Ғалым, ел ардақтысы (Мұқатай Немеребаев — 70 жыл)

Ғалым, ел ардақтысы (Мұқатай Немеребаев — 70 жыл)

Техника ғылымдарының докторы, профессор, Аймақтық менеджмент академиясының академигі, Ресейдің жаратылыстану ғылымдары Акедемиясының корреспондент мүшесі Мұқатай Немеребаевтың 70 жылдығына орай ТИГУ-де «Жақандану заманындағы жаратылыстану және техникалық ғылым» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.

«Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» – деген тәмсіл бекерге айтылмаса керек-ті. Саналы ғұмырын ғылым жолына арнап, маман даярлау ісіне сарп еткен Мұқатай Немеребаев биыл 70 жасқа толып отыр. Жер ұйық саналатын Жетісуда дүниеге келген ол 1970 жылы Қарағанды политехникалық институтының құрылыс инженерлері факультетіне түсіп, оны 1975 жылы құрылысшы — инженер мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіріп шыққан. Алғашқы еңбек жолын Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтынан оқытушы болып бастаған ғалым 1978 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтында конкурспен өтіп 1994 жылға дейін оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор, деканның орынбасары қызметтерін атқарған. М.Х.Дулати атындағы ТарМУ, А.Ясауи атындағы ХҚТУ Тараз институтында, ТИГУ және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеттерінде әртүрлі қызметтер атқарған. Бүгінде ғалым ТИГУ-дің «Денешынықтыру және бастапқы әскери дайындық» кафедрасының меңгерушісі болып қызмет істейді. Мұқатай Немеребайұлының негізгі ғылыми бағыты – ұшақтар мен зымырандар түріндегі құрылымдардың және құрылыс бөлшектерінің бірі болып табылатын көп қабатты арматураланған композит материалдардан жасалған қабыршақтарды, олардың иілу қатаңдығын көбейтуге арналған тор көзді қабыршақтарды динамикалық күштерден, температурадан және құрылыстық әсерлерден есептеудің инженерлік әдісін жасауға арналған. Жалпы зерттеп жүрген ғылым саласы бойынша 180-нен астам ғылыми әдістемелік мақалалары жарық көріп, үш аспирантқа және 10 магистрантқа жетекші ретінде олардың жұмыстары жоғары бағаланып, ғылым кандидаттары мен магистр атанған. Сонымен қатар 7 монография, 55 оқулық пен оқу құралының және 8 патенттің авторы. Оқулықтардың ішінде екі оқулық «Материалдар кедергісі» және «Материалдар менконст рукциялық материалдар технологиясы» ҚР Білім және ғылым министрлігінің тематикалық жоспары негізінде орындалып, жоғары оқу орындарының базалық оқулығы ретінде пайдаланылуда. Ғылымға қосқан елеулі еңбектері үшін ол ҚР Білім және ғылым министрлігінің Грамоталарымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен бірнеше рет марапатталған. Ғалымға жерлестері Алматы облысы, Ақсу ауданының Құрметті азаматы атағын берген. Сондай-ақ Ресейдің жаратылыстану ғылымы академиясының Петра Великого «Небываемое Бываеть» орденімен және «Ғылым мен білім берудегі құрметті қызметкері» және В.Вернадскийдің күміс медалінің иегері.

ТИГУ-дің мәжіліс залында өткен конференцияға еліміздің және шет елдің көптеген мамандары, ұстаздың әріптестері мен жерлестері қатысты. Шараны аталған оқу орнының проректоры Ерман Шертаев құттықтау сөзімен ашып, Мұқатай Немеребаевтың еңбектерін сөз етті. Сондай-ақ оған жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің атынан Ы.Алтынсарин төсбелгісін табыс етті. Мұнан соң ғалым туралы техника ғылымдарының докторы, доцент Сәбит Баубеков хабарлама жасап, оның атқарған еңбектеріне тоқталды.

– Мұқатай Немеребаевтың есімі 2013 жылы шыққан ҚР ғалымдары «Ғылымға арналған өмір» атты библиографиялық жинаққа енген. Ресейдің жаратылыстану ғылымдары академиясының президиуымының шешіміменен, оның монографиясын Германияның Франкфурт-на Майне, Лондон қалаларында өткен кітап көрмесіне қойылып, онда сертификат пен алтын медальге ие болды. Редакциялық ұйымның шешімімен ғалымның биографиясы «Ресейдің белгілі ғалымдары» атты интернет энциклопедияға еніп, сайтқа қойылды, – деді ол.

Шарада М.Х.Дулати атындағы ТарМУ проректоры Асқар Абдуалы мерейтой иесімен талай жыл әріптес болғандығын сөз етіп, ТИГУ- дің университет болып құрылуы барысындағы төккен терін айтып өтіп. М.Х.Дулати атындағы ТарМУ ректоры Махметғали Сарыбековтың құттықтау хатын табыс етті. Алматы облыстық мәслихатының депутаты, ғалым оқыған мектептің директоры Рахат Ибраимова ғалымның Ақсу ауданының Құрметті азаматы екендігін мақтанышпен айтатындығын жеткізіп, аудан әкімі Әділбек Далғабаевтың құттықтау хатын оқып берсе, аталған аудан газетінің бас редакторы Дүйсен Мухамедшаров оның адами асқақ қасиетін сөзіне арқау етті. Сондай-ақ ТИГУ студенті, айтыскер ақын Айым Көшербай М.Немеребаевқа арнау айтты.

Шынболат Сейдуалиев

Жамбыл-Тараз. — 2017. — 18 қазан

Елі ардақтаған азамат

Елі ардақтаған азамат

Тарихи сурет 1997 жыл. Қазан айы. Ортада Жамбыл облысының әкімі Амалбек Тшанов және Тараз қаласының әкімі Болат Жылқышиев.Тараз қаласының күні алғаш рет аталған күн.

Тарихқа үңілсеңіз, көне шаһар Таразды кімдер басқармады? Орта ғасырдың өзінде Ұлы Жібек жолы бойында атақ- даңқы алысқа кеткен, қаланың билігін қолына алған небір абыз-әкімдердің есімі тарих бетіне айшықталып жазылды. Тарих жазылады, жалғасады… 1997 жылдың 8 қаңтарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Жамбыл қаласына көне Тараз атауы қайтарылғанда, қаланың тізгінін Болат Әбжаппарұлы Жылқышиев ұстап тұрған еді. Иә, тәуелсіздік жылдарында Тараз қаласының тұңғыш әкімі болу бақыты да Болат Жылқышиевке бұйырды. Ал алдағы 17 қыркүйек күні Тараз қаласының Құрметті азаматы Болат Әбжаппарұлы мерейлі 60 жасқа толып отыр.

Мен қала әкімінің орынбасары болып 1997 жылы келдім. Сол жылдары шаһарды басқарған Болат Жылқышиевтің азаматтық болмысы, іскерлік келбеті, шебер ұйымдастырушылық қабілетін жанында жүрген әріптестері жоғары бағалады. Бұл өзі өтпелі кезең болатын. Қиындықтар да болды. Дегенмен жұмысты алға жүргізіп, тұралап қалған қала өндірістерінің қазанын қайнатуға Болат Жылқышиев мықтап кірісті. Мұғалімдер айлап жалақы алмады, зейнеткерлерге зейнетақы төлеу мен жәрдемақы төлеуде қиындықтар туды. Бюджеттік мекемелердің де қарызы жиналып қалған кез. Коммуналдық қызметтің алдындағы қарыз да шаш етектен жиналып қалған. Нарықтық экономикаға көшудегі баспалдақтарды жұртшылыққа түсіндіріп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара еңбек етуге шақыруда біздер Болат Әбжаппарұлының басшылығымен көп іс тындырдық десем артық айтқандық емес. Бар шаруа қаржыға келіп тірелгендіктен, олардың да тетігін тауып, рет-ретімен шешіп отырдық. Тіпті қаланың тазалығына жауапты мекемелер де қаржы тапшылығынан жапа шегіп, жұмыстары тұралап қалды. Алайда осындай келеңсіздіктерге қарамастан, облыс орталығын таза ұстадық. Бұған уақыт куә. Сондай-ақ түйіні тарқамаған мәселелер шешеді деуге негіз болар бастамалардың басынан табылды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қала тұрғындарының ертеңгі күнге деген сенімі, жарқын болашаққа жетелеу қала тізгінін қолға алған азаматтың күндіз-түні ойынан шыққан емес. Болат Әбжаппарұлы тұрғындармен өткен кездесулерде осы мәселені терең болжай, анық та айқын жеткізіп бағатын. Бар саладан хабары бар білікті басшының бұл бағыттағы ойлары да өз жемісін берді. Сол жылдардағы қала әкімдігінің қызметкерлері де қала әкіміне сенімді серік болып жанынан табыла білді.

Жалпы облыс орталығын Болат Жылқышиев басқарған шақ елімізді алға қарай дамыту жөніндегі экономикалық және саяси реформалар жаңадан белгіленіп, енді ғана еңсе түзеп келе жатқан кез болатын. Дегенмен проблемалар да жетерлік еді. Нақтырақ айтқанда, тіл мәселесі Елі ардақтаған азамат өте күрмеуі қиын күрделі проблема болды. Орыс мектептері қазақ мектептеріне қарағанда басымдығы айқын байқалатын. Ол кезеңдерде облыс орталығында таза қазақ мектептері саусақпен санарлықтай ғана болған. Болат Әбжаппарұлы осы мәселеге ден қойып, оны шешуді басты орынға қойды. Тіпті бір жыл ішінде аталған мәселе негізінде екі ауқымды жиын өтті. Ол жиындарда Болат Жылқышиев жауапты азаматтарға тиісті тапсырмалар мен ұсыныстар берді. Әрине, ол ұсыныстардың барлығы сараптаудан өткен, талқылауды қажет етпейтін ұсыныстар еді. Дегенмен төрт мектепті бірден қазақ мектебіне ауыстыру өте қиынға түсті. Себебі ата-аналар наразылық білдіріп, қарсы шыққандар да болды. Одан қала берді қалалық әкімдікке түрлі хаттар келіп, Үкіметке жолдауды талап еткендер де кездесті. Бірақ Болат Әбжаппарұлының ұстанған бағыты мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында оны да еңсеріп шықтық. Мектептер қазақшаланды. Бұл оң шешімін тапқан, қала халқы қолдаған игі істің бір парасы ғана еді. Сөйтіп, аймақтағы қазақ тілінің көсегесін көгертуде үлкен жемісті іс тынды. Қазір қалалық қай мекемеге барсаңыз да, мемлекеттік тілде іс жүргізіледі. Мұны сол жылдардағы жемісті істің нәтижесі деп айтуға да толық негіз бар. Болат Әбжаппарұлы қол астында қызмет еткен әріптестеріне тың жол көрсетіп отыратын десем артық айтқандығым болмас. Себебі сол кісі әкім болып тұрғанда тіл мәселесін, шаһар тазалығын, халықтың күйбең тірліктен рухани рухын көтеру мәселелерін көтеріп, оң шешілуіне ықпал ете алдық. Сондай бір қала халқын рухани қолдау мақсатында қолға алған істің бірі – қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің ашылуы еді. Көне шаһардың өз үні, өз айнасы болуын қалаған тұрғындардың тілегі бұған дейін де көтеріліп келген болатын. Ал мықтап қолға алынған кез Болат Жылқышиевтің қолдауымен болды. Қаржылық қолдау тауып, кадрлық жасақтау осы кезеңде тікелей қала әкімінің басшылығымен қолға алынып, 1996 жылдың 16 ақпанында «Жамбыл-Тараз» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Бүгінде толықтай тараздықтардың үніне айналған, 21 жылдық тарихы бар қалалық басылым осылай жарық көрген еді. Білесіз бе, сол алғашқы кездің өзінде газеттің таралымы 22 мың данаға дейін жетіп жығылды. Барлық қала тұрғындарының игілігі үшін қолға алынған бастамалар өз жалғасын тауып жатты. Дегенмен ол істердің барлығында Болат Жылқышиевтің өзіндік қолтаңбасы қалды. Сондай-ақ ол кісінің тұсында Тараз қаласының күнін атап өту алғаш қолға алынды. Сөйтіп, алғаш рет Қала күні 1997 жылы орталық стадионда ауқымды түрде аталып өтіп, сол кездегі облыс әкімі Амалбек Тшанов қала әкіміне қаланың символикалық кілтін табыс еткен болатын. Міне, сол уақыттан бері дәстүрін үзбеген бұл мереке жыл сайын қоңыр күзде, қазан айының алғашқы он күндігінде шаһар тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлап келеді. Биыл осынау күнді 20 жыл қатарынан тойлағалы отырмыз. Осы жылы да барынша сән-салтанатымен аталып өтілетініне сенімім мол.

