Жүрекке әжім түспейді

     Шерхан Мұртазаның «Жүрекке әжім түспейді» әңгімесін оқыған сайын жақсы тақырыптың жарты мақала ғана емес, тіпті тұтас туындының жүгін көтеретін құдіреті бар екендігіне одан сайын көз жете түскендей болады.

  Жүрекке әжім түспейді… Шынымен де, осы бір-ақ ауыз сөз әңгімені оқыған әр оқырманның жүрегіне өшпестей жазылары анық. Өзінің де өткенін (бәлкім бүгінгі күйін), өміріндегі сәулелі сәттер мен жүрегінің түкпірінде аялаған (мүмкін жасырған) аппақ армандарын алақанына салып, бір сәтке жан тереңіне үңіліп, толғанары хақ. Сонда өзі де алыстағы Энжесін сағынып, ғұмыр бойы ғашығына ынтыққан Сағын ақсақалдың аппақ әлемі мен ішкі толғаныстарының ішіне түсіп кеткендей сөзбен айтып жеткізгісіз сұмдық бір сәулелі сезімді бастан кешері сөзсіз. Себебі жүрегі бар пенденің қай-қайсысының да мына өмірде махаббатқа бір жолықпай кеткені (өткені) жоқ шығар. Ал сексенге келіп те сезіміне селкеу түсірмей, адамдық арына адал бола алу — үлкен ерлік. Ондай қасиет тек жүрегі таза, жаны кіршіксіз жандардың маңдайына бұйырған бақ болса керек.

Есіңізде ме, Сағын ақсақалдың: «Уақыт, көп болса, сенің бетіңді әжімдеген шығар, ал жүрекке әжім түспейді» деген бір-ақ ауыз сөзіне қанша мағына, тіпті өмірдің бүкіл пәлсапасы сыйып жатқан жоқ па? Осы сөзді айтқан кейіпкерді қалай кемеңгер, айтқызған жазуының жүрегін қалай ғарыш демессің?

Жалпы, Шерхан Мұртазаның жазушы ретінде, әсіресе әңгіме жазудағы шеберлігі осындай көңілдің ішкі иірімдерін асқан сезімталдық һәм сұңғылалықпен сезіне отырып, содан өмірдің өлмейтін құндылықтарын әспеттей алғанында, байыппен байқай білгендігінде жатса керек. Әйтпесе жүрек дейтін бір кесек ет бәрімізде де бар ғой. Ал соған әжім түсірмей, көңіл көзін кірлетпей өмір бойы оны әсемдік пен тазалыққа бағыштай алғанымыз қайсы?

«Ауру адамдай мең-зең халге душар болдым. Бозым бозбала шаққа қайта оралғандай, жүрегі түскір тәтті бір сезімнен уылжып қоя берді. Адам қартайса бала болады, деуші еді бұрынғылар. Сол рас, «бала болдым ба?» деймін өзіме өзім. Бірақ есілдертім Энжеде. Қартайғанда қара басты ма, мұнша толқып, топалаң тигендей аласұрған не деймін».

Әңгімедегі Сағынның осы бір сөзі-ақ шын сүйген жанның көңілі мәңгілік көктем, жаны жайқалған жаз екендігін ұқтырмай ма? Демек жүрекке де әжім түсірмеу осындай адал сезім, ақ адал пейілмен астасып жатса керек, біздіңше. Иә, мынау аппақ ғаламда пенделіктің, тұрмыстың тұсауына былғанбай, ғаламның ғажабын көкірек көзімен көре алудың өзі де теңдессіз тарту шығар. Әйтпесе сексенге келмей-ақ сезімін суытып, жүрегін кірлеткендер қатарымызда қаншама? Бұл алағай да бұлағай шақта жүрегін сақтай алғандар – шын бақыттылар!

 Назерке Жұмабай

Egemen Qazaqstan. — 2025. — 13 ақпан.

Арман Сартаевтың ұстанымы – адалдық

      Төтенше жағдай адам үшін айтып келмейтін апат екені анық. Сол үшін де бұл саладағы қызметкерлердің еңбегі ерен. Олар күн сайын әртүрлі жағдайға тап болады. Алайда олар тез арада шешім қабылдау, осылайша, адам өмірін құтқару, төтенше жағдайдың алдын алу, оның өршіп кетуіне жол бермеу секілді маңызды жұмыстарды бірінші орынға қояды. Көмекке зәру азаматтарға ең алғашқы болып қол ұшын созатын бейбіт күннің батырлары Тараз қаласының төтенше жағдайлар қызметінде жетерлік. Дәл сондай жандардың бірі – азаматтық қорғау подполковнигі Арман Сартаев.

Кейіпкеріміз 30 жыл бойы өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінде еңбек етіп келеді. Оның мамандығы қауіп-қатерге толы, әп-сәтте сауатты шешім қабылдауға, тәуекел етуге иетермелейтін және адамның өмірін сақтап қалу парыз етілген ұғыммен тікелей байланысты. Өрт сөндіруші болу – күнделікті ерлікке, бір сәттік шешім қабылдауға әрқашан дайын болу.

Қазіргі таңда Арман Сартаев өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің кезекші бөлімінде жедел кезекші болып еңбек етеді.

Тұрар Рысқұлов ауданының Құлан ауылында туған ол бала кезінен осы салада қызмет етуді армандаған. Мектептен кейін екі мамандандырылған училищені бітіріп, 1995 жылы азаматтық қорғау органдарында қызметін бастады.

     – Суворов училищесінің түлегімін. 1992 жылы оқуымды аяқтағаннан кейін Алматы өрт-техникалық училищесіне жолдама алдым. Үш жыл оқып, 1995 жылы Алматы гарнизонында азаматтық қорғау органдарында қызметімді бастадым. Отбасы жағдайына байланысты 2004 жылы Таразға ауыстым. Биыл төтенше жағдайлар саласында еңбек етіп жүргеніме 30 жыл толып отыр, – дейді А.Сартаев.

