Мерекелік кеш

     «Бірлігіміз жарасқан — таусылмайтын жыр дастан»

      Абай атындағы орталық кітапханада 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Бірлігіміз жарасқан — таусылмайтын жыр дастан» атты мерекелік кеш өтті. Кітапханашылар А.Ноғайбаева мен Ж.Орманкулова мерекенің маңызы туралы қазақ және орыс тілдерінде ақпарат берді. Олар бұл күннің елдегі бейбітшілік, ынтымақ, достық дәстүрлерін нығайтатын, әрбір қазақстандықтың Отанға деген сүйіспеншілігі мен патриоттық сезімін арттыратын ерекше мереке екенін атап өтті. Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, өңірлік «Архыз» қарашай-балқар этномәдени бірлестігінің өкілі Исмайл Хаджимуратов, Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ-нің жетекші сарапшысы Жалпанова Рианна Руслановна, Немістер қоғамының этномәдениет жөніндегі үйлестірушісі Кобер Евгения Владиславовна, Корей ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ким Светлана Николаевна және №39 мектеп-гимназиясының орыс тілі пәнінің мұғалімі Салимова Венера Анваровна оқырмандарды Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтады.

      Кездесу барысында қонақтар еліміздегі ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісімнің маңыздылығына ерекше тоқталды. Олар Қазақстанда әрбір ұлт өз мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтай отырып, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ жастарды ел бірлігін қадірлеуге, достық пен сыйластықты нығайтуға шақырып, мұндай мерекелердің қоғамдағы ынтымақты арттырудағы қызметі зор екенін жеткізді. Жамбыл облыстық корей ассоциациясының хор ұжымы «Саран» және «Хипарам» әндерін орындады. «Поющие сердца» вокалдық ансамблі «Хопсаполька» және попурри әндерін шырқап, көрермендердің көңілінен шықты. Қазіргі заман гуманитарлық-техникалық колледжінің 1 курс білімгерлері өзбек және орыс ұлттық билерін билеп, өнерлерін көрсетті.

№39 мектеп-гимназиясының оқушылары — 9-сынып оқушысы Магаметалиев Ислам, 8-сынып оқушысы Ким Валерия, 10-сынып оқушылары Сорокина Ильвира мен Абдеев Рашит өз тілдерінде сәлемдесіп, оқырмандарға құттықтау сөздерін жеткізді.

«Қазақстан — Бірлік пен татулық мекені» атты кітап көрмесіне кітапханашы  Ж.Жаңабаева таныстырып, библиографиялық шолу жасады.

Іс-шара мазмұнды әрі әсерлі өтті. Кеш барысында әр ұлттың өнері мен мәдениеті кеңінен таныстырылып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Қатысушылар бірлік пен татулықтың қадірін терең сезініп, ортақ құндылықтарды дәріптеудің маңызын ұғынды. Мұндай тағылымды шаралар ел ішіндегі ынтымақты нығайтып, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге ықпал етеді.

 

Саулебаева Ұлбосын,

ОККЖ-нің директоры, Тараз қаласы

Тәрбие сағаты. — 2026. — (№4-6). — 12 б.