Кемел ойлы кітапханашы

      «Еңбек адамы» деген кім? Ол кей замандастарым секілді әлеуметтік желілер арқылы тез әрі көп табыс табуды, жалпы оңай олжаға кенелуді өмірлік мұрат еткен адам емес. Еңбек адамы – әр істің басын бір шалмай, өзі таңдаған саланың қыр-сырын жетік меңгеріп, белгілі бір ортада өзін тапқан адам. Мен танитын сондай қоғамға пайдалы адамның бірі – Гүлдана Үсенбаева.

   «Дарақ бір жерде көгереді» демекші, Гүлдана Асқарәліқызы – Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапхана жүйесінде табан аудармай 15 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ең алғашқы еңбек жолын да аталған кітапханадан бастаған. Міне, тұрақтылықтың озық үлгісі.

     Кейіпкеріміздің айтуынша, кітапхана ішіндегі жұмыстар көзге көрінбегенімен, мазмұны терең.

– «Кейде сырт көзге біздің жұмыс жеңіл көрінуі мүмкін. Бірақ кітапты іріктеу, сұрыптау, оқырманмен жұмыс істеу, түрлі іс-шараларды ұйымдастыру – түсіне білгенге үлкен жауапкершілікті талап ететін еңбек. Әр бастама үлкен дайындықты, идеяны, талдауды қажет етеді, – деген Гүлдана Асқарәліқызы оқырмандар тарту мақсатында кітапханада «Шаңырақ», «Шабыт», «Айгөлек», «Сымбат», «Жас Отан», «Очаг», «Бәйтерек», «Ақ желкен» сынды клубтар тұрақты жұмыс істейтінін жеткізді. Әр клубтың өз мақсаты, белсенді мүшелері мен ай сайынғы жоспарланған іс-шаралары бар.

Сонымен қатар руханият ордасында «Кітап оқы, талқыла, суретте», «Дауыстап кітап оқу, руханиятқа талпынысты ояту», «Жастар – кітап әлемінде», «Киелі өлкенің кілті біздің қолымызда» сынды бірқатар жоба қолға алынған. Аталған жобалар аясында қызықты кездесулер, конференциялар, кітап бенефистері, түрлі кітап көрмелері тұрақты ұйымдастырылып тұрады.

Жылдар бойы атқарған адал еңбегі үшін Гүлдана Үсенбаева бірнеше мәрте облыс және қала әкімінің алғыс хаттарымен марапатталған. Бірақ ол үшін ең үлкен марапат – оқырманның ризашылығы.

Әдіскер ретінде әріптестері арасында үлкен беделге ие кәсіби маман жаңа жобаларды іске асыруда бастамашылдық танытып, ұжыммен бірлесе жұмыс істеудің озық үлгісін көрсетіп жүр. Оның жетекшілігімен өткізілген іс-шаралар оқырмандардың қызығушылығын арттырып, кітапханаға деген көзқарасты түбегейлі өзгертіп келеді. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдерге арналған оқу бағдарламаларын жаңғырту ісінде де белсенділік танытуда.

Бұл – бір салада ұзақ жыл еңбек еткен адамның үлкен жүректілігінің белгісі. Оның бойынан табылатын сабырлылық, еңбекқорлық пен жауапкершілік – кез келген маманға үлгі боларлық қасиеттер. Осындай жандар арқылы ғана қоғамда еңбекке деген құрмет пен сенім артады.

 

   Мадина Мадиева,

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 3-курс студенті

Ar-Ai. — 2025. — 20 маусым (№ 46). — 4 б.

Азамат. Қаламгер. Тұлға

     Дана қазақ «Өмірлік тәжірибе – даналықтың әкесі» деп бекер айтпайды. Біз өмір сүріп отырған қоғамда да, біз тұратын қалада да қанша қайраткер, ойшыл кісілер бар. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегендей, кейде сол тұлғаларымызды лайықты бағалай бермейміз. Осындай дара болмыс иесі – жазушы-драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Елен Әлімжан. Қазақ еліне 60 жыл қаламымен қызмет еткен Елен Әбдуатұлы биыл 80 жастың биігін бағындыруда.

