Өмірі өнеге

Тараз қалалық ардагерлер кеңесі Абай атындағы орталық кітапхана ұжымымен бірлесе отырып аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қонаевтың 110 жылдық мерейтойына арнап «Ұлтымыздың ұлы тұлғасы» атты оқырмандар конференциясын ұйымдастырды.

Басқосудың мақсаты-жас ұрпаққа дәуірдің дара тұлғасы Дінмұхамед Қонаев туралы жан-жақты түсінік қалыптастыру, кемеңгер тұлғаның мемлекетке және халқына сіңірген қажырлы еңбегін үлгі ету, жастар бойына халқымыздың құндылықтарын сіңіріп, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу.

Шараға Тараз қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Малтабар Жаманбаев бастаған бір топ ардагерлер, колледж білімгерлері мен кітапхана оқырмандары қатысты.

Алғашқы сөзді қалалық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы, кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жауапты қызмет атқарған отставкадағы полковник Сауранбек Жамалбеков алды. «Химпром» өндіріс- тік бірлестігінде ауысым басшысы болып жүрген кезінде 1969 жылы маусым айында зауытқа Д.Қонаевтың келгендігін айтып, қол алысып тұрып, өзіне айтқан жылы лебізін, тілегін тебірініспен жеткізді.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Баймағанбет Ахмет бүкіл Алаш жұртына аты мәлім Димаш ағаның елінің өркендеп өсуіне қосқан үлесі мен сіңірген еңбегінің зор екендігін айта келе,ол кісі жөнінде жазган туындыларымен жан-жақты таныстырды. Өз кезегінде ақын Құрмангазы Мыңжасарұлы Д.Қонаевқа арнаган арнау өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ қалалық ардагерлер кеңесі жанындагы әкелер кеңесінің төрағасы Аманқұл Искаков өлең жолдарын домбырамен нақышына келтіріп орындап берді.

Қалалық ардагерлер кеңесі ұйым-дастыру-әдістемелік жұмыстар женіндегі тұрақты комиссиясының төрағсы Алдаберді Мақашев, Д.Қонаевпен ұмытылмас әсерлі кездесуін ерекше шабытпен еске алды.

— 1980 жылы 12 маусымда Д.Қонаев Сарысу ауданына жұмыс сапарымен келіп,бірқатар шаруашылықтарды аралағаннан кейін, Үйым ауылындагы № 124 Байқадам селолық кәсіптік-техникалық училищесіне ат басын бұрып, онда инженер-Педагогикалық ұжымымен, оқушылармен кездесіп, оку-материалдық базасымен танысты.

Өзіне жарасымды, еңселі, биік, жайдары жүзі бізге ерекше жылы : көрінді. Ардақты кісінің өзі көпшілікпен қол беріп амандаса бастады. Мен ол кезде директордың орынбасары едім, жумсақ та аялы алақанын директордан кейін екінші болып алып ерекше қуанышқа кенеліп қалдым. Аса қурметті кісімен түскен суретті күні бүгінге дейін сарымайдай сақтап келемін, — деді ол.

Өзінің телегей теңіздей білімі мен тәжірибесін, жеке өмірін тұтастай халқына, ұлтына арнап, мансап пен байлықтың құлы болмай, өзінің емес, қара ормандай халқының, ұлты мен ұрпағының қамы үшін адал ғұмыр кешіп, баршамызга үлгі болган Д.Қонаевқа арналган «Заманының заңғар тұлғасы» атты кітап көрмесімен кітапхана қызметкерлері таныстырып, библиографиялық шолу жасады. Д.Қонаевтың өмірі мен еңбек жолына арналган «Елін танытқан ер» атты бейнешолу көрсетілді.

Алдаберді Меңлібайұлы

Ғұмыр-дария. – 2022. — 4 ақпан

Тараздықтар қала күнін тойлауды бастап кетті

Биыл Тараз қаласының туған күнін 1 мен 9 қазан аралығында мерекелеу белгіленгені белгілі. Осыған орай ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақта Мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен мерекелік кеш өтті.