Тағы бір айта кететінім, ол жұмыста өте қатал болды. Өзіне де, өзгеге де жоғары талап қоя білетін. Мемлекеттік қызметшілерге әуелі халық үдесінен шыға білуін талап ететін. Әрине, олар еткен еңбегімен ғана халықтың сенімін ақтай алады. Сондай-ақ ол сол кезеңдегі қала мен халықтың әлеуметтік жағдайын көре тұрып, қазіргідей таңғы сағат 8:00-ден бастап емес, 6:00-де жұмысқа келуді де талап ететін. Сол уақытта қызметкерлермен жұмысты жоспарлап алып, бірден іске кірісіп кететін. Ал өзі жұмысты жоспарлағанға дейін қаланы бір аралап шығатын болған. Осы қасиеті жұмысқа берілгендігін аңғартса керек. Болат Жылқышиев қаланы басқарған жылдары етене ара- ласып, қызметте қатар жүрген азаматтардың дені – бүгінде сан салада, биік лауазымдарда отыр. Соның бірі қала әкімінің орынбасары Кенжебек Мамашбайұлы Олжабаев сол жылдары қалалық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарған бо- латын.

Болат Әбжаппарұлы адам өмір жолының асқар биігі алпыстың асқарына шығып отыр. Ол кісіні көпшілік мемлекет қайраткері, ғұмырын ел дамуына арнаған зиялы азамат ретінде таниды. Еңбексүйгіштігі, қоғамдық белсенділігі жоғары, азаматтық қасиеттерімен елдің құрметіне бөленген азаматты тараздық жұртшылық ірі тұлға ретінде бағалайды. Киелі Әулиеата жерінде Болат Әбжаппарұлының қоғамдық және жемісті еңбегі нағыз кемеліне келген кезең болды. Туған жерге деген сүйіспеншілігі арқылы парасатты да рухы биік ізбасарлары ретінде біз де ол кісіден алған тәлім-тәрбиесін бойымызға сіңірдік. Дарынды ұйымдастырушылық қырын жадымызға түйдік. Тараз шаһарын басқарғаннан кейінгі қоғам игілігіне бағытталған ерен еңбектері еліміздің нығаюына өзіндік үлесін қосты. «Алпыс — тал түс» дейді халқымыз. Осынау жасқа дейін атқарған және алда атқаратын игілікті істе қанаты талмай, қажыр-қайраты арта беретініне сенім мол.

Күлімхан Тоғызбаева,

Жамбыл -Тараз. — 2017. — 13 қыркүйек

Алғыс арқалаған азамат. Алдиярбек Әли-Асқарұлы Түсіпов

Алғыс арқалаған азамат. Алдиярбек Әли-Асқарұлы Түсіпов

Желмаядай желдірте жететін, жемістері желкілдей пісетін жетпіс деген мәуелі жасқа адам баласының ажары таймай, адымы талмай жетуінің өзі бір ғанибет қой. Осындай еңселі де елеулі жасқа келген, ел ықыласына бөленген өңіріміздің ардақты азаматтарының бірі – Алдиярбек Әли-Асқарұлы Түсіповтің өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болсын деген мақсатпен қалам тартқанды жөн көрдік.

Жасынан білімге құштар болып өскен жас Алдиярбек орта мектепті ойдағыдай бітіргеннен кейін Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтына түсіп, 1973 жылы құрылысшы инженер-гидротехник мамандығын меңгеріп шығады. Еңбек жолын «Химпром» өндірістік бірлестігінде инженер болудан бастап, өзінің іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен танылған ол бас инженер дәрежесіне дейін көтеріледі.

Жаны жаз, жүрегі сәулелі, істеген ісі тиянақты азамат қызмет қуған жоқ, оны қызметтің өзі іздеді. 1979 жылы Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласы Орталық аудандық партия комитетіне қызметке шақырылып, онда нұсқаушы, бөлім меңгерушісі болған Алдиярбек Әли-Асқарұлы саяси сауатты, жан-жақты, ісіне адал қарайтындығын таныта білді.

Өзіне сенімді, ары таза, досқа адал, көпшіл тұлға болып қалыптасқан, қабілет-қарымын шыңдай түскен осынау азамат бұдан кейін 1983 жылы Орталық аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалады. Алты жыл бұл қызметті мінсіз атқарған тәжірибелі кадр ретінде жоғарғы басшылықтың ұйғаруымен 1989 жылы Қаратау қалалық атқару комитетінің төрағасы болып ауыстырылады. Бұл жерде де химия өнеркәсібінің шикізатын дайындауда зор рөл атқаратын өңірде адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға белсене кірісті. Тұрғындарды күнделікті тұтыну тауарларымен қамтамасыз етуде іскерлік танытты. Қалалық атқару комитетінің төрағасы ретінде өзіне қойылған талаптан шыға білді.

1992 жылы Алдиярбек Әли-Асқарұлы Тараз қалалық атқару комитетінің төрағасы, көп ұзамай қаланың тұңғыш әкімі болғанда абыройы арта түсті. Зауыт, фабрика, комбинат атаулының жұмысы тоқтап, бюджеттік сала мамандары күнкөріс үшін жабайы базар жағалап кеткен мұндай уақытта қаланы басқару өте күрделі көрінді. Ескі әдіспен іс бітіру мүмкін емес еді. Ең алдымен қаланы дамытудың жоспары жасалды. Ірі кәсіпорын басшыларына талап қойылып, бюджет алдындағы қарызды өтеу мерзімі белгіленді. Бойкүйез, монополист атқамінерлер қарсылық танытып, селкілдеді, сілкінді. Бірақ, амал жоқ, міндеттемеге көнді. Жағдай түзеле бастады. Қала басшысы ішкі резервтерді дұрыс жұмсай білудің арқасында экономикалық ауыртпалықты біртіндеп жеңіп отырды. Ең бастысы, адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға барын салды.

1996 жылы облыстық экология басқармасының басшысы болып тағайындалған Әлекең байсалды, істің мәнін жетік білетін азамат екендігін байқата білді. Бұл кезеңде электр қуаты, табиғи газ тапшылығы салдарынан ел жол бойындағы ағаштарды отай бастады. Экологиялық апатқа алып баратын бұл іске тосқауыл қоюға қатаң шаралар қолдануға тура келген кездер де болған. Бірақ, Алдиярбек Әли-Асқарұлы мәселені адами тұрғыдан шеше білді. Осы қызметтің орынтағында отырған сегіз жыл ішінде іскерлік, азаматтық бейнесі ашыла түскен тұлғаға тағы да зор сенім көрсетіліп, 2004 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Халық қалаулысы Парламентте табиғат қорғау, экология жөніндегі тұрақты комиссия мүшесі ретінде салада жаңа Заң қабылдауына, оның заманауи талаптарға сай болуына белсене атсалысты.

Депутаттық мерзімі аяқталғаннан кейін 2008-2010 жылдар аралығында қайтадан облыстық экология басқармасының басшысы Алдиярбек Түсіпов табиғат жанашыры ұстанымында қоршаған ортаны ластаушылармен ымырасыз күресе білді.

Алдиярбек Әли-Асқарұлы сеніп тапсырылған қай қызметте де өзінің іскерлігімен, жауапкершілігімен мәртебесін биіктете білді. Құрметті демалысқа шыққаннан кейін де құр қарап отыруды құп көрмей, қаламыздың дамуына ары қарай да үлес қосуды жалғастыру мақсатында 2015 жылы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметінің тізгінін ұстады.

Оның бастамасымен соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін әлеуметтік қорғау және қолдау бойынша бірқатар қоғамдық жобалар жүзеге асырылып келеді. Осындай келелі істердің нәтижесінде «Ардагерлер ұйымы» республикалық бірлестігі орталық кеңесінің байқауында Тараз қалалық ардагерлер кеңесі бас бәйгені иеленсе, облыстық ардагерлер кеңесі ұйымдастырған байқауда жеңімпаз атануы Әлекеңнің кемелдігінің бір асуымен қатар, оның азаматтық келбетінің де айшықтала түскенін аңғартады.

Алдиярбек Әли-Асқарұлы мінезге бай, ашуын артта, ақылын алда ұстайтын, жаны жайсаң, ізгілікті жан. Еш уақытта да дауыс көтеріп сөйлеген емес. Әңгімелесе кеткен адамымен жеңіл тіл табысып, сыйласқанмен сыйласа біледі. Сондықтан да ол жүрген ортасында өте сыйлы.

Ақпейіл, жаны таза, жүрегі жомарт, биік парасаты мен уәдесіне берік, шындық жолынан таймаған, жақсыға жалынбаған, жаманға табынбаған, адамгершілігі мол, иманды, ұлтжанды азамат осындай айтулы жасқа алаңсыз көңілмен, алғысқа бөленіп жетіп отыр.