Жазушының мерейтойына орай Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Азамат. Қаламгер. Тұлға» атты көркем ой кеші өтті. Ой толғайтын жиын болғандықтан шығар, бұл іс-шараға әдебиетшілер, тіл саласының ғалымдары көбірек шақырылыпты.

Жиында филология ғылымдарының кандидаты Темірбай Мұқашев жазушы шығармашылығындағы тереңдікке тоқталды.

«Мәселен, Мекемтас Мырзахметұлы секілді тұлғаны жазу үшін жазушының өзі терең білімді болуы керек. Бауыржан Момышұлының әлеміне бойлау үшін де тынымсыз ізденіс керек. Ондай білім мен ізденіс Елен ағайда бар», – деді ол.

Мұнан соң жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, тіл саласының білгір маманы Зиба Құламанова, әдебиетші Бақытжан Махашев, театртанушы Айзат Қадыралиева өз ойларын ортаға салды. Жас қаламгер Ерлан Нұрланов алып таудай ағадан көрген қамқорлығын тілге тиек етті.

Әдебиет әлемінде аға буынның кейінгі толқынға қамқорлығы шығармашылықтың дамуына алтын көпір болатыны анық. Кешті ақын Марал Хантөреқызы жүргізді. Бұл жиында сөйлеген кісілердің баршасы мерейтой иесінің жақсы қырларына кеңінен тоқталды. Әрине, мерейтой иесі мақтау сөзге зәру емес, бұл тілектерді жазушыға деген шынайы құрмет пен алғыс деп қабылдаған жөн. Іс-шараны жазушы Елен Әлімжан қорытындылап, өзінің өмір жолынан сыр шертті, жолына шамшырақ болған ағалары мен замандастарын еске алды.

 Сонымен қатар ол кеш қонақтары мен жиналған көпшілікке алғысын білдірді. Жазушы Елен Әлімжанмен осындай тамаша кездесудің бірі Абай атындағы қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы «Тектұрмас» аймағының «Көне қамал» кешенінде өтті.

Іс-шараны қала әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тілегенова ашып, жазушының биік болмысына тоқталды. «Елен Әбдуатұлы өңірімізге ғана емес, қазақ даласына кеңінен танымал тұлға. Жазушының қаламынан туған әрбір шығарманың мазмұны жоғары, маңызы терең.

Мерейтой иесі журналистика саласында да жемісті еңбек етті. Баспасөз және телеарна салаларында да қамшы салдырмай, озат болды. Біз жазушы Елен Әлімжанмен мақтанамыз», – деп мерейтой иесіне Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтың атынан құрмет көрсетті. Мұнан соң осы жолдардың авторы жазушыға арнау өлеңін оқып, қаламгердің ізгі қасиеттерін жыр жолдарымен аша түсуге талпынды. Сыншы, театртанушы, Күләш Байсейітова атындағы Астана өнер университетінің докторанты Айзат Қадыралиева Елен Әбдуатұлының драматург ретіндегі болмысына кеңінен тоқталды.

«Елен Әлімжанның өз ұлтын қалай сүйетіндігін, әсіресе, оның өз халқына тән ортақ мінезін «Қазақ қандай халық?» деген мақаласынан көруге болады. Автор бұл мақаласында қазақ халқының басты қасиеті – Кісілігі деп дәлелдейді. Иә, «Тақталастағы» ащы шындықтар өз халқына деген махаббаттан туған. Сондықтан оған ренжімейсің, ойланасың. Бәлкім өзіңді өзің түзеуге бет бұрасың. Себебі біз мұны Қалтай Мұхамеджановтың: «Жанталастың» авторы Елен Әлімжан өмірдің тура жалынан ұстаған» деуі, Шерхан Мұртазаның: «Тақталастай» өмірлік өзекті дүниенің жүгін көтеріп тұрған бір-ақ дүниемен де әдебиет әлемінен орын алуға болады деуі қаламгердің шеберлігіне берілген әділ баға», – деді ол.