Шараның шымылдығы «Жас дәурен» үлгілі балалар хореографиялық студия тәрбиеленушілерінің орындауында «Шернияз» биімен түрілді. Қала күніне жиналған көпшілікті шығармашылық ұжым Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады. Мереке барысында «Жігер» ұлдар домбырашылар ансамблі Дәулеткерейдің «Көроғлы» және Құрманғазының «Балбырауын» күйлерін тарту етті. Сондай-ақ Аян Сейітов «Ауылға сағыныш» әнін, «Желдірме» дәстүрлі әншілер ансамблі халық әні «Әриайдай» мен «Шаттық» үлгілі балалар хор ұжымы әннен шашу шашты. Салтанатты кешке орталықтан 100-ге жуық тәрбиеленуші өз өнерлерін ортаға салды.

Мерекелік шаралар кеше Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен «Шалғай Қарасу» алқабы мен «Дәмді себет» азық-түлік дүкендер желісінің алдында да жалғасын тапты. Мұнда Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйі өнерпаздарының мерекелік концерті, қалалық кітапхананың кітап көрмелері және спорт бөлімі тарапынан ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырылды.

Осы күні атаулы мереке аясында «Қант зауыты» алқабындағы «Ана мен бала» аллеясында да әннен шашу шашылып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Арайлым Шабденова

Jambyl-Taraz. — 2021. — 6 qazan

Думан жазған «Пешене»

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына — 30 кітап» атты бүкіл халықтық рухани-мәдени акциясы ұсынылып отыр. Акция аясында ел болып оқитын кітаптар, үлкенді сыйлау, сөз тыңдау, ата дәстүрін құрметтеу сияқты дәстүрлерге мән беруге, рух, жан тазалығын, шынайы қасиеттерді сүйіп, толғанулармен оқырман жүрегінде орын табады деген сенімдеміз.

Аталмыш акция аясында «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына — 30 кітап» атауымен танымал қазақстандық авторлардың поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті және аударма саласындағы 30 үздік шығармасы жалпыхалықтық оқуға іріктелді. 30 үздік шығармалардың қатарына Думан Рамазанның «Пешене» атты кітабы да бар.

Осыған орай Тараз қалалық Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің №6 кітапхана меңгерушісі Әйгерім Бекпатшаева оқырмандарға талантты жазушы, дарынды драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Думан Рамазанның «Пешене» атты трагедиясына театрландырылған оқу ұйымдастырды.

Думан Рамазанның жаңа жинағына «Керей-Жәнібек», «Пешене», «Бейуақ», «Қанатталды», «Кек» атты драматургиялық төл туындылары мен шетел қаламгерлерінен аударған, пьесалары топтастырылған.

Автор тарихи һәм қазіргі тақырыптарға қатар қалам тербейді. Көркем шығармаларда тарихи тұлғалардың ақыл-парасаты, келешекке көз тастар көрегендігі, тереңнен ойлап, кеңінен байлам жасар кемеңгерлігі, ел бастар көсемдігі, сөз бастар шешендігі мен қол бастар батырлықтары айрықша айшықталса өзімізге етене таныс бүгінгі күн каһармандарының тыныс-тіршілігі мен іс-әрекеттері ерекше суреткерлік шабытпен кестеленген. Шығармалардың тілі шырайлы, ойы орамды көркемдік қуаты жоғары.

Қалалық мәдениет үйінің әдістемілік бөлімінің әдіскері Аян Тынышбек пен №6 кітапхананың кітапханашысы Ақмоншақ Жұбатғанова бірігіп оқырмандарымызға театрландырылған көрініс көрсетілді.

Кітапхана қызметкерлері «Бір ел — бір кітап» атты кітап көрмесін ұйымдастырып, насихаттады.

Думан Рамазанның аталмыш туындысын біздің кітапханамыздың сөресінен де таба аласыздар.

