Қалада құрылыс қалай жанданды?

     Өткенін білмегеннің — келешегі бұлыңғыр. Терең тарихымызды танып, құрмет көрсете білу, сабақ алу — бүгінгі ұрпақ парызы. Қазақ тарихы — қара жерді терең бойлаған алтын тамыр. Ал күні кеше өткен күндеріміздің өзі сол тамырдың тарамына айналып бара жатқаны тағы айғақ. Оны өткенге қарайлап, тарихты жасаған даралар мен даналардың жүріп өткен жолына көз жүгірте бастағанымызда ғана ойға аламыз.

Жамбыл облысы құрылғаннан кейін оның құрылысы мен сәнін келтіруге мүмкіндік болмады. Себебі кей архивтік құжаттарға сүйенсек, фашистік Германия КСРО-ға шабуылдауы мүмкін деген қауіппен 1939 жылы 14 қазандағы Жарлықпен стратегиялық, саяси болжамдармен елімізде бірнеше облыс құрылған. Соның бірі – Жамбыл облысы. Оны құруда да белгілі бір нақты тапсырмалар, міндеттемелер жүктелген. Сталиннің болжамы тура келіп, соғыс басталды. 5 жылға созылған Ұлы Отан соғысынан кейін қалаларды көркейту, абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін қаражат та болмаған. Сондықтан да Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласын сәулеттендіру жұмыстары тек 1957-1958 жылдардан басталған.

Көне шаһардың 2000 жылдан астам тарихы бар екені баршаға аян. Өткен ғасырдың басында, яғни 1909 жылы В.Каллаурдың ізденісімен көне қала орнында алғашқы қазба жұмыстары басталған. Алайда сол кезеңдегі саяси жағдайларға байланысты зерттеу жұмыстары тоқтатылып, тек 1938 жылы Бернштамның ықпалымен қалада алғашқы археологиялық пункт ашылды. Осылайша көне Тараз қаласының орнында қазба жұмыстары қайта жанданады.

Жамбыл өңіріндегі тарихи орындардың тізімі де жасалып, қазба орындарынан табылған жәдігерлер Ленинград, Ташкент сынды қалаларға жөнелтіліп, зерттеу жұмыстары жүргізіле бастайды. Айша бибі, Қарахан, Тектұрмас кесенелері бойынша зерттеулер жасалды. Сөйтіп, 1938 жылдан бастап жыр алыбы Жамбылдың есімімен аталып келген көне шаһарға 1997 жылдың 8 қаңтарында Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп, тарихи аты Таразды қайтарды. Сол кезеңнен бастап қала көркі де, келбеті де жыл санап өзгеріп, түрленіп келеді. Ал оған дейінгі қала құрылысы, оның басында жүрген архитекторлар туралы біз не білеміз?

Жамбыл қаласында 1957 жылдан бастап түрлі нысандар бой көтере бастады. Алғашында Ленин алаңы салынды. Қаланың Бас жоспары жасалды. Сол кездегі Жамбыл облыстық партия комитетінің хатшысы Махмұд Сапарғалиев пен Жамбыл облыстық атқару комитетінің төрағасы Асанбай Асқаров Жамбыл қаласының орталық алаңын және әкімшілік ғимараттарды салу, Ленин ескерткішін орнатуға рұқсат сұрап Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Дінмұхамед Қонаевқа 1958 жылдың 1 сәуірінде хат жазған. Аталмыш құжат Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің 282П-қорының 2-тізімдемесі, 166-бумасындағы 854-істің 9-10-беттерінде қатталған. Археологиялық зерттеулер негізінде бұл алаңда бұрындары көне зираттар болғаны дәлелденген. Тарихи құжаттарда құрылыс жұмыстары барысында қаланың өзге бөлігінен биігірек орналасқан алаңның 3 метрдей қабаты алынып тасталғаны көрсетілген. Жамбыл қаласын жаңғыртумен қатар археологиялық қазба жұмыстары да қатар жүргізілген.

Жалпы бұл Ұлы Отан соғысынан кейінгі қаламыздағы алғашқы ірі құрылыс әрі сол кездегі жаңа мүмкіндіктерге жасалған бетбұрыс болатын. Сол жылы салынған бір-біріне ұқсас үш ғимарат та әлі күнге дейін сәні мен салтанаты жараса қаланың тарихынан сыр шертіп тұрғандай.

Құрылыс жұмыстарын жүргізуге сол кезде арнайы тапсырмамен архитектор Камиль Рахматиді Жамбыл қаласына шақыртады. Ол кейіннен облысымыздың Бас жоспарын әзірлеген. Оның қасында бас инженер болып А.Анипко сызбаларын дайындады. Жамбыл қаласының құрылысын жүргізуде басшылыққа алатын негізгі қағидаларды 1964 жылы Д.Қонаевтың өзі бекітіпті. Жамбыл қаласы химия алыбы ретінде танылып, онда жүргізілген құрылыстар одақтық маңызға ие болған. Әрине, мұның бәрі өткен кезеңнің еншісінде қалды. Оның бұл бағытта дамуына сол кездегі мемлекет басшысы Дінмұхамед Қонаев пен облыс басшылары Асанбай Асқаров, Хасан Бектұрғанов ерекше үлес қосқан. Оған Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің облыстық атқару комитеті құжаттарының арасында сақтаулы 1964 жылдың 24 қаңтарындағы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Д.Қонаевтың қолымен бекітілген №64 қаулы дәлел.