Жиналған оқырмандар жазушыға қаламгерлік жолға қалай келгені, алғашқы шығармалары туралы сұрақтар қойды. Елен Әлімжан оқырмандары алдында ағынан жарылды. «Әкем Әбдуат тіл маманы болуымды қаламады. Көз алдында жүретін мал шаруашылығы маманы болса деді. Бірақ асқар тауыма бірнеше күн түсіндіріп, Алматыдағы үлкен университетке өзім қалаған филология мамандығы бойынша оқуға түстім. Ондағы ойым – ауылға оралып, қазақ тілі мен әдебиетінің білікті мұғалімі болу.

2-курста Дулат Исабеков, Ескен Елубаев бастаған жігіттер бір бөлмеде жаттық. Байқаймын, олар жазады. Бірінің әңгімесі, бірінің топтама өлеңі республикалық басылымдарда жарық көре бастаған. Бір күні мен де оңаша отырып, сықақ әңгіме жаздым. Сол кезде бөлмеге кіріп келген Дулат әлгі әңгімені оқып, ұнатып, «Жазушы» баспасында Мағзұм Сүннетов жас авторлардың шығармаларын жинақтап жатыр, мұны соған апарайық», – деді.

Ертеңіне әлгі баспаның өкілдері әңгіменің тым қысқа екенін айтты. Сонда Дулат еш ойланбай: «Бұл жігіттің ұзақ әңгімесі де бар, машинкаға басылып жатыр» дегені. Баспадағылар «сол әңгімені әкеліңдер» деді. Сөйтіп баспаға өтірікші болмас үшін бір күннің ішінде сүйіп қосылған жас отбасының тағдыры, кейінірек жас отағасының көлік апатынан қаза болатыны жайлы «Ән сыры» атты тұңғыш әңгімемді жазып, ұсындым. Драматургияға келуіме мәдениет саласының майталманы Әлібек Әмзеұлы әсер етті», – деді Е.Әлімжан. «Көне қамалда» өткен кештен оқырмандар үлкен әсермен қайтқаны анық.

 Есет Досалы

 Aq jol. — 2025. — 14 маусым (№ 65). — 8 б.

 

Ер есімі — ел есінде

      Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай А.Гайдар атындағы №35 орта мектеп пен Ғ.Мұратбаев атындағы кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Ақәділ — кеудесін оққа тосқан ер» тақырыбында тағылымға толы шара өтті.

Әуелі аталмыш кітапхана меңгерушісі Жаңагүл Ахумбекова мен мектеп директоры Гүлсім Әсімова биыл туғанына 105 жыл толғалы отырған Кеңес Одағының батыры, даңкты жерлесіміз Ақәділ Суханбаевтың өмірі мен ерлігіне кеңінен тоқталып, тарихтан сыр шертті. Даңқты батыр мұндай ерен ерлікті небәрі 24 жасында жасапты. КСРО Қарулы Күштері мұражайында сақтаулы тұрған деректерге сүйене отырып айтар болсақ, І944 жылдын 31 шілдесінде Польшаның Стжельцовизна деревнясы үшін болған үлкен бір шешуші шайқаста Кеңес жауынгерлерінің алға жылжуына кедергі жасап жатқан жау пулемётінен жауған оқты тоқтату мақсатында атқыштар батальонының бөлімше командирі, қазақтың қаршадай қайсар ұлы Ақәділ Суханбаев кеудесін тосып, пулемёттің үнін өшіреді. Сол сәтте жауынгерлердің бірі дереу пулемётші немістің көзін жойған соң  бәрі бірден шабуылға шығып, жау шебін бұзып өтеді. Сол ұрыстан кейін 31-ші армияның қолбасшысы, генерал-полковник Василий Глаголевтің тапсырмасымен Ақәділ атамыздың денесі Польшадан Литваның Друскининкай қаласына әкелініп, үлкен әскери салтпен жерленген екен.

Міне, осы шайқастан кейін тұтастай майдан даласына демде тараған Ақәділ Суханбаевтың жанкешті ерлігі мен есімі жауынгерлерге рух сыйлап, отансүйгіштік сезімдерін арттыра түсіпті.

«Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» демекші, бұл шара барысында ұстаздар мен оқушылар әзірлеген А.Суханбаевтың қыршын ғұмыры мен өшпес ерлігі жайлы шағын көрініс көрсетілді. Сондай-ақ белгілі жазушы, журналист Арғынбай Бекбосынның «Мен — Суханбайұлы Ақәділ» атты әнгімесінен үзінділер оқылып. жан тебірентер әндер де шырқалды.