Қоғам қайраткері, Жамбыл облысының, Тараз қаласының және Талас ауданының Құрметті азаматы Алдиярбек Әли-Асқарұлының бар болмысы осындай. Ел-жұрты үшін жаралған кең пейілді тұлға ретінде танылған Әлекең Құдай қосқан қосағы Айша екеуі дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген ұл-қыздарынан сүйікті немерелерінің қызығын көріп отырған өнегелі де бақытты отбасы.

Алдаберді Мақашев

Ақ жол. – 2017. – 9 қыркүйек

Туған жердің туы биік болсын деп…Асанбай Асқаров

Туған жердің туы биік болсын деп…Асанбай Асқаров

«Асқар тау алыстаған сайын асқақтай түседі» дегендей, біздің қазақта да уақыт өткен сайын биіктеп, есімі мен еңбегі бүгінгі ұрпақпен бірге жасасып келе жатқан таудай тұлғалар аз емес. Олар кеше ұлттың намысы мен арын, болмысы мен бағын сақтап қалуға орасан еңбек етіп, сол жолда жанын да, барын да салып, тар жол тайғақ кешуден тайынбай, тер төкті. Ұлтымыздың сондай бірегей ұлдарының бірі – Асанбай Асқаров еді.

Сонау 1922 жылы, осыдан дәл тоқсан бес жыл бұрын 15 қыркүйекте облысымыздың Меркі ауданындағы Тәтті ауылында өмірге келген Асанбай әкеден небәрі жеті жасында қалып, ерте есейіп, қатарластарынан бұрын бой тіктеп, ой түзейді. Содан болар, ол мектептен кейін Фрунзедегі педагогикалық училищені бітіріп, бар-жоғы он жетіге толар-толмас шағында еңбек жолын мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі болып бастайды. 1942-1946 жылдары әскер қатарына шақырылып, батальон, полк деңгейінде әскери-саяси ұйымдастырушылық қызметтер атқарды. Ұлы Отан соғысы жылдарында жауынгерлерді баптап, оларды қаһармандық, ерлік көрсетуге баулып, жеңіске жетуімізге үлкен үлес қосты. Соғыстан елге оралған соң, саяси және идеологиялық жұмыстармен ай-налысты. Аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, аудандық, облыстық комсомол комитеттерінің хатшысы болды. Облысымыздың Красногор және Меркі аудандарында партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Небәрі 36 жасында Жамбыл облыстық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы, екі жылдан кейін осы облыстың партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Өңірдің экономикасын, мәдениетін дамытуға орасан зор еңбек сіңірді. Ірі өндіріс орындары бой көтерді, ғылыми-зерттеу орталықтары, мәдениет ошақтары ашылды. Жамбыл қаласы өсіп-өнген, гүлденген қалаға айналды. Халықтың мәдениеті мен тұрмысы әлдеқайда түзелді. 1965-1978 жылдары Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Ол жақтың да ғылыми-техникалық, мәдени-әлеуметтік, экономикалық әлеуетін биік деңгейге көтерді. Балқаш өңіріндегі Ақдала алқаптары күріш өсіретін аймақ ретінде танылды. Қарадала, Шеңгелді, Күртідегі Бозай аймақтары суландырылып, молшылық, береке мекеніне айналды. Бүкіл Жетісу өңірі гүлдей жайнап түрленді. Алматы қаласы көркейіп өсе түсті. Жаңа ірі өндіріс ошақтары ашылып, ықшам аудандар салынды. Көптеген сәулетті ескерткіштер мен алып ғимараттардың іргесі қаланып, көшелердің сәулеті артты. 1978-1985 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысын басқарғанда да өзінің өрелі істерімен көптің көңілінен шықты.

«Замана – соққан жел. Мағыналы өмір сүргің келсе, оған желкен бол. Желкен болу – ұдайы желдің өтінде тұру. Айтуға ғана оңай. Оған мықтылық керек. Жай мата желкен бола алмайды» деген екен бір ғұлама. Сол айтқандай, Асанбай Асқаров та заманның құйындатып соққан желіне қарсы өз көкірегін тосып, елінің қорғаны бола білгені де шындық. Ол сол арқылы абырой биігіне, адамдық асуына көтеріле алды. Сондықтан ол туралы көп айтылады, жиі жазылады. Бүгінде ол туралы жазылған естеліктер мен мақалаларға көз жүгірте қалсақ, таудай тұлғаның биік болмысы мен азаматтық қырларына қаныға түсеміз. Бәрінен де оның ұлттық мүдде тұрғысындағы ұстанымы, елдік қасиеті, азаматтық көзқарасы анық айшықталып тұрады.

«Қандай да бір қайраткердің еңбегі мен төккен терін саралаған, бағалаған кезде ең алдымен оның өзі өмір сүрген кезеңде қоғам алдында атқарған, сіңірген еңбегі ең басты өлшем болмақ. А.Асқаров өткен кеңестік кезеңде қызмет етіп, билік тұтқасын ұстап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениеті мен ғылымының өркендеуіне зор үлес қосқан аса беделді әрі абыройы асқақ, кемел тұлғалардың бірі. Еңбекке жастайынан етене араласып, басшылық мектебінің барлық сатыларынан, өмір мектебі өткелдеріндегі сыннан сүрінбей өткен Асекең жастар ұйымының аудандық, облыстық басшысы қызметі баспалдақтарын басып, өмір тәжірибесін жинақтап, партиялық басшылықта ширек ғасырдан астам уақыт қызмет етті. 26 жылдай үш облыстың партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін абыроймен атқарды. Атқарғанда да абырой биігінен көрініп, өзі басқарған облыстарда артында өшпестей із қалдырып отырды. Ол қай облысты басқарса да сол аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын заманға сай биік деңгейге көтере білді. Оның ұйымдастырушылық еңбегінің нәтижесін көзімен көріп, көңіл-көзімен сезінген халық оған мейлінше сеніммен әрі үмітпен қарады. Асекең де жаратылысынан ұлтжанды, тарихымыздың сұңғыла білімпазы болғандықтан қолына алған істерінің тарихи мән-маңызына, халықтық мәніне ерекше ден қойып, ұлтымыздың болашағын көздеген басшы болды. Ол бір күндігін емес, алыс болашағын көздеген тұлға еді», – дейді мемлекет және қоғам қайраткері Серік Үмбетов өзінің бір мақаласында аға туралы ағынан жарылып.

Жалпы алғанда Асекең өзінің туған жері – Жамбыл облысында 19 жыл бойы елеулі еңбек етті. Ол сол жылдары облысымыздың өсіп-өркендеуіне, жаңа өндіріс орындарының, зауыт-фабрикалардың, мәдени ошақтардың ашылуына тікелей ұйытқы болды. Көрнекті тұлғаларға ескерткіш орнату әлі қолға алынып, дәстүрге ене қоймаған кезеңде облыстың атын иемденіп отырған Жамбыл атамызға еңселі ескерткішті Асекең өзі облысқа басшылық жасап тұрған кезде орнатып кетті.

– Адам баласы жарық дүниеге бәрі бірдей боп келгенімен бәрінің алдында не бітірді, не тындырды, фәни жалғаннан бақилыққа кім боп аттанды деген үлкен сұрақтар тұрары анық. Біреулер бұл дүниеден елеусіз, ескерусіз өтсе, біреулер тіпті халықтың қарғысын арқалап аттанады. Тек санаулы адам ғана елінің мерейін өсіріп, мақтанышына айналып, үлкен абыройға ие болады. Сондай жанның бірі − Асекеңді халқы аса көрнекті, қажымас, қайсар қайраткер, айбарлы басшы, ғұлама ғалым, үлкен жазушы, ақын, елінің ардақты да абзал азаматы, ұлы перзенті деп бағалады. Өмірден озғанына біраз жыл болса да атын ұмытпады, атақ-абыройын төмендетпеді, – дейді шәкірт-інісі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Көпжасар Нәрібаев.

Иә, адал төккен маңдай тер, тынымсыз кешкен бейнет, еліміздің жүгін қара нардай көтерген қайрат еленбей, ескерілмей қалған жоқ. Әділдік те жарық күн сияқты, нұрлы сәулені қолмен көлегейлеп тұра алмайсың.

«Қырсық шалса жолыңды,

Қысқартады қолыңды,

Іске аспай қалады,

Айтқан сөзің орынды», деп ол текке жырламады.

Ол қайта құру кезеңінің әділетсіз құрбанына айналса да, тағдыр тәлкегі текті тұлғаның сағын сындыра алмады, әділетсіздік қыран қанатын қырқуға қауқарсыз еді. Қолдан ұйымдастырылған жаладан құтылып, ақталып шыққаннан кейін де Асекең қол қусырып қарап отырған жоқ. Тынымсыз еңбек етіп, ұрпақ алдындағы азаматтық парызын көз жұмғанша атқарып кетті. Алдына ақыл сұрап келгендерге жол сілтеп, ағалық, абыздық қасиетінен айнымай, білген-түйгенін айтудан жалықпаған.

Еңбек зейнеткері Әшімқұл Ақпейілов көз көрген ретінде тұлғаның осы болмысына тәнті болғанын айтады.

– Мен Асанбай ағамен үш-төрт мәрте кездестім. Інілік ізет білдіріп, жөн сұрап алдына барғам. Үйінде де болдым. Сонда байқағаным, А.Асқарұлы қабілет қайнары, шығармашылық мүмкіндігі мол, қажуды, шаршап, шалдығу дегенді білмейтін қайратты кісі еді. Оның өзі ол кісінің тектілігінен, рухының мықтылығынан туындап жататын. Көрнекті мемлекет қайраткерінің шығармашыл тұлғасын кейінірек танып, білдік қой. Мен шежіре жазуды қолға алғанымда да, ақылын айтып, ұсақ-түйекті сөз қылмай, нақты мәліметтермен жазу керектігімді ескерткен еді. Шежіремнің алғашқы бөліктері «Қазақ батырлары» газеттерінде жарияланғанда Асанбай аға танысып, өз ойын білдірген еді, – дейді Ә.Ақпейілов.

Сондай-ақ, ол аға өсиеті арқылы көптеген қазақтың ірі тұлғаларына ескерткіштер орнатылып, кітаптар жарық көргенін де тілге тиек етті.

Халық перзенті, көзі тірісінде-ақ аңызға айналған асыл азамат тірі болғанда биыл тоқсан бес жасқа толар еді. Ерен еңбегінің арқасында Социалистік Еңбек Ері атанған ол елімізге ғана емес, кешегі бүкіл кеңес одағына танымал ірі тұлғалардың бірі болғандығы сөзсіз. Ұлтының ұлы, намыстың құлы бола білген барша алаштың ардақтысы атанған Асанбай Асқаровтың есімін ұмытпай, елі үшін еміреніп еткен өлшеусіз еңбегін елеп, ескеріп, құрметтеу – бүгінгі біздердің мерейлі міндетіміз. Сөз соңын ардақты ағаның елім деп соққан жүрегінен тулап шыққан бір шумақ өлеңмен аяқтағанды жөн көрдік.