Камиль Рахматұлы Рахмати 1924 жылы 25 шілдеде Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында дүниеге келген. Сәулетші, КСРО Сәулетшілер одағының мүшесі. Орта Азия политехникалық институтын бітірген. 1955-1960 жылдары Жамбыл қаласында бас сәулетші және құрылыс және сәулет істері жөніндегі облыстық бөлімнің бастығы, 1960-1963 жылдары КСРО Құрылыс және сәулет академиясының Алматы қаласындағы қазақ филиалының аспиранты, 1965 1970 жылдары Оңтүстік Қазақстан өлкесі коммуналдық шаруашылығы басқармасының бастығы, 1978-1979 жылдары «Оңтүстікқалаауылжоба» институты филиалының бас сәулетшісі, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мұражай қорының директоры болып жұмыс істеген.

Жамбыл қаласындағы белгілі ескерткіштер, орталық көшелерде, ықшамаудандарда және облыс аумағында жүзеге асырылған тағы да басқа 50 ден аса жобаның авторы. Жалпы 1980 жылға дейін Жамбыл қаласының бас архитекторы ретінде жемісті еңбек еткен. 1985 жылы дүниеден өткенше саналы ғұмыры дәл осы Жамбыл қаласымен тығыз байланысты болды.

Сонымен қатар 1960-1980 жылдары Жамбыл қаласында жүргізілген құрылыс жұмыстары хақында сөз қозғағанда қалалық партия комитетінде түрлі қызметтерді атқарған майдангер Тілеуқабыл Төребековті айтпай кету мүмкін емес. Себебі ол кездегі жаңа құрылыстарда Тілеуқабыл ағамыздың да қолтаңбасы қалды.

Құрылысы 1958 жылы басталған Ленин алаңының ашылуына орай 1959 жылдың сәуір айында Жамбыл қаласында түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылған. Оның ішінде спартакиада, жалпыхалықтық сенбілік те бар. Мейрам қарсаңында қаланы абаттандыру жұмыстарына арналып ұйымдастырылған сенбілікке 15 мың қала тұрғыны қатысқан.

1963 жылдың 7 желтоқсанында Жамбыл қаласында ұлы ақын Жамбыл Жабаевқа ескерткіш орнатылды. Бұл қалада қазақ ақын-жазушыларына арналып салынған алғашқы ескерткіш еді. Жамбылға ескерткіш орнату бойынша сол кездері облыс және қала басшылығында болған Асанбай Асқаров, Әлихан Комратов және Жылқыбай Аралбаев сынды азаматтар 1960 жылы ұсыныс беріпті. Ол туралы құжаттар да архив қойнауында сақталған.

Ескерткіштің ашылу салтанатына Алматыдан және облыстың барлық өңірлерінен қонақтар келді. Салтанатты іс шарада ақынның шәкірті Кенен Әзірбаев ерекше шабытпен арнауын айтты. Сондай-ақ іс-шараға сол кезде жаңадан сазгерлігімен таныла бастаған Нұрғиса Тілендиев, облыстық партия комитетінің хатшысы Жылқыбай Аралбаев және өзге де зиялы қауым өкілдері қатысып, өз лебіздерін білдірді. Бір қызығы, бұл салтанатқа облыс басшысы Асанбай Асқаров қатыспаған. Себебі бұл күні ол Мәскеуде жиналыста болыпты. Облыстық партия комитетінің хатшысы ескерткіш тұрған алаңға Жамбылдың аты берілгенін де осы салтанатта айтқан болатын.

Бұл – көне қала тарихының бір ғана кезеңі, өткен күннің дерегі…

Назым Қожамарова,

Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының бөлім Меңгерушісі

Ar-Ai. — 2024. — 22 қараша (№91). — 5 б.

Араб жазуы бар қыш құмыра

    Тарихи жәдігерлер — халықтың қазынасы. Тарихымыздың алтын діңгегі Тараз қаласының ортағасырлық қыш өндірісінің дамуында, таралуында, түрлі стильдің қалыптасуында ықпалы өте зор болды.

Қыш өндірісінің жекелеген түрлерінің тоқтаусыз жақсаруы мен стандартты түрлерінің пайда болуы жалатпалы қыш өндірісінің қалыптасуына әкелді. Тараздың жалатпалы қыш ыдыстары құрамында басқа қоспалар қосылмаған саздан жасалды. Жоғары сападағы түстердің қанықтығымен, өрнектердің ерекше көркемдігімен әрі жақсы орындалуымен ерекшеленді.

Ою-өрнек мотивтерінің сюжеті бойынша тараздық қыш ыдыстарды сәндеудің сызықтық-геометриялық, өсімдік, эпиграфиялық және зооморфтық сынды төрт түрлі тобын атауға болады. Аталған топтардың арасында эпиграфиялық өрнектегі жалатапалы қыш ыдыстар музей қорында көптеп кездеседі. Ыдыстарда қарапайым куфиден бастап, стилі қалыптасқан араб жазуымен жазылған мәтіндер ұсынылған. Араб жазуларында көбінесе Құранның үзінділері мен игі тілектер мағынасындағы мәтіндер берілген.

Эпиграфиялық өрнектегі ыдыстар ортаазиялық қалаларда Х-ХІІ ғасырларда өте кең таралды. Таразда бұдан ерте кезеңге жатқызылатын жалатпалы қыш ыдыстар кездеспейді. Сондай ерекше жәдігердің бірі – араб жазуы бар жалатпалы қыш құмыра.