Бұдан қейін қітапханашы Бағира Бұлтанқұлова «Ер елі үшін туады» тақырыбында викториналық сұрақтар қойып, «Мақалды жалғастыр» ойынын ойнатты. Сонымен қатар «Қазақ халқының батыры» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, онда 2023 жылы Алматыдағы «Дәуір» баспасынан жарық көрген жазушылар Бегім-Мұрат Ілиясов пен Данияр Шалқаровтың «Ерлікке толы ғұмыр» кітабын Б.Бұлтанкұлова жиналғандарға жан-жақты таныстырып өтті.

Шара соңында жиналған қауым батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухы мен ерлігіне тағзым етгі.

Мұндай игі шаралар өскелең ұрпақтың тарихта қалған тұлғаларымызды жақынырақ танып білулеріне оң ықпалын тигізері анық.

 

Әбдіғали Сайлыбаев,Тараз каласынын тұрғыны

Jambyl-Taraz. — 2025. — 12 маусым (№45).

Ауғанстан — отты жылдар естелігі

Тараз қаласындағы Абай атындағы орталық кітапханасында Ауған соғысы ардагерлеріне арналған «Ауғанстан — отты жылдар естелігі» атты кездесу кешіне Қалабаев Дүйсенәлі Ибрагимұлы және Амирбеков Марат Бегасылұлы қатысып, кітапхана оқырмандарымен Ауған соғысында батырлық пен қайсарлыктың үлгісін көрсетіп, қаһармандық танытқан, өздерінің Отан алдындағы парызына адал болған жерлестеріміз туралы естеліктерімен бөлicті. Сонымен бipre, кітапхана оқырмандары Ерсейіт Ақжарқын және Шәйкен Айсұлу Ауған соғысына қатысушылар туралы өлең жолдарын оқыса, Жаңабекұлы Дінмұхаммедтің орындауында «Домбыра» күйін күмбірлете орындады.

     Кеш конақтары кітапхана оқырмандары тарапынан қойылған «Ауған соғысына аттанар алдында соғыстың мақсат-мүддесі түсіндірілді ме?», «Соғысқа шақырту алғанда қай жерде әскери борышыңызды өтеп жүр едіңіз?» деген сұрақтарға жауап бepiп, Ауған соғысы туралы бейнероликті тамашалады.

Кітапхана ұжымы «Ауған соғысының ақиқаты» атты кітап көрмесін ұйымдастырып, кітапхана кызметкері Ұлбала Байманова Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұлдың 3 томдық шығармаларын жинағын таныстырып, автордың отаншыл асқақ рух, мемлекетшіл биік сана, согыс пен бейбітшілік жайында айтқан сұхбаттарына тоқталып өтті.

Дөңесова  Гулжазира, бөлім меңгерушісі, Абай атындағы орталық кітапхана,Тараз қаласы
Алғашқы әскери және технологиялық дайындық. — 2025. — №2.
 

Аңыз тұлға — Бауыржан

Тараз қаласындағы Абай атындағы орталық кітапханасында «Әулиеата — кітап оқитын еңір» жобасы аясында казактың каһарман ұлы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына арналған «Аңыз тұлға — Бауыржан» атты тарихи-танымдық кеш өткізілді.

Тұлғасы тұнған тағылым, eciмі елге мәлім, казақ халкының сүйікті перзенті, аты аңызға айналған батыры, даңқты қолбасшы, жалынды жазушы, әскери жауынгер Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Көлбастау ауылында малшының отбасында дүниеге келген.

Кітапхана кызметкерлері соғыстан кейінгі жылдары қаруын каламға айырбастаған гвардия полковнигінің әpбір окырманның жүрегіне жол тапқан «Артымызда Москва», «Москва үшін шайқас», «Генерал Панфилов» атты көркем туындылары мен әскери қолжазбаларын оқырмандарға кеңінен таныстырып өтті.

