Мойынқұмда ауылым

Мойынқұмда ауылым

Кең-байтақ қазақ даласының әр аймағының әлі де ашылмаған сыры бар, әрбір өңірінің өзіндік орны да бар. Осыншама жерді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен кеудесін оққа тосып қорғаған бабалардың рух күшіне қалай риза болмайсың! 

Жамбыл облысы аумағының қырық екі пайызын алып жатқан Мойынқұм туралы айтқанда да талай орнықты ойға қаласың.

Жерінің асты да, үсті де қазына байлыққа толы осы алып ауданның атағы алысқа кеткен десек те артық емес. Мұнда жыр алыбы – Жамбыл бабамыз дүниеге келген, қос жұлдызды Жазылбек Қуанышбаев ерен еңбек еткен, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков туып-өскен. Ол әрі алғашқы қазақ хандығына алтын бесік болған.

Сонымен бірге, тұщы судың үлкен қоры да Мойынқұм жерінің астында жатқанын екінің бірі білмеуі мүмкін. Көпшілікке белгілі, тұщы су араб елдерінде алтынмен бағаланатынын ескерсек, осы шөл дала деп жүрген жеріміздің жарқын келешегі әлі де алда екені даусыз.

Ауданды кесіп өтіп жатқан электрлендірілген Шу – Мойынты екі қатарлы теміржолы, Хантау, Мыңарал бекетіндегі екі бірдей цемент зауыты да игілікті арттырады деп білеміз.

Ал аң-құсы туралы сөз қозғайтын болсақ, өзінше бір үлкен еңбек жазуға да болар еді. Мәселен, мұнда ақбөкен, арқар, қарақұйрық, қоян, қабан, елік, қырғауыл, дуадақ, үйрек, қаз және балықтың сан түрі бар. Сондай-ақ әлемде екі-үш жерде ғана кездесетін торан­ғы талы және сексеуіл өседі. Оларды қорғай білсек – ұрпақтан- ұрпаққа қалар жер байлығы, табиғат сыйлығы.

Сексеуіл дегеннен шығады, атақты Кенесары ханның әскерінің қысқа қарай Шу өзенінің бойына жылжуында да мән бар. Оларға Мойынқұмның сексеуілі мен баялышының үлкен қажеттілігі болған шығар деген де ойға қаласың. Керей мен Жәнібек үшін, алғашқы қазақ әскері үшін де осындағы сексеуіл мен тораңғы, баялыш қысы-жазы таптырмас өте қажет отын болғанын да ешкім жоққа шығара алмас. Бұл қажеттілік әлі де жалғасуда. Себебі, сексеуіл құм көшкініне жол бермей, ұстап тұрады. Сондай-ақ оның шоғына пісірілген кәуаптың дәмін, тіл үйірер тәттілігін ешкім жоққа шығара алмайды деп ойлаймыз. Жарықтық сексеуіл түтінінің хош иісі мұрынды жарады емес пе! Бұл да мойынқұмдық әр азаматтың елге деген сағыныш сезімін оятатыны анық…

Хантауындағы Қызылқайнар, Түлкібай сайын аралап, Сұңқардың биігіне шығып көрсеңіз, 25-30 шақырым аймақ көз алдыңызда анық жарқырап көрінеді. Ертеде бұл стратегиялық маңызға ие болған, яғни жаугершілік заманда, дұшпанмен айқаста көп көмегін тигізген. Кейіннен Қызылқайнардағы Аңырақай шайқасына арналып қойылған тас белгі де осыны айқындап тұр ғой.

Сол Қызылқайнардың жерасты суы әлі тоқтамай ағып тұр. Өкінішке қарай, дәл осы көпке қажетті бұлақтың маңы заман талабына сай, белгілі бір жөндеуді күтуде. Тағы да бір айта кетер жай, дәл осы маңайға, Шу – Мойынты теміржолы мен Жамбыл – Карағанды – Нұрсұлтан тас­жолы бойының қиылысар тұсына «Қазақ елі» деп пе, басқалай атап па, монумент-белгі қойылса, бұл бар қазаққа қуаныш әрі азаттық пен тәуелсіздік үшін шайқасқан батырлардың аруағына бас игеніміз болар еді.

Аталарымыз айтқандай, «елдің атын ер шығарады». Мойынқұмда да оны дамытуға, көркейтуге еңбек еткен азамат көп болған. Жоғарыда айтылған малшылардың «маршалы» Жазылбек Куанышбаевтың, осы ауданды 25 жылдан аса басқарған Айтбай Назарбековтің де өмірі өнеге, олардың аудан тарихында қайталанбас тұлға болып қалғаны елге аян. Сондай-ақ бұл күнде жасы 96-ға келген, Жамбыл облысы көлемінде партия кеңес-органдарында қызмет істеген, Хантауының Қотыр қыстауында дүниеге келген Тұрсынбала Абдраманова анамыздың есімін мақтанышпен атаймыз. Жасы келгеніне қарамастан, Тұрсынбала апамыз әлі де ауыл, ел жаңалығына елеңдеп отырады. Сол кісінің жолын жалғастырып жүрген педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ботагүл Тұрғымбаева деген жерлесіміз де бар. Иә, тізе берсек талай азаматтардың есімін, өмірін үлгі ретінде ұрпақ үшін көрсетуге болар еді.

Осы орайда тағы бір қосарым, бүгінде түгел мойынқұмдық жігіттерден тұратын әйгілі «Тараз» триосы туралы қалай айтпаймыз. Ондағы Асылхан Шүңіреков, Ержан Ыдырысов, Ноян Сейділдаев – нағыз өнер иелері.

Әр қазақтың азаматы өзінің кіндік қаны тамған жерін ешқашан ұмыта қоймас деп ойлаймын. Біз сыртта жүрсек те, ауданымызды, ел жаңалығын аңсап, әрдайым құлақ түреміз. Әрі онда өтіп жатқан барлық үлкен іс-шараға үлесімізді қосып келеміз.

Жақын арада Алматыдағы мойынқұмдықтар «Мойынқұмда ауылым» атты кеш өткізуді жоспарлап отыр. Онда туған жерімізге қатысты бірқатар мәселелерді ортаға салмақшымыз.

Халық бірлігі, татулық тәуелсіз мемлекетіміз – Қазақстанның негізі екені даусыз. Мақсат – жас ұрпаққа жол көрсету, ел ынтымағын сақтау, салт-дәстүрімізді жалғастыру.

Иә, Мойынқұм жері, елі – осы аймақтан түлеп ұшқан азаматтар үшін үлкен мақтаныш. Ол біздің қасиетті қара шаңырағымыз!

Бейсенбай Жаңбырбаев

Айқын. – 2019. – 17 тамыз 


 
 

Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет / Аягүл Төреқызы Миразова

Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет / Аягүл Төреқызы Миразова

Өмірде  мамандықтың түрі көп. Әр мамандықтың өзіндік ерекшелігі бар. Дәрігер адамдарды емдесе, мұғалім оларды оқытады, әнші ән айтады, құрылысшы үй салса, тігінші киім тігеді. Тағы басқа да мамандықтар туралы айта беруге болады.

   Адамдар мамандықты жүрегінің қалауы бойынша таңдауы керек. Өйткені, әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына тікелей байланысты. Өз ісін жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен атқарғанда ғана адам өзін бақытты сезінеді екен. Ұстаз – таудан арқырай аққан тау өзені секілді, айналасына қуат беріп, жолында кездескендерді суымен нәрлендіріп, таудай қиындықтарды тастай домалатып, білімнің сар даласында тыныштық тауып, дамылдайды. Ұстаз – Жер деген әлемнің бетін көркейткен, шәкірттеріне шуақ төккен Күн-Ана. Ұстаз – ақылдың тозбайтұғын асылы. Қасиетті мамандық иелерінің ішіндегі жауһары. Өзге мамандық атаулылары өздерінің түр-сипатын мың құбылтып жатса да, еш өзгеріссіз сол бәз баяғы қалпында жас ұрпаққа адамгершілік қасиеттердің дәнін еккен диқаншы.

Ұстаз болу адам бойындағы ұлы қасиеттердің бірі. Ендеше осынау үлкен ұғымдағы ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, бар саналы ғұмырын осы салаға арнаған , Қазақстанның Еңбек ері, «Алтын жұлдыз» медалі  мен «Отан» орденінің иегері, Алматы қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназияның директоры Аягүл Төреқызы Миразова апайымыздың бойынан осы қасиеттердің бәрі танылады. Ұстазға қандай мақтау, мадақ айтсақ та артықтық етпейді.

Ақ жүрекпен сезіп «Ұстаз бақытын»,

Шәкіртімен өткен барлық ғұмыры.

Сізге арнаймыз тілектің ең жақұтын,

Даңқыңыздың биік болсын тұғыры, –

деп, шын жүректен тілек тілейміз Аягүл Төреқызына.

Әл-Фараби: «Ұстаз… Жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ер жүрек болуы керек»,-деген. Осы Әл-Фараби атамыз «ұстаздар қандай болу керек?» деген тұжырымынан біз Аягүл Төреқызының бейнесін көреміз. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаз – Аягүл Төреқызының еңбегі зор. Сондықтан да Аягүл апайдың жарқын бейнесі әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.

Ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы былай деген: “Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз”.Ендеше өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстазымыз Аягүл апайымыздың жөні де, жолы да бөлек. “Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға” деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбегінің жанғаны күн–түн демей ел баласы үшін төккен терінің арқасы екендігін баршамыз мойындаймыз.
Мемлекет басшысы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің  жыл сайынғы халыққа Жолдауына ел көлеміндегі ең басты, өзекті мәселелердің бірі — қоғамдағы мұғалімдер мәртебесін айқындау. « Келесі жылы «Педагогтардың мәртебесі туралы» заң әзірлеп қабылдау қажет деп санаймын. Бәрі мектептен басталады. Отбасынан кейінгі тәрбие мектепте қалыптасады. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген қанатты сөздің аясында осы ұлық тәрбиенің бәрі тұнып тұр. Мұғалім – қоғамның тамыршысы, бағыт-бағдар беруші адам, ұлы тұлға. Әлі күнге дейін мұғалім көрсек именіп тұра­тынымыз, мектеп табалдырығын аттаған сайын сол бала күнгідей ерекше көңіл-күйді, толқуды бастан кешетініміз содан. Мектеп – ұлт рухын тербеп тұрған киелі бесік. Мектеп – алтын ұя. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің». Отбасынан, мектеп­тен алған тәрбие, тағылым бұл сіздің өмірі­ңізге берілген ең алғашқы жолдама, рухани талшық. Педагогикадан арнайы оқулық жазған Алаштың күн келбетті көркем ақыны, ардағы Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздікі» деп тегін айтпаса керек. Біз бүгінде мұғалім, ұстаз атына сол сөз биігінен қарауымыз керек». Елбасының сөзі ойымызға зор серпін, қуат береді. Мұғалім озық ойдың адамы. Ол ұлттық құндылықтардың қадірлеушісі, бардың бағасын, жоқтың қадірін білетін адам.
Алаштың арман қаласы Алматыда да сол ұлттық құндылықтарды бағалаушы мұға­лім­дердің бірі – Аягүл Төреқызы Миразова. Ұстаздықтың осы қасиетті міндетін терең сезінгенде ғана ұлт ұпайы түгел болады. Ұлы Баукең Бауыржан Момышұлы «Ұстаз­дық ұлық емес, ұлы қызмет» деп бекер айтпаса керек. Сондықтан Елбасы Жолдауында айтылғандай, осынау ұлы қызмет иелерінің мәртебесі әрқашан да биік, орны төрде болу керек.

Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, Алматы қаласының Құрметті азаматы, Қазақ педагогика саласындағы Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері – Аягүл Төреқызы Миразова өзінің бір сұхбатында ұстаздар қауымы туралы былай дейді: «Ұстаздар шығармашыл, ізденімпаз болса, шәкірттерге деген ілтипаты мен берері мол болса, бұл оқушылардың бақыты. Балалардың арасында жүріп, олардың қуанышы мен жеткен жетістіктеріне куә болу, соған үлес қосу – ұстаздардың бақыты. Әрбір оқу жылының өз міндеттері мен талаптары болады. Мектеп табалдырығын жаңадан аттаған балаларға бірінші кезекте отансүйгіштік қасиетті сіңіруіміз қажет. Мектептің жақсылығы, нәтижелі болуы -ол ұстаздар қауымына тікелей байланысты. Оқушылардың мектепке күліп кіріп, күліп шығуы – ұстаздар жетістігінің айқын көрінісі. Сондықтан, бүгін мектепке келген балалар мен олардың ата-аналарына мектеп талаптарын түсіндіріп, баланың білімді және тәрбиелі болуына күш салуымыз керек. Бұл – үлкен жұмыс. Қазір ата-аналар балаларын үйлерінің қасындағы мектепке бере салмайды. Таңдайды. Алыстығына қарамай жақсы мектепке бергісі келеді. Бұл ата-ананың бүгінгі таңда баласының біліміне, болашағына бей-жай қарамағандығы. Ата-аналарға да артылар жауапкершілік үлкен. Біздің Отанымыз – Қазақстан. Бізде басқа Отан жоқ. Болашақ жастардың қолына. Сондықтан, Отанын сүйетін, еліне қызмет ететін, ата-анасын әлпештейтін, ұстазын сыйлайтын азаматтарды тәрбиелеп өсірсек, бұл міндетіміздің орындалғаны. Ұстаздардың жүгі жеңіл емес. Ұстаз ретінде әріптестеріме денсаулық тілеймін. Еңбектері жансын! Сол еңбектерінің рахатын көрсін! Беделімізді жоғалтпайық!

Ұстаз деген ұлы атқа қай заманда да сай болайық!»

Кейінгі жас ұстаздар сіздің жасаған еңбегіңізді үлгі тұтып, сіздің бойыңызға дарытқан қасиеттеріңізді өз бойына дарытуға талпынып, алға ұмтылса, Қазақ елінің болашағы жарқын болады деп сенемін. Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып,  шәкірт жүрегіне гүл егіп, бала жанының бағбаны аяулы ұстаздардың мәртебесі арта берсін! Иә, ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақындар да, тегеуріне темір балқытқан жұмысшы да, егін еккен дихан да, мал бағып терін төккен шопан да бәрі-бәрі ұстаздан білім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаз Аягүл Төреқызының да қаншама маман иесін тәрбиелеп, қаншама елдің саналы азаматтарын, дара тұлғаларын өсіріп, елге қомақты үлес қосып келе жатқаны жанымызға қуаныш, бақыт сезімін ұялатады. Бүкіл тәрбиелеп өсірген шәкірттері құрметпен бас иеді ұлы ұстазға! Мәртебеңіз арта берсін, Аягүл Төреқызы!