Айнұр ҚАБЫЛОВА,

Тараз қ. ОККЖ №6 кітапхананын кітапханашысы

Aq jol. – 2021. – 13 шілде

 

Қазақстан — дінаралық татулық орнатқан ел

Қазақстан Республикасы — зайырлы мемлекет.Елімізде дініне, ұлтына, жасы мен жынысына байланысты шектеулер мен бөлініс жоқ. Өйткені Ата Заңымыздың өзінде «Қазақстанның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» екендігі атап көрсетілген. Сондықтан қандайда бір дінге байланысты наным-сенімдерді ұстанатын адамдарға құрметпен қарау кепілдендірілген. Сонымен қатар елімізде дінаралық татулыққа да баса назар аударылады. Осыған орай М.Шолохов атындағы қалалық кітапханада «Қазақстан — дінаралық татулық орнатқан ел» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Іс-шара онлайн түрде ZOOM арқылы өтіп, қатысушылар тұшымды ой-пікірлерімен бөлісті. Дөңгелек үстелге Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының Ардагер ақсақалдар кеңесінің мүшесі Исмаил Хаджимуратов, Тараз қаласы И.Панфилов атындағы №39 мектеп-гимназиясы директорының оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Қарлығаш Танхаева және кітапхана қызметкерлері қатысты.

«Қазіргі қым-қуыт аласапыран, мүдделер шайқасы қайшыласып жатқан заманда елімізге татулық пен тұрақтылық керек. Сонда ғана әлемде бейбітшілік орнайды. Қазақстан Тәуелсіздігіне биыл 30 жыл. Осы 30 жылдың ішінде дінаралық татулықты ор- нату мақсатында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың идеясының негізінде бейбітшілік және саяси келісімді орнату мақсатында елімізде бірнеше съезд өтті. 2003 жылы өткен съезде зорлық пен терроризмге қарсы мәселе көтерілді. Ал 2006 жылы өткен съезде Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі төрағалық етті.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің III съезі 2009 жылғы 1-2 шілдеде, IV съезд — 2012 жылы, V съезд — 2015 жылы 10-11 маусымда, VI съезд — 2018 жылы Астана қаласында 10-11 қазанда өткені белгілі. Соңғы съезге әлемнің 42 елінен келген дінбасылары мен дінтанушыларының халықаралық өкілдері қатысты. Жалпы еліміздің дінаралық татулықты халықаралык мінберге айналдыруы бекер емес. Осындай салиқалы саясаттың арқасында Нұр-Сұлтан қаласы алпауыттар кездесетін диалог алаңына айналып кетті.

Қазақстан билігі сыртқы саясатта ғана емес, ішкі дінаралық татулықты тұрақтандыруда да белсенді жұмыс істеп жүр. 2019-2020 жылғы статистика бойынша елімізде 3658 діни бірлестік бар, олардың барлығы дінаралық татулықты ұстанады. Бұдан шығатын қорытынды: ҚР билігі дінаралық татулықты ұстанып, ең үлкен жетістіктердің біріне жетті», — деп өнегелі педагог Қ.Т. Танхаева «Қазақстан — дінаралық татулық орнатқан ел» тақырыбындағы өз баяндамасын оқыса, пікір алмасу сәтінде қатысушылар ел ішіндегі діни татулық жайлы өз ойларын айтты.

Айнаш ТАСМАҒАМБЕТОВА,

М.Шолохов атындағы қалалық кітапхананын менгерушісі

Jambyl-Taraz. – 2021. – 8 шілде

Кітапханадағы келелі кездесу

Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің Абай атындағы орталық кітапханасында Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай «Мәдениет пен өнер — рухани өміріміздің мәйегі» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.

Кеш қонағы болып Жамбыл облыстық Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының әртісі, ҚР мәдениет саласының үздігі, кино және театрдың ардагер актрисасы Галина Қойшыбаева, осы театрдың белді актері Абу Шонбаев, Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының мәдениет қайраткері Разия Мәдіханова қатысып, өздерінің өнері жайлы, өмірі туралы ой бөлісіп, шығармашылық турасында сөз қозғады.

«Өнер жолы — қызығы да, шыжығы да қатар жүретін өте ауыр жол. Өз мамандығын жақсы көру, адал болу — адамдықтың белгісі. Өнер ұшан-теңіз, соған батып кетпей, ерінбей малтый білген адам ғана шың басына шыға алады. Ізденіс пен талпыныс зау биікке жетелейді», — деді Разия Мәдіханова сөз арасында. Ал әңгімені балалық шағынан бастаған Галина Қойшыбаева бала кезінен ат құлағында ойнаған малшының қызы болғанын айта келе, оқуға, өнерге махаббатпен келгенін айтып: «Ізденбейтін шәкірттен артист шықпайды. Арманы жоқ адам — өлген адам. Театр әртісі сомдайтын рөлін толық зерттей білуі керек. Тіпті адамның рөлін алғанда, нақ сол адам сөйлегенде қандай мәнермен сөйлейді, әңгіме айтқанда қандай әрекеттер жасап тұрады, соның бәрін зерттеп білуі керек», — деп жастарға үлгі-өнеге болар әңгімелерімен бөлісті.

Кездесудің соңында кітапхана қызметкерлері өздері дайындаған «Дархан дарын» атты кітап көрмесін оқырмандар назарына ұсынып, Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Ұлбосын Сәулебаева өнеріміз бен мәдени мұрамызды насихаттаудағы мәртебелі мамандық иелерінің еңбектеріне жеміс, шығармашылықтарына табыс тіледі.

Шапағат Әбдірұлы

Jambyl -Taraz. — 2021. — 26 mamyr

Өнер әлемі жайлы сыр шертті

Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің Абай атындағы орталық кітапханасында мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай «Мәдениет пен өнер — рухани өміріміздің мәйегі» атты дөңгелек үстел отырысы өткізілді. Жиынға Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының артисі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Галина Қойшыбаева, осы театрдың белді актері Абу Шонбаев, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі, ҚР Мәдениет қайраткері Разия Мәдіханова қонақ ретінде қатысты.

Жиында Галина Қойшыбаева өзінің өнер әлемімен сабақтасқан өмірі жайлы, өмірлік жолдасы, талантты актер болған Спандияр Мұқышев туралы толғана сыр шертті. Разия Мәдіханова да бойына әншілік өнердің қалай қонғанын, Ұлы Отан соғысынан кейінгі қиын жылдар, әжесінің қолында өскен тағдырын әсерлі етіп баяндап берді. Абу Шоңбаевтың да әдемі естеліктерін көпшілік қызыға тыңдады. Қонақтар кітапхана оқырмандары тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп отырды.

Келесі сәтте кітапхана қызметкерлері Қазақстанның өнері мен мәдениеті туралы, осы саланың белгілі маман иелері жайлы кітаптар мен фотосуреттер, мерзімді басылымдардан мақалалар қойылған «Дархан дарын» атты кітап көрмесін ұйымдастырып, оқырмандар назарына ұсынды.

Осынау іс-шараны Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Ұлбосын Сәулебаева қорытындылап, өнеріміз бен мәдени мұрамызды насихаттаудағы мәртебелі мамандық иелерінің еңбектеріне жеміс, шығармашылықтарына табыс тілеп, сый-сияпат тапсырды.

Ғалия ТҰРЛЫБАЕВА,

Абай атындағы қалалық кітапхананың бөлім меңгерушісі

Aq jol. — 2021. — 25 мамыр (№61). — 8 б.

Артық білім — кітапта

Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің Абай атындағы орталық кітапханасы «Кітап — рухани сарқылмас қазына» атты іс-шара (оқырмандар аллеясын) ұйымдастырды. Мұнда өңіріміздің ақындары, Қазақстан Жазушылар одағының мұшелері Бақытжан Советұлы мен Ғайни Әлімбекқызы, ақын, бірнеше жыр мұшәйраларының жұлдегері Жұлдыз Бейсекпен кездесу өтіп, олардың шығармалары жайлы кеңінен айтылды. Аталған ақындардың «Бұл мен ғой…», «Шар-Айна», «Іңкәр — Ғазал» кітаптарына бибиографиялық шолулар жасалды.

Өз кезегінде Бақытжан Советұлы ақынның баласы ретінде әдеби кітаптармен сусындап өскенін мақтан етіп, әкесінен алған өнегесі жайлы сыр шертсе, Ғайни Әлімбекқызы кітаптың таусылмас байлық екенін айтып, әсерлі естеліктерімен бөлісіп, ағынан жарылды. Бұдан соң сөз алған Жұлдыз Бейсек алғашқы кітабын марқұм сіңлісі Іңкәрдің рухына арнап «Іңкәр-Ғазал» деп атағанын айтып, тыңдармандарға бірнеше жаңа өлеңдерін оқып берді. Мұнан соң кітапхана қызметкерлері де өңір ақындарының бірнеше өлеңдерін жатқа оқып, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай жалпы оқырманның назарына ұсынылған 30 кітаптың арасынан Елбасының «Тәулсіздік дәуірі», Асқарбек Бектемісовтің «Тәуелсіздік тартуы», Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Періштелер өлімі», Мадина Омарованың «Көмбе нанның дәмі» кітаптарына шолу жасап, аталмыш жинақтардың ерекшелікгеріне елдің назарын аударды.

Іс-шараны аталған кітапхананың директоры Үлбосын Сәулебаева корытындылап, ұжым кітапханашылары көпшіліктің жанын рухани байытуға күш жұмсай беретінін айтып, жүздесуге келген қонақтарға алғысын білдірді.

Жалпы, соңғы уақыттарда жергілікті авторлардың шығармаларын насихаттау жұмыстары қарқынды түрде жүзеге асырыла бастады. Бұл бізді қуантатыны анық. Талай мықты ақындар мен жазушылар шыққан Жамбыл өңірінен әлі де көптеген қаламгерлердің жарқырайтыны сөзсіз. Тек оларды назардан тыс қалдырмасақ екен.

Есет Досалы

Aq jol. — 2021. — 15 мамыр

Сөзбен сурет кестелеген ақындар

Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында Абай атындағы орталық кітапханасы ұжымының ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып, «Сөзбен сурет кестелеген ақындар» атты іс-шара ұйымдастырылды. Бұл рухани кеш жерлесіміз, қазақ халқының көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Кұләш Ахметованың 75 жылдық мерейтойына арналды. Осы күні поэзия әлемінің ақ гүлі атанған Күләш ақынның кітаптарынан көрме ұйымдастырылды. Оны жұртшылық қызыға тамашалады.

Іс-шараға ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Күләш ақынның өмірлік серігі Қайырбек Асанов, ақын, ҚР Білім беру ісінің үздігі Үміт Битенова, жас ақын Мұқағали Балтабай қатысып, Алаштың ақыны Күләш Ахметованың және өздерінің сыр тұнған өлендерін оқыды. Күләш ақынның «Құт», «Бақ», «Орман» және басқа кітаптарына назар аударылып, автордың поэзия әлемінде ойып алар орны туралы ойлар кеңінен айтылды.

Бұл күні Тараз қалалық Ықылас Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінің әншілері Қайырбек Асановтың сөзіне жазылған бірнеше әнді орындаса, аталған кітапхана қызметкерлері Күләш Ахметова, Қайырбек Асанов, Үміт Битенова секілді ақындардың жыр кітаптарына библиографиялық шолу жасап, қаламгерлердің туындыларын насихатгады. Бұл кеште Тараз қаласының тұрғындары өлеңнің ғажайып нәрімен сусындап, кереметтей әсерлі көңіл-күйге бөленді. Бұлақтай таза жырлар мөлдірлігімен жүректерге нұр құйды.

Барасыңдар қай жаққа кетіп бәрің,

Сырт-сырт етіп тоқтамай өкінтті әр күн.

Бір сөз, бір ой, бір демге ұзарыңдар,

Құдіретті, қуатты секундтарым, — деп жырлаған Күләш ақынның жақұт жырлары әлі барша халықты мөлдір сезімге бөлей беретіні анық. Іс-шараны Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева қорытындылап, ақындарға алғысын білдірді.

Есет Досалы

Aq jol. – 2021. – 5 мамыр

Біз – қазақстандықтармыз

Қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне қарасты М.Әуезов атындағы кітапханасында Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» атты тақырыпта мерекелік іс-шара өтті.

Алдымен кітапхана қызметкері Нұргүл Маликова Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясының жүктеген міндеттерімен таныстырып, онда ұлттар достығы мен бірлігін нығайтуда жасалған игі істерге тоқталып өткен еді.

Іс-шара барысында «Достык — ұлы ұғым» атты кітап көрмесімен кітапханашы Сауле Ешжанова таныстырды.

Ал Тараз қаласындағы өзбек этно-мәдени орталығының төрағасы Абдурахман Зайнутдинов сессияда Ассамблея өкілдеріне жүктелген міндет пен жауапкершіліктің зор екенін айтып, бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатқан ұлттар достығын сөз етті. Сондай-ақ қазақ халқына деген ыстық ықыласын білдіріп, жиналғандарды мерекемен кұттықтады.

Жиында кітапхана қызметкерлері мен оқырмандарының қатысуымен сахналық көріністер көрсетіліп, ұлттық әндер орындалды.

Светлана Қожахметова,

М.Әуезов атындағы кітапхананын кітапханашысы,

Тараз қаласы

Aq jol. — 2021. — 1 мамыр

 

Әсерлі әңгімесі көңілдерге қонды

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттер аясында біраз уақыт бұрын «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары анықталған еді. Еліміз бойынша жүзден жүйріктерге түскен таңдау болғандықтан, бұл санатқа қосылатындарға қойылған талаптың да үлкен болғаны белгілі. Аталған жоба жеңімпаздарының бірі, Тараз қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімовпен Абай атындағы орталық кітапханада өткен «Жұртына үлгі жүз есім» тақырыбында іс-шара өте әсерлі өтті.

Іс-шараны Абай атындағы орталық кітапхана мен Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы бірлесіп ұйымдастырды. Кез келген кісі «Қазакстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы бола бермейді. Сембек Әбетайұлының бұл қатардан табылуы бекер емес. Ол — ел десе еміреніп, жұрт десе жомарттығы көзге көрініп тұратын адам. Оның бірнеше отбасын баспанамен қамтамасыз етуі, қазынадан қаржы бөлдіріп, 3 мың гектар алқаптың суландырылуына ықпал етуі, өз ауылында мектепті «Алтын белгімен» бітіргендерге 400 мың теңге көлемінде сыйақы тағайындауы — сөзімізге дәлел.

Сембек Сейдәзімовпен жүздесуге кітапхана қызметкерлері мен тұрақты оқырмандар жиналды. Іс-шарада Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы ұйымдастыру секторының жастар ісі жөніндегі инспекторы Әйгерім Садықбекова кітапхана қонағының өмір жолына тоқталып өтті. Сембек Әбетайұлы өз сөзінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы үлкен мереке, Тәуелсіздік — бақытымыз екенін айтып, осынау шуақты күнді бағалай білуге шақырды. Сондай-ақ ол жарық көруіне өзі себепкер болған «Тарихымен табысқан Тараз» атты кітап жөнінде де кеңінен әңгімелеп, тарихтан сыр шертті. Іс-шараға қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Кездесу соңында аталған кітапхананың директор орынбасары Назым Мухамбетиярова ойлы толғамдары, әсерлі әңгімелері үшін Сембек Сейдәзімовке алғысын білдірді.

Есет ДОСАЛЫ

Aq jol. – 2021. – 20 сәуір