Ic-шарада Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланы 5513 әскери бөлімінің сарбаздары Асылбеков Нұртуған, Қалдыбай Нұржеңіс, Амангелді Рауан, Құрманбай Алишер Бауыржан Момышұлының «Ана тілін ардақта», «Ескертпе», «Тірнектеп жина әр жерден», «Қайран сегіз» атты өлеңдерін  ұсынды.

Өшпес ерлігімен, азаматтық дара қалпымен, ұлтжандылығымен, намыстылығымен халқымыздың орынды мақтанышына айналған ұлы тұлға Бауыржан Момышұлына арналған ақындар Сырбай Мәуленовтың «Батыр ағам Бауыржанға», Ғали Ормановтың «Полковник», Калибек Куанышбаевтың «Ел жүрегі елжіреп сендерде тұр…» арнау өлеңдерін кітапхана оқырмандары Манат Олжас, Боранбай Асылай, Құлназар Аяулым мәнеріне  келтіре оқып берді

Сонымен бipгe, батырдың келiнi Зейнеп Ахметованың естелігінен үзінділер, Бауыржан Момышұлының әскери тәрбие жөніндегі нақылдарынан мысал келтіріліп, eciмі epлік пен өрліктің символы ретінде халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталатындығы айтылды.

  Дөңесова  Гулжазира,
 бөлім меңгерушісі Абай атындағы орталық кітапхана, Тараз қаласы
Алғашқы әскери және технологиялық дайындық. — 2025. — №2. — 4 б.

АБАЙДЫҢ МҰРАСЫ — АДАМЗАТТЫҢ ҚАЗЫНАСЫ

Биыл Ұлы ақын Абайдың туғанына 180 жыл толады. Қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абайдың халқымызға берген өнегесі мол. Оның еңбектері жаһанның тілдеріне аударылып, оқырмандары оң бағасын берген. Жыл сайын өтетін «Абай оқулары», жас ақындар мүшайрасы дарынды жастарды ынталандыратын тағылымы мол шара. Жоғарғы оқу орындарында «Абайтану» пэні өтеді. 2022 жылы Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаевтың Жарлығымен Абай облысы кұрылды. Бұл да ақынға деген ыстық лебіздің белгісі. Ғұлама, ойшыл, акын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырды. Ұлт ұстазының ұлағаты-ешқашан маңызын да, құндылығын да жоғалтпайтын өнеге, өшпес өсиет.

 Биыл Жамбыл облысында өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен «Әулиеата кітап оқитын өңір» болып жарияланды.  Игі бастама аясында қазақтың Ұлы ақыны Абай Құнанбайұлынын 180 жылдық мерей тойына орай «Абай-дана, Абай-дара қазақта» атты эдеби-сазды кеш Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде өткізілді.

Мәдениет үйінің фоесінде «Көне Тараз» фольклорлық ансамблінің орындауында ұлттык күйлер қойылып, Абай атындағы қалалық орталық кітапханасы Абайдың шығармашылығына арналған кітап көрмесі мен мұражайын насихаттап, көрермендерге ұсынды. Іс-шараға келген Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, зиялы қауым өкілдері, алдыңғы толқын ардагерлер Абайдың шығармашылығына арналған кітап көрмесіне ерекше назар аударды.

Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі, Абай атындағы облыстық мамандарылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-гимназиясы бірлесіп ұйымдастырған іс-шара колледждің актер мамандығындағы білімгерлерінің театрландырылған қойылымымен басталды. Абайдың жастық жылдарын, кемелдену кезеңдерін қамтыған қойылым көптің көңілінен шықты.

Мұнан кейін, хакімнің «Айттым сәлем, Қаламкас» әнін жас әнші Ақтөре Орынбасар табиғи дауыста орындады. Абайдың «Тор жорға» атты күйіне «Шолпы» би ансамблінің бишілері мың бұрала билесе, аталған колледж білімгерлері хакімнің қара сөздерінің үзінділерін жатқа айтты. Мектеп-гимназияның мұғалімдері Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін хормен орындады. Осындай ғажап сәттерге көрермен өауым қол сғып, ыстық ықылас танытты.