«Туған жердің туы биік болсын деп,

Жері егінге, қыры малға толсын деп.

Еңбек еттім жанымды бір аямай,

Ел басына бақыт құсы қонсын деп».

* * *

Жуырда Ә.Ақпейілов «Асанбай аға өсиетімен» атты кітапша шығарды.

Жанғазы Ахмет

Ақ жол. – 2017. – 14 қыркүйек

Академик Алшанов

Академик Алшанов

ҚР Президенті Архивінде «Мәңгілік Ел» қайраткерлері» циклдық кездесулері аясында мемлекет және қоғам қайраткері, КСРО-ның «Халықтар достығы» ордені, Қазақстанның «Парасат» ордені, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Тұран» университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық инженерлік академияның академигі Рахман Алшанұлы Алшановпен кездесу өтті.

Рахман Алшанов 1947 жылы 13 қыркүйекте Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң мектепте мұғалім болып жұмыс істеп, сонан соң Шу қант зауытында енбек етті.

1969-1974 жылдары С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың философия-экономика факультетінің саяси экономика бөліміне оқуға түсті. 1973-1984 жылдары комсомол комитетінің хатшысы, ҚазМУ-дың саяси экономика кафедрасының әрі ассистенті, аға оқытушы, доценті қызметтерін қатар алып жүрді. Жастар арасындағы және көптеген қоғамдық іс-шараларды ұйымдастырушы болды.

1986-1987 жылдарды С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың философия-экономика факультетінің деканы болды. 1988-1992 жылдары республикалық мәдениет қызметкерлерінің біліктілігін артттыру институтының директоры, Қазакстан мәдениет қызметкерлерінін шығармашылық одағының президенті болып сайланды. 1992 жылы бүгінгі таңда он бес мыңнан астам жоғары білікті маман даярлап шығарған, республикамыздағы алғашқы жеке меншік «Тұран» университетін құрды. Бүгінгі таңда оқу орны екі университеттен құралған (Алматы және Астана) екі колледж (Алматы және Астана), «Тұран» лицейі (Алматы), үш ғылыми-зерттеу институты, «Тау-Тұран» оқу-сауықтыру кешені, «Түран-Профи» халықаралық академиясы, бакалавриат-магистратура, докторантурасы бар үлкен «Тұран» корпорациясына айналған. Ал Рахман Алшанов сонымен қатар, 2002 жылдың ақпан айынан бастап ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті болып қызмет етіп келеді. Ол аса маңызды сала болып табылатын әлемдік білім беру кеңістігіндегі интеграциялык жұмыстарға, ондағы бәсекелестікті арттыруға белсенді атсалысып келеді. «КазРЕНА» Қазақстан ғылыми білім беру компьютерлік желісін пайдаланушылар қауымдастығының президенті.

1981 жылы С.М. Киров атындағы ҚазМУ-да кандидаттық диссертациясын және 1992 жылы Санкт-Петербург мемлекеттік университетінде докторлық диссертациясын сәтті қорғаған.

Рахман Алшанов бірнеше қоғамдық Академия мен сайлау органдарының мүшесі, Ұлттык және халыкаралық инженерлік Академияның, жаратылыстану ғылымдары Академиясының, Еуразиялық экономикалық Академияның, Халықаралық қоғамдық туризм Академиясының президенті, Білім және ғылым министрлігі алқасының, ҚР Үкіметі жанындағы республикалық Кеңестер мен комиссиялардың, инновациялық қордың жанындағы талдау кеңесінің мүшесі.

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінде 812-ші корының 28-ші сақтау бірлігінде Қазақ мемлекеттік университетінің комсомол комитетінің хатшысы Рахман Алшановтың жеке ісі 1977 жылдан бері мемлекеттік сақтауда. Қазақстан ЛКЖО Алматы облыстық комитетінің хатшысы Шәмша Беркімбаеваның ұсынысына сәйкес, 1974 жылдың 26 наурызында комсомолдың республикалық Орталық Комитетінің шешімімен Рахман Алшанов Қазак мемлекеттік университетінің комсомол комитетінің хатшысы болып бекітілгені туралы, өмірбаяны мен мінездеме құжаттары бар.

Сонымен қатар, архивте оның философия-экономика факультетінің деканы қызметін атқарып жүрген кезіндегі құжаттары және 1986 жылы желтоқсан айында студентін қорғау мақсатындағы қүжаттары да сақталынған. Оның өзіне де жалған айып тағылып, бір жылдан соң жұмыстан кетуге мәжбүр болады. 2015 жылы ҚР Президенті архивіне отбасы атынан Алматы қаласы жеке коллекция жинаушыларынан сатып алып жинақталған Кеңес Одағының Батыры. жазушы Мәлік Ғабдуллиннің құжаттарын сыйға тартқан. Архивке берілген Мәлік Ғабдуллиннің кұжаттары бірегей, әсіресе оның жұбайы жазған «Мәлік туралы өлеңдер» деген жинақтағы жазбалары, жазушының фотосуреттерінің түпнұсқалары және басқа да құжаттар зерттеушілердің сұраныстарына ие.

Осындай айтулы азаматпен болған кездесуге «Нұр Отан» партиясы және баспасөз өкілдері, Алматы қаласы қоғамдық кеңес мүшелері, қызметтестері мен «Тұран» университетінің студенттері мен оқытушылары қатысты. «Дөңгелек үстелдің» алғы сөзінде ҚР Президенті архивінің директоры Б.Жапаров Р. Алшанов жайлы жылы лебізін білдірді. Жиналған қауымға «Формула успеха» деп аталатын Рахман Алшанұлының қызмет жолына арналған бейнебаян көрсетілді. Сонымен қатар, кездесуге келген Алшаңовтың замандастары оның іскерлігі мен еңбексүйгіштігі, шыншылдығы мен қарапайымдылығы жайлы өз ойларымен бөлісіп, ыстық ықыластарын білдірді.

Рахман Алшанов өз сөзін кеш қонақтарына алғыс айтудан бастады. Аянбай еткен еңбектің арқасында көп нәрсеге қол жеткізуге болатынын жастарға айтып, алдағы уақытта әлі де біршама жұмыстарды аткаратынымен бөлісті.

Сондай-ақ, кеш қонақтарына ҚР Президенті архивінің ұйымдастырған Р.Алшановтың өмірі мен қызметі жөнінде ақпарат беретін құжаттық көрмесі таныстырылды. Көрмеге Рахман Алшанұлынын жеке қорынан алынған құжаттары мен фотосуреттері. Алғыс хаттары мен еңбектерінің көшірмелері фотоқұжат ретінде қойылды. Кеш соңы шағын концерттік бағдарламамен аяқталды.

Сымбат Шайжанова

Ақ жол. – 2017. – 23 қыркүйек



Дипломат

Дипломат

2015 жыл. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге белгілі бір топ тұлғаларды наградтады. Солардың арасында Шу ауданының орталығы Төле би ауылында туып-өскен Сайлау Батыршаұлы «Парасат» орденімен марапатталды. Ол белгілі дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері, ұлағаты ұстаз.

Қой жылы соңында Астана қаласындағы «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын өтті. Шарада Нұрсұлтан Назарбаев: «Тұтас бір дәуірлердің куәгері болған біздің халық өз дамуында көпғасырлық күрделі жолдан өтті. Әл-Фараби айтқан екен, мемлекет те адам сияқты өз өмірінде екі табалдырықтан аттайды. Біріншісі – өмірге келуі, екіншісі – ересек өмірге қадам басуы. Осы кезеңдердің әрқайсысы қайталанбайтын әрі қымбат кезең болып саналады. Біздер, қазақ халқы, ұлт өрлеуінің қазақстандық дәуірінің негізін қалаушыға әрі тұңғыш ізбасарына айналдық. Біз өз егемендігімізді бабалардың өнегесі мен халқымыздың парасаттылығының арқасында алдық. Шексіз арман жолында Отан үшін орасан қиындықтардан өтуге болады. Тәуелсіздік – күшті рухпен және мықты мінезбен ғана ұстап тұруға болатын тарих толқыны», – деп өз ойын айтты.

Сол қиын-қыстау кезең саналатын 1991 жылы Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болатынына күмәнмен қарағандардың қарасы қылаң берген. Елбасы Н.Назарбаев барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, сол жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін жариялады. Бүгінгі күні ел тәуелсіздігінің ширек ғасырға басқан қадамын тойлауға кірісті.

Бұл жетістікке қазақ дипломаттары да өзіндік үлесін қосты. С.Батыршаұлы 1990 жылдан бастап Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, министрдің міндетін атқарды. Ол еңбек жолын 1965 жылы Қазақ ССР Сыртқы істер министрлігінің бірінші хатшысы қызметінен бастады. Мәскеуде Жоғарғы дипломатиялық мектебін (академия) бітірген соң Францияда, Алжирде, Конгода совет елшілігінде дипломат қызметінде болды.
Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған соң шет мемлекеттермен дипломатиялық қатынас орнатуда Сайлау көп еңбек атқарады. Еліміздің Өзбекстан Республикасындағы бірінші Төтенше және Өкілетті елшісі ретінде екі ел арасындағы қатынасты реттеуге үлкен үлес қосып, Өзбекстандағы қазақ қандастарымызбен тығыз байланыс жасап, олардың ата жұртына оралуына жол ашты. Солардың ішінде қазіргі Қазақстан Республикасы елтаңбасының авторы, әйгілі дизайнер-архитектор Жандарбек Мәлібековке Қазақстан азаматтығын өз қолымен берген осы С. Батыршаұлы болатын.

Ол кезде біз бұрынғы Совет одағының куәлігін пайдаланып жүрдік. Жаңа Қазақстан Республикасының паспорты 1995 жылы 1 қаңтардан бастап енгізілді. Айта кететін тағы бір жайт, Алаш көсемдері және бүгінгі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің суретін салған Өзбекстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ұлты қазақ Әбдімәлік Бұхарбаев сынды өнер қайраткеріне де Қазақстан азаматтығын берген – Елші С. Батыршаұлы. Сондай-ақ, Сыртқы істер министрлігінің айрықша тапсырмалар жөніндегі елшісі, Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасындағы, Израильдегі елшіліктердің кеңесшісі болып тер төкті. Соңғы жылдары Сыртқы істер министрінің кеңесшісі лауызымынан зейнетке шықты.

Бүгінде дипломатия қызметіне келгеніне 50 жыл толып отыр. 1944 жылы Республикада Сыртқы істер министрлігі құрылғаннан бері 15 министр қызмет атқарса, дипломат ардагер – солардың 13-імен қызметтес болып, сұхбаттасқан тұлға.
Бұған дәлел белгілі дипломат, мемлекет қайраткері Қ. Тоқаев: «С. Батыршаұлы – білімді, белсенді, өмірлік ұстанымы бар азамат және табиғатынан халықтық дипломатиясынан сусындаған» – деп, «Дипломатиялық қызмет және халықаралық қатынастар» оқулығына жазған алғы сөзінде өз ойын білдірген.

