Жеті нотаға бүкіл көңіл күйді сыйдыруға болады

Жеті нотаға бүкіл көңіл күйді сыйдыруға болады

Ән әлеміне өзіндік өрнегімен келіп, қазақ өнерінің дамуына үлесін қосып жүрген жастардың бірі Нұрислам Сәменқұлов әрі әнші, әрі сазгер. Бірқатар әндерін белгілі эстрада жұлдыздары Төреғали Төреәлі мен Бағлан Әбдірайымов үлкен сахнада шырқап, дүйім жұртқа танытып та үлгерді. Бүгінде Т.Рысқұлов аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінде қызмет ететін жас сазгермен сұхбаттасып, өнер әлемі туралы әңгіме өрбіткен едік.

– Кез келген жұмырбасты пенде, алдымен туған ауылына адал еңбегімен танылуды мақсат етеді. Сіздің де өнерге бет бұруыңызға өскен өңірдің ықпалы болған шығар.

–Иә, туған жердің топырағы талай тұйғынның томағасын сыпырып, қияларға самғататын қасиетімен ерекшеленеді ғой. Дана қазақта «Ел іші – өнер кеніші» деген сөз бар. Алтын бесік – ауылдан алаштың мақтанышына айналған айтулы азаматтар шықты. Мен де талай саңлақтарды тәрбиелеген киелі Құлан ауылының тумасымын. Осында өстім, туған ауылымда қызмет етіп жүрмін. Бүгінге дейін 40-қа жуық ән жазып, оны сахнада орындап, бойымда бар өнерімді танытқан соң, алғашқы шығармашылық кешімді жақында ғана «Жасай бер, Құланым» тақырыбымен өткіздім. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялауына байланысты ұйымдастырылған концертіме келушілер ризашылықтарын білдіріп кетті.

– Ұстазыңыз кім?

– Әрбір адам үшін ең алғашқы ұстазы және өмірлік үлгі етер тұлғасы әкесі мен анасы деп білемін. Менің де ұстазым– әкем Жұмабек. Көз ашқалы сол кісінің домбыраның құлағында ойнап, төгілтіп ән шырқағанын естіп өстім. Қазақтың қара домбырасын қолыма алғаш ұстатқан да, өнердің мәнерін ұғындырған да осы әкем. «Әке – балаға сыншы» дегендей, артық-қалыс кеткен тұстарымды қатаң ескертіп, жөн сілтеп отыруды да назарынан тыс қалдырмайды. Әкем қамқор ұстазым болумен қатар, қырағы сыншым. Туындыларымның алғашқы тыңдарманы да өзі.

– Ең алғаш шығарған әніңіз кімге арналып еді?

– Анама арналған «Жан анам» әнім – ең алғашқы композиторлық туындым. Сөзін шымкенттік ақын Қуаныш Жұманқұлов жазды. Шығармашылық адамдарының бәрі де алғашқы туындысын, сірә, анасына арнайтын болар деп ойлаймын. Себебі баласының қателігін кешіріп, ержетсе де сәбидей мәпелейтін ана ғана ғой.

– Қазір әншілікті жеңіл табыс табу көзіндей көретіндер көп. Сіз үшін өнердің құны қандай?

– Бүгінгі нарық заманы өнерді де табыс көзіне айналдырғаны анық. Бәлкім, бұл да жөн шығар. Себебі темір түйіп, ағаш оятын шеберлердің де түпкі табысы сол еңбегімен келеді емес пе?! Ол да өнер ғой. Сондықтан кең, әдемі дауысы бар әнші сол қызметіне ақысын алып жатса, оның айыбы жоқ деп ойлаймын. Әншілер де әнді жаздыру үшін қыруар ақшасын жұмсайды. Ал оны орындағаны үшін ақы алса, несі айып? Бала күнімде музыкаға қатты қызығып, әкеммен тойға шығатынмын. Ол кезде қазіргідей таспаға жазылып, дайын тұрған әндер жоқ. Әлгі Жапонның «Ямаха» деген күйсандығында той басталғаннан біткенше өзім ойнаймын. Менің ертеңімді ойлаған ата-анам сауатсыз қалмасын деп, ауданымыздағы Мұқан Төлебаев атындағы саз мектебіне оқытты. Сол киелі шаңырақтан 7 жыл білім алдым. Мектепті аяқтағаннан кейін Тараз қаласындағы Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқыдым.

Өмірде сан алуан жағдай орын алып жатады. Солардың әрқайсысын көңіл күймен сезіндіре алатын жеті нота. Қуантатын да, мұңайтатын да, қайғыртатын да, жұбата алатын да, тіпті ойға батырып, жүрекке қозғау салатын да музыка. Ал оны құрап шығару – ұлы өнер. Маған осындай бақ берген Жаратқанға сансыз шүкірлік етемін. Менің әрбір жазған әнімнің өз тарихы бар. Жүректегі сезімдер шабытыма арқау болып, қаншама әндер дүниеге келді. Бұл – менің өнерім, бұл – менің өлеңім, бұл – менің өмірім. Мен адалдықты, еркіндікті, махаббатпен өмір сүргенді ұнатамын. Және мендегі елге деген сүйіспеншілік ешқашан ортайған емес.

– Әңгімеңізге рақмет!

   Сұхбаттасқан Қ. Рахметуллина

Арай. – 2019. – 16 мамыр


 
 

Өнердегі өнегелі өмір

Өнердегі өнегелі өмір (Тәкен Молдақынұлы)

    Ұлттың ұлағатын, халықтың кісілік келбетін, кешегі бабалардың дәстүрінен жеткен жұлдызды тәлім мен тәрбиенің ізін әркім өзіне тұстас дәуір азамат­тарының бойынан іздемей ме?.. Осы ретте ортамызда жүрген заманы бір үлкенге де, кішіге де іштей де, сырттай да бір сәт сын көзімен қарарың хақ!

Бүгінгі әңгіменің арқауы – ұзақ жылдардан бері киелі Әулиата – Тараз жерінде жемісті еңбек етіп, ұлы мекеніміздің өнері мен мәдениетіне арнаған елеулі еңбегімен ел құрметіне бөленіп жүрген азамат інім, қызметтегі шәкіртім Тәкен Молдақынұлы. Тәкен сонау 70-жылдардың басында Алматыдағы екі бірдей оқу орны – Өнер студиясы мен Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясының қабырғасында тәлім алып, арнайы жолдамамен сол тұста жаңадан ашылып жатқан Жамбыл облыстық филармониясына жеке дауысты әнші (солист) болып үлкен еңбекке араласады. Қазақ әнінің қайталанбас тұлғалары Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Бекен Жылысбаев, Надия Шәріповалардан дәріс алған Тәкен араға бір жыл салып филармония қабырғасында құрылған «Тараз» эстрадалық ансамбліне жетекші – көркемдік жетекші қызметіне бекітіліп, өзі айтқандай, бойындағы дарыны мен талантын кешегі одақтың түкпір-түкпіріндегі тыңдармандармен жүздесуге, қазақ өнерін насихаттауға жұмсайды. Республикалық деңгейдегі айтулы өнер жиындарына, жауапты концерттерге Жамбыл облысы атынан атсалысып, үлкен сахналарға шығады. «Айларға созылатын гастрольдік сапарлардан, сол сапарлар барысында кездескен адамдардан алған тағылымым мен ойға түйгенім, әрмен қарайғы өмір жолыма, қызметтік парыз жүгін шамам келгенше адал атқаруыма үлкен ықпал етті, өмірімдегі ең үлкен мектеп болды», – дейді Тәкен. Филармония қабырғасында өткен жылдардың жемісі оның тәуелсіздіктің елең-алаңында «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген артист» жоғарғы атағына ие болуы болса керек.
Осыдан кейінгі өмір жолын өнер мен қызметті қатар атқаруға арнаған Тәкен Молдақынұлы біздің ұсыныс-қолдауымызбен сол тұстағы Жамбыл мәдени-ағарту училищесіне директор болып тағайындалды. Бұған дейін өнер өкілі ретінде көз алдымызда өскен Тәкенге үлкен сенім білдірдік, сендік…

Өнер мен мәдениеттің жас өскіндеріне, халықтық тәлім мен тәрбиені насихаттап, оқырмандарды кітап әлеміне жетелеп, алған білімдері мен бойларындағы дарындарын сынға салатын жас ұрпақтың тәрбие мектебіне жетекшілік етуде ол ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға жетті. Сол тұста Жамбыл мәдениет училищесі атауын алған оқу орнында бұрындары құрылып, кейін әртүрлі себептермен жабылып қалған қазақтың ұлт-аспаптары оркестрі, көп дауысты академиялық хоры қайтадан қалпына келтіріліп, ұлттық колөнер, араб әліпбиі бөлімдері ашылды. Сол жылдары облыс көлемінде өткізілген талай-талай іс-шараларды өнермен өрнектеген таланттар Жамбыл мәдениет училищесінің түлектері болғандығына көбіміз куәміз. Училищедегі оңды өзгерістер мен жаңа серпілісті байқап, бағалаған басшылар Т.Молдақынұлын 1995 жылы облыстық мәдениет басқармасына қызметке шақырды. Мен ол кезде осы басқарманың бастығымын, Тәкен – бірінші орынбасар. Міне, осы кезден бастап қоян-қолтық қызметтес болдық, бір-бірімізді жақын танып, етене сыйласып, аға мен ініге айналдық десем де жарасады. Мәдениет басқармасында қатар қызмет атқарған аз ғана айлардың ішінде қайда жүрсе де бойындағы кісілігін, адами кішілігін ұмытпайтын, өзгеге өнеге болу парызын көп нәрседен жоғары қоятын, пенделік менмендігі мүлдем жоқ Тәкеннің өзі таңдап, табандатқан 20 жылдан астам ғұмырын арнаған әншілік өнерден басқа да ашылмаған көптеген қырлары бар екендігіне қанықтым. Оның әдебиет пен тарихтың үлкен білгірі, керемет өлеңдер жазатын ақын, музыкалық аспаптың сан түрін меңгерген музыкант, сценарист, көркемсөз, қолөнер шебері екендігін білдік. Ол жазған өлеңдер республикалық, жергілікті баспасөз беттерінде жарияланып, оқырманның ыстық ықыласына бөленіп жүрді. Ал Тәкеннің қаламынан туып, сол жылдары Жамбыл жерінде өткен облыстық мал шаруашылығы қызметкерлерінің мерекесінде жұрт назарына ұсынылған сценарий үлгісі іле-шала үздік деп танылып, барлық облыстарға таратылды…

