Атқарылған жұмыс ауқымды, алда тұрған бағыт айқын

Бүгінде шаһарда мәдениет саласы мен тілдерді дамыту саясаты жүйелі жүзеге асырылуда. Бөлімге қарасты 10 мәдени ошақ жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың 5 айында шаһар тұрғындары мен қонақтарының бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында бөлім тарапынан 913 іс-шара ұйымдастырылды. Сондай-ақ осы мақсатта жаз айларында әр аптаның жұма, сенбі күндері «Жеңіс», Қ.Рысқұлбеков, ҚР Тұңғыш Президентінің саяабақтарында және Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйі алдында да мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.

Мұнда мәдениет үйі үйірмелерінің және шаһардың жас өнерпаздарының концерттік бағдарламалары, караоке кештері, «Жазғы оқу залы» жобасы аясында кітапханалардың кітап көрмелері, шерулері, саяхаттар, «Анаға тағзым» орталығының Арт терапиялық акциялар сынды ауқымды шаралар өткізілуде. Бұл қатарға қаладан шалғай орналасқан «Шөлдала», «Құмшағал», «Көлтоған», «Қызыл-Абад», «Қамұқат», «Қайнар» алқаптарында өтетін «Жайдарлы жаз» атты мәдени кештерді де қосуға болады.

Қазіргі таңда қалалық мәдениет үйінде 24 клуб құрылымы жұмыс істеп, онда 953 қатысушы қамтылған. Мұндағы домбыра, сахна тілі, ВИА, вокал, көркемсурет, фольклор ансамблі сынды 9 үйірмеде балалар тәлім алуда. Қалған 15-і қалалық мәдениет үйі арқылы «Халықтық», «Үлгілі» атағын қорғаған өнер ұжымдары болып саналады. Оның ішінде «Красная гвоздика» халықтық ардагерлер хоры, «Асыл аналар» халықтық әжелер ансамблі, «Мерей» халықтық вокалды тобын ерекше атап өту керек.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары да сәтімен орындалуда. Мәселен бағдарламалар шеңберінде бөлімге бекітілген «Тұлға тайм», «Жазғы оқу залы», «Ұлы даланың дара тұлғалары», «Ұлы Даланың ұлы есімдері» жобалары бойынша 5 айда 9 шара өткізілді. Мәселен, «Ұлы Даланың ұлы есімдері» жобасы шеңберінде Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі «Ұлы даланың дара тұлғалары» жобасы аясында жергілікті «Jambyl» телеарнасынан «Ұлағат» айдары ашылып, «Даланың дана арулары», «Великие дочери великой степи», «Сүйінбике», «Қазақтың ару қыздары», «Ұлы Даланың ұлы қыздары», «Қазақ тарихындағы әйелдер» және тағы басқа көрсетілімдер көпшілік назарына ұсынылды. Биыл да жоба жалғасын тауып, «Зере», «Ұлжан» атты екі көрсетілім көрерменге жол тартты. Сонымен қатар «Құнды өлкетану құжаттарын цифрлау» жобасы аясында әрі облысымыздың белгілі қаламгерлерінің шығармаларын насихаттау мақсатында Тараз қаласы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінде кітапханалардың кітап қорынан 28 жергілікті ақын — жазушылардың шығармалары келісім-шарт арқылы 79 атаумен, оның ішінде мемлекеттік тілде 58 атаумен цифрландырылып, электронды форматқа енгізілді. Осы орайда кітапханалардың жұмысына да тоқтала кетсем деймін. Бүгінде қалалық кітапханалардың кітап қоры 400687 дананы құраса, 168828-і мемлекеттік тілде. Соған сай оқырман саны 22639, келушілер саны 194253 адам, ал кітап берілімі — 438366 дана. Барлық кітапханалар 100 пайыз компьютермен қамтылып, интернетке қосылған және автоматтандыру бағытында РАБИС бағдарламасының «Каталогтаушы» модулі бойынша жұмыс істеуде.

«Қазақстан кітапханалары — заманауи білім орталықтары» бастамашыл жобасы аясында 4 «Коворкинг» орталығы бар. Олар Абай атындағы орталық, М.Әуезов, М.Шолохов және №6 кітапханаларда ашылып, заманауи көпфункционалды ақпарат, білім және мәдениет алаңына айналды. Орталықтың мақсаты — мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен зейнеткерлерге ақпараттық білімге қолжетімділігін арттыру барысында компьютерді пайдалануды үйрету. Бұл азаматтар кітапханаға тіркелген соң кітапхана қызметкерлерінің көмегімен тегін Интернет желісін пайдалану арқылы ақпараттарға қол жеткізіп, материалдық- техникалық базаны тегін пайдалана алады.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай шаһарда еңселі «Анаға тағзым» орталығы бой көтерген болатын. Бұл нысанның мақсаты — жас ұрпақты әсіресе қыздарды ұлттық-рухани, мәдениет және моральдік құндылықтарға жақындастыру, отбасылық игіліктер мен міндеттерге баулу, рухани-адамгершілік тәрбие беру, қазақ әйелінің озық образын қалыптастыруға бағыттау болып табылады. Орталық ашылған 6 айдың ішінде үйірмелерге тұрақты 205 қатысушы тіркеліп, әр түрлі тақырыптарда 100 аса іс-шара өткізіліп, оған 3000-нан аса адам қамтылған. Мұндағы 8 үйірме қыз балалар мен әйел, аналарға рухани-адамгершілік тәрбие беру мақсатында жүйелі жұмыс атқаруда. Сондай-ақ орталықта қаламыздың белгілі аспазшылары, тігіншілері, дизайнерлері мен қолөнер шеберлерінің шеберлік сағаттары тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады.