Табаны күректей 30 жылдық қызметі барысында Арман Молдатайұлы сенімділік пен кәсібиліктің үлгісіне айналды. Ол тұрмыстық өрттерден бастап ауқымды апаттарға дейінгі көптеген шақыртуларға шыққан. Ең есте қалғандарының қатарында «Мыңбұлак» сауда орталығындағы алапат өртті сөндіру оқиғасы бар. Сонымен қатар ол химиялық қауіпсіздік бойынша халықаралық жаттығуларға қатысқан және жанып жатқан жатақханадан 50-ден астам адамды құтқарып қалған сәтін тебірене еске алады.

     – Кезекшілікке түскенде мен облыс бойынша өрттерге, авариялық-құтқару жұмыстарына шығуым керек. Өрт гидранттары туралы барлық мәлімет, тәулік ішінде болған өрттер туралы ақпарат 101 нөміріне шалынған қоңыраулардан кейін біздің кезекші бөлімге түседі. Ол ақпарат кезекші ретінде маған жедел баяндалады. Оқиға орнына жеткен соң, мен өрт сөндірудің орталық байланыс пунктіне жағдайды хабарлаймын. Ненің жанып жатқаны, қанша нысан қамтылғаны, өрт аумағы қанша, қанша адам эвакуацияланғаны секілді жағдайлар тәптіштеледі, – дейді А.Сартаев.

Кейіпкеріміз сабырлы, өзіне сенімді жан. Қимылдары нақ, шешімдері батыл. Жылдар бойы ол өз ісінің шеберіне айналып, талай сын сәттерде кәсібилігімен көзге түсті. Әрбір тапсырманы жауапкершілікпен орындап, өзгелерге үлгі бола білді. Уақыт өте келе ол тек тәжірибелі құтқарушы ғана емес, жас әріптестеріне бағыт-бағдар беретін тәлімгер дәрежесіне көтерілді. Оның сабырлы мінезі, табандылығы мен батылдығы айналасындағыларға сенім ұялатып, нағыз құтқарушының бейнесін айқындайды.

     – Арман Молдатайұлымен бірге қызмет атқарып жүргеніме шамамен 10 жыл болды. Мен бөлімге келгенімде ол менің ауысымымда жедел кезекші болатын. Сол кезден бері 10 жыл бойы өрт сөндіруді басқарып келеді. Ол – гарнизондағы ең үздік басшылардың бірі, өте тәжірибелі тәлімгер, – дейді Тараз қаласының №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесінің командирі Шухрат Муртаев.

Өрт сөндіру қызметіндегі жедел кезекшінің жұмысы жоғары біліктілікті, жылдам әрекетті және күрделі жағдайда шешім қабылдай білуді талап етеді. Оның әрекеттері құтқару операцияларының нәтижесіне және азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан мұнда маманның жоғары кәсібилігі мен өз ісіне адалдығы аса қажет.

Ал қызметтен тыс уақытта Арман Молдатайұлы сүйікті отбасына қамқор отағасы. Жұбайы Айсулу екеуі Мадияр мен Дана есімді ұл-қыз тәрбиелеуде. Ұлы әке өнегесінен шабыт алып, жолын жалғастыруды ойлап жүр.

Өрт сөндіруші мамандығы үлкен жауапкершілікті талап етеді, бұл ерлік пен қайсарлықтың мектебі. Қиындыққа қарамай халықтың амандығы үшін қызмет ету – әрбір өрт сөндірушінің басты борышы. Арман Сартаевтың өмір жолы осы міндетке деген адалдықтың, іске беріктіктің, рухы мен жүрегі мықты азаматтың айқын үлгісі.

  Ақтоты Жаңабай

Ar-Ai. — 2025. — 27 тамыз.

 

 

 

Кең далаға кие болған Барысхан

       Өңір тарихында өзіндік ерекшелігімен танылған аймақтың бірі – Барысхан қалашығы. Тарихи мекен қазіргі Байзақ ауданының Талас ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай Талас өзенінің оң жағалауында орналасқан. VII-XII ғасырларға жататын қала жайлы тарихшы Ибн Хордарбек пен Кудама сауда жолы бойындағы қалалар жайлы жаза отырып, Тараздың маңында Төменгі Барысхан, ал Ыстықкөлдің оңтүстік жағалауында Жоғарғы Барысхан орналасқандығы жайлы мәлімет қалдырған.

    Ибн Хордарбектің дерегінше, Жоғарғы Барысхан да Жібек жолының бойында болған. Ол Аспарадан 34 фарсах жерде, яғни, шамамен 300 шақырым қашықтықта орналасқан. Сонымен бірге дереккөздерде Жоғарғы Барысхан қаласы бар тұтас бір аймақ екені айтылады. Ал, қаланың сипаттамасы жайында Барысхан – көл жағасындағы үлкен қала екендігі, оның дихандары қарлұқтар болғандығы жазылған. Автор бұл қаланың атақты адамдарының бірі ретінде «Түркі тілдерінің сөздігінің» авторы Махмұд Қашғаридың атын айтады: «Оның өзі емес, әкесі Барысханда туған. Жоғарғы Барысхан – қарлұқтар мен ұйғырлар өмір сүрген Қашғарға жақын Ыстықкөлдің жағасындағы қала». ХІ ғасырда өмір сүрген парсы тарихшысы Гардизидің еңбегіндегі дерек бойынша, Жоғарғы Барысхан қарлұқтардың Жікіл тайпасының орталығы болған.

Ал, Төменгі Барысхан турасында ортағасырлық тарихшы Макдиси Тараздан «шығысқа қарай екі адам даусы» жететіндей жерде дейді. Ал, Кудама ибн Джафар «Барысхан Тараздан 3 фарсах жерде орналасқан» дейді. Мамандар пікірінше, Төменгі Барысхан Төрткүл қалашығымен сәйкестендіріледі. Қалашық цитадель және шахристанмен ерекшеленеді.