Мына бір жағдай есімізде қалыпты. Сол жылдары біздің облыста Қазақстан әйелдерінің II форумы ұйымдастырылды. Елбасы форум жұмысына отбасымен келіп қатысып, сөз сөйледі. «Баласағұн» концерт залындағы шара соңында форум қонақтарының назарына тек киелі Әулиеата жерінің тілі басқа болғанымен, тілектері бір таланттары қатысқан үлкен концерттік бағдарлама ұсынылды. Жоғарғы табыспен өткен мәдени басқосудың шымылдығы Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнімен жабылды. Сахнада 200 әншіден құралған хор, ал жеке дауыста, – Тәкен Молдақынов пен талантты әнші Анна Вундер. Ән басталысымен Нұрсұлтан Назарбаев бірінші қатардағы орнынан көтеріліп екпінді әнді іліп әкетті, әрі қарай бүкіл делегаттар қосылып, кейін тәуелсіз еліміздің Әнұранына айналған асқақ ән қанатында елдігіміздің, егемен Қазақстанымыздың ұлы мұраттары аспандап тұрды. Тәкен өзі режиссері, сценарий авторы және орындаушыларының бірі болған сол концерттік бағдарламаның болмысы бүгін жетпіске толып, ата жасының биігіне шыққан Тәкен інім туралы жоғарыда айтқан ағалық сөздерімнің бір айғағы болса керек.

Кейін менің Парламент Сенатының депутаты болып сайлануыма байланысты облыстық мәдениет басқармасы бастығының тізгіні Тәкенге тапсырылды. Ол ұжымға жетекшілік еткен жылдарында білімділігі мен біліктілігін облыс өнері мен мәдениетін дамытуға, ел экономикасы аздаған қиыншылықтарды бастан өткеріп тұрған шақта Әулиеата айшықтарын ажарландыра беруге жұмсағанын жақсы білеміз. Ауғанстан, Моңғолия, Венгрия, Ресей, Өзбекстан, Қырғыз елдерінің, Қазақстанның барлық өңірінен келген жас өнерпаздар қатысып, шын мәніндегі өнер мерекесіне айналған Ш.Қалдаяқов атындағы халықаралық «Менің Қазақстаным» ән конкурсының туы осы кезде көтерілді. Екі жыл өткізіліп, өкінішке қарай, белгісіз себептермен кейін аяқсыз қалған сол байқауларда таланттарын танытып, жеңіске жеткен талай дарындар бүгінде қазақ сахнасының жұлдыздары болып жүр. Әттең, сол кездегі қолдаушылары кейін бастапқы екпіндерінен таймағанда, «Менің Қазақстаным» атты қазақ әнінің мерекесі Тараздың атын аспандатып, бүгінде атақты ән мерекелерінің қатарында тұрар еді-ау…
Кейінгі жылдары Т.Молдақынұлы өлкеміздегі ата-баба мұрасына бас-көз болу үшін арнайы құрылған республикалық «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінің директоры қызметінде болды. Оның тікелей араласуымен жеріміздегі кешегі тарихымыздың інжу-маржандары жаңарып, тотықұстай таранып, алғашқы қалпына келтірілді. Бүгінде ұрпақ тәрбиесіне, тарлан тарихымыздың таусылмас тәліміне өз үлестерін қосып тұрған нысандарға айналды. Ежелгі қаламыздың ерен тарихының, қазақ даласындағы қалалардың анасы – Тараз тәлімінің ұлтқа ғана емес, адамзатқа ортақ құндылықтарға пара-пар екендігін талмай насихаттаумен келеді. Тәкен 1994 жылы аспан асты еліне барып, алып мемлекеттің әлемде теңдесі жоқ тарихнамасы – «26 тарихтың» сондағы қандастарымыз қазақшаға аударған нұсқасын Қазақстанға алғаш болып алып келді. Іле-шала «Aq jol» газетіне «Атақты «26 тарих» қазақ тілінде» атты үлкен мақала жарияланды.

Орталық Азияда теңдесі жоқ, түркі тарихындағы орны ерекше «Ақыртас» кешеніне бүгін төл мерекесін тойлап отырған Тәкен інімнің сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Оның «Ақыртас» тарихы мен тағдыры туралы радио, теледидар, жергілікті және республикалық газеттер мен журналдарда үзбей жарияланып келе жатқан жанайқайға бергісіз материалдарының бір нәтижесі – сол аяулы нысанымыздың бүгінгі бейнесі! Бұл айтылғандар Тәкен атқарған мәдениет пен өнердігі өрелі істердің бір парасы ғана.

 Жандар Кәрібайұлы

Ақ жол. – 2018. – 21 сәуір 


 
 

«ӘН-ЖЫРЫМ САҒАН, ТУҒАН ЕЛ!»

«ӘН-ЖЫРЫМ САҒАН, ТУҒАН ЕЛ!» белгілі сазгер Алтынбек Қоразбаевтың шығармашылық кеші табысты өтті

Ән әлемінің корифейіне айналған Алтынбек Қоразбаевтың әндері жан-жүрегіңді шымырлатып, көңіліңді толқытып, жүрек тербейтіні сөзсіз. Елу жылдай уақыт бойы ел алдында маңдайы жарқырап жүрген композитордың еліміздегі өнердің өркендеуіне қосқан үлесі зор.

Оның «Қара шалын» тыңдап, тұла бойы толқымаған, «Қара кемпіріне» елжіремеген жан баласы кемде-кем. Өрі мен құзын қатар тосатын өнер әлемінің адал перзентіне айналған Алтынбектің туындылары қазақ үшін ерекше сый-тарту. Оның лирикалық әндері адам жанын баурап алады. «Бозторғаймен» боз далаға үні жеткен Мейрамбек Беспаев сынды сұңғыла таланттарды тай күнінен тану да мықтылық. Қысқасы, Алтекең – қазақ өнерінің қара нары, жарқыраған шоқ жұлдызы.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында Тараздағы «Баласағұн» атындағы орталық концерт залында Халық әртісі, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, композитор, жерлесіміз Алтынбек Қоразбаевтың «Ән-жырым саған, туған ел!» атты ән кеші өтті. Жүрек толқытар, жан жадыратар сиқырлы сазбен, әдемі әнмен әдіптелген өнер кешін облыс әкімі Асқар Мырзахметов жамбылдық жұртшылықпен бірге тамашалады.
Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған шара Алтынбек Қоразбаевтың 70 жасқа толған мерейтойы аясында жүзеге асты. Ән кешінде қазақ даласын сазбен тербеген өнер иесінің отызға жуық туындысы орындалды. Концерт шымылдығы «Ай-хай, жиырма бес» әнімен ашылды. Жастық шаққа деген сағыныш сезімінің шоғын үрлейтін шығарманы эстрада жұлдыздары, Алтекеңнің шәкірттері Мейрамбек Беспаев пен Тоқтар Серіков орындап, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді. Ал сахнаға Алтынбек Қоразбаев шыққанда көпшілік дамылсыз қол соғып, ерекше құрмет көрсетті.

Алтекең Меркі жерінде туып, Жамбыл топырағында 17 жыл еңбек еткенін қысқаша айтып өтіп, өзінің әндер сериясын «Елге сәлем» әнімен бастаса, оны Александр Беляков дирижерлік ететін эстрада-симфониялық оркестрі сүйемелдеді. Мұнан соң Алтекең аяулы азамат Арғынбай Бекбосынның сөзіне жазылған «Таразым» және өзге авторлардың «Таудағы көктем», «Қараша қаз, қайдасың?», «Менің дағы бір аққуым бар шығар» әндерімен көпшіліктің көңілін дөп басты.

Аида Смағұлова орындаған «Сарыдала» күйі, Саят Медеуов қоңыр дауысымен жүректерге жеткізген «Сағындым, Кенен атамды», Жанболат мен Жазира дуэті шырқаған «Әгугай, домбыра» әндері тыңдармандарды ән қанатында тербетті. Елбасының сөзіне жазылған «Үшқоңыр», Серікбай Оспановтың сөзіне жазылған «Сағындым, Алматымды» әндері «МузАрт» майталмандарының орындауында тыңдарман жүрегіне жол тартты.
Мұнан соң Алтекең тағы бір шәкірті Алма Аманжоловамен бірге «Жайлауда» әнін жүректерге жеткізе шырқаса, «Қап-қара жеңгем әдемі» атты шығармасын Ернар Айдар орындады. Жұбаныш Жексен шырқаған «Көзіңнен айналайын», Тоқтар мен Бейбіт дуэті орындаған, Жүрсін Ерманның сөзіне жазылған «Жан асылым» әндерін де көпшілік зор ықыласпен тыңдады. Нұрболат Абдуллин, Сая Махамбет шырқаған әндер де шынайы шықты.

Сахнаға Мақпал Жүнісова шыға келгенде әнсүйер қауым ұзақ қол соғып, зор ықылас көрсетті. Ол орындаған «Анадан асыл бар ма екен?», «Қоштасудың қиыны-ай!» әндері әнші мен тыңдарман арасын жақындатып жіберді. «Меломен» тобы, Райым Уайс пен Қанат Үмбетов бебеулеткен әндер де көңіл толқытты.

Белгілі әнші Бағдат Сәмединова мен Алтынбек Қоразбаевтың орындауындағы Елбасының сөзіне жазылған «Сарыарқа» әнін көпшілік көрермен бірге шырқады. Әуелі Бағдат бастап барлық әншілер қосыла шырқаған «Қазақстан» әнімен бұл ғажап концерт мәресіне жетті.