Жұмагұлова Тамара Маликовна

Сөз өнері. — 2019. — ақпан (№2)

 


 
 

Қазақстанның Еңбек Ері – Мұқаш Ескендіров

Қазақстанның Еңбек Ері – Мұқаш Ескендіров

 

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары. Тәуелсіздік алғанмен, тәуменділіктен әлі арыла қоймаған кез. Бұрынғы он бес республиканы бір-біріне байлап, матап тастаған кеңестік саясаттың экономикалық құрсауы быт-шыт болып, өздері де, өнімдері де ешкімге керексіз болып қалған. Зауыт, фабрикалардың жұмыстары тоқырып, тоқтаған.

Жамбыл облысының өнеркәсібін жалғыз дара сүйреп келе жатқан Жаңа Жамбыл Фосфор Зауытының басына да бұлт үйірілген. Қысқарды, ұсақ-түйек сауда-саттыққа кетті дегендей, өңірімізде енді қалыптаса бастаған жас жұмысшы табы – қазақтар қырғи кеп шүйліккен қаздың тобындай көз алдымызда тоз-тоз бола бастаған. Зауыттарыңа ие боламыз, қыруар қаржы саламыз, сөйтіп көсегелеріңді көгертеміз деп кеудесін ұрып келгендер де кері кеткен істі қалпына келтіре алмады. Қайта істің ыңғайын білетін мамандарды жұмыстарынан шеттетті.

Міне, осындай қиын-қыстау кезде зауыттың екі тізгін, бір шылбыры Мұқашқа тапсырылды. Мұқаш Зұлқарнайұлы еңбек жолын осы зауытта бастаған. Сонау 1982 жылы Шымкенттегі химия-технологиялық институтын бітірген заматта Жамбылдағы химия зауытына ауысым шебері болып жұмысқа тұрған. Зауыт құрылысының екінші кезеңінің екпінді құрылысы жүріп жатыр екен, жас маман бірден еңбекқорлығымен көзге түсті. Сол аянбай төккен тердің арқасында 10-15 жыл ішінде ауысым шеберінен цех бастығы, зауыт партия комитетінің хатшысы, директордың сыртқы экономикалық қызмет жөніндегі орынбасары деген қызметтік жолдан өтті. 1996 жылы басшылыққа шетелдік компания өкілдері келіп, білікті мамандардың барлығын жұмыстан шығарып жіберген сорақылықты да өз көзімен көрді. Жұмыс тоқтады. Жалақыларын айлап, жылдап ала алмаған Қаратау, Жаңатас кеншілері ереуілге де шықты.

Ақыры инвесторлар кетіп тынды. Мұқашты 1998 жылы еңбек жолын бастаған ұшқан ұясына басшылық қызметке шақырды. Қаусағалы тұрған дүниені қайта құрастырғанмен бірдей қиын жұмыс еді бұл. Өйткені бір-екі жылдың ішінде ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен алып өндіріс орнын қайта қалпына келтіріп, ырғақты жұмыстың құлақ күйін табу оңай шаруа емес болатын. Тоқырау Қазақстанда, оның бір пұшпағы – Жамбылда ғана емес, бұрынғы Кеңес одағынан бөлініп шыққан өзге мемлекеттердің де «бас ауруына» айналған. Ал Жамбыл химияшыларының өнімін сатып алатын солар еді, сондықтан қаржысы жоқ олармен байланыс үзілген екен. Бірақ Мұқаш Зұлқарнайұлы бір кездері зауыттың сыртқы экономикалық қызмет саласына жетекшілік еткен тәжірибесіне сүйенді. «Ескі достарымен» келіссөздер жүргізді. Экономикалық байланысты жаңғыртып, оның керегесін қайтадан нығайтты. Ұзын сөздің қысқасы, зауытты төрт аяғынан тік тұрғызып, бұрынғы орнына қойды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың білікті саясатының арқасында орнықты инвесторлармен келісіп, бірнеше зауыттың басын қосып «Қазфосфат» компаниясы құрылған кезде химияшылардың жолы бұрынғыдан да жарқырап ашыла түсті.

– Біздің өнімдеріміз экспортқа негізделген. Еуразиялық экономикалық одақтың пайдасы біз үшін өте зор. Бірақ бәсекелестеріміз де көп. Қытай, Вьетнам, Үндістан, Ресейде үлкен бәсекелес компаниялар бар. Дегенмен, өнімімізге сұраныс бар. Өнімдеріміздің 94 процентін Үндістан, Еуропа, ТМД және басқа мемлекеттерге сатамыз. Әйтеуір, жерде қалып жатқаны жоқ. Әлемнің 33 еліне экспортталады.
«Қазфосфат» құрылған 14 жылдың ішінде 380 миллиардтан астам теңгенің тауарын өндіріп, Қазақстанның химия өнеркәсібіндегі көшбасшы компанияға айналдық. Өндіріске осы мерзімде 46,5 миллиард теңге инвестиция құйдық.

Бұл – Мұқаштың сөзі.

Мұқаштың өзін де, сөзін де жамбылдықтар жақсы біледі. Жамбылдықтар ғана емес, республика халқы, одан ары өзінің шетелдердегі әріптестері де бағалап, қадірлейді. Құрмет тұтады. Оңтүстік Қазақстан облысындағы қарапайым ауылдағы қарапайым отбасында дүние келіп, білімін Жамбыл өңірінде жалғастырып және осында қалып еңбек еткен Мұқаш бүгінде сол еңбектің ең үлкен жетістігіне жетіп, жемісін көріп отыр. Күні кеше ғана Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен еліміздің ең жоғарғы наградаларының бірі – Еңбек Ері атағымен марапатталды. Оны Елбасы өз қолымен тапсырды. Міне, еңбекке көрсетілген лайықты құрмет. Халқымыздың «Еңбек етсең – емерсің!» деген сөзі де осындайда айтылса керек. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ел Тәуелсіздігінің 24 жылдығына арналған салтанатты жиында мұны ерекше сезіммен толқып тұрып айтты.

Шынында, сонау кеңес өкіметі дәуірінен бері мұндай зор атаққа өңірімізден ешкім ие болмапты. «Игі істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, облысқа Кәрім Нәсбекұлы әкім болып тағайындалғалы бері көптеген игі істер қолға алынып, бұқараны «Бәрекелді!» дегізетін көптеген әлеуметтік жаңа нысандар бой көтеріп, жаңа кәсіпорындар өндіріске кірісіп, жолдар төселіп жатыр. Қазақ хандығының 550 жылдық ұлы тойы да облыс әкімінің ұйымдастыруымен дүркіреп өтіп, Елбасының ризашылығын туғызды. Енді, міне, еліміздегі ең ұлық мереке – Тәуелсіздік күні осы өңірдің өсуі мен өркендеуіне елеулі үлес қосып, өнімдерін шетелдерге сатып, облыс қазынасына қомақты қаржы құйып отырған зауыт басшысы Мұқаш Зұлқарнайұлы Ескендіров Еңбек Ері атағымен марапатталып отыр.

«Қуаныш – бөліссе көбейеді» дейді халқымыз. Елімізде қуаныш көбейсін! Сол қуаныштарды шын пейілімізбен бөлісе білуді де үйренейік, әлеумет!

 Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

Тараз қаласы

                                                                                                                                                                                     Ақ жол. – 2015. —  19 желтоқсан. – 4 б.

Қаратаудың қыраны (Қоғам қайраткері Қарымбай Қошмамбетовтің туғанына 120 жыл)

Қаратаудың қыраны (Қоғам қайраткері Қарымбай Қошмамбетовтің туғанына 120 жыл)

        Кешегі нар тұлғалы ата-бабаларымызға тарихтың дауылды толқынында, тар жол, тайғақ кешуде ел жүгін арқалап, аянбай еңбек етуге тура келгені өткен күндер шежіресінен белгілі. Капиталистік қоғамнан социалистік қоғамға өткен аласапыран бұлғақ заманда өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай, қиыннан қисын тауып, ел жұртының амандығын сақтау қара нардай күші бар, әдіс айлалы ісі бар азаматтардың ғана қолынан келгенін ешкім жоққа шығара алмас. Солардың бірі, бұрынғы Түркістан генерал-губернаторлығына жататын Сырдария облысы, Әулиеата уезі, Қарабастау болысына қарайтын Билікөлдің батыс жағалауында дүниеге келген Қарымбай Қошмамбетовтің биыл өмірге келгеніне 120 жыл толып отыр.

Алашорда басшыларының бірі Ә. Бөкейханов «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, тектен, мінезден» – депті. Демек тектілік – ұлы қасиет. Тектіліктің түп-тамыры – имандылық, тұғыры – ұлттық сана, тірегі – адамшылық қасиеттер десек, бұдан зиялылық туындайды. Қарымбай Қошмамбетұлы текті жерден шыққан зиялы азамат екендігін дәлелдеген жан. Оның бүкіл өмірі ғибратқа толы.

Әкесі Қошмамбеттің өзінше сауаттылығы және орта деңгейлі шаруашылығының болуы жас Қарымбайды оқытуға сеп болды. Жастайынан қазақ батырларының ерлігімен, билерінің даналығымен, ақын-жырауларының тапқырлығымен сусындаған Қарымбай бала бүркіттей қомданып ер жетті. Әрі аталары Баян мен Қатпа батырлардың жанкештілігі, өз заманының ауыздыға сөз бермес мықтысы Балта ақынның тапқырлығы да өз кезегінде Қарымбайдың тастүлектей түлеуіне айтарлықтай себеп болды.

«Ата көрген оқ жанар» демекші, жас Қарымбай досына адал, дұшпанына қатал, алдына қойған мақсатына жету жолында ештеңеден тайынбайтын өжет азамат болып өсті. «Арманнан мақсат, мақсаттан әрекет, әрекеттен берекет туады» дейді дана қазақ. Ол осы арман мен мақсатын, әрекеті мен берекетін халқына арнады. Зерек, ұғымтал, өткірлігімен көзге түскен жас бала туралы ауыл-аймақ, ағайын-жұрт құлақтана бастайды. Көршілес қоныстанып отырған атақты Байелі бай Қошмамбеттің үйінде түстеніп отырып бала Қарымбайдың зеректігіне риза болып, оның ауыл молдасынан алған білімін жоғары оқу орнында жетілдіруіне қолұшын созып, болашақ партия, мемлекет қайраткерінің қалыптасуына ықпал еткен екен.

…Қарымбай Қошмамбетұлы 1914-1917 жылдар аралығында Әулиеатадағы орыс-бұратана мектебін үздік бағамен бітіреді. Күндіз оқып, кешке жүн өңдеу фабрикасында жұмыс істеген оның уақыт өткен сайын саяси-әлеуметтік әділетсіздіктерді көріп, революциялық көзқарасы қалыптасады. Тұрар Рысқұлов, Қабылбек Сарымолдаұлы сияқты кемеңгерлермен жолдас болып 1917 жылы ақпан буржуазиялық революциясынан кейін Әулиеатада құрылған «Қазақ жастарының революциялық одағына» мүше әрі оның белсендісі болады. Жергілікті халық өкілдерінен мұсылмандар кеңесін құру жөніндегі хатшысы болып сайланады және бұл ұйымды уездік кеңеске қосуға көп еңбек сіңіреді. 1917 жылы орнаған Кеңес үкіметінің Әулиеатадағы белсендісі ретінде есте қалады. Уездік атқару комитеті төрағасының әкімшілік жөніндегі орынбасары, 1921 жылдан бастап милиция, төтенше комиссия органдарына басшылық жасайды. Әулиеатада қызыл әскер ротасын құруға және оған қазақтарды көптеп тартуға ықпал етеді. Сол сияқты мұсылмандар ротасын, 4-ші Әулиеата полкін құрады. Оларды азық-түлік, мініс көліктермен қамтамасыз етуді ұйымдастырады. 1922 жылы халық арасында танымал болған Қарымбай Әулиеата уездік атқару комитетінің төрағасы болып сайланды.

Қарымбайдың революция­лық қызметіне қоса өнерге де бейім екенін, кезінде ақындықпен айналысқанын, оның ішінде суырып салма ақын ретінде талай-талай өнер сайысына қатысып жүлдегер, жеңімпаз атанғанын және халық әндерін құйқылжыта орындайтын әнші екенін екінің бірі біле бермейді. Оның 1919 жылы Әулиеата қаласының Төрткүл көшесіндегі Ақыбай Қалымбетов деген кісінің үйінде Пісте есімді ақын келіншекпен айтысы бұл сөзіміздің айқын дәлелі. Ол жыр додасы туралы кеңінен әңгімелеуге болады.

…Ол ашыққан халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету, қоғамдық асханалар, балалар үйі мен интернаттар ашуды ұйымдастырды. Ашыққан халықты аман сақтап қалу үшін қолдағы бар мүмкіншілікті жасаған ол халыққа білім беру, кеңестік құрылысты дамыту, іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізуді ұйымдастыруда да белсенділік танытқан. 1923 жылы Түркістан компартиясы Сырдария облыстық комитеті Қарымбайды Қазалы уездік қалалық партия комитетіне жауапты хатшы етіп сайлайды. Ол жерде жергілікті партия ұйымдарының, Қосшы одағының жұмысын жандандыруда және қазақ жастарын партия, кеңес жұмыстарына тартуда көп еңбек сіңіреді. 1924 жылы Түркістан өлкелік атқару комитетіне мүшелікке сайланады.

Қ. Қошмамбетұлы 1926-1928 жылдары Қазақ АКСР-нің Орал губерниясы Совет атқару комитетінің төрағасы болып қызмет істейді. Қазіргі Орал, Атырау, Ақтөбе облыстарының экономикасы мен мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосады. 1927 жылы советтердің IV жалпықазақстандық съезінде Қазақ АКСР орталық атқару комитетіне мүшелікке кандидат, ал 1928 жылы мүшесі болып сайланады.1928 жылдың ақпанында республикалық жоспарлау комиссиясы төрағасының орынбасары, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру кезінде Іле аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына жіберілді. Осындай тынымсыз, демалыссыз күндердің бірінде қатты суықта Алматы ауруханасына түсіп, дерті дендеп 1930 жылдың 9 қарашасында бұл фәниден өтті.

Бар болғаны 33 жыл ғана өмір сүрген ол ел үшін қаншама жұмыс атқарған десеңізші. Революция, азамат соғысы, жергілікті ұлт өкілдерінен партия, кеңес жұмыстарына кадр дайындау, аш халықты тойындыру, жетім балалар үйін ашу, сауатсыздықпен күрес, қазақ тілінде іс жүргізу, жер-су реформасына қатысу, қазақтардан әскери құрам құру, милиция жұмысын жандандыру, «Қосшы одағына» басшылық, ұжымдастыру және тағы басқа көптеген игі істердің ұйымдастырушысы болды. Ардақты азаматтың осы қысқа ғұмырында аямай халқы үшін жанкешті жұмыс жасауы кейінгі біздерді толғандырмай қоймайды.