– Төменгі Барысхан қалашығына жүргізілген зерттеу жұмыстары 1940 жылдардан басталған. Г.Пацевичтің басшылығымен Жамбыл архео-логиялық экспедициясы қаланың топографиялық жобасын түсіріп, Төменгі Барысхан қаласының дамыған уақытын қарахандықтар кезеңіне жатқызған және қала моңғолдарға дейін өмір сүруін тоқтатқан деген тұжырымға келген. Ал, А.Бернштам әріптесі Г.Паце-вичтің 1940 жылғы зерттеулерін қарап шығып, оның ұсынысы бойынша Төменгі Барысхан қаласын Тараз қаласының шығысындағы 104-разъездге жақын орналасқандығын айтады. 1965 жылы Т.Сенигова Тараздан 20 шақырым радиуста басқа қаланың қирандысын таппағандықтан, Талас бекеті маңындағы құландының орнын Төменгі Барысхан деп қабылдап, орталық бөліктеріне қазба жұмыстарын жүргізіп, VIII-IX және X-XII ғасырларға жататын тұрғын үй орындарын ашқан. Кейінгі жылдары К.Байпақовтың басшылығымен Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институты қаладағы зерттеу жұмыстарын орталығындағы бұрынғы қазбалардың орнында жалғастырып, ескерткіштің көп қабатты екенін көрсеткен, – дейді «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының кіші ғылыми қызметкері Гүлмарал Қамбар.

Зерттеу жұмыстары нәтижесінде қалашықтың ішкі қамалында бөлмелер тобы табылған. Бұдан өзге Шахристанда жасалған қазбалар ошақтары мен тандырлары бар бірнеше үй-жай, қора-қопсы құрылыстары анықталған. VIII-XI ғасырларға жататын бұл жәдігерлер жиыны облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақталған.

Төменгі Барысхан қалашығы жайлы ел ауызында ертеден келе жатқан аңыз сақталған. Аңызға сүйенсек, мыңдаған жылдар бұрын Қаратау етегін еңбекқор, ержүрек жұрт жайлаған. Олар жолдарында кездескен бар қиындықты жеңе біліп, кәсіппен айналысып, үйлер салған. Ол кездің адамдары өте ырымшыл болып, кез келген апат пен табиғаттың жай-күйін Құдайдың ашуы деп қабылдапты. Десе де халықтың бәрінен кие тұтатыны тау барысы болыпты. Жергілікті халық бұл киені құрметпен Барысхан атапты. Сондықтан әр жыл сайын құдайы тамақ беруді парыз санапты. Қаратаудың төменгі етегі де осы барыстың құрметіне Барысхан аталыпты-мыс.

Бүгінгі таңда қаланың атауы Барысхан болғанымен, «Төрткүл» атауымен де баламаланады. Тарихи мекенде қазба жұмыстары жүргізілгенімен, толықтай ашылып зерттелмеген. Сондай-ақ, Қырғыз жеріндегі Жоғарғы Барысхан қалашығы жайлы да деректер өте аз. Осыған қарап-ақ, ортағасырлық қалаларға заманауи ғылыми зерттеудің қажеттігін бағамдауға болады.

Нұрболат Аманбек

Aq jol. — 2024. — 12 қыркүйек.

Қазақ қолөнерін қастерлеген Қамзақ

      Қайталанбас туындыларымен елдің есінде қалған таланттар аз емес. Сондай дара тұлғаның бірі – құландық қолөнер шебері, марқұм Қамзақ Төлендиев. Аталған ауданның Әбжаппар ауылында дүниеге келген шебердің есімі талайға таныс.

14 жасынан қолөнер шебері, ұсталық кәсіппен айналысқан Қамзақ Төлендиев ағаш ұстасы ретінде талай марапаттарға ие болған. Ұзақ жыл аудандық құрылыс мекемесінде ағаш шебері болып еңбек етуіне де осы бойындағы таланты себеп болыпты. Республикалық жас құрылысшылардың слетіне де делегат болып қатысады.

1963 жылы Бішкек қаласындағы көркемсурет училищесіне оқуға түседі. Училищенің бірінші курсын бітірген жылы ауырып, алты жыл төсек тартып жатады. Жап жас жігіт үшін бұл азапқа толы уақыттар еді.

Дегенмен, жасымай бар уақытын қолөнер жұмысына арнайды. Әр алуан тақырыптарда сурет салып, ағаштан түйін түюге ден қояды. Бірнеше мәрте республикалық, одақтық көрмелерге қатысып, оңдаған дипломдар мен лауреат деген атақтарға ие болды. 1978 жылы Халық шебері атағы берілді.

«Қамзақ Төлендиев сол ауру меңдеп, 1989 жылы өмірден озды. Бірақ, өз ғұмырында қолөнер саласына үлкен қолтаңба қалдырды. Қазіргі таңда ағамыздың қолынан шыққан бұйымдары аудандық тарихиөлкетану музейінде сақтаулы тұр. Солардың бірі «Жастық пен кәрілік» деген бейнесі. Бұл туынды бір ағаштың діңінен шабылып, аса шеберлікпен жасалған, – дейді аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Эльдар Өтембаев.

Аталған туындылар Қамзақ Төлендиевтің керемет талант иесі екенін дәлелдей түседі.

Есет Жаңабайұлы,

Т. Рысқұлов ауданы

Aq jol. — 2025. — 31 шілде.

Шотайдың шыңы

Шотай Тайбағаров 1945 жылы ауданымыздағы Қылышбай ауылында туған. Сол ауылдағы Карл Маркс жетіжылдық мектебінде оқып жүрген кезінен бастап, кеңшардың сан-салалы жұмысына қолғабыс тигізіп, қой қырқу науқанына қатысып жүрді.

  Бесінші сыныптың бозбаласы қой қырқудан ауылдың жеңімпазы атанып, алтыншы сыныпта оқып жүргенде сол кездегі «Фурманов» кеңшарының жеңімпазы болып, бағалы сыйлыққа ие болады. Қой фермасының меңгерушісі Әлкен Жапаров бозбаланы аудан орталығына алдыртып, қой қырқудың ата-бабадан келе жатқан әдіс-тәсілдерінен мағлұматтар беріп, қойдың аяғын байламай, жамбасқа жатқызып, басынан құйрығына дейін үзбей қырқуды, тағы басқа әдістері туралы кеңесін беріп, қамқорлығына алды.

№62 кәсіптік-техникалық учи-лищені бітірген жас жігіт Шотай, сол шаруашылықтың Әлкен Жапаров басқаратын бөлімшесіне келіп, жүгерішілер бригадирі болып тәлімгер ағасымен қоян-қолтық еңбекке араласып кетті. Шотай 1967 жылы, 22 жасқа толған кезінде КСРО бойынша қой қырқудан жарыстарға шыға бастады. 1968 жылы бүкілодақтық жарысқа мойынқұмдық жас Шотай алғаш рет қатысты. Ал, 1969 жылы Херсон облысында 11 одақтас республикадан 116 қырықтықшы қатысқан бәсекеде алдына жан салмай бас бәйгені жеңіп алды. Рекордтық көрсеткіш, әр қойды 2 минут 12 секундта қырқып 100 мүмкіндіктен 100 балл жинап, жеңімпаз атанды. 23 жастағы Ш.Тайбағаров КСРО чемпионы атанды. Кейіннен осы атақты екінші рет иеленіп, Қазақстанның жеті дүркін жеңімпазы болды.

1970 жылы Рессейдің Белгород облысында өткен қырықтықшылардың Одақ бойынша біріншілігінде атақты рессейлік қырықтықшылар Н.Холод пен С.Байрамқұловтарды артқа тастап бас жүлдені жеңіп алып, осы саланың ең жоғарғы марапаты «Алтын жабағы» алтын медалін тақты. Сол жылы Польша, ГДР, Венгрия, Болгария, Монғолия және Чехословакияның дүлділдерімен тұңғыш халықаралық бәсекеге қатысып, үшінші орынды иеленді. Қазақстанды, қазақ деген ұлт-ты дүниенің түкпір-түкпіріне танытты. 1979 жылы Болгарияның Толбухин қаласында өткен Еуропа елдері мен Монғолия қырықтықшылары қатысқан жарыста 100 мүмкіндіктен 95,11 балл жинап чемпион атанды. 10 қойды 29, 27 минутта сапалы қырқып, басымдыққа ие болды. Бұл атақты екі рет жеңіп алды.

Дүниежүзінің чемпионы Годфри Боуэн Англиядағы халықаралық жарыста 9 сағат ішінде 559 қой қырқып ерлеген болатын. Осы кездесуде Шотай мен Г.Боуэн жеке бәсекеге түсіп, Шотай бір қойды 1 минут 15 секундта, ал Г.Боуэн 1 минут 35 секундта қырқып шықты. Жеңілісін мойындаған әлем чемпионы, Шотайдан:

– Сен, қандай тәсілмен қырықтың – деп сұрайды.

Аз ойланып алған Шотай:

– Оны «Әлкен тәсілі», – деп атайды, –дейді.

Классикалық еш тәсілді меңгермей қазақы болмыспен, табиғат берген қуатпен жарысқа түсіп жүрген Шотай өмірлік ұстазының атын осылай анықтамаларға енгізген.

Риза болған Г.Боуэн Шотай інісін Австралияға қонаққа шақырады. Бұл орындалмаған арман болып қалды.

1972 жылы Шотай мен жары Жаңыл жеңгемізді Қазақстанның басшысы Дінмұхамед Қонаев қабылдап, ұзақ әңгімелеседі.

Әңгіменің үстінде:

– Шотай күніне қанша қой қырқып жүрсің, – деп сұрайды.

– 400 — 500 қой…

– Бригада құрсаң бір ауданның қойын өздерің қырықсаңдар да болады екен ғой, – дейді, риза көңілмен, елағасы.

– Иә, бір аптада бір кеңшардың қойын қырқып беріп жүрміз, Пернебай, Төлеген сияқты жігіттердің басын қосып, – деп жауап берді, жас жігіт. Сол жолы Шотай темір тұлпар мініп қайтты.

Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев Шотайды жанынан қалдырмай ертіп жүріп, елмен араластырды. Жас жігіт Жазатаның батасын алып еңбекке құлшына кірісті. Жүгері өсіріп, егіс бригадасын ұйымдастырды. Бұл салада да абырой биігінен көріне білді. Бүгінде Шотай егін еккен Радай өзенінің жағасындағы алқапты жерлестері «Шотай алқабы» атап кеткен.

Ел құрметіне бөленген Шотай Айқожаұлы КСРО-ның «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Қылышбай топырағында дүниеге келген Шотай Тайбағаров ауылымыздан шыққан тұңғыш Парламент депутаты болып Қазақстан тарихына енді.

  Мақсат Сейдалиев,

еңбек ардагері, Мойынқұм ауданы

Ғүмыр-Дария. — 2024. — 25 шілде 

Ералиев Нұрғали

Ералиев Нұрғали Әбдәліұлы

Ералиев Нұрғали Әбдәліұлы 1962 жылы Жуалы ауданының Көлтоған (бұрынғы Алексеевка) ауылында дүниеге келген. 1979-1981 жылдары «Коммунизм жолы» колхозында түрлі жұмыстар атқарады. 1981 жылы Кеңес Армиясы қатарына алынады. 1983 жылы Луначарка (қазіргі Боралдай) ауылдық кеңесі атқару комитетінің аға бухгалтері болып жұмысқа орналасады. 1986 -1993 жылға дейін «Коммунизм жолы» колхозы бас бухгалтерінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарады. 1993 жылдан 1998 жылға дейін Жуалы аудандық мал бордақылау бірлестігінің бас бухгалтері, 1998-2000 жылдары аудандық қазынашылық басқармасында бас ревизор болып қызмет атақарады. 200 жылдан бүгінгі күнге дейін салық саласында қызмет атқарып келеді. Жамбыл есеп – санақ техникумын сырттай және Алматы есеп – санақ академиясын бітірген.Орта арнаулы бухгалтер, жоғары білімді экономист, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген ядролық қару сынақтары ардагері, «Қызыл жұлдыз» және «Даңқ» орденінің иегері, Бірнеше медальдармен наградталған.

Көріңіз…

 

Шымкентбай Жылмағанбетов

Шымкентбай Өмірзақұлы Жылмағанбетов

1953 жылы Жамбыл облысы Меркі ауданы, Беларық ауылында дүниеге келген. Мамандығы – журналист. Қазақстанның Құрметті журналисі. Қазақстан Журналистер Одағының «Алтын медалінің» иегері. Әңгімелері, өлеңдері, әзіл – сықақтары кезінде облыстық, республикалық басылымдарда жарияланып тұрған. «Қателіктің құны» және «Өмір кешінде» атты кітаптары шыққан. «Қателіктің құны» кітабы осымен екінші рет басылып отыр.

Көріңіз…

 

Кран тізгіндеген келіншек

Бүгінгі қоғамда әйелдер араласпайтын сала жоқ десек, қателеспейміз. Әрі қай мамандықтың иесі болса да, биікке өрлеп, ерге бергісіз қабілетімен талайды тамсандырып жүрген нәзікжандылар арамызда көп-ақ.

Жуырда редакцияға бойшаң келген, сұлу мүсінді, ашық-жарқын бір әйел кіріп келді. Ол кран машинисі Оксана Глазетдинова еді. Ер азаматтардың өзі жүрексінетін бұл қызмет түрімен айналысып келе жатқанына 20 жылға жуықтапты. Оксанамен әңгімелесіп, салаға қалай келгені және жұмысының қыр-сыры жайында сұрап білдік.

Оксана Валерьевна Мойынқұм ауданы «Шығанақ» станциясында орналасқан «Эврика-Барит» ЖШС-нде мұнара аспалы кранының машинисі болып жұмыс істейді. Айта кетейік, «Эврика-Барит» ЖШС — барит рудасын өндірумен айналысатын Жамбыл облысындағы ірі кәсіпорындардың бірі. Аталмыш кәсіпорынның қызметкері Оксананың міндеті — кранның жағдайын күнделікті бақылап, содан соң техниканың көмегімен 1,5 тонналық қаптарды көліктерге салып, жөнелтіп отыру. Мұның бәрін ол 30 метр биіктіктен басқарады. Ол өз жұмысының қиын емесін, жиырма жылдың ішінде үйреншікті болып кеткенін айтады. «Биіктік — бұл менің таңдауым», — дейді өзі.

Оксана — Ақсүйек ауылының тумасы. Қазір жұмыс істеп жатқан кәсіпорын бұрын сол жерде орналасқан екен. Тұрақты табыс табуды мақсат еткен ол кран басқаруды сол кезде үйреніпті.

— Өндіріс орны өзі оқытты. Бастапқыда, әрине, қорқыныш болды. Бірақ, менің бастығым айтпақшы, «Бәрі уақытпен және сынақпен келеді». 10 жылдай сол жерде мұнаралы кранда жұмыс істедім, вагондарға жүк тиейтінмін. Біздің жұмыс өте қауіпті. Тіректі кранның биіктігі — 10 метр, аспалы кранның биіктігі 40 метрді құрайды. Аспалы кранда істеп жүргенімде, «аман-есен түсейінші» деп Құдайдан сұрайтынмын. Өйткені балаларым бар. Бір күні оқыс оқиға орын алды. Желді ауа райының салдарынан кран құлап, ана дүниеге аттана жаздағанмын. Қайта дәл сол уақытта мен төмен түсіп үлгергеніме шүкір, — деген ол қызмет жолында түрлі жағдайлар орын алғанын айтады.

— Бұл жылдар ішінде жылататын да, күлдіретін де оқиғалар болды ғой. Қараша айының соңы болатын, дала тұман. Оған қарамай біз көліктерді жөнелтіп жатырмыз. Мен жүк ілдірушінің бұйрығымен ғана жұмыс істеймін. Ол маған төменде қолымен бұйрық беріп отырады. Сол кезде бір қызметкеріміз қаптарды тиегенге көмектеспекші болады. Бірақ қолында арнайы қолғабы жоқ, мен жүк ілдірушінің бұйрығымен қапты көтере бергенде, байқамай әлгі кісінің саусағын жаншып алыппын. Осы оқиғадан кейін өзімді кінәлі сезініп, жұмыстан кетуге арыз жазған болатынмын. Бірақ «басшылық басқа істейтін адам жоқ деп жібермеді», — дейді Оксана.

Иә, онын мамандығын естіген адам таңданысын жасыра алмайды. Ал өзі бұл жұмысын жақсы көреді. Оксана вахталық әдіспен жұмыс істейді, 15 тәулік өндірісте, 15 тәулік отбасының жанында. Десек те, күш-жігері тасыған келіншек демалыста да қол қусырып отырмайды екен. Ол адамдарға өзінің клинингтік қызметін көрсетеді. Үй-жайды тазалаумен айналысып келе жатқанына 4 жылдың жүзі болыпты. Осы уақыт аралығында тұрақты клиенттерін де жинап үлгерген. «Егер адамда таңдаған кәсібіне деген қызығушылығы, жүрек қалауы болмаса, оған кірісудің қажеті жоқ», — деп санайды Оксана.

— Бізге түрлі қыз-жігіттер келеді, осы күнге дейін сегіз адамға кранды басқаруды үйретіппін. Қазір, мысалы, 20 жасар бойжеткен менің жанымда өндірістік тәжірибеден өтіп жүр. Бірақ мен барлығына «биіктікте жұмыс істегенше, жерде жүріңдер» деп кеңес беремін. Өйткені біздің жұмыста қауіп-қатер көп және жұмыс көлемі де үлкен. Тәулігіне 12 сағат жұмыс істейміз. Бұрын уақытқа қарамай, жұмысымды аяқтамайынша төменге түспейтінмін. Бір күні дала тас қараңғы, кранның ішінде отырмын. Төменге қарасам, бәрі қайтып бара жатыр, мені ұмыт қалдырып, — дейді кейіпкеріміз.

Кран машинисіне қойылатын басты талап — қан қысымының қалыпты болуы, көзінің көруі және есту қабілеті жақсы болуы қажет. Оксананың жұмыс күні күнделікті медицина маманынан тексерістен өтуден басталады.

— Алкотесттен өтеміз, қан қысымымызды тексереді, барлығы дұрыс болса ғана жұмысқа кірісеміз. Ал кранға отырғаннан кейін басқа нәрсемен айналысуға құқығым жоқ. Бұл — үлкен жауапкершілік. Краншы кез келген ситуацияға дайын болуы қажет, — дейді ол.

Нәзік иығымен нардың жүгін көтеріп жүрген Оксана Валерьевна ерлерге тән жұмысты істесе де, ешқашан өзінің әйел екендігін ұмытқан емес. Бұл оның жып-жинақы сыртқы келбетінен, сұлу жүзінен байқалып-ақ тұр. Оксана цехтағы жалғыз әйел екен. Қызметтестері оны өжет, ақкөңіл мінезінен бөлек, тәжірибелі, білікті маман ретінде құрмет тұтады. Жолдасы да жанында, карьерде жүк көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істейді. Екеуі — екі қыздың ата-анасы, тәп-тәтті немерелерінің ата-әжесі.

Р.S. Оксана секілді жігері жасымаған, ісіне мығым, алдында тау тұрса да тайсалмайтын өжет мінезді жандармен аз уақыт болса да әңгімелескенде, ыстық күнде мұздай бұлақтан шөліңді қандырғандай күй кешесін, өмірге құштарлығың арта түседі.

Сәуле Мүхадинқызы, журналист, Қордай ауданы

Jambyl-Taraz. — 2024. — 8 наурыз

Жер емген қария

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

— «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз болуы қажет.

Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға

тиіспіз. Табанды еңбек — еліміздің бәсекеге қабілетін арттыратын басты формуланың бірі. Тіпті, бірегейі деуге болады.

Тараз қаласында Базарбай Шалдарбеков деген қария тұрады. Мен ол кісіні көп жылдан бері білемін, араласып тұрамыз. Еңбекқор қария зейнетке шықса да үйінде кейбіреулер сияқты қол қусырып босқа қарап отырмайды. Біраз жылдан бері үй маңындағы жеріне қызанақ, қияр, асқабақ, сәбіз тұрған жерді тазалап, жем-шөбін беріп күту де аз шаруа емес.

Бақшасын суару үшін Базекең жерасты суын пайдаланып жүр. Сол үшін есігінің алдына жер астынан су соратын арнайы құрылғы орнатып алған. Зиянкестерден қорғау үшін жеміс ағаштары мен көкөністерге дәрі шашып отырады. Ауладағы сияқты көкөністерді егіп, жеміс ағаштарын өсіруді кәдімгідей кәсіпке айналдырған. Одан бөлек мал қорасында бірер бас қой ұстап, семіртіп, қажет кезінде көжеқатыққа сойып алады. Әрине, мұның бәрі оңай шаруа емес. Бақшаны арамшөптерден тазартып отырудың өзі бірталай жұмыс. Оның үстіне өсімдіктер мен жеміс ағаштарын уақтылы суарып, жерін ерте көктемде көкөністер егуге дайындай бастайды. Кейбір көкөністерді үй жағдайында ұрығынан өсірігі алып, күн тұрақты жылынғанда даладағы жеріне отырғызады. Бұл әдіс олардан өнімді жазда ерте ала бастауға мүмкіндік береді.

Базекеңнің еңбекқорлығы арқасында отбасы көп нәрсені дүкеннен, базардан сатып алмай пайдаланады. Қазір баға шарқырап тұрған кезде бұл отбасы үшін жақсы көмек емес пе. Бірде Базекеңнің үйіне барғанымда еңселі алмұрт ағашының бұтақтарында алмұрт пен асқабақ бірге салбырап тұрғанын көріп таң қалғаным бар. Сөйтсем жерді тиімді пайдалану үшін асқабақ ұрығы алмұрт ағашына өте жақын егілген екен. Асқабақжоғары қарай да өсе беретін ұзын сабақты өсімдік болғандықтан, ағаштың бұтақтарына дейін көтеріліп барып, оларға оралып алыпты.

Базарбай қария тек бау-бақшамен ғана айналысып қоймай немерелеріне көңіл бөлуге де уақыт таба біледі, сабаққа дайындықтарын қадағалайды. Күнде үш немересін жеңіл автокөлігімен кезек-кезек мектепке тасиды.

Бағбан қария үй іргесінде жеміс-жидек және көкөніс өсіруден жалыққан емес. Қайта есік алдына шығып бір мезгіл бой жазып, қимылдан, тер шығарудан рахат тапқандай болады. ІІІындығында денсаулықтың бір ұшы еңбекте жатыр ғой. «Еңбек етсең ерінбсй, тояды қарның тіленбей» деп ұлы Абай айтқан ғой. Осы ұстанымды өмірлік қағида еткен Базарбай қария әлі тың, ширақ.

Өкінішке орай, көп адамдар үйлерінің маңындағы жерлерін тиімді пайдалануға көңіл бөле бермейді. Бұған соңғы жылдары облысымызда орын алған су тапшылығы мен арықтардың көп жерлерде бітеліп қалуы әсер еткен болар. Бірақ, үй маңындағы жерлерін бау-бақшаға айналдырғысы келетіндерге жер асты суын сорғы арқылы тартып, жер асты суын пайдалануға болады емес пе.

Базекең бір сөзінде:

Мен үшін жермен айналысу дағдылы іс. Өз қолыңмен өсіріген жеміс-жидектер мен көкөністердің дәміне не жетсін?! Өз еңбегіңнің жемісін көруден артық, не бар? Ала жаздай үй іргесіндегі уылжып піскен жеміс-жидекке, көк-сөкке қарық боламыз да жатамыз,- деген.

Оның бұл сөздерінің жөні бар деп ойлаймыз. Биылғы көктем де жақындап келеді, Базарбай қариядан үлгі алып, үй маңындағы жерді игеріп, тиімді пайдалануға көңіл болейік.

Сейітқасым Тәжбенов,

ардагер дәрігер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Тараз қаласының Құрметті ардагері.

Ғұмыр дария. — 2024. — 10 ақпан

Жамбыл тауының құпиясы қандай?

Әулиеата өңірі – қай кезде де тарихи тұлғаларымен, қасиетті мекендерімен танылған өлке. Әсіресе, Мойынқұм ауданы – тарихи орындарға бай құтты мекен. Мұнда Қазақ хандығының туы тігілген Хан тауы мен Жамбыл тауы өткен күннің өшпес ізіндей сыр шертіп тұр. Алайда осы Жамбыл тауы атауына байланысты ел ішінде аңыз да, ақиқатпен астасқан әңгіме де аз емес.

Ең әуелі Хан тауына тоқсалсақ, ертеде халық Керей мен Жәнібек сұлтанды ақ киізге көтеріп, осы Қозыбасында хан сайлаған. Көнекөз қариялардың айтуынша, Хан тауының үш биігі бар. Оның ең биік шоқысы – Сұңқар деп аталады. Одан кейінгі шоқылар – Көкшоқы және Қызылшоқы. Сонымен қатар Хан тауының далалық бетіне жақын орналасқан «Ханның үлкен тағы», «Ханның кіші тағы», «Ханның оры», «Ханның қорасы», «Ханның жолы», «Ханның өзені» деген де қасиетті мекендер бар.

Мойынқұм өңіріндегі Хан тауын Шыңxadғыс ханның үлкен ұлы Жошы хан мекендеген деген де дерек айтылды. Аңыз бойынша бұл өңір құландардың мекені болған деседі. Жошы ханның баласы сонда құлан аулап жүріп мерт болады. Мұны естіп қаһарланған хан құландарды түгел қырмақшы болған екен. Сөйтіп, құландарды қамаған жер «Хан қорасы», құландарды қырған ор «Ханның оры» аталып кеткен. Олардың сілемдері әлі күнге дейін сақталып жатыр.

Хан тауы дегенде, Жамбыл тауын да қоса атап өтпеу мүмкін емес. Жамбыл тауы Шу-Іле тауларының солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Көп жағдайда Жамбыл тауының тарихы жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың есімімен байланысты айтылады. Ақынның өзінің: «Шу өзенінің бойымен жүре берсеңіз, Хан және Жамбыл деген екі тауға кез боласыз. Менің әкем Жабай бір кезде осы тауларда көшіп-қонып жүрген. Жамбыл тауының етегінде, қақаған қатты боранды күні мен туыппын! Маған сол көне Жамбыл тауының есімі ат болып тағылыпты. Бұл 1846 жылы ақпан айы екен. Менің әкем Жабай шоқпыт шапанды көшпелі кедей адам болған», – деген естелігі бар. Жамбыл тауының түпкі жыныстары ашық, беткейлері тік, құлама болып келеді. Топырағы сұрғылт қоңыр, қиыршықты. Мұнда боз жусан, бұйырғын, баялыш, күйреуік көбірек өседі. Есте жоқ ескі заманнан ішіне сыр бүккен Жамбыл тауының тарихы тереңде жатыр. Жамбыл ақын:

«Көз аштым, сорғалаған қанды көрдім,

Қамыққан, қанды жасты жанды көрдім.

Ел көрдім – еңіреп босқан аңды көрдім,

Қойнында Алатаудың зарды көрдім»

немесе

«Қақаған қар аралас соғып боран,

Ел үрей, көк найзалы жау торыған.

Байғара, Жамбыл, Хан да мен туыппын,

Жамбыл деп қойылыпты атым сонан», – деп жырлайды. Бұл жолдар тарихтың шындығынан сыр шерткендей.

Жамбыл бабамыздың жоғарыдағы «Көз аштым, сорғалаған қанды көрдім» деген өлеңіндегі жайттың Қоқан хандығының қыспағы екенін түсіну қиын емес. Ал жергілікті азаматтардың айтуынша, сол Қоқанның қыспағына қарсы тұрған тұлғаның бірі – Ерназарұлы хан Жамбыл екен. Бұл кісі тарихта болған адам. Кезіңде Тәуке ханның жанында жүрген Есей бидің ұрпағы хан Жамбыл сол кезеңдерде осы маңайды билепті. Халық аузындағы аңыз бойынша Қоқан хандығының алым-салық жинауынан Байғара мен хан Жамбыл бас тартады. Ел аузында жыр алыбы жырға қосқан Жамбыл, Байғара тауларының осы кісілердің атымен тікелей байланысты екен деген де әңгіме тарихта бар. Сөйтіп, қыспақтан халықты құтқаруға асыққан Байғара мен хан Жамбыл тағдырдың тәлxadкегіне түседі. Ал хан Жамбыл ұрпақтарыxadның бірі Көшербек Жұманқұлов та бабасы жайлы біраз жайды әңгімеледі. Бұл кісі кейінxadнен тағдырдың жазуымен хан Жамxadбылxadдың Шу бойынан, Мойынқұм далаxadсынан өз еліне оралғанын айтады. Жаз мезxadгілінде баба салтымен тау жайлап, қыста Талас бойына көшіп, бейбіт ғұмыр кешкен екен. Талас бойындағы Жаңақорған қалашығын салдырғаны да тағылымды әңгіме.

Хан Жамбыл – Жамбыл жыраудан бұрын өмір сүрген адам. Ел аузында Жамxadбыл тауының тарихына қатысты осы екі тұлғаның есімі қатар аталады. Яғни, көxadнеxadкөз қариялардан жеткен әңгімелер бойынша хан Жамбыл осы жерді мекендеген болса, ақын Жамбыл осында дүние есігін ашқан. Бірақ Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, тарихшы Жапар Тілеужанұлы Жамбыл тауына қатысты мүлде өзгеше пікір білдірді. Ол кісі бала күнінде әкесі Тілеужанмен бірге Жамбыл тауына барғанын, сондағы әкесінен естіген әңгімесін бізге айтып берді. «Жамбылдың әкесі Жабай, атасы Ыстыбай «Қоқан ханынан, Жетісуды билеген Құдиярбектен құтылар бір ғана жол бар. Ол – Сарыарқаxadдағы ағайындарға жету», – деп жасақ дайындап, әулетімен осы Хан жолымен Арқаға бірнеше түйеге жүк артып, үдере көшкен екен», – дейді. Сонымен қатар тарихшы Жапар Тілеужанұлы әке мен бала арасындағы әңгімені тағы былайша өрбітеді. «Сол қол жағыңдағы ана биікке қара», – деді. Қарасам, тау үстінде жалғыз шоқы тұр. Әкей маған: «Бұл шоқыны қазір «Бүркіт шоқысы» дейміз. Мұнда бүркіттер ұя салады. Бірақ мықты қырандар емес. Ілгеріде, дәл осы шоқының басына «Жамбы» іліп қойып батыр жігіттер бәс тігіп, садақ атқан. Кім әлгі жамбыны атып түсірсе, сол жігіт тайтұяқ алтын ұтып, атағы шыққан. Сондықтан да жыр алыбы Жамбыл бабамыз туғанға дейін бұл тау «Жамбы» тауы деп аталған. Оны сендер білесіңдер ме?» – деп қария әкесінен естіген әңгімесін бөлісті. Жапар Тілеужанxadұлы бұл дерегін кезінде Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы болған атақты ақын Тайыр Жароковтың да Жамбыл тауының ілгеріде Жамбы тауы деп аталғанын жазғанымен растай түседі. Бұл қисынға сенсек, Жамбыл жырау дүниеге келмей тұрғанда бұл тау Жамбы аталған.

Бүгінде бізге көненің сөзі, тарихтың өзі сияқты әсер қалдырады. Өзі де қариялық жасқа жеткен Жапар Тілеужанұлы бұл мәселе төңірегінде әкесі айтқан тағы бір әңгімені еске салады. «Ол кезде мына тораңғылар болмаған, өспеген» деп айтатын бұрынғы аталарымыз. Осы қуысқа түйені айналдыра шөгеріп, ортасына ықтырма күрке тігіпті. Ықтырма күркені айнала қоршаған жеті түйенің буы ықтырма күркеге жылу беріп, боран суығын өткізбегендіктен, жас ана Ұлдан баланы қиындықсыз өмірге әкелген. Жабай батыр бастаған топ боран басылған соң да жас босанған ана мен сәбидің қамы үшін үй тігіп, әлгі жерге бірнеше күн аялдапты. Сол күндердің бірінде әулет қариясы Жабайға «Мына Жамбы тауының қасиеті бізді де, жас босанған ана мен баланы да аман сақтады. Бұл – киелі жер. Ұлдан келін дәл осы асудың бұрылысына келгенде толғатпаса, асудан асып, мұнда келмес едік. Бұл да қисынын келтірген Алланың, осы киелі таудың шарапаты. Сондықтан сәбидің есімін Жамбы қойса дұрыс болар еді» деген әке әңгімесін сабақтайды. Сөйтіп, жаңа туған нәрестенің есімі Жамбы емес, Жамбыл болғанын, оның кейінгі әйгілі Жамбыл жырау атанғанын айтады.

Тағы бір деректерге сүйенсек, Жамбыл тауының етегін «жамбы» аталатын шөп жайлап өскен. Бұл шөптің ерекше емдік қасиеті туралы үлкендер көп айтады. Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың есімі осы ерекше қасиетке ие жамбы шөбіне қатысты қойылған деген де аңыз бар.

Әрине, аңыз бен ақиқаттың аражігін ажырату күрделі нәрсе. Сондықтан Жамбыл тауының атауы да, жаратылысы да әлі талай зерттеуді қажет етеді. Кейінгі жылxadдары осы Жамбыл тауының бөктерлерінде архологтер қазба жұмыстарын жүргізіп, түрлі зерттеу экспедициясын ұйымдастырып жатқандығы айтылуда. Біреулер бұны тарихи қазба жұмыстары десе, енді екінxadшілер Жамбыл тауының етегінен алтынның мол қоры табылыпты деседі. Алайда бұған қатысты билік өкілдері әлі күнге ресми ақпар берген жоқ. Сондықтан бір байлам жасау қиын. Қандай археологиялық зерттеулер жүргізіліп жатса да, бұл сеңнің қозғалғанын көрсетеді. Бәлкім, бірер жылдың бедерінде осы зерттеулер Жамбыл тауы атауының шығу тарихының құпиясын да ашып қалар…

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы

Aiqyn. — 2023. — 6 қаңтар