Мұнан соң сахнаға облыс әкімі Асқар Мырзахметов көтеріліп, талантты жерлесіміз Алтынбек Қоразбаевты 70 жас мерейтойымен құттықтап, Алтекеңнің бүкіл қазаққа ортақ тұлға екенін айтып, иығына зерлі шапан жауып, қолына жол талғамайтын автокөліктің кілтін ұстатты. Сахнаға облыс әкімінің ықылас гүлі әкелінді.
«Өзім осындай мерейлі жасқа келгенмен, жүрегім жиырма бесте» деп тебіренген Алтекең осы концерттен түскен қаржыны Тараз қаласындағы №30 мектеп-гимназиясында ашылатын ІТ бағдарламасы сыныбына аударатынын айтып, арнайы сертификатты Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбәрак Жинақбаеваға тапсырды. Ғажап әндердің сазына еліткен жұрт Алтынбек­тің кешінен айрықша әсер алғаны анық. Бұл бір елдің рухани шөлі қанған күн болды.

      Есет ДОСАЛЫ.

Ақ жол. – 2018. – 31 мамыр 


 
 

JAMBYL арнасы – Әулиеата айнасы

JAMBYL арнасы – Әулиеата айнасы

1958 жыл, 8 наурыз. Бұл күн – қазақ жеріндегі жаңалықтарды көгілдір экран арқылы әлеуметке таратқан күн.

Алматы қаласында алғаш рет жұмысын бастаған телестудия жарты ғасырдан астам уақыт ішінде қарыштап дамып, жаңарып келеді. Қадамы аталмыш қалада жасалған арнаның филиалдары одан кейін ел аймақтарында тарала бастады. Осы тұста аймақта арнаның филиалы 1989 жылдың 1 қарашасынан бастап Жамбыл облыстық телеарнасы деген атаумен әулиеаталықтарға жол тартты. Айта кетейік, Жамбыл телеарнасы республика көлемінде 21 жыл үзілістен кейін электронды ақпарат кеңістігіне қосылған алғашқы ұжым. Кейін келе, «Қазақстан- Тараз» атауымен толқынға енген арна өткен жылы «Jambyl» арнасы болып қайта өзгертілді. Бүгінде ұжымда 90 адам еңбек етіп жатса, оның 24-і шығармашылық қызметкерлер.

Тәулігіне 17 сағат бойы аймақ, ел, әлем жаңалықтарын жеткізіп отыратын арна 3 жыл бұрын «Отау ТВ» жерсерігіне қосылып, бүкіл қазақ елі мен Моңғолия және Ресей халықтарына ақпар таратуда. Қазақ-орыс тілінде жаңалық тарататын арнада бүгінгі таңда мазмұны зор, берері мол 33 бағдарлама бар. Өткен жылы 5 бағдарлама енсе, биылғы жылы бес бағдарлама жүзеге асуда.

– Облыста телевидение саласына кадр даярлау мәселесінде тапшылық сезіледі. Оның үстіне сала мамандары БАҚ-тың басқа жанрларына қарағанда тез танылады. Ал бүгінгі күні телеарна журналистерді дайындайтын шағын цех секілді. Осы жерден толысып, тәжірибе жинақтаған мамандарымызды үлкен арналар аттай қалап жатады. Турасын айтқанда, «Қазмедиа» орталығы, «QAZAQSTAN» ұлттық арнасы, «24», «Хабар» секілді үлкен арналарда біздің мамандар да еңбек етіп жүр. Осыған орай, өңірдегі сала мамандарын оқытатын М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетімен келісімшарт жасалып, «JAMBYL» арнасы – Әулиеата айнасы студенттерді тартып, тәжірибеден өткізіп, салаға баулимыз. Талапқа сай жас журналисті көркемдік кеңеспен келісе отырып жұмысқа қабылдаймыз. Сондай-ақ маусым сайын кастинг өткізіп тұрамыз. Қазір бір мәселе туындап отыр. Ол кастингке келген 18-20 жастағы қыздардың «суфлердегі», яғни алдына экран арқылы берілген мәтінді көзі көрмей жатады. Бұл – олардың 80 пайызында кездесетін жай. Екіншіден, «ң» әрпіне тілі келмей, «н» деп оқып жатқан жастар қаншама. Осы мәселелердің салдарынан кастингке келген 60 қатысушының алтауын да іріктеп алуға мүмкіндік болмады. Қазіргі таңда солардың арасынан сұрыптап, 3 студентті дайындап жатырмыз, – дейді «Jambyl» телеарнаcының басшысы Жасұлан Әбдіманап.

Алпыс жылдық мерейтойын тойлағалы жатқан ұжым дата қарсаңында үлкен жобаларды қолға алған. Айталық, бұрын қызмет етіп кеткен дикторлар эфирде жаңалықтарды тізгіндеп, халықпен қайта қауышуда. Ал аймақ қара шаңырағы саналған телеарнада көп жылдар еңбек еткен ардагер журналистерге арнап «Қара шаңырақ» атты фильм түсірілуде. Және де қызығы мен қиындығы қатар жүрген телеарнадағы қызметкерлердің балаларын шақырып, ата- аналарының қызмет барысымен танысыпты. Ал осынау саланың қым-қуыт әрекетінен бас алмай жүріп, телеарна төрінде өз сыңарларын тапқан 10 жұп жайлы «Телеарна қосқан тағдырлар» атты арнайы хабарда кеңінен қаузалады.

Сондай-ақ филиал Жамбыл Жабаевтың 172 жылдық мерейтойы мен қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай өңірде екінші рет түндігі түрілетін республикалық «Жамбыл – менің жай атым» атты ақындар айтысына ақпараттық демеуші болып отыр. Сонымен қатар күндізгі сағат 16.00-18.00 аралығында қазақ радиосының желісі арқылы филиалдың радиоторабы толқынға шығуда. Телеарна жұмысы тілшілер тобының тіршілігімен біте қоятын тірлік емес. Онда дизайнер, инженер, монтажер, режиссер секілді техника тілін жетік меңгерген сала майталмандарының да еңбегі жатыр. Телеарна өз жұмысын бастаған уақыттан бері аталмыш ұжымда 25 жыл табан аудармай еңбек етіп келе жатқан жанның бірі бас инженер – Ербол Нәметқұлов. Ұлыбританияның атақты «Би-би-си» корпорациясында тағылымдық тәжірибеден өткен бас инженер секілді инженер-техниктердің, жас режиссерлердің ортақ іске қосқан үлесі ерекше.

– Бүгінде арнада талдамалық, сараптамалық бағдарламаларды кеңінен қолға алып отырмыз. Апта бойы берілген жаңалықтардың өзектілерін алып, журналистік көзқараспен зерттеп, сараптап, халыққа ұсынамыз. Техникалық мүмкіндіктер күн сайын дамып тұрған тұста әлеумет телеарна тұрмақ газеттен алыстап барады. Осыған байланысты әлеуметтік желілердегі бағдарлама, жаңалықтарды сайтымызда онлайн түрде беріп отырмыз. Бұл өз кезегінде халық үшін оңтайлы болады. Осы уақытқа дейін сайтымыз аймақ арналарының рейтингінде көш соңында тұрса, осы жұмыстарды қолға алғалы үшінші орынға жайғасты, – дейді Жасұлан Лесбекұлы.

Ал бір басында бірнеше бағдарламаны қатар алып жүретін журналист үшін мұндай салмақтың ауыртпалығы шығармашылық тоқырауға әкелетінін айтқан басшы саннан гөрі сапамен жұмыс істеген жөн деп біледі. Тіпті арнада 2 жыл бойы таңертеңгілік «Рауан» бағдарламасын жүргізіп жатқан журналистерді жаңалық бөліміне ауыстырса, бағдарламааралық тілшілерді де жиі өзгертіп тұруды қажет деп тапқан. Сондай-ақ бәсеке бар жерде өсу, өзгеру мен даму болатынын ескерсек, екі жылға жуық уақыт бұрын аймақ кеңістігінен жол тартқан «77» арнасы аталмыш филиалдың жаңаша түрленуіне сеп болады. Және тағы бір мәселе – облыста телеарналарға арналған дыбыс режиссері маманы тапшы екен. Ал келген мамандарды дайындап, жоғары деңгейге жеткізу мүмкіншілігі де қиындау дейді филиал басшысы.

Толғанай Атабай

Жамбыл-Тараз. — 2018. — 28 ақпан


 
 

Өнермен өрілген өмір (Әлібек Әмзеұлы — 70 ж.)

Өнермен өрілген өмір (Әлібек Әмзеұлы — 70 ж.)

     

        ҚР Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Тараз қаласының және Талас ауданының Құрметті азаматы, актер, драматург Әлібек Әмзеұлы жемісті жетпіс жасқа толып отыр. Өнер иесінің мерейтойы облыстық қазақ драма театрында салтанатты түрде аталып өтті.

Сахнаға көтерілген облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков мерейтой иесінің ұзақ жылдар бойы еткен елеулі еңбегін, өңір мәдениетін, театр өнерін дамытуға қосқан елеулі зор үлесін атап өтіп, жемісті жетпіс жасымен құттықтады. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың құттықтау хатын тапсырды.

«Құрметті Әлібек Әмзеұлы. Сізді мерейлі жетпіс жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Өнер – халықтың өшпес байлығы, сарқылмас асыл мұрасы. Бүтін бір ұлттың болмысы, парасат пайымы сол өнермен сабақтасып жатады. Сіз саналы ғұмырыңызды өнерді өркендетуге, мәдениет пен көркемөнердің қамқоршысы, іздеушісі болуға арнап келесіз. Еңбек жолыңызды өңіріміздегі өнердің қара шаңырағы қазақ драма театрында актер болып бастап, сол өнер ордасын басқарып, театрдың шығармашылық жағынан қарыштап дамып, алға басуына барынша күш салдыңыз. Ұзақ жылдар бойы облыс әкімдігі мәдениет басқармасына басшылық жасадыңыз. Ширек ғасырдан астам уақыт облыс мәдениетінің көркеюіне, талапты өнерпаздардың бүкіл елімізге танылуына сіздің қосқан үлесіңіз зор…» делінген құттықтау хатта.

Облыс әкімінің орынбасарлары Ерқанат Манжуов пен Тимур Жанке де ізгі ниеттерін білдіріп, қазақы дәстүрмен шапан жауып, ықыластарын жеткізді. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының жолдаған құттықтау хаты оқылып, кеш иесінің мерейін асыра түсті.

Сондай-ақ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев Әлібек Әмзеұлының еңбек жылдары мен өнегелі өмір жолынан сыр шертті. Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев қала әкімі Рүстем Дәулеттің ізгі лебізін жеткізіп, өзінің жүрекжарды тілегін арнады.

Бұдан соң мерейтой иесі Әлібек Әмзеұлы сөз алып, жиналған қауымға алғысын білдірді.

Қодар көрген қорлық. Мерейтой өнер иесінің «Қор болған Қодар-ай!» атты фантасмогориялық спектаклімен жалғасты. Режиссер Қуандық Қасымов сахналаған қойылымның басталуы ә дегеннен-ақ көрерменді селт еткізіп, сендіре түсті.

«Тірі жүрсең, ел қарғасын, Қодар!

Жер басып жүрсең, жер қарғасын, Қодар!

Су сұрай барсаң, көл қарғасын, Қодар!

Өле қалсаң, көр қарғасын, Қодар!»

– деген суық қарғыстың ащы үні жаңғырып, көрерменді күрсіндіріп, зал ішін күңірентіп жібергені шындық. Бұл Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясындағы Қозы мен Баянның аналары Мақпал мен Күнікейдің Қодарға деген қарғысы екені белгілі. Ал қойылымда бұл ащы сөздер режиссердің шешімімен бір топ аналардың аузымен айтылғаны қарғыстың өткірлігін еселей түсті. Өне бойды осып өтетін зарлы үн қойылым барысында қайталанып беріліп отырғаны жүйелі қарғыс күнәһардың қыр-соңынан қалмайтынының, сөздің киесі бар екенін сезіндіріп тұрғандай болды.

Шығармада ғашығына қолы жетпей, күнәға батып, арманда өткен Қодар өз Баянын іздеп бүгінгі кезеңге өтіп кетеді. Қойылымдағы оқиғалардың шиеленісуі сол тұстан бастау алды десек, қателеспейміз. Ескі ғасырдағы зұлымдығы үшін жаңа заманның Баяндарынан кешірім сұрағысы келген күнәһар ғашық ғасырлар арасындағы алшақтыққа аһ ұрып, өзгеріске өкініш білдірумен болады. Себебі, оның іздеп, тапқан Баяндары бірі қайыршы, бірі жезөкше, бірі мансапқұмар арсыз, енді бірі нәзіктігін жоғалтқан еркекшора кейіпте кездеседі. Өз ғашығының бойындағы асыл қасиеттерді бүгінгі бұрымдылардан көре алмайтынына көзі жеткен Қодар тіпті қорланып, қападан құсаланады. Әр Баянмен жүздесуі шым-шытырық оқиғалармен өрбіді. Қойылымның шарықтау шегінде үзілуге шақ қалған үміт қайта жалғанып, әлі дүниеге келмеген сәбиін Баяндай нәзік әрі ақылды етіп өсіруге серт берген жас келіншектің сөзі көпшілік көңілін демеп, күрсіністен арылтты. Қодар образын сомдаған талантты актер Кенен Ақүрпековтің шеберлігі көрермендерді сүйсінтсе, өзге де бейнелерді сәтті сомдаған театр актерлерінің еңбегі еш кетпеді. Оны жұртшылықтың толассыз қошеметінен байқадық.

Осындай ерекше жанрда қалам тербеп, өткен заман мен бүгінгі күнді шебер астастыра білген автор өз пьесасы арқылы екі кезеңнің әттеген-айларын, жан сыздатар олқылықтарын сенімді суреттей білген десек, артық айтпағандық.

 Жанғазы АХМЕТ

Ақ жол. – 2017. – 23 желтоқсан 


 
 

Толайым еңбектің ері (Қуандық Қасымов — 60 ж.)

Толайым еңбектің ері (Қуандық Қасымов — 60 ж.)

   

Жамбыл облыстық қазақ драма театрында белгілі режиссер Қуандық Қасымовтың 60 жылдық мерейтойы аталып өтті.

«Ұшқан ұя» атты документальді фильмнен бастау алған салтанатты кешке облыс әкімдігі мен облыстық мәдениет басқармасы басшылығы, республиканың әр облысынан аймақтық театр басшылары мен өкілдері, белгілі өнер қайраткерлері, жазушы-драматургтер қатысты. Кеш барысында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев, республикаға танымал ақын Иран Ғайып, Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов қуаныш иесіне жүрекжарды ыстық ықыластарын білдіріп, ҚР Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хаты оқылды.

Аласармайтын арман, сарқылмайтын сезім, толағай талант пен толайым еңбектің басын бір арнаға тоғыстырған ұлы көш өмір деп аталады. Ал сол өмір атты өткелдің өзегін өнермен өріп, биік белестерді талантымен бағындырған дарын иесі ғана өзін бақытты сезінері сөзсіз.

Биікте, ту-ту алыста, қаракөлеңкенің құшағында бір қара бала отыр. Ол жас Қуандық. Дәлірек айтқанда Қуандықтың жас кезін сомдаушы театр актер – Кенен Ақүрпеков. Бар болмысымен әлденеге күйзеліп, әлденеден тарығып һәм әлденені іздейді. Ол өнердегі өзін іздеп отырған еді… Сол сәт қым-қуыт тіршілік басталды да кетті. Әуелеген Шәмші әні. Қолшатырда бас түйістірген қыз-жігіттердің вальс биі. Талдырмаш қыз. Режиссер мен жас қыздың арасындағы таныстық. Сол сәт режиссурасын өзі жасаған «Сыған серенадасындағы» сыған қызы Изольда жігіт пен қыздың арасындағы тұтанған махаббат сезімінің нұрға шомып тұрғанын, екі жастың жанұя құрып, бақытты болатынын болжап береді. Бұл көрініс өнер мен өмірдің тоғысқан сәті. Расында талдырмаш қыз Қуандықтың асыл жары Айжан болатын.

Одан кейін желмен жарысқан құлыншақтар. «Әке, кең далада еркін шабуға рұқсат етіңіз!» дейді. Әкенің ақ батасын алған құлыншақтар кең даланы бетке алып, шаба жөнелді. Бұл да режиссердің өмір мен өнер шыңына баптап ұшырған шын құлыншақтары…

Ал қым-қуыт тіршіліктен шаршап, қиындықтан жеріп, ойдан қажып, бәрінен баз кешуге шақ қалған сәтінде киелі өнердің кейуанасы қарсы алып, берген серті мен алған антына берік болғанын қалап, зор үміт күтіп жүргенін ескертіп, ақ батасын берді.

Театр әртістері режиссердің сан жылдарғы ерен еңбектерінің нәтижелері жайлы сөз етіп, әрі әкесі, әрі анасына айналған халқының алдында өзгеден оқ бойы оза шапқан жетістігімен бөлісіп, режиссердің додаға қатысып алған марапат, диплом, әрбір жеңісінің жемісін дәріптеді. Сөйтіп, үзілмеген үміт пен тот баспаған төзім киелі өнер таразысында теңесті. Қуандық Құлмамырұлының тағдыры мен талғамынан үйлесім тапқан кездері сәтті сомдалып, алпыстың есігін ашып, шырағын жаққан асқаралы аға адымдай басып өнер мен өмірдің көкжиегін бетке алды.

Құралай Сейсенбекқызы

 Жамбыл-Тараз. — 2017. — 25 қазан 

  • 3274
  • 172
  • 97
Интернет-ресурстан материалдарды пайдаланған кезде кері сілтеме жасау міндетті! © — Тараз қ. ОККЖ. csmb@bk.ru,
Разработано: Агентство «5-й Элемент»

Табиғат сұлулығынан артық сурет жоқ

Табиғат сұлулығынан артық сурет жоқ

                          

             Жамбыл облысының тарихи-өлкетану мұражайының көрме залында  «Туған елдің тұғыры» атты суретші Мақсат Қаңтарбаевтың жеке шығармашылық көрмесі өтті.

   Бүгінде Алматы қаласының тұрғыны Мақсат Қырғызбайұлына туған жерінің тауы да ыстық, тасы да қымбат. Жамбыл топырағында туып өскен талантты ұл қай қиырда жүрсе де, туған жерін жүрегінің бір бұрышына сақтап, сағынышқа толы жан сырын қылқалам арқылы төгеді.

 Әкесі Қырғызбай физика-математика саласының ұстазы бола тұра, ағаштан ою ойып, темірден түйін түйген. Қазіргі таңда да бірқатар мұражайлар әке қолынан туған туындыларын сақтап қалған. Әке көріп оқ жонып өскен кішкентай Мақсат та балабақша қабырғасында жүріп-ақ сурет салуға құштарлығы артады. Ал 9-шы сыныпқа аяқ басқанда, алғашқы туындысын сынып жетекшісі Ольга Жұмабаеваға арнаған. Мектепке келген жас та білімді ұстазға деген бала махаббаты Мақсатты ұстазының портретін айнытпай салып, Мұғалімдер күніне орай қабырға газетіне шығаруға жетеледі.

 — Менің алғашқы туындымды көрген ұстазымның маған артқан сенімі орасан еді. Ол маған түрлі бояулар алып беріп, үнемі қолдап жүретін болды. Кейін мектеп бітірген соң Абай атындағы ҚазПИ-дің көркемсурет факультетіне оқуға түсіп, үздік оқып бітірдім. Оқу бітірген соң Луговойда көркемсурет мектебіне мұғалім болып орналастым. Үш-төрт жыл сурет саласында еңбек етіп, қиын-қыстау кезеңдерде сурет салуды қойып, жеке кәсіппен айналысуға бет бұрдым. Дегенмен, Алла берген қасиетті тұмшалау мүмкін емес екен. Он жылдан аса қалам, қағазды қойғаныммен, 2013 жылдары сурет салуға қайта ден қойдым. Ақ қағазды қолыма алсам болды талдар билеп, таулар ән салып қоя беретіндей күй кешемін. Тұмса табиғаттың Алла жаратқан туындысынан артық сурет жоқ шығар. Дегенмен, орыс суретшісі Репин айтқандай: «Суретшінің басты мақсаты табиғатты дәл салуында емес, қалай салуға тиістілігінде». Бүгінгі таңда адам аяғы баспаған жер қалмады. Ал адам жүріп өткен жердің соңы өзгеріске ұшырап, бастапқы көрінісін жоғалтатыны белгілі. Мен сол алғашқы кейіптегі тұнық табиғаттың тұңғыш болмысын, пәк сұлулығын сақтап қалғым келеді,- дейді суретші.

 Сондай-ақ қылқалам шебері бойдағы дарын еңбекпен ұшталып, тәжірибе арқылы ғана шыңдалатынын айтады. Ғұламалардың пайымдауындағы «талант 10 пайыз болса, жеңіс нәтижесінің 90 пайызы еңбекпен келетінін» жадынан шығарған емес. Қазақ қылқаламшыларынан Ә. Қастеев пен Телжановтың туындыларына таңданысын жасырмады. Бір жылдары ұмыт қалған қылқаламын қайта қолға алған Мақсат Қаңтарбаев алдағы уақытта да бұлақтың сыңғырынан сыр іздеп, дала гүлдерінің нәзіктігі мен тау-тас, тал-дарақтың бойынан тараған табиғат сұлулығын паш етер туындыларымен бөліспек.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Жамбыл-Тараз. – 2016. —  27 қаңтар(№ 4). – 24 б. 


 
 

Өлеңнің егіз өрімі — К. Ахметова, Қ. Асанов

Өлеңнің егіз өрімі — К. Ахметова, Қ. Асанов

         

            Мұңлы муза иесі Мұқағали, жұмбақ ойлы Жұмекен, тентек мінез Тоқаш, бірбеткей Фаризалардың қатарында нәзік сезім иесі Күләш Ахметова да қазақ өлеңіндегі өрнегі өзгеше ақынға айналғаны анық. Асқар таудай Әбділда Тәжібаевтың бір кездегі «Күләш – ақын» деген пікірі қазақ өлеңінде өзіндік орны бар көрнекті тұлғаны тап басып көре білгені болса керек. Ал өлең жолдары сырға да, мұңға да толы Қайырбек Асанов та жеке басының қамын күйттемеді. Қазақтың қасиетін жырлады. Әлі де жырлап келеді.

Жақында Тараз төрінде талантты ақындар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов пен Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Күләш Ахме­тованың Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығына арналған поэзия кеші өтті. Бір шаңырақ астында ерлі-зайыпты болып күн кешіп, қазақ поэзиясының дамуына өлшеусіз үлестерін қосып, өлең­дегі өзге­лерден өзгеше дара жол­дарын сала білген қос ақын Қайырбек Асанов пен Күләш Ах­ме­това бүгінде жетпіс жасқа толып отыр.

Жамбыл облыстық қазақ драма театрында өткен поэзия кешінде қос ақынның жас кезі, студент шағы бейнеленіп, олардың алғаш таныстығы, араларындағы іңкәр­лік сезімдерінің оянған сәті әдемі суреттелді.

– Күләш – аяулы ақын, сүйікті жар, мейірімді ана, ақыл­ды қарындас. Оның жанының нәзіктігі, сыршылдығы, мейірім­ділігі өлеңдерінен де төгіліп тұ­рады. Поэзиясы тұнып тұрған адамгершілік, инабаттылық, кісілік, парасаттылық. Жырла­рынан кейде Қожа Хафиздің, Сағдидың үні естілсе, енді бірде Абаймен тілдескендей болатын Күләш – періште ақын. Сол үшін оны бәріміз жақсы көреміз. Күләштің туған жер, өскен өл­кені жырлауы ақиық ақын Мұқа­ғалимен үндеседі. Қазақта бұл тақырыпты Мұқағали мен Күләштан артық жырлаған ешкім жоқ, меніңше. Біздің Күләшті аялап, алақанында ұстап келе жатқан Қайырбектің де сонау Сырдағы жыршылық ортаның қайнарынан шыққан тасқын талант екенін бәріміз білеміз. Оның да өнерінің бағасы биікте екенін айта аламыз, – деген Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков ақындар шы­ғармашылығы туралы өзінің әде­мі де әсерлі ой-пікірлерімен бөлісті.

Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев ақындар Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметованы 70 жасқа толу мерейтойымен арнайы құттықтап, темір тұлпар сыйлады.

Оралхан ДӘУІТ,

Суретті түсірген

Ақәділ РЫСМАХАН

Егемен Қазақстан. — 2016.  – 19 қазан. – 10 б.


 
 

Күләш Ахметова — ақын

Күләш Ахметова — ақын

Әлі жиналып, игеріліп болмаған халық әні мен өлеңдерінің көнелеріне қосылып жатқан жаңалары қанша. Соларды жинау, бастыру жөнінде ақындар мен композиторлар елең етпейді-ау. Тіпті жолдарында көрініп жатқан алтын өзектерді ала қояйыншы, иелене қояйыншы демейді ғой. Соның салдарынан болу керек, жаңа ән, жаңа жырлардың көбінде халықтық рух жетіспейді. Әндегі вальстік ырғақтар (көбірек кездесетін), соған сай айтылатын көбелек жанды күйгелек өлеңдер қамыстың үйлегі, балықтың қағанағы секілді, бір сілкуден қалмайды.

Халықтық рух деп біз ән мен жырдағы табиғи және тарихи бояулар мен (яғни көріністер мен) дыбыстарды (мелодиялық үндерді) айтамыз. Аспанымыз бен жеріміздің арасын лық толтырған күн жарығы, оған шағылысқан өзен, көлдеріміз, басына бұлт оралған тауларымыз, шөлейт даламыз, сыңсыған орманымыз — түп-түгел біздің жан күйіміздің ұялары. Осы табиғи орта – өз кұшағындағы тірліктің бәрін адам тілімен ұлы эпостарға, ән-жыр деп аталатын ғажайып өнерге айналдырған: жетім бота, жесір аққу, қанаты қираған қыран, жылаған жел, күркіреген көк, атылған найзағай, тасыған сел, үйірілген құйын, жеткізбес сағым, ұстатпас елес, атқан таң, батқан күндерімен… барлығы да халық лирикасының сарқылмас мотивтері. Халық осының бәрін өз сезімімен өткізген де, өз ойын, өз толғағын айтатын астарлы бейнелерге, метафора теңеулерге айналдырған. Ол үшін тіл ұстартқан, көріктен өткен, қайнауы жеткен, әбден шыңдалған асыл сөздер әзірлеген; ой-қиялды шегіне жеткізе айту үшін ауыр салмақтардан сынып кетпес үшін құдіретті сөздер керек, сондай сөздер ғана ырғақ ұйқастардың өзара қағысып келісім табуына, жымдасуына жарайды деп білген.

Мен Күләш Ахметованың жана жинағынан осы халықтық рухқа жақындықты, халықтық  дәстүрді берік ұстағандықты көрдім.

Екі бөлімнен құралған жинақ «Уақыт пен жастық жыры» дейтін диалогтардан басталады. Оған тақау «Ақын мен жердің әңгімесі», «Уәзір мен өлім алдындағы патшаның әңгімесі», «Ұлбикенің соңғы монологы» деген жырлар оқылады. Бұлардың бәрі де тақырып жағынан, жырлану әдісімен бізге таныс нәрселер. Сұраққа жауап беру, үлкеннің кішіге айтқан ақылды кеңесі, өмір мен өлім жайлы монологтар бізде ертеден бар. Мұндай нәрселер басында араб, парсы, үнді әдебиеттерінен ауысып келген де, кейін қазақ топырағында тамыр байлап, қазақ жырының бір арқауы боп кеткен.

Осы тұрғыдан қарағанда «Қазақ әдебиетіндегі» Өтеғалиева Сахипжамалдың мақаласындағы «Бұрыннан белгілі ақиқаттарды қайталап жатудан Күләштің сақтанғанын жөн дер едік» дегені орынды сияқты. Бірақ бұл үстірт қарағанда ғана.

Мәселе бұрыннан белгілі бір түрлерді, әйтпесе «Белгілі ақиқаттарды» қайталап жатуда емес, сол белгілі түрлерді (яғни дәстүрлі түрлерді) қалай пайдалануда, өз тарапынан не айтуда болу керек. Мысалы, диалогты барлық жанрда, әсіресе драматургияда пайдаланамыз.

—          Сонда осы қайталау болып шыға ма?

        Монолог та сондай, ендеше бала сұрағына әке жауабын да осы сипатта тануымыз қажет. «Әке, адал ұл болу үшін не істеу керек?» дегенге:

Қол арт, балам, алдымен қиял-атқа,

Ұяны атпа, арам ой ұялатпа.

Адамдарға күдіксіз сене біл де,

Сөнгендерді итерме қиянатқа,

 — дейді. Бұл – кәрі аталардың аузынан көп естілетін ақыл. Ұшқан ұяңды сыйла, адал бол, адамды қиянатқа итерме дегенді өзіміз де осы кезде жастарға көп айтамыз. Демек, бұл жыр болуға, әркімнің көкейінде құйылуға сұранып тұрған ақиқат. Сондықтан бұл — тақырыпқа дүркін-дүркін дегендей, әр дәуірдің, әр буынның ақындары жырлап, ұрпақтар бәйгесіне түскендей, жарысып отырған. Міне, енді сол бәйгеге Күләш те түсіпті, өз жырын ұсыныпты. Ендеше соған әділ билік айтайық та.

Біздіңше, Күләш «ақиқатты» құр қайталап, үйқастырып қана қоймай, поэзия тілімен жандандыра түскен, жарамды сөз бен тың ойға, биік идеяға айналдырған. Осы шумақтағы:

«Ұяны атпа, арам ой ұялатпа. Адамдарға күдіксіз сене біл де, сенгендерді итерме қиянатқа!» деген белгілі дидактикалық сөздердің осыншама қызықты қалануын биік бағалаған жөн. Осы үш жолдағы ырғақ, ұйқастардан туған ойларға еріксіз қуанамыз. Өйткені бұл ойларды бізге көктемде қайта көктеп, жасыл жапырақ жайған, біздің күндерімізде тыңайған сөздер жеткізіп тұр. Сондықтан дидактикалық деңгейден асып, ақындық дәрежеге көтерілген.

Құлағанды деме де, бақытты қыл,

Бақыттының тұнығын ылайлама.

Не берейін деп тәңірі сұрай қалса,

Алдыменен ақыл мен жұмыс бер де.

Масқара қыл, аяма, әшкере қыл

Атағы үшін атасын сататынды.

Өмір – бәйге, замандас озып кетсе,

Күбірлемей, күндемей, күліп қара.

Мен осы егіз жолдарды плакатқа айналдырып, көпшілік жиналатын жерлерге ілдіріп қояр едім. Жақсы өлеңдерге кітапқа ену аз, олар плакатқа да айналулары керек!

Уәзір мен патша диалогы да дәстүрлі түрде жазылған. Бұл үлгі де Шығыс әдебиетінде (әрине, ертеректе) нақылият, ғақлия боларлық нәрселер көп жазылған, өмір, өлім жайлы пәлсапалык ойлар, дінді уағыздайтын толғаныстарда осындай сұрақ-жауап үстінде аз шертілмеген.

Күләш осы дәстүрлі сұрақ-жауап түрін шебер пайдалана отырып, шынайы өлеңдер жасаған.

О, падишам, саялы бәйтерегім,

Таба алмадык дертіңнің қайтар емін.

Алдияр! Алдыңда тұр байтақ елің,

Халқыңа ақырғы рет не айтар едің?

Аса сұлу өлең болып шыққан, үндестік жағынан музыкаға сұранып тұрған төрт жол сұрақта мықты динамизм бар. Біз басталған жерде-ақ драмалык оқиғаға кіргендей сезінеміз. Осындай сұраққа қайтарылған жауап та келісті:

Бояуын, бар қызығын бала күннің,

Дірілін үлбіреген лала гүлдің,

Ұлдың да, жылап тұрған сұлудың да,

Құлдың да шын қадірін жаңа білдім.

Өлім, өмір — мәңгі жырланатын тақырып. Әр түстің жауабында сол кездің идеологиясы мен адамгершілік парасаты бой көрсетеді. Күләштің аузымен қайтарылған жауапта біздің дәуірдің көзқарасы бар. Мұнда өмір бояуы бай, сәбилік қызығы көп, лала гүлдері үлбіреген, ұл мен жардың көз жастары мөлдіреген өте жарық дүние боп көрінген.

«Ұлбикенің соңғы монологындағы» өмір де осы тұрғыдан жырланған. Мұнда трагедиялық леп басым. Өліп бара жатқан Ұлбике ақынның арманы қандай айқын, қандай биік:

Айдың нұры, сылдыры ақ бұлақтың

Жылап қалды жырыма құйыла алмай,

— дейді. Бүкіл жаратылыс жанданып кеткендей, біз мөлдір түннің өксігін естігендейміз.

Поэзияның бір өзгешелігі сол – жақсы өлеңді мақтап жеткізу қиын. Ол да ән сияқты, өзінің асылдығын өз үнімен естіртеді, өз нақышымен көрсетеді, сондықтан дауыстап оқисың…

Мысалы, мына бір шумақты өз сөзіңмен қалай жеткізіп, қалай түсіндіресің? Амалсыз естіртіп оқисың, оқисың да:

 — Мінеки, көрдіңіз бе, осы жақсы өлең дейсіз.

Ызыңдап маза бермей ме,

Өкініш деген көк шыбын?

Кеудеңді келіп керней ме,

Басылмай жүрген өксігің?

Әркімнің басынан сирек болса да өтетін мұндай күйді дәл осылай төрт-ақ жол өлеңмен жеткізу – жас ақын шеберлігінің айғағы. Көркемдіктің жаңа деңгейіне осындай басқыштар арқылы көтерілеміз. Бұл – суретшілер үшін де, композиторлар үшін де адам күйіндегі аса қызықты мезет. Бірақ олардың қолдарына да мұндай сәттілік іліге бермейді. Ұмытылмайтын өкініштің ұзақ басылмайтын өксігі ең қысқа, ең айқын түрде осылай ғана жазылатын болу керек.

Көп өртенді даланың көк орманы,

Мекеніне көп марал оралмады.

Ұясына көп құстар қона алмады,

Тек адамның өртенген жоқ арманы,

— дейді ақын. Жылдар өтіп-өтіп келіп, бір дәуірдің жиынтығындай шоқталады да, жаңа дәуірдің жаңа жылдарына шылбыр тастайды. Сонда өткен мезгілдің жарық жағымен жарыса жан ауыртар тұстары да көңіл көзінің алдынан толқып өтеді. Шын ғой бәрі де, қандай өрттер түспеді көк орманға, қанша марал мекенін жоғалтып, қанша кұс ұясынан айырылмады! Тек өртенбейтін арман ғана өз биігінен төмендеген жоқ. Төмендемек тұрсын, оның тағы да жоғарылай түсіп, жарыққа, кеңдікке, сақтыққа шақырған үндеуін естиміз. Оның адамға деген махаббаты қандай! «Шамдарым, жарықтарым» деп сөйлейді.

Сендерсіз менің жанымда мұнша туа ма ән?

Жарық шамдарым, жаныңдар! Соған қуанам.

Сендермен көркем: көк тоғай, көк тау, көк белдер,

Сендермен жарқын: қоңыр күз, ақ қыс, көктемдер.

Жаңбыры да бар, дауылы да бар, орман да,

Жарық шамдарым, ертерек сөніп кетпендер!

Қанша махаббат, қанша мейірім бар осы жолдарда. Адамнан көрік алатын, адамнан жарқындық табатын жаратылыс қандай ғажайып! Көк тоғай, көк тау, көк белдер – арман суреттері емес пе?! Жыл мезгілдерінің контрастықпен келісім тауып тұрған бояулары қандай! Ақын сүйетін жарық шамдар не деген бақытты жандар!

Жинақтың екінші бөліміндегі махаббат жырларында да құйылып тұрған қоңыраулы өлеңдер аз емес. Әр өлеңде көрікті композиция, әшекей алқалар бар, тағы да бүкпесіз ғашықтық, ағынан жарылып, ашынып айту ерекше көңіл аударады, әрбір өлеңнен ән боп тарайтын таза сезімді гуманистік жарқын леп жарқыратып тұрады. Күләштің сезімтал жырды тым жұқартып жібермей, оған азаматтық дем бергісі келетін кездері де сезіліп тұрады, ондайда ақын жарқын және сыпайы естілетін патетикалық сөздерді пайдаланады.

Кел, махаббат! Толқытып жас жанымды,

Асқақтатып көңілімді, аспанымды,

Мәңгілікке жаралған жанарыңмен,

Қабылдайық ғажайып қас қағымды.

Бұл шумақта жарасымды декларация лебі байқалады. Дегенмен, махаббат лирикасында да Күләш суретші болған өлеңдерінде күшті. Мына бір шумақты оқиықшы:

Нәзік гүлге су құйып тұр едім мен,

Нәзік әуен туындап жүрегімнен.

Сені есіме алдым да мұңға батып,

Осы қазір келсе деп тіледім мен.

Әдетте лирикадан драматизм де тілейміз ғой. Бірақ сол драматизмнің себебі де айқын болу керек емес пе?

Әрине, мына шумақта бәрі айқын. Нәзік гүл, нәзік әуен, осы екеуінен толқыған көңіл, қас қағымда еске түскен портрет, дәл осы мезетте сүйгенін көргісі келген тілек… Мұнда аңсау, сағыну ғана емес, айырылыс, өкініш, қайта талпыну бәрі бар осы шумақта:

Ұмытсам деп ыңылдап ән іздеп ем,

Ән боп шықты ол дағы сен айтатын.

Әйтпесе:

Сен ғана сездірмесең қайтер еді,

Кей нәрсенің өткінші екендігін,

— деген жыр қос жолдарды қоссақ – толық бір күйді түгел тартып шыққандай сезінеміз. Лоблыған жүректің әуенімен бірге талдырмаш қыз мүсіні көз алдымызда, оған қыз сырындай нәзік ашылған ақ желкен, көк желкен гүлдерді, шашырай себілген судың маржандарын қоссақ, оқиғалы әсем сурет көреміз.

Ақынның ізгі жандылығы, гуманизмі, пәк сезімділігі үнемі ойлы қамқор тілектермен ұштасып отырады. Осындай астарлы түрде бейнеленіп қорытылатын тың теңеулері бар көркем жолдар аз емес.

Қандай бақыт өріктер гүлдегені,

Қамығуды, ойлауды білмегені.

Қандай жақсы өткінші бақыт болмай,

Мәңгі шегер аяулы мұң болғаның.

Жүзіп өтіп жүрер ем су-су болып,

Көпірі жоқ көлдерден, өзендерден.

Есептескен махаббат – махаббат па?..

Рас-ау! Есептескен махаббат, сыйластық, достық бола ма! Күләш өлеңдерінде қанша махаббат, достық бар десек, соның бірінде де есепті сезім жоқ. «Сүйші мені» деп ешкімге еңкеймесе, «Неге сүймейсің?» деп ешкімге шалқаймайды да. Күләш жырында ғашықтық, ынтығу бар. Бірақ жалаң, құмарлық, құмарларға сыңарлық жоқ. Нәзік әйел ақынның ең нәзік махаббаты мөп-мөлдір, тап-таза, құмарлық сияқты көрінетін жерлерінің өзінде де адамдық пафос басым…

Менің тағы бір тоқтала кетпегім, жинақтың 52-бетінен басталатын: «Ботақандарым», «Сен барда қызық табам үй ішінен», «Ойнай ғой», «Мамандығын мамаңның», «Ертегі деп түсінесің…», «Балалық шақ», «Тыныш түндер» деген цикл. Осы аталған жеті өлеңді автор баласына, балаларға арнаған. Бұл жырларда да жылы сезімдер, жұмыр шумақтар жеткілікті. Бірақ Күләш сияқты талантты ана ақынның қаламынан бұлардан мықтырақ өлеңдер туғаны жөн болатын еді.

Халық жыры рухына мол cyғарылған, халық жырларының дәстүрлі әдістерін еркін меңгерген ақын балаларға деген жырында ізденгіштігін, талғампаз-тапқырлығын көрсетпеген.

Халық рухы дегенде (балалар жырына байланысты) алдымен айтатынымыз – әр елдің ежелден келе жатқан бесік жыры ғой. Ол біздің де жырымыз. Бесік те, бесік жыры да – адамның мәңгілік серігі. Ол бір ғасырды тербетіп болған соң, келер ғасырға ауысып отырады, әр өлеңде дәуір ырғағы мен онда дәурен сүрген жандардың үндері бар. Бала тербеткен ана өз әнімен өз күндерінің армандарын жырлайды, өз басының мұңдарын шертеді. Бесік жыры белгілі кезеңдердің суретшісі сияқты. Ол өз тұсының таулары мен ормандарын, көл-дарияларын суреттейді. Біз аңдардың ыңыранғанын, құстардың шулағанын, кұрақпен ойнаған желдің кимыл, үнін де естіп, көреміз. Бесік жыры ана жыры болғандықтан, онда терең сыр, нәзік мұң, нәрестелер болашағына байланысты күдік, үміт белгілері де көп; онда ойнақы ырғақ, жарық қуаныш, шадыман ойын-күлкі де мол. «Сен қорықпа» дегенді жыр күлдіріп отырып та. жылатып отырып та айтады. Осындайда аңдар жайлы ертегілер, сан алуан тың теңеулер, образдар туады.

Соның бәрі баланың сезімі арқылы санасына сіңеді. Бала анасын, ана тілін ұғынады. Нәрестесіне сырын шертпейтін, мұңын шақпайтын ана болуы мүмкін емес. Бірақ халықтық дәстүрді берік ұстанған ана – ол анасы – алдымен сол жұрттың биік мұратын берік ұстанады. «Ел үшін кімді өсіру керек?» деген сұрақ ана есінен қай заманда да шыққан емес. Сондықтан «Еліңе ұл бол, құлқынға құл болма» деген сарын ана жырында үзілмей, ұласып отырады…

Түйіп айтқанда: Күләш жырлары мені қатты қуантты. Таза сағыныштардан, жарық армандардан туған мұңды, мөлдір жырлар әуендеріне үн қосқандай сезіндім, жыр құдіретімен жаңғырғандай, жаңа дүниеге кіргендей жадырадым. Біздің бақытты республикамыздың жас бұлбұлдары осылай молая беруі керек!

Әбділда ТӘЖІБАЕВ

Ақжол. – 2016. —  23 сәуір. – 4 б.

Ақын және Ғайып Ерен Қырық Шілтен

Ақын және Ғайып Ерен Қырық Шілтен — С. Томанов

         Ақыннан қалған өлеңдер ел-жұртқа екі кітап болып жетті: Томанов С. Пәруана / Алғы сөзін жазған Маралтай Райымбекұлы. – Алматы: Үш қиян, 2004; Томанов С.У. /Құрастырғандар Марал Томанова, Еркін ЖапаровАлғы сөзін жазған Абдұлла Бақбергенов. — Алматы: Атамұра, 2006.  Екі кітап та ақынның өзі дүниеден өткен соң жарық көрді.

 

Серіктің өлеңі толқыған жанның шындығынан, тебіренген жүректің сырынан туған. Ақын жанының шындығында саз, ақын жүрегінің сырында наз болғандықтан, ақынның өлеңі де сазды және назды. Сазды әрі назды өлеңнен жүрекке ыстық, жанға жайлы леп еседі. Халықтың: «Өнер алды — қызыл тіл», — деп сүйінуі сазды әрі назды өлеңнің жүрекке ыстық, жанға жайлы жайсаң лебіне байланысты болар ма деп ойланамыз.

Жаратушы жаратқандарының әрқайсысына лайықты қасиет дарытқан. Олардың біріне дарыған қасиет өніп-өседі, біріне дарыған қасиет өліп-өшеді. Ақындық өнерге, ақындық болмысқа біткен қасиеттің жөні бөлек. Оның жарығы мен жалыны тілден шығады.

Жырларыма таңданба жарық көрген,

Жүрегіме жүгінбе шабыт керген.

Шын құдірет  тілімдежырымда емес,

Шыңыраудан шындықты алып берген, — деген өлең жолдарына акынның шын кұдіреті тілінде екендігі туралы ой өзек болған. Әдетте ақындық қасиетті табиғаттан деген ілгеріде өткен данышпандардың сөзін тілге тиек етіп айтатынымыз бар. Акындық өнерді, ақындык қасиетті іштей құрамдас бөліктерге бөліп, жіктейтініміз де болады. Өлеңдегі мазмұн мен пішінді, ой мен сезімді жеке алып қарастыру тәжі­рибесі де кездеседі. Солардың арасында өлеңнің тілі, ақынның тілі — өз алдына ұланғайыр бір дара сала. Ғылыми еңбектерде өлең мәселелерін мұндай салаларға бөліп зерттеу ғылыми таным жүйесіне сай жұргізіледі. Ал ақынның өз өнерінің «шын құдіретін» тілінен табуында, «жарық көрген жыр», «шабыт көрген жүрек» жайын көре-біле тұрып, ақындық өнерінің «шын құдіреті тілімде» деп білуінде шығармашылық сара таным бар. Ақынның даралығы оның шығармашылық сара танымына негізделеді.

Ақын «шын құдірет — тілімде» дегенде, өзінің тілін, өзінің өлеңінің тілін ғана айтпайды, ана тілін мадақтайды, ана тілін ардақ тұтады. Серіктің өлеңінің құдіреті, рас, тілінде. Ана тілінің нәрін бойына ана әлдиімен сіңірген, баба өмірінің мәнін ойына ата сөзімен сіңірген ақынның тілі әрлі, ойы нәрлі. Ақын өлеңіндегі ой образды, сөз суретті, сезім сұлу. Ақынның образды ойы, суретті сөзі, сұлу сезімі — бәрі тіл кұдіреті арқылы өріледі. Ақынның тілі тау бұлағындай мөлдір, таң самалындай таза. Ақынның тілінің ұшында тұрған жаны жібек жалаудай: самал лебін сезінсе, алтынды шашағын желбіретіп, елбіреп тұрады. Шөл даладағы шөл өсімдігінің арманын сезінсе де үлп-үлп етіп, үлбірей жөнеледі.

Тағдырыңа тауфиқсыз әлің келмей,

Ала жаздай бір тамшы жауын көрмей,

Өткіздің бе өмірді үмітпенен,

Жауын құмар жаныңа дамыл бермей.

«Күз. Шөл өсімдігін жұбату» өлеңі осылай басталады. Шөл өсімдігінің аты-жөні, түр-түсі белгісіз. Бірақ оның тірлігі, әл-ахуалы, жай-үйі толық көрініс тапқан. Төрт жолдың әркайсысының өз мәні, өз мағынасы бар. Шөл өсімдігі. Тауфиқсыз тағдыр. Тауфиқсыз тағдырға әлі келмеу. Үш бунақтан тұратын бір тармақта осындай үш түрлі сындарлы ой өзегі бар. Шөл өсімдігі. Шөлге біткен, шөлде өнген өмір. Шөлдің шөлі қанатың болса, ол шөл бола ма. Шөлде өскен өсімдіктің шөліркемейтіні бола ма. Шөлде өсіп, шөліркеген өсімдіктің шөлін басу үшін көл жағасына барып өсуіне тағдыр жаза ма, шөл өсімдігі көлге бітіп, шөлін бассын деп тауфиқсыз тағдыр өзгере ме… Шөлде өніп, шөлде өсу — тағдырдың жазуы. Ала жаздай бір тамшы су татпау — тағдырдың жазуы. Өмірді үмітпен өткізу — тағдырдың жазуы. Тауфиқсыз тағдырды өзгертуге акынның Ғайып Ерен Қырық Шілтені ғана себепкер болуы мүмкін еді.

Шөлде өніп, шөлде өскен де, көлге бітіп, көлде өскен де армансыз болмайды, тілеген тілегінің бәріне жетпейді. Көлде өскеннің де, шөлде өскеннің де өмірінің өзегі судан нәр алады. Көлге бітіп, көлде өскен ескіннің шөлді аңсамайтынын кім біліпті. Аңсайтын болса, ол да шөлді өле-өлгенше аңсар еді, шөлге шығып шөліркеуден ол да үмітін үзбес пе еді… Құдайдың кұдіретімен шөлге бітіп, шөлде өскендердің өзі де, өзегі де су аңсап өсіп, су аңсап өтеді. Шөл өсімдігі өссе, су аңсап өседі, шөл өсімдігі өлсе, су аңсап өледі. Шөл өсімдігінің осындай тағдыр-алайы, шөлге де, ыстыққа да үнсіз шыдаған, шыдамы жетпеген жерде үн-түнсіз үзіліп кетуге бар жай-күйі ақын жанынан мейір-шапағат сезімін туғызады. Сол сезім ақыннан ақынның лирикалық кейіпкеріне жетеді. Ойға алған көп тілегі орындалмаған, шөлі қанбай арманда қалған, өзін шаң басқан, өзегіне тамшы тамызар бір жанкүйер, бір жанашыр таппаған шөл өсімдігіне мейірімі түскен лирикалық кейіпкер оған қолынан келген көмегін көрсеткісі келеді. Шөлде өскен сол өскіннің өзіне бір жанкүйер табылғандай сезінуінен бақыт табардай толқиды, соның шөлін басқысы, соған сүйеу болғысы келеді. Жанашыр іздегенге жанашырлық көрсетуге, сусағанға су беруге, сүрінгенге сүйеу болуға, жаны жабырқағанға жансерік болуға дайын тұрған лирикалық кейіпкердің шөлге де, шөлдегі өксікті өскінге де ықыласы түсіп, жүрегі рақым нұрына, мейірім шуағына толып елжіреген қалпы — ақын­ның ішкі қуатынан, талант табиғатынан туған тамаша көрініс. Ақынның ішкі қуатынан, талант табиғатынан туған осы тамаша көрініс — ақын өнерінің асыл өзегі, ақын болмысының абзал қасиеті.

Шөл өсімдігін жұбату мына шумақпен аяқталады:

Теңіз бен өзендерден шалғай жатып,

Өмір кештің таңдайға нәр алмай түк.

Шілдеден шыға алмайтын шөпшалам көп,

Күресіп күзге жету қандай бақыт!