«Тірі өледі жер қойнауына жатады, ізі қалады – болса жақсы атағы» деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, Қарымбайдың ізгілікті ісі бүгінгі және болашақ ұрпаққа үлгі болып қала бермек. Қарымбай Қошмамбетұлы аты Алматы облысы Қарасай ауданындағы, Жуалы ауданындағы мектептерге беріліп, 1957 жылы қазіргі Тараз қаласының орталық саябағында мүсіні қойылды. Мұхамеджан Тынышбаев, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Сейітқазы Меңдешев сияқты азаматтармен сыйлас, сырлас болған Қарымбай Қошмамбетұлын жаңадан жазылған «Қазақстан тарихы» оқулығына енгізсек деген ұсыныс бар.

Қарымбай атамыздың Әнуар, Мұрат есімді екі перзентінен бүгінде саналы ұрпақ тарап, ел игілігі жолында аянбай қызмет етуде.

  Әмірхан Мырзайұлы

Ақ жол. — 2017. — 4 ақпан


 
 

Қаһарман комбат. Генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев

Қаһарман комбат. Генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев

Тәуелсіз Қазақ елінің өз батырларын марапаттайтын «Халық Қаһарманы» атағы 1993 жылы заңмен бекітілді. Мәртебелі мұндай атаққа ие болған өнер, мәдениет, қорғаныс саласында жүрген тұлғалы азаматтарымыз жетерлік. Солардың арасында қан майданда ерліктің ерен үлгісін көрсеткен ағаларымыз да аз емес және олардың орны ерекше. Солардың қатарында Қасым Қайсенов, Рақымжан Қошқарбаев, Сағадат Нұрмағамбетов және тағы басқаларды атауымызға болады. Бұл ардагерлер Ұлы Отан соғысының батырлары. Ал КСРО тұсында 10 жылға созылған Ауған соғысы ардагерлері арасынан «Халық Қаһарманы» атағын алған адам біреу ғана, ол – генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев.

 

Бақытжан Ертаев – батыр Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған Жамбыл облысы Жуалы ауданының перзенті. Осы ауданға қарасты Кеңес ауылын­да 1952 жылы 25 маусымда дүниеге келген. Батыр Баукеңнің ерліктерін естігенде барлық баланың сондай батыр болғысы келетіні айдан анық. Ендеше, бала Бақытжанның батыр туған ауданның перзенті бола тұра, кішкентай кезінде Баукеңдей болуды армандамады дейсіз бе!

Мектепті бітірген Бақытжан анасына салмақ түсірмеу үшін аудандық әскери комиссариат бастығымен әңгімелескеннен кейін құжаттарын жинап, тура Ташкентке тартады. Сөйтіп, құжаттарын Ташкенттегі жалпы әскери командалық жоғары училищеге тапсырып, оқуға түседі. Кейін Қазақстанда 1969 жылы Орта Азия әскери округі қайта құрылып, соған байланыс­ты Алматыда жалпы әскери қолбасшылық училищесі ашылды. Бұл оқу орны 1970 жылы 1 қыркүйекте алғашқы сабағын бастады. Сол жылы Б.Ертаев Ташкенттен Алматыға ауысып келді. Осы жерде оқуды бітіріп, әскери маман болып шықты.

Бақытжан ағамыз училищені 1973 жылы бітіріп, әскери өмірге жолдама алады. Әскери өмірдің 5-6 жылын артқа тастап, офицер болып жүргенінде 1979 жылы Ауған соғысы басталды. Ауғанстан мұсылман мемлекеті болғандықтан, бастапқыда соғысқа қатысқан 40-шы армия құрамы көбінесе мұсылман ұлты өкілдерінен жасақталды. Солардың бірі болып Б.Ертаев та әскери бұйрық бойынша соғысқа аттанды. Аттанғанда қатардағы жауынгер болып емес, командир болып аттанды. Бұл кезде небәрі 27 жастағы жігіт еді. Отызға да толмаған командир­ге анау-мынау емес, соғыс жағ­дайындағы басшылық тапсырыл­ды. Жері негізінен таулы аймақтан тұ­ра­­тын ауған елінде соғыс тап­сырмасын орындау оңай емес, сондықтан сан түрлі қақ­ты­ғыс­тарда төтеп бере алады деген се­нім қазақ баласына жүктелді. Ертаевтың жастығына әрі әскери шенінің аса жоғары емес­тігіне қарамастан, әскер бас­шылары оны біліктілігі мен тә­жірибелілігі, таулы ай­мақ­тағы соғыс тактикасын үз­дік орын­дай алатындығы үшін батальон командирі етіп та­ғай­ын­дады.

Б.Ертаев басқарған батальон Ауғанстанда тау шат­қал­да­рын қиялай кесетін Кунар өзе­нінің жанына орналас­ты. Кунар – Пәкістанның сол­түс­тік-шығысынан басталып, Ауған­стан­ның шығысына келіп құятын өзен. Кунар өзенінің бойында Пәкістан жағында Читрал, ал Ауғанстан жағында Асадабад аталатын екі провинция орналасқан. Ал Пәкістанға жақын орналасқан әскери бөлімдер өмірі қауіп-қатерге толы болды. Өйткені, бүлікшілер мен дұшмандарды дайындайтын орталықтар мен лагерьлердің басым көпшілігі Пәкістан шекарасына жақын орналасқан еді. Кеңестік әскерлер 1980-1985 жылдары 5 жыл ішінде 7 рет Кунар әскери операциясын жүргізді. Ең алғашқы Кунардағы әскери операция 1980 жылы ақпан айының аяғында басталды. Осы жылы кеңес әскерлері жүргізген Кунардағы әскери операцияда күзге дейін басқасын айтпағанда дұшмандардың 6 штабы, 2 биік асудағы базасы, 17 бекініс бекеті, 12 зеңбірек пен минометі, әскери әуе күштеріне қарсы күресетін 5 орналасу алаңы және 1,5 мың бүлікшінің көзі жойылды. Ал кеңестік тараптан 52 жауынгер ажал құшып, 43-і ауыр жараланды, 1 жауынгер із-түзсіз жоғалды. Оған қоса 9 тікұшақ істен шықты. Кунардағы әскери операциялардағы ерлік істері үшін 3 адам Кеңес Одағының батыры атағын алды. Үшеуі де шейіт кетті, үшеуі де орыс ұлтының өкілдері еді. Осын­дай аса қауіпті және қатерге толы алқапта алғашқы жылдарда Бақытжан Ертаев және оның ба­тальоны ғана тұрды. Бірақ батальон басқарған алаш баласына ба­тыр атағы берілмеді.

Ауған соғысы тұсында әскери атағы мен лауазымы бүкіл КСРО-ға танымал маршалдар Сергей Соколов пен Сергей Ахромеевтің Ертаев сынды жас командирге көздері түсіп, таңдау жасауларында да үлкен сырдың жатқаны белгілі. Соколов сол кезде КСРО Қорғаныс министрі, ал Ахромеев Бас штаб бастығының орынбасары қызметін атқарған әйгілі әскери шенділер еді. Олар жас қазақ офицерінің қайраттылығы мен қайсарлығына, қырағылығы мен өжеттілігіне тәнті болып, шығыны мен шырғалаңы көп қауіпті алқапқа аға әскери офицерлер ғана басқаратын орынға, яғни батальонға командир етіп Б.Ертаевты тағайындауының өзіндік себебі бар-тұғын. Бұл осы өңірдегі қырағылыққа қырғидай қарауға жас командирге деген үлкен сенім еді.

Жас командирдің күнде қан төгіліп, қақтығыстың қайнап жатқан ауған жерінде жергілікті халықпен тіл табыса білуі өз алдына бір әңгіме. Бұл жағынан алғанда Ертаевтың соғыста тек әскери әдіс-тәсілдерді ғана пайдаланып қоймай, болып жатқан ахуалға сай саяси шешімдерді қабылдаудың да шебері екендігін көрсетеді.

Жоғарыда айтылғандай, жас командир соғыста жауынгерлер шығынының мейлінше аз болуын ойлады. Сондықтан, ол ең алдымен жергілікті тұрғындармен достық қарым-қатынаста болу өте қажет жол деп тапты. Осындай қағиданы санасына серік еткен комбат өз жауынгерлеріне бірінші талап ретінде ауған халқының діні мен ділін, дәстүрі мен салтын сыйлауды үйретті. Мұндай іс-әрекет нәтижесін бермей қойған жоқ. Әскери жорықтардың бірінде батальон жауынгерлері жақын орналасқан қышлақ ішінде жүріп, бір жолы абайсызда танкімен мешіттің бір шетін қиратып кетеді. Мұндай ебедейсіздікке шыдамаған қыш­лақ халқы өре түрегеліп, на­ра­зылықтарын білдіреді. Жағдай у­шығып кетпей тұрғанда комбат Ертаев тұрғындармен бейбіт бітімгершілікке келіп, мұ­сыл­маншылық танытып, мешітті қалпына келтіріп береді. Жас болса да тура шешім қабылдаған командирге жергілікті жұрт дән риза болып, ыстық ықыласын білдірген. Сөйтіп, жергілікті тұрғындарға деген құрмет екі жақ арасындағы бейбіт қарым-қатынастың нығая түсуіне септігін тигізді.

Ауған халқы бастапқыда кеңес әскерлерін тек кәпірлерден тұрады деп, «шурави» атады. Ал тілін кәлимаға келтіріп, мұсылман халқының өкілі екенін дәлелдеген Ертаев сынды сардарлар көп болған жоқ. Ертаевтың ауған халқының діні мен салтын сыйлауына байланысты қышлақ халқы мен ауыл ақсақалдары да Ертаев басқарған жауынгерлерге оң қабақ таныта бастады. Жергілікті бейбіт тұрғындар командирге қай жерден дұшпан өтетінін, қай жерлерге жарылғыш, жойғыш миналардың қойылатынын айтып та тұрды. Ауған соғысында қорғаушысыз жүру мүмкін емес еді. Командирге деген құрмет кей жағдайларда Ертаевтың қорғаушысыз, қарауылсыз біраз жерді жалғыз барып қайтуына да септігін тигізді. Ол қазақ баласының көрегендігі мен ба­тыл­дығына «мұсылман командир» атанған Ертаевтың өзі мен жауынгерлеріне деген құрмет еді. Ертаев есімінің жергілікті халық арасында үлкен құрметке бөленгені соншалықты, сол маңдағы тоғайлардың біріне оның есімі де берілді. Пуштундар бұл тоғайды «Бақтияр тоғай» деп атайды.

Талай адамның тағдырын тәлкекке айналдырған, көп­ші­лі­гін ажал құштырған ауған соғыс­ы­ның алғашқы жылдарында сан түрлі қауіпті әскери жорық жолынан өткен Б.Ертаев соғыстан оралған соң, 1982-1985 жылдары М.В.Фрунзе атындағы Әскери академияның тыңдаушысы болды. Яғни, КСРО-ның ең жоғары әскери мектебі саналатын орында білімін жетілдірді. 1985-1992 жылдары Кеңес әскерінің Германиядағы тобында 35-мотоатқыштар дивизиясы полк командирінің орынбасары, полк командирі қызметтерін атқарды.
КСРО-ның іргесі сөгіліп, рес­публикамыз тәуелсіздік алған тұста елге оралып, 1992 жылдан 2012 жылға дейін әуелі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қор­ға­ныс комитетінде, кейіннен Қорғаныс министрлігінде түрлі әс­кери лауазымдарда қызмет ат­қарды. 1996 жылы Ресей Фе­де­рациясының Қарулы күш­тері Бас штабының академиясында оқыды. 2012 жылдан бастап Парламент Мәжілісінің V және VI шақырылымының депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2008 жылдың 15 желтоқсанында Бақытжан Ертаев «Халық Қаһарманы» атағына ие болды. Жоғары награданы өз қолымен тапсыру сәтінде Елбасының: «Бақытжан Ертаев – Қазақстан өз тәуелсіздігін алған алғашқы күндерден менің шақыруыммен елімізге келіп, Қазақстан Қарулы Күштерінің іргесін қаласқан офицерлердің бірі. Біз бүгін оның ерен еңбегі мен әскери ер­ліктерін жоғары бағалап, Ота­ны­мыздың ең жоғары наградасын тапсырғалы отырмыз. Бұл – еліміздің Қарулы Күштеріне деген үлкен құрметіміз бен сенімімізді білдіреді» деуі Бақытжан Ертаевтың Батыр ғана емес, әскери саланың хас шебері және Отанымыздың нағыз патриоты екендігін толық аңғартады.

Қазіргі таңда генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев «Қазақстан ардагерлері қауымдастығының Құрметті төрағасы», Қазақстан Республикасы Парламенті Мә­жі­лісінің депутаты. Қаһарман ағамызға Қазақстан Қарулы күштеріне қосатын үлесі мол, мәртебесі биік болсын дегіміз келеді.

 

Болат САЙЛАН, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

профессоры, тарих ғылымдарының докторы,

Ауған соғысының ардагері

Егемен Қазақстан. – 2017. – 15 ақпан 

Мемлекет және қоғам қайраткері Әшір Бүркітбаев

Мемлекет және қоғам қайраткері Әшір Бүркітбаев

Осы жұрт Әшір Бүркітбаевты біле ме екен?

Белгілі мемлекет және қоғам Қайраткеріне Тараз қаласынан бір көшенің аты берілсе.

Ол 1906 жылдың 17 желтоқсанында Саудакент жерінің Жон өңіріндегі Қаратас ауылында шаруа отбасында дүниеге келіп, жастайынан жетім қалып, қиындықпен күресіп өсті. Өзінен небәрі екі жас үлкен Досай ағасы екеуі бірігіп бай-манаптың қозысын бағып, қойын қайырып, көп тауқымет көрген. Байдан әбден зәбір көрген екі жас бала ауылдан қашып шығып,жолда Ташкент шаһарына бара жатқан саудагер-арбашыларға тап болады.

Бұл 1919 жылдың жаз айы екен. Саудагерлермен бірге сол кезде «нанды қала» атанған үлкен қалаға келіп, мектеп-интернатқа орналасқан. Оқу мен білімге құштар балаң жігіт Ташкент қалалық ФЗО-сына түсіп, оқумен қатар трамвай депосында токарь болып жұмыс істеген. Еті тірі, өжет Әшір мектепте білімге зеректігін көрсетіп, жастарға үлгі болып 1920 жылы комсомолға, 1925 жылы Коммунистік партия қатарына өтеді.

