3000 жылдық тарихы бар қазан табылды

Жамбыл ауданының Бесағаш ауылынан осыдан 3000 жыл бұрын қолданылған қазан табылды. Көне жәдігерді Бесағаш ауылынан Ертай есімді азамат қабір қазып жатып тауып алған.

Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры, тарихшы-археолог Сауран Қалиев Бесағашқа арнайы барып тарихи жәдігермен танысты.

Тарихшы көне қазан біздің заманымызға дейінгі V-III ғасырдағы сақ дәуіріне жататынын айтады. Қола мен қалайының қосындысынан жасалған қазанның бойы – 70, диаметрі – 66 сантиметр.

– Қазан табылған маңда ортағасыр қалашығы – «Ақтөбе» елді мекенінің орны бар. Бірақ, қазан темір дәуіріне жататындықтан, Ақтөбенің тарихы да сонау ерте темір дәуірінен басталуы мүмкін. Бұл аумақта осы уақытқа дейін кешенді түрде ешқандай археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Осы жәдігердің табылуы Жамбыл облысының Шу-Талас өңіріндегі ерте орта ғасырлық және темір дәуіріне тән нысандарда кешенді түрде ғылыми- зерттеу жүргізіледі деп үміттенеміз. Сондықтан, ерте қола мен темір дәуіріне қатысты кенжелеп қалған зерттеу жұмыстарына көңіл бөліну керек, – дейді тарихшы-археолог Сауран Қалиев.

Тарихшы қазан ернеуіндегі ою- өрнектің геометриялық дәлдікпен жасалғанына қарап, сол кездегі сақ мәдениетіндегі тайпалардың математикалық есептеулерді мықты меңгергендігін шамалайды. Ал ою-өрнек нышандарының қазанның аузы мен сыртқы бетіне шығарылып жасалуы молшылықтың белгісі.

Қазан Бесағаш ауылындағы мектеп мұражайына берілді.

  Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ.

 Ақ жол. – 2023. – 20 мамыр (№55). – 8 б.

Ескерткіш жанындағы аллея

Ескерткіш жанындағы аллея

     Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында №11 мектеп ауласында Әлия Молдағұлова атында аллея ашылды.

Аллеяның ашылу салтанатына қала әкімдігі мен білім бөлімінің өкілдері және ардагер ұстаздар қатысты. Бас құжат шеңберінде батырын ұлықтаған салтанатты шарада ел үшін жас жанын сарп еткен Әлияның ұрыс даласындағы ерлігін дәріптейтін әдеби қойылым көрсетілді. Жиналған жұрт батыр рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды. Сондай-ақ мерген қызға аталмыш мектептің 9 сынып оқушысы Диана Жанасбек жалынды жырын арнады.

– Он жыл бұрын осы мектепте батырымыздың құрметіне қала басшылығының қолдауымен ескерткіш орнатылған болатын. Жеңіс үшін майдан шебінде жас өмірін қатерге тіккен Әлияның ерлігі күллі қазаққа мақтан, оны еліміздің әр перзенті ұран етері анық. Бұл аллея оның рухын асқақтатады деген ойдамын. Елбасымыздың мақаласы арқылы біз осындай тау тұлғаларымызды еліміздің әр өңірінде насихаттап, кейінгі ұрпақ жадында сақталуы үшін жұмыс жасауымыз қажет, – деді Тараз қаласының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Өмен Байшығаш. Он жыл бұрын аталмыш мектеп құрылысына күрделі жөндеу жұмыстары жасалып жатқан кезде қала басшылығы мен сәулетші Серік Әлібаевтың бастамасымен салынған ескерткіш аумағы қайта жанданды. Салтанатты жиында аллеяға құрметті қонақтар мен оқушылар арша ағашын отырғызды. Шарада мектеп оқушылары патриотты әндерді нақышына келтіре орындады. Туған жерге деген перзенттік сезімді білдіруге Елбасының бағдарламалық мақаласы оң ықпал еткенін атап өту керек.

Толғанай АТАБАЙ

 Жамбыл-Тараз. – 2017. – 18 қазан 

«Әулиеатаның киелі жерлерінің» картасы дайындалады

«Әулиеатаның киелі жерлерінің» картасы дайындалады

  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындагы «Қазақстанның киелі Жерлерінің географиясы» жобасы аясында Жамбыл облысында тиісті жұмыстар жургізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының  басшысы Берік Әбдіғалиұлы, Мемлекет және қоғам қайраткері саясаттанушы Айдос Сарым, саясаттанушы, журналист Әміржан Қосановтың қатысуымен өткен брифингте айтылды.

Елбасы мақаласы негізінде Мәдениет    және     спорт министрлігі «Қазакстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыру мақсатында «Қазақстанның киелі жерлерінің картасын» жасау жобасы бекітілді. Осы бағытта Республика көлемінен киелі жерлердің тізімі жинақталған болатын.

Арнайы «Қасиетті Қазақстан» экспедициясы жүріп жатыр. Осыған орай Жамбыл облысына келдік. Алдында Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында болдық. Негізгі мақсат ұсынылған тізімдердегі нысандар мен кешендерді өз көзімізбен көріп, анықтау,-дейді «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали.

Аталған жобаны іске асыру бойынша Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама баскармасының жетекшілігімен жұмысшы топ құрылып, комиссия шешімімен «Қазакстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының тізіміне енгізу үшін 33 тарихи-мәдени нысан ҚР Ұлттық музейі жанындағы «Қасиетті Қазақстан»               орталығына жолданды.

Ғылыми-зерттеу орталығы Жамбыл облысынан ұсынылған 33 нысанның ішінен, ұлттық сарапшылар кеңесінің отырысында 8 тарихи-мәдени ескерткішті іріктеп алып, «Қазакстанның 100 киелі нысаны» тізіміне енгізді. Атап айтсақ, тізімге Тектұрмас, Қарахан кесенелері, Айша бибі, Бабажы Хатын мазарлары, Байзақ батыр Мәмбетұлының кесенесі, Ақыртас сарай-кешені, «Ежелгі Тараз калашығы» және «Меркі-Жайсан»          ғұрыптық кешені енгілді.

«Қасиетті Қазақстан» экспедициясын жүргізуші топ облыс көлемінде орналасқан ескерткіштерге еліміздң жетекші жоғары оқу орындарының және ғылыми зерттеу институтының тарихшы, археолог, өлкетанушы ғалымдарынан тұратын сарапшылар кеңесі мен жұмысшы тобы құрылатын айтты. Экспедиция құрамы тарихи-мәдени     ескерткіштерге оның ішінде халық арасында кеңінен танымал киелі орындарға жан-жақты зерделеу жүмыстарын жүргізетін болады. Жинақталған материялдар негізінде «Әулиеатаның киелі жерлерінің» картасы дайындалады. Дайын болған карталар мен бүктемелер баспадан шығарылады. Ғаламтор желісіне де «Сакралды картаның» 3Д форматы және галограммасы электронды түрде енгізіледі.

Экспедиция нәтижесінде архелогиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілген тарихи-мәдени ескерткіштерге қайтажаңғырту жұмыстары жүргізіліп, «Әулиеатаның киелі жерлерінің» картасына енген ескерткіштерді туристер жиі келіп тамашалайтын киелі орталыкқа айналатын болады. Жоғарыда аталған мамандардың қатысуымен «Жамбыл облысының киелі жерлерінің географиясы» жобасына енгізілетін жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени нысандар бойынша экспедиция ұйымдастырылып, қорытындысы негізінде дөңгелек үстел өткізілетін болады.

  Айгерім Иембердиева

Арстан. – 2017. – 1 желтоқсан