Сіздерді таңғажайып оқиғаларға, қызықты саяхаттарға, тылсым құпиялар мен тосын кездесулерге толы әлемге шақырамыз! Бұл жолы сіздерді француз әдебиетінің көрнекті өкілі, ғылыми-фантастикалық жанрдың негізін қалаушылардың бірі Жюль Верннің әйгілі «Құпия арал» романымен таныстырғымыз келеді.
Бұл шығарма — батылдық пен табандылықты, достық пен бірлікті, білім мен тапқырлықты дәріптейтін ғажайып туынды. Кітапты оқи отырып, сіз де кейіпкерлермен бірге белгісіз аралдың құпиясын ашып, небір қиындықтарды еңсеріп, қызықты оқиғалардың куәсі боласыз.
Верн, Ж. Құпия арал [Мәтін] : роман / Жюль Верн ; аударған Д. Бахытбек. – Астана: Фолиант, 2026. — 632 б.
Жюль Габриель Верн (1828–1905) — француз жазушысы, әлемдік әдебиеттегі ғылыми-фантастикалық жанрдың көрнекті классигі. Ол Францияның Нант қаласында дүниеге келген. Жазушының шығармалары адамзаттың арман-мақсаттарын, ғылым мен техниканың мүмкіндіктерін, белгісіз дүниені тануға деген құштарлығын бейнелейді.
Қаламгердің «Капитан Гранттың балалары», «Теңіз астындағы жиырма мың лье», «Он бес жасар капитан», «Жер кіндігіне саяхат», «Құпия арал» сынды туындылары әлем оқырмандарының сүйікті шығармаларына айналған.
Жюль Верн 1860 жылдан бастап «Ерекше саяхаттар» топтамасына біріктірілген романдар сериясын жазуды жоспарлайды. 1863 жылы осы серияның алғашқы туындысы – «Шардағы бес апта» романы жарық көреді. Шығарманы баспагер Пьер-Жюль Этцель өзінің «Білім беру және демалу» журналында жариялап, сол жылы роман ағылшын тіліне аударылады.
Жазушының шығармашылық мұрасы әлем әдебиетінде айрықша орын алады. Оның туындылары көптеген тілдерге аударылып, желісі бойынша екі жүзден астам фильм түсірілген. Бұл — Жюль Верн қиялының шексіздігін және шығармаларының әр дәуір оқырманы үшін құндылығын айқындайтын көрсеткіш.
«Құпия арал» — құпияға толы шытырман әлем, оқырманды алғашқы бетінен-ақ баурап алатын шытырман оқиғалы романдарының бірі.
Оқиға Америка Құрама Штаттарындағы азаматтық соғыс кезеңінде өрбиді. Соғыс кезінде тұтқынға түскен солтүстік жақтың бес азаматы әуе шарымен қашып құтылуға бел буады. Алайда оларды күтпеген алапат дауыл мұхиттың арғы жағындағы адам аяғы баспаған құпия аралға алып келеді.
Бейтаныс мекенде жалғыз қалған бес кейіпкер үшін енді нағыз сынақ басталады. Олар бар білімдері мен тәжірибелерін пайдаланып, аралда жаңа өмір қалыптастыруға кіріседі. Табиғаттың тосқауылдарына мойымай, ақыл-ойы мен тапқырлығының арқасында талай қиындықты еңсереді. Бірлік пен өзара көмек олардың басты тірегіне айналады.
Алайда аралдағы тыныш өмір ұзаққа созылмайды. Бір күні олардың мекеніне қарақшылар кемесі келіп, бейбіт тіршіліктің шырқын бұзады. Осындай қиын сәттерде арал тұрғындарына белгісіз бір тылсым күш көмекке келеді. Бұл жұмбақ жанашыр кім? Ол арал тұрғындарын қандай қауіп-қатерден қорғайды? Кейіпкерлер өздерінің құпия жебеушісінің кім екенін біле ала ма?
Бұл сауалдардың жауабын шығарманы соңына дейін оқыған кезде ғана таба аласыз!
Шығармадан үзінді
«…Міне, осы жартаста өмір сүріп жатқандарына тоғыз күн болды! Қайта аралдықтар апат аяқастынан бола қалса деп, қалталарын азыққа толтырып алған-ды, соны талғажау етті. Ал шөлдегенде жартастың ойыстарына жиналған жаңбыр суын ішіп амалдады. Осыдан аз уақыт бұрын ғана тоқшылықта өмір сүрген адамдардың қолындағы бар азығы, міне, осы ғана. Жасап жатқан кемелері олардың соңғы үміті еді, амал қайсы, ол да апат кезінде быт-шыты шығып сынды! Енді жартасты тастап кетуге еш мүмкіндіктері жоқ. Тым болмаса сәл жылынып алу үшін отты қалай, қайтіп жағарын да білмейді. Сөз жоқ, оларды алда ажал ғана күтіп тұрған-ды…»
Құрметті жас дос! Егер сен шытырман оқиғаларды ұнатсаң, саяхаттауды армандасаң, белгісіз дүниенің сырын ашуға құмар болсаң, «Құпия арал» – дәл сен іздеген кітап!
Бұл роман сені батылдыққа, төзімділікке, қиындық алдында мойымауға, достықты бағалап, білім мен ақылдың күшіне сенуге үйретеді. Кейіпкерлердің бастан кешкен оқиғалары арқылы табиғаттың тылсым сырларына үңіліп, адамның ақыл-ойы мен қайсарлығы қандай ғажайыптарға жол ашатынын түсінесің.
Кітаптың әр бетін ашқан сайын сені жаңа оқиға, жаңа жұмбақ және тың жаңалық күтіп тұр!
Олай болса, қиялыңа қанат бітіріп, Жюль Вернмен бірге ғажайып саяхатқа аттан! «Құпия арал» романы жасөспірімдерге және шытырман оқиғаларды сүйіп оқитын барша кітапсүйер қауымға арналған.