Іс-шараның әсері жайлы Абай атындағы Тараз қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мекемесінің директоры Ұлбосын Сәулебаева : «Абай Құнанбайұлы — барша қазаққа ортақ дара тұлға. Кітапханалар жүйесінің хакім атымен аталғаны біз үшін мақтаныш. Біздің мекемеге қарасты кітапханалардың баршасында хакім туралы көптеген іс-шаралар, әдеби кештер өтіп тұрады. Биыл хакімнің 180 жылдығына орай бірнеше іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Оған өңірдің акын-жазушылары, зиялы қауым өкілдері, белсенді ардагерлеріміз атсалысады деген ойдамыз. Екі іргелі оқу орнымен бірлесіп осы іс-шараны қолға алдық. Көпшіліктің көңілінен шыққан тәрізді. Алдағы уақытта да Абай хакімге деген кұрметіміздің ауқымы ұлғая түседі-себебі, Абай тағылымы — мәңгілік тағылым» — деді.

Абай — қазақтың данасы.Биыл мемлекет басшысының бастамасымен және қолдауымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» жарияланса, ол туралы да хакім:,

«Сенбе жұртка тұрса да канша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап», — деп тайға таңба баскандай айтып кеткен. Хакім сөзі қазіргі уақытпен де үндесіп, талай түйіннің шешуі, талай сұрақтың жауабы болып тұрғандай.

Абайды ұлыктау арқылы бүкіл руханият жаңғырады. Бізге жол көрсетіп тұрған жарық шамшырақтай болған Абай тұлғасы жарқырай түссін!

Алдаберді Мақашев,

Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі

Қарахан. – 2025. — №1. – 14-16 б.

 

Береке бастауы – бірлік, ел іші тату тірлік

1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай Тараз қалалы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің №6 кітапханасында оқырмандарға ел ішіндегі түрлі ұлт өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметі, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттау мақсатында «Береке бастауы – бірлік, ел іші тату тірлік» атты тағылымға толы кездесу кеші өткізілді.

  Шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері – Жамбыл облысы «Қарашай және балқар-Архыз» этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрайымы Лёля Узденова, Жамбыл облыстық «Полонез» поляк тілі орталығы және мәдениеті қоғамдық бірлестігінің төрайымы Лариса Калькова қатысты. Қалалық мәдениет үйінің «M-ART» би студиясы өнерпаздары би билесе, №32 орта мектебінің 4 «Б» сынып білім алушылары Отан, бейбітшілік, халықтар достығы туралы өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Кітапхананың жас оқырманы Алмат Жұмабаев «Саржайлау», «Құтты ұям» әндерін нақышына келтіріп орындады.

Кітапхана қызметкерлері көп ұлтты Қазақстан халқының бейбіт өмірі мен тарихын қамтитын, бірлігі туралы әдебиеттер қойылған «Береке-бірлікте,ырыс-ынтымақта» атты кітап көрмесін ұйымдастырып, библиографиялық шолу жасады.

 Jambyl-Taraz. – 2025. – 30 сәуір.

 

Әдеби шығармалар шеруі

23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай «Ашық аспан астындағы кітапхана» атты облыстық жоба аясында Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Жастар аллеясында» «Кітап – дәуір айнасы» атты кітап шеруі өтті.

 Жастарды кітап оқуға баулу, кітаптың қоғамдағы рөлін арттыру және рухани-мәдени құндылықтарды насихаттауды мақсат еткен іс-шара барысында түрлі жанрдағы әдеби шығармалар мен танымдық кітаптарды топтастырған «Кітап – асыл қазына» атты кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Кітапқа арналған әсерлі өлеңдер оқылып, арнайы  қойылым көрсетілді.

Сонымен қатар іс-шара аясында Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі Хамит Есаман, белгілі айтыскер ақын Ербол Қамбатыров және Данияр Әлімқұл, Нұржан Әліш, Дидар Аппасов сынды тағы да басқа қаламгерлер оқырмандармен кітаптың құндылығы жайлы еркін ой-пікір алмасып, көпшілікті кітап оқуға шақырды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AI. – 2025. – 23 сәуір

Кітап – рухани қазына

23 сәуір — Халықаралык кітап және авторлық құқықты қорғау күніне орай №3 мектеп- лицейде №4 қалалық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдасгыруымен және аталмыш оқу ордасының директоры М.Райкуловтың қатысуымен «Кітап, тарих, шежіре» атты іс-шара өтті.