1971 жылы 24 ақпанда Жамбыл қаласынан 15 шақырым қашықтықтағы қорғаннан жасөспірім өлкетанушы, археологтар үйірмесінің мүшесі болған Александр Шабловский ХІІ-ХIV ғасырларға жататын көгілдір жалатпалы құмыраны кездейсоқ тауып алып, музейге тапсырған. Құмыраның биіктігі — 20 сантиметр, дене диаметрі — 16,5, мойын диаметрі — 7 сантиметр. Табаны сынған, көп жерлерінің сыры кеткен. Жоғары цилиндрлік мойны бар сфералық қыш ыдыс. Дененің жоғарғы бөлігінің айналасында Құран үзінділері бар глазурленген араб жазуы түскен. Қоспасыз қыш. Жақсы күйдіріліп, көк түсті бояумен сырланған.

Сондай-ақ тұрмыста пайдаланылатын ыдыстардағы араб жазуларының таралуын Талас бойында араб жаулаушыларының келуімен, халық арасында ислам дінінің енуімен, қабылдауымен де байланыстыруға болады. Атлах қорғанынан табылған бұл тұмарға ұқсас тарихи жәдігердің тарихымыздың ақиқаттарын анықтауға ықпал жасағаны сөзсіз.

Жұлдыз Алманқұлова,

облыстық тарихи-өлкетану музейі ғылыми-зерттеу жұмыстарын  қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі

Arai. — 2024. — 29 наурыз.

Жүрекке әжім түспейді

     Шерхан Мұртазаның «Жүрекке әжім түспейді» әңгімесін оқыған сайын жақсы тақырыптың жарты мақала ғана емес, тіпті тұтас туындының жүгін көтеретін құдіреті бар екендігіне одан сайын көз жете түскендей болады.

  Жүрекке әжім түспейді… Шынымен де, осы бір-ақ ауыз сөз әңгімені оқыған әр оқырманның жүрегіне өшпестей жазылары анық. Өзінің де өткенін (бәлкім бүгінгі күйін), өміріндегі сәулелі сәттер мен жүрегінің түкпірінде аялаған (мүмкін жасырған) аппақ армандарын алақанына салып, бір сәтке жан тереңіне үңіліп, толғанары хақ. Сонда өзі де алыстағы Энжесін сағынып, ғұмыр бойы ғашығына ынтыққан Сағын ақсақалдың аппақ әлемі мен ішкі толғаныстарының ішіне түсіп кеткендей сөзбен айтып жеткізгісіз сұмдық бір сәулелі сезімді бастан кешері сөзсіз. Себебі жүрегі бар пенденің қай-қайсысының да мына өмірде махаббатқа бір жолықпай кеткені (өткені) жоқ шығар. Ал сексенге келіп те сезіміне селкеу түсірмей, адамдық арына адал бола алу — үлкен ерлік. Ондай қасиет тек жүрегі таза, жаны кіршіксіз жандардың маңдайына бұйырған бақ болса керек.

Есіңізде ме, Сағын ақсақалдың: «Уақыт, көп болса, сенің бетіңді әжімдеген шығар, ал жүрекке әжім түспейді» деген бір-ақ ауыз сөзіне қанша мағына, тіпті өмірдің бүкіл пәлсапасы сыйып жатқан жоқ па? Осы сөзді айтқан кейіпкерді қалай кемеңгер, айтқызған жазуының жүрегін қалай ғарыш демессің?

Жалпы, Шерхан Мұртазаның жазушы ретінде, әсіресе әңгіме жазудағы шеберлігі осындай көңілдің ішкі иірімдерін асқан сезімталдық һәм сұңғылалықпен сезіне отырып, содан өмірдің өлмейтін құндылықтарын әспеттей алғанында, байыппен байқай білгендігінде жатса керек. Әйтпесе жүрек дейтін бір кесек ет бәрімізде де бар ғой. Ал соған әжім түсірмей, көңіл көзін кірлетпей өмір бойы оны әсемдік пен тазалыққа бағыштай алғанымыз қайсы?

«Ауру адамдай мең-зең халге душар болдым. Бозым бозбала шаққа қайта оралғандай, жүрегі түскір тәтті бір сезімнен уылжып қоя берді. Адам қартайса бала болады, деуші еді бұрынғылар. Сол рас, «бала болдым ба?» деймін өзіме өзім. Бірақ есілдертім Энжеде. Қартайғанда қара басты ма, мұнша толқып, топалаң тигендей аласұрған не деймін».

Әңгімедегі Сағынның осы бір сөзі-ақ шын сүйген жанның көңілі мәңгілік көктем, жаны жайқалған жаз екендігін ұқтырмай ма? Демек жүрекке де әжім түсірмеу осындай адал сезім, ақ адал пейілмен астасып жатса керек, біздіңше. Иә, мынау аппақ ғаламда пенделіктің, тұрмыстың тұсауына былғанбай, ғаламның ғажабын көкірек көзімен көре алудың өзі де теңдессіз тарту шығар. Әйтпесе сексенге келмей-ақ сезімін суытып, жүрегін кірлеткендер қатарымызда қаншама? Бұл алағай да бұлағай шақта жүрегін сақтай алғандар – шын бақыттылар!

 Назерке Жұмабай

Egemen Qazaqstan. — 2025. — 13 ақпан.