1927 жылы комсомолдық жолдамамен Қарағанды облысындағы Қарсақпай кентіне жіберіліп, онда токарь болып істеді. Негізгі жұмыстан қолы қалт еткен кезде ол жұмысшылар мен жастар арасында саяси сабақ өткізіп, көпшіліктің көзін ашты. Марксизм-Ленинизммен бірге қазақтың оқымысты ұлдары Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Тұрар Рысқұловтың, Ораз Жандосовтың еңбектерін оқыды.

1928 жылы Қазақстанның сол кездегі астанасы Қызылорда қаласында өткен республикамыздың комсомолдар конференциясына қатысып, оның хатшысы болып сайланды.

Білімге деген құштарлық Әшірді Ресейдің Свердловск қаласында Тау-кен және металлургия инженерлерін даярлайтын Академияға алып келді. Оны қызыл дипломмен бітірген Ә. Бүркітбаевқа республикада алғашқы техникалық жоғары оқу орны – Қазақ кен-металлургия институтын ұйымдастыру тапсырылды және оның алғашқы басшысы болды. Міне, ғалым өмірі, жүріп өткен өнегелі жолы осындай.

Жақында Сәтпаев атындағы техникалық университет ұжымы қазақтың алғашқы инженер-геологі, мемлекет қайраткері, Қазақ тау-кен институтының (қазіргі ҚазҰТУ) алғашқы ректоры Әшір Бүркітбаевтың туғанына 110 жыл толуын кеңінен атап өтті.

Белгілі ғалым, профессор, Ұлттық академияның корреспондент мүшесі Ақжан Машанов:

– Алматыдағы Қазақ кен-металлургия институтының негізін салған Әшір Бүркітбаев еді. Ол бұрын комсомолда тер төккен. Жас жағынан қарағанда екеуміз құрдас болып шықтық. Бірде ол мені шақырып алып: «Сен екеуміз құрдаспыз. Өзің студент жастар арасында ересек көрінесің және жақсы оқиды екенсің. Сен маған студенттер арасында тәрбиелік жұмыс істеуге көмектес», – деп өтініш жасады. Мен ол кезде үйлі-балалы едім, директор жатақханадан бір бөлме берді. Оған дән риза болып, студент-жастар арасында коммунистік тәрбие жұмысына қызу араластым, – деді еске алу жиынында тебірене сөйлеп.

Қазақ политехникалық институтының 1939 жылғы түлегі, доцент М. Медведев:

– Әшір Жаналыұлы бала кезінен жарқын тұлға болатын. Өндірісте тәжірибесі мол еді. Ол әдеттен тыс қабілетті, еңбексүйгіш, білімге құштар, мінезді адам болды, жастарды өзіне ілестіре білді. Үнемі өз замандастырының арасында жаңашылдыққа, өз заманының жаңа талаптарын білуге, мақсатқа жетуге деген құлшынысымен ерекшеленді.

Әшір – толқынды қара шашты, қалың қасты, сымбатты бейнесімен есте қалды. Әшірді түпкілікті халық жастарының көпшілігі зор ықыласпен тыңдап қана қоймай, оған сене білген шешен әрі дарынды комсомол жетекшісі болған деп әңгімелейді. Оның сөйлеу мәнері орыс әдебиетін жақсы білгенін дәлелдейді. Сол кездегі мәртебелі оқу орны – Орал өндіріс академиясында оқып, оны үздік бітіруі де тегін емес еді. Бізге, студент-оқушыларға директорымыз Ә.Ж.Бүркітбаев өте сауатты, кішіпейіл, елгезек, мейірімді болатын. Ол жастардың жатақханасына келіп, олардың хал-жағдайымен танысып, қолдан келген көмегін аямайтын. Өмірінің соңғы жылдарын ғылыми, оқу-тәрбие жұмыстарына, республикада жедел дамып келе жатқан өнеркәсіптерге инженер кадрларын даярлау ісіне арнады. Коммунистік партияның тәрбиесін көрген Әшір Бүркітбаев терең ойлы, жаны жайсаң, таза жүректі нағыз коммунист болды. Ол біздің көңілімізде, жүрегімізде солай сақталып қалды, – деді. Міне, ғалымдар еске алу шарасында осылай толғанды.

Одан әрі қайраткер жерлесіміздің өмірін сабақтай түссек.

1937 жылдың 1 желтоқсаны күні Әшір Бүркітбаев «халық жауы» деген жаламен ұсталып, абақтыға жабылды. Қай-қайдағы «Контрреволюциялық ұйым мүшесі», «Отанын сатқан Жапон тыңшысы», «Ұлтшыл буржуазиялық партия мүшесі» тағы басқа адам миына кіріп-шықпайтын жала жағылды. Сөйтіп, 1938 жылдың ақпан айында Алматыдан 35 шақырым жердегі «Жаңалық» ауылының түбінде НКВД-нің жандайшаптарының оғына ұшты.

Қуғын-сүргін құрбаны Әшір Бүркітбаевтың артында 8 жасар Әсия, 5 жасар Сәния, 2 жасар Болатбатыр есімді ұл-қыздары қалды. Қабырғасы қайысып, көзі жасқа, жүрегі мұңға толып, 24 жастағы сүйген жары Ғарифа Мүрсәлімова қалды. Елдегі Досай ағасына «халық жауының бауыры» деген қара дақ жағылып, өлместің күнін көріп, замандастарының жүзіне тік қарай алмай тіршілік етті (ол өткен жүзжылдықтың 60-жылдары қазіргі Сарысу ауданындағы Түркістан ауылында өмірден озды).

Көңілде өкініш көп. Егер сол бір жантүршігерлік қуғын-сүргінге толы күндер болмаса жерлесіміз – республикамыздың комсомолының жетекшісі (сегізінші хатшысы), аракідік республикалық жастар газеті «Лениншіл жастың» (қазіргі «Жас алаштың») он төртінші редакторы болып қызмет атқарған, қазіргі Қазақ ұлттық техникалық Қ.Сәтпаев атындағы университеттің негізін қалаған және оның алғашқы ректоры болған Әшір Бүркітбаев уақыт келе еліміздің белді ғалымына, қоғам қайраткеріне айналып, халқымыздың ірі тұлғаларының бірі болар еді-ау! Өрімдей талантты ұйымдастырушы жастың өмірі бар болғаны 31 жасында қиылыпты.

…Сарғайған құжаттарды парақтай отырып, тағы бір қағазға көзіміз түсті. Одан «1958 жылдың 25 наурызында ССРО-ның Жоғарғы соты (әділет полковнигі Цирлинскийдің төрағалық етуімен) Әскери бас прокурор подполковник Базыкиннің Қазақ тау-металлургия институтының бұрынғы директоры Ә. Бүркітбаевтың ісі бойынша тергеу-зерттеу қорытындысын тыңдап, онда Жоғарғы соттың әскери алқасының 28.02.1938 жылғы үкімі қайта қаралып, сотталушы Ә.Бүркітбаевқа ату жазасы негізсіз берілген деген шешімге келді. Сондықтан Жоғарғы соттың 28.02.1938 жылғы ол үкімі күшін жойып, сотталушының іс-әрекетінде қылмыс құрамының болмауы себепті ақталсын», деген тасқа басқандай жазуларды оқимыз.

Ә. Бүркітбаевқа республика үшін ең ауыр, жалпы халықтың 65 пайызы, оның ішінде қазақ халқының 40 пайызы ғана сауатты болған кезінде жұмыс істеуге тура келді. Осыған қарамастан тұңғыш инженерлік-техникалық жоғары оқу орнын құру және дамыту, студенттер контингенті мен профессорлар-оқытушылар құрамын, материалдық-техникалық базаны, өнеркәсіп кәсіпорындарымен байланысты қалыптастыру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жетілдіру қажет болды. Оның үстіне, бұл тоталитарлық режим репрессия жасап, қазақ интеллигенциясы өкілдерін аяусыз қырып-жойып жатқан уақыт еді.

Қазір Ә. Бүркітбаевтың екі немересі – Гүлсім Асанова мен Сәуле Меркібаева Алматы қаласында тұрады. Шөбересі Тимур АҚШ-тағы университеттердің бірінде жоғары білім алған, бүгінде Дубай қаласында тұрып жатыр. Олар атасының жарқын істерін жалғастырып, әрдайым ерекше мақтанышпен, ыждаhаттылықпен оның есімін еске алып отырады.

Сарысу ауданында Әшір Бүркітбаев атында ауыл бар. Сонда ғалымға ескерткіш-бюст орнатылды. Қайраткердің 100 жылдығы қарсаңында ҚазҰТУ-нің бір институтына университет негізін қалаған Әшекеңнің аты берілді. Шымкент қаласының бір көшесі де оның есімімен аталды.

Бұл күндері жамбылдық жерлестерінің мақтанышына айналған мемлекет қайраткері, ұлтымыздың алғашқы инженер-геологтарының бірі Әшір Бүркітбаевтың есімі Тараз қаласының бір көшесіне берілсе артық болмас еді. Әшір Бүркітбаев сияқты жасындай ағып өткен Алаштың белгілі тұлғаларының есімі ұмытылмай, жадымызда жаңғырып тұрғаны өте орынды. 

Сағындық Ордабеков

Ақ жол. – 2017. – 5 қантар 


 
 

Бедел биігі — У. Бишімбаев

Бедел биігі — У. Бишімбаев

         

         Айналаңа қарасаң тынымсыз тіршіліктің куәсі боласың. Үлкен де, кіші де алдына қарап ұмтылады. Біткен ісіне ризашылық танытып, қапы қалған тұсына сәл қарайлап, соның орнын қайтсем толтырамын, толықтырамын, дейді. «Заулаған заман-ай!» деп құс қанатын талдыратын, тұлпар тұяғын егейтін шарадай басындағы арман-мақсат шарқ ұрады. Сол заулаған заманның тамырын ыңғайымен басып, дүрмегі мен күрмеуі көп өмірдің өрі мен еңісін таразы басында екшеп, телегей теңіз жұмыстың арасынан өз жолын адаспай тапқан бір заман адамымен, ел азаматымен көптен бері сырлас болып келе жатқан жаймыз бар. Ол – Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, техника ғылымдарының докторы, профессор, бір әулеттің белді де беделді өкілі, ұлтына қызмет етіп, жұртына танылған Уәлихан Бишімбаев еді.

Мені кем, алды кең көрнекті ғалым көсіліп көп сөйлей қоймайды. Жібек суыртпақтан жіп суырғандай ақырындап әңгімеге тартсаң, өзінен бұрын алдыңғы толқынның өнегелі ісін, кейінгі жастың таланты мен талабын сүйсіне айтады. Дүниеге әкелген әкесі мен анасының, атасының үлгісін үкілейді. Әкеге қарап ұл, шешеге қарап қыз өсетінін ой-санаңа құяды. Әр азаматтың тек-тамыры, оның бастау басы, содан арна тартқан тарау-тарау ұрпақ сабақтастығы, өмір өткелдері болады. Бұл тұрғыдан келгенде мейіріміне бөленген, бақытты балалық шағында аялы алақанында ұстаған Бишімбай атасын еске түсіреді. Ауылдың ұл-қызы төңіректеп жүретін, айналасы қоғамды әулет ұйытқысының жақсы ісін сабақтайды. Ал әкесі Қозыке Бишімбайұлы сұрапыл соғысты бастан өткерген, мемлекеттік қауіпсіздік саласының қызметкері ретінде елмен етене араласқан, көргені көп, көңілге түйгені мол адам болыпты. Ең бастысы рухы мықты, ұлттық талғамы бөлек, жаратылысынан жақсыға жақын жүріпті. Анасы Мәрия ұстаз болған. «Әкем талантты еді, ғылымға ден қойып, өлең өрнектеп, сурет салып, әуезді ән шығаратын. Бірақ өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы алапаттың оты талайдың тағдырын тәлкекке салғаны белгілі. Оған соғыс зардабы қосылып, әкемнің өмір жолын өзге арнаға бұрып жіберіпті. Ісіне адал, сөзіне берік қадірлі жан әскери салада да абыройлы қызмет етті. Ұлт интеллигенциясын дайындауға көп үлес қосты. Ондаған емес, жүздеген ізбасарлар әзірледі. Сол қызметте жүргенде де шығармашылықпен айналысты. Кейін өлең, ән жинақтарын оқырмандарына ұсынды. Қазір сол құндылықтарға қарап отырғанда халықтық қасиет, ұлттық болмыс айқын көрініп тұрады. Халқын қадірлеген, оның асыл қасиеттері бойына сіңген әр адам ізетті де инабатты болатынын, әке өміріне, өткен жолына көз салғанда айқын аңғарамын. Бізді де сол бағытта тәрбиеледі. «Ешкімге жамандық жасамаңдар, мен шықпаған биіктен көрініп, мен аспаған арман асуынан асыңдар», деп қарғадайымыздан құлағымызға құйды. Әке сөзі қашанда балаға бағдар ғой», дейді ғалым өткенге бір көз жіберген тұста.

Сол әке көрсеткен бағдар Уәлихан Қозыкеұлын инемен құдық қазғандай иірімі көп ғылым әлеміне бұрады. Мектептен кейін кейіпкеріміз Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технология институтына оқуға түсіп, оны бітірген соң өзін балапандай баулыған білім ордасындағы «Бейорганикалық заттардың технологиясы» кафедрасына ассистент қызметіне тұрып, еңбек жолын бастайды. Әйтсе де ғылымға деген құлшынысы оны алға талпындырады. Сол талпыныс іргелі ғылымның ірі орталығы Д.И.Менделеев атындағы Мәскеу химия-технологиялық институтының аспирантурасына бет түзетеді. Үш жылдық ізденіс өз нәтижесін беріп, «Сақар ерітіндісімен SO2 лықсыма газдарын тазарту барысында калий сульфитін тотықтыру» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтімен қорғап шығады. Талантты жастың талабына сүйсінген мәскеулік оқымыстылар ғылыми зерттеумен айналысып жүргеннің өзінде оған студенттерге дәріс оқытып, қалса барлық жағдайды жасайтындықтарын, тіпті зертхана меңгерушісі болатынын алға тартады. Бірақ елге деген патриотизм оны туған топырағына жетелей береді. Кейін докторлық диссертациясын қорғауға барғанда да бұл тілектерін мәскеулік ғалымдар тағы да білдірген екен. «Мен өзге жерде, өзге ортада қызмет етіп, абырой-атақ алуға қызыға қоймадым. Қасиетті қазағымның ортасында жүру басты мақсатым болды», дейді Уәлихан Қозыкеұлы.