Жыл басынан бүгінгі күнге дейін «Анаммен бірге кітап оқимын», «Анаға сәлем» мәнерлеп оқу республикалық байқауы, «Пай-пай қазақтың келіндері-ай»,«Киелі кимешек» облыстық тігіншілер байқауы, Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» кылқалам шеберлерінің қалалық байқауы, «Менің енем жақсы адам» атты семинар-тренинг, «Қасымда болсын анам!» асфальтта сурет салу акциясы, «Мен зорлық-зомбылыққа қарсымын» тақырыбында дөңгелек үстел, «Ұлы дала кереметі» атты тимбилдингтер көпшілік көңілінен шықты. Алдағы 2-ші жартыжылдықта бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес көптеген ауқымды шаралар өз жалғасын табатын болады.

Өңірімізде жоғарыда айтқанымдай тілдерді дамыту саясатыда қарқын алуда. Осы мақсатта 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны қала әкімдігінің қаулысымен жүзеге асырудың іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Аталған бағдарламада жергілікті атқарушы органдарға тиесілі 1 индикатор, 5 нәтижелі көрсеткіш толығымен орындалды. Сондай-ақ биыл қаламыздағы 37 көше және ықшамаудандарға атау беру бойынша ұсыныс республикалық ономастика комиссиясының оң қорытындысын алып, қазіргі таңда, облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың бірлескен қаулы және шешімінің жобасы Әділет министірлігіне алдын-ала келісім алу үшін жолданды. Осы орайда ағымдағы жылы шаһардағы №30 мектеп-гимназиясына Шерхан Мұртазаның, №51 орта мектебіне Нарғозы Данаевтың есімін беру туралы ұсыныстар Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы ономастика комиссиясының оң қорытындысына сәйкес арнайы Қаулымен бекітілгенін айрықша атап өткен жөн. Бұдан бөлек биыл Тараз қаласының бірқатар құрамдас бөліктеріне тарихи тұлғалар, жер-су атаулары және ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен атау бойынша 81 көшенің ұсынысы бойынша қажетті құжаттары жинақталып, республикалық ономастика комиссиясының қарауына ұсынылды.

Шаһар бойынша бүгінде даңғыл, көше, бұрылыс, тұйық, өткелдердің жалпы саны 1416-ны құраса, оның ішінде қазақша атаулардың саны 954, тарихи тұлғалар — 536, жер-су атаулары — 178 және дәстүрлі атаулар — 240-ке жетіп отыр. Ал орысша атаулардың саны — 462, орыс тіліндегі кісі есімдері — 203 және мағынасы ескірген орысша жер-су атаулары — 259. Сонымен қатар шаһарда аншлагтарды ауыстыру жұмыстары да жүргізілуде. Облыстық тілдерді дамыту басқармасымен бірлесіп жарнама мәтіндерін дайындау ісінде әдістемелік көмек көрсету, көрнекі ақпараттардың сапасын арттыру мақсатында «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасымен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Бұл құжаттың тармақтарын жүзеге асыру мақсатында жарнама агенттіктері басшыларының қатысуымен офлайн және онлайн семинарлар өткізіліп, әдістемелік көмекші құрал әзірленіп, түсіндіру жұмыстары жасалуда.

Шағын және орта бизнес өкілдеріне, жарнама агенттіктеріне сыртқы көрнекі ақпараттың (жарнама) сауатты жазылуына, орналасуына тағы басқа да мәселелер бойынша тегін консультациялық көмек көрсету үшін бөлімнен «Callcenter» құрылып, жауапты маман бекітілген. Көрнекі ақпарат мәтіндеріндегі әдеби нормалардың бұзылуын жою жөніндегі шаралар ретінде ақпарат мәтіндерін әзірлеушілерге әдістемелік және консультациялық көмектер де көрсетілуде.

Қазіргі таңда қала көшелеріндегі нысандарда орналасқан жарнамалардың мәтіндеріндегі қателіктерді жол бермеу мақсатында жеке кәсіпкерлер жарнаманы орналастыруға рұқсат алуда мәтіндерін мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен келісуде. Бұл бағытта «Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаға сауаттылық» атты айлық, «Көркем тіл көрікті жарнама» тақырыбында семинар-кеңес, «Таза қалаға — таза жарнама» атты акциясы өткізілген болатын.

Зерделеу барысында жекеменшік ғимараттарда, олардың маңдайшаларында шетелше немесе көмескі жазылған мүлдем түсініксіз атауларды болдырмау және жаңа ғимараттарды атау мәселесі, жарнаманы орналастырудағы тіл нормаларынын сақталуы туралы кенінен айтылуда.

Әрине бұл атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана. Алдымызда тұрған жұмыстар бұдан да ауқымды. Біздің басты мақсатымыз — мәдениет саласының тынысын кеңейіп, тілдер саясатының дамуына жол ашу.

Камила АБАШОВА,

Тараз қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының

міндетін атқарушы

Jambyl-Taraz. — 2022. — 29 маусым

«Анаммен бірге кітап оқимын»

Оқушылардың отбасылық байқауы өз мәресіне жетті

Биылғы жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялады. Президент өз сөзінде: «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімдікепілі. Сол себепті келесі жылды «Балалар жылы» деп жариялау керек деп есептеймін», деген болатын.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы бұл жылды тек ұрандап немесе мереке түрінде атап өту ғана емес, ең алдымен, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында балаларды қорғау мақсатында нақты іс-шаралар жасалуы керек екенін атап өткен-ді.

