23 сәуір — Ұлттық кітап күніне орай Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің №5 кітапханасында «Кітап әлемі» аясында «Поэзия әлемінде» атты кездесу кеші өткізілді. Рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған бұл әсерлі шара аясында кітаптар шеруі ұйымдастырылып, оқырмандарға ерекше көңіл күй сыйлады. Кітапқа деген қызығушылықты арттырып, оқырман мен руханият арасындағы байланысты нығайтты.
Кештің негізгі мақсаты — жергілікті ақын-журналист Хамит Есаманның шығармашылығын кеңінен насихаттау болды. Кездесу барысында қаламгер өз туындыларын оқып, поэзияның терең сырлары мен шабыт әлемі туралы ой бөлісті. Хамит Есеман — қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырған қаламгер. Ол қоғамдағы маңызды мәселелерді көтеріп, халықтың үнін жеткізген тұлға ретінде танылды. Кеш барысында ақынның өмірі мен шығармалары жайлы айтылып, оның әдебиеттегі орны талқыланды.
№5 кітапхана жанындағы «Дарын» шығармашылық клубының мүшелері ақын еңбектерінен үзінділер оқыды. Сонымен қатар Тараз қаласының өнерпаздары би билеп, кештің мазмұнын байытты.
Кітапханашылар ұйымдастырған «Ұлы боп күн кешкім келеді» атты кітап көрмесі оқырмандар назарына ұсынылды. Оқырмандар кеш қонағына сұрақтар қойып, ақын шығармашылығымен тереңірек танысты. Бұл кездесу Хамит Есеманның мол мұрасын ұлықтап, жас ұрпаққа таныстыруға мүмкіндік берді. Сонымен бірге Абай атындағы орталық кітапханасында 23 сәуір — Ұлттық кітап кұніне орай «Ой маржаны — кітап» тақырыбында ашық есік күні өтті. Рухани мазмұны терең шара кітап көрмелері мен түрлі инсталляциялар арқылы безендіріліп, оқырмандарға ерекше мәдени орта қалыптастырды.
Іс-шара барысында жүргізушілер кітаптың адамзат өміріндегі маңызына тоқталып, оқырмандарды мерекемен құттықтады. Философиялық мазмұндағы сахналық көрініс қойылып, кітап пен оқырман арасындағы рухани байланыс көркем түрде бейнеленді. Бұл көрініс арқылы ақпараттық дәуірдегі кітаптың рөлі терең ашылды.
Мәдени бөлімде Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының өнерпазы Сәрсенбай Әбілхайыр күй орындап, көрермен ықыласына бөленді. Сонымен қатар, кітапхана өміріне белсене қатысқан бірқатар оқырмандар марапатталды. Олардың қатарында Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Думан Мауленов, Тараз қалалық мәслихат депутаты Азамат Лесбек және жас оқырман Бақытжанқызы Аиша бар.
Кештің құрметті қонағы — Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, балалар жазушысы, сатирик-ақын Бақытжан Әлімқұлов болды. Қаламгер өз шығармашылығы туралы ой бөлісіп, оқырмандармен әңгімелесті. №63 мектеп оқушылары ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, кеш мазмұнын толықтыра түсті.
«Жанды кітап» бөлімінде Бақтияр Бекназаров кітаптың өмірдегі орны туралы тағылымды пікірлерін ортаға салды. Іс-шара соңында балаларға арналған «Додокаэдр» ойыны ұйымдастырылып, олардың танымдық қабілеттерін дамытуға бағытталған қызықты сәттер сыйлады. 23 сәуір — Ұлттық кітап күніне орай «Бүгінгі кітап — ертеңгі білімнің негізі» атты кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты — оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, оқу мәдениетін қалыптастыру және рухани құндылықтарды насихаттау. Жәрмеңке барысында көркем әдебиет, балаларға арналған кітаптар, танымдық және ғылыми еңбектер көпшілік назарына ұсынылып, оқырмандар жаңа басылымдармен танысып, өздеріне қажетті кітаптарды таңдау мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, шараға білім мен рухани байлықтың қайнар көзі саналатын «Атамұра» баспасының өкілі және оқырманға сапалы әдебиеттерді ұсынуда аянбай еңбек етіп жүрген «Кітап ал» кітап дүкенінің өкілдері қатысып, өздерінің кітап өнімдерін көпшілікке ұсынып, сатылымға шығарды.
Ұлттық кітап күніне орай Ғ.Мұратбаев атындағы кітапхана №35 орта мектеп оқушыларымен бірге «Кітап әлемі-ғажайып әлем» атты дивертисмент кешін өткізді. Мақсаты — оқушыларға кітаптың маңызын түсіндіру, кітапханаға қызығушылығын арттыру, рухани құндылықтарды насихаттау және оқу мәдениетін қалыптастыру болды. Кеште жүргізуші кітаптың білімнің қайнар көзі екенін атап өтті, оқушылар тақпақтар оқып, «Қазақ биін» орындады, жұмбақтар шешіп, «Жасырын кейіпкерді тап» ойынына қатысты. «Менің атым Қожа» мен «Жусан иісі» шығармаларынан үзінділер ұсынылып, оқушылар белсенділік танытты. Кітапхана қызметкерлері «Кітап — білім қазынасы» көрмесін таныстырып, балалар әдебиеті мен танымдық кітаптарға шолу жасады. «Жалғастыр» ойыны мен сұрақтар арқылы оқушылар өз ойларын еркін жеткізді. Іс-шара соңында кітаптың адам өміріндегі маңызы тағы да айтылып, оқушылар кітап оқуға шақырылды. Кеш мазмұнды әрі қызықты өтіп, оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттырды.
Саулебаева Ұлбосын,
ОККЖ-нің директоры, Тараз қаласы
Тәрбие сағаты. — 2026. — (№4-6). — 12-13 б.