Арман Сартаевтың ұстанымы – адалдық

      Төтенше жағдай адам үшін айтып келмейтін апат екені анық. Сол үшін де бұл саладағы қызметкерлердің еңбегі ерен. Олар күн сайын әртүрлі жағдайға тап болады. Алайда олар тез арада шешім қабылдау, осылайша, адам өмірін құтқару, төтенше жағдайдың алдын алу, оның өршіп кетуіне жол бермеу секілді маңызды жұмыстарды бірінші орынға қояды. Көмекке зәру азаматтарға ең алғашқы болып қол ұшын созатын бейбіт күннің батырлары Тараз қаласының төтенше жағдайлар қызметінде жетерлік. Дәл сондай жандардың бірі – азаматтық қорғау подполковнигі Арман Сартаев.

Кейіпкеріміз 30 жыл бойы өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінде еңбек етіп келеді. Оның мамандығы қауіп-қатерге толы, әп-сәтте сауатты шешім қабылдауға, тәуекел етуге иетермелейтін және адамның өмірін сақтап қалу парыз етілген ұғыммен тікелей байланысты. Өрт сөндіруші болу – күнделікті ерлікке, бір сәттік шешім қабылдауға әрқашан дайын болу.

Қазіргі таңда Арман Сартаев өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің кезекші бөлімінде жедел кезекші болып еңбек етеді.

Тұрар Рысқұлов ауданының Құлан ауылында туған ол бала кезінен осы салада қызмет етуді армандаған. Мектептен кейін екі мамандандырылған училищені бітіріп, 1995 жылы азаматтық қорғау органдарында қызметін бастады.

     – Суворов училищесінің түлегімін. 1992 жылы оқуымды аяқтағаннан кейін Алматы өрт-техникалық училищесіне жолдама алдым. Үш жыл оқып, 1995 жылы Алматы гарнизонында азаматтық қорғау органдарында қызметімді бастадым. Отбасы жағдайына байланысты 2004 жылы Таразға ауыстым. Биыл төтенше жағдайлар саласында еңбек етіп жүргеніме 30 жыл толып отыр, – дейді А.Сартаев.

Табаны күректей 30 жылдық қызметі барысында Арман Молдатайұлы сенімділік пен кәсібиліктің үлгісіне айналды. Ол тұрмыстық өрттерден бастап ауқымды апаттарға дейінгі көптеген шақыртуларға шыққан. Ең есте қалғандарының қатарында «Мыңбұлак» сауда орталығындағы алапат өртті сөндіру оқиғасы бар. Сонымен қатар ол химиялық қауіпсіздік бойынша халықаралық жаттығуларға қатысқан және жанып жатқан жатақханадан 50-ден астам адамды құтқарып қалған сәтін тебірене еске алады.

     – Кезекшілікке түскенде мен облыс бойынша өрттерге, авариялық-құтқару жұмыстарына шығуым керек. Өрт гидранттары туралы барлық мәлімет, тәулік ішінде болған өрттер туралы ақпарат 101 нөміріне шалынған қоңыраулардан кейін біздің кезекші бөлімге түседі. Ол ақпарат кезекші ретінде маған жедел баяндалады. Оқиға орнына жеткен соң, мен өрт сөндірудің орталық байланыс пунктіне жағдайды хабарлаймын. Ненің жанып жатқаны, қанша нысан қамтылғаны, өрт аумағы қанша, қанша адам эвакуацияланғаны секілді жағдайлар тәптіштеледі, – дейді А.Сартаев.

Кейіпкеріміз сабырлы, өзіне сенімді жан. Қимылдары нақ, шешімдері батыл. Жылдар бойы ол өз ісінің шеберіне айналып, талай сын сәттерде кәсібилігімен көзге түсті. Әрбір тапсырманы жауапкершілікпен орындап, өзгелерге үлгі бола білді. Уақыт өте келе ол тек тәжірибелі құтқарушы ғана емес, жас әріптестеріне бағыт-бағдар беретін тәлімгер дәрежесіне көтерілді. Оның сабырлы мінезі, табандылығы мен батылдығы айналасындағыларға сенім ұялатып, нағыз құтқарушының бейнесін айқындайды.

     – Арман Молдатайұлымен бірге қызмет атқарып жүргеніме шамамен 10 жыл болды. Мен бөлімге келгенімде ол менің ауысымымда жедел кезекші болатын. Сол кезден бері 10 жыл бойы өрт сөндіруді басқарып келеді. Ол – гарнизондағы ең үздік басшылардың бірі, өте тәжірибелі тәлімгер, – дейді Тараз қаласының №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесінің командирі Шухрат Муртаев.

Өрт сөндіру қызметіндегі жедел кезекшінің жұмысы жоғары біліктілікті, жылдам әрекетті және күрделі жағдайда шешім қабылдай білуді талап етеді. Оның әрекеттері құтқару операцияларының нәтижесіне және азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан мұнда маманның жоғары кәсібилігі мен өз ісіне адалдығы аса қажет.

Ал қызметтен тыс уақытта Арман Молдатайұлы сүйікті отбасына қамқор отағасы. Жұбайы Айсулу екеуі Мадияр мен Дана есімді ұл-қыз тәрбиелеуде. Ұлы әке өнегесінен шабыт алып, жолын жалғастыруды ойлап жүр.

Өрт сөндіруші мамандығы үлкен жауапкершілікті талап етеді, бұл ерлік пен қайсарлықтың мектебі. Қиындыққа қарамай халықтың амандығы үшін қызмет ету – әрбір өрт сөндірушінің басты борышы. Арман Сартаевтың өмір жолы осы міндетке деген адалдықтың, іске беріктіктің, рухы мен жүрегі мықты азаматтың айқын үлгісі.

  Ақтоты Жаңабай

Ar-Ai. — 2025. — 27 тамыз.

 

 

 

Кең далаға кие болған Барысхан

       Өңір тарихында өзіндік ерекшелігімен танылған аймақтың бірі – Барысхан қалашығы. Тарихи мекен қазіргі Байзақ ауданының Талас ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай Талас өзенінің оң жағалауында орналасқан. VII-XII ғасырларға жататын қала жайлы тарихшы Ибн Хордарбек пен Кудама сауда жолы бойындағы қалалар жайлы жаза отырып, Тараздың маңында Төменгі Барысхан, ал Ыстықкөлдің оңтүстік жағалауында Жоғарғы Барысхан орналасқандығы жайлы мәлімет қалдырған.

    Ибн Хордарбектің дерегінше, Жоғарғы Барысхан да Жібек жолының бойында болған. Ол Аспарадан 34 фарсах жерде, яғни, шамамен 300 шақырым қашықтықта орналасқан. Сонымен бірге дереккөздерде Жоғарғы Барысхан қаласы бар тұтас бір аймақ екені айтылады. Ал, қаланың сипаттамасы жайында Барысхан – көл жағасындағы үлкен қала екендігі, оның дихандары қарлұқтар болғандығы жазылған. Автор бұл қаланың атақты адамдарының бірі ретінде «Түркі тілдерінің сөздігінің» авторы Махмұд Қашғаридың атын айтады: «Оның өзі емес, әкесі Барысханда туған. Жоғарғы Барысхан – қарлұқтар мен ұйғырлар өмір сүрген Қашғарға жақын Ыстықкөлдің жағасындағы қала». ХІ ғасырда өмір сүрген парсы тарихшысы Гардизидің еңбегіндегі дерек бойынша, Жоғарғы Барысхан қарлұқтардың Жікіл тайпасының орталығы болған.

Ал, Төменгі Барысхан турасында ортағасырлық тарихшы Макдиси Тараздан «шығысқа қарай екі адам даусы» жететіндей жерде дейді. Ал, Кудама ибн Джафар «Барысхан Тараздан 3 фарсах жерде орналасқан» дейді. Мамандар пікірінше, Төменгі Барысхан Төрткүл қалашығымен сәйкестендіріледі. Қалашық цитадель және шахристанмен ерекшеленеді.

– Төменгі Барысхан қалашығына жүргізілген зерттеу жұмыстары 1940 жылдардан басталған. Г.Пацевичтің басшылығымен Жамбыл архео-логиялық экспедициясы қаланың топографиялық жобасын түсіріп, Төменгі Барысхан қаласының дамыған уақытын қарахандықтар кезеңіне жатқызған және қала моңғолдарға дейін өмір сүруін тоқтатқан деген тұжырымға келген. Ал, А.Бернштам әріптесі Г.Паце-вичтің 1940 жылғы зерттеулерін қарап шығып, оның ұсынысы бойынша Төменгі Барысхан қаласын Тараз қаласының шығысындағы 104-разъездге жақын орналасқандығын айтады. 1965 жылы Т.Сенигова Тараздан 20 шақырым радиуста басқа қаланың қирандысын таппағандықтан, Талас бекеті маңындағы құландының орнын Төменгі Барысхан деп қабылдап, орталық бөліктеріне қазба жұмыстарын жүргізіп, VIII-IX және X-XII ғасырларға жататын тұрғын үй орындарын ашқан. Кейінгі жылдары К.Байпақовтың басшылығымен Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институты қаладағы зерттеу жұмыстарын орталығындағы бұрынғы қазбалардың орнында жалғастырып, ескерткіштің көп қабатты екенін көрсеткен, – дейді «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының кіші ғылыми қызметкері Гүлмарал Қамбар.

Зерттеу жұмыстары нәтижесінде қалашықтың ішкі қамалында бөлмелер тобы табылған. Бұдан өзге Шахристанда жасалған қазбалар ошақтары мен тандырлары бар бірнеше үй-жай, қора-қопсы құрылыстары анықталған. VIII-XI ғасырларға жататын бұл жәдігерлер жиыны облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақталған.

Төменгі Барысхан қалашығы жайлы ел ауызында ертеден келе жатқан аңыз сақталған. Аңызға сүйенсек, мыңдаған жылдар бұрын Қаратау етегін еңбекқор, ержүрек жұрт жайлаған. Олар жолдарында кездескен бар қиындықты жеңе біліп, кәсіппен айналысып, үйлер салған. Ол кездің адамдары өте ырымшыл болып, кез келген апат пен табиғаттың жай-күйін Құдайдың ашуы деп қабылдапты. Десе де халықтың бәрінен кие тұтатыны тау барысы болыпты. Жергілікті халық бұл киені құрметпен Барысхан атапты. Сондықтан әр жыл сайын құдайы тамақ беруді парыз санапты. Қаратаудың төменгі етегі де осы барыстың құрметіне Барысхан аталыпты-мыс.

Бүгінгі таңда қаланың атауы Барысхан болғанымен, «Төрткүл» атауымен де баламаланады. Тарихи мекенде қазба жұмыстары жүргізілгенімен, толықтай ашылып зерттелмеген. Сондай-ақ, Қырғыз жеріндегі Жоғарғы Барысхан қалашығы жайлы да деректер өте аз. Осыған қарап-ақ, ортағасырлық қалаларға заманауи ғылыми зерттеудің қажеттігін бағамдауға болады.

Нұрболат Аманбек

Aq jol. — 2024. — 12 қыркүйек.

Қазақ қолөнерін қастерлеген Қамзақ

      Қайталанбас туындыларымен елдің есінде қалған таланттар аз емес. Сондай дара тұлғаның бірі – құландық қолөнер шебері, марқұм Қамзақ Төлендиев. Аталған ауданның Әбжаппар ауылында дүниеге келген шебердің есімі талайға таныс.