Шара барысында №4 кітапхана қызметкерлері А. Жақанаева мен А.Баетова «Кітап — рухани қазына» атты кітап көрмесін таныстырды. Сондай-ақ №3 мектеп-лицейдің кітапханашылары З.Байжігіт пен Ш.Талканбаева «Балалар кітапханасы» бағдарламасы шеңберінде «Оқитын ұлт» кітап жәрмеңкесін өткізіп, балалар назарына түрлі кітаптар ұсынылды.

Сабыр ӘЗІМ

Jambyl-Taraz. – 2025. – 11 сәуірxa0

Адал еңбек абыройға жетелейді

xa0 xa0 xa0 xa0Президентіміздің Жарлығымен биылғы «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында түрлі еңбек адамдары газет-журналдар мен телеарналарда көрсетіліп, олар мектептер мен түрлі оқу орындарында және кітапханаларда кездесулер өткізіліп жатқаны белгілі. Сондай кездесулердің бірі – Ғани Мұратбаев атындағы кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен Тараз қаласының А.Гайдар атындағы №35 мектепте «Жасыл ел – Тараз» серіктестігінің жұмысшысы Ербол Жұмасаевпен өтті.

xa0«Жұмысшы еңбегі қадірлі» тақырыбында өткен кездесудің мақсаты – оқушыларды жұмысшылардың еңбектерін бағалап, құрметтеп жүруге шақыру және өскенде мамандық таңдаудан жаңылмай, қай салада жұмыс істесе де ел ертеңі үшін аянбай тер төгу керектігін әрі атақ пен абыройға тек ерен еңбек арқылы бөленуге болатынын саналарына сіңіру. Кездесуді ашқан аталмыш кітапхана меңгерушісі Жаңагүл Ахумбекова еліміздің де, жеріміздің де еңбекпен көркейетінін және жұмысшы мамандықтарының қоғамда алар орны ерекше екеніне кеңінен тоқталып, сөзін «Қашанда еңбек адамы – ел мақтаны» деп түйіндеді.

Бұдан кейін сөз алған кеш қонағы, көгалдандыру ісінің шебері Ербол Мейірбекұлы өзінің бүгінге дейін жүріп өткен еңбек жолы мен жеткен жетістіктерін әңгімелей келе, әркім талмай іздену мен талпынудың арқасында ғана өзі қалаған мамандығының хас шебері болатынын түсіндіріп өтті. Сондай-ақ, кейіпкеріміз өзіміз тұрып жатқан өңірдің тазалығы мен көгеріштенуі бәрімізге ортақ екенін де айтып, қоршаған ортаны ластамай, таза ұстауға шақырды.

Тақырыпқа байланысты қойылған түрлі сұраққа тұшымды жауап берді. Өз кезегінде жиналған көпшілік қазіргідей жеңіл-желпі, мән-мағынасыз дүниелер мен оңай жолмен танылғысы келетін талантсыздардың қаптап кетіп, одан халықтың жалыға бастаған кезінде биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, өздері көріне бермесе де, еңбектері ерен жандардың танылуына мүмкіндік туғызған Мемлекет басшысына алғыстарын айтты.

Мұнан соң көпшілік назарына «Мамандықты қалай таңдауға болады?» тақырыбында бейнеролик ұсынылды. Сонымен қатар, мектеп өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, кездесудің көркін кіргізді. Кітапхана ұжымы Ербол Жұмасаевқа алдағы уақытта да ел алғысын арқалап, еңбегінің жемісті болуына тілектестіктерін білдірді.

Соңында «Еңбек – ырыс, байлығың» атты кітап көрмесі оқырмандар назарына ұсынылып, кітапханашы Ұлжан Бейсенова жазушы Серікқали Бисақаевтың «Еңбек қауіпсіздігі және заңнама» кітабына библиографиялық шолу жасады. Ал, кешке жиналғандар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, әдемі әсермен тарқасты.

xa0xa0 Гүлжан Бошаева,

Ғ.Мұратбаев атындағы кітапхана қызметкері.

xa0xa0xa0xa0xa0xa0 Aq jol. — 2025. — 10 сәуір