Чеваннес С. Балаларға арналған шахмат

Құрметті жас оқырман!

     Сен ақылды, тапқыр әрі зерек болғың келе ме? Ойыңды ұштап, есте сақтау қабілетіңді дамытып, әр қадамыңды алдын ала жоспарлауды үйренгің келе ме? Ендеше, шахмат әлеміне саяхат жасауға дайындал!

     Шахмат — жай ғана ойын емес, ол — ақыл-ойды дамытып, логикалық ойлауды жетілдіретін, сабырлылық пен табандылыққа тәрбиелейтін ерекше өнер. Әрбір жүріс мұқият ойлануды, әрбір шешім жауапкершілікті талап етеді. Шахмат ойнау арқылы сен жеңіске жетуді ғана емес, жеңілістен сабақ алуды, қарсыласыңды құрметтеуді және қиындыққа мойымауды үйренесің.

     Олай болса, шахматтың қыр-сырын меңгеруге көмектесетін Сабрина Чеваннестің «Балаларға арналған шахмат» атты қызықты кітабымен таныс бол!

Чеваннес, С. Балаларға арналған шахмат [Мәтін] / Сабрина Чеваннес ; ағылшын тілінен аударған М. Абылаева. — Астана: Фолиант, 2026. — 136 б.

Кітап сені шахмат әлеміне жетелейді!

Көркем иллюстрациялармен безендірілген бұл кітап шахмат ойнауды енді үйреніп жүрген балаларға арналған тамаша көмекші құрал. Кітаптың басты кейіпкерлері Али мен Айя сендерді шахматтың таңғажайып әлемімен таныстырып, ойынның негізгі ережелерін, шахмат фигураларының жүрісін және жеңіске жетудің қызықты әдіс-тәсілдерін үйретеді.

«Шахматты неден бастау керек?», «Әр фигура қалай жүреді?», «Қарсыласымды қалай жеңе аламын?», «Шахмат турнирінде өзімді қалай ұстауым керек?» деген сұрақтарың болса, бұл кітаптан көптеген пайдалы кеңестер табасың.

Али мен Айяның қызықты әңгімелері мен түсінікті нұсқаулықтары арқылы шахмат ойнауды біртіндеп меңгеріп, өз шеберлігіңді шыңдай аласың.

     Али мен Айяның шахмат туралы қызықты әңгімесі:

     Али: Шахмат – біздің ең сүйікті ойынымыз! Біз әрбір баланың осы ойынды меңгеріп, шебер ойыншы болғанын қалаймыз. Сондықтан осы кітапта шахматтың қызықты сырларымен бөлісеміз. Кітапты соңына дейін оқысаң, сен де нағыз шахмат шебері болуға бір қадам жақындайсың!

Айя: Мен шахматты өте жақсы көремін. Өйткені бұл ойын ақылды әрі зерек болуға көмектеседі. Шахмат ойнау арқылы дұрыс есептеуді, терең ойлануды және әрбір қадамымды алдын ала жоспарлауды үйрендім. Бұрын есте сақтау қиын болатын нәрселерді қазір оңай жаттап аламын. Сабақ оқуға да көмегі көп!

Али: Ал мен шахматты нағыз зияткерлік сайыс деп білемін. Бұл ойында жеңіске жету үшін күш емес, ақыл мен тапқырлық қажет. Қарсыласыңның келесі жүрісін болжап, өз жоспарыңды құра білуің керек. Әрбір жеңіс маған ерекше шабыт сыйлайды!

Айя: Шахмат тақтасында екі жақтың ақ және қара фигуралары өзара сайысқа түседі. Ойынның басты мақсаты – қарсыластың короліне мат қою. Ол үшін әрбір жүрісті мұқият ойластырып, дұрыс шешім қабылдау қажет.

     Али: Дәл солай! Бірақ шахматта асығуға болмайды. Әрбір жүрістің өз мәні бар. Кейде бір ғана дұрыс шешім жеңіске жеткізсе, ойланбай жасалған қадам жеңіліске ұшыратуы мүмкін.

     Айя: Тағы бір маңызды нәрсе бар: шахматты тыныштық сақтап ойнау керек. Қарсыласыңды құрметтеп, оның ойлануына мүмкіндік берген жөн. Нағыз шахматшы тек шеберлігімен ғана емес, мәдениеттілігімен де ерекшеленеді.

     Али: Шахматтың тарихы да өте қызықты! Бұл ойынның пайда болғанына талай ғасыр өтсе де, әлі күнге дейін бүкіл әлемде танымал. Оның тарихи отаны — Үндістан. Кейін шахмат Парсы еліне таралып, одан әрі Еуропаға жеткен. Уақыт өте келе ол халықаралық жарыстардың маңызды зияткерлік ойынына айналды.

     Кітаптың әр бетінде сені жаңа білім мен қызықты тапсырмалар күтіп тұр. Оны оқып шыққан соң:

     Шахмат фигураларының атаулары мен қалай жүретінін білесің;

     Шахмат ойынының негізгі ережелерін меңгересің;

     Қарсыласыңды жеңуге көмектесетін айла-тәсілдерді үйренесің;

     Ойын барысында дұрыс шешім қабылдап, бірнеше жүрісті алдын ала жоспарлауға дағдыланасың;

     Шахмат турнирлерінде өзін ұстау мәдениетімен танысасың;

     Логикалық ойлау, зейін қою және есте сақтау қабілеттеріңді дамытасың.

     Кітаптың соңғы беттерінде берілген қызықты әрі күрделі шахмат есептері алған біліміңді тәжірибе жүзінде қолдануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар арнайы белгілеу парағы мен шахмат терминдерінің түсіндірме сөздігі (глоссарий) де ұсынылған. Олар шахмат әлемін тереңірек түсініп, ойын шеберлігіңді жетілдіруге көмектеседі.

     Құрметті жас дос! Шахмат әлемінің есігі саған айқара ашық! Бұл ойында әрбір жүріс — жаңа мүмкіндік, әрбір тапсырма — ақыл-ойыңды шыңдайтын сынақ, ал әрбір жеңіс — еңбегің мен табандылығыңның жемісі.

     Есіңде болсын, нағыз шахматшы болу үшін асықпай ойлану, қателіктен сабақ алу және үнемі іздену қажет. Бәлкім, сенің араларыңнан болашақ әлем чемпионы шығар!

     Ендеше, Али мен Айяға қосылып, шахмат тақтасына алғашқы жүрісіңді жаса! Кім біледі, мүмкін, бұл сенің үлкен жеңістерге бастар алғашқы қадамың болар!

     Шахмат ойна, ойыңды шыңда, жеңіске ұмтыл!

     Шахмат — ақылдың алаңы, тапқырлықтың талабы және жеңіске бастайтын білім жолы. Кітапты оқы да, өзіңнің шахмат әлеміңді аш!