14 жасынан қолөнер шебері, ұсталық кәсіппен айналысқан Қамзақ Төлендиев ағаш ұстасы ретінде талай марапаттарға ие болған. Ұзақ жыл аудандық құрылыс мекемесінде ағаш шебері болып еңбек етуіне де осы бойындағы таланты себеп болыпты. Республикалық жас құрылысшылардың слетіне де делегат болып қатысады.

1963 жылы Бішкек қаласындағы көркемсурет училищесіне оқуға түседі. Училищенің бірінші курсын бітірген жылы ауырып, алты жыл төсек тартып жатады. Жап жас жігіт үшін бұл азапқа толы уақыттар еді.

Дегенмен, жасымай бар уақытын қолөнер жұмысына арнайды. Әр алуан тақырыптарда сурет салып, ағаштан түйін түюге ден қояды. Бірнеше мәрте республикалық, одақтық көрмелерге қатысып, оңдаған дипломдар мен лауреат деген атақтарға ие болды. 1978 жылы Халық шебері атағы берілді.

«Қамзақ Төлендиев сол ауру меңдеп, 1989 жылы өмірден озды. Бірақ, өз ғұмырында қолөнер саласына үлкен қолтаңба қалдырды. Қазіргі таңда ағамыздың қолынан шыққан бұйымдары аудандық тарихиөлкетану музейінде сақтаулы тұр. Солардың бірі «Жастық пен кәрілік» деген бейнесі. Бұл туынды бір ағаштың діңінен шабылып, аса шеберлікпен жасалған, – дейді аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Эльдар Өтембаев.

Аталған туындылар Қамзақ Төлендиевтің керемет талант иесі екенін дәлелдей түседі.

Есет Жаңабайұлы,

Т. Рысқұлов ауданы

Aq jol. — 2025. — 31 шілде.

Шотайдың шыңы

Шотай Тайбағаров 1945 жылы ауданымыздағы Қылышбай ауылында туған. Сол ауылдағы Карл Маркс жетіжылдық мектебінде оқып жүрген кезінен бастап, кеңшардың сан-салалы жұмысына қолғабыс тигізіп, қой қырқу науқанына қатысып жүрді.

  Бесінші сыныптың бозбаласы қой қырқудан ауылдың жеңімпазы атанып, алтыншы сыныпта оқып жүргенде сол кездегі «Фурманов» кеңшарының жеңімпазы болып, бағалы сыйлыққа ие болады. Қой фермасының меңгерушісі Әлкен Жапаров бозбаланы аудан орталығына алдыртып, қой қырқудың ата-бабадан келе жатқан әдіс-тәсілдерінен мағлұматтар беріп, қойдың аяғын байламай, жамбасқа жатқызып, басынан құйрығына дейін үзбей қырқуды, тағы басқа әдістері туралы кеңесін беріп, қамқорлығына алды.

№62 кәсіптік-техникалық учи-лищені бітірген жас жігіт Шотай, сол шаруашылықтың Әлкен Жапаров басқаратын бөлімшесіне келіп, жүгерішілер бригадирі болып тәлімгер ағасымен қоян-қолтық еңбекке араласып кетті. Шотай 1967 жылы, 22 жасқа толған кезінде КСРО бойынша қой қырқудан жарыстарға шыға бастады. 1968 жылы бүкілодақтық жарысқа мойынқұмдық жас Шотай алғаш рет қатысты. Ал, 1969 жылы Херсон облысында 11 одақтас республикадан 116 қырықтықшы қатысқан бәсекеде алдына жан салмай бас бәйгені жеңіп алды. Рекордтық көрсеткіш, әр қойды 2 минут 12 секундта қырқып 100 мүмкіндіктен 100 балл жинап, жеңімпаз атанды. 23 жастағы Ш.Тайбағаров КСРО чемпионы атанды. Кейіннен осы атақты екінші рет иеленіп, Қазақстанның жеті дүркін жеңімпазы болды.

1970 жылы Рессейдің Белгород облысында өткен қырықтықшылардың Одақ бойынша біріншілігінде атақты рессейлік қырықтықшылар Н.Холод пен С.Байрамқұловтарды артқа тастап бас жүлдені жеңіп алып, осы саланың ең жоғарғы марапаты «Алтын жабағы» алтын медалін тақты. Сол жылы Польша, ГДР, Венгрия, Болгария, Монғолия және Чехословакияның дүлділдерімен тұңғыш халықаралық бәсекеге қатысып, үшінші орынды иеленді. Қазақстанды, қазақ деген ұлт-ты дүниенің түкпір-түкпіріне танытты. 1979 жылы Болгарияның Толбухин қаласында өткен Еуропа елдері мен Монғолия қырықтықшылары қатысқан жарыста 100 мүмкіндіктен 95,11 балл жинап чемпион атанды. 10 қойды 29, 27 минутта сапалы қырқып, басымдыққа ие болды. Бұл атақты екі рет жеңіп алды.

Дүниежүзінің чемпионы Годфри Боуэн Англиядағы халықаралық жарыста 9 сағат ішінде 559 қой қырқып ерлеген болатын. Осы кездесуде Шотай мен Г.Боуэн жеке бәсекеге түсіп, Шотай бір қойды 1 минут 15 секундта, ал Г.Боуэн 1 минут 35 секундта қырқып шықты. Жеңілісін мойындаған әлем чемпионы, Шотайдан:

– Сен, қандай тәсілмен қырықтың – деп сұрайды.

Аз ойланып алған Шотай:

– Оны «Әлкен тәсілі», – деп атайды, –дейді.

Классикалық еш тәсілді меңгермей қазақы болмыспен, табиғат берген қуатпен жарысқа түсіп жүрген Шотай өмірлік ұстазының атын осылай анықтамаларға енгізген.

Риза болған Г.Боуэн Шотай інісін Австралияға қонаққа шақырады. Бұл орындалмаған арман болып қалды.

1972 жылы Шотай мен жары Жаңыл жеңгемізді Қазақстанның басшысы Дінмұхамед Қонаев қабылдап, ұзақ әңгімелеседі.

Әңгіменің үстінде:

– Шотай күніне қанша қой қырқып жүрсің, – деп сұрайды.

– 400 — 500 қой…

– Бригада құрсаң бір ауданның қойын өздерің қырықсаңдар да болады екен ғой, – дейді, риза көңілмен, елағасы.

– Иә, бір аптада бір кеңшардың қойын қырқып беріп жүрміз, Пернебай, Төлеген сияқты жігіттердің басын қосып, – деп жауап берді, жас жігіт. Сол жолы Шотай темір тұлпар мініп қайтты.

Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев Шотайды жанынан қалдырмай ертіп жүріп, елмен араластырды. Жас жігіт Жазатаның батасын алып еңбекке құлшына кірісті. Жүгері өсіріп, егіс бригадасын ұйымдастырды. Бұл салада да абырой биігінен көріне білді. Бүгінде Шотай егін еккен Радай өзенінің жағасындағы алқапты жерлестері «Шотай алқабы» атап кеткен.

Ел құрметіне бөленген Шотай Айқожаұлы КСРО-ның «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Қылышбай топырағында дүниеге келген Шотай Тайбағаров ауылымыздан шыққан тұңғыш Парламент депутаты болып Қазақстан тарихына енді.

  Мақсат Сейдалиев,

еңбек ардагері, Мойынқұм ауданы

Ғүмыр-Дария. — 2024. — 25 шілде 

Ералиев Нұрғали

Ералиев Нұрғали Әбдәліұлы

Ералиев Нұрғали Әбдәліұлы 1962 жылы Жуалы ауданының Көлтоған (бұрынғы Алексеевка) ауылында дүниеге келген. 1979-1981 жылдары «Коммунизм жолы» колхозында түрлі жұмыстар атқарады. 1981 жылы Кеңес Армиясы қатарына алынады. 1983 жылы Луначарка (қазіргі Боралдай) ауылдық кеңесі атқару комитетінің аға бухгалтері болып жұмысқа орналасады. 1986 -1993 жылға дейін «Коммунизм жолы» колхозы бас бухгалтерінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарады. 1993 жылдан 1998 жылға дейін Жуалы аудандық мал бордақылау бірлестігінің бас бухгалтері, 1998-2000 жылдары аудандық қазынашылық басқармасында бас ревизор болып қызмет атақарады. 200 жылдан бүгінгі күнге дейін салық саласында қызмет атқарып келеді. Жамбыл есеп – санақ техникумын сырттай және Алматы есеп – санақ академиясын бітірген.Орта арнаулы бухгалтер, жоғары білімді экономист, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген ядролық қару сынақтары ардагері, «Қызыл жұлдыз» және «Даңқ» орденінің иегері, Бірнеше медальдармен наградталған.

Көріңіз…

 

Шымкентбай Жылмағанбетов

Шымкентбай Өмірзақұлы Жылмағанбетов

1953 жылы Жамбыл облысы Меркі ауданы, Беларық ауылында дүниеге келген. Мамандығы – журналист. Қазақстанның Құрметті журналисі. Қазақстан Журналистер Одағының «Алтын медалінің» иегері. Әңгімелері, өлеңдері, әзіл – сықақтары кезінде облыстық, республикалық басылымдарда жарияланып тұрған. «Қателіктің құны» және «Өмір кешінде» атты кітаптары шыққан. «Қателіктің құны» кітабы осымен екінші рет басылып отыр.

Көріңіз…

 

Кран тізгіндеген келіншек

Бүгінгі қоғамда әйелдер араласпайтын сала жоқ десек, қателеспейміз. Әрі қай мамандықтың иесі болса да, биікке өрлеп, ерге бергісіз қабілетімен талайды тамсандырып жүрген нәзікжандылар арамызда көп-ақ.

Жуырда редакцияға бойшаң келген, сұлу мүсінді, ашық-жарқын бір әйел кіріп келді. Ол кран машинисі Оксана Глазетдинова еді. Ер азаматтардың өзі жүрексінетін бұл қызмет түрімен айналысып келе жатқанына 20 жылға жуықтапты. Оксанамен әңгімелесіп, салаға қалай келгені және жұмысының қыр-сыры жайында сұрап білдік.

Оксана Валерьевна Мойынқұм ауданы «Шығанақ» станциясында орналасқан «Эврика-Барит» ЖШС-нде мұнара аспалы кранының машинисі болып жұмыс істейді. Айта кетейік, «Эврика-Барит» ЖШС — барит рудасын өндірумен айналысатын Жамбыл облысындағы ірі кәсіпорындардың бірі. Аталмыш кәсіпорынның қызметкері Оксананың міндеті — кранның жағдайын күнделікті бақылап, содан соң техниканың көмегімен 1,5 тонналық қаптарды көліктерге салып, жөнелтіп отыру. Мұның бәрін ол 30 метр биіктіктен басқарады. Ол өз жұмысының қиын емесін, жиырма жылдың ішінде үйреншікті болып кеткенін айтады. «Биіктік — бұл менің таңдауым», — дейді өзі.

