Cиянь шәйін тиеген керуен Таразға таяды

Cиянь шәйін тиеген керуен Таразға таяды

Ұлы Жібек жолындағы байырғы дәстүрді жаңғыртып, Қытайдың Сиянь қаласынан шыққан керуен Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланғалы отырған Тараз шаһарына таяп қалды. Кеше облыс орталығына жапсарлас жатқан Байзақ ауданының аумағындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойына орын тепкен Үшбұлақ-«TauDos» демалыс кешенінде аталмыш керуенді күтіп алу салтанаты өтті. «Қытай-Қазақстан: Ұлы Жібек жолының шәй мәдениеті» атты керуен тарихи-танымдық бауырластықты дамыту мақсатында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің идеясымен, Сиянь қаласы әкімшілігінің, Қазақстандағы дүнген қауымдастығының және «Jing Sheng Yu» шай компаниясының бастамасымен ұйымдастырылған болатын.

Алдымен облысымыздың Алматы облысымен шекаралас Қордай ауданына табан тіреген керуеннің бұл екінші аялдауы болып отыр. Оларды мұнда қазақи кимешек киген әжелер шашу шашып, ауылдың алты аузын айтып қарсы алды. Қазақи қонақжайлылыққа бөленген керуен мүшелері Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандарының өнерпаздары әзірлеген қолөнер көрмесін тамашалап, Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық хатшылығы дайындаған өңірімізді мекендейтін түрлі ұлттар мен ұлыстардың ұлттық тағамдарынан дәм татты.

Бұдан соң жиналғандар мен қонақтар фольклорлық-этнографиялық ансамбльдерінің концерттік бағдарламасын тамашалады. Байзақ ауданының әкімі Мұратхан Шүкеев алты мыңнан астам шақырымды артқа тастап келген керуеннің қадамына құт тілеп, қос елдің ынтымағының одан әрі нығайып жатқанын сөз етіп, ізгі тілегін жеткізді.

– Қытай мен Қазақстанның бүгінгі берекелі бірлігі өзгелерге үлгі боларлықтай. Соның бір көрінісі деп осы бір игі шараны атасақ қателеспейміз. Сіздер аспанасты елі болсаңыздар, біздер Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай Ұлы Даланың ұрпақтарымыз. Ілкіде елдер арасындағы сауда-саттықтың күре тамырына айналып, талай керуен көшінің куәгері болған бұл Жібек жолының тарихы тым тереңнен тамыр тартады. Сол бір ескі дәстүрдің қайта жаңғырылуы, оның Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына сәйкесуінің өзі тарихи сәт десек те болады, – деген М.Шүкеев көпшілікке мерекелік көңіл-күй тіледі. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы хатшылығының меңгерушісі Лариса Лысова да өзінің жүрекжарды ықыласын білдірді. Бұдан соң қытайлық керуенбасы Джоу Дэ Шенгке қазақтың ұлттық қалпағы мен шапаны жабылып, құрмет білдірілді. Ал қазақи қонақжайлылық қасиетке тәнті болған керуенбасы өзінің алғысқа негізделген ниетін әсерлі сөздерімен жеткізді.

– Осыдан екі жыл бұрын Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға ресми сапары кезіндегі Назарбаев университетінде сөйлеген сөзінде Ұлы Жібек жолын жаңғыртып, экономикалық дәліз жасау қажеттігін алға тартқан болатын. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы да оны қостай кеткен еді. Осыдан кейін қабылданған қытайлық «Жаңа Жібек жолы» экономикалық белдеуі» тұжырымдамасы мен қазақстандық «Нұрлы жол» бағдарламасы өзара үндесіп, екі елдің стратегиялық ынтымақтастығын нығайту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Ағымдағы жылы Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бейжіңде өткен қытай халқының жапон басқыншыларына қарсы соғыстағы жеңісінің 70 жылдығына арналған салтанатқа құрметті меймандар қатарында қатысты. Мұның барлығы екі ел арасындағы достықтың көріністері. Біздің компания Қазақстандағы дүнген қауымдастығымен және Жамбыл облысы әкімдігімен бірлесе «Достық және ынтымақтастық керуені» аталған жобаны жүзеге асыра отырып, мемлекет басшыларының идеяларын іспен негіздеуді қолға алды. Сөйтіп, біз бұл сапарды екі үлкен дата – ҚХР-дің құрылуының 66 жылдығы мен Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап отырмыз, – деді Джоу Дэ Шенг.

Сонымен қатар, керуен былтырғы жылдың 19 қыркүйегінде Шэньси провинциясының орталығы Сиянь қаласынан шыққанын айтты. Қаншама қиын да күрделі жолдардан өткен керуен мүшелері жалпы ұзындығы алты мың шақырымнан асатын ұзақ жолды артқа тастағанын білдік. 63 адам, 22 түйе, 4 ат арба және он бестей жеңіл жүк көліктерінен құралған керуен Тараз төріндегі торқалы тойдың басы-қасында болатынын ақтарыла айтқан керуен басы: «Біз сіздердің бізге деген құрметтеріңізді ешқашан ұмытпай, есте сақтап, елімізге мақтанышпен айтып барамыз. Осы керуеннің ізімен екі елдің достық қатынастары одан әрі арта түседі деген ниеттеміз» деп өзінің риясыз көңілін бүгіп қала алмады.

Жанғазы АХМЕТ
Ақ жол. — 2015. – 3 қазан. — 1,8 б.



Түркілік тегіміз және Көне Тараз

Түркілік тегіміз және Көне Тараз

Мекемтас Мырзахметұлы

Тараз және қазақ даласында болған басқа да қалалар жөнінде парсы, үнді, түркі, араб тілдерінде жазылған деректер баршылық. Зерттеуші ғалымдардың еңбектерінен Тараз-Таластың талай рет тарихи оқиғаларына куә болғанын көре аламыз. Оның бірін француздың әйгілі ғалымы «Дала императорлары (Атилла, Шыңғысхан, Темірлан)» авторы Рене Груссе (Rene Grousset) деуге болады. Онда: “… қытайлық қолбасшы генерал Ченг-ки заманымыздың алпысыншы жылында «Қара шаһардың оңтүстігінде «Кио-Ли» мекенінде маңызды бip әскери орда құрды және өзін Тарым мен Boy-Ли арасындағы өлкенің қорғаушысы деп атады. Бұл аймақ қарашаһар мен Куча арасында болғандықтан, ол жерден басқа аймақтарды көз алдында ұстап күзете алатын».

Осылайша Жібек жолының бақылау жұмысын қытайлықтар «һионгнулардың шеңгелінен шығарып, өз қолдарына алған болатын. «һионгнулар» қарсылық көрсете алмағандарының ceбeбi олар б.з.б. 60 жылдардан бepi қарай үздіксіз шайқастарға ұрынып, әлсізденіп қалған еді. Екі кici патшалық таққа таласып «чан-ю» атағын алғысы келген. Бiрi – Һоу һан ие, eкіншici Че-чең еді. Б.з.б. 51 жылы һоу һан ие өзi Чанг Неган сарайына барып, император Сиван-Тидан өзін бағынышты екенін айтып, көмек сұрайды. Б.з.б. 49 жылы қытайдың қолдауымен бәсекелесін жеңеді. Б.з.б. 43 жылы Орхонға барып жеңімпаз ретінде аталық орнына таққа отырады.

Че-чең батыс һионгну тобына жататын. Ол Һоу һан иеден жеңілген соң, ежелгі Моғолстанды тастап, Қытайға бағынған бәсекелесіне тапсырады. Содан байлыққа кенелу мақсатында Батыс Tүркістанға қарай бет алды. Б.з.б. 44 жылы жол-жөнекей Іле аймағында Вусуэн әскерлерін күйретті. Имил аймағында hoy-ки тайпасын, Арал жайлауларында кин-ку тайпаларын, тіпті байқамай өздеріне қол ұшын берген Сұғдиан тұрғындарына да шабуыл жасап талқандады. Сөйтін өз билігін Шу, Талас кеңістігінде орнатты.
Бұл батыс һионгнулардың ұлы императорлық құруының арайлап атқан таңы болатын-ды. Бірақ қытайлықтар оған мұрша бере қойған жоқ. Б.з.б. 36 жылында қытайлық сардар Ченг-Танг кенеттен жорыққа шығып, Шуға кіріп, Че-чені тұтқындап, басын денесінен бөліп алды (б.з.б. 35-36 ж.). Мұндай трагедиядан соң хундардың да, Че-че жақтастарының да iзi батыста жоғалды. Тек қана біздің дәуіріміздің төртінші ғасырының аяғына таман (370-375 ж.) олардың Еуропаны жаулап алам деген ниетпен Еділ өзенінен өткен ұрпақтары Баламер, Атилла атымен тарих сахнасына бip-aқ шыққанын байқаймыз» (87-88- б. «Дала императорлары»).

Қытайлықтар түрікпен, монғол арасындағы ежелгі дәуірде жеңімпаз аталған тайпаға һионгну дейтұғын, Рененің пайымдауы бойынша, бұл атау хундарға берілген атаулармен бip деп саналуға тиіс. Өйткені римдер мен үнділер бұл далалықтарды солай деген.

Қытайлықтар б.з.б. IX және VIII ғасырлар шамасында һионгнуларды «ин-ну» деп атаған. Алайда, б.з.б. III ғасырда Тесин дәуірінде қытай жылнамаларында бұл eciм айқын түрде аталып келген.

Императорлық ғылымдар академиясы журналының 1902 жылғы 17-шi санында «Кираки-ширатор», «Тунгһулар мен һиәнгнулардың тілі жөнінде» атты мақаласында тілдік ерекшеліктері негізінде һионгнулардың түркілерге қатысты екенін мақұлдаған еді. Содан болар Рене Еуропа хундарын нақты түркі тегінен екенін әpi олар Түркістан, Азуф теңізі мен Дон сағасын да өз биліктерінде ұстағанын айтады (157-бет. Д.И.).

Қытай жылнамаларында «То-Кио», яғни түркілердің ата-тегі Қасқыр болған, олардың пікірінше, қаншық қасқыр олардың атасына сүт бepiп ер жеткізген. Содан ол қаншық қасқырмен жанасқан, соның нәтижесінде он ұл дүниеге келген. Олардың барлығы шешелерінің үңгірінде туған (Staislas Julien: То-Киоларға қатысты құжаттар – 326-б.). Тусап ағашының ұшында То-Киолар алтыннан жасалған қаншық қасқырдың басын орнатқан. Шахтардың күзетшілері де оларды қасқыр дейтін. Олар қаншық қасқырдан дүниеге келгендері үшін тегін ұмытпауға тырысқан…

Тай-Тсунг (Tai-Tsonq) Қытай императоры 611- 618 жылдары ic жүзінде Алтайдан Каспий және Үндікешке дейін билеушісі болған. Қытай саяхатшысы үиан-Тсунг (Tsonq) 630 жылдың басында оның бауыры hәм мұрагері Тонг че-hy (Tonq che- hou) яғни Иб Fy Тунг пен (618-630 ж. билік құрған) билік шыңының басында тұрған кезде Тарым алаңында кездескен. Ол қыс мезгілін Ыстықкөл жағалауына, кейде батысқа қарай Әулие-Ата аталатын Талас маңындағы «Мың бұлақ» (қазіргі Жуалы ауданы) аумағына барып өткізетін (174-б.). Үион Тзанг қытай саяхатшысы 629 жылы Қансудан бастап сол мекендерді көріп баян еткен. Ол солтүстікке жүру үшін (Турфан, Қара шahap, Куча, одан кейін Тугмаг, Талас, Ташкент, Самарқанды өтіп 644 жылы қайта оралғанда, оңтүстіктен Памир, Қашқар, Ярқанд (Жаркент), Хотан, Шан-шан, Туэн һуанг үстінен өткен» (174-б.).
Қытай қолбасшысы Као-Сиен-Че 751 жылы Талас өзенінің жағалауында Әулие-ата маңында Зиад ибн Салиһ басқарған түркілер мен арабтардың біріккен күштерінен жеңілді. Таластағы бұл мәнді де трагедиялық жеңістен кейін үиоан-Тсунг билігінің соңғы кезіне таман ішкі дағдарыстар мен сегіз жыл соғысқа байланысты қайтадан тіктеуіне ешқандай шара таба алмастан жоғары Азиядағы императорлығы кенеттен құлағанына куә болды, – дейді Рене Груссе.

Кейін 955 жылы қайтыс болған Қашқардағы бірінші Қарахан патшасы Боғрахан әулеттері барлығы ислам дінін қабылдаған жағдайда батыс Тарым, Шу және Талас даласын өзара бөліп алды.

Шыңғысханның екінші ұлы Шағатай әкесінің мұрагері ретінде Ыстықкөл, Іле аумағы, Шығыс Оңтүстікте Балхаш көлін, Шу, Талас маңын өзіне қаратқан.
Шағатай әулеттері елу бip жылға созылған билігінен кейін 1370 жылы Әмір Темірдің екпінімен күйреді.

Содан он бесінші ғасырдың соңына таман Іле, Талас аймақтарында далалық өмip кешумен болды.

Mінe, Талас не Тараз мыңдаған жыл бойы талай тарихи тағдырдың куәсі болды. Он бесінші ғасыр түркілердің бөліске түсіп, қазақ хандығының құрылуына себеп болған. Бартольдтің де «Түркістаннамасы» мен Әбубәкір Мұхаммед Ибн Жафар-Әл Наршаһидың (286-348) «Бұхара тарихы» атты еңбектерін салыстыра қарастырсақ, Тараз шайқасын Бартольд осы кітапты пайдалана отырып тұжырым жасағанын байқаймыз.

Бұхара тарихында: «…Әмip Нәсірдің қайтыс болған хабары Әмир-әл-мүмінин-Мүһтәзд Беллаға жеткенде, ол Мауәроннәһрдің билігін Әмір Исмайылға тапсырды. Ол 893 жылы көкек айында тағайындалысымен Тараз шайқасына аттанды. Көп тауқымет шекті. Соңында Тараз әмipi сыртқа шықты, көптеген диқандармен ислам дінін қабылдады, Тараз қақпасы ашылды. Үлкен шіркеуді орталық мешітке айналдырды (Бұхара тарихы, 118-б.) деп жазса, Бартольдтың «Түркістаннамасында» былай деп жазылған: «Исмаил ибн Ахмед (Самени) 849 жылында Ферғанада дүниеге келген. Бұхарада саяси жұмысқа кіріскен (483-б., «Түркістаннама») 893 жылының көктемінде Халифа тарапынан оның атына шешім шыққан. Сол жылы Исмайыл жеңімпаздықпен Таласқа (Тараз) жорыққа шыққан. Ол қаланың үлкен шіркеуін мешітке айналдырған (480-б., «Түркістаннама»).

Тараз тарихының кейбір уақиғаларына Исмайыл ибн Ахмед Самани (849 жылы Ферғанада дүниеге келген. Бұхарада саяси жұмысын бастаған) кезеңі куә бола алады. Өйткені, 893 жылдың көктемінде Халифа тарапынан әмірлікке тағайындалған соң, Таразға қол бастап шыққанын айттық. Саманилер дәуірінде бейбітшілік орнығып, сауда-саттық пен өнеркәсіп айрықша дами бастады. Сол себептен Мауәроннәһрдың түрлі экспорттық бұйымдары шет жерлерге жіберіле бастады. «Мәселен, Ферғана, Исфижабтан құлдар, сондай-ақ мата, қару-жарақ, семсер, мыс, темір сияқты бұйымдар болса, Тараздан ешкі және тағы басқа заттар саудаға түсетін» дейді Мұқаддәси» (504-б., «Түркістаннама»).

Қорыта айтқанда, біздің байқағанымыз, Тараз қаласы тарихи деректердің беттерінен ғасырлар бойы түспеген әpi жойылып кеткен қабаттарын тарихшылар ол жөнінде жазғандарымен толықтыра алатынын Мұхаммед Хайдардың «Тарих-и Рашиди» еңбегінен кейін 1593 жылы жазылған «үәфт-иқлим» (не «Жеті климат») кітабынан көре аламыз. Ал, кейінірек, сұлтан Мұхаммед Мүтреби Самарқанди (1559-1631) «Тәзкәре-тол-шоара («Ақындар шежіресі») кітабында: «Бесінші климаттың ұзындығы 1835, eнi 150 фарсах (фарсах – 6 шақырымға тең), Испанияның кейбір қалалары, Армения, Каспий, Хорезм, Бұхара, Самарқанд, Ферғана, Тараз, Түркістанның кейбір қалалары да оған қарасты», – деп жазған. Сонымен қатар, қаланың өзіндік байлықтары мен ерекшеліктері жайында басқа да талай деректер барлығын айта тұра, тарихшылардан да басқа парсы тілді ақындар ғасырлар бойы Тараз қаласының әйгілі дүниелерін өз өлеңдеріне арқау еткені бар.

Ақ жол. – 2015. – 6 қазан. – 9 б.


Тараздың теңге сарайы

Тараздың теңге сарайы

15 қараша — Валюта күні. Төл теңгеміздің шығу тарихы да тым ертеде жатыр. Ал көне шаһар Тараздағы алғашқы монеталар 1002 жылдары шыға бастаған.

Бүгінгі күндері Тараздың тіршілігіне зер салсаңыз, күннен- күнге түрленіп, әртүрлі ғимараттар бой көтеріп, ауқымы кеңейіп бара жатқанын аңғарасыз. Елдігімізді айқындайтын Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесі жоғары деңгейде өткеніне халық куә. «Болар істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, көптеген игі істерді жұрт болып жұмылып, атсалысқан жайсаң жандарға Тараз тұрғындары дән риза.

Жамбыл облысының құрылған уақытынан бастап қазірге дейін басқарып келген басшылары туралы мәліметтерден көзі қарақты кісілер хабардар болуы мүмкін. Ал біз бүгінгі мақалада осы тарихи қаламыздың аймағында осыдан мың жыл (1000) бұрын кімдер билік жүргізді, олардың басқарған уақыты мен есімі жазылған монеталар туралы ғылыми деректерге назар аудармақпыз.

В. В. Бартольд, А. Н. Бернштам, Т. Н. Сенигова, Г. И. Пацевич сияқты белгілі ғалымдардың Қазақ хандығы тұсындағы XV ғасырда Ежелгі Тараз туралы жинақтаған зерттеулері мен ғылыми жаңалықтарын халыққа жариялап жеткізу — осы салада жүрген біздердің қызметтік міндетіміз. Көне жазба деректер Тараз қаласы маңында ме- кендеген сақ-үйсін кезеңінен бастап қыпшақ-қазақ кезеніне дейінгі ежелгі тұрғындардың мәдени тарихын. халықтың этникалық саяси дамуының жүйелілігін көрсетеді. Кеңес үкіметі тұсындағы М. Е. Массон, А. Н. Бернштам, қазақ ғалымы Ә. Х. Марғұлан, К. А. Акишев, К. М. Байпаков, тағы басқа авторлардың Талас аңғары мен Жетісудын ежелгі аумақтары туралы бірқатар еңбектері бар.

Батыс Түрік мемлекеті құрамына қосылу кезінде Тараз тек Талас өңірінде ғана емес, бүкіл Жетісуда да ірі экономикалық орталықтардың бірі ретінде

танымал болған. Бұған дәлел — Түркеш қаганының атауы бар көптеген тиындардын табылуы. Сондай-ақ калада парсы және араб тілінде сөйлеген әртүрлі елдерден келген көпестердің сауда-саттық жасағаны туралы деректер де кездеседі. Қарахандар билігі кезінде де Тараз бұрынғыша еш өзгеріссіз ірі сауда мен саяси орталығы болып қала берді. М. Е. Массон, О. И. Смирнов, А. Н. Бернштам, М. А. Бубнов, А. К. Марков, М. Н. Федоров, О. Прицак зерттеген деректердегі монеталар Тараздағы теңге сарайында 1002 — 1173 жылдар аралығында жоғарғы және бағынышты билеушілердің атынан шығарылып келгендігін айғақтайды. Мысалы, мұнда 1004 — 1005 жылдары Мұхаммад ибн Алидың бауыры Илек Насрдың атынан монеталар шығарылған. Сосын 1006-1007 жылдары Тараз қаласы оның басқа інісі Наср Ахмад ибн Алидың билігіне өтеді, 1008-1009 жылдары Наср қайтыс болғаннан кейін Таразда қайтадан Мұхаммед ибн Алидың атынан монеталар шығарылған. Бұл уақыттарда олардың үлкен ағасы Туған-хан Жетісудың билеушісі болатын. Ахмад Мұхаммадтың қазасынан кейін билік лауазымын Арслан-хан қабылдап, ол 1024-1025 жылдары мемлекетті басқарды, бұған Тараздан табылған соның атынан шығарылған монеталар куә бола алады. 1013-1025 жылдары Тараз, Бұқара, Шаш, Самарқандтың бағынышты билеушісі болған оның кіші інісі Мансур ибн Алидың атынан шыққан монеталар да бар. 1026-1027 жылдары Жетісудағы Туған-ханнан Түркістанның билеушісі Кадыр-хан Юсуф ығысып шығады.

Қадыр-хан қайтыс болғаннан кейін (1032 ж.) Түркістан мен Жетісуды оның үлкен ұлы Арслан-ханның лауазымын қабылдаған Сүлеймен болатын. Екінші ұлы Яған-тегін Мұхаммед Боғра-ханның лауазымын қабылдап, Талас пен Испиджабта билік жүргізді, одан кейін Шашта билік орнатты. 1039-1053 жылдары Таразда оның атынан монеталар соғылып шығарылған. Содан кейінгі кезеңде Яған-тегін билік басына келген уақытта Тараз қаласы үлкен сауда орталығына айналды, ал билеушінің өзі болса, Қараханид мемлекетінің билігін қолға алуға ұмтылды. 1056 жылы басталған соғыста үлкен ағасы Арслан-ханмен бірге 15 айдан аса уақыт Тараз қаласын Қараханид мемлекетінің астанасы ретінде ұстап тұрды. Көмбеден шыққан теңгелер Яған-тегін өмірінің соңғы жылдары Таразда 1030-1075 жж. Халифа әл — Қаймның атынан монета шығарғандығын көрсетеді. Яған-тегін қайтыс болғаннан кейін Жетісу жері оның баласы Ибрагимнің иелігіне өтіп, кейіннен 1059-1075 жылдары Тоғрұл Қара-хан Юсуф билігіне көшті. Тараз қаласына 1074-1075 жылдары Тамғач-хакан Хасан ион Сүлеймен билік басына келіп өз атынан теңге басып шығарған және 1069-1070 жылдары «Құтадғу біліг» атты поэма соған арналып жазылған болатын. 1076-1077 жылдары Тогрұл өмірден өткеннен соң, қалада оның баласы Қара-тегіннің атынан теңге шығарыла бастады, одан кейін 1094 жылға дейін 20 жыл бойы Халиф әл-Қаймның орнына келген Халиф әл-Муктади Боғра-ханның атынан монеталар шығып отырды. Мұхаммед Боғра-ханның немересі Омар Қадыр-хан Джибраил Самарқанд пен Бұқараны жаулап алғаннан кейін Тараз қаласында 1102 жылға дейін билікте отырды. Б. В. Луниныйдың жариялаған нумизматикалық деректеріне қарасаңыз, Тараз қаласында теңге шығару үрдісі 1173 жылға дейін үздіксіз жалғасып келгендігін дәлелдейді. 1269 жылы Талас өзенінің жағасында өткен Шағатайлардың құрылтайында Талас облысын басқаруды Қайдудың билігіне беру туралы шешім ұйғарылды. Таразда Қайдудың қолшоқпарлары Бұқа-Темірдің (1272-1291 жж.) және Дуваханның (1291-1306 жж) монеталарының болуы — 30 жылдан аса уақыт қаланың өз алдына тәуелсіз дербес ел болып қалыптасқандығын көрсетеді. 1301 жылы Қайду қайтыс болғаннан кейін Тараз қаласы оның баласы Чапардың қарамағына өтті. Ал 1305 жылы төменгі Талас жерінің билігі Қайдудың үлкен ұлы Шахтың билігінде болып, ол бұл аймаққа сол кездің өзінде-ақ өзінің «Алтын Орда» ордасын орналастырып үлгерген болатын. Екі ағайындылар арасындағы жиі болған қақтығыстардың кесірінен Талас жазығындағы қалалар қайтадан күйреп, тонала бастады. 1307 жылы шағатайлық ханзадалар бұрынғы Қайду мемлекетін талқандап қиратты. «Алтын Ор- даны» жермен-жексен етіп ыдыратып жіберді. 1310-1318 жылдары Есен-Бұға таққа отырған кезде Қайду мемлекетінің көп жерлері Шағатайлардың жері болды.

Тараз қаласында 1311-1312 жылдары қатты металдан (аэнопиграфический) жасалған теңгелердің шығарылуы сол кезеңдерде осы өлкенің тұрғындарының арасында өзара алауыздық тартыстар болғандығын көрсетеді. Осындай тартыстардың кесірінен керек десеңіз Есен-Бұғаның ордасының өзі тасталқан болған. Ары қарайғы деректерде 1316 жылы Есен-Бұға Тараз қаласына дейін келгендігі айтылады. 1318 жылы Есен-Бұға өмірден өткеннен кейін, билік оның баласы Кебектің қолына өтіп, қалада соның атынан теңге (монета) шығарылды. 1326 жылы Кебектің өлімінен кейін, Тараз қаласын оның інісі Тармашырын басқарды. 1326-1334 жылдар аралығында соның атынан теңге басып шығарылып отырылған.

Әл-Омаридің (1348 жылы қайтыс болған) Мауераннахр мен Алмалыққа дейінгі бағытты сипаттаған кезінде Тараз қаласын Түркістан облысының аумағында негізі қаланған Янги деп көрсетеді, бұл екі қала бір-бірінен 1 фарсах ара қашықтықта орналасқан деп жазады. 1434 жылы Жетісу билігі шағатай ұлысының мұрагер ұрпағы Есен-Бұғаның қарамағына өтеді. Соның кезінде Шу-Талас өзенінің солтүстік- шығысында Керей мен Жәнібектің басшылығымен 200 000-ға жуық қазақтар қоныстанған болатын. Мұхаммед Хайдар XVI ғасырдың 20-шы жылдары Талас жазығындағы қалалар туралы былай деп жазады: «Янгы — бұл Моғолстандағы белгілі мекен, Мауераннахрда Янгыдан келген көптеген кісілер бар, олардың барлығын Янгылын деп атайды. Янгы деп аталатын алқап белдеуінде көптеген қалалардың. мұнаралар мен медреселердін орындары бар, солардын ішіндегі өзге қалалардан бөлек Янгы қаласы жақсы сақталып қалған. Янгы деп отырған қаламыз-Тараз қаласының «моңғолша» атауы болуы әбден мүмкін» деп жазады.

Бертін келе 1512 жылы Талас пен Сайрам жерінде қазақтың Қасым ханы билік құрды. Мұхаммед Хайдардың мәліметінше, қазақ халқының саны сол кездері миллионға (I 000 000) жуық, ал Қасым ханда 300 000-ға дейін жауынгер болған. 1537 жылы Убайдаллах- Шейбанид қазақтар туралы «қаптаған үлкен жауынгерлер тобымен Сайрам өзенінің жағасына жылжып келеді» деп сипаттаған. Ал 1755 жылы Жетісуда өзінің бұрынғы 1815-1858 жылдары Талас жазығынын барлық жері Қоқан хандығының билігіне өте бастады. Кейінірек Тараздың маңында монументалды архитектуралық құрылыстар салынып, төбесінде күмбезі бар шығыс түріндегі моншалар, күрделі суландыру жүйесі жолға қойыла бастады. Мысалы, 1856 жылы Исламды насихаттаушылар XII ғасырда салынған Қарахан кесенесі туралы аңыздарды пайдалана отырып, керемет ескерткіштің орнына ішінде баспалдағы және екі мұнарасы, күмбезі бар жаңа кесене тұрғызды. Бұл жаңа кесене «Әулие-ата» деген ежелгі атауын сақтап қалды, кейіннен қала осы атаумен аталды. 1864 жылғы 4 маусымдағы Патша Үкіметінің әскерлері жаулап алғаннан кейін Әулие-ата қаласы Сырдария облысының уездік қаласы ретінде бірікті. 1938 жылы қазақтың ұлы ақыны Жамбылдың атымен Джамбул аталды. Ал 1997 жылы 8 қаңтарда ҚР Президенті Жарлығымен ежелгі аты қайтарылып, Тараз аталды. Осы келтірілген тарихи деректер мен ғылыми дәйектер Тараздың терең тарихын танытып, мазмұндылығын анықтауға өлшем бола алады.

Нұрхат Серікбаев,

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет,

мұрағаттар және құжаттама басқармасының

«Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына

келтіру дирекциясы» КММ директорының орынбасары

Жамбыл — Тараз. — 2015. — 11 қараша(№46). — 5 бет.

Жауынгер, жазушы Кемел Тоқаев қаламының қарымы Жамбыл өңірі тарихында

Жауынгер, жазушы Кемел Тоқаев қаламының қарымы Жамбыл өңірі тарихында

Жазуға кіріспес бұрын Кемел аға Тоқаевтың өмірбаянына үңілдім. Талдықорған облысының Қаратал ауданына қарасты Кәлпе ауылында 1923 жылы 2 қазанда дүниеге келген жампоз екінші дүниежүзілік соғыстың жауынгері атанып та үлгеріпті. Соғыс 1941 жылы басталды десек, жиырмаға толартолмас шағында кейіпкеріміздің №226-шы атқыштар дивизиясы сапында, одан кейін 7-ші гвардиялық танк полкінің құрамында Сталинград, Белоруссия, Украина майдандарына қатысқанын білеміз. Қатысып қана қоймаған, ерлікпен соғысқан. Сөйтіп Ұлы Отан соғысының I және II дәрежелі ордендерімен және «Ерлігі үшін» медалімен екі дүркін марапатталған. Соғыстан оралған жауынгер білім майданында да бақ сынап, Алматыдағы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін 1948 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Біз танысқан өмірбаянда болашақ қаламгердің жоғары оқу орнынан кейінгі қызметі «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері», «Социалистік Қазақстан» газеттерінің редакцияларында өтті деп жазылған. Ал 1966-1977 жылдар аралығында «Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі ведомостары» деп аталатын ресми басылымының бас редакторлығы қызметін атқарып, одан кейінгі ғұмырында Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі болды делінген. Бірақ қаламгердің өмірбаяндарын жалықпай жинай отырып, оның 1948 жылы Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» газетінде де тілші боп еңбек еткені туралы деректі таптым. Іздегенім де осы болатын. Өйткені соғыс жылдары Жамбыл қаласының тұрғындарын дүрліктіріп, үрейін ұшырған «Қара мысық» жайлы хикаяны бозбала кезімде басқа емес, тура осы Кемел аға Тоқаевтың кітабынан қызыға оқыған болатынмын.

«ҚАРА МЫСЫҚ» ОҚИҒАСЫ

Ұмытпасам жинақтың аты «Тасқын» болатын. Кемел ағаны «шым-шытырық оқиғалы шығармалардың шебері» деген атақ пен даңқа бөлеген хикаятының бірі де, міне, осы «Қара мысық», яғни «Көшкен үйдің қонысы қайда?» деп аталатын көркем дүниесі еді.
Болашақ шығармасына жағрапиялық тұрғыдан алтын арқау болған хикаятының өмірге келуіне жазушының Жамбыл қаласында басталған ең алғашқы еңбек жолының да әсер етуі мүмкін. Хикаятында қала атын шартты түрде Н. қаласы деп жазудың орнына «Жамбыл қаласы» деп көрсетуі – қаламгердің осы өңірде өткен жыл, жыл жарым уақытын қатты бағалайтынын да білдірсе керек. Шығарма басындағы «Соғыс лебі алыстағы бұл тыныш қалаға да жеткен тәрізді. Көшеде жүрушілер сирек, еркек аз…» немесе «Күн жексенбі еді. Тұрғын халық жексенбіні «саудагерлер күні», «базарлы күн» деп атайды. Алыпсатарлар Ташкенттен тасыған жемістерін жаймаға салып, көкбазарды бір қыздырып кететіні бар» деген сөйлемдерді оқып отырып «Бұл қай қала болды екен?» деп ойлаған оқырман көп кешікпей «Жамбыл қаласына келгелі бері айдан асса да, Евдокия Кириловна осындай жабырқау мінезінен танбады», «Сергиенко өзінің телеграммасында қызы мен әйелінің 42-жылдың он екінші январь күні Жамбыл станциясына жеткеніне сендірген», «Атшабар базарының маңында және қаланың оңтүстік-шығыс бетінде жолдан шеткері жатқан үйлер бар» деп келетін сөйлемге кез болады. Дәлірек айтсақ, сол тұстағы ел аузындағы қорқынышты әңгімеге айналып, ағайынды жазушылар Аркадий және Георгий Александрович Вайнерлердің «Қайырымдылық дәуірі» («Эра милосердия») хикаяты мен кинорежиссер, актер Станислав Говорухиннің әйгілі «Кездесу орнын өзгертуге болмайды» («Место встречи изменить нельзя») деп аталатын көп сериялы шытырман оқиғалы фильмінің сюжеттеріне арқау болған «Қара мысық» оқиғасының Мәскеуде ғана емес, бір кездегі Жамбыл қаласында да болғанын біліп, таңдана түседі. Жазушы хикаятының кей тұстарында «Ежелеп, көз талдыра отырып, оқығандағы ұққаны – бір полковник Әулиеатаға қоныс аударған семьясының тағдырын біліп беруді сұрайды екен» деп, қаланың ежелгі тарихи атауын да еске сап қояды. Шығармада Жамбыл өңірінің жағрапиялық көрінісі оқиға өрісі ұзарған сайын кеңінен суреттеле береді. Мысалы, «– Сейілбек, мен бұлай ойламаған едім. Ең алдымен оның Шолақтауға барғанына таңданам. Әрине, ол бір мақсатты көздеген» деген диалог пен «Саудагер Абуллаходжаевтың Шу станциясындағы жылпос әрекетін Жанғабылов кейін білді» деген сөйлем соның айғағы. Диалогта аталған Шолақтауыңыз қазіргі Қаратау қаласы.

Шым-шытырық оқиғаларға толы шығармаларын қызыға оқи отырып қаламгер Кемел Тоқаевты қазақ әдебиетінің классигі Сәкен Сейфуллиннің «Бандыны қуған Хамитынан» кейінгі шытырман оқиғалы әңгіме, хикаяттардың шебері екенін мойындайсың. Оның кеңес чекистерінің өмірі мен қызметіне арналған көптеген шығармалары Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақ КСР Ішкі істер министрлігі жариялаған әдеби бәйгелерде бірінші бәйге алып, төрт мәрте лауреат атанғанына қызығасың. Хикаяттармен бірге «Қызыл комиссар», «Қылмыскер кім?» және «Сиқырлы сырлар» атты пьесалар жазған еңбекқорлығына да тәнті боласың. 1954 жылы Алматыдағы ҚМКӘБ баспасынан шыққан «Жұлдызды жорық» әңгімелер жинағынан бастап «Болашақ туралы ойлар», «Түнде атылған оқ», «Тасқын», «Арнаулы тапсырма», «Сарғабанда болған оқиға», «Таңбