Қазақ хандығының құрылуы қарсаңындағы жалпы жағдай

Қазақ хандығының құрылуы қарсаңындағы жалпы жағдай

Алғашында қазақ хандығының жері Жетісу, Шу және Талас өзенінің алабы еді…
Қазақ хандығының құрылуы қарсаңындағы жалпы жағдай
Қазақ хандығының құрылуы қарсаңына (14-15-ғасырларда), қазақ тайпалары Сібірден Сыр бойына, Ертістен Жайық жағасына дейінгі жалпақ өңірге жайылып қоныстанған болатын. Осы дәуірді баяндайтын ортағасырлық тарихшылардың шығармаларында қазақ даласының негізгі тұрғындары Алтын Орда хандары «Қыпшақ патшалары» деп аталды. Қыпшақтар 14-ғасырда Орда Ежен мен Шайбани ұлыстарын біріктірген Ақ Орда халқының, ал кейіннен Әбілхайыр хандығы халқының да едәуір бөлігін құрады.
Батыс Cібір тайпаларымен көрші болып, оларға елеулі ықпал еткен қазақ тайпаларының ретінде қыпшақ, қаңлы, қарлық, үйсін, найман, керей, қоңырат, маңғыт, тағы басқа тайпалар аталады. Бұлар қазақ даласының ежелгі тұрғындары, сондай-ақ бұдан бұрын осы өңірлерде құрылған Ақ Орда, Моғолстан, тағы басқа хандықтардың этникалық негізі еді.
Бұл тайпалар ішінде қыпшақтардың орны өзгеше болды, 13-ғасырдың деректерінде негізгі ұйытқысы қыпшақтар еді. Ертіс өңірінің Торғай, Есіл далаларының қыпшақтары: құлан қыпшақ, қытай қыпшақ, сағал қыпшақ, торыайғыр қыпшақ және мажар (мадияр) қыпшақ бірлестіктеріне бөлінді. Тобылдың төменгі бойынан Ұлытау мен Сырдарияға дейінгі территорияда басқа тайпалардың едәуір бөлегі, олардың ішінде наймандар, керейттер (керейлер) меркіттер мен оңғыттар қоныс тепті.
15-ғасырда Ақ Орда орнына құрылған Әбілхайыр хандығының (1428-1468) халқы арасында қарлық, қоңырат, үйсін, найман, өкіреш найман, қият, маңғыт, шынбай, итжан, тапғұт, дұрман, тубай, таймас, күшті, отаршы, шап, қытай, барақ, ұйғыр, күрлеуіт, ишкі, ишкі-маңғыт, тұман, т.б. тайпалардың болғандығы мәлім.
Ноғай ордасының құрамында маңғыт, қоңырат, найман, арғын, қаңлы, алшын, қыпшақ, кенгрес, қарлық, алаш, тама, т.б. тайпалар болды.
Моғолстанға қарасты Жетісу тайпалары: дулат, қаңлы (бекчик), қарлық, керей, арғынот, күрлеуіт, күшші, барлас, шорас, көнші, қалушы, бұлғаш, т.б. еді.
Қазақ хандығының құрылуы қарсаңында, әрбір қазақ тайпасының өріс-қоныстары ұлан-байтақ территорияны алып жатты:
Наймандар – 14-15-ғасырларда Ұлытаудан Есілге дейінгі аудандардың көпшілігін қоныстанды.
Қоңыраттар – 14-15-ғасырларда Түркістан мен Қаратау аудандарын мекен етті.
Арғындар – 14-15-ғасырларда Ертістен батысқа қарай орталық Қазақстанды, ішінара Сырдарияны және батыс Жетісуды мекендеді.
Керейлер – 14-15-ғасырларда Жетісуда және Тарбағатайда, сондай-ақ Ертіс бойында, Зайсан көлінен Ом және Тобыл өзендеріне дейінгі өңірде өмір сүрді.
Дулаттар – 14-15-ғасырларда Іле, Шу, Талас өзендерінің алқаптарында, Ыстықкөлден оңтүстікке қарай, сондай-ақ оңтүстік Қазақстанда «Отырар жасыл алқабын» мекендеді.
Қаңлылар Қаратау баурайы, орта Сырдария және батыс Жетісудағы өздерінің ежелгі мекенінде болды.
Үйсіндер өздерінің байырғы заманнан бергі мекені Жетісу өңірін қоныстанды. Тарихи деректердің айтуынша, Әбілхайыр хандығында да үйсіндер болған.
«Тарих-и-Рашиди» мен «Раузат ас-сафаның» дерегіне қарағанда, 14-15-ғасырларда Іленің сол жағасында және Янги (Тараз) ауданында керейттер (керейлер), Шу өзенінің оң жағасында арғындар мекендеген.
Жалайырлар Қаратау баурайын, орта Сырдария өңірі мен Жетісуді қоныстанған.
Қазақ хандығының құрылуы осы ұлан-байтақ өңірді қоныстанған қазақ тайпаларының және қазақтың этникалық территориясын біріктірді. Қазақтың өз алдына халық болып қалыптасу барысы біржолата аяқталды.
 
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ ЖӘНЕ НЫҒАЮЫ
Қазақ хандығы – шаруашылықтың дамуы, өндіргіш күштердің өсуі, феодалдық қатынастардың қалыптасуы нәтижесінде ерте заманнан бері Орта Азияның ұлан-байтақ өңірін мекендеген көшпенді тайпалардың бірыңғай этникалық топ – қазақ халқы негізінде бірігуі арқылы 15-ғасырдың орта шенінде құрылды. Қазақ хандығының құрылуы қазақ халқының тарихындағы төтенше маңызды оқиға болды. Ол ұлан-байтақ өңірді мекендеген қазақ тайпаларының басын қосып шоғырландыруда, қазақтың этникалық территориясын біріктіруде, қазақтың байырғы заманнан басталған өз алдына жеке ел болып қалыптасуын біржолата аяқтатуда аса маңызды және түбегейлі шешуші рөл атқарды.
1456 жылы Керей хан мен Әз Жәнібек ханның Әбілхайыр хан үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларын бастап шығыс Дешті-Қыпшақтан батыс Жетісу жеріне қоныс аударуы қазақ хандығының құрылуына мұрындық болған маңызды тарихи оқиға болған еді. Бұл оқиғаның мән-жайы мынадай болатын: 1428 жылы Ақ Орданың ақырғы ханы Барақ ішкі феодалдық қырқыста қаза болған соң, Ақ Орда мемлекеті ыдырап, ұсақ феодалдық иеліктерге бөлінгенде өзара қырқыс үдей түсті. Бұрынғы Ақ Орданың орнына Әбілхайыр хандығы мен Ноғай одағы құрылды. Шайбани тұқымынан шыққан Әбілхайыр хан бұрын Орда Ежен ұрпағы билеген Ақ Орда территориясы – шығыс Дешті-Қыпшаққа 40 жыл (1428-1468) үстемдік етті. 15-ғасырдың ортасында Әбілхайыр хандығында толассыз болып отырған қан төгіс соғыстар мен ішкі феодалдық қырқыстар барған сайын үдеп, феодалдық езгі мен қанау халық бұқарасын ауыр күйзеліске түсірді. Аласапыран соғыстар мен феодалдық бытырандылық салдарынан Дешті-Қыпшақ даласында бұрыннан қалыптасқан мал жайылысын пайдаланудың дағдылы көшіп-қону тәртіптері бұзылды, көшпенді тайпалар мезгілінде жайлау-қыстауларына бара алмайтын болды. Бұл көшпенді мал шаруашылығына ауыр зардабын тигізді. Осындай ауыр тауқымет тартқан халық бейбіт өмірді, Әбілхайырдың үстемдігінен құтылып, өз алдына тіршілік етуді арман етті. Ақ Орданың ақырғы ханы Барақтың балалары Керей мен Әз Жәнібек бұл жағдайды өз мақсаттары үшін шебер пайдаланды да, Әбілхайыр ханның үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларының көсеміне айналды. Қалың қазақ тайпаларын бастап батыс Жетісуға қоныс аударды. Ол кезде Жетісуды билеген Моғолстан ханы Есенбұға (1434-1462 жылдары билік еткен) бұл қазақтарды Әбілхайырға қарсы пайдалану үшін қарсы алып, қоныс берді. Бұлар батыс Жетісуды тіректі мекен ете отырып, қазақ хандығын құрды. Тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегінде былай дейді: «Ол кезде Дешті Қыпшақты Әбілхайыр хан биледі. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарға күн көрсетпеді. Нәтижесінде Жәнібек хан мен Керей Моғолстанға көшіп барды. Есенбұға хан оларды құшақ жая қарсы алып, Моғолстанның батыс шегіндегі Шу мен Қозыбас аймақтарын берді. Олар барып орналасқан соң, Әбілхайыр хан дүние салды да, өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды. Ірі-ірі шиеленістер басталды. Оның үлкен бөлігі Керей хан, Жәнібек ханға көшіп кетті. Сөйтіп олардың маңына жиналғандардың саны 200 мыңға жетті. Оларды өзбектер «қазақтар» деп атады. Қазақ сұлтандары 870 жылдары (1465-1466) билей бастады…».
Алғашында қазақ хандығының территориясы батыс Жетісу жері, Шу өзені мен Талас өзенінің алабы еді. Міне, нақ осы территорияға деректемелерде тұңғыш рет «Қазақстан» деген атау қолданылды (Уасифи, 16-ғасыр), ежелден осы алапты мекендеген қазақтың ұлы жүз тайпалары дешті қыпшақтан қоныс аударған қазақ тайпаларымен етене араласып кетті. Әбілхайыр хандығындағы аласапыран соғыс салдарынан қанжілік болған қазақ халқы бұл араға келіп ес жиып, етек жауып, экономикалық тұрмысы түзеле бастады. Мұны көрген дешті қыпшақ көшпенділері Әбілхайыр хан қол астынан шығып, бөгеуін бұзған судай ағылып Қазақ хандығына келіп жатты. 15-ғасырдың 50 жылдарының ортасынан 70 жылдарының басына дейін Әбілхайыр ханның қарамағынан батыс Жетісуға 200 мың адам көшіп барды. 1462 жылы Моғолстан ханы Есенбұға қайтыс болған соң, бұл мемлекетте ішкі феодалдық қырқыс күшейіп, өкіметсіздік жағдайдың өріс алуы, Амасанжы Тайшы бастаған ойрат жоңғарларының жасаған шабуылы салдарынан Моғолстан мемлекетінің шаңырағы шайқалған кезде Жетісуды мекендеген қазақ тайпаларының Қазақ хандығына келіп қосылуы үдей түсті. Бұлар жаңадан құрылған Қазақ хандығының үкімет билігін нығайтып, оның беделі мен әскери-саяси күш-қуатын арттыра түсті.
Алайда жаңадан құрылған Қазақ хандығының экономикалық негізі әлі де әлсіз еді. Бірсыпыра қазақ тайпалары Әбілхайыр хандығының, Моғолстанның, Ноғай одағының және Батыс Сібір хандығының қол астында төрт хандыққа телім болып отырған болатын. Оның үстіне шығыс Дешті-Қыпшақты билеген Әбілхайыр хан өзіне қарсы шығып, Жетісуға қоныс аударған қазақтардың өз алдына хандық құрып, масайрап отырғандығына, әсіресе Әбілхайыр хандығынан көптеген тайпалардың оған ағылып барып жатқанына азуын басып, қылышын қайрап отырды. Ол жаңа құрылған Қазақ хандығын тарпа бас салып жойып жіберуге сұқтанды. Он шақты жыл айналасында батыс Жетісу өңіріне екі жүз мың жан саны бар көшпелі тайпалардың жиналуы кең өріс-қоныс керек етті. Ал көшпелі елдің отырықшы-егіншілігі көркейген аудандармен, әсіресе қолөнері мен саудасы дамыған экономикалық орталық – Сырдария жағалауындағы қалалармен сауда-саттық қарым-қатынастарына қолайлы жағдай жасау халық тұрмысындағы маңызды мәселеге айналды. Бұл қарым-қатынастың оңалуына тек көшпелі халықтар ғана емес, отырықшы аймақтардағы егіншілік өнімдерін өткізіп егіс көлігін алуды аңсаған егіншілер де, қолөнер өнімдерін өткізіп шикізат (жүн, тері, т.б.) алуды аңсаған қолөнершілер де, сауда тауарын өткізіп пайда табуға саудагерлер де мүдделі болды. Бай аймақтар мен қалаларды қол астына қаратуға феодалдар тіпті де мүдделі еді, әсіресе жаңадан шаңырақ көтерген Қазақ хандығын саяси-экономикалық база негізінде нығайту үшін Сырдария бойындағы қалаларды қарату төтенше маңызды еді. Сөйтіп жоғарыдағы жағдайлардың талабына сай, Қазақ хандығының алдына үш үлкен тарихи міндет қойылды.

1. Мал жайылымдарын пайдаланудың Дешті-Қыпшақ даласында бұрыннан қалыптасқан дағдылы тәртібін қалпына келтіру (бұл тәртіп Әбілхайыр хандығындағы аласапыран арқылы бұзылған) көшпелі шаруалардың көкейкесті мүддесі еді.

2. Шығыс пен батыс арасындағы сауда керуен жолы үстіне орнаған Сырдария жағасындағы Сығанақ, Созақ, Отырар, Яса (Түркістан) т.б. қалаларды қазақ хандығына қарату. Бұлар осы өңірдегі саяси-экономикалық және әскери-стратегиялық берік база болатын.

3. Қазақ тайпаларының басын қосып, қазақтың этникалық территориясын біріктіру, бұлардың ішіндегі маңдайалды маңызды міндет – Сырдария жағасындағы қалаларды қарату күресі болды.
Сырдария бойындағы бай қалалар бұдан бұрынғы мемлекеттік бірлестіктердің – Ақ Орданың, Әбілхайыр хандығының саяси-әкімшілік және сауда-экономикалық орталықтары еді. Бұдан бұрынғы тарихта осы Сырдария бойындағы қалаларды өзінің экономикалық және әскери тірегіне айналдыру Дешті-Қыпшақ даласын билеудің басты шарты болып келген. Сондықтан бұл қалалардың саяси-экономикалық және соғыс-стратегиялық маңызы зор еді. Сырдария бойындағы егіншілігі мен қолөнері өркендеген қалалы аудандар мен сауда-саттық жасауға тек даланың әкімдері ғана емес. Дешті-Қыпшақтың шаруалары да ділгір болып отырды.
Сырдария бойындағы қалалар мен Дешті-Қыпшақ даласы үшін күресте қазақ хандығының басты бәсекелесі және ата жауы Әбілхайыр хан еді. Қазақ хандығы Әбілхайырға қарсы күресу үшін ең алдымен Моғолстан мемлекетімен тату көршілік, одақтық байланыс орнатты. Бұл одақ ойрат жоңғарларының тайшасы Амасанжының Моғолстанға шабуыл жасауынан және Әбілхайыр ханның Жетісудағы қазақ хандығына шабуыл жасауынан тізе қоса отырып қорғануды мақсат етті. 1468 жылы қыста Әбілхайыр хан қазақ хандығын қиратпақ болып, Жетісуға жорыққа аттанды, бірақ сапары сәтсіз болып, жорық жолында қаза тапты. Әбілхайырдың қаза болуы қазақ хандығының нығаюына және көлемінің кеңеюіне үлкен орай тудырды. Әбілхайыр өлгеннен соң оның елінде қиян-кескі қырқыс басталып, хандық ыдырай бастады: «Өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды, ірі шиеленістер басталды. Оның (қарамағындағылардың) үлкен бөлігі Керей хан мен Жәнібек ханға көшіп кетті». Мұндай тиімді жағдайды дер кезінде пайдаланған қазақ хандары Керей мен Әз Жәнібек бұдан 12 жыл бұрын өздері ауып кеткен ата қонысы Дешті-Қыпшаққа қайта оралды. Қазақ хандары Әбілхайыр ханның мұрагерлеріне қарсы күресте олардың тап болған ішкі-сыртқы қайшылықтарын толық пайдаланды, бұрыннан бері Әбілхайырмен билікке таласып келген Жошы ұрпақтары – Ахмет хан мен Махмұд Батыс Сібірдің билеушісі Ибақ хан мен, сондай-ақ Ноғай одағын билеген мырзалармен одақтасып, тізе қоса отырып күрес жүргізді.
Әбілхайыр ханның орнына отырған мұрагер баласы Шайх Хайдар бұл күресте мүлде жеңілді және өлтірілді. Әбілхайыр ханның немерелері Мұхаммед Шайбани мен Махмұд сұлтан Астраханьға барып паналады. Әбілхайыр ханның мұрагерлерімен күресте толық жеңіске жеткен қазақ хандығы Әбілхайыр хан 40 жыл билеген шығыс Дешті-Қыпшақ даласын және ондағы көшпелі тайпаларды бірте-бірте өзіне қосып алды. «15-ғасырдың 70 жылдарында қазақтар Сырдария бойымен оған жалғас Қаратау өңірінің бірсыпыра территориясын басып алды». Сөйтіп қазақ хандығының территориясы әлдеқайда кеңейді, оған тұс-тұсынан қазақ тайпалары келіп қосылып жатты.
Алайда Сырдария жағасындағы қалалар үшін Әбілхайырдың немересі Мұхаммед Шайбани ханмен күрес отыз жылдан астам уақытқа созылды. Бұл күрес Керей ханның баласы Бұрындық ханның (1480-1511) тұсында да толастаған жоқ. Сырдария бойындағы қалаларды алу үшін қазақ хандығымен таласқан белді бәсекелес Мұхаммед Шайбани еді. Сонымен қатар Түркістан аймағын билеген Әмір Темір әулетінен шыққан Әмір Мұхаммед Мәзит Тархан мен Моғолстан ханы Жүніс хан да бұл қалаларды қолдарына түсіруге сұқтанды. Бұлардың бәрінің назары – Сырдария жағасындағы стратегиялық маңызы зор шұрайлы қалалы аудандарға арқа сүйей отырып, қазақ даласын басып алу және ондағы халыққа өктемдік жүргізу еді. Бұл қалалар үшін қазақ хандары да қажырлы қайрат жұмсады. Бұл күрестің мән-жайы мынадай болды: Әбілхайыр ханның мұрагері Шайх Хайдар өлтірілген соң Астраханьға барып паналаған Әбілхайырдың немересі Мұхаммед Шайбани Астрахань қоршауынан қашып шығып, Түркістан аймағына келіп, Әмір Темір тұқымынан шыққан Мұхаммед Мәзит Тарханға паналады. Ол Мұхаммед Шайбаниды қолдап, қазақ хандығына қарсы аттандырмақ болды. Бірақ Мұхаммед Шайбани оның бұл үмітін ақтамады, керісінше оның қолынан Түркістан аймағын тартып алды. 1470 жылы қыста қазақ ханы Керей қол бастап Түркістанға шабуыл жасады. Қазақ ханы Әз Жәнібектің үлкен баласы Махмұд сұлтан Созақ қаласын бағындырды, екінші баласы Еренжі (Иренжі) Сауранды иемденді. Сауран түбінде қазақтардан соққы жеген Мұхаммед Шайбани Бұхараға қашты. Сөйтіп, Сырдария жағасындағы екі қала – Созақ қаласы мен Сауран қаласы Қазақ хандығының құрамына кірді.
Екі жылдан соң Мұхаммед Шайбани Түркістанға қайта оралып, Ноғай ордасының әмірі Мұса мырзаның көмегіне сүйене отырып, Аркөк бекінісі мен Сығанақ қаласын басып алды. Бұл уақытша жеңіс еді, Бұрындық сұлтан мен Махмұд сұлтан бастаған қазақтың біріккен әскерлері Қаратаудағы Соғынылық түбінде Мұхаммед Шайбанидың әскерлерін талқандады. Бұрындық сұлтан Сығанақ қаласын қайтарып алды, бұл шайқаста күйрей жеңілген Мұхаммед Шайбани Маңқыстауға қашты. Сырдария жағасындағы қалалар қайтадан қазақ хандығына өтті, бірақ аумалы-төкпелі жағдай үздіксіз өмір сүріп отырды.
15-ғасырдың сексенінші жылдарында Әмір Темір әулетінің өкілі Сұлтан Ахмет мырза мен Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд арасындағы соғыста Мұхаммед Шайбани Моғолстан хандарына болысып, олардың қолдауымен тағы да Аркөк, Сығанақ қалаларын басып алды. Қазақ ханы Бұрындық хан қырдан келіп Сығанақ қаласын қоршады. Бұл кезде Мұхаммед Шайбани әскерлерінің бір бөлегі қала бекінісін қорғауға кеткен-ді. Қаланың тұрғындары қазақ әскерлеріне қала бекінісінің қақпасын ашып берді. Сонымен бұл аймақ Бұрындықтың қолына өтті. Бұдан соң қазақтар Мұхаммед Шайбанидың туысы Махмұд Сұлтан билеген Яса (Түркістан) қаласын қоршауға алды. Қазақтардың біріккен әскери күшінен қорғанған Шайбани әскерлері Аркөк қаласына қырық күн бекінді. Үш жыл бойы қазақтармен соғысқан Мұхаммед Шайбани жеңіліске ұшырады. Бұрындық хан мен Қасым сұлтан бастаған қазақтардың қысымына төтеп бере алмай, 1466 жылы Түркістанды тастап, Хорезмге кетуге мәжбүр болды.
Қазақ хандығы, Шайбани әулеті, Әмір Темір әулеті және Моғолстан билеушілері арасындағы тайталаста қазақ хандығы мен Мұхаммед Шайбани арасындағы жауласумен қатар, Әмір Темір әулеті мен Моғолстан билеушілері арасында да арпалыстар асқына түсті. Осындай арпалыстар барысында Моғолстан ханы Жүніс 1482-1485 жылдары Ташкент пен Сайрам қалаларын басып алды. Моғолстан билеушілері Әмір Темір әулетіне қарсы жұмсау үшін Мұхаммед Шайбаниды қолдады, ал Әмір Темір әулетінен шыққан Әмір Мұхаммед Мәзит Тархан оларға қарсы қазақ хандығымен одақтасты. Сонымен бұлар екі шекке айырылды. 15-ғасырдың басында Моғолстан билеушісі Жүністің баласы Сұлтан Махмұд хан Отырар қаласын басып алды да, оны Мұхаммед Шайбаниға берді. Мұндағы мақсаты – Мұхаммед Шайбаниды Әмір Темір әулетінен шыққан Ахмет мырзаға қарсы аттандыру еді. Моғолстан ханының қолдауына және Отырар сынды маңызды стратегиялық орынға ие болған Мұхаммед Шайбани тағы да Сауран мен Яса (Түркістан) қаласын басып алды.
Қазақ ханы Бұрындық пен Қасым және Жәдік сұлтандар Мұхаммед Мәзит Тарханмен күш біріктіріп, Мұхаммед Шайбаниға қарсы аттанып, Созақ қаласына шеру тартты. Созақтың атақты адамдарының бәрі Бұрындық ханға тілектес және онымен байланысты еді. Сауран қаласының халқы қазақтың біріккен қалың қолын көрісімен-ақ Мұхаммед Сауранды билеуге қалдырған тауыстарын қамап ұстап алды. Бұрындық хан Сауранды қайтарып алған соң Мұхаммед Шайбанидың тиянағы Отырар қаласының қамалын қоршады. Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд Ташкенттен Мұхаммед Шайбаниды құтқаруға көмек жібергендіктен, қазақтар Отырар қамалын қоршауды тоқтатты. Мұхаммед Шайбани хан қазақтармен бітім жасады.
Мұхаммед Шайбани Сырдария бойындағы қалаларды алуға және атасы Әбілхайырдың Дешті-Қыпшақта құлаған үстемдігін қайта орнатуға ұмтылып, қазақтармен 30 жыл соғысты. Ол осы соғыстарда бірде Әмір Темір әулетіне, бірде ноғай мырзаларына, ақырында Моғолстан хандарына сүйенді.
Бұл соғыстар Сырдария жағасындағы отырықшы-егінші аудандар мен қалаларды қатты күйзеліске ұшыратты. 15-ғасырдың ақырында Отырар, Яса (Түркістан), Аркөк, Бозкент қалалары мен Түркістан аймағының бір бөлігі Мұхаммед Шайбаниға қарады да, Сығанақ, Сауран, Созақ қалалары мен Түркістан аймағының солтүстік бөлігі Қазақ хандығының иелігінде қалды. Ташкент пен Сайрам қалаларын Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд биледі.
Қазақ хандығы шаңырағы көтерілген батыс Жетісудағы иеліктерін және Сырдария бойындағы отырықшы-егіншілік аудандары мен сауда, қолөнер және мәдениет орталығы болған Сығанақ, Созақ, Сауран қалаларын саяси, шаруашылық және әскери тірек еткен қазақ хандары Дешті-Қыпшақты басып алуға ұмтылғандардың бірінен соң бірін жеңіп, өз иеліктерін едәуір ұлғайтты. Қазақ хандарының билігінің нығаюы Шайбани ханды Дешті-Қыпшақ тайпаларының біраз бөлегімен Мауараннахрға ығысуға мәжбүр етті. Ол 1500 жылы ондағы Әмір Темір әулетін талқандап, Мауараннахрды жаулап алды да, Шайбани әулетінің негізін қалады. Бұл дәуірде, феодалдық-қайшылықтардың шиеленісуі, түрлі феодал – шонжарлар арасында үкімет билігіне таласқан ішкі қырқыстардың күшейуі, толассыз соғыстардың халық шаруашылығына тигізген зардабы салдарынан туылған халық бұқарасының наразылығы нәтижесінде ауыр дағдарысқа тап болып отырған Мауараннахр билеушілері (Әмір Темір әулеті) пәлендей қарсылық көрсете алмай, топырақтай тозып кетті. Мұхаммед Шайбани ханға ілесіп Мауараннахрға енген көшпелі тайпалар да бірте-бірте жергілікті отырықшы халыққа сіңіп, олардың тілі мен мәдениетін қабылдап, өздерінің бұрынғы (Дешті-Қыпшақтағы) өзгешеліктерінен бірте-бірте айырылды. Бұл көшпелі тайпалар Дешті-Қыпшақтан ала келген «өзбек» деген атау бірте-бірте Мауараннахрдың байырғы тұрғындарына жалпыласты. Бірақ олар «өзбек» деген аты болмаса, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігіне ықпал жасай алмаған».
15-ғасыр мен 16-ғасырдың өліарасында (1500 жылы) Мұхаммед Шайбани (Шайбах) ханның Дешті-Қыпшақтан ығысып барып қос өзен аралығын (Мауараннахрды) жаулап алуы Орта Азия тарихындағы, әсіресе қазақ пен өзбек үшін елеулі оқиға болды. Бұл ең алдымен қазақ хандығының жерін кеңітіп, беделін арттырып, ерікті елдігін нығайтты. Бұрынғы дәуірлерде бытыраңқы болып келген қазақ тайпаларының басын бір жерге қосуға, қазақтың этникалық территориясын біріктіруге, сонау 6-7-ғасырдан басталған қазақтардың халық болып қалыптасу барысын біржолата аяқтатуға мүмкіндік берді. Бұрын Ақ Орда мен Әбілхайыр хандығында қолданылған «өзбек-қазақ» деген жалпы атау бір-бірінен ажырады. «Қазақ» термині бірте-бірте Дешті-Қыпшақ пен Жетісуда қалыптасқан халықтың тұрақты атына айналды. «Өзбек» термині Мұхаммед Шайбаниға еріп кеткен тайпалардың этникалық атауы ретінде Орта Азияда ғана қолданылатын болды».
                                                                                                                                                                                                                                        «Қазақтың көне тарихы»                       
ҚХР. Шинжаң халық баспасы. 1987 жыл.
 (Араб қарпінен аударған Мұратхан Қани
Ақ жол. — 2014. —  28 қазан. —  2 б.

 

Көне Тараз

Көне Тараз

«Сахара шаһарлары» айдарымен оқырман қауым назарына ұсынылып отырған ежелгі қаланың бірі – Тараз. Тараздың тарихи-археологиялық деректері сонау тас және қола дәуірлерінен желі тартады. Бұған қазба жұмыстары кезінде табылған шақпақтас, қырғыштар, жаңқалар мен кішкентай нуклеустар дәлел бола алады. Сонымен қатар Талас өңірінен табылған тас қоршаулар мен мәйіті өртелген жерлеу орындарының іздері, жерлеу мүліктерінің, жалпақ орақ, төске тағатын әртүрлі әшекейлер мен білезіктердің табылуы, бүгілмелі үлгідегі қола пышақтар, керамика сынықтары жоғарыда айтқанымыздай, тас және қола дәуірінен хабар беріп, осы өңірлерде тіршіліктің болғандығын айғақтайды.
Ал Тараздағы Жамбыл кірпіш зауыты аумағынан кездейсоқ табылған үлкен тас дәнүккіш, тас келі, ұңғылы қола шот, түп жағы үшкірлеу шар бүйірлі қазандар да бұл жерде отырықшы мәдениеттің болғандығын білдіреді. Мұны Тараздың солтүстігінен табылған ұңғылы жебе ұшы мен жауынгердің қола мүсіні айғақтай түседі. Осылайша сан түрлі археологиялық зерттеу жұмыстардың барысында табылған құнды дүниелер ұлы өркениеттердің белгісіндей біздің заманымызға жетіп, тарихтан сыр шертіп келеді.        
                                                       
ХVІ ғасырға тиесілі жазба деректерде Талас өңірі бірнеше қалалардың үйіндісі ретінде суреттелетінін тарихшылар үшін де, археологтар үшін де пайдалы дерек ретінде қарастыруға болады. Мәселен, бұл жөнінде Мұхаммед Хайдар Дулатидың: «Моңғолдар даланы Янги Тараз деп атайды, олар мұны шамасы бірнеше қалалардың ізімен айтады, онда күмбездер, минареттер мен медреселердің ізі мен белгілері бар, осы ежелгі қалалардың бірі Янги, ал қалғандары қалай аталды» деп жазған сөзі бар.
Бүгінгі таңда көне қаланың зертте­луінің екі ғасырға жуық тарихы бар екендігі анықталып отыр. ХІХ ғасырдың 30-жылдарында ша­һарды бірінші болып зертте­ген француз ғалымы М. Картмер болса, одан кейін 1867 жылы П.И. Лерх, 1880-1898 жылдары В.А. Каллаур, 1890 жылы Е.Ф. Кален, 1893-1894 жылдары В.В.Бартольд, 1894 жылы В.П. Лаврентьев деген ғалымдар зерттеп, қала туралы табылған деректер мен мәліметтерді өз еңбектерінде атап өтті. Жалпы, біздің заманымызды кешегі өткен ұлы дәуірлермен байланыстырып, рухани, мәдени жағынан мәнін арттырып тұрған қала жайында бүгінгі таңда тарихи дереккөздер, мағлұматтар мол. Оның барлығын бір мақаланың көлемінде айтып шығу мүмкіндігі болмағандықтан, солардың кейбіреулеріне ғана тоқталуды жөн көрдік.
Ежелгі Тараздың орны қазіргі қаланың орталық базары астында болғандықтан, ол біраз уақыт зерттеу жұмыстарынан тыс қалып келгені мәлім. Ал бүгінгі таңда зерттеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Алдағы уақытта археологтардың қолына қала туралы жаңа әрі тың деректер түсетіні сөзсіз.
Шаһарға әркезде жүргізілген зерттеу жұмыстары барысында көптеген ғимараттардың орны, атап айтсақ тұрғын үй, монша және тағы басқада сәулеттік құрылыс орындары табылды. ХІ ғасырға жататын монша Қазақстан аумағынан табылған моншалардың ең ежелгілерінің бірі саналады. Өзіндік жоспарлануы мен қабырғасындағы өрнекті сылағы ескерткіштің маңыздылығын арттырып отыр.
                                         
Тоғыз жолдың торабы
Таразға қатысты тарихи ең­бектер не дейді? Енді соған тоқталайық.
Талас өңіріндегі тайпалар туралы құнды мәліметтерді қытай саяхатшысы Чжан-Цяньның жазбаларынан кездестіруге болады. Чжан-Цяньның хабарламалары ежелгі қытай тарихын сипаттаудағы Орта Азия елдерін суреттеуге негіз болды. Осы жазбаның негізінде біздің заманымыздың 27 жылы қытай тарихшысы Баньгу «Цянь-Хань Шу» атауымен «Үлкен Хань әулетінің тарихын» құрастырды. Осы тарихта Талас өзені алғаш рет айтылып, отанымыздың тарихына тікелей байланысты ірі оқиғалар атап көрсетіледі.
Чжи-чжи басшылығындағы ғұндар бөлінгеннен кейін Қаңлы мемлекеті иелігіне қоныстанады. Кейінгі археологиялық зерттеулер Талас өңірінде б.з.д. І ғ. – б.з. V ғ. аралығында қаңлы тайпа­ларының өмір сүргендігін дәлелдеп отыр. Қытай деректерінде кездесетін Да-луй сөзі бұл ежелгі қытай транскрипциясы бойынша Талас өзенінің атауын білдіреді. Сонымен қатар Тараз және Талас өңірі туралы деректер Византия, Персия, Үндістан, Қытай елдерінің қатысуымен VІ ғасырда болған тарихи оқиғаларда атап көрсетіледі. Мәселен, 568 жылы соғды Маниах бастаған түрік елшілігі Византияда болғанда, ал түрік қағаны Дизабулдың (түрікше Істеми қаған) астанасында Византиядан шыққан император ІІ Юстинның Земарх Киликийский бастаған елшілігін қабылдайды. Тараз қаласында олар Византия елшілігін қабылдап, қайтар жолда Земарх Дизабулды (Істеми) сасанидтік Иранға қарсы жорыққа алып барады. Мұны ортағасырлық Тараздың мәдени қабатынан табылған византиялық алтын солида (теңге) дәлелдейді. Беткі жағында (аверс) І Юстинианның жоғарғы жағы бейнеленген, дулыға киген, оң қолында найза болса, сол жағын қалқан жауып тұр. Артқы жағына (реверс) ұзын әрі жалпақ крест ұстап тұрған хитондағы жеңіс әйел құдайы бейнеленген.
572 жылы Жетісу жерінен Қара Шұрын Датқа өтеді. Тараз бұрынғысынша астаналық қала мәртебесін сақтап, Түрік мемлекетінде айтарлықтай орын алғандығын осы уақытта болған оқиғалар дәлелдей түседі.
580 жылы Соғдыда Абруй басқарған түріктер мен бұхаралық ақсүйектер арасындағы қақтығыс нәтижесінде халықтың бір бөлігі Таразға қоныс аударады. Бұл оқиғаны тарихшы Нершахи былай суреттейді: «Уақиға бойынша біршама уақыт өте Абруй билігі күшейіп, ол осы аймақты (Бұхара) қатаң басқара бастады, тұрғындардың төзімі таусылды. Диқандар мен көпестер бұл аймақтан Түркістан мен Тараз жаққа кетті және ол жақтан жаңа қала салып, оны Хамукет, яғни Хамука мырзалар қаласы деп атады». Таразға келген ақсүйектер мен диқандар Қара Шұрыннан көмек сұрайды, осы ұлылығы үшін халқы Биягу Жабғу қаған деп лақап ат қояды. Абруйды (Або-хан) Қара Шұрынның ұлы Шаболио (түрікше Чуло-хэу) өлтіреді.
Археологтар Хамукет қаласын тауып, онда археологиялық зерттеулер жүргізді. Аталған қала Тараздан 2 фарсахта (12 шақырым) жерде орналасқан.
Таразға соғды ақсүйектерінің айтар­лық­тай саны келгендігі, сонымен қатар Бұхарадағы көтерілістің жаншылғандығы туралы дерек осы өңірдің саяси өмірінде қаланың маңызды рөл атқарғандығын дәлелдейді.
Көпестер қаласы
630 жылы қалаға келген қытайлық монах Сюань Цзян Таразда әртүрлі елдердің көпестері  тұрады деп суреттеді.. ІХ ғ. бірінші жартысында математик және географ Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезми «Китаб сурат ал-ард» атты шығармасында: «Тараз бұл көпестер қаласы» деп жазылған. Араб саяхатшысы Абу-Қасым ибн Хау­каль «Тараз – мұсылман түріктердің сауда жасайтын орны, одан ары ешбір мұсылман бармайды, себебі оның шекарасынан кім өтсе, қарлұқтардың шатырына (қонысына) тап болады» деп жазған. Арабтың көрнекті географы Мұхаммед ибн Ахмед әл-Макдиси «Тараз – үлкен бекіністі қала, көптеген бақтары бар, тығыз қоныстанған, оның оры, төрт қақпасы бар және рабад орналасқан. Медина (шахристан) қақпасы алдында үлкен өзен (Талас), оның арғы жағында қаланың бір бөлігі, оған қарай өткел бар. Жұма мешіт базар ортасында» деген. Махмұд Қашғари «Диуани лұғат-ат-түрік» еңбегінде: «Талас – Тараз атауымен белгілі қала. Олар екеу: оның бірі – Ұлығ Талас, яғни үлкен, екіншісі ислам шекарасында – Куми Талас» деп жазады. Міне, осылайша Тараз қаласына қатысты көптеген деректерді алға тартып, сөйлете беруге болады. Бұл қаланың шын мәнінде өзіндік бай тарихқа ие екенін, өркениеттердің тоғысқан жері екендігін анық көрсетеді.
                                                                                                                     
VІІІ-Х ғғ. Қазақстанның ұлан-байтақ даласын Жоңғар Алатауынан Сырдарияның орта ағысына дейін, Балқаш пен Ыстықкөлдер арасын, Іле, Шу, Талас өзендері алқабынан ортағасырлық Отырарға дейін қарлұқ тайпалары иеленгені тарихтан белгілі. Бұл туралы араб географы Ибн Хаукаль (Х ғ.): «Қарлұқ жерін батыстан шығысқа қарай жүріп өту үшін 30 күндік жол керек болды. Қарлұқ астаналарының бірі Тараз қаласы» деп жазған. Таразда Ибн әл-Асирдің хабарлауы бойынша аймақтағы Қарахан әулетін басқарған өкіл Сатұқ Қарахан (Сатұқ Боғра хан Ибн әл-Керім) болады. Оның ұлы Боғра хан Харун Мұса 960 жылы Тараз қаласында исламды мемлекеттік дін деп жариялайды. Тараздың саяси дербестігі мен аймақтағы автономдығы экономика мен мәдениеттің дамуына әсер етпей қоймады. Осылайша қала әр ғасырдың айтулы тарихи өзгерістерін басынан кеше отырып, мол мұрасымен, құнды жәдігерлерімен біздің заманымызға жетті.
Уақыттан асқан байлық жоқ. Заманалар биігінен қарасақ, ежелгі Тараздың біздің ұрпаққа айтары аз емес. Ең бастысы, содан тағылым ала білсек болғаны. Биыл елімізде кең көлемде атап өтілетін Қазақ хандығының 550 жылдығында да ежелгі Тараздың алатын орны айрықша. Бір сөзбен айтқанда, ежелгі Тараз ұлы өркениеттерді танып-білуге жол ашатын қастерлі де қасиетті мекен.
Арнабай НҰРЖАНОВ,
Ә.Марғұлан атындағы Археология
институтының жетекші ғылыми қызметкері,
тарих ғылымының кандидаты
Ералы АҚЫМБЕК,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің PhD докторанты
Ана тілі. – 2015 . – 22-28 қаңтар(№3). – 1,12 б.

Облыс орталығында заманауи перзентхана ашылды

Облыс орталығында заманауи перзентхана ашылды

     Денсаулық сақтау стратегиясының маңызды бір бөлігі Ана мен бала денсаулығы. Әлеуметтік жағдайдың жақсаруы — бала санының көбеюімен айшықталып, болашақ ананың қауіп-қатерсіз дүниеге сәби әкелуі оның денсаулығына қоршаған орта мен медициналық көмектің деңгейіне байланысты. Стратегияда айтылғандай, еліміздің орнықты әлеуметтік — демографиялық дамуын қамтамасыз ету үшін облыс орталығында облыстық перинаталдық орталық ашылды. 

Орталықтың ашылу салтанатында аймақ басшысы Кәрім Көкірекбаев: -Хандық тойымен қатар келген Әулиеата әлеуетінің дамуына сеп болар заманауи перзентхананың  ашылуы     —   өңір  халқы үшін үлкен қуаныш. Бүгінгі таңдағы денсаулық сақтаудың негізгі міндеттерінің бірі — ана мен баланың өлімін азайту болып табылады. Нәрестелер мен ана өлімінің азаюына заманауи деңгейде жабдықталатын осындай мамандандырылған мекемелер көмегін беретін болады. Соңғы жылдары ана мен бала өлімі көбеюіне орай, мемлекет тарапының қолдауымен осындай заманауи бөбектер жайы салынып отыр. Біздің облысымызда жыл сайын 10000-ға жуық сәби дүниеге келеді. Жаңа технологиялык әдістер қолданысқа енгелі ана мен бала денсаулығын қорғау арта түсуі қажет. Міне, бүгінгі ашылып отырған орталықтың өзі 200 орынды болып отыр. Бұл әрине халық денсаулығы үшін, игілігі үшін атқарылып жатыр. Осындай сәби мен ана денсаулығының жақсаруына қызмет ететін аудандарымыздағы перзентханалар баршылық. Мәселен, Шу ауданында -150 орындық, Меркі, Қаратау, Жамбыл аудандарында 250 адамға жәрдем беретін орталықтар толығымен жұмыс жасап жатыр, — деді.

Игі шарада «Тараз құрылыс дизайн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Тимур Манашев перинаталдық орталықтың кілтін орталықтың бас дәрігері Гүлнағира Байзатоваға салтанатты түрде табыс етті.

Салтанатты рәсімде облыс басшысы Кәрім Нәсбекұлы облыста алғаш болып орталық ішінде орналасқан тілек кітабына колтаңбасын қалдырып, жиналған көпшілікпен қатар орталықтың бөлімшелерін аралап көрді. Айталық, бұл орталықтың негізгі мақсаты – әйелдерге жүктілік, босану және босанғаннан кейінгі кезеңде медициналык көмек
көрсету.Ағымдағы жылдың 9 айында облыстық перинаталдық орталықта 7689 нәресте дүниеге келген. Және орталықта салмағы 500 грамнан асатын дүниеге келген сәбилердің өмірін сақтап қалу үшін колдан келген көмегін аямайды.
      Орталықта босану, әйелдер, жаңа туған нәрестелер реанимациясы және интенсивті терапия, оталық блок, жүктіліктен кейінгі физиологиялык, жүктілік патологиясы, жедел гинекологиялық, шала және жаңа туған нәрестелер, жана туған нәрестелерді неврологиялық    оңалту,            хирургиялық  бөлімдер мен бірқатар қосалқы бөлімшелер қарастырылған.

                                                                                                            Толғанай Бекетқызы 

                                                                                 АРстан. — 2015. — 23 қазан (№31). — 1 бет.

Қордай қақпасында — төрт тұлға

Қордай қақпасында — төрт тұлға

Ежелгі Жібек жолы мен бүгінгі «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автомагистралының бойында – Қордай асуының бас қақпасында тарихи монумент бой көтерді.

 Алыс жолдан келетін асығыс жолаушы ат кідіртетіндей айшықты ескерткіш қазақтың белгілі төрт азаматының құрметіне қойылды. Салтанатты ашқан Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев өз сөзінде болашақ ұрпақты елдік, ерлік рухта та тәрбилеудегі өтіп жатқан бұл шараның  саяси-рухани мәніне де кеңінен тоқталды. «Бұл – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясындағы халқымыздың ұлы тұлғаларын есімін жаңғыртудың жарқын дәстүрі, ұлттық өрлеуіміздің айқын көрінісі, кісілік келбетіміздің үлгісі» деді тебірене сөз сөйлеген облыс әкімі.

Әдетте, діттеген бағытты бетке алып көк жүзінде қалықтап келетін кез-келген әуе лайнері  Алматы әуежайына қонатыны туралы алғашқы хабарды осынау Қордай асуының үстінен өткенде хабарлайды. Кеңес Одағында «Төтенше жағдайда Қытай шекарасына бір түннің ішінде жетеміз» деген есеппен құрылған аса ірі Отар әскери гарнизоны да осы Қордай асуында  салынған еді…. Жиналған қауым алдында ақтарыла ой түйіндеп, ақ батасын берген айтулы ақсақалымыз – мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді «Күре жолдың бойындағы осынау биіктен көкжиекке көз салсаңыз аттың дүбірі, жауынгердің жалынды ұраны құлағыңа естілгендей әсерде қаласың. Өйткені, қазақтың тарихи тағдырын талқыға салған Аңырақай шайқасы осы Қордайдың қақпасынан бастау алған» деуі де тектен-тек емес секілді. Орналасқан жер жағдайы жағынан осындай үйлесімдіктер байқатқан қасиетті Қордай асуында халықтың ниетіне сай ұлы дүрмек қызу жалғасын тапты.

Шаңырақпен көмкерілген төрт тұғырдағы төрт тұлғаның біріншісі – сөз сүлейі Сүйінбай мен жыр алыбы Жамбылдың жырларына арқау болған, ата жауын қазақ даласынан  шеттете қуып шыққан атақты Өтеген Батыр еді. Ұлтын сүйген оғланның халқына деген шынайы сезімін Жамбыл атамыз былай жырлаған-ды.

…Жапан түзде жол шегіп,

Қорқыттай-ақ қаңғырдым!

Күн күркіреп асапанда,

Найзағай ойнап жатса да

Жанарымды жандырдым

Мен халқымды сүйемін…

Одан кейінгі барельефте Майқы биден бері қарай ғұмыр кешкен қазақтың мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік шыққан 50 бидің қатарына орын алатын атақты қордайлық Кебекбай мен  Ноғайбай шешендер. Ауыздарын айға білеген екі тұлға да халық алдында әділдік төрелік айтып қана қоймай, ел тағдырын шешетін қоғамдық саяси қайраткер дәрежесінде болғаны тарихтан мәлім.

Заманынан асып туған қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов кезінде «Сіз Кенен ата, қазақ-қырғызға тең ортақ ұлы адамсыз. Сіздің тойыңыз – біздің тойымыз. Сіздің мерекеңіз біздің мерекеміз. Қырғыздар сізді ардақ тұтып өз атамыз, өз ақынымыз, өзіміздің өнердегі Алатауымыз деп есптейді» деді емес пе?! Әңгіме – қазақ әлемінде бір ғасырдан астам уақыт әсем әуезді бұлбұлдай болған Кенен Әзірбаев хақында. Ескерткіштен орын алған төртінші тұлға –Қордайдың бозторғайы,  халқыны сүйіктісі Кеене Әзірбаев болатын.

Биік тұғырдан орын алған батыр мен шешендер, күміс көмей әншінің бейнесі алдында кең байтақ елімізге есімдері аса танымал ғалымдар мен  өнер тұлғалары, депутаттар мен қоғам қайраткерлері танымдық пікірлерін білдірді, ойларын ортаға салды.

Жамбыл облысының Қордай  ауданына көршілес жатқан Алматы облысының Жыр алыбы Жамбыл атындағы ауданның құрметті делегациясын бастап келген, ел алдында сөзі жүретін абыройлы ақсақал Әскербек Абаев былай дейді: «Күре жолдың бойында көз тартар жерден орын алған тарихи ескерткіш бүгінгі және келер ұрпақты ой тұңғиығына жетелері даусыз. Халықтың кім екенін ұғындыратын айшықты бұл белгі кешегі мен бүгінгі дәуірдің арасын жалғап жатқан  алтын көпір десе болады. Халықтың жадының жаңғырып, өткенімен бүгінгісін сабақтастырып отыруы тарихи құбылыс. Күні кеше ғана халық өзінің өткен жолдарына бағамдап баға бере алмайтын мүсәпір күй кешті емес пе, естеріңізге түсіріңіздерші?! Ендеше мұның бәрі де ел егемендігінің арқасы. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсыңында болып отырған бұл салатанаттың мәнін әлеумет осы тұрғыдан түсінеді деген ойдамын».

Атақты Жамбыл триосы осы өңірде туған Кенен әндерін шалқытып, халықтық салтанатқа шырай берді.

Арыстарға арналып Құран бағышталды, ас берілді.

Талғат СҮЙІНБАЙ,

Суретті түсірген  Нұрғали ӘШІР

Егемен Қазақстан. – 2016. – 19 қазан. – 8 б.


 

Маусым жарлығы немесе Әулиеата уезіндегі қарсылық

Маусым жарлығы немесе Әулиеата уезіндегі қарсылық

Дария ҚОЖАМЖАРОВА,

        Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, 
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының
 докторы, профессор.

 

 

 

 

1914 жылы басталған бiрiншi дүниежүзiлiк соғысқа патшалық Ресейдің белсендi түрде қатысуы сол кезде бодан болған халықтардың өмірін одан сайын ауырлатты. Қазақтардан майданға көп мөлшерде шикізат, азық-түлік, мал, сондай-ақ басқа да материалдық заттардың алынуы, шаңырақтарға жаңа әскери салықтардың енгізілуі әлеуметтік және ұлттық езгінің күшеюіне алып келсе, қымбатшылық пен аш-жалаңаштылықтың өрiс алуы қазақтардың қайыршылануына әкеп соқты. Осының бәрi Ресей империясындағы саяси және әлеуметтік дағдарысты одан сайын күшейтіп, елдегi жалпы ұлттық дағдарысты шиеленiстiрді. Нәтижесінде мұның аяғы бүкіл қазақ даласының аудандарын қамтыған 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысқа ұласты. Көтерілістің басталуына түрткі болған Ресей патшасы ІІ Николайдың 1916 жылғы 25 маусымдағы Орталық Азия, Қазақстан және Сібірдегі халықтардың 19 пен 43 жас аралығындағы «бұратана» ер-азаматтарын майданның қара жұмысына (окоптар мен траншеялар қазуға, майданға жақын аудандарда жол салуға, ағаш кесуге т.с.с.) шақыру туралы жарлығы болды. Патшаның осы жарлығы бойынша майданның қара жұмысына жалпы Қазақстан мен Орта Азиядан 400 мың адам шақырылу көзделсе, соның 129 645 адамын Түркiстан өлкесiне кірген қазақтардың Сырдария мен Жетісу облыстарынан алу жоспарланды. Ал Сырдария облысының ауданы болып табылатын Әулиеата уезiнен тыл жұмыстарына жергілікті әкімшіліктің есебi бойынша 22100 адам алынуға тиiс едi. Алайда, тамыз айының соңына дейiн олардан жиналу пункттерiне үш мыңға жуығы ғана келедi де, қалғандары майдан шебiндегi қара жұмыстарға барудан бас тартып, қарулы көтерiлiске шығады. Әсіресе, Меркі өңіріндегі көтеріліс Әулиеата уезiнде ғана емес, Сырдария облысындағы көтерiлiстiң ең басты ошағына айналады. Т.Рысқұловтың «Восстание туземцев Туркестана в 1916 году» атты мақаласында: «Басқаларға қарағанда күштірек болған көтеріліс Әулиеата уезінің, әсіресе Меркі ауылының қазақтарының көтерілісі болды. Әулиеата уезінен қара жұмысқа 22 мың 675 адам алынбақ екен. Соған тамыздың аяғына дейін бар болғаны 3 мың адам жиналды. Қалғанын қазақ елі беруге риза болмады», – деп қайраткер өзі басы-қасында болған Меркі көтерілісінің барысына тоқталып, оның географиялық ауқымы жағынан да, зардабы мен салдары жағынан да анағұрлым кең, әрі қатал сипат алғандығы туралы өткен ғасырдың 20-жылдарының өзінде-ақ алғаш ашық жазады және соған басты назар аударады. Өңірдің облыстағы көтерілісшілердің орталығына айналу себебін М.Тынышпаевтың Сырдария облысының губернаторына жазған мәлімдемесінен де біле аламыз. Онда ол Меркі қазақтарының қарулы көтерілісі 29 тамызда басталғанын, ал 16 қыркүйекте көтерілісшілер пристав Рубаневтің әскерімен қақтығысқандығы және Кузьминка селосында 20 қоныс өртеліп, Меркі маңында 9 хутор қиратылып, содан соң приставқа шабуыл жасалынды делінген.

Жалпы алғанда, көтерiлiс Әулиеата уезiнiң Меркi бөлiмiнiң Көшеней (Кученей) болысында басталып, жергілікті патша әкімшілігіне қарсылық танытса, оның артынша Таулы бөлiмшеге (Горный участок) қарайтын Көпес болысының 50 шақты тұрғыны 1916 жылғы 31 шiлдеде «Қоржын-Тоғай» деген жердегi орман шаруашылығының ғимараттарын қиратып, қолдарына бiраз қару-жарақ түсiредi. Сонымен қатар, көтерiлiсшiлер өз әрекеттерiн Чалдовар, Меркi және Луговой сияқты iрi елдi мекендер ауданына ауыстырды.

Бұл Әулиетата уезіндегі көтерілістің басы болатын. Көтерілістің қалай басталғаны жөнінде 1916 жылы 2 қыркүйектегі Сырдария облысының әскери губернаторы А.С.Мадритовтың Торғай облысының әскери губернаторы М.М.Эверсманға жіберген хабарламасынан білуге болады. Онда былай делінеді: «21 тамызда жіберген мәліметіме қосымша хабарлаймын: Сырдария облысындағы Әулиеата уезіндегі халықтың наразылығы көрші орналасқан Жетісу облысының Пішкек уезіндегі халықтың көңіл-күйіне әсер етуде. Оны мынадан көруге болады, 20 тамызда Үшбұлақ және Чалдовар пошталық стансаларының қызметкерлері өз жұмыс орындарын көпшіліктің көзінше тастап кеткен. Соның салдарынан пошта жұмысы тоқтап қалды. 28 тамызда Әулиеата уезіндегі Қорағаты болысында болыстардың съезі өтпекші болып, онда тыл жұмыстарына алынатын адамдардың тізімін жасау көзделген. Алайда, бұл съезге ауылдық старшындар мен елу басылардың келмеуінен съезд өтпей қалады. Осыдан кейін Меркі бөлімінде бүлік басталады. Меркіден 16 верст жерде Құрағаты болысының қазақтары жиналып, бөлім приставымен атысады. Атыс кезінде бірнеше қазақ оққа ұшады». Яғни Меркі бөлімшесінің приставы Меркіден 20 верст жерде қазақтар жиналғанын, олардың майданның қара жұмысына тізім бермейміз деп наразылық танытып жатқаны туралы хабар алып, қасына 10 салт атты жасақ ертіп, наразылық танытушылармен тізім беру жөнінде келіссөз жүргізу мақсатында жүріп кетеді. Оларды балта, найза, пышақ, қанжар, шоқпармен қаруланған мыңға жуық көтерілісшілер күтіп алып, келіссөзге келтірмей приставқа шабуыл жасайды. Өзінің өміріне қауіп төнген соң пристав Меркіге қашып құтылады. Кейін, яғни 25 тамызда Меркi бөлiмшесiндегi көтерiлiс шырқау шегiне жетеді. Әсіресе, жазалаушы әскерлердің күштерiне соққы беруде Арағыты болысының көтерiлiсшiлерiн басқарған Ақкөз (1859-1921) деген ақсақал ерекше көзге түседі. Ол Қорағаты болыстығының болысы ретінде Меркi өңірінің халқына ықпал жасаған беделдi адам болған, алғашқылардың бiрi болып өз болысы жiгiттерiнен көтерiлiсшiлер жасағын ұйымдастырған. Меркі бөлімінің бастығы Лундин қыркүйектегі Әулиеата уезінің бастығына берген мәліметтерінде былай деп хабарлайды: «Көтеріліске шыққан қазақтардың негізгі басшысы – Қорағаты болысындағы №8 ауылдан шыққан Ақкөз Қосанов. Шабуыл кезіндегі қаза болған қазақтардың қолынан табылған үш линиялық мылтықтар олардың Жетісу облысындағы көтерілісшілермен тығыз байланыста болғандығын дәлелдей түседі». 18-19 жасында 80-нен асқан Сыпатайдың батасын алған Ақкөздің орынбасары болып Досмайыл Сырғабайұлы (1938ж. қайтыс болды), хатшы және діни басшысы болып Өмірзақ молда сайланған. Оның жасағына бiртiндеп басқа болыстардың да көтерiлiсшiлерi қосылып, 1916 жылғы тамыз айының ортасында Ақкөз бастаған көтерiлiсшiлер саны 13 мыңға жеткен. Ақкөз жазалаушы патша әскерлерiмен қыркүйек айының соңына дейiн күрес жүргiзген. Жау қолына түскен Ақкөз серiктерiмен Әулиеата түрмесiне жабылып, олар түрмеден 1917 жылғы Ақпан революциясының арқасында шығады.

Меркідегі көтерілістің барысына тоқталсақ, 29-30 тамыз күндерi жалпы саны 1500-2000-ға жуық көтерiлiсшiлер Меркіге тағы екi дүркiн шабуылға шығып, Меркі-Пiшпек телеграф байланысын iстен шығарады да, бiрнеше рет патша өкiметiнiң жазалаушы жасақтарына жүздеген үйiр-үйiр жылқыны қарсы айдап, бiразын ат тұяқтарының астында қалдырды. Осыдан соң екіге бөлінген көтерілісшілердің бір бөлігі Меркіге бас салса, қалған екінші бөлігі Кузьминка селосын басып кіреді. Бұл кезде көтеріліс шықты деген хабарды алған Кузьминканың тұрғындары Меркі, Каменка және Луговой селоларына қашып кеткендіктен, қазақтар бос тұрған үйлерді өртеп, малдарын айдап әкетеді. Ал қалған селоларды шабуылдаушыларды жақсы қаруланған патшаның бір рота әскері қарсы алып, қырып салады. Өкінішке қарай, Меркі гарнизоны көтерiлiсшiлердiң 31 тамыздағы шабуылын да керi қайтарды. Дегенмен, өз кезегінде көтерілісшілер Меркінің маңайындағы келімсектердің бүкіл егіншілік шаруашылығын талқандап, үшеуін өлтіріп кетеді. Сонымен қатар, көтерілісшілер сол күні Новотроицк селосынан Әулиеатаға қарулану үшін бара жатқан келімсектерден құралған 74 жасаққа шабуыл жасап, олардың 22-сін өлтіріп құдыққа тастаса, 32-сін алып кетеді. Ал қалғандары қашып құтылады. Кейін белгілі болғандай, 32 адамның 12-сі тұтқында болып босатылса, қалған 20-сы өлтірілген. Көбісінің денелері құмның ішінен тауып алынған.

29-31 тамыз күндері найза, шоқпар, айбалта, сойыл, аңшы мылтығы секілді қарабайыр қарулармен жасақтанған 1500-2000 сарбаздардың Меркіге жасаған шабуылы сәтсіз аяқталады. Жеңіліске ұшыраған көтерілісшілер Шуға, құмға қарай бас сауғалап қаша бастайды. Сондай-ақ, жергілікті орыс мұжықтары да қаруландырылады. Тіпті, Пішпектен Меркіге жазалаушы қосындарды тез жеткізу мақсатында автокөліктер пайдаланылған. Осыған байланысты әскери губернатор С.А.Геппенер Әулиеата уезіндегі әскери гарнизондарды күшейту қажеттігін алға тартып, Түркістан генерал-губернаторына мынадай мазмұнда мәлімет жібереді: «Уездегі тыныштық пен қауіпсіздікті сақтау мақсатында төмендегі шараларды іске асырудамыз: 1. Тамыздың 29-күні Меркіге жарты рота әскер және 25 атты әскер жасағы жіберілді. Тағы да жарты рота әскер дайындап жатырмыз. 2. Әскери бастықпен байланыса отырып, Шу бөліміндегі орыстардың қауіпсіздігін күшейттік. 3. 30-күні таңертең Меркіге тағы да жарты рота әскерді екі пулеметпен жібермекпіз. Бұл әскерді 243-ші батальоннан алдық. Тағы екі рота әскерді көмекке дайындаудамыз. Оны да сол 243-ші батальоннан алмақшымыз. 4. Уез бастығы телеграф арқылы Меркі приставына қосымша күштер жайында хабар жіберіп үлгерді. Осы жіберілген күштердің ізінше Меркіге уез бастығы барады. 5. Меркіде басталған бүліктің Әулиеата уезінің басқа аймақтарына тарап кетпеуі үшін осы уездегі гарнизондардағы әскерлерді күшейту қажет деп ойлаймын». Мұнымен қатар, жергілікті әскери әкімшілік Меркі бөлiмшесiндегi көтерiлiстiң қайтадан өрiс алу қаупiнен жасқанып, қыркүйек айының басында өз орыстарын қорғауға, көтерілісті басу үшін Ташкенттен қосымша күш ретiнде запастағы Сiбiр полкiнiң екi ротасын алғызып, орыс мұжықтарын қаруландырады. Яғни көтерілістің осындай ұлтаралық бағытын жақсы түсінген патша әкімшілігі орыс қоныстарын қорғауға алады да, оларға тез арада қару-жарақ таратып береді және көтерілісті аяусыз басу үшін сырттан әскери күштер шақыртқан.

Міне, осындай зор күштен көтерiлiс жеңiлiс тауып, ал оған катынасушылар жаппай куғын-сүргiнге ұшырап, қатты жазаланады, мал мен мүлiктері де талан-таражға салынып, ауылдары өртенедi. Бүкiл Түркiстан өлкесi бойынша әскери-далалық сот пен тергеуге үш мыңнан астам адам берiлдi, олардың 347-сi өлiм жазасына кесiлiп, 168-i каторгалық жұмыстар атқаруға бұйырылды, ал 129 адам әртүрлi мерзiмдерге сотталып, 228-i Сібірдегі каторгаларға жiберiлдi.

Патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы әділетсіз жарлығының қасіретті зардаптары осындай болды. Жеңiлiске ұшыраған көтерiлiсшi жасақтарының бөлiмдерi Жетiсу облысының Верный уезiне, екiншiлерi қазiргi Қырғызстан территориясына өтiп, сондағы ұлт-азаттық қозғалысының қатарына қосылып, патша жендеттерiне қарсы күрестерiн 1916 жылғы қазан айының ортасына дейiн жалғастырды. Дей тұрсақ та, Сырдария облысындағы көтерiлiс 1916 жылғы Қазақстан мен Орта Азиядағы ұлт-азаттық қозғалыстың құрамдас бөлiгi болды. Ол патша өкiметiнiң белсенділігіне айтарлықтай нұқсан келтiрiп, отаршыл метрополияның шаңырағын шайқалтуға өз үлесiн қосты, халықтың отаршылдарға, ең алдымен олардың символы – патша өкiметiне деген өте күштi өшпендiлiк туғызды, іс жүзiнде патша өкiметi белгiлеген майданның қара жұмыстарына баруға тиiстi жоспарланған 220 мың адамның 123 мыңы ғана алынды, ал көтерiлiстiң жалауы биiгiрек желбiреген Әулиеата уезiнiң тыл жұмысына алынуға жоспарланған 22676 адамнан өкiмет құрығына екi мыңнан сәл астам ғана кiсi iлiндi.

 Ақ жол. – 2016.  – 20 қазан. – 5 б.

Ақыртас алдағы жылы есігін ашады

Ақыртас алдағы жылы есігін ашады

         

          «Жақында шет елден Жамбыл об­­лысы­на жеті-сегіз турист келген бола­­тын. Олар өңірдегі тарихи жерлерді ара­­­лап, ең соңында көне Тараз қаласы ор­­­нын­­­да жүргізіліп жатқан қазба жұ­мыс­­­тары­­­мен танысқысы келді. Бірақ біз­­ді ол жаққа күзетшілер жібермей қой­­­ды. Ал кейінгі кездері аймаққа кел­­ген турис­терді көне қала орнында жүр­гіз­і­­­ліп жатқан жұмыстардың көбі­рек қы­­зық­­ты­ратыны белгілі болып отыр. Сон­да бұл жерге турис­терді қашан апара аламыз?»

Қайсыбір жиында «Золотой караван» туристік орталығының директоры Альбина Веймер облыс әкіміне сұрақты осылай төтесінен қойды. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бұл мәселе бойынша өз орынбасарын, одан облыстық мәдениет бас­қар­масы­ның басшысын орнынан тұрғыз­ған­да, көне қала орнында жүріп жат­қан қазба жұмыстарын көруге рұқсат беру еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің құзыретінде екені анық­талды. Бұған қоса, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музей жетек­шілері қазба жұмыстарына турис­терді әлі де жақындатуға болмайтынын айтады. Талап солай. «Келген қонақтар қазба жұмыстарына кері әсерін тигізуі мүмкін әрі өздерінің қауіпсіздіктері үшін жақындауға тыйым салынған» дейді мамандар. Тағы бір белгілі болғаны, өткен жылы ғана Қазақ хандығының 550 жыл­дық мерейтойында ашылған «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталы­ғының жөндеу жұмыстары ұзаққа созылып кеткенімен, жақын күндері бітетін көрінеді. Облыс басшысы өңірдің туризмін дамыту үшін Жамбыл жеріне келген туристерге барлық жағдай жасалатынын баса айтты. Өйткені, ел экономикасының дамуына ерекше серпін беретін бағыт­тар­дың бірі туризм екені бесенеден белгілі. 2013 жылы «Ұлы Жібек жолы» аталымы бо­йын­ша облыстағы 5 тарихи-мәдени мұра – Ақтөбе (Бала­сағұн), Құлан, Ақыртас, Қостөбе, Өр­нек қалашықтары ЮНЕСКО-ның Бүкіл­ә­лемдік мұралар тізіміне енген бола­тын. Жақында «Жібек жолы» номи­на­циясына кіретін Қазақ­стан аума­­ғын­дағы 8 нысанның бүгінгі жай-күйіне мониторинг жүргізу мақ­сатында Қазақстанға Дүниежүзілік мұра орталығының Азия және Тынық мұхи­ты бойынша бөлімшесінен Фенг Жинг және ИКОМОС сарапшысы Наталья Душкина арнайы іссапармен келіп кетіпті.

Жалпы алғанда, Жамбыл облысы аумағында 4 мемлекеттік қорықша мен «Ұлы Жібек жолының» бо­йында орналасқан 5 археологиялық ескерткіш бар. Бүгінде облыста 43 туристік ұйым, 1 киіз үй қалашығы, 10 балалар-сауықтыру лагері, 7 демалыс орны, минералды сулар және батпақтармен емдейтін 5 санаторлық-курорттық мекеме халыққа қызмет көрсетуде. Об­лыс­тағы орналастыру орындарының өсу динамикасының көрсеткіштері 2015 жылы ішкі туризм 2012 жылмен салыстырғанда, 32 пайызға, ал шығу туризмі 71,77 пайызға артса, орналас­тыру орындары 72 бірлікке көбейген.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Болат Есімбековтің айтуына қараған­да, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, аймақтық үйлестіру кеңесі қонақ үй салу және қайта қалпына келтіру бо­йынша жалпы сомасы 512,0 миллион теңгені құрайтын 7 инвест жобаны мақұл­даған. Облыс әкімдігі және «Даму» кәсіп­кер­лікті дамыту қоры» АҚ тарапынан жалпы сомасы 500 миллион теңге бөлі­ніп, облыстың туризм саласындағы ша­ғын және орта кәсіпкерлікті қаржы­лай қолдау туралы меморандумға қол қойылыпты. Сондай-ақ, Инвестициялар және даму министрлігі мен Қытай Халық Республикасы туризм істері бо­йынша мемлекеттік басқармасы арасында Қытай азаматтарының Қазақстанға келуі бойынша топтық визаларын жеңілдету туралы меморандумға қол қойылып, облысымыздың 4 турис­тік ұйымына Қытай туроператор­ларымен жұмыс істеуге аккредита­ция жүр­гізілген. Бүгінгі таңда осы меморан­думға сәйкес Қытайдың Шаньси провинциясынан 27 және Бейжің универ­ситетінен 8 қытай азаматы өңірімізге туристік сапармен келіп кетті.

Әрине, Әулие ата жеріне аяқ бас­қан меймандар ең алдымен Қарахан баба, Айша бибі, Тектұрмас әулие кесене­лерін аралайды. Сонымен бірге, соңғы жылдары Ақыртас кешеніне баратындар да көбейген. Ол Тараз қаласынан – 40, ал Ақшолақ темір жол бекетінен 6 шақырымдай оңтүстікте, Қырғыз Ала­тауының бау­райын­дағы биік төбе­­лердің етегі­не орналасқан. Үлкен қызыл құмтас­тардан қаланған ғажайып қаланың құрылысы аяқталмай қалған. Бірақ ғасырдан-ғасыр озып, ғылым мен білім дамып, адам мүмкіндігі ғарыш­ты бағындырса да, құрылысы бітпей қал­ған қаланың (бәлкім, қамал, қорған, бекі­ніс) құпиясы әлі де ашылмай келе­ді. Міне, осы тарихи кешенге баратын жол өте нашар. Жаңбырлы күндері жүру мүмкін емес. Ақыртас – өңірдің турис­тік әлеуетін арттыруға үлкен үле­сін қосатынын түсінген жергілікті би­лік осы кешенге баратын 8 шақырым жолды жөндеуге 371 миллион теңге бө­ліп, жұмыстар басталып та кетті. Жол са­лы­нып бітсе, келесі жылы өте­тін ЭКСПО-2017 халықаралық көр­ме­сі­­не ағылған туристердің көбісі осы ке­шен­­ге де ат басын бұратыны анық. Айт­­пақ­­шы, бұл халықаралық көр­менің дайын­дық жұмыстарына осы об­лыстан әріптестік туралы мемо­ран­думға қол қойған 4 туркомпания қатысуда. Олар қаламызға келе­тін қонақтар үшін 4,5 және 6 күн­дік туристік бағыттар әзірлеп қойған.

Тағы бір айтарымыз, Жамбыл облысын­дағы кәсіпкерлер палатасы­ның бастамасымен туризм кластерін дамыту және «Жібек жолы» жобасын жүзеге асыру жөніндегі жұмыс тобы құрылып, оның құрамына әкімдік, туристік қауымдастық мамандары, қонақ үй, мейрамхана, қолөнер бизнесі өкілдері және тарихшылар мен археологтар кірді. Биылғы наурыз-сәуір ай­ларында жұмысшы тобы облыс­тағы туристік нысандарды аралап, түгендеу жұмыстарын жүргізді. Мұның барысында оларда орын алып отырған олқылықтар мен кемші­ліктердің тізбесін жасады. Туристер үшін қысқа және ұзақ мерзімді бағыттардың картасын сызды.

Оралхан ДӘУІТ,

Жамбыл облысы

Егемен Қазақстан. – 2016. – 30 қараша. – 14 б.

Жаңғырған тарих, жаңарған Тараз

Жаңғырған тарих, жаңарған Тараз

    Ілгеріде іргетасын ғұндар қалап, тұңғыш атауын «Тәңірғұт» деп атаған алаштың алтын бесігі, қазақтың қазыналы да құтты мекені, көргені мол, келешегі зор көне шаһарымыздың «Тараз» деп алты құрлыққа азан шақыра айтылған ежелгі есімінің қайта жаңғырып тұрғанына биыл бақандай жиырма жыл толып отыр.

 Екі мың жылдан астам тарихы бар шежірелі шаһарымызға осыдан жиырма жыл бұрын ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев арнайы іссапармен келіп, орта ғасырларда әлемге әйгілі болған тарихи атауын қалаға қайтарып берген болатын. Тарихта таңбаланған бұл атау — Тараз еді. Кешегі мен келешекті, аманат пен арманды, тарих пен тәуелсіздікті, ата-баба мен ұрпақтың тағдырын таразылап тұрған бұл атау, расында да, шаһарымыздың кейінгі өміріне, бүгінгі жетістіктеріне, бағындырған белестері мен алар асуларына, толағай табыстары мен қазандай қайнаған барлық тіршілігіне тұздық, болашағына бойтұмардай болып, едәуір әсер еткендей. Оған шаһардың өзі дәлел. Осынау тарихи сәттен бері Тараз қаласында салмағы жер қайыстырар өзгерістер орын алып, жиырма жылда қаншама ұрпақ дүниеге келді. Қаншама жанұя шаңырақ көтерді. Зәулім ғимараттар мен еңселі ескерткіштер бой көтерді. Түркі халықтарының текті мұрағатында алтыннан қымбат саналатын Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі» жазылып, бес жарым ғасыр бұрын Қазақ хандығының туы тігілген Тараз топырағы қашанда киелі. Елбасы жиырма жыл бұрынғы Әулиеатаға келген сапарында Жамбыл қаласын ежелгі аты Тараз қаласы деп атау туралы 1997 жылғы 8 қаңтардағы №3315а Жарлығына ашық аспан астында, қасиетті Қарахан кесенесінің қасында тұрып қол қояды. Ежелде Талас, орта ғасырларда Тараз, XVIII ғасырда Әулиеата, 1936-1937 жылдары Мирзоян, 1937-1997 жылдары Жамбыл аталған даласы дархан, тарихы тархан қалаға 1997 жылы ата-бабалар қойған Тараз атауы қайтарылды.

— Жаңа жылдың басында бірінші рет ел аралап шығып отырып, осындай үлкен бір қасиетті шаруаны бастап отырмын. Сол арқылы Қарахан бабаны жұртқа паш етеміз. Тәуелсіздігімізді осы бабаларымыздың әруағы жебеп жүрсін. Жамбыл облысының жергілікті атқарушы органдарының өтінішін және жұртшылығының тілегін ескере келіп, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде қаулы етемін: Жамбыл облысының орталығы — Жамбыл қаласының аты Тараз қаласы болып өзгертілсін. Жамбыл бабамыздың әруағы да риза болсын. Облыстың аты Жамбыл облысы болып қала береді. Қаланың аты — байырғы Тараз. Қазақстан жерінде баяғы Жібек жолынан бері қарай барлық карталарда белгіленген екі-ақ қала бар. Біреуі — Тараз, екіншісі — Жаркент. Сондықтан біздің көне тарихымыз бар екенін дүние жүзіне таныту үшін осы шешім дұрыс болар деп санаймын, — депті Нұрсұлтан Әбішұлы Тараздың топырағын басып тұрып, тарихи сәтте. Дәл сол күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тараз қаласының тұңғыш Құрметті азаматы атаныпты.

Рас, жиырма жыл бұрынғы Таразды бүгінгі Таразбен салыстырсақ, айырмашылығы жер мен көктей. Әлеумет, экономика, мәдениет салалары жан-жақты дамыды. Өндірістердің өрісі кеңейіп, қазына қалыңдады. Табиғи шикізат көздері игеріліп, ел игілігіне Тарихи сәт. жұмсалды. Спортта, білімде, өнерде тараздық таланттар шаһардың есімін әлемге шарықтатса, жергілікті ақын- жазушыларымыз әдебиетке енгізді. Бүгінде төрт жүз мыңға тарта тұрғын өздерін тараздықпыз деп парасатты мақтанышпен айта алатын кезеңге көш түзеді. Алдағы мақсаттарымыз да ауқымды.

 — 1997 жылы 8 қаңтарда Елбасының Жарлығына сәйкес Жамбыл қаласына Тараз деген тарихи атауы берілген болатын. Содан бері табаны күректей жиырма жыл өтті. Осы уақыт аралығында облыс орталығы Тараз қаласы тарихтағы беделі биік, сәулеті сұлу кейпінен бір сәтке ажыраған емес. Ата- бабалардың аманатындай, ұрпақтың парызындай, халқымыздың көзінің қарашығындай сақталып келеді. Ірі химиялық өндіріс орталығы ретінде еңсе көтеріп, қалыптасып келеді. Бүгінгі күнде ел өміріне қатысты бірталай ауқымды бастамалар, жүйелі жобалар, нақты нәтижелер мен табысты жұмыстар атқарылуда. Ірі кәсіпорындарымыз үздіксіз жұмыс жасауда. Оның ішінде химия саласының алыбы «Қазфосфат» ЖШС, «Тараз металлургиялық зауыты», «Жамбылгипс» зауыты алдарына жан салмай қуатты қадаммен жұмыс атқаруда. Өткен жылы барлық көрсеткіштерді жүз пайыздан жоғары орындап шықтық. Оның ішінде өнеркәсіп өнімінің көлемі 100,1 пайыз деп бағалап отырмыз. 195 млрд. теңгеден астам өнім көлемін өндірдік. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі өзінің қарқынды қадамымен, табысты нәтижелерімен қуантуда. Өткен жылы бес ірі инвестициялық жобаны іске қоссақ, биылғы жылы 9 млрд. теңгеге жуық қаржыға үш ірі инвестициялық жоба Тараз қаласында іске асады деп күтілуде. Оның ішінде «Тараз арматура зауыты» ЖШС, құрғақ құрылыс материалдары мен гипс қоспаларын өндіретін «Alina holding» зауыты, «Кист» ЖШС металл құю өндірісі бар. Бұл үш кәсіпорында 700-ге тарта жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Және шаһарымыздың көркін арттыру, абаттандыру мақсатында атқарылатын жұмыстар да аз емес. Барлық құрылыстарды бір қалыпқа келтіру үшін егжей-тегжейлі қаламыздың жобасын жасауға және Бас жоспарға өзгерістер енгізуге облыстық бюджеттен 350 млн. теңге қаржы бөлінді. Осы жұмыстарды биылғы жылы абыроймен атқарып, ежелгі тарихи орталық «Көне Тараз» ашық аспан астындағы музейі және соның аумағын абаттандырып, туристік кластерге айналдыруға ауқымды жұмыстар жүргізетін боламыз. Оған қоса мектеп, тұрғын үйлердің, әлеуметтік нысандардың жұмыстары да жоспар бойынша іске асырылатын болады. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне орай біз қазіргі таңда туристік маршруттарды және қаладағы мәдени ескерткіштерді дайындау үстіндеміз. Қазақ хандығының 550 жылдығында бірталай тарихи ескерткіштеріміз қайта қалыпқа келтірілді. Биыл да сол жұмыстар жалғасын табатын болады. Қаланы абаттандыру бойынша тиісті жоспарларымыз дайын. Елбасының айтуынша, 5-6 миллион халық халықаралық көрмеге сырттан Астана қаласына келетін болса, туристердің бір бөлігі Тараз шаһарына да ат басын бұрып, табан тірейді. Жеке кәсіпкерлер жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты жұмыспен қамтамасыз етеді деген ниеттеміз, — дейді қала әкімі Нұржан Календеров.

Қаламыздың ежелгі есімі қайта жаңғырған тарихи сәт қала тұрғындарының да есінде. Бұл оқиға екі мың жыл алаулап тұрған шаһардың шамшырағына қайтадан жалын сыйлағандай еді.

— Елбасы келіп, қазіргі қалалық жаңа мешіт орналасқан Қарахан кесенесі маңында Тараз атауын беру туралы Жарлығын оқығаны әлі есімде. Сол жиынға мен де қатыстым. Күн қақаған аяз еді. Мемлекет басшысының игі шешімін естігенде, төбеміз көкке бір елі ғана жетпей, ел қуанышы еселенгендей болды. Жиырма жылда қала түбегейлі өзгерді. Аумағы отыз пайызға өсті. Жаңадан «Астана» және «Бәйтерек» мөлтек аудандары бой көтерді. Орталыққа «Достық» атауы беріліп, Бәйдібек бабамыздың және ел өміріне маңызы бар еңселі ескерткіштер орнатылды. Орталықтан «Һибатулла Тарази» мешіті халықтың игілігіне берілді. Менің өзімнің студентім болған Бақтияр Артаев Олимпиада чемпионы атанды. Кейінгі жылдары да тараздық спортшыларымыз алтыннан алқа тағып, ел абыройын асқақтатты. «Тараз-Арена» спорт кешені мен құм астындағы құндылықтарды насихаттап, тарихпен тілдестіретін «Көне Тараз» музейі ашылды. Бұл игі істің барлығы осы Тараз топырағында өніп-өсіп келе жатқан ұрпақ үшін жасалды. Әлі де атқарылатын шаруалар аз емес. Бүгінде қалада орта техникалық білім беру ісі қарқынды дамыған. Өндіріске, медицинаға, темір жол саласына арнайы мамандарды даярлайтын орта оқу орындары мен гуманитарлық-техникалық колледждер заманауи технологиямен жұмыс жасауда. 20 жылда шаһарда 11-12 орта мектеп ашылды. Яғни қаламыз күннен-күнге, жылдан-жылға кемелдену үстінде, — деді қаланың Құрметті азаматы, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ «Технологиялық» факультетінің деканы Әнуарбек Әймен. Ал талай жыл шаһарда қарапайым көлік жүргізушісі болып келе жатқан Данияр Аманбек Тараздың көшелеріне дән риза. «20 жыл бұрын қалаға Тараз атауы берілді. Ал мен шаһарда көлік тізгіндеп жүргеніме жиырма жылдан асты. Ол кезде қаланың көшелері тар, ескі, жолдардың көбінде асфальт төселмеген, қыста батпақ, жазда шаңы шығып жататын еді. Қазір қалада көлік көп. Соған орай көшелеріміз де кеңейтілді, қосымша жолдар мен бұрылыстар жасалды. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойында екі басты көпір жөндеуден өтті. Мұндай игі істердің барлығына көзіміз куә, көңіліміз қуанышты» — дейді ол.

20 жыл бұрынғы тарихи сәттен бастап белгілі әулиеаталық қайраткерлердің дені өз есімдеріне «Әл-Тарази» атауын қоса айтуды игі ұстанымға айналдырды. Тіпті сол күні дүниеге келген, бүгінде жиырмадағы қыз-жігіттердің есімдері Тараз шаһарының атауымен байланысты болды. Қалай десек те, атына заты сай қаламыздың бүгінгі өмірі, кемеңгер келбеті уақытты бағындырып, аты аңыз, тіршілігі тарих болып қала беретіндігі ақиқат. XXI ғасырмен құрдас шаһарымыздың ежелгі есімі қайта жаңғырған күн құтты болсын, құрметті тараздықтар!

Нұржан Серікханұлы

Жамбыл -Тараз. — 2017. — 11 қаңтар


 
 

Жәдігер

Жәдігер

     Өткен күндерден сыр шертетін жазба­ларға қара­ғанда, Әулие ата жерінде ал­ғаш рет музей 1931 жылы Қарахан кесе­не­сінің қасын­дағы молаға тиіп тұрған ша­ғын үйден ашылған екен. Талай көне жәді­гер­лерді төріне жинаған бұл ескі үй талай тарих­ты бастан өткеріп, соғыс жылдары есігі­нің алдында бір күзетшіден басқа қызмет­кері де болмапты. Бүгінде Жамбыл облыс­тық тарихи-өлкетану музейінің өз алдына зәулім ғимараты бар. Және әр бөл­месі, әр бұрышы, әр сөресі көне жәді­герлер­ге тола бұл ғима­ратқа келушілер қатары көп.

««Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана та­басың!» деп орта ғасыр ақыны Фирдоуси жырлағандай шынында көне қаланың бойжеткендері шетінен сұлу болғанына күмәніміз жоқ. Мына бір биші қыздың мүсіні Х-ХІІ ғасырларда қоладан құйылыпты. Бұл жәдігер 1964 жылдың 13 тамызында орталық стадион­ның маңынан 1,5 метр тереңдіктен табылған.

Ал киіз үй пішіндес шырақ пен тізерлеп отырған кісінің (Х-ХІІІ ғасыр) мүсіні, үш аяқты шам мен бүйіріне Құран аяттары жазылған жазуы бар құмыра да сол жылдары орталық базардың орнынан қазып алыныпты.

Бүгінде көне қала орнында қазба жұмыстары қолға алынған. Археологтар Тараз қаласының әр кезеңіне жататын жәдігерлер, оның ішінде алтын, күміс, мыстан жасалған әшекей бұйымдар сияқты құнды жәдігерлерді топырақ астынан аршып алды. Тіпті біршама жақсы сақталған ортағасырлық ыдыс қоймасы да табылды. Бұл табылған жәдігерлерден көшпенділердің қолтаң­басын тайға таңба басқандай анықтауға болады. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын тауып, көне шаһардың тіршілігінен сыр шертетін дүниелер көптеп табылатынына сенім мол.

Оралхан ДӘУІТ

Егемен Қазақстан. – 2017. – 23 қантар 


 
 

Тараздың шығысынан жаңа қалашық бой көтереді

Тараздың шығысынан жаңа қалашық бой көтереді

Тараз қаласындағы Достық үйінде Ұлттық құрылыс саласы ассоциациясының төрағасы Мұхит Әзербаев облыс əкімі Кəрім Көкірекбаевты автобекет аумағындағы 14- шағын ауданның құрылыс жобасымен таныстырды. Жалпы аумағы 100 гектар болатын шағын аудан 16 мың тұрғынға есептелген. Онда 250 орындық 3 балабақша мен 1200 оқушыға арналған 2 орта мектеп, спорттық, медициналық, балаларды сауықтыру кешендері мен заманауи сауда нысандары бой көтермек. Мұхит Бақытұлы аталған шағын ауданға Абай көшесі арқылы баруға да болатынын айтады. Оның сөзіне сүйенсек, Сыпатай батыр көшесімен шектесіп жатқан Абай көшесінің құрылысы жалғастырылып, көлденең жатқан темір жолды қиып өту арқылы шағын ауданның арасымен «Алматы – Ташкент» бағытындағы үлкен жолға қосылады екен. Аталған көшенің бойында да тұрғын үйлер қатар түземек.

– Таныстырылып отырған жоба алғаш 2013 жылы ұсынылған  еді. Осыған дейін жоба бірнеше рет егжей-тегжейлі нақтыланып, көптеген өзгерістер енгізілді. Шағын аудан «Алматы-Ташкент» бағытындағы Тараз қаласына кіреберіс жолдың тұсынан салынады. Осыған орай,  қаланың кіреберісі болғандықтан, жобада көп ерекшеліктерге мән берілді. Айта кетер бір жайт, тұрғын үйлер, кинотеатрлар, мейрамханалар мен қонақ үйлер, сауда, спорттық-медициналық, сауықтыру кешендері секілді кез келген әлеуметтік нысан заманауи сәулеттік үлгіде салынатын болады. Аталған аумақта, сондай-ақ мұз алаңы, саябақтар да орналастырылады. Шағын аудан арқылы өтетін Абай көшесі мен Жамбыл даңғылының қиылысынан көрікті алаң ашылады. Жалпы, мұнда барлығы 49 көп пәтерлі тұрғын үй салынады. Оның ішінде 27-сі – 5, 16-сы – 9, алтауы – 12 қабатты тұрғын үй, – деді ол.

Кәрім Нәсбекұлы аталған шағын ауданның құрылыс жобасымен танысқаннан кейін, онда негізінен жастар тұратынын тілге тиек етіп, «Жастар қалашығы» деп атап өтті.  Сонымен қатар, қалашыққа көрік қосу үшін саябақтардан бөлек өзге де жерлерге субұрқақтар орнату, сауда үйлерін үлкен көшенің бойына емес, мейлінше тұрғын үйлерге жақын орналастыру керектігін еске салып, жобаға осы тектес мәселелерге қатысты бірқатар түзетулер енгізуді тапсырды.

Облыс әкімі өзінің халық алдында берген есебінде жаңа шағын аудандар салынатынын айтқан болатын. Бұл сол есепте айтылған жұмыстардың жүзеге асырылып жатқанының көрінісі. Шағын ауданның құрылысы келер жылы басталады.

Нұрым Сырғабаев,

Ақ жол.  2017.  15 сәуір

Айша бибі жайлы ақиқаттар

Айша бибі жайлы ақиқаттар

         Тараз қаласының оңтүстік жағында — 20 шақты шақырым жерде Аса өзенінің жағасындағы Айша бибі ауылында өткен-кеткен талай жолаушы, әсіресе, зерттеушілер, жаңа үйленген жастар ат бастарын арнайы бұратын екі ғимараттұр. Олардың бірі — Айша бибіге, екіншісі — Бабаәжі қатынға орнатылған ескерткіштер. Үлкен археолог А.Н.Бернштамның өткен жүзжылдықтың 30-40 жылдарындағы зерттеулері негізінде бұл көне ғимараттар ХІ-ХІІ ғасырларда салынған деп жазылған. Археологтар мұнда ескерткіштердің салынған жылын дәл атап көрсетпесе де, құрылыс ерекшеліктеріне байланысты жалпы мерзімін негізінен дұрыс топшылайды. Әйтсе де, ежелгі тарихымызды зерделегісі келген әрбір адам бұл ғимараттар кімдерге, қашан салынғанын, оларды кімдер салғанын білгісі келетіндігі табиғи нәрсе. Біз де журналист, яғни, әрбір жазатын тақырыбын зерттейтін қаламгер ретінде ұзақ жылдардан бері түрлі тарихи әдебиеттерді, Ташкент, Алматы қалаларындағы мұрағат деректерін іздестіріп, біраз белгісіз жайлардың бетін ашқандай болдық.

1964 жылғы желтоқсанның 6-14 күндері сол кездегі облыс басшыларының жұмсауымен Ташкенттегі Өзбекстан республикалық орталық архивінен «Туркестанские ведомости» газетінен Айша бибі туралы алғашқы мәліметтерді кездестіргенбіз. Рас, Айша бибі туралы алғашқы аңызды ақкөлдік Жұмабек қожа Сейдалыұлынан естіген болатынбыз. Арабша, парсыша, көне түркіше үлкен сауаты бар бұл кісі Айша бибінің әкесі Зеңгі баба деген шейх екендігін айтқан еді. Ал, қалың жұртшылық білетін аңыз бойынша, Айша сол әкесініңтілін алмай, Таразға — ғашығы Қараханға аттанғаны үшін Зеңгі баба теріс батасын беріпті-міс. Содан су жағасында қызды жылан шағып өлтіріпті-міс. Бұл — аңыз. Ал, ақиқаты қандай?

Ташкент архивінде бір кездегі Әулиеата қаласын билеген қалабасы (городской и уездной начальник) Василий Андреевич Калаур Түркістан өлкесінің әуесқой археологтары үйірмесінде жасаған баяндамасында Айша бибі ескерткіші туралы біраз деректер келтірілген екен. Тіпті, мазардың маңдайшасына арабша жазылған бірқатар жазулардың көшірмелері де Ташкент архивінде әлі күнге дейін тұр. Сол қалабасы Калаурдың Шымкент және Әулиеата ояздарының Әулиеата Қарахан туралы жазылған арабша, парсыша, шағатай түркіше кітаптарды оқыған молдаларынан жинастырған деректері де сақтаулы. Қарахандар шежіресі туралы араб әрпімен жазылған деректердің әуелі фотокөшірмесін, кейін ксерокспен түсірілген көшірмесін алған едік. Олар қолымызда бар.

Ең бастысы — Ташкент мұрағатындағы «Туркестанские ведомости» газетінің 1900 жылғы №97 және 1904 жылғы №37 сандарында Әбубәкір Диваев Айша бибінің әкесі Сүлеймен Бақырғани, яғни, Хаким ата және асырап алған әкесі Зеңгі бабаның тегі туралы деректер жариялапты. Сондай-ақ, Ташкент түбінде Зеңгі бабаның мазары, Айша бибінің анасы Әнбар бибінің және әжесі Ұлықпатшаның басына тұрғызылған қабырлар жақсы сақталған. «Зеңгі» — арабшадан аударғанда қара түсті деген мағынаны білдіреді. Оның өзінің азан шақырып қойған аты — Айқожа. Әкесінің аты -Тәжіқожа. Зеңгі бабаның алтыншы атасы атақты Қожа Ахмет Йассауи сопының ұстазы Арыстан баб екен. Өзбекстандық зерттеушілер бұл шежірені Пәкістандағы Лахор қаласынан алыпты. Өзбекстанның көп томдық экциклопедиясының 4-томында Зеңгі атаның өлген жылы 1258 жыл екендігі анық жазылған. Бірақ туған жылы белгісіз.

Зеңгі бабаның зәулім биік мазарда Ташкент қаласынан 25-30 шақырымдай жерде — оңтүстікке, Самарқанға қарай апаратын жол бойында. Бұл атырап қазір Зеңгі ата ауданы деп аталады. Байқайсыздар ма, қазақтар сиыршылардың пірін Зеңгіні «баба» десе, өзбек ағайындар «ата» дейді, мұның өзі оның жас шамасы кемінде сексеннен асқан-ау деп болжалдауға мүмкіндік береді. Өзбекстан энциклопедиясында сол сияқты Зеңгі атаның басына көтерілген күмбездің әр қырынан түсірілген суреттері, оюлы кірпіштерінің кескіндері берілген. Зеңгі ата мазарының ішіне еніп, бір кезде оның қолына ұстаған аса таяғын көрдік. Сол сияқты Самарқанның көктасымен көмкерілгенӘнбар бибінің — яғни Айша бибі анасының қабіріне де зиярат еттік, әжесі Ұлықпатшаның (өзбекше — Улугподшо) қабірі де Әнбар бибінің зиратына ұқсайды екен. Амал не, Қазақ Совет Энциклопедиясында Зеңгі баба туралы дәл деректер жоқ. Есесіне, Шоқан Уәлиханов 1858 жылы қазанның 25-күні «Қашқар күнделігінде»: «В Ташкенте — могила Зенги ата… Анбар-ана — жена Зенги, вдова учителя Хенги Хаким-ата, Эрхуббу, сын ее от первого брака. Али-Аскар — от второго. Анбар-ана носила обед, когда муж пас коров…», — деп жазыпты (Собрание сочинений, 3-т., 50-51 б., 1985).

Қазақтардың да, өзбектердің де арасында Әнбар бибінің алғашқы жұбайы Сүлеймен Бақырғани сопы өлген соң оның шәкірті әрі жақын туысы да болуы керек Айқожа шейхқа Әнбар бибінің қалай ерге шыққаны туралы да аңыз бар…….

***

Айша бибі — шамамен ХІ-ХІІ ғасырларда өмір сүрген ару қыз. Әкесінің есімі — Айғожа. Айша бибі еліне сапар лап келген Қараханмен жүздесіп, бір-бірін ұнатады. Алайда тұтқиылдан еліне жау шапқанын естіген Қарахан дереу еліне аттанады. Уәделі кезде хабар болмаған соң алаңдаған Айша бибі күйеу жігіт еліне барып, бір хабарын білейін, аман болса алдыңызға келіп, ақ батаңызды алып қосылармыз деп, әкесінен рұқсат сұрайды. Бірақ қыз әкесі келісімін бермейді. Үш рет өтініп, меселі қайтқан Айша бибі 40 қыз жолдас ертіп, Қараханның еліне өз бетімен аттанады. Ел шетіне таяғанда демалмақшы болып су бойына тоқтап жуынады. Сол кезде сәукелен ішінде жасырынып қалған улы жылан Айшаның басынан шағып өлтіреді. Қыздардың хабарын естіп Қарахан да жетеді. Бірақ Айша тілге келмейді. Ең болмаса о дүниеде қосылайық деп Қарахан осы жерде Айшамен некесін-қидырады. Келін болып босаға аттамаса да, уәдеге берік Айшаның соңғы демі өз қолында шыққанына әрі риза. әрі құса болған Қарахан сол Айша бибі қабірінің үстіне күмбез тұрғыздырады. Халық Айша бибіні.әулие санатына қосып, табынады.

«Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясы, 1-том

***

Бабажы қатын кесенесі — Х-ХІ ғасырлардан сақталған сәулет өнері ескерткіші. Тараз қаласынан 18 шақырым қашықтықтағы Айша бибі кесенесінің маңында орналасқан. 1897 жылы В.А. Каллаур, 1938 жылы А.Н. Бернштам, 1953 жылы Т.Қ. Бәсенов зерттеген. Текше тәрізді тік бұрышты, қызыл кірпіштен тұрғызылған ескерткіштің ауданы 6,8×6,8 метр, биіктігі 5 метрден астам; қабырғаларына қаланған кірпіштерінің көлемі 24x24x5 см. Қасбеті мен екі қапталы бір-біріне ұқсас, мәнерлеп қаланған кірпіштен күн тәрізді өрнектер жасалған. Жоғары жағы аркалы, ішке кірер есік шығыс жақ қабырғасында. Қабырғалардан сегіз қырлы барабанға ауысатын тромпбелдеу жасалған. Оның үстінен ішкі еңсенің 16 қырлы күмбезі басталады. Ал, сыртқы күмбезінің биіктігі 86 см қырлы призманың үстіне орнатылған. Мұндай қобылы күмбездер Қазақстандағы Көккесене, Жұбанана сияқты көне ескерткіштерде кездеседі. Бір-біріне қаптағай салған қос күмбез ескерткіштің ұзақ сақталуына себепші болған. Күмбез тұғыры аршамен құрсауланып, тақталардан суағарлар жасалуы сол кездегі құрылыс өнерінің өте жоғары дәрежеде болғанын көрсетеді. Ғимаратта шағын көлемдегі архитектуралық детальдар ұтымды әрі үйлесімді пайдаланылған. Бабажы қатын кесенесі сыртқы пішімінің жинақылығымен, құрылысының беріктігімен ерекшеленеді.

«Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясы, 2-том

Сонымен, Айша бибі — қазақ халқының, әлбетте, түркі халқының екі жарым мың жылдан да ары тарихына терең бойлататын Қарахан әулетінің бір ұрпағына ерге шыққан қасиетті анамыз. Өзінің асырап алған әкесі Зеңгі бабаның сиыршы — падашылар пірі болғаны, Айшаның махаббат пірі ғашықтардың пірі саналатындығы тегін емес. Айтпақшы,«Айша қатын»деген атау ұлы тарихшымыз Дулат Мұхаммед Хайдар мырзаның «Тарих-и Рашиди» кітабында да кездеседі. Қазіргі Аса өзені бұдан бес ғасыр бұрын Айша қатын аталса керек. «Қатын» демекші, бұл сөз, кейбіреулер жазып жүргеніндей, ешқандай парсы сөзі емес, көне түркі атауы. XI ғасырда өмір сүрген қашқарлық ғұлама Махмуд бабамыз өзінің түрік сөздігінде «қатын» деген атау Алып Ер Тоңаның қыздарына байланысты айтылғандығын жазады. Айша бибі ескерткіші қасындағы Бабәжі қатын күмбезі де Қарахан әулетінен шыққан ақсүйек әйелге тұрғызылғандығын осыдан да білуге болады. Ал Бабәжі атауына келсек, «бажы» деген сөзтіпті қазіргі түрік тілінде де тұңғыш қызға байланысты айтылады. «Ажа» — көне түркіше билеуші деген сөз. Мәселен, «Қой!» дейтін қожа жоқ, «Әй!» дейтін ажа жоқ» деген қазақ мәтеліндегі «ажа» осы билеуші мағынасында. Айтпақшы, қазіргі қырғыздар өз президентін «ажа» да деседі.

Қарахан әулеті қожалар арасында да бар. Олар Қожа Ахмет Йассауи сияқты өздерін Мұхаммед пайғамбардың немере інісі әрі күйеу баласы хазірет Әли халифаның Әнафия атты әйелінен туған ұлы Мұхаммед-Әнафиядан таратады. Сірә, бұл арабтардың Түркістан өлкесіне 714-75 жылдары келуінен кейін қойылған-ау.

Айша бибінің тегі, туған, өлген жылдары, заманы туралы осындай мәліметтерді ортаға сала отырып, оның мазары басындағы ХІ-ХІІ ғасыр деген болжам мезгілді XII ғасырдың соңы — XIII ғасырдың басы деп дәлірек жазсақ деген ұсыныс өзінен-өзі туындайды.

Бақытяр Әбілдаұлы

Аңыз адам. – 2017. — №5.