Биыл 16 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Осыған орай Тараз қаласындағы «Ұлы дала» кітапханасында бірнеше жыр жинағының авторы, ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ҚР Ақпарат саласының үздігі Ғайни Әлімбекқызымен «Қаламы — сырлас, сөзі — шындық» атты әдеби-шығармашылық кездесу кеші өтті.
Кештің ашылу салтанатында сөз алған ҚР мәдениет қайраткері, сазгер Дүйсенәлі Бықыбаев ақынның сырлы сөзіне жазылған әндерге тоқталып, Ғайни Әлімбекқызының шығармашылық қыры туралы әңгімеледі.
— Ғайни Әлімбекқызы — ең әуелі лирик ақын. Оның қаламынан туған сыршыл да сезімге толы өлеңдері оқырмандардың ыстық ықыласына бөленіп келеді. Ақын жырларынан адам жанының нәзік иірімдерін, өмірге деген сүйіспеншілікті, туған жерге деген сағыныш пен азаматтық ұстанымды аңғаруға болады.
Журналистика саласында да өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, талай жарқын жобаларды жүзеге асырды. Оның телеарнадағы шығармашылық ізденістері мен еңбегінің нәтижесінде дүниеге келген бағдарламалар бүгінде телеарнаның алтын қорындағы бағалы туындыларға айналды десек, артық айтқандық емес.
Біз Ғайни Әлімбекқызымен шығармашылық байланыста болып, бірлесіп біраз ән жаздық. Сол әндеріміз бүгінде тыңдарман жүрегіне жол тауып, шырқалып жүр. Алдағы уақытта да бірлескен жұмыстарымыз жалғасын табады деген сенім бар. Жақында туған облысымызға арнаған тағы бір әніміз тыңдарманға жол тартады.
Бүгінгідей кездесулердің маңызы әрдайым ерекше. Әсіресе жастардың елге танымал, шығармашылығымен және еңбегімен көпке үлгі болған тұлғалармен жүздесуі олардың дүниетанымын кеңейтіп, өнерге, білімге және ізденіске деген қызығушылығын арттырады. Өмір жолы қалыптасқан азаматтардың тәжірибесін тыңдау, олардың жетістіктері мен шығармашылық ізденістерінен тағылым алу жас ұрпақтың тұлға болып қалыптасуына оң ықпал етеді деп сенеміз, — деді Дүйсенәлі Дыбысалыұлы.
Кездесу барысында кеш қонағы Ғайни Әлімбекқызы өзінің шығармашылық өмірі мен журналистік тәжірибесі туралы сыр бөлісіп, оқырмандардың сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар кітапхана қызметкерлері ақынның сезімге толы жырларын нақышына келтіріп оқып, сөзіне жазылған әндерді орындады.
Кеш соңында «Сырлы сөздің салмағы» атты кітап көрмесі көрермен назарына ұсынылып, оқырмандарға ақынның шығармашылығымен танысуға мүмкіндік берілді.
Жұмаш Жолболды
Jambyl-Taraz. — 2026. — 23 қазан (№84). — 48 б.