақынның поэмаларын жатқа оқу) аталымында Қордай ауданындағы №26 Ж.Жабаев атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Диясбек Рахатов жеңімпаз атанды. М.Мақатаев поэмаларын жаттауда дес бермеген Диясбек енді өңір намысын абыройлы қорғайды деген сенімдеміз.

«Көкірегімде жыр сәулесі маздайды…» (Ақынға арналған авторлық өлендер) аталымында оқушылар өзара сынға түсті. Бұл аталымға ақындар Ғайни Әлімбекқызы, Ақтолқын Құлекеева және ғалым Меңдібай Әбілұлы қазылық жасады. Қазылардың шешімімен бас жүлде — дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей интернатының 8-сынып оқушысы Қанат Нұрғанатқа берілді. Енді ол республикалық кезенде бақ сынайды. Ал жүлделі бірінші орын Тараз қаласындағы №44 Шона Смаханұлы атындағы орта мектептің оқушысы Ұлдана Өсерге бұйырды.

 Есет ДОСАЛЫ

    Aq jol. — 2023. — 14 ақпан