Ұлттық құндылықтар ұлықталды

      Жуырда «Анаға тағзым» облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығында М.Әуезов атындағы кітапхананың ұйымдастыруымен «Бата — балаға мәңгі құт» атты дәстүрді дәріптеу кеші өтті.

Тағылымды басқосудың негізгі мақсаты — халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан бата беру дәстүрін дәріптеу, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың бойына ата дәстүрді сіңіру және үлкенді құрметтеу мәдениетін қалыптастыру.

Іс-шара барысында қазақ халқының салт-дәстүрлері, ұрпақ тәрбиесіндегі үлкеннің орны, отбасы құндылықтары мен аға буын және кейінгі ұрпақ арасындағы сабақтастық жайында әңгіме өрбіді. Қатысушылар батаның халқымыздың рухани өміріндегі орнына тоқталып, оның жай ғана ізгі тілек емес, елдің амандығын, шаңырақтың берекесін, ұрпақтың болашағын тілеген ақ ниеттің көрінісі екенін атап өтті.

Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Сауранбек Жамалбеков ұлттық тәрбиеде үлкеннің орны ерекше екенін айтып, бата беру дәстүрінің тәрбиелік мәніне тоқталды.

— Қазақта үлкеннің алдын кесіп өтпей, сөзін тыңдап, батасын алу — әуелден қалыптасқан тәрбие. Батада үлкеннің өмірлік тәжірибесі, көргені мен түйгені, кейінгі ұрпаққа деген ақ тілегі бар. Сондықтан баланың үлкеннің сөзін тыңдап, батасын алып өсуі — оның бойына ізеттілік пен адамгершілікті сіңірудің бір жолы. Бүгінгі таңда осындай дәстүрлерді ұмытпай, жастарға түсіндірудің маңызы зор, — деді Сауранбек Жамалбеков.

Оның айтуынша, салт-дәстүрді дәріптеу тек белгілі бір шара аясында қалып қоймай, отбасылық тәрбие арқылы күнделікті өмірде жалғасын табуы қажет. Себебі бала ұлттық құндылықты, ең алдымен, өз шаңырағынан көріп өседі.

Кездесуде Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыру әдістемелік комиссиясының төрағасы Алдаберді Махашев те өз ойын ортаға салып, аға буынның кейінгі ұрпаққа өнеге көрсетудегі жауапкершілігіне тоқталды.

Бата беру — халқымыздың тұрмыс тіршілігімен біте қайнасқан дәстүр. Дастарқан басында, қуанышты сәттерде, сапарға аттанарда немесе маңызды іске кіріскенде үлкеннің ақ батасын алу — жасқа ақ жол тілеп, ізгі ниет білдірудің белгісі болған. Оның әр жолынан елдің бірлігі, отбасының амандығы мен ұрпақтың болашағына деген тілек аңғарылады.

Жиында қатысушылар да ата дәстүрді сақтаудың, оны келер ұрпаққа жеткізудің маңыздылығы жөнінде пікір алмасты. Әсіресе қазіргі кезде үлкен мен кішінің арасындағы сыйластықты нығайтып, ұлттық тәрбиені отбасынан бастау қажеттігі айтылды.

 

 А.Орынбасарқызы

Ar-Ai. — 2026. — 7 қазан (№76). — 7 б.