Қазақ химия технология институтында оқытушы, аға оқытушы болып жүргенде, ректор бір кездері бүкіл оңтүстік жұртының арасынан шыққан, жалғыз ғылым докторы, академик Сұлтан Сүлейменов зерделі шәкіртіне «Бейорганикалық заттар технологиясы» кафедрасының меңгерушілігін ұсынады. «Сұлтан Тәшірбайұлы кең пішілген кемел адам еді. «Жастарға сенім артпай, өзімізді көріп жүре берсек, олар қалай өсіп, өркен жаяды. Қай кезде тәжірибе жинап, кәсібін терең меңгереді», деп қалай болар екен деген күмәнімді ұстазым осылайша сейілтті. Жиырма жеті жастағы маған үлкен кафедраны сеніп тапсырды. Қолдап қамқорлық көрсетті», деп ардақты азаматты еске алған Уәлихан Қозыкеұлы, алғашында алдыңғы толқынға жалтақтай қарап, қайтсем көңілден шығам депті. Дегенмен өмір өткелінің біраз белесін артқа тастаған оқытушылар оны жатырқамай, жылы қабақ танытады. Бұл жас ғалымды жұмысқа құлшындырады. Білім мен ғылымды ұштастыра жүргізудің нәтижесінде кафедра үздіктер қатарынан табылады. Кафедра жұмысымен қатар, студенттік ғылыми ұйымға басшылық етіп, талаптыға ерекше көңіл бөледі. Ондағы мақсаты, алғыр жастарды ғылымға тарту, олардың ізденісіне ұйытқы болу еді.

Білімімен көрініп, ғылымдағы жетістіктерімен сүйсінткен, ұйымдастырушылық қарым қабілетімен де танылған Уәлихан Бишімбаевты сол кездегі Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының ректоры, мемлекет және қоғам қайраткері Марс Үркімбаев өзі басқарып отырған мекеменің Қызылордадағы филиалына директоры болып баруды ұсынады. Бірақ ол оның алдында ғылым мен білімнің ордасы саналатын Алматыға барсам деген оймен бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, бітімі бөлек ұлт ұлы, академик Өмірбек Жолдасбековте болып, қызметін ауыстыруға келісімін алып қойған еді. Артынан Өмірбек Арысланұлы: «Сен маған ренжіме, ірі қалаларға ғана емес, өңірлерге де техниканы меңгеретін маман қажет болып тұр екен. ҚазМУ-ге келіп үлгересің, Марс Фазылұлының тілегін қабыл ал, Сыр өңіріне бар. Көптің бірі болмай, ұйымдастырушылық қызметіңмен, жасқа тән жақсы істеріңмен таныл», дейді. Қазақтың екі жақсысының сөзін жықпаған жігіт ағасы жігерін жанып, Қызылордаға барады. Тыңнан із салу алғашында оңай бола қоймапты. Тоғыз ойланып, жүз толғанып, Жамбыл, Шымкент, Алматыдан кадр шақырыпты. Облыс басшысы Исатай Әбдікәрімов ортақ іске үлес қосуға келген азаматқа оң қабақ танытып, мүмкіндікке қарай жағдай жасапты. Ұстазы Сұлтан Сүлейменов үлгісімен оннан аса талабы бар жасты Мәскеу мен Ленинградқа оқуға жібереді. Тынымсыз ізденіс филиал жұмысын ілгері жылжыта береді. Алғашқы жылы 150 студент қабылданса, бес жылдан кейін тілек білдірушілердің саны – күндізгі бөлімге 702, сыртқы бөлімге 450-ге жетеді. Оларға сабақ беретін ғалым оқытушылар 14 қызметкерден тұрса, оның 7-еуі ғылым кандидаты санатында екен. Уақыт өте келе ғылым кандидаттары 21,4 пайызды құрапты. 1976-1977 жылдары аймақтағы институт филиалының үлгерімі 81 пайызға жетсе, екі жылдан кейін бұл көрсеткіш 90 пайыздан асады. Ал жарияланған ғылыми еңбектер саны 40-тан, әдістемелік оқу құралдары 155-ке артқан. 1981 жылы 126 маман дайындап шығарады. Олардың ішінде 126-сы инженер, 45-і гидромелиорация, 43-і гидромелиоративтік жұмыстарын механикаландыру, 38-і ауыл шаруашылығы құрылысы кадрлары екен. Сол түлектердің қатарында болған білікті маман, ел тәуелсіздігін алғаннан бергі кезеңде бизнес саласына ерекше үлес қосып, өңір жұртын, сонымен қатар, бүкіл елімізде күріш өндіру мен өңдеу ісін жолға қойған Қазақстанның Еңбек Ері, Мәжіліс депутаты Абзал Ералиевтің болғанын Уәлихан Қозыкеұлы мақтанышпен алға тартады. Талапкерлерге білім беру ісіндегі талпыныс оқу ғимараттарын салумен де жалғасыпты. Соның бір дәлелі төрт оқу корпусының іске қосылып, аумағы 2045 шаршы метр болатын 280 орындық жатақхана студенттер мен оқытушыларға қызмет көрсетеді. 22 зертхана мен 13 оқу кабинеті жабдықталып, оған қажет дүниелер Мәскеу мен Одессадан жеткізіледі. 10 кафедра оқу тәрбие жұмысын жүргізеді. Облыстың экономикасына жас кадрлардың қосып жатқан үлесі ескеріліп, филиалды жеке жоғары оқу орнына айналдыру күн тәртібіне шығады. 1990 жылдың қарашасында Үкімет қаулысымен Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызылорда филиалы негізінде жаңа техникалық жоғары оқу орны – Қызылорда Агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институты жұмысын бастайды. Іргетасы қаланып, ісі ілгері жылжыған оқу орнына күріш өсіруден дүниежүзілік рекорд жасаған, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ыбырай Жақаевтың есімі беріліп, еңселі ескерткіш бой көтереді. Жоқтан бар жасалып, филиалдан дербес оқу орны құрылғаннан кейін мамандықтар санын арттыру жұмысы жүреді. Соның қатарында экология, экономика салалары бойынша, мұнай кен орындарын игеруге қажет мамандықтар ашылып, ғылыми-педагогикалық қызметкерлердің топтасуына ерекше мән беріледі. Қызылорда облысының минералды шикізат қорларын тиімді пайдалану ісін шешуге зор үлес қосып, сода алудың технологиялық шешімін тауып және оның негізінде шыны зауытын салуға болатын зерттеуге Уәлихан Қозыкеұлы жетекшілік етеді. Полиметалл кенішін өңдеу жолымен құрылыс материалдарын, мырыш, қорғасын мен тағы басқа сирек кездесетін элементтерді өндіруге болатынын дәйектеген де аталмыш азамат екенін еске сала кетсек дейміз. Бұл оның ғылымдағы тың ізденістерінің бір бөлшегі ғана еді. Жалпы, мұнай-битум мен геология және минералогия саласында әлемдік деңгейдегі ізденістер жүргізіліп, одақтағы инженер кадрлар дайындайтын техникалық оқу орындарымен иық тірестіреді. Мұның бәрі Уәлихан Қозыкеұлының табанды қимылының, тартымды жұмысының, ұйымдастырушылық қабілетінің, істің ығын он саусағындай білетін қайраткерлігін танытары анық.

Іздеген мұратына жетеді, талпынған талантты таппай қоймайды. Біз мақалаға арқау етіп алған ғалым Қызылорда өңірінде қызмет еткен жылдардағы еңбегі ұшан-теңіз. Филиалдан институтты аяғынан тік тұрғызып, мыңдаған кадр дайындау оңай бола қоймағаны да рас. Алғаш рет аспирантура ашып, ғылыми атақ қорғайтын кеңестің іргетасын қалады. Бұрын ғылыми атақ алу үшін ат сабылтып алысқа баратын ізденушілер енді өздері жұмыс істейтін іргесі мықты оқу орнында ғылыми дәреже алуға қол жеткізеді. Сол жіті қимылдың нәтижесінде 108 ғылым кандидаты, 12 ғылым докторы оқу орнының беделін көтереді. Бұл облыс көлеміндегі оқу орны үшін аз көрсеткіш емес. Бірінші жылы 150 студент қабылданса, кейін талапкерлер саны 3500-ге жетеді. Сөйтіп, институттың берік базасы қаланады. Кейін ондағы оқу орындары бас біріктіріп, Қорқыт ата атындағы университет бой тіктейді. Қазір осы ғылым-білім мекемесін Уәлихан Қозыкеұлының шәкірті, ізбасары Қылышбай Бисенов басқарып отыр.

«Мен үшін Сыр өңірі ерекше. Бетімнен қақпай, әр ісіме жанашырлық жасаған, жетістіктерімді бағалап, олқы тұсыма қол ұшын берген қазақтың алтын діңгегі саналатын Сыр өңірінің үлкен-кішісіне дән ризамын. Сыр перзенттері – мені өз перзентіміз деп білді. Үлкені ақылын айтса, кішісі кісілігін көрсетті. Мемлекет және қоғам қайраткерлері И.Әбдікәрімов, Т. Есетов, Е.Әуелбеков, С.Шаухаманов, В.Брынкин, И.Қалиев, Б.Сапарбаев, өзге де ел ағаларына, бүгінгі толқынға алғысым шексіз, ізетім ерен. Сол жерде ұлды, қызды болдым. Ғылым докторы атандым. Академик деген абыройлы атқа қол жеткіздім. Иә, қандай ілтипатқа кенелсем, биіктен көрінсем, соның бәрінде Сыр жұртының үлесі бар», дейді өзім болдым, өзім толдым демей кішілік танытқан Уәлихан Қозыкеұлы.

Іскерлігі мен ісі тең түсіп, алға қойған жұмысы аяқталғанша тыным көрмей тірлік ететін Уәлихан Қозыкеұлы өзі сұранып, Жамбылдағы педагогикалық институтқа 1996 жылы басшылық қызметке ауысады. Онда да біраз қиындықтар алдынан шығады. Тәуелсіздіктен кейінгі аласапыран уақыт. Қаржы мәселесі де етектен тартып, есті шығарып тұрған кез. Шешінген судан тайынған ба? Тығырықтан шығудың жолын қарастырады. Жеті ай бойы айлық алмаған оқытушылар мен стипендия көрмеген студенттер алғашында – не бітіре қояр дейсің деген күдікпен қарайды. Оның үстіне ғимараттардың тозығы жетіп, ұжымның береке-бірлігіне сызат түскен. Ойлана келіп, алдымен қаржы мәселесін шешуге білек сыбана кіріседі. Ұшқан құстай Алматыға жетіп, Қаржы министрі Е.Дербисовке, Білім және ғылым министрі М.Жұрыновта болып, барлық мәселені алға тартады. Азаматтар жағдайды түсініп, қолдау көрсетеді. Жеті айлық қарызды жапқанда оқу орнындағы күдікті үміт жеңеді. Бұдан соң дәуір талабына қарай, институтты университет жасауға кіріседі. Бұл қадам да өз жемісін береді. Қала сыртындағы жайсыз ғимараттардан орталыққа ауысу мәселесі қолға алынады. Сол тұста облыс, қала көлеміндегі басшылық тізгінін ұстаған А.Тышанов, Б.Жылқышиев мақұлдап, мақсат орындалады. Алған ғимараттарды жедел жөндеу жұмысына кіріседі. Осындай жұғымды істің келешегіне сенген ұжым мүшелері ендігі жерде бас бағып тұрмай, жұдырықтай жұмылады. Жастар жағы: «Өз оқу орнымызды өз қолымызбен жасаймыз!» деп күш-жігерлерін біріктіреді. Жиырмаға жуық мамандықтар ашылады. Кандидаттық, докторлық диссертация қорғайтын кеңес жасақталады. Бұл ғылым жолында жүргендер мен ізденушілерді серпілтеді. Өңірдегі үш оқу орнын біріктіріп, қуатты бір университет құру бастамасын көтереді. Бұл ниет те қабыл алынып, 1998 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті құрылады. Осы арада Уәлихан Қозыкеұлының аталмыш университетке М.Х.Дулати атын беру жөніндегі еңбегі ерекше болғанын айтуға тиістіміз. Ол өткен ғасырдың 80-ші жылдары ғылыми ізденістерін ұштап жүргенде, қолы босай қалса, Мәскеудегі Ленин атындағы кітапхананың тарихи анықтамалық материалдарына да көп зейін қойыпты. Ондағы мақсаты, қазақ халқының арғы-бергі тарихын тасқа басылған жәдігерлерден іздестіру екен. Бір жолы «Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати» деген дерекке көзі түседі. Бойлап қараса, бүкіл әлем мойындаған ұлы ғалым болып шығады. «Бұл қай М.Х.Дулати?» деген сұрақ көкейінен кетпейді.

Тәуелсіздіктен кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл аталып келген көне қалаға Тараз атауын қайтаруға қатысты айтулы шараға келгенде ұлт ұлысына университет атын беру мәселесін Уәлихан Қозыкеұлы бір орайлы сәтте айтып қалады. «Алдымен оқу орнын жақсы университет жаса, тарихшылар терең зерттеулер жүргізсін», – дейді Президент.

Елбасы сөзі Уәлихан Қозыкеұлын қанаттандырып, өзі куә болған дерекке қайта оралып, зердеден өткізеді. Көптеген зерттеу еңбектерімен танысады, тарихшылармен кеңеседі. Сөйте келіп, түйткілді істің түйінін шешу үшін алқалы жиын өткізеді. Оған алыс-жақын шетелдерден ғалымдар қатысады. Мәліметтерді саралай келіп, зердесі биік, шындықтан ауытқуды ар санайтын оқымыстылар М.Х.Дулати қазақ ғұламасы деген байламға келеді. Оның үстіне 1999 жылы М.Х.Дулатидің 500 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде тойланғаны белгілі. Көрнекті араб танушы ғалым Әбсаттар Дәрбісәлі Дулатидің қабірі Кашмирде екенін айтады. Енді зиратқа тәу етіп барып қайту идеясы туады. Сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетов оң ниет танытып, бұл істе өз шешімін табады. Сөйтіп, ұлы бабамыздың аты мен еңбегі елге оралады. Парсы тілінің мамандарын тартып М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашиди» кітабын түпнұсқадан қазақ тіліне аударып, көп кешікпей жарыққа шығады. Бұл құндылықтағы деректер 2015 жылы биік дәрежеде аталып өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына негіз болғаны ақиқат.

М.Х.Дулатидің еңбегі жұрт қолына тиіп, аты университетке берілгеннен кейінгі жерде оның бейнесін салып, ескерткішін тұрғызу ісі жүре бастайды. Көптеген суретші, мүсіншілердің басын қосып, келбеті түзіледі. Алып ескерткіш салынады. Мұражай ашылып, оған 1500-ге жуық экспонаттар қойылады. Сөйтіп, ол рухани орталыққа айналады. 1998 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Таразға іссапармен келіп, Мұхамед Хайдар Дулатидің тұңғыш ескерткіштің салтанатты түрде лентасын қиып, құттықтау сөз сөйлейді. «Біздер батыр да дана бабаларымыздың еңбегі мен ерлігінен жігер алып, жастарды сондай рухқа тәрбиелеуіміз қажет.  Мұхаммед Хайдар Дулатиге ашылған ескерткіш ұрпақты рухтандырады. Бабаларымыздың әруағы қолдап, ісімізді оңдайды деп сенемін», – деп ұлы тарихшыны үлгі етеді.