Тәуелсіздікті алар алдындағы 1991 жылғы тамыз айында Елбасы Н. Назарбаевтың шақыруымен Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер Қазақстанға келген болатын. Алып елдің Мемлекеттік хатшысын Елбасы қабылдап, екі ел арасындағы саяси, экономикалық түрлі мәселелер және болашақтағы қарым-қатынас туралы толғамды ойлар талқыланды. Өйткені Қазақстан жерінде стратегиялық ракеталар және ядролық полигондар орналасқан, сонымен қоса, елімізде үлкен мұнай қоры анықталған болатын. АҚШ осы жайларды ескеріп, елімізбен саяси, сауда-экономикалық қатынас орнатуға бел байлады. Сөйтіп, олар тиімді келіссөз жасай алды. АҚШ-тың тәжірибелі ірі компаниялары Қазақстан мұнайын игеруге көмектесетін болып келісілді. Сол уақытта еліміз тәуелсіздікті әлі жарияламаған, қазақ дипломатиясының тәжірибесі де аз болатын. Соған қарамастан, Америка делегациясын жоғары дәрежеде қарсы алып, нәтижелі келіссөз жүргізілді. Жоғары дәрежелі делегацияны қарсы алып, оларды күтуде қазақ дипломатиясы үлкен іс атқарды. Оған дәлел Джеймс Бейкер Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы С. Батыршаұлына арнайы алғыс білдіріп, хат жазады.
1990 жылы 25 қазанда қазақ дипломатиясы «Мемлекеттік егемендік» туралы Декларация даярлауға өз үлесін қосты. Бұл декларацияда тұңғыш рет «мемлекет» деген сөз қолданылып, шетелдермен байланыс жасау мәселесі бекітілді. Тәуелсіздік алу жолында бұл құжаттың маңызы өте зор болды.

Қазақ Үкіметінің тапсырмасы бойынша Мәскеуде одақтық министрлігінде Сыртқы істер министрлерімен кездесу, жиындарда дипломат тәуелсіздік алу жолына белсенді кіріседі. Ол Республика жұртшылығын, оның ішінде басқа да ұлт өкілдерін егемендікке иландыру үшін көп әрекет жасайды, соның бірін айтар болсақ: 1990 жылғы 6 қазанда «Ленинская смена» газетіне берген сұхбатында «Қазақ ССР-і Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуға толық құқылы және бұл мәселе күн тәртібінде тұр» деп мәлімдейді. Ал корреспондент дипломаттың пікірін «фантазия» деп есептейді. Сөйтіп, «Казахстан – полноправный член ООН. Фантазия или реальность?» деген тақырыппен мақала береді. Бірақ, бұл ешқандай да фантазия болған жоқ. Өткен күннің еншісінде қалған шындық. Тәуелсіздіктің таңы атып, көк байрағымыз желбіреп, ел еңсесін көтеріп, болашаққа нық сеніммен қадам басты.

Қазақстан Республикасы 1992 жылы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының толыққанды мүшелігіне қабылданды. Қазірде Қазақстан мемлекеті әлемдік аренада беделді мемлекетке айналды. Әрине, бұл ең алдымен тәуелсіз мемлекетіміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының жемісі және бұған қазақ дипломатиясының да қосқан үлесі мол екендігі хақ.

1991 жылы қазан айында Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының сессиясына Кеңес одағының делегациясы құрамында Сыртқы істер министрінің орынбасары С.Батыршаұлы да қатысады. Біздің дипломат осы сәтті пайдаланып, БҰҰ-ға мүше елдердің делегацияларымен жұмыс жүргізіп, Қазақстан туралы мәлімет береді. Ол осы тұста АҚШ Мемлекеттік департаментінің бөлім басшысы Джонсон және АҚШ Конгресінің жауапты хатшысы Джоунстқа Қазақстан басшысының тәуелсіздікке баратын идеясын да жеткізеді.

БҰҰ ғимаратында шетел корреспонденттерінмен баспасөз мәслихатын өткізеді. Оған қатысқан ТАСС агенттігінің корреспонденті біздің дипломаттан сұхбат алады. 1991 жылғы 24 қазанда ТАСС корреспондентінің баспасөз мәслихатынан берген мақаласы республикалық ақпарат құралдары «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» «Жетісу», «Вечерняя Алма-ата» газеттерінде жарияланды. Осы жағдайлардан кейін Министр дипломатты қызметтен босату әрекеттерін жасайды. Осы мәселе жөнінде сол кездегі Премьер-Министрдің орынбасары М. Жолдасбеков С.Батыршаұлын кабинетіне шақырып, мән-жайды сұрайды. Сұхбатта көтерілген Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болатындығына көзі жетіп, дипломаттың өз қызметінде қалуына жәрдем береді.
Бір жарым айдан соң, Қазақстан 1991 жылы 16 желтоқсанда мемлекеттік Тәуелсіздігін жариялады. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдары Сыртқы істер министрлігі, елшілер, дипломаттар туралы заңнама, қаулы, ережелер даярлауда мол тәжірибесі пайдаға асты. Сол жылдары Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қалыптасуына, шетелдерде біздің елшіліктеріміздің ашылуына үлкен жұмыс жасалды.

Шын мәнінде Сәкең – «Сегіз қырлы, бір сырлы» тұлға. Ол кісі тек мемлекет қайраткері, дипломат қана емес, үлкен ғалым-ұстаз. Ол 60-жылдарда Қазақ ССР Сыртқы істер министрлігіндегі қызметінен қол үзбей жүріп, қосымша Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде, Қазақ педагогикалық институты, Қазақ ауыл шаруашылық институты, Қазақ гуманитарлық заң университетінің профессоры ретінде қосымша қызмет атқарады.

Халықаралық тәжірибесін, білімін бүгінгі студенттерге беріп келеді. 28 жылдық ғылыми-педагогикалық жұмыс өтілі бар профессор, Еуразия ұлттық университеті халықаралық қатынастар факультетінде дипломаттар даярлауда бакалавр, магистрант және докторанттарға дипломатиялық хаттама және халықаралық қатынастар, халықаралық шиеленістер туралы лекция оқып жүр.

С.Батыршаұлы дипломатиялық қызметпен бірге ғылымда, халықаралық қатынастар мамандығына маман даярлауда жемісті еңбек етуде. 2005-2010 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде докторлық диссертация кеңесінің мүшесі, 2002 жылдан бастап Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінің профессоры және ғылыми кеңесінің мүшесі болды.

Еліміздің қоғамдық жұмыстарына белсене араласып жүрген ардагер дипломат, ұстаз Астанадағы «Мемлекеттік тіл» қозғалысының төрағасы қызметін атқаруда қазақ тілін мемлекеттік тіл мәртебесіне жеткізу мақсатында көптеген игілікті істер атқарып келеді.

Ол көптеген ғылыми-публицистикалық еңбектер жазды. «Развитие промышленности в развивающихся странах», «Внешнеэкономические и культурные связи Казахстана» және «Дипломатия тек сыртқы саясат емес…», «Мысырдағы Мәмлүк сәулет өнерінің тарихы», «Оман Сұлтандығы» кітаптарының авторы. Республика тарихында тұңғыш рет қазақ тілінде «Дипломатиялық қызмет және халықаралық қатынастар» оқулығын жазып шыққан бірегей дипломат. Осы еңбегі үшін Қазақстан жоғарғы оқу ассоциациясының шешімімен «Ахмет Байтұрсынұлы» республикалық медалі тапсырылды. Сондай-ақ, Қазақстанның және шетелдердің саяси-экономикалық, әлеуметтік проблемаларына байланысты жүзге жуық мақалалары мен еңбектері жарық көрді.

Дипломатия саласында атқарған ерен еңбегі үшін Кеңес одағы, Қазақстан Сыртқы істер министрлерінің көптеген грамоталары мен Алғыс хаттарын алды. «Қазақстан Республикасы Дипломатия қызметінің еңбек сіңірген қызметкері», Елдің тәуелсіздігіне қосқан еңбегі үшін Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен, Қазақстан Республикасының сыртқы саясатына қосқан үлесі үшін «Нәзір Төреқұлов» медалімен марапатталған.

Белгілі дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері, Еуразия ұлттық университетінің профессоры ретінде студенттерге білім берумен ғана шектеліп қалмай, жастарға ұлттық сананы бойларына сіңіріп, қалыптастыруда атқарып жүрген еңбегі еселі жерлесімізді мақтан тұтамыз.

Лариса АЛДАБЕРГЕНОВА,

журналист.

Астана қаласы

Ақ жол. – 2016. – 23 қаңтар(№9). – 4 б.



Марат Құлибайұлы

Марат Құлибайұлы 1975 жылы 21 ақпанда Жамбыл облысы Жуалы ауданы Бақалы ауылында туған. М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің филология және журналистика факультеттерін бітірген. Еңбек жолын С. Сейфуллин атындағы орта мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары , облыстық «Ар-Ай» газетінде жауапты хатшы, Жуалы аудандық «Жаңа өмір» қоғамдық- саяси газеті ЖШС директор – бас редакторының орынбасары, Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінде тілші болып жұмыс істеді. Қазіргі таңда «AULIEATA-MEDIA» ЖШС еңбек етуде.

«Қолқанат» және «Мейірім» атты әңгімелер жинақтары мен «Жұлдызы биік Жуалы» атты тарихи – т анымдық кітабы жарық көрген. Бірқатар шығармалары мектеп оқулықтары мен түрлі республикалық жинақтарға енген.

Әңгімелері аудандық, облыстық баспасөз беттерінде, республикалық «Балдырған» және «Жыл он екі ай» журналдарында тұрақты жарияланып тұрады. Қазақстан журналистер одағының мүшесі.

Толығырақ көру…

Отан үшін отқа түсен жамбылдық медицина қызметкерлері

Отан үшін отқа түсен жамбылдық медицина қызметкерлері

Екінші дүниежүзілік соғыс 1941 жылдың 22 маусымынан 1945 жылдың 9 мамырына дейін – 1418 күн мен түнге созылды. Қанды қырғынның жеңіспен аяқталғанына биыл 70 жыл толды. Кешегі кеңестер одағының барлық халықтары шынайы қуанышпен қарсы алып жатқан осы ұлы мерекенің бүгінгі тойлауына қазақстан халқы да кезінде өзінің лайықты үлесін қосты.

Мерейтой қарсаңында сұрапыл соғыста толарсықтан саз кешіп, қанын да жанын да аямай, Жеңіс күнін жақындатқандар туралы басылым беттерінде сандаған естеліктер жазылуда. Майдан даласында қаншама жан оққа ұшып, жер жастанды, қаншама адам мүгедек болып оралды? Соғыста көз жұмған қаншама адамның отабасы өмірдің ауыр тауқыметін, тағдыр қиындығы мен қасіретін басынан өткерді десеңізші. Сол сұрапыл соғыстан аман-есен елге оралған сан мыңдаған майдангерлер күні бүгінге дейін «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» деп ауыр күрсіне отырып, сол отқа оранған жылдарын естеріне түсіріп, жанарлары жасаурайды…

Отанымызды қорғауға тек бір Қазақстаннан миллионнан астам (нақты деректер бойынша, соғыстың алдында Қазақстанда 6,2 млн. адам тұрса, соның 1.196.164) адам соғысқа аттанған. Олардың жартысынан көбі, яғни 602 928-і сол майдан даласынан туған жеріне оралмапты. Олар шайқастарда, госпитальдарда, тұтқында өлген немесе хабар-ошарсыз кеткен.

Ұлы Отан соғысы жылдары көптеген медицина қызметкерлері майданға қатысып, соғыс даласы мен әскери госпитальдарда жараланған әскерлер мен офицерлерге, тіпті, жергілікті халыққа күн-түн демей медициналық көмек көрсетіп, қан кешіп жүріп аянбай еңбек етті. Дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында жарақат алған солдаттар мен офицерлердің басым көпшілігі қатарға қосылып, соғыс майданына қайта араласып, Ұлы Жеңіс үшін қан мен тер төкті.

Енді аздап болса да кейбір қолда бар мәліметтерге жүгінейік. Ұлы Отан соғысы жылдары 200 мыңнан астам дәрігер, 1,5 миллион орта медицина қызметкерлері әскер қатарына шақырылып, жарақат алған және науқастанған жауынгерлерге медициналық көмек көрсетуге жұмылдырылды. Олардың қатарында қазақстандық медицина қызметкерлері де болды. Медицина қызметкерлерінің арқасында қаншама жанның өмірі сақталып, денсаулығы қалпына келтірілді. Кескілескен қантөгіс майданда жарақат алған 9 миллионнан астам жауынгерлер мен офицерлерге борап тұрған оқ арасында, снаряд пен бомбалар астында дәрігерлік көмек көрсеткен медиктердің жанқиярлық еңбегін, олардың ұлы Жеңіске қосқан үлестерін немен бағалауға болады?

Соғыста 85 мың медиктер оққа ұшып, қаза тапты немесе хабарсыз кетті. Олардың ішінде 5 мың дәрігерлер, 9 мың медбикелер мен фельдшерлер, 23 мың санитар-инструкторлар, 48 мың санитарлар болатын.

Жарақаттанған солдаттар мен офицерлердің 72,3 пайызын, ауырғандардың 90,6 пайызын медицина қызметкерлері қайта қатарға қосып, кері майдан даласына аттандырды. Бұл дегеніңіз 17 миллионға жуық адам екен. Егер 1945 жылдың қаңтар айында Кеңес Үкіметінің соғыстағы әскерлер саны 6 миллион 700 мың болса, жоғарыда аталған цифрдан медицина қызметкерлерінің майданға қосқан ерен үлесін көру қиын емес.

Ұлы Отан соғысының ардагері, медицина қызметінің генерал-полковнигі Ф.И.Комаровтың мәліметі бойынша, Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін 116 мыңнан астам әскери медицина қызметкерлері және 30 мыңға жуық тылдағы азаматтық денсаулық сақтау қызметкерлері мемлекеттік наградаларға ие болды. Оның 42-не ең жоғары марапат — Кеңес Одағының батыры атағы берілді. 39 әскери госпитальдар мен 8 медициналық-санитарлық батальондар ордендермен наградталды.

1941 жылы тек бір ғана біздің Жамбыл облысынан 123 медицина қызметкері әскер қатарына алынды. Сұрапыл соғыстың әскери госпитальдарда біздің облыстан шақырылған 500-ге жуық медицина қызметкерлері қажырлы еңбек етті. Олардың басым көпшілігі Мәскеуден Берлинге дейін жетіп, Жеңісті сонда қарсы алды. Атын атап өтсек, олар көп жылдар Жамбыл облыстық ауруханасында еңбек еткен хирургтер полковник Н.О. Мұқышев, майорлар Г. Әбдікәрімов пен А.В. Леонтьев, капитандар С.А. Александров пен Қ. Құлынбаев, терапевт-офицерлер Н.Е. Нұғыманов, Н.Ф. Голубев, Е.М. Исеналиева, Е.А. Понамаренко, Б.А. Баймұханов, Н.А. Фирсов, А.П. Капасакалис, медбикелер А.Д. Палий-Зеленцова, М.Л. Яременко, А.Н. Анисимова, В.А. Качерга, Е.П. Павличева, Т.А. Радченко, фельдшер Г.К. Ильченко және тағы басқалар.

1941 жылы 19 қыркүйекте Жамбыл станциясының клубында алғашқы эвагоспиталь ашылып, поезбен жеткізілген майданда жарақаттанған әскери қызметкерлерді қабылдады. Кейінірек Жамбылдан басқа, Меркі және Шу станцияларында 360 төсектік әскери госпитальдар ұйымдастырылып, оған қоса соғыс жүріп жатқан аймақтардан барлығы 1500 төсектік 4 әскери госпитальдар көшіріліп әкелінді. Олар теміржол клубтарында, жергілікті қонақүйлері мен балалар шипажайларында, мектептер мен кеңселерге орналастырылды. Облыста жаралы жауынгерлер мен офицерлерге көмек көрсету жөніндегі комитет құрылып, госпитальдардағы науқастарға ерекше көңіл бөлінді. Госпитальдарда қызмет еткен медицина қызметкерлері майданда жарақаттанған әскерлердің тез айығып, қайта сапқа тұруына көп үлес қосты. Негізінен әскери госпитальдарда бірінші және екінші топтағы мүгедектер болатын. Олардың біразы жарақаттарының асқынуынан көз жұмып, соғыс қасіретінен мәңгілік тыныштықты осында тауып, жергілікті зираттарға жерленді. Сондай бейіттің бірі қазіргі Тараз қаласының батыс жағындағы Қарасу аймағындағы ескі үлкен қорымда. Оның басына кейінірек қызыл тастан ескерткіш-құлпытас қойылды. Мұндай госпитальдарда қайтыс болған жауынгерлердің ескі зираттары Меркі, Шу, Луговой және Жуалы аудандарында да бар.

Медиктер майдан даласында дәрігерлік көмек қана көрсетіп қоймай, қауіп-қатерге қарамай, оларды жаулардан қорғай білді. Мысалы, санитарлық нұсқаушылыр мен зембіл көтеретін санитарлар бораған оқ астында, бомба мен снаряд жарықшаларынан жасқанбай жарақат алған әскерлерге алғашқы көмек көрсетіп, соғыс даласынан алып шығып, батальондық медпункттарға жеткізіп отырды. Майданға қатысқан әрбір әскери қызметкер Отан үшін ұрыс даласына аттанып бара жатып, егер жарақат алған жағдайда медиктердің көмегі болатынына, олардың денсаулығы әрдайым әскери дәрігерлердің қадағалауында екеніне сенді.

Иә. Кеңестік медицина қызметкерлері әскердің өмірін өзінің өмірінен жоғары қойды. Санитарлар мен санинструкторлар майдан даласындағы жарақаттарға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, батальондық медпункттер мен әскери госпитальдарға тынымсыз жеткізіп отырды. Бұл — күнделікті, сағат сайын бүкіл майдан даласында болып жатты. Тіпті, хирург пен медбике қайнап жатқан соғыс кезінде дала госпиталінде, палаткаларда жарақат алған әскерді бораған оқтан қорғап, оны өз денелерімен «көлеңкелетіп» тұрып, жедел хирургиялық операция жасаған сәттер де аз болмады. Кейде, тіпті, олар демалыссыз, ұйқысыз, тамақ ішуге уақыт таппай, бірнеше тәуліктер бойы операция үстелінен ұзамай, еңбек еткендері де белгілі.

Белгілі қолбасшы, Кеңес Одағының маршалы Иван Христофорович Баграмян соғыс аяқталған соң былай деп жазыпты: «То, что сделано советской военной медициной в годы минувшей войны, по всей справедливости может быть названо подвигом. Для нас ветеранов Великой Отечественной войны, образ военного медика останется олицетворением высокого гуманизма, мужества и самоотверженности». Ал, «Правда» газетінің 1941 жылғы бас мақаласында медицина қызметкері алдындағы негізгі мақсаттар туралы айта келіп: «Каждый возвращенный в строй воин — это наша победа. Это — победа советской медицинской науки… Это — победа воинской части, в ряды которой вернулся старый, уже закаленный в сражениях воин», — деп сөз түйіндейді. Медицина қызметкерлерінің Ұлы Жеңіске қосқан үлесі қомақты болғанын осы жолдардан-ақ білу қиын емес…

Ұлы Отан соғысы жылдары «Барлығы Отан үшін, барлығы Жеңіс үшін» деп бүкіл ел тік тұрды. Бұғанасы қатпаған бүлдіршін мен еңкейген қарттарға дейін Отан қорғау үшін аса қажырлылықпен еңбек етті. Солардың ортасында әскери госпитальдарда, майдан даласында болған медицина қызметкерлерінің ерен еңбектері ешқашан ұмытылмау керек. Өкінішке қарай жыл өткен сайын майдангерлер сиреп барады. Оларды құрметтеу, ардақтау біздің парызымыз. Қан майданда толарсақтан саз кешіп, оқ оттың, өлім мен өмірдің арасында жанталасып жаумен күрескендер мен ерлікпен тең еңбек еткен тылдағы адамдарды — абзал ардагерлерімізді қалай ардақтасақ та жарасады.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина профессоры

Арай. – 2015. – 7 мамыр(№19). – 8 б.

Майданға Жамбылдан аттанған жазушылар

Майданға Жамбылдан аттанған жазушылар

Олардың өлкемізде ізі, мұрағаттар мен басылым беттерінде сөзі қалған.

Білім қуып Алматыда жүрген жылдары курстас жігіттермен бірге республиканың бас басылымы «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің редакциясына ара-тұра бас сұғып тұратынбыз. Болашақ журналистер үшін осында істейтін ағаларымызбен жүздесу, әңгімелерін, ақыл-кеңестерін тыңдау керемет әсер сыйлайтын. Әр келген сайын кіреберістегі соғыстан қайтпаған журналистерге қойылған ескерткіш тақтаны оқымай кетпейтінбіз. Онда орысша жазылған есімдердің ең үстіңгісі университетке таяу орналасқан Жазушылар одағы ғимаратының кіре-берісіндегі мәрмәр тақтадағы ұрыс даласынан оралмаған жазушылардың әліпби тәртібімен берілген тізімінен де ұшырасатын.

Аманғали Сегізбаевтың есімі санамда осылай жатталып қалды. Арада көп жылдар өткен соң облыстық мұрағатты, осындағы облыстық басылымдардың тігінділерінің уақыт табы сарғайтқан беттерін ақтарғанда тамаша журналист, сыршыл ақын, сөзі өрнекті жазушы, даңғайыр фельетоншы болған тұлғаның Жамбыл облысында ізі, облыстық басылым беттерінде сөзі қалғанына көз жеткіздім.

Қазақ әдебиетінің тарихынан хабардар адам Аманғали Сегізбаевтың Қостанай өңірінің тумасы екенін біледі. Еңбек жолын ауыл мұғалімдігінен бастаған ол тез-ақ баспасөздегі ойлы өлең, өткір мақала, фельетондарымен танылып, 1924 жылы Орынбор қаласындағы «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне қызметке шақырылады. Жауапты хатшы болып істейді. Партияның пәрменімен Алматы облысының бір аудандық газетіне редактор болып жіберілген жерінен «Еңбекші қазақ» газеті қайта шақырып алады. Бұл – 1935 жылы. Ал соғыс басталар алдында осы газеттің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі болған.

Ұстазы, классик жазушы Бейімбет Майлиннің қасында жүріп, көп жазып, сол кезде-ақ республикаға кеңінен танылған Аманғали Сегізбаев Жамбыл өлкесінде негізгі қызметіне қоса облыстық «Коммунист» (қазіргі «Ақ жол») газеті партия ұйымының хатшылығын да атқарып, басылымның бағыт-бағдары, мазмұны үшін бас редактор Жайық Бектұровпен бірдей деңгейде жауапты болған. Өзі үлгі танытып облыс экономикасын соғыс жағдайына бейімдеу барысы туралы жазған мақалаларын сол кезгі газет тігінділерінен жиі ұшыратуға болады.

Соғыс уақытында қуатты қалам иелері де ерекше есепте болғанының айғағындай, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің шешімімен Аманғали Сегізбаевқа 1942 жылы Алматы гарнизонының газетін басқару сеніп тапсырылады. Араға жыл салып майдандық газет редакциясына ауысқан, үнемі алғы шепте жүріп, журналистік дағдысымен очерктері мен мақалаларын жедел жариялап отырған жазушы 1944 жылы Кенигсберг түбінде ерлікпен қаза тапқанда небәрі 47 жаста болатын.
Әдебиетке өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары араласып, жақсы туындылар берген, от пен оқ арасында жүріп жауынгерлерді ерлікке үндеген жазушының артында қалған жазба мұраларының бір бөлігі 1977 жылы «Дала жұлдыздары» деген атпен кітап болып шыққан.

Қазақстан Жазушылар одағындағы майдан даласынан оралмағандарға арналған ескерткіш тақтаға есімі жазылған Рахымбай Құлбаев та Жамбылдан аттанған. Өмірдеректерінде айтылғандай, Меркі ауданындағы Қостоған ауылында 1905 жылы дүние есігін ашқан. Жастайынан жетімшілік көріп, бай орысқа жалданып, күнін көрсе де ән-жырға құмартып, домбыра тартып, әнші, жыршы, ақын ретінде елге танылған. Жасы он тоғызға келгенде, 1924 жылы ғана Әулиеатаға келіп, оқуға мүмкіндік алады. Ауылына сауатын ашып оралған соң ел ісіне араласып, 1930 жылы коммунистік партия қатарына кіреді. Алматыдағы қысқа мерзімді курста оқып, оны бітіргеннен кейін аудандық жер бөлімін басқарады, партияның жұмсауымен Орал облысының Жаңақала ауданында, Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында партия, кеңес жұмысында болып, ысылады. Осы жылдарда республикалық «Тілші», «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газеттерінде жазғандарымен көріне бастайды. 1936 жылы Одақтың бас басылымы «Правда» газеті оның Константин Алтайский аударған «Асқан дана» деген өлеңін жариялап, «Народный ақын Казахстана» деп таныстырады. Іле-шала республикалық «Социалды Қазақстан» («Егемен Қазақстан») мен жазушылар газеті «Қазақ әдебиетіне» бір топ өлеңдерін береді. 1937 жылғы 14 қазанда Жазушылар одағына мүшелікке қабылданып, КСРО Жазушылар одағының Қарағанды облысындағы өкілі етіліп жіберіледі. 1940 жылы туған ауданы Меркіге оралып «Сталин жолы» (қазіргі «Меркі тынысы») газетінде редактор болып істей бастайды. Осында жүрген 1,5 жыл ішінде көп ізденіп, өндірте еңбек етіп, өлең, дастандар, 1916 жылғы Меркі көтерілісі туралы «Он алтыншы жыл» атты повесін жазады. Соғыс басталғанда Рахымбай Құлбаев өзі сұранып, майданға аттанған. Саяси жетекші болып, қазақ жауынгерлері арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген. Майдандық газеттерде өлеңдері, очерктері, мақалалары 1943 жылдың күзінде отыз жеті жастан енді асқанда ерлікпен қаза тапқанға дейін жиі басылып тұрған.

Мұрағаттан тапқан тағы бір «олжамыз» – соғыстан аман оралып, көп жыл облыстық газетте қызмет еткен, көзіміз көрген ақын, журналист Әшірбай Есмұрзаевтың «Алғашқы кездесу» естелігі. Онда 1937 жылы Талас аудандық «Екпінді колхозшы» газетінде істеп жүргенінде Жазушылар одағы ұйымдастырған екі айлық курста ақындар Кенен Әзірбаев,Үмбетәлі Кәрібаев, Саяділ Керімбаев, жазушы Рахымбай Құлбаевтармен бірге оқығанын жазған. Осы дерекке сүйенсек. Рахымбай Құлбаев облысымыздан Жазушылар одағына қабылданғандардың алғашқыларының легінде болып шықпай ма? Қолымызға тиген тағы бір дерек көзі – 1954 жылы өткен Қазақстан Жазушылар одағының үшінші съезінде жасалынған баяндамалар мен сөйленген сөздер енген көне кітап. Онда 1939 жылға дейін жазушылар ұйымының мүшелері 49 адам ғана болғаны тайға таңба басқандай анық жазылған. Ал қазірде ғой сегіз жүзге жетеқабыл деседі…

Қалай дегенде де, осы деректер Рахымбай Құлбаевтың көзі тірісінде танымал қаламгерлер қатарынан ойып тұрып орын алғанын айғақтайды. Қолымызға тиген майданда жазған өлеңдерінен де қалыптасқан, төселген қалам іздері айқын аңғарылады. Соғысқа араласқан 1941 жылғы өлеңінің тақырыбы «Қалам – найза, өлең – оқ» деп аталады. Өкінішке қарай, өлеңді суырып салып айтып та, жазып та шығаратын, қара сөзге де шебер қаламгердің артында қалған мол мұрасы там-тұмдап жинақтарда жарияланғаны болмаса, кітап болып шықпаған. Уақыт өте келе есімі де көмескілене бастаған. Туған жеріндегілер ғана ұмытпай, Қостоған ауылындағы бір көшеге есімін берген.

Қай бір жылы ақын Өзібек Ақжолұлының мұраларын іздестіріп, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы кітапханасының қолжазбалар қорынан деректер сүзгеніміз бар. Сонда көргеніміздей, Рахымбай Құлбаевтың мұралары осында сақтаулы.

Қаламыздан майданға аттанған, төс қалтасында Жазушылар одағына мүшелік билеті болғандардың енді бірі – сол кезде-ақ жұртқа кеңінен белгілі ақын, әйгілі «Мың бір түн» хикаясын қазақша сөйлеткен жазушы Қалмахан Әбдіқадыров. Қызылорда облысы Шиелі ауданының тумасы ол соғыс басталған жылы Жамбыл қаласында жасақталып жатқан 105-ші ұлттық атты әскер дивизиясы сапына алынып, әскери дайындықтан өткен. Бұл туралы осы дивизия жауынгері болған, қазірде арамызда аман-сау жүрген, тоқсан жастың төріне шыққан журналист ағамыз Сырайыл Керімбаев талай жазған.
Қырық жасында өзі сұранып әскер қатарына алынған Қалмахан Әбдіқадыров 105-ші атты әскер дивизиясының саяси қызметкері болды. Осы дивизияның «Қызыл сұңқар» атты қазақ тілінде шығатын газетінде Дихан Әбілев, Хамит Ерғалиевтермен қатар қалам сілтеп, өлеңдерін, мақалаларын жариялап тұрған. Солардың ішінен «Соғыс» атты қып-қысқа, бірақ айтары көп өлеңінен үзінді келтіре кетелік:

Соғыстың жоқ ешқандай тамашасы,

Бір өлім, мың өлімнің арашасы.

Соғыста өлім құлап, өмір жеңер,

Оны сезбес пікірдің аласасы.

Даңқты жерлесіміз, талантты қолбасшы, Кеңес Одағы армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясында дәріс оқыған тұңғыш қазақ Бауыржан Момышұлының сөзімен айтқанда, ерлік адам жанының лап еткен жалыны, жарқ еткен найзағайы. Сын сәтте өз басын өлімге тігіп, мыңдаған қаруластарын ажалдан арашалап қалғандардың бірі Ақәділ Суханбаев ағамыздың ерлігі – осының жарқын мысалы.
Соғыс шындығын осылай жеріне жеткізе жазған Қалмахан Әбдіқадыров елге аман-сау оралып, баспасөзде, Қазақстан Жазушылар одағында, Жамбыл ақынның мұражайында қызмет атқарған. Халқымыздың көрнекті қаламгері өмірінің соңғы жылдарын туған ауылы Шиеліде өткізіп, 1964 жылы қайтыс болған.

Біздің облыстан Қалмахан Әбдіқадыровпен бірге 105-ші атты әскер дивизиясында қызмет еткендердің бірі Талас ауданының Қызыләуіт ауылында 1922 жылы дүниеге келіп, еңбек жолын 1939 жылдан аудандық комсомол комитетінде қызмет етуден бастаған Мыңатай Қыстаубаев еді. Ол 1941 жылдың қазан айында елде қалуға мүмкіндік беретін бронь алудан бас тартып, майданға аттанды. 105-ші атты әскер дивизиясында саяси қызметкер болды. «Қызыл сұңқар» газетінде Қ.Әбдіқадыров, Д.Әбілов, Х.Ерғалиевтермен танысып, «Гитлердің көзі», «Тұлпарым, алға», тағы басқа да алғашқы өлеңдерін жариялаған. Польшаны азат ету, Берлинді алу шайқастарына қатысып, елге аман-есен, аға лейтенант шенінде оралып, ұзақ жылдар ауылда ұстаздық етті. Балаларға арналған өлеңдерінен тұратын кітаптарын шығарды. Бұл кісі Жазушылар одағына өтпеген. Атақ та алмаған сыңайлы. Әйтсе де, дарынды ұл-қыздарын қадірлеуде таластықтар өзге аудандағыларға үлгі-өнеге бола алады. Өмірден алпыс бір жасында өткен ұстаз-ақынның майдандағы және бейбіт өмірдегі ерлігі мен еңбегін ескерусіз қалдырған жоқ. Туған ауылы Қызыләуіттегі орта мектеп Мыңатай Қыстаубаев атында.

Соғысқа Жамбыл жерінен аттанып, майданнан аман оралғаннан соң, бейбіт дәуірде жазушылар қатарын толықтырғандар туралы әңгіме бола қалса, ең алдымен көрнекті әскери қайраткер, қазақ әдебиетінде әскери-мемуарлық жанрдың негізін салған Бауыржан Момышұлының есімі аталуы заңды. Өзі тауып айтқандай, «кабинеті – ор, орындығы – жер, столы – тізесі» болған Баукең талай тамаша шығармаларының сұлбасын (эскизі дегеніміз) соғыс жылдары қалыптастырған. Атақты орыс жазушысы Александр Кривицкийдің «Красная звезда» газетінің 1944 жылғы 3 наурыздағы санында жарық көрген «Полковник Бауыржан Момышұлының көк дәптері» деген очеркі осы жайды алға тартады. Жазушы өзінің «Москва түбіндегі қарауыл» повесіне де Бауыржан Момышұлының әскери қолбасшылығын негізгі өзек етті.

Ер Баукеңнен екі жас кіші жазушы Жайық Бектұров та майданға Жамбыл жерінен аттанған. Ол 1939 жылы Жамбыл облысы құрылған кезде Алматыдан облыстық газетке бас редактор болып келген. Мұрағаттан табылған естелігінде жазылғандай, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті әу басында «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттері партия тұрмысы бөлімдерінің меңгерушілері Сейділдә Төлешов пен Григорий Череватовтарды жаңа құрылған облысқа жіберуге шешім алған. Бірақ, Төлешов сырқаттанып қалады да оның орнына басқарып отырған бөлімінің қызметкері Жайық Бектұров жіберіледі. Ал Төлешов сәл кейінірек қала іргесіндегі Свердлов (қазіргі Байзақ) аудандық газетіне редактор болып келеді.

Қазіргі «Ақ жол» облыстық газет мәртебесін алғанда тұңғыш редакторы болған Жайық Бектұров басылымды сол 1939 жылдың қарашасынан 1942 жылдың мамырына дейін басқарған. Көп іс тындырған. Газеттің «Колхоз жолы» деген лайықсыз аттан құтылуы да осы редактордың тұсында. Өзгесі-өзге, Шу өзені бойы мен Қордай асуының тау-шатқалдарын бірнеше күн аралап Кенесары хан бастаған халық қозғалысы туралы деректер жинап «Осы екен самұрықтың өлген жері» деген очерк жазуы, оны өзі басқаратын партиялық газетте жариялауы нағыз қаламгерлік ерлік еді.

Ақмола облысы Қызылағаш ауылының тумасы Жайық Бектұров майданда дивизиялық газет редакторы болған. Елге оралған соң 1958 жылдан бастап ұзақ жыл Жазушылар одағының Қарағанды қаласындағы облысаралық бөлімшесін басқарған. Қазақ зиялылары нәубет жылдардың шындықтары туралы естелік кітаптарымен, көркем аудармаларымен жақсы танылған. Сексен алты жасында, 1998 жылы Қарағандыда қайтыс болды.
«Сүрлеуімен соғыстың, келеміз жүріп ілгері» деп жырлаған Сарысу ауданы, Байқадам ауылының тумасы, 1919 жылы дүниеге келген Балтабай Адамбаев майданда рота командирі болды. Жазушы мұрағатында майдандық «Боец РККА» (РККА- қазақшалағанда «Жұмысшы Шаруа Қызыл армиясы» дегеннің бас әріптері) газетінде саяси бөлім бастығы В. Минке дегеннің «Қазақ батыры» аталатын мақаласының қиындысы сақталып қалыпты. Онда лейтенант Адамбаевтың жаудың тұтқиылдан жасаған шабуылын тойтаруда ерлік үлгісін танытқаны айтылады. Жеңіспен елге оралған майдангер ақын, жазушы, ғалым ретінде танымал болды. Өлең жинақтары, деректі әңгімелер мен повестерінен тұратын кітаптары шыққан. Шешендік сөздер нұсқаларын қажымай-талмай іздестіріп, кітаптар, жинақтар шығарған. Туған жеріне ат ізін салған сайын бір кез тырнақалды өлеңдерін жариялаған облыстық газетке де бас сұғып тұратын жазушы-ғалым 1990 жылы өмірден озды.

Талас өңірінің тағы бір ұланы Шона Смаханұлы жасы он сегізге толар-толмас кезде солдат шинелін киіп батысқа аттанып, жорық жолдарынан аман оралған. Елде ұстаздық етіп жүріп Сталиннің және оның шаш ал десе, бас алатын серіктері аман-сау, ал облыстық газет «Сталиндік жол» аталатын кезде «Біздің тіл» өлеңін осы басылымда жариялауы көзсіз ерлік емей не? Таңғаларлық жай – Шона ақынның аталған өлеңі облыстық төртінші партия конференциясының ашылуы туралы хабардың астына, бірінші бетке берілген. Онда «Жер жүзінде жетілген, бірінші тіл – біздің тіл» деген жолдар бар. Кейін сатирик ретінде кеңінен танылып, жазушылық билетін алған соң да Шона ақын қазақ тілі үшін күрескен, қазақ мектептерін ашқан батыр ретінде танылды.
Көрші Оңтүстік Қазақстан облысында ұзақ жылдар басшылық қызметте болған жазушы Әбжапар Жылқышиев та майданға туған жері қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданынан аттанған. Соғыстың алдында және майданнан аман оралған соң осы ауданда қызмет істеген. Құлан жеріндегі бір ауыл қазақ әдебиетінен өз орны бар жазушы атында.
Қордайдың Шарбақты ауылында 1925 жылы дүниеге келген Сансызбай Сарғасқаев – қару асынып, соғысқа қатысып оралған қаламгерлердің бірі. Шығармалары негізінен жас жеткіншектерге арналған. Танымал жазушының әңгіме, повестері, романдары жақсы бағасын да алған. Жазушы 1995 жылы өмірден өтті.

Тараздың қасиетті топырағынан жаралған жазушылар туралы сөз қозғаған соң, тағы бір тың деректі айта кетудің реті келіп тұр.

Соғыс тарихында аса маңызды рөл атқарған Курск иініндегі алапат танкілер шайқасын ардагерлер естеліктерін тыңдаған газет оқырмандары жақсы білер деп ойлаймыз. Осы шайқас туралы жазылған, жоғары баға алған «Танки идут ромбом» романының авторы Анатолий Ананьев біздің Таразда, Әулиеата атанып тұрған кезінде 1925 жылы дүние есігін ашқан. Әкесі Андрей Петрович 1914 жылы Ресей жерінде солдатқа алынып, кейін басмашыларды жоюға қатысып, Жұмысшы Шаруа Қызыл армиясы қатарынан босағанда Әулиеата қаласын ұнатып, тұрақтап қалған. Бала Анатолий осылайша әулиеаталық болып өсті. Қатар құрбылары сияқты он сегіз жасында өзі сұранып соғысқа аттанды. Әскери училищенің қысқа мерзімді курсынан өтіп, офицер шенінде ұрысқа кіріп, барлық тозақты бастан өткерді. Оның кітаптары шыншыл келетіндігі, жоғары бағаланатыны осыдан. Ұлы Жеңіс сағаты соққанда ешқайда бұрылмай Жамбыл қаласына келген. Ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, Алматы ауыл шаруашылығы институтына сырттай оқуға түсіп, Жамбыл аудандық жер бөлімінде агроном, Гродиково селосындағы сорт сынау учаскесінде меңгерушісі болып істеген. Бір мезгілде жазумен айналысып, жазғандарын жариялап тұрған. Өзі басынан өткерген алапат ұрыс-Курск шайқасы туралы жазған романы тез-ақ оны талантты жазушылар қатарына қосып, Мәскеуге шақырылады, КСРО Жазушылар одағына мүшелікке қабылданып, одақтық аса беделді «Знамя» журналы бас редакторының бірінші орынбасары, кейін «Октябрь» журналының бас редакторы болады. Ресей мемлекеттік сыйлығы, 1984 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі. 2001 жылы өмірден озып, Мәскеуде жерленген.

Жамбыл өлкесінің перзенті Анатолий Ананьевтің атақты романы «Танки идут ромбом» қазақ тіліне де аударылып, 1978 жылы «Жазушы» баспасынан «Тойтарыс» деген атпен көп таралыммен шығарылған.

Тізе берсек, облысымыздан шыққан, әр жылдарда осында болған жазушылардың тағдыр-талайына қатысты жинаған қызықты деректеріміздің бір парасы осындай. Олардың шығармалары, әсіресе, соғыстан оралмаған ақындардың, солардың ішінде жоғарыда айтылған Рахымбай Құлбаевтың, Кененнің сүйікті шәкірті болған ақын, әнші Шолпанқұл Сейітовтің, Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың кейіпкері Сарысу аудандық партия комитетінің хатшысы болып жүрген жерінен ұрыс даласына аттанған Шазада Әтееевтің, басқа да боздақтардың майдан даласында жүріп жазған өлеңдері жас ұрпақ бойына қасиетті зерде сезімін, отаншылдық рухты дарытар қасиетке ие.
Тағы да дерекке жүгінсек, осыдан жарты ғасыр бұрын, Жеңістің 20 жылдығы мерекеленген 1965 жылдың 31 қаңтарында Бауыржан Момышұлы «Социалистік Қазақстан» газеті арқылы «Майдандас достарға ашық хатын» жариялаған екен. Ерлік елеусіз қалмасын, деп бастап майдангерлер естеліктерін, құжаттарын жылы бүркеп, сақтап қоймай, ұрпаққа үлгі-өнеге етуге шақырған. Өйткені ол бірдің емес, көптің мүддесі, тарихтың мүддесі үшін керек, деген. Батырдың осы өсиетіне адал жерлестері бұрын да, қазір де аз тірлік тындырған жоқ. Өткен жылдарда облыстық әкімдіктің қолдауымен от ортасынан оралмағандар туралы жеті томдық «Боздақтар», ал майдан даласынан аман-есен қайтқандарға арналған «Ардагерлер» кітаптары шығарылды. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай ойластырылған шаралар аясында майдандарда қаһармандық танытқан жамбылдықтар туралы сыр шертетін деректі әңгімелер, очерктер, өлең-жырлар мен құжаттар, фотосуреттер жинақталып, кітап болып жарық көрсе, құба-құп.

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ,

журналист, Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы

«Ақпарат және талдау» орталығы шығармашылық даму бөлімінің кеңесшісі.

Ақ жол. — 2015. — 29 қаңтар(№ 11). — 5 б.