Осыған орай «Анаға тағзым» орталығында Балалар жылына орай «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының аясында балаларға арналған отбасылық «Анаммен бірге кітап оқимын» шығармашылық байқауы ұйымдастырылды.

Байқаудың негізгі мақсаты – жастардың шығармашылық қабілетін шыңдап, ана мен баланың арасындағы қарым-қатынастың нығаюына үлес қосып, қазақ әдебиетінің шығармаларын, ананың рөлі туралы көркем әдебиеттерді жан-жақты зерттеу, насихаттау, тұлғалық өсу мен өзін-өзі дамытуға арналған ғылыми-көпшілік әдебиеттер арқылы шығармашылық дарындылығын анықтау және оқу мәдениетін қалыптастыру.

Сайыс төрешілерінің құрамында жазушы-публицист, Қазақстанның Құрметті журналисі, қазылар алқасының төрағасы Бекет Момынқұл, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Хамит Есаман, филология ғылымдарының кандидаты, М.Х.Дулати атындағы ТарӨУ профессоры Сейсекүл Исматова, «Інжу-маржан» жас қаламгер қыздар кеңесінің төрайымы Ардақ Үсейінова, Тараз қаласындағы Абай атындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Ұлбосын Тәліпбекқызы және орталық директоры Эльмира Инаятқызы болды.

Тараз қаласында тұратын 12 жастан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер анасымен бірге қазылар алқасы бекіткен 9 кітапты оқып, өз ойларын бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялауы тиіс. Ал екінші кезеңге өткен қатысушылар 3 ай бойы оқыған әдеби шығармаларын қорытып, анасы баласына және бала анасына кітаптардан алған сезім-тебіренісін қағаз бетіне түсіріп, сырласу хатын жазуы керек.

Байқаудың марапаттау кезеңінде Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Елен Әлімжанұлы алғы сөз алып, қатысушыларға сәттілік тілеп, ізгі тілегін жеткізді.

Жиын соңында әділ-қазылар алқасының құрамы әр қатысушының бейнеролигін тыңғылықты тамашалап, өз пікірлерін ортаға сала келе, бағаларын берді.

– Биік мәреге жақындап тұрып, «әттеген-ай» деген кездер де болды. Әрқайсысыңыздың бейнежазбаларыңызды көрген кезде сіздердің жан тебіреністеріңіз сезілді. Ал жазылған хаттар ол да өз алдына бір төбе. Тіпті кейбір хаттарды оқу барысында көзімізге жас алдық. Барлығы тамаша болды. Адамның жан дүниесін тебірентіп, өзіңнің сезіміңді жеткізе білу бұл үлкен қасиет. Біз сол сезімді сезіндік, сіздермен бірге күй кештік – деді филология ғылымдарының кандидаты Сейсекүл Исматова.

Байқау нәтижесіне сәйкес, 5 оқушы жүлде қоры 20000 теңгені құрайтын «Зерделі» номинациясын иеленді. Және қазылар алқасының шешіміне сәйкес, кішкентай болса да байқау шартын түгел орындаған бесінші сынып оқушысы Айханым Қайратқа және анасы Үміт Анарбаеваға 50000 теңге табыс етілді. Жүлде қоры 75 мың теңгені құрайтын 3-орынмен сегізінші сынып оқушысы Мерей Тұрсынбек және анасы Айзат Кошкинбаева және Дина Маербек пен анасы Жанар Туменова марапатталды. 2-орынды — 100 мың теңгені Аружан Байрақымен анасы Сәуле Мухамедрахымқызы, сонымен қатар Кәусар Қайыр мен анасы Гүлмира Ахмағанбетова жеңіп алды. 1-орынды оқушы Бекасыл мен анасы Эльмира Есіркепова жеңіп алып, 150 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.

Жиынның соңында қонақтар орталықтың 1-қабатының фойесінде орналасқан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Кітаптар қалашығына саяхат» көрме-инсталляциясын және «Мирас» ата дәстүр залында қазақ анасының қасиетті бас киімі – кимешектің ерекшеліктері, түрлері туралы жас ұрпақтың танымын кеңейту және ұлттық киім үлгілерін бүгінгі заманға ыңғайлап киюдің бұқаралық сипатын арттыру мақсатында ұйымдастырылған «Киелі кимешек» көрмесін тамашалады.

Аяулым ЖАМАНҚАРА

Ar-ai. — 2022. — 27 мамыр

Алаш аманатын арқалаған «Аq Jol»

«Тараз-ғасыр» колледжінде М.Шолохов атындағы кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен облыстық газеттің 100 жылдығы аясында «Алаш аманатын арқалаған «Аq Jol» атты іс-шара өтіп, басылымның шығармашылық тобы кітапхана оқырмандарымен кездесті.

Кездесуді ашып, жүргізген колледж директоры Ғазизжан Мадимаров облыстың бас басылымының аймақ өміріндегі алатын орнына тоқтала келе, үзақ жылдан бері газеттің түрақты оқырманы екенін мақтанышпен айтты. Одан кейін «Аq Jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт сөз алды.

1922 жылдың 1 мамырынан алғашқы нөмірі жарық көрген облыстық «Аq Jol» газеті осынау жүз жылдан бері елді ынтымақ- бірлікқе үндеп келеді. Облыстық «Аq Jol» газеті сол кездегі Әулиеата уездік Кеңес атқару комитетінің органы «Вольная беднота» газетінің қосымшасы ретінде «Кедей еркі» деген атпен шыға бастаған. Ол төте жазумен 300 дана болып тараған. Түңғыш редакторы Анна Алматинская болды, — деген бас редактор жүз жыл бойы ақ жолынан аинымаи келе жатқан басылым туралы кеңінен сөз етті. Газетте қазақ детектив жанрының негізін қалаушы, белгілі жазушы Кемел Тоқаев бастаған қазақтың белгілі ақын-жазушылары, талантты журналистер еңбек еткенін, редакцияның киелі қара шаңырақ екенін әңгімеледі.

Әр кезеңде Жайык Бектұров, Ғайса Сармұрзин, Төленді Оңғарбаев, Беген Байсақалов, Баттал Жаңабаев, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Мақұлбек Рысдәулет, Ғалым Қасабай, Қуаныш Иембердиев, Көсемәлі Сәттібайұлы, Қуат Әуесбай сынды белгілі журналистер басшылық еткен кездерде де оқырмандарға құнды дүниелер ұсынумен ерекшеленгеніне де жан- жақты тоқталып өтті. Жүз жылдық аясында газетте еңбек етіп өмірден өткен алдыңғы толқын әріптестердің рухына құран түсіртіп, құдайы тамақ берген имандылық шарасынан бастау алған іс-шара жыл бойы жалғасатынын да еске салды.

Одан кейін басылымның шолушысы Ақылжан Мамыт пен осы жолдардың авторы кеңес заманында облыстық партия комитетінің органы — «Еңбек туы», бүгінгі «Аq Jol» -дың ұлт тағдыры, ұрпақ болашағы жолында әділдікті ту етіп көтергені туралы әңгімеледі.

Көңілімізді бір көтеріп тастағаны — колледж ұжымының да, кітапхана оқырмандарының да газетімізді тұрақты оқитындығы болды. Оны қойған сұрақтарынан аңғардық. Кездесуге қатысушылардың әрбір сұрағына бас редактор нақты жауап қайтарып, жазуға икемі бар жастардың дүниелерін, өлеңдерін газетте жариялап тұратындықтарын жеткізді. Басылым Күләш Ахметова бастаған бүгінде поэзия мен проза әлемінде жарық жұлдыздай жарқырап жүрген небір таланттардың тұсауын кескеніне де назар аударды.

Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Назым Мұхамбетиярова, кітапхана меңгерушісі Айнаш Тасмағамбетова, колледж директорының құқықтық тәрбие жөніндегі орынбасары Бауыржан Нұралы газет туралы жылы пікір айтып, жүзжылдықпен құттықтады.

Кездесу барысында ән де шырқалып, белгілі ақындардың өлендері оқылды. «Алаш аманатын арқалаған «Аq Jol» атты көрмені тамашалаған оқырмандар мен басылымның шығармашылық тобы руханият орталығы мен колледж ұжымына әсерлі кездесу ұйымдастырғаны үшін алғыстарын айтты.

Амангелді Әбіл

Aq jol. — 2022. — 28 мамыр

Естен кетпес отты жылдар

Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің №7 кітапхана филиалы «Естен кетпес отты жылдар» атты тақырыптық кеш ұйымдастырды.

Іс-шараны кітапхана меңгерушісі Ләззат Кубеева Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлер рухына тағзым етіп, 1 минут үнсіздікпен еске алуға шақыруымен басталды. №56 орта мектеп тәлімгері Қабылжан Қаламқас бастаған оқушылардың қатысуымен өлең шумақтары оқылып, әннен шашу шашылды. Қасиетті де қастерлі мерекеге арналған тақырыптық кеш оқырмандардың белсенділігі мен қызығушылықтарына толы болды.

Шарада сондай-ақ «Ұрпақтар ұмытпайды Ұлы Жеңіс» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, кітапханашы Жеңісгүл Сихымбаева мен Жанболат Аупбаев «Рухы күштілер» атты кітапқа шолу жасады. Іс-шара 11-округтегі «Құмшағал» шағынауданына қарасты ескерткішке гүл шоқтарын қоюмен түйінделді.

Ләззат КУБЕЕВА,

Jambyl-Taraz. — 2022. — 18 мамыр

Қыз бала – ұлттың ұяты, халықтың шырайы

«Анаға тағзым» орталығында Ғ. Мұратбаев атындағы кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Қыз бала – ұлттың ұяты, халықтың шырайы» атты сырласу кеші өтті.

Тағылымға толы шараға шаһардағы №35 орта мектеп пен Жамбыл ауданындағы Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназияның оқушы қыздары қатысып, «Асыл әже» ансамблінің әншілері, ардақты аналар Жаңыл Тоқсейітова мен Күміс Рысбаева, «Болашақ» мектеп-интернатының мұғалімі, дефектолог маман Айжан Калиакперова, «Сырғалым» сырласу клубының жетекшісі Балауса Бейсенқызының ғибратты әңгімелерімен сусындады.

Аяулы жандар әңгімесін бұл кештің мақсаты қыздардың ата-анаға деген құрметін арттырып, оларды ана еңбегін бағалай, қадірлей білуге, ұстамдылыққа үндеу екендігінен бастады. Қыздың сұлулығы – оның тәрбиесінде. «Қызды тәрбиелесең – ұлтты тәрбиелегенің, ұлды тәрбиелесең – рухты тәрбиелегенің» деген сөз бар. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана. Әйел-ана – отбасының алтын қазығы. Ал тәрбиелі отбасы бақытты болашақтың ұясына айналатыны тағы ақиқат. Сол себепті халқымыз қыздарды кішкентайынан адалдық пен мейірбандыққа, инабаттылық пен ибалылыққа, сезімталдық пен еңбекқорлыққа тәрбиелеген. Ар-намысы, адамгершілігі бар, туған жері мен елін сүйген қыздан жақсы ана шыққан. Жақсы ана ұлтты тәрбиелеген. «Жұмақтың кілті – ананың табанының астында» деген қасиетті де сипатты сөз осыдан қалса керек.
Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік пен ұлылық атаулының бәрі әйел-ананың ақ сүті мен ақ ниетінен, мейірімі мен жүрек жылуынан тарайды. Аналардың бойында нәзіктік пен сұлулық, ақыл мен парасат, төзімділік пен өрлік сияқты қасиеттер үндесе үйлесіп жатады.
Кеш қонақтары осылайша төгіле сөйледі. Адамзаттың даму тарихындағы аналардың ерекше орнын атап өткен әжелердің «өмірлік өнегемізді өскелең ұрпақ бойына сіңіре алсақ, ата-ана мен салт-дәстүрді сыйлайтын қыздар өсіп шықса» деген текті тілекпен ғұмыр кешіп келе жатқанын аңғармай қалмадық.

Өз кезегінде оқушы қыздар да сырласу кешіне әр беріп, ажарын ашты. Апа-әпкелерімен емен-жарқын әңгімелесіп, кездесуден түйген ойларын білдірді. Сондай-ақ Ақниет Сыдықбек пен Айзере Ғалым асыл жандарға арнап өлең-жырларын оқыса, Гүлім Сансызбайқызы ана туралы әнді әуелетті. Ұстаз Маржан Мырзалиева бастап барған ақбұлымдық оқушылар да өз өнерлерін ортаға салды. Бұдан бөлек, кеш жүргізушісі Бағира Бұлтанқұлова келесі «Қыздар сұлу көрінер» тақырыбында кітап көрмесін ұсынып, Аршагүл Тойбайдың «Даланың дана арулары» атты кітабына шолу жасады.

Құрбанәлі Шахабай

Jambyl-Taraz. – 2022. – 27 сәуір

Заманының заңғар тұлғалары

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын әзірлеп, көктем мерекесінің мазмұнын байыту туралы тапсырмасына сәйкес, 15 наурыз — Тарихқа тағзым күні деп белгіленген болатын.

Осыған орай Абай атындағы орталық кітапханада белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 110 жылдығына арналған «Заманының заңғар тұлғасы» атты ашық есік күні өтті.

Кеш барысында кітапхана қызметкері Гүлсат Қонысбаева композитор Г.Тұрашқызының «Сақтап қалған бабалардың рухын» атты өлеңін оқыса, кітапхана оқырманы Жанерке Спатай мен Жансая Сейітжанқызы композитор Т.Сарыбаевтың «Наурыз-думан» атты әнін шырқады.

Сонымен қатар кітапхана оқырмандарына «Наурыз — жыл басы» викториналық ойыны ұйымдастырылды.

— Бүкіл Алаш жұртына аты мәлім Дінмұхамед Қонаевтың елінің өркендеп-өсуіне қосқан үлесі мен сіңірген еңбегі зор. Ұзақ жылдар бойы Қазақстанды басқарған қайраткердің жасампаз істерін бүгінгі ұрпақ ұмытқан жоқ. Елім, жұртым деп қызмет еткен Дінмұхамед Ахметұлы артына мол мұра қалдырып кетті. Жақсы адам туралы жақсы сөз көп айтылады. Оның әрбір сәті сағынышпен еске алынады. Себебі карапай- ым халықтың арасынан шығып, халықтың үміті мен сенімін ақтап, халықтық тұлға дәрежесіне көтерілуден асқан абырой жоқ. Ал кісілік пен кішілікті халықтан үйреніп, сол қасиетпен ұлтты тәрбиелеуге ниеттенудің өзі қайталанбас ерлік. Тарих деген сол, әрбір елдік тұлғаның халық үшін төккен тері мен көрген бейнетін таразылайды. Ел басқару, елдікке бастау оңай шаруа емес. Ол тек қана аңызға айналған абыздардың еншісіндегі ғана дүние, — деді өз сөзінде кітапхананың қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Гүлжазира Қойшыбайқызы.

Шара барысында кітапхана ұжымы ұйымдастырған «Заманының заңғар тұлғасы» атты кітап көрмесіндегі С.Әбдірайымұлының «Елу жыл ел ағасы» және «Өнегелі өмір» сериясымен жарық көрген «Дінмұхамед Қонаев» атты жинағына библиографиялык шолу жасалды.

Осы күні орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің №6 кітапханасы оқырмандарға ұлы жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толуына орай «Әлем таныған Әуезов» атты шарасын ұсынды.

Ашық есік күнінің шымылдығы қалалық мәдениет үйінің домбырашыларының орында- уындағы «Қазақ» күйімен түріліп, «Мұхтардың өзі де үлгі, өмірі де» әдеби-монтаж көрсетілді. Сондай-ақ жазушыға оқырмандар мен оқушылар жүрекжарды жырларын арнады. Ал Тараз өңірлік университеті «Актерлік өнер» факультетінің студенттері «Қаракөз» трагедиясынан көрініс көрсетті.

— Мұхтар Әуезовтің маған «Көксерек» және «Жетім» әңгімесі ұнайды. Мағыналы, әдеби түрде жазылған. Атамыздың көптеген кітаптары мен шығармалары әлемге танымал. Осындай шараға ұйытқы болып, оның құнды дүниелерін кейінгі ұрпаққа танытып жатқан ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, — дейді оқушы Аружан Рахымжан.

Гүлбаршын Сейтқазиева, Лаура Абайқызы

Jambyl-Taraz. — 2022. — 16 наурыз

Бүлдіршіндер кітап әлеміне саяхат жасады

Биылғы Балалар жылына орай балалар әдебиетін насихаттап, ел руханиятын көтерген тұлғалардың тағылымды шығармашылығымен таныстыру, өскелең ұрпақты кітап оқуға тарту, балалардың кітап оқу белсенділігін арттыру өте маңызды.

Жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттаудың да жас жеткіншектер үшін тағылымы үлкен. Біз бұған Халықаралық балалар кітабы күніне орай Тараздағы «МАRТ» сауда ойын-сауық орталығында Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі «Балалар – кітап әлемінде» атты кітап мерекесінің өтуі барысында көз жеткіздік. Рухани кешке жергілікті танымал ақын-жазушылар қатысты. Бұл кеш балаларға да үлкен қуаныш сыйлады.

Жиынның ашылу сәтінде сөз алған Тараз қаласы әкімінің орынбасары Бақдәулет Сариев Мемлекет басшысының қолдауымен барлық жақсылық балаларға жасалып жатқанына тоқталып, осынау бағытта қалам тербеп жүрген ақын- жазушыларға алғысын білдірді.

«Балғын балалар – біздің болашағымыз» атты кітап көрмесінен балаларға арналған әдебиеттер ұсынылды. Қиял-ғажайыпқа толы мерекеге ертегілер елінен кейіпкерлер келіп мерекенің сәнін кіргізді. Байды алдаған Алдар, көңілді мыстан кемпірлер, отбасымен шалқанды жерден суырып алған ата мен апа, айласын асырған қасқыр мен тілазар жеті лақ жайлы ертегілер балғын балаларға ерекше әсер етіп, қызыққа бөледі. Бұл бірнеше көріністегі сан алуан құралдар мен киімдердің әсемдігі көпшіліктің назарын аударды. Кітап ханшайымы балаларға өздерінің ойындары мен қызықты сұрақтарын ала келіпті. Ертегілер кейіпкерлерімен балалар уақытты өте көңілді өткізді.

«МАRТ» ойын-сауық сауда орталығы әртүрлі әдеби викториналық ойындарға белсене атсалысқан балаларға сый-сияпаттар тапсырды.

Балалар әдебиеті – балалар өмірінің энциклопедиясы. Бастысы – балалардың рухани мәдениетін байытып, туған елі мен жерін сүюге, ата-анасын сыйлау, үлкенге құрмет көрсету, имандылыққа тәрбиелейтін құндылық. Осынау іс-шараға Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қазақ балалар әдебиетіне атсалысып, жас жеткіншектерді әңгелектей әдемі әңгімелерімен баураған қаламгер, «Aq jol» газетінің аға тілшісі Марат Құлибайұлы да қонаққа келді. Тілі балалар жанына жақын әрі қарапайым да түсінікті, баланың басынан өткен бір сәтті қаз-қалпында, әп-әдемі әңгімеге айналдыра білген қаламгердің жуырда ғана жарық көрген «Апамның аялы алақаны» атты кітабының тұсауы кесіліп, кітапхана қорына сыйға берілді. Кітап тұсауын жазушылар Пернебай Дүйсенбин мен Елен Әлімжан кесті.

Жазушы, Сарысу ауданының Құрметті азаматы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Пернебай Дүйсенбин жалпы балалар әдебиеті, оның ішінде М.Құлибайұлының кітабы жайлы толғанса, жазушы-драматург, облысымыздың Құрметті азаматы Елен Әлімжан жергілікті қаламгер Марат Құлибайұлының тамаша туындысы туралы жақсы пікірін аяп қалған жоқ. Мұндай жылы пікірді ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, облыстық «Өрімтал» балалар журналының бас редакторы Баймаханбет Ахмет те, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Хамит Есаман да айтып өтті. Мереке барысында Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Ұлбосын Саулебаева оқырмандармен әсерлі ой бөліскен кеш қонақтарына жылы лебізін білдіріп, оқырмандар арасында «кітап алмастыру» акциясын жүргізу; әртүрлі жастағы оқырмандарды кітап оқуға шақыру; кітапханаға оқырмандарды тарту мақсатында «МАRТ» ойын-сауық сауда орталығында «Буккроссинг» бұрышы қойылғанын айтып, алдағы жоспарларымен де бөлісті.

Есет ДОСАЛЫ

Ақ жол. – 2022. — 4 сәуір

Қаламы төселген қаламгер

Абай атындағы орталық кітапханада «Қаламы төселген қаламгер» атты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлымен кездесу кеші өтті.

Жазушылық жолы ой ұшқындарынан басталған қаламгермен кездесу кешінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ақын Ғайни Әлімбекқызы, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт, «ARAI» жастар газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабай төрге озды. Әдеби кешті Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Назым Мухамедиярова жүргізді.

Ең әуелі радио, телевидение салаларының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып, сан қырлы журналистиканың қазанында қайнаған қарымды қаламгер, ақын Ғайни Әлімбекқызы мен қазақ баспасөзінің майданында шыңдалған білікті маман Оралхан Дәуіт қалам мен қағазына сыр тұндырған кеш кейіпкерінің қызмет жолы туралы айтып өтті.
Кеш барысында оқырмандар тарапынан жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты сан алуан сауалдар қойылды. Жауап беру барысында жазушы өткен күндерін ой елегінен өткізіп, өзі тіліне тиек еткен әңгімедегі оқиғалары жайлы ой бөлісті. Сонымен қатар шет мемлекеттерге сапар шеккен қызықтары жайлы да көркем баяндап берді. Жазушы Шерхан Мұртаза жайлы да сыр шертілді.

– Бұрын Шерхан Мұртазаға: «Күндіз газетте қызмет етесіз, басқа шаруаларыңыз тағы бар, қай уақытта жазасыз?» – деп таңданып сұрағанымда: «Түнде, ас үйде жазып, таңертең жұмысқа шығып кете- мін», – деп жауап беріп еді. Мен де жазбаларымды түнде жазамын. Шерағаң: «Шыңғыс Айтматов туралы көп жаздым. Бірақ бірде-бір рет «мына жерің кем» немесе «мына сөзің артық» деп пікір білдірген емес», – деп айтып жүретін. Менің де Шерағаң туралы жазғандарымды оқи тұрып, пікір білдірген емес, – деді әңгіме барысында жазушы.

Кеш соңында Көсемәлі Сәттібайұлы кітапхана ұжымына алғысын білдіріп, алдағы уақытта да оқырманға берері мол екенін, әлі шығармашылық ізденіс үстінде екенін жеткізді.

Ардана Қыснақбаева,

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «журналистика» мамандығының 4-курс студенті

Jambyl -Taraz. — 2022. — 16 ақпан

Балалық шағынан сыр шертті

Жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, облыстық мемлекеттік архивтің директоры Көсемәлі Сәттібайұлы қазақ әдебиеті мен журналистикасына да сүбелі үлес қосқан ойы озық қаламгер. Сайын Мұратбеков, Шерхан Мұртаза, Молдахмет Қаназов, Несіпбек Дәутайұлы және Мархабат Байғұт сынды алыптардан бата алған Көсемәлі Сәттібайұлының «Қаламы төселген қаламгер» атты кездесу кеші биылғы балалар жылына орай Тараз қалалық Абай атындағы орталық кітапханасында ұйымдастыруымен өтті. Жазушшның кітаптарынан арнайы кітап көрмесінің жасақталуы да келушілерді жақсы әсерге бөледі.

Іс-шара барысында кеш иесінің «Жалынның» жабық бәйгесінде «Елгезек бағдаршам, Тоқ қуат және басқалар» атты көркем шығармалары талданып, кітапхана қызметкерлері жазушының тереңдігіне сараптама жасады. Бүл күнде қаламгердің көркем прозалық және публицистикалық бірнеше кітаптары жарық көріп, өз оқырмандарын тапқаны да айтылды. Оқырмандар тарапынан Көсемәлі Сәттібайүлына қызықты сүрақтар қойылып, түщымды жауаптар алды. 2020 жылы Ұлттық кітап палатасы үйымдастырған «Балаларға арналған үздік шығарма» байқауында жеңімпаз атанып, 2021 жыл жазушы Сайын Мұратбековтің 85 жылдығына орай ұйымдастырылған «Жусан иісі» атты республикалық байқауда «Армандар алдамайды» атты әңгімесі бірінші жүлдеге ие болғаны да жазушының мерейін өсіріптұрды. Осы байқаулардың барысын қызыға сұраған оқырмандар аз болған жоқ.

Іс-шара барысында ҚР ақпарат саласының үздігі, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт кеш иесінің шығармашылығына, жазушылық, суреткерлік шеберлігіне кеңінен тоқталып, әріптестік сыйластықтары жөнінде де толғана сыр шертті. Ақын Ғайни Әлімбекқызы жазушы жайлы жылы естеліктер айтты. Кітапхана оқырманы Нұрлан Есеннің жазушы шығармаларына талдау жасағаны да К.Сәттібайұлының оқырмандары көп екенін байқатты.

Шара соңында Көсемәлі Сәттібайұлы сөз алып, өзінің балауса балалық шағына, жазушылық ізденісіне тоқталып, балалар жылында атқарылуы тиіс мәселелерді қозғап, кітапхана ұжымына алғысын білдірді. Кітапхана директоры Ұлбосын Сәулебаева кеш иесі, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлына және келген қонақтарға шынайы алғысын білдірді.

Есет Досалы

Aq jol. – 2022. – 14 ақпан

Мақсат — оқырман сұранысын қанағаттандыру

Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру ісі адамзатқа ақыл кіргелі тоқтаусыз жалғасып келеді. Ал бүгінгі біз құрып отырған қоғамда ұлттық және шетел әдебиетінің ең үздік туындыларын жұрт арасында насихаттау, кез келген азаматтың назарын кітап оқуға бұру ісі қызу қолға алынған. Оқырмандар үшін уақытты тиімді ұйымдастыру, оқырмандарды өңір тарихы бойынша да құнды мәліметтерге қанықтыру, келушінің және тыңдаушының көкірек көзін ұлттық және шетелдік классиктердің қызықты шығармаларымен сусындату да ауқымды іс.

Бұл тұрғыда ортақ істің озық үлгісін Тараз қаласындағы руханият ордасының бірі саналатын М.Шолохов атындағы кітапхана да өз шама-шарқынша көрсете алуда десек қателеспейміз. Мәселен, жыл басталғалы бері мұнда ұлт үшін берері мол бірнеше жарқын жобалар жүзеге асырылды.

Сонымен қатар кезінде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халқымыздың әдебиеті мен мәдениетіне, руханиятына зор еңбек сіңірген бірегей тұлғалардың мерейтойына орай да айтулы іс-шаралар ұйымдастырылуда. Солардың бірі кітапханадағы «Коворкинг» білім орталығында Д.А.Қонаевтың 110 жылдығына орай ұсынылған бейнефильм. Бұл жастарды ел үшін еңбек етуге, халқына адал болуға үндейтін шара. Мұндағы басты мақсат — Қонаевтың ерліктері арқылы азаматтарды ұлтжандылыққа, патриоттық сезімге тәрбиелеу. Аталған іс-шара барысында «Тараз-Ғасыр» колледжінің студенттеріне Қонаевтың өмірбаяны мен еңбек жолы, атқарған қызметі, алған марапаттары мен жазған мақалалары, кітаптары және артында қалдырған нақыл сөздері туралы мол мағлұмат берілді. «Елін танытқан ер» атты тақырыпта кітап көрмесі ұйымдастырылып, кітапханашы Назым Қадырбаева «Ақиқаттан аттауға болмайды» кітабына шолу жасады. Халқымыздың аяулы перзенті, аса ірі мемлекет қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев жұртшылыққа осылай дәріптелді.

Қазақтың талантты ақыны Төлеген Айбергеновтің туғанына 85 жыл толуына орай да «Бір тойым болатыны сөзсіз менің» атты поэзия кеші онлайн форматта өткізілді. Кітапханашы Ақнұр Шораева Төлеген Айбергеновтің өмір жолымен таныстырып, ақынның «Өскен жер», «Дос» іспетті бірнеше туындыларын №54 орта мектептің 11 -«А» сынып оқушысы Зере Кәнелбаева мен кітапханашы Гүлдана Амангелдиева жатқа оқыды. «Өлеңнен жаралған жан» атты кітап көрмесінде Төлеген Айбергеновтің 4 томдық шығармалар жинағына және «Атамекен», «Бір тойым бар», «Мен саған ғашық едім» атты кітаптарына библиографиялық бейне-шолу жасалды.

Алдағы «Ұлттық саябақгар және қорықтар күніне» орай «Парасат» жобасы аясында елін, жерін, тілін, әдеп-ғұрпын құрметтейтін, өз Отанын сүйетін тұлға қалыптастыру мақсатында онлайн түрде «Жері — қазына, суы — алтын» атты «дөңгелек үстел» өтті. Іс-шара барысында оқырмандарға еліміздің мемлекет қорғауындағы қорықтары мен саябақтары туралы мәлімет берілді. Тақырыпқа сай «Табиғат — тал бесігім» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

«Оқу — мемлекет және тұлға үшін құндылық» жобасы аясында А.Құнанбайұлының өнегелі өмірімен таныстыру және ғибратты сөздерінен ой бөлісу мақсатында «Адамзаттың Абайы» тақырыбында оқырмандар арасында ойтолғау өтті. Мұнда кітап туралы ұғымды халық мәдениетінің құрамдас бөлігі екенін насихаттай отырып, оқырманның көркемдік талғамын қалыптастыру басты назарға алынған.

Осы секілді «Кітап оқы, талқыла, суретте» жобасы кітапхананың жас оқырмандарының кітапқа деген қызығушылығын арттырумен қатар, олардың дүниетанымын, эстетикалық талғамын кеңейту, көркемсөз бен табиғаттың үйлесімділігін сезіндіру арқылы шығармашылық, танымдылық белсенділігін арттыруды мақсат епі. Аталған жоба аясында Бауыржан Момышұлының ұлылығын сезіну, қайталанбас азамат тұлғасынан үлгі алу мақсатында «Ұшқан ұя» романы ұлттық болмыстың тұтас бітімі» атты әдеби портрет онлайн түрде ұйымдастырылды. Жас оқырмандардың кітап оқу белсенділігін арттыруда, көркем әдебиет оқи отырып, ой-өрістерін кеңейтуде, әдеби шығармашылық жұмыстарды ұйымдастыруда, ана-тілін құрметтеуге баулуда «Ақ желкен» жасөспірімдер клубының да берері мол екенін айта кеткен жөн.

«Ұлы адамдар өмірінен» ақпараттық шолу аясында да әлемнің екінші ұстазы әл-Фарабиден бастап көптеген тұлғалар жайлы оқырман тың деректермен қауышуда. Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толуына орай жезтаңдай әншінің мәдениет пен өнердегі ерен еңбегін насихаттау мақсатында «Қазақтың ақмаңдайлысы» атты слайд шолу ұйымдастырылды. Іс-шара барысында Роза Бағланованың өмірі өткен ғасырымыздың ұлттық символына айналған әншінің бұрынғы Кеңес өкіметінің халыққа жасаған бүкіл қиянаты жап-жас Розаның басынан өткен өмірі туралы айтылды. «Қазақтың бұлбұлы» атты кітап көрмесі таныстырылып «Роза Бағланова» фотоальбомы, қазақ сахнасының сәні, күміс көмей әншінің өмірі мен шығармашылығы хақында «Айналайын халқымнан еркелеткен» атты кітабына библиографиялық шолу жасалды. Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл толуына орай өмірі мен шығармашылығын таныстыру мақсатында ұйымдастырылған «Жүректен маржан іздеген» атты библиография күні қарсаңында онлайн өткізілген жиын, №38 орта мектептің қиын балалар тізімінде тұрған оқушыларымен өткен «Үлкенге сый-құрмет, кішіге жол көрсет» атты ой бөлісудің де ұрпаққа берері мол. Осындай іс-шараларды тиісті деңгейде өткізуде зор әр іске жауапкершілікпен қарайтын М.Шолохов атындағы кітапхана ұжымы алдағы уақытта да оқырманның әдеби-мәдени ой-өрісін кеңейту, рухани талап-тілегін қанағаттандыру тұрғысында талмай еңбек ете беретін болады.

Айнаш Тасмағамбетова,

М.Шолохов атындағы кітапхананың меңгерушісі, Тараз қаласы

Arai. – 2022. – 29 қаңтар