«Мен университеттегі білім мен ғылымды өрістетумен қатар, тәуелсіз елдің ұрпағын тәлімді де тәрбиелі етіп өсіру үшін тек тамырымыздың да тереңде екенін ұқтыруды міндет санадым. Өйткені, тегі мен тарихын білген жастың бойында отаншылдық рухы мықты болады. Осы арада М.Х.Дулатидің ескерткішін орнату кезінде қамқорлық көрсетіп, үлесін қосқан бір ардақты азаматты атай кетсем деймін. Ол – кезінде Жамбыл облысын басқарған Сарыбай Қалмырзаев еді», дейді ұлт жұмысына бүкіл саналы ғұмырын арнаған академик.

Қандай іске салса да қарымымен танылған, атқарылуға тиіс жұмыстың иірімін ақыл-ойымен, білім-парасатымен шешетін, Қызылордада инженерлік білімнің негізін қалап, білім ордасын аяғынан тік тұрғызған, Тараз университетін тағылымды жолға салған азаматқа жоғарыдағы басшылық тағы бір оқу орнының тізгінін ұстатады. Ол – Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті еді. Мұндағы жұмысты жолға қою оңай бола қоймайды. Барлығын ой таразысына сала келіп, Уәлихан Қозыкеұлы студент – оқытушы – ректорат деген қағиданы қалыптастырады. Осы үштікті біріктіргенде ғана жұмыс оңға басатынын зердесіне түйді. Студент тек тыңдаушы ғана емес, тең дәрежелі азамат деп қарау қажеттігін ойластырады. Студент – ректор, студент – проректор арқылы өзін өзі басқару идеясын ұсынады. Бір күнді студенттерді қабылдау күні деп белгілейді. Оқытушылармен санасуды, жағдай жасап барып талап етуді жолға қояды. Ондағы ниет, жұрт сеніміне ие болу. Арада аз уақыт өткенде білім ордасындағы ала-құла әңгіме сап тыйылады. Соның нәтижесі шығар бұрын 400 грантқа ие болған оқу орны бұл межені 2,5 жарым мыңға жеткізеді. Сөйтіп, еліміздегі жоғары оқу орындарының арасында грант алудан екінші орынға шығады. Ғылыми-тәжірибелік жұмыстармен 1300 адам айналысса, 7 ҰҒА академигі, 150-ден астам ғылым докторы, 650 ғылым кандидаты, 101 мамандық иесі болатын 26 мың студентке дәріс оқиды. 2001 жылы халықаралық аккредитациядан өткен Отанымыздағы бірден-бір оқу орны М.Әуезов атындағы университет болғанынан хабардармыз. Елімізде алғаш рет инновациялық оқыту технологиясын меңгеріп, кредиттік білім беру жүйесін, сапа менеджментін енгізген де осы білім ордасы болатын. Спорттық олимпиадаға қатысқан студенттер саны 4-тен 10-ға жеткені және бар. Мұндай жетістіктерді тізбелей берсек, аз емес. Ең бастысы, академик ұстазы Сұлтан Сүлейменов жас ғалымдарды, болашақ ғылым қайраткерлерін қалай тәрбиелесе, Уәлихан Бишімбаев та сол жолмен кейінгі толқынға көңіл бөлуді нысана етіп алғаны кейінгіге үлгі деп білеміз. Ол жастармен жүздескен сайын олардың рухын көтеріп, елді сүю, Отанды қадірлеу жайлы ауқымды әңгіме қозғап, тәуелсіз мемлекетімізге әр жас өзіндік үлесін қосу парыз екенін жеткізіп, «Сендердің араларыңнан әлі талай ғалымдар шығады. Ел басқаратын азаматтар қалыптасады. Елдің ертеңі де, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үміті де сендерсіңдер», деген мемлекетшілдік қағиданы өзі басқарған үш оқу орны жастарының санасына сіңіріп, ойына ұялатумен болғанын академикпен бірге қызмет еткен, шәкірт болып білім алған азаматтар әркез айтып жүреді.

Жоғары білімдегі жетістігін Уәлихан Бишімбаев Парламент Мәжілісіне депутат болған тұста елдік іспен ұштастырды. «Отандастарым маған «…екі тізгін, бір шылбырды» сеніп тапсырып отыр… бәрі де бауырым болсын, мен де қарап қалмаймын, қамдарын жеймін, олардан бөлек уайымым да жоқ, олардан бөлек қайғым да жоқ», деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатына қолдау көрсетеді. Әсіресе, жоғары білімнің проблемалары жұрт талқысына түскенде оның қыр-сырын саралай айтумен қатар, өзі де түйінді ойларын іркілмей ортаға салып отырды. Маман дайындау саласына үңілгенде кемімізді түгендеп, кемел істің жол-жобасын ұсынды. Бір сөзбен айтқанда, өмір тәжірибесін мемлекетіміздің өркендеуіне жұмсады.

Уәлихан Қозыкеұлы – дарынды ғалым. Оның ғылыми зерттеулері ел өркендеуіне өзіндік үлес қосып келе жатқанын баса айтуға тиістіміз. Ол қоршаған ортаны қорғау, табиғи қорларды тиімді пайдалану, құрылыс және силикаттық материалдар саласындағы ірі ғалым. Батыс Қазақстан мен Арал өңіріндегі мұнайлы битумды, сапасыз сазды жыныстарды және өнеркәсіп қалдықтарын өңдеу мен өндірісте қайта қолдану әдіс-тәсілдерін зерделеп, табиғи күрделі гетерогендік жүйелердің құраушыларға ыдырау механизмін ашқан. Фазалардың бөліну бетіндегі коллоидтық-химиялық құбылыстарды анықтап, мұнайлы битумды жыныстарды геоэкологиялық жағдайларды ескере отырып өндіру әдістерін, битумдық эмульсия алудың қалдықсыз технологиясын ұсынған. Санамалай берсек академиктің ғылыми еңбектері аз емес. Оны тарата айтуды алдағы күннің еншісіне қалдыралық.

«Ұстазсыз шәкірт – тұл» деп данышпан Абай айтпақшы, Бишімбаевтың бешпентінен шыққан ғалымдар өз алдына бір ұжымды құрайды десек, артық айтқандық емес. Оның жетекшілігімен 12 докторлық, 40 кандидаттық диссертация қорғалған. Академик 13 монографияның, 32 оқулықтың, елімізде және алыс шетелдерде жарияланған 900 ғылыми мақаланың, 130-дан астам авторлық куәліктің, патенттің авторы болып саналады. Еткен еңбек, төккен тер мемлекеттік деңгейдегі марапаттарға да қолын жеткізген. Кеңес дәуірінде «Құрмет белгісі», тәуелсіз Отанымыздың «Құрмет», «Парасат» ордендерін өңіріне тағып, одан өзге де атақтар алған.

Елге қызмет етудің, ұлтқа жақсылық жасаудың, ұрпаққа адал болудың, ғылымға кінәратсыз берілудің – соның бәрін ретінмен атқарып, абыройға бөленген көрнекті ғалым Уәлихан Бишімбаевтың өнегелі өмірін бір мақаланың аясына сыйғызу әсте мүмкін емес. Кітап жазсаң да бір сыры мен бір қыры сыймай қалуы мүмкін. Оның алдыңғы толқынды әспеттеп, кейінгі жасқа үміт арту үлгісі екінің бірінің бойынан табыла бермейтін қасиет. Адамдық пен азаматтықты бәрінен жоғары қойып, оны пір тұтқан жақсының жайсаң мінезі кейінгіге өнеге деп білеміз. Уәлихан Қозыкеұлы жары Альмира екеуі ұлды ер жеткізіп, қызды бой жеткізіп, оларды құтты қонысына қондырып, немере сүйген бақытты отбасылар қатарынан. Осы орайда, Абай дана тағы еске түседі. Ол: «Ырыс баққан, дау бақпас» дейді. Ендеше, бүкіл саналы өміріне ырысты ұйытқы етіп, қабырғалы халқына риясыз қызмет жасаған, жеті белеске шыққан ел азаматы, заман адамы Уәлихан Қозыкеұлының қашанда еңсесі биік, қазақ ғылымы мен білімінде өзіндік орны бар қайраткер деп білеміз.

Сүлеймен МӘМЕТ,

Егемен Қазақстан. – 2016. – 19 қазан. – 7 б.

Елін сүйген ер тұлға — А. Асқаров

Елін сүйген ер тұлға — А. Асқаров

        Өткен ғасырда өмір сүріп, халқына адал қызмет еткен алыптардың ішінде Асанбай Асқаров ағамыздың алатын орны ерекше. Ол кісі еліне сіңірген ерен еңбегімен, тындырған таңғаларлық тірліктерімен, бітірген игілікті істерімен, артына қалдырған ізгілі іздерімен ерекшеленеді. Асекең қайталанбас бір туар дана, дара, ірі тұлға болды. «Асқаров — аңыз адам, Асқаров — феномен» деген ел ішінде кең тараған түсініктер тегіннен-тегін емес.

        Ұлы адамдар өз тұлғасының тұғырын өзі соғады, ал ұрпағы оған тек ескерткіш қояды. Асекең өз тұлғасын өзі жасаған, сөйтіп көсемдік биік деңгейге көтерілген азамат. Ағамызды бір көрген адамның өзі оның білімпаздығын, зиялылығын, парасаттылығын, ойының тереңдігін, өрісінің кеңдігін, рухының биіктігін байқайтын. Бұл жалт еткен өткінші көрініс емес — ол кісінің бойына біткен, қанына сіңген, өзі өмірлік қағида ретінде қалыптастырған қадірлі де қастерлі қасиеттері.

Асқаровты аса көрнекті қайраткер ретінде биікке көтерген осы қасиеттердің ішіндегі ардақтысы да, асылы да  еліне, жеріне, халқына деген сезімі, сүйіспеншілігі. Қазақтың қамын, халқының бағын ойлаған, ұлтының рухын байытқан, жұртының жоғын жоқтаған азамат Асекеңдей-ақ болсын. Оған мына өзегін жарып шыққан өзінің өлеңі куә:

 Мен елімнің перзентімін, гүлімін

 Арқа сүйер азаматы — ұлымын.

 Еліме мен аямаймын жұмсаймын,

Ғұмырымның мағыналы шырынын.

Асекең елім деп, жерім деп жүріп еңбек етті. Сол ерен еңбегінің арқасында еліміздің өсіп-өнуіне, Қазақстанның өркендеп-дамуына орасан зор үлес қосты. Өзі бұл туралы былай дейді:

Туған жердің туы биік болсын деп,

Жері — егінге, қыры — малға толсын деп.

Еңбек еттім жанымды бір аямай,

Елбасына бақыт құсы қонсын деп.

Қандай дәл анықтама. Бұл Асанбай ағамыздың өмір сүру қағидаларының алтын діңгегі.

Асекең тек өз басы ғана халқына қызмет етіп қойған жоқ, осыған барлық жастарды, шәкірттерін баулыды. Өз ұл-қыздарын, немерелерін де осы рухта тәрбиеледі. Ұлы Бақытжанға арнап жазған өлеңінде:

Қызығыңды көрсем деп,

Қызғыштай қорғап өсірдім.

                      «Елдің ұлы бол сен» — деп,

Қаталдау болсам кешіргін.

Міне Асекеңнің әкелік, аталық ниеттілектері тағы да еліне келіп тіреледі.

Осы тұста мына оқиға есіме түседі. Асекең өмірден озардан біраз күн бұрын көңілін сұрап емханаға бардым. Қасында Бақытжан бар екен. Әжептеуір уақыт әңгімелесіп отырып қалдық. Оның арасында Қазақстанның әр тұсынан келген азаматтар кіріп-шығып көңілін сұрап-сәлемдесіп, Асекеңнен көрген жақсылығын, тиген шапағатын айтып жатты.

Соңда Бақытжан: «Папа, барлық елден жақсылығыңызды аямадыңыз, бәріне қол ұшын беріп көмектестіңіз. Ал өз балаларыңызға келгенде неге таршылық жасадыңыз», — деді. Асекеңнің жауабы: «Бақыт, сен менің өз баламсың, егер мен елді ойламай сендерді ойласам, онда менің кім болғаным».

Міне, Асекеңнің шын табиғаты, шынайы болмысы.

Асанбай ағамыздың әділеттілігі, адалдығы, туралығы, тазалығы бәрімізге үлгі болатын. Еліне, халқына адал болды, Отанына, партияға адал болды, достарына, туыстарына адал болды, отбасына адал болды. Сондықтан да жала мен өсекті жек көрді, олардан жиіркенді. Жазықсыздан жазықсыз қапасқа түскенде Асекеңнің өзегін өртеген де осы орынсыз жабылған жала, жағылған күйе болатын.

Өтірік өсек жаланың,

Құрбаны болып барамын.

Тасқа барып тірелді,

Тасыған таудай талабым, — дейді өзі.

Жала деген пәле әрдайым жақсыны табады емес пе, құрт та жемістің көріктісін таңдайды ғой. Бірақ Асекең арын таптатпады, намысын бермеді. Тар қапастың ішінде де адалдықты, адамдықты өзек етті. Сол бір қияметтің кезінде жүректен шыққан мына жан сырына құлақ қояйық:

Бала емеспін көн дегенге көнем бе,

Жанымды аяп жалған жауап берем бе?

Соным үшін… «ал босадың» дегенде,

Қай бетіммен қарай алам мен елге.

                       О туған ел, зиялылар, асылдар,

Тыңдаңыздар үлкенің бар, жасың бар!

Мен елімнің дақ салмаймын арына,

Олай десең, өздерің-ақ басымды ал.

Ары мен намысына жанын пида етуге дайын, адалдық пен әділдік үшін тозақтың бар азабына төзген, сөйтіп жүріп өз басы емес халқының ары мен абыройын ойлаған азаматты қалайша қадірлемеске, қалайша батыр демеске.

Адалдық пен тазалық Асанбай ағамыздың өмірінің өзегі, ғұмырлық кредосы болатын.

Екеу болса адал жан бірі менмін

Майда-шүйда емеспін іріденмін,

Реті келер ме екен осы мені

Тұрлауы жоқ дүниенің құлы деудің.

Бұл Асекеңнің өз сөзі. Ағамыздың аузынан мен өз құлағыммен естіген небір асыл сөздер бар бұл туралы.

Мына нақыл сөзді жиі қайталайтын: «Ұлы болсаң жақсының, құлы болма нәпсінің. Нәпсіні тыя білу керек, оны билеп жеңген абзал. Әр адамның өзінің әділ соты болуы керек — ол оның ар-ұяты. Соны өлтіріп алмаңдар», — дейтін.

«Шіркін, әділдік күшті болса, ал күш әділетті болса халықтың көсегесі көгерер еді ау — деп қоюшы еді сөз арасында. — Өзін-өзі түсінген дана, өзін-өзі жеңген қаһарман», — деп отыратын. Енді ойлап қарасақ, Асекең өзін айтыпты ғой, әрі дана, әрі қаһарман болып өтті емес пе өзі бұл өмірден.

Осы тұста мынадай ой тастағым келеді. Асекеңнің ауыз екі айтқанымен жазылмаған, халыққа жетпеген ой-пікірлері көп. Ол өз заманына, замандастарына берген әділ бағасы, қоғамға, өмір сүрген ортасына деген философиялық көзқарастары, тарих тарауларын таразылау әдістері, болашаққа арнап айтқан болжамдары,тағы сол сияқты рухани қазыналары.

Оның себебі, сырласып отырған сәттерде ағамыздың жүрегінің түкпірінен шымырлап шыққан шынайы сезімдерін, толғау-тебіреністерін, ұшқыр ойларын, нақыл сөздерін, әдемі әзіл қалжыңдарын уақытылы жазып, қағазға түсіріп отырған жанында ешкім болған жоқ. Ол кісінің өзі де бұған мән бермепті – шексіз қарапайымдылығынан болар. Ал біз болсақ, ағамыз арамызда мәңгі жүре беретіндей көріппіз.

Енді осы «әттеген-айдың» орнын толтыру үшін Асекеңмен жақын араласып, сырлас болған азаматтардан ағамыздың айтқан асыл сөздерін, үзік сырларын там-тұмдап жинап, жүйелеп, жарыққа шығарып, халқына жеткізсек, нұр үстіне нұр болар еді. Бізде қызметтен кеткен көсемдерді дәріптеп жатуға тым салғырт қарайтыны рас. Ал бұл санатқа Димекең мен Асекең кірмей кетті. Өйткені, олар алыптар, кемеңгер-ғұламалар еді. Асекеңді халқы тірі кезінде ақ аялап алақанына салды. Абзалдығын, азаматтығын, артықшылығын мойындап, таудай талантын тани білді. Әсіресе, Асекең қапастан босап келгеннен кейін, халқының оған көрсеткен қошеметінде шек болмады. Ағамыздың ерлігін, мықтылығын, шар болаттай шыныққан шымыр төзімін елі аңыз ғып айтты. Әрбір қазақ Асекеңді құрметтеп, өз көңілінде хан көтерді. Ал өмірден өткен соң аруағына арнап жазылған естелік кітапты «Халық перзенті» деп атады. Бұдан жоғары баға, бұдан биік мәртебе бола қоймас. Ұлының халқына, халқының ұлына деген сүйіспеншілігі осындай ақ болғай.

Асқаров алыптығының тағы бір қыры – ол тек қана дарынды басшы, дара тұлға ғана болып қойған жоқ, сонымен қатар, мәртебесі биік Ұлағатты ұстаз болды. Қазақтың талай-талай талантты ұл-қыздарын тәрбиелеп баянды басшылыққа баулыды, үлкен орбитаға шығарды. Асекеңнен дәріс алған, үйренген, шапағатын көрген шәкірттері жүздеп, мыңдап саналады. Партияның сол кездегі әділ принциптеріне негізделген бұл жүйе «Асқаров мектебі», «Асқаров университеті»  деп аталды кезінде. Асекеңнің даналығы да, ұлылығы да өзінше ерекше еді. Ұлы адам уақытынан оза жүреді дейді ғой. Барлығы шектеулі, жазылған жарғымен ғана жүретін заманда Асекеңнің көптеген ізгілікті істері өз уақытының шеңберіне сыймаған секілді. Сол үшін таяқ та жеді. Ол кісі болашақ заманды ойлады, өтіп жатқан өмірге келешектің көзімен қарады. Өзі шыққан биігіне басқаларды тартты, олардың санасына сәуле, жанына жылу, көкірегіне нұр төгуге тырысты. «Адам қамын ойлаған саналылықтың белгісі, заман қамын ойлаған даналықтың белгісі» — дейді. Асекеңнің тұлғасында саналылық та, даналық та берік орын алған еді.

Ұлы адамның ұлылығы ұсақ-түйек ісінен де байқалады. Ал ағамыздың тірлігінде ұсақтық болмайтын. Майда сөйлемейтін, майда тірлік істемейтін. Ұлылығы әр сөзінде, әр ісінде, басқан қадамында, қалдырған ізінде болатын. Тұла бойы толған ұлылық пен ірілік. Осындай ұлылықтың тағы бір көрінісі — «Ұлы Тұранның ұлдары» деген еңбегі. «Мен олардың өмірбаянын емес ұлылығын дәріптеймін», — дейтін Асекең ол кітапты жазу үстінде. Осы еңбекті ұқыпты оқыған адам мұны аңғарған болар. Ұлылардың құдіретін өзі ұлы адам ғана түсінеді емес пе. Енді міне Асекең өзі дәл сол ұлылардың қатарына барып қосылды. «Бақытқа белшесінен батқан бүтін өмір болмайды, бақыт деген санаулы сәттер ғана» — деген сөз бар. Ал мен айтар ем, бұл дүниеде Асекеңнің жолы болды, өмірі бақытқа толы болды (төрт жыл тозақ жылдарынан тыс әрине). Өйткені, халқының шексіз махаббатына ие болды, ерен еңбегін отаны, өкімет, партия өте жоғары бағалады, Еңбек ері атанды, омырауы орденге толды. Артында ізгілікті істерінің ұмытылмас іздері қалды.

  Ер жігіттің бақыты отбасынан басталады деген ғой. Ағамыз от басында бақытты болды. «Үйі құтты ер-азамат бақытты, жолықтырса адал жарды — жақұтты», — депті шығыстың бір ғұламасы.

             Сол адал жары, жақұты Фатима Галиевна — сенімді серігі, өмірлік досы болды, отбасының берекесі, қамқоршысы, ақылшысы болды. Жақсылықта қуанышы, сүйеніші, қиналғанда жұбанышы, тіреніші болды. Әзір де Асекеңнің отын өшірмей, шаңырағын шайқалтпай, атын аялап, абыройын асқақтатып отыр. Барлық Асқаровтар әулетінің пірі де, тірегі де тілегі де осы Фатима жеңгеміз.

Балалары, немерелері Асекеңнің өсиетін орындап еліне адал қызмет атқарып жатыр. Бұдан артық адам баласына қандай бақыт керек. «Өсиеттей өлмейтін артымызға сөз қалдырсақ, мына жалған дүниеден өкінбей өттік дер едім», — деп жазды Асанбай Асқаров. Ағамыздың артында асыл сөздері ғана емес, еш уақытта ұмытылмайтын, өмірі өшпейтін игілікті іздері қалды. Асекеңнің ұрпаққа айтқан өлмес өсиеті де болды, достары тұрмақ дұшпандары бас иген қадірлі қасиеті де болды. Абзал ағамыздың осы алып бейнесі, дара тұлғасы, ғибратты ғұмыры елінің есінде, халқының жадында, жұртының жүрегінде, көптің көңілінде мәңгі сақталмақ.

Ал біз болсақ — Асекеңнің кең дария ақылының аясында өсіп ер жеткен, жүрегінің жылуын сезініп, жанының шуағына шомылып, көңілінің нұрына бөленіп, рухының биігін бойлап есейген ұрпақ өкілдері, Алаштың арысы, ұлтымыздың намысы болған асыл ағамыздың абзалдығын, алыптығын, даралығын, даналығын өзі үлкен үміт артып, асқақ арманын арнаған болашақ ұрпаққа дәріптеп жеткізуіміз керек.

Көпжасар Нәрібаев

Шәкірт інісі, ҚР ҰҒА академигі

Қазақ әдебиеті. – 2012. — 7 қыркүйек. — 7 б.


 
 

Мырза-Аға (Мырзатай Жолдасбеков)

Мырза-Аға (Мырзатай Жолдасбеков)

Мырзатай Жолдасбеков. Бұл – көп қазаққа таныс есім. Қазақта небір шешен адамдар болған: алқалы топта сөз бастау қиын екені белгілі, алайда мыңдаған адамдардың алдында қасқайып тұрып сөз айту, айтқанда да құлақтың құрышын қандырып, тыңдарманды ұйытып, ет-жүрегін елжіретіп, өзіне ертіп және елітіп сөз айтатындар қазір азайды.

Мырзатай Жолдасбеков ағамыз ғана бұрынғының Бұқар жырауындай ағылтып сөз айта алады, көсілтіп көркем сөзді кестелейді. Айтуы қалай болса, жа­зуы да тап сондай. Толымды. Болымды. Елбасы туралы «Кемеңгер» деген мақаласын оқыдым. Таза шешендік өнердің үлгісі. Оқып отырғанда Мырза-ағаның құлаққа жағымды қоңыр үні естіледі. Сіз де назар салып көріңізші. «Шынтуайтына келгенде, біз бұрын-соңды қазақ басынан кешпеген бақытты кешіп, солар сезіп-білмеген жауапкершілікті мойнымызға алған едік. Бұрын ешқандай тәжірибесі болмаған елде, даму жолының өнегесі болмаған жерде, тәуелсіз мемлекет орнатуды қолға алған едік. Бұл адамзат тіршілігіндегі, адам санасындағы, оның тәжірибесіндегі қиынның ең қиыны еді. Осы жауапкершілікті қалың елдің ішінен суырылып шығып, мойнына алған, өз тағдырын елінің тағдырымен жалғаған, сөйтіп солардың үзіле бер­ген үмітін жалғаған азаматымыз – халқының ержүрек перзенті Н.Назарбаев болатын». Осындай кес­телі көркем сөздің өрнегін Мырза-аға айт­пағанда, кім айтады?! Кім айта алады?!

Мырзатай Жолдасбеков өзін көсем санамайды. Мемлекет басшысының кемел тұлғасын кесек сөздермен сомдап беріп, өзін сол кісінің «нөкерімін» деп, қарапайым дағдысынан жаңылмай сөйлейді. Дәлел қайсы? Мырза-ағаның өз сөзін келтірейік. «Тәуелділіктен арылып, тәуелсіздікпен қауышқан тұста, ызы-қиқы кезеңде мен Н.Назарбаевтың елді апатқа ұшыратып алмай, аман алып шығудың айла-әрекетерін іздеп шарқ ұрған, елі үшін төсегінен түңіліп, түн ұйқысын төрт бөлген мазасыз күндерінің, ұйқысыз түндерінің куәсі болған, жан тебіренісін де, күйзелісін де көрген адаммын. Жан-жақтан антала­ған кезеңде жанында болған, ерлігін, қайсарлығын, тәуекелшілдігін көзіммен көрген, елі үшін атқарған ерен еңбектерінің куәсі болған адаммын. Шамам келгенше қолғабыс тигізген нөкерлерінің бірімін».

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, елші, ғалым-жазушы Мырзатай Жолдасбеков туралы айтар ойдың да, сөйлер сөздің де ұшы-қиыры жоқ екені сөзсіз. Мырза-аға қазақ әдебиеттану ғылымына да өлшеусіз үлес қосты. Университетте жүр­генінде білімі мен білігін, ақылы мен ойын теңіздей толқытып, дариядай шалқытқан ұлы Әуезовтен үш жыл бойы дәріс алуы өз жемісін берді. Көз майын тауысып аспирантурада білім алды. Оның да жемісі жоқ емес. Ғұлама ғалым, ака­демик Әлкей Марғұлан 1969 жылы 12 ма­мырда қазақ әдебиетшілері мен тіл­ші ғалымдарының қайма­ғы түгел жиналған кеңесте: «Мыр­затай Жолдасбековтің зерттеуінің құндылығы онда қазақ әдебиетінің байырғы бастаулары ашыл­ған­дығында. М.Жолдасбековтің еңбегі қазақ әдебиетінің бастау көздерін зерттеудегі алғашқы адым әрі қазақ әдебиеттануына қосылған қомақты үлес» деп жоғары баға берген екен. Мәулен Балақаев, Әбділда Тәжібаев, Хайролла Махмұдов, Кәкен Аханов, Ісмет Кеңесбаев сияқты ғұлама ғалымдар жылы лебізін білдіріп, ғалымның еңбегін жоғары бағалаған екен. Міне, ғылымдағы сара жолы осындай аяулы ағалардың тілегімен басталған еді.

Мырза-ағаның Тәуелсіздік туралы толғамдары да бөлек, ерек айтылады. Қараңыз: «Тәуелсіздік қазақ халқының сан жылдар бойы армандаған, бірақ жете алмаған, соның жолында ұлы қағандар мен хандардың, билер мен көсемдердің, батырлардың басын бәйгеге тіккен ұлы күрес жолы болды. Солар ел, жер үшін, тәуелсіздік үшін жанын қиды, бірақ олар жете алған жоқ. Тәуелсіздікке кешегі өзіміз көзін көрген дана, ғалым ағаларымыз Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов те жете алған жоқ. Тәуелсіздікке бүгінгі ұрпақ жетті. Көнелердің көзін көрген, ағалардың жанында жүрген біз жеттік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жетті. Ол өзінің туған халқымен бірге жетті. Рас, тәуелсіздік алу оңай болған жоқ. Мен – осы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да Президентіміздің жанында болған, осының ыстық-суығына көнген, шыдаған азаматтардың бірімін. Оңай болған жоқ. Тәуелсіздікті біз Қазақстанда қазақ халқының саны 39 пайыз болғанда алдық. Бұл – дүниежүзі мемлекеттерінің тарихында болмаған оқиға. Елбасы осыны қатты ескеріп, тәуелсіздік алған күннен халықтың бірлігін, ынтымағын ойлады. Қазақстан халқы тәуелсіздікті тұғыр етіп алды» деп ой толғайды.

Оның алаш қайраткерлерін қайта тірілту жолындағы еңбегі зор. Бір кездері атын атауға қорқатын Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мір­жақып Дулатов, Шәкәрім Құдай­бердиев, Жүсіпбек Аймауытов, Мағ­жан Жұмабаев және тағы басқа қайрат­керлеріміз тарих бетіне қайта шықты. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді.
«Тек қана мәдени, әдеби өміріміз емес, саяси тіршілігіміздің де көкжиегі кеңейді. Сол боздақтарды, елім деп еңіре­ген ерлерді қайта тірілтуде Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баевтан бастап, Өзбекәлі Жәнібеков пен Мырзатай Жолдасбеков те, үлкен ға­лымдар мен жазушылар да көп ең­бек сіңірді. Алашсың деп қазақ сахнасынан аласталған арыстандарды бүгінгі ұрпаққа жарқыратып, әкеп берген азаматтарды келешек ұрпақ шапағатпен еске алатынына әбден сенімдімін. Осы бір ұлы тіршіліктің бел ортасында әдеби-қоғамдық еңбектерімен ел махаббатына бөленіп отырған Мырзатай Жолдасбеков жүрді. Мұндай ұлы жұмысты басқару үшін жүрек те, ақыл да, биік парасат та, терең білім де – бәрі де керек еді. Ұлтын сүймей, ұлтының жанын ұқпай, тілін білмей ұлы болам деушілік әншейін әурешілік қана. Жанына ұлы жыраулардың асыл мұраларын жастайынан сіңірген, қазақтың асыл маржандарын өз жүрегіне ту қып ұстаған, елінің сөзі мен жырын тұмар ғып тағынған Мырзатай бауырым ел тағдырының аса бір ұлы бетбұрысында белсенділік, көрегендік танытқанына әрі қуанам, әрі мақтанам. Мен істе­мегенді ол істесе, мен жетпегенге ол жетсе, оған қошемет етуге жарамасақ жер басып жүрудің қажеті де бола қоймас». Қазақстанның халық жазу­шысы Тұманбай Молдағалиевтің көзі тірісінде Мырза-ағаға берген бағасы.

Мұның бәрі ойланбаған, күтпеген жақсылықтар болатын. Бұл – тәуелсіз қазақтың қайта оянуының басы еді. Өткенді ояту, өлгенді тірілту жолындағы Мырзатай Жолдасбековтің ерен еңбегін ерекше айтуымыз қажет. Ойы озық, жаны таза, елім деп еңбек еткен ерлер ғана елінің тағдырына араша түсе алады. Мұны бір қайраткерлік емес деп айта аламыз ба? Сын сағаттарда, сындарлы сәттерде елге қорған болу да – азаматтық борыш. Мырза-аға – өзінің азаматтық борышын адал атқара білген жан.
Мырзатай Жолдасбековтің ұс­таздық, ғалымдық жолы бір төбе. Ол бөлекше, ерекше тоқталуды қажет ете­тіні белгілі. Күлтегін, Тоныкөк баба­ларымыздың қайталанбас тұлғасын өскелең ұрпақтың бойына мәңгі ұялата білді. Мәдениетіміздің сонау ықылым заманнан бастау алатынын дәлелдеп берді.

Қазақтың көрнекті қаламгері Әбіш Кекілбаев бір кездері әріптес ағасы туралы: «Ізденіс пен ізгілік, мейірбандық пен кішіпейілділік бағаланбай қалуы мүмкін емес. Еліміздің тарихындағы ең бір шешуі кезеңде Мырзекеңнің үлкен саясат сахнасына шығуының басты сыры да, міне, осында сияқты. Онсыз да буырқанып жатқан әлеуметтік құштарлықтар тасқынында онсыз да қаулап жатқан отты үрлемейтін сали­қа­лы ақыл, сара парасат керегірек еді. Ғалым-педагог Жолдасбеков аласа­пыранданып жатқан саясат әлеміне, алабұртқан аудиторияға салмақпен кірген тәжірибелі ұстаздай сабырмен аттады. Немен бітері белгісіз әлеуметтік өзгерістер тұсында желөкпелік пен желпініске берілмей, қай мәселеде де істі насырға шаптырып алмауға тырысты. Бәрібір өз дегеніне жетпей қоймайтын құбылыстардың аңғарын алыстан байқап, сол жолда болмай қоймайтын қиындықтардың алдын алуға тырысты. Бұндай тұста кімді де болса енжар қалдырмайтын мәселелерге бас көз болу үшін терең білім, мол тәжіри­бе­мен қоса үлкен адамгершілік қажет еді» деп жазған екен. Салмақпен кіріп, сабырмен аттаған саясат әлемінде де Жолдасбековтің ерекше қолтаңбасы бар. Қазақстанның тәуелсіздігі жолында аянбай еңбек етті.

Еліміздің баянды болуының әрбір сәтінде Елбасының сенімді серігі бола білді. «Тәуелсіздіктің қиын да күрделі жылдары 5 жыл бойы күні-түні қасында болып, тереңдігін, кемелдігін көрдім. Елім дегенде ен дүниеге сыймай, талай тебіренгенін, талай ұйқысыз түндер мен тынымсыз күндерді басынан кешіргенін көзіммен көріп, жүрегіммен сездім. Арпалысқан, аласапыран кезеңде үйреніскен қалыпты жүйенің астан-кестеңі шығып жатқан, алда не боларын білмей жұрт сасқалақтаған уақытта Н.Назарбаев именбей қол бастады, тар кезеңнен жол тапты. Алаштың аманатын мойнымен көтерді. Азаттыққа қолымызды жеткізіп, мәртебемізді асқақтатты», – деген сөз­дерді тек Мырзатай Жолдасбеков қана айта алса керек. Елбасының үзеңгілес серігі, тәуелсіздігіміздің бастауында халқымызға үлкен қызмет жасаған тегеурінді тұлға. Сексеннің сеңгір биігіне шықса да сергектігінен ажырамаған, азаматтық болмысынан үнемі самал есетін елдің серкесі. Халқымызда «Қазыналы қартың болса, жазулы тұрған хатпен тең» деген сөз бар ғой. Біздің Мырза-аға сондай қадірлі қайраткер. Шаршамаған, шалдықпаған, әдемі қартаюдың үлгісін көрсетіп, ал­қалы топта ақылын, ноқталы топқа на­қылын айтып, тәуелсіздігіміздің тұ­ғырлы болуына барлық ғұмырын арнап келе жатқан Алаштың абыз ақсақалына не тілесек те жарасар еді. Ортамызда жүр­ген абыз ағаларымызды пендәуи пен­де­шілікпен күңкілге салмай, қайта оларды ардақтап, қошемет көр­се­туді иісі қазақтың дәстүріне айнал­дыр­ғанымыз жөн болар. Еліміздің еге­мен­дігі орнығып, тәуелсіздігіміздің қуат­ты тетіктері берік жасалып, арналы жүйе­ге түскен шағында барлық істің баяндылығын көру бақыты бұйырсын деген тілекпен аттың басын ірке тұра­лық. Алашыңыздың бақыты үшін аман жүріңіз, Мырза-аға!

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ

Айқын. – 2017. – 20 мамыр (№73)


 
 

Аймақтағы тұңғыш әйел – академик. Дария Қожамжарова

Аймақтағы тұңғыш әйел – академик. Дария Қожамжарова

       Адам баласының бойына тал бесіктің тербелісі арқылы берілетін тәрбиенің тума қайнары әйел затының болмысына тән. Сол бір нәзік жаратылыс иелерінің қажырлы қайрат-жігерімен қаланып, іргесі биіктей беретін тәрбие мен тағылым елдік өрістің өркендеуіне негіз болып табылары анық. Еңбегін осылай елдік өріспен ұштастырып, ең әуелі ана, сосын аяулы жар, келелі кеңесші, алтын ұяның ұйытқысы, тәлімді тәрбиеші, қарымды қызметкер, қабырғалы қайраткер ретінде орасан жауапкершілік түрлерін жан-жақты игеріп, еліне үлгі болып жүрген ару-аналар өз ортамыздан да табылады. Соның бірі – елімізге белгілі ғалым, жуырда ғана ҚР ҰҒА-ның академигі атағын алып, Тараз өңірінен шыққан тұңғыш академик қыз атанған мақтанышымыз Дария Қожамжарова.

Еліміздің өркендеуіне елу жыл бойы білім нәрімен үлес қосып келе жатқан жоғары оқу орны – Тараз мемлекеттік педагогикалық институты осы Жамбыл өңіріндегі іргелі өндіріс ордаларының қатарына жатады. Бұл іргелі мекеменің ең басты өнімі – білім беру саласындағы сапалы мамандар, сондай-ақ білім беру жүйесін дамытудағы жаңашыл технологиялар, ғылыми зерттеулер.

«Білім – ғылым – инновациялар» үштігі билеген постиндустриялық белесті бетке ұстаған үшінші мыңжылдықтағы қоғам мен мемлекет дамуының ең басты қозғаушы күші ол – заманауи сападағы білім мен біліктілік. Мемлекетімізде осы талаптар тұрғысынан қолға алынып жатқан іргелі бастамаларға Тараз мемлекеттік институты да белсенді түрде атсалысып келеді. Бүгінгі таңда тарихи кезеңнің 50 жылдық белесін еңсеріп отырған Тараз мемлекеттік педагогикалық институты педагогикалық кадрларды даярлау бағытындағы Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі жетекші институттар қатарына табан тіреп тұр. Оған институтымыздың 2015 жылдан бастап ұлттық рейтингте Қазақстанның бес үздік педагогикалық жоғары оқу орындарының қатарына енуі айқын дәлел.

Студент санының көрсеткішінің өзі де институттың деңгейін танытатын бірден-бір фактор екендігі шындық. Міне, осы жағынан алып қарағанда Дария Пернешқызы алғаш ректор болып келгендегі жалпы саны – 3000-ды құрайтын студенттер контингенті бүгінде 6000-ға жуықтады.

Тарихи сабақтастығы мен дәстүрі қалыптасқан білім ордасының Дария Қожамжарованың басшылығымен қол жеткен жетістіктердің барысын ТарМПИ мен 26 білім беру бағдарламасы институционалдық және арнайы аккредитациядан өтуі толықтыра түседі.

Облысымызда бүгінде 140 шағын жинақталған мектеп бар. Ол үшін ТарМПИ 5 эксперименттік білім беру бағдарламасы бойынша қос маман дайындау мәселесін жүзеге асыруда. Сондай-ақ, ТарМПИ-да 5 бірдей мамандық бойынша дуалды оқыту жүйесін жүзеге асыру мәселесі де тікелей Дария Пернешқызының бастамасымен жолға қойылған шаруа. Атап айтқанда «Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие», «Дефектология», «Спорт және дене тәрбиесі», «Кәсіптік білім беру», «Дизайн». Студенттерді дайындаудың практикалық бөлігі «Тараз-Арена» жаңа спорт сарайында, «Аспара» колледжінде, «Асыл Дизайн» сән үйінде, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде, ресурс орталықтарында, балалардың шығармашылық даму орталығында өтеді.

Өзі туып-өскен Жамбыл қаласындағы Жамбыл атындағы орта мектепті сәтті тәмамдаған соң, ару қала, арман қала Алматыға жол тартқан Дария Пернешқызы 1984 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих мамандығын үздік бітіріп шығады. Еңбек жолын Жамбыл педагогикалық институтында оқытушылық қызметтен бастайды. Жаңалыққа, жаңашылдыққа жаны құштар жас маман оқытушылық қызметпен шектеліп қалмай, ғылыммен шұғылдануға талпынады. Сөйтіп 1990 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің аспирантурасына түседі. Ғылым кенінің ыстығы мен суығына қарамастан бес жыл бойына талмай ізденуінің нәтижесінде «1925-1929 жылдардағы қазақ ауылындағы әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығады.

1995 жылы білім беру ісіне қайта оралып, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Тарих» кафедрасының доценті, «Саясаттану және әлеуметтану» кафедрасының меңгерушісі, Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық, Жаратылыстану-әлеуметтану ғылымдары, Гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультеттерінің деканы, университеттің тәрбие жұмыстары және қоғаммен байланыс жөніндегі, оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры, ректордың уақытша міндетін атқарушы сынды жауапты қызметтердің тізгінін ұстайды. 2013 жылдан бастап Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры қызметіне тағайындалады. Оған Тараз қалалық мәслихатының ІV шақырылымының, Жамбыл облысы мәслихатының V-VI шақырылымының депутаты болып сайлануы дәлел болса керек. Жамбыл облысы бойынша Іскер әйелдер ассоциациясының мүшесі, «Білім және әйел» секциясының төрайымы, Жамбыл облыстық мәслихатының марапаттау комиссиясының төрайымы, Қазақстан әйелдері І съезінің делегаты, Қазақстан Тарихшылар қауымдастығының және облыстық «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің мүшесі.

Елім дегенде ерінуді білмейтін, туған жер, ұлттың келешегі үшін аянып қалуды арсыздыққа балайтын Дария Пернешқызының бойында атойлаған патриоттық сезімі мен ерлікке пара-пар ерен істері елеусіз қалып көрген емес. Ол екі мәрте ҚР Президентінің Алғыс хатымен, «Құрмет» орденімен, «ҚР Білім беру саласының құрметті қызметкері» төсбелгісімен, «ҚР Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне – 25 жыл» медальдарымен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарымен және Жамбыл облысы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Оқу және мемлекеттік-қоғамдық қызметтерді қатар атқарып жүргендігіне қарамастан, ғалым ретінде Дария Пернешқызы ғылыми-зерттеу жұмыстарынан бір сәт те қол үзіп көрген емес. Соның нәтижесінде 2010 жылы «Патшалық Ресейдің Оңтүстік Қазақстанды жаулауы: әскери-отарлық әкімшілік пен жергілікті халық арасындағы қатынас (ХІХ ғ. ІІ жар. – ХХ ғ. бас кезі)» тақырыбында қорғалған докторлық диссертациясы тарихтың тасасында қалып, бұған дейін беймәлім күйде келген талай тосын дүниенің жарыққа шығуына қозғау салды. Докторлық диссертациясын қорғағаннан кейін де жинаған құнды деректерге одан әрі жан бітіріп, ғылыми жұмысты жалғастырды.

Жуырда Дария Пернешқызы ҚР ҰҒА-ның академигі атағын алды.

Ұлттық ғылымды бүкіл әлемге паш ету жайына да баса назар аударып отырған Дария Пернешқызы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының жалпы саны 46 алыс-жақын шетелдік жоғары оқу орындарымен байланыс орнатуына қол жеткізді.

Осындай ерен істердің ұйытқысы болып, ер-азаматтың жүгін арқалап жүрген қазақ қызының қайсарлығы, батылдығы, батырлығы оның ұлттық ғылымдар академиясының академигі болу жетістігімен жалғасын тауып жатыр. Дария Пернешқызының осы Жамбыл облысы өңірінен шыққан тұңғыш әйел-академик әрі жоғары оқу орнын басқарған тұңғыш әйел-ректор екендігін ескерсек, кезіндегі Алаш көсемдерінің әйелдердің қоғамдық өмірдегі белсенділіктерін арттыруға байланысты идеяларының шыншылдығына, шынайылығына, жасампаздығына, олардың көрегендіктері мен кемеңгерліктеріне тағы бір таңғалмасқа шараң жоқ.

Тұрсынай Абдықадырова

Ақ жол. – 2017. – 13 маусым