Жер бетінде өніп-өсетін жайсаң өсімдіктердін өмір жасы көктемде басталып, күзде аяқталады. Шөл өсімдігінің өмірі де осындай. Бірақ шөл өсімдігі өз тіршілігінің әрбір қас-қағым сәті үшін күреседі, өмірінің күзіне толассыз күреспен жетеді. Шөл өсімдігі өзегіне тамбаған тамшы судың орнын қайсар рухымен толтырады. Әйтпесе өзегі құрғап, өзі қурап, желге ұшып кетпек. Шөл өсімдігі бәрін көрді, бәріне төзді, бәріне шыдады. Өзегін қайсар рухымен нәрлендірді. Сөйтіп күзге жетті.

Дүниеде шаң баспайтын ештеңе жоқ. Шаң шынның жүзі мен асылдың кезіне де қонады. Ақын өлеңінде адам өмірінің, дүние шындығының шаңнан арылып тазарған, саф алтындай сарғайған, сөйтіп сығымдалып бір тал шөл өсімдігіне айналған бейнесі жасалған. Шөл өсімдігі — сөзбен салынған сурет. Суреттің бояуы қанық. Шөл өсімдігінің таңдайына нәр алмай, сіресіп өскен, тағдырдың жазуымен тіресіп өскен қалпы, айналасы, ортасы — бәрі көңілдің көзінде, көздің алдында тұрады. Шөл өсімдігі — күрескер. Шөлде өніп, шөлде өсу, шөлмен күресіп, күзге жету — сүйегі асыл, негізі берік берен болмыстан, мұқалмас, жасымас қайсар рухтан. Шөл өсімдігі — қазақ өлеңінде бұған дейін болмаған, бұған дейін көзге түспеген, теңі де, теңдесі де жоқ образ.

Шөл де, шөл есімдігі де Серіктің өмірі мен өңірінің, туған өлкесінің шындығы. Ақын өмірі мен өңірінің, туған жерінің шындығын, туған жерінің табиғатын кезінен таса етпеді.

Сарқып ішіп күз лебін, Сыбдыр қақтым емен боп. Жаз кызығын іздедім, Жапырағым елеңдеп… — деп, емен болды, қазанда оңып, қарашада тоңып, жаз қызығын іздеді. Құстар қайтқанда: Қосылып кетем дей ме қатарына, Қанат бітіп жүрегім дірілдеді, — деп, алаңдады. Талас болып, әттең-ай, жаралғанда… — деп, өзен болып тасып ақпағанын арман қылды. Ауылының қарғаларын маңдайынан сипап, арқасынан кағып:

Жамырап жар салатын таңға қарай,

Айналайын ауылдың қарғаларыай!

Қатарыңа мендағы қосылар ем,

Қанатымныңқап әттеңболмағаныай! — деп өкінді. Енді бірде:

Епті сұмдар мен електен өткен

Пенделік пиғыл мені өкпелеткен.

Аранын ашқан адамнан қашқам,

Амал жоқ, сосын

Терек боп кеткем, — деп, тереңге бойлады.

Ақынның «Табиғаттан тағлым» өлеңінде: Жыңғылдарым — жекжаттарым, Жусан біткен — жерлесім; Сертке берік сенімді адам — Селеу кешкен сексеуіл… — секілді шумақтар бар. Туған жерінің жыңғылдарын жекжаттарындай, жусан біткенді жерлесіндей көріп, сексеуілді өзі іздеп таппай жүрген сертке берік сенімді адамға балап, соларға құрметін білдіріп, солармен сыйласып, солармен сырласып жүрген лирикалық кейіпкердің кейпінен ақынның өз келбеті көрінгендей болады. Әр нәрседен жақсылық іздеп, бар нәрседен көңілі қайтқан ақын жарық күнде шам алып іздеп таппаған адалдық пен адамдықты, сыйластық пен сырластықты, ақтық пен пәктікті солардан тапқандай болып көрінеді.

Туған жер, Атамекен — өнер біткеннің асыл арқауы, таусылмас тақырыбы. Туған жер, Атамекен туралы қазақ сөз өнерінде жарығы мен жарқылы көз қарықтырғандай небір керемет шығармалар бар. Жарығы мен жарқылы көз қарықтарғандай осы керемет шығармалардың сәні мен салтанаты жарасқан әдемі әлемінен Серік Томановтың жүректің қылын шерткен сырлы сазы төгіледі. Сол сырлы саздың бір қайырымында ақын туған жерін жанарына көшіріп алмақ болады:

Көшсін деп көз ілмедім қыр, құмдарың,

Жиделерің, теріскен, жыңғылдарың.

Қоңыраулы шеңгелің көшсін тугел,

Жоғалтпай жанға жақын сыңғырларын.

Қыр, құм, жиде, теріскен, жыңғыл, шеңгел, жусан, селеу мен сексеуіл… Серік осылардың арасында өсті. Солардың арасында ойнады, солардың арасында күлді, солардың арасында жылады, солардың арасында жұбанды. Соларды жырлады. Кетерінде жанарына, көкірегіне соларды көшіріп алып кетті.

Ерте-ерте, ертеде өткен Аяз би атамыздың тұсында хан уәзірлері шөптің жаманын іздегенде, Серіктің қоңыраулы шеңгеліне тоқтаған. Сонда, жарықтық, Аяз би атамыз хан уәзірлеріне ақыл беріп, шөптің жаманы шеңгел емес екеніне ханның да, ханның уәзірлерінің де көзін жеткізген. Шөптің жаманы есептеліп, Аяз бидің акылы арқасында жаманның есебінен кайта шыққан қоңыраулы шеңгелін Серіктің сонша сүйіп, құрмет тұтуы, жана­рына, кеудесіне көшіріп алып кетпек болуы — таңданарлық талап, таң боларлық таңдау. Таңданарлық, таң боларлық таңдау ақын танымының табиғатпен тектес қасиетінен туған. Ақынның табиғатпен тектес қасиетіне сын жоқ.

Ақындық өнердің байтақ кеңістігінде ойдың да, ойлаудың да шегі болмайды. Бірақ сол шексіздіктен іздеп тапқан шекті керкемдік бейнелеу құралдарынан елесі естен кетпейтін образ жасау — шығармашылық ойлаудың кемелдігінің нәтижесі.

Акынның терекке айналып кетуінде оның ез болмысына, табиғатына, өміріне жат ештеңе жоқ. Періштелері перілерімен келіп, бұтақтарын паналар деп теректің кейпіне түсу, жанын жапырақ қылып желбірету — ақынның образды ойлауының, образ жасау жолындағы көркемдік қиялдауының бастапқы сатысындағы көріністер. Өлеңнің келесі жолдарында көркемдік қиял жаңа денгейге көтеріледі. Бұтақтарын жайып, жапырақтарын желбіреткен терек адам болып, ақын болып: Келсе ғой шіркін Ғайып-Еренім, Жасыл жанымды жайып өлермін. Жапырақтарым сыбдырлар сонда, Жолына қарап уайым жегенін, — деп армандайды.

Өмірінде ешкімге, ешнәрсеге тәуелді болып көрмеген, жалған күліп жарамсақтануды білмеген ақынның алыс сапарға аттанар қарсаңда дүниедегі ең жақындарына ашып тұрған сырынан шындықтың күйі төгіледі.

Поэзияда тал-терек аз жырланған жоқ және жақсы жырланды. Мұқағали жас қайыңға: «Өмір сүрейік алмасып», — деп сөз айтатын, «Сәби болғым келеді», — деп арман қылатын еді. Ақынның сөзінен де, арманынан да бір керемет саздың сарыны сезіледі. Мұндай сөз айтуға, мұндай арманға талпынуға негіз болған күш қандай, күй қандай… Серік терекке өмір алмасу, алмасып өмір сүру туралы сөз айтпайды. Серік «тебіренемін деп терек болып кеткен». Ол – терекпен бір. Терек — образ. Оның өзегінің бір жартысында — бал, екінші жартысында — у. Екі жарты бір бүтін болып, бөлінбей, жарылмай ағады. Екеуі де қасиетін өзгертпейді.

Ақын мен теректің тұтасып, бір бүтін болып, Ғайып Ерен Қырық Шілтенін іздегені, күткені, сол келер ме деп уайым жегені, жылау жанына содан жұбаныш тапқысы, содан жылу алғысы келгені, сол келер жолға бұтақтарын бұрып, жапырақжанын жайғаны, сол келер болса, жасыл жанын жайып өліп кетуге бары… — терек боп жайқалған жанның сыры, Терек боп тебіренген жүректің жыры, терек боп шайқалған өмірдің шыны. Сыр да, жыр да, шын да удай ащы, балдай тәтті. Теректі образ деуіміздің мәнісі осында.

Серіктің терегі, Серіктің Шөл есімдігі, Серіктің Қоңыраулы шеңгелі… – бұрынсоңды поэзия әлемінде болмаған, поэзия әлеміне Серіктің өзі алып келген сырлы да нұрлы образдар. Ақын өлеңдерінің поэтикалық қуаты тармақтар мен шумақтардың мазмұны мен мағынасында емес, ақындық ойлаудың тереңінен туған образдардың мәнінде.

Серік Томанов қазақ өлеңінің көркемдік бейнелеу қорын жаңа поэтикалық өрнектермен байытты. Серік өлең өнерінің әлеміне мағыналық қатары мен қатпары табиғаттың өзіндей түрлі-түсті көркем суреттер мен образдар алып келді, қазақ өлеңіне жаңа саз, жаңа сарын қосты. Ғайып Ерен Қырық Шілтенін күтумен өткен ақын бар мен жоқтың, ащы мен тәттінің, көл мен шөлдің аралығында дариядай шалқып, сағымдай калқып аққан өмірден көргені мен білгенін, көкірегіне көшіріп, көңілінде байытқан қазынасын өлеңдеріне қалдырды, өлеңдерін өмірге қалдырды.

Алла рақым етсін, ақынның рухына!

Жанғара Дәдебаев, 

ҚазҰУ профессоры, ф.ғ.д.

                                                                                                                                                                                           Қазақ әдебиеті. — 2016. – 27 мамыр. — 10 б.