Оксана — Ақсүйек ауылының тумасы. Қазір жұмыс істеп жатқан кәсіпорын бұрын сол жерде орналасқан екен. Тұрақты табыс табуды мақсат еткен ол кран басқаруды сол кезде үйреніпті.

— Өндіріс орны өзі оқытты. Бастапқыда, әрине, қорқыныш болды. Бірақ, менің бастығым айтпақшы, «Бәрі уақытпен және сынақпен келеді». 10 жылдай сол жерде мұнаралы кранда жұмыс істедім, вагондарға жүк тиейтінмін. Біздің жұмыс өте қауіпті. Тіректі кранның биіктігі — 10 метр, аспалы кранның биіктігі 40 метрді құрайды. Аспалы кранда істеп жүргенімде, «аман-есен түсейінші» деп Құдайдан сұрайтынмын. Өйткені балаларым бар. Бір күні оқыс оқиға орын алды. Желді ауа райының салдарынан кран құлап, ана дүниеге аттана жаздағанмын. Қайта дәл сол уақытта мен төмен түсіп үлгергеніме шүкір, — деген ол қызмет жолында түрлі жағдайлар орын алғанын айтады.

— Бұл жылдар ішінде жылататын да, күлдіретін де оқиғалар болды ғой. Қараша айының соңы болатын, дала тұман. Оған қарамай біз көліктерді жөнелтіп жатырмыз. Мен жүк ілдірушінің бұйрығымен ғана жұмыс істеймін. Ол маған төменде қолымен бұйрық беріп отырады. Сол кезде бір қызметкеріміз қаптарды тиегенге көмектеспекші болады. Бірақ қолында арнайы қолғабы жоқ, мен жүк ілдірушінің бұйрығымен қапты көтере бергенде, байқамай әлгі кісінің саусағын жаншып алыппын. Осы оқиғадан кейін өзімді кінәлі сезініп, жұмыстан кетуге арыз жазған болатынмын. Бірақ «басшылық басқа істейтін адам жоқ деп жібермеді», — дейді Оксана.

Иә, онын мамандығын естіген адам таңданысын жасыра алмайды. Ал өзі бұл жұмысын жақсы көреді. Оксана вахталық әдіспен жұмыс істейді, 15 тәулік өндірісте, 15 тәулік отбасының жанында. Десек те, күш-жігері тасыған келіншек демалыста да қол қусырып отырмайды екен. Ол адамдарға өзінің клинингтік қызметін көрсетеді. Үй-жайды тазалаумен айналысып келе жатқанына 4 жылдың жүзі болыпты. Осы уақыт аралығында тұрақты клиенттерін де жинап үлгерген. «Егер адамда таңдаған кәсібіне деген қызығушылығы, жүрек қалауы болмаса, оған кірісудің қажеті жоқ», — деп санайды Оксана.

— Бізге түрлі қыз-жігіттер келеді, осы күнге дейін сегіз адамға кранды басқаруды үйретіппін. Қазір, мысалы, 20 жасар бойжеткен менің жанымда өндірістік тәжірибеден өтіп жүр. Бірақ мен барлығына «биіктікте жұмыс істегенше, жерде жүріңдер» деп кеңес беремін. Өйткені біздің жұмыста қауіп-қатер көп және жұмыс көлемі де үлкен. Тәулігіне 12 сағат жұмыс істейміз. Бұрын уақытқа қарамай, жұмысымды аяқтамайынша төменге түспейтінмін. Бір күні дала тас қараңғы, кранның ішінде отырмын. Төменге қарасам, бәрі қайтып бара жатыр, мені ұмыт қалдырып, — дейді кейіпкеріміз.

Кран машинисіне қойылатын басты талап — қан қысымының қалыпты болуы, көзінің көруі және есту қабілеті жақсы болуы қажет. Оксананың жұмыс күні күнделікті медицина маманынан тексерістен өтуден басталады.

— Алкотесттен өтеміз, қан қысымымызды тексереді, барлығы дұрыс болса ғана жұмысқа кірісеміз. Ал кранға отырғаннан кейін басқа нәрсемен айналысуға құқығым жоқ. Бұл — үлкен жауапкершілік. Краншы кез келген ситуацияға дайын болуы қажет, — дейді ол.

Нәзік иығымен нардың жүгін көтеріп жүрген Оксана Валерьевна ерлерге тән жұмысты істесе де, ешқашан өзінің әйел екендігін ұмытқан емес. Бұл оның жып-жинақы сыртқы келбетінен, сұлу жүзінен байқалып-ақ тұр. Оксана цехтағы жалғыз әйел екен. Қызметтестері оны өжет, ақкөңіл мінезінен бөлек, тәжірибелі, білікті маман ретінде құрмет тұтады. Жолдасы да жанында, карьерде жүк көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істейді. Екеуі — екі қыздың ата-анасы, тәп-тәтті немерелерінің ата-әжесі.

Р.S. Оксана секілді жігері жасымаған, ісіне мығым, алдында тау тұрса да тайсалмайтын өжет мінезді жандармен аз уақыт болса да әңгімелескенде, ыстық күнде мұздай бұлақтан шөліңді қандырғандай күй кешесін, өмірге құштарлығың арта түседі.

Сәуле Мүхадинқызы, журналист, Қордай ауданы

Jambyl-Taraz. — 2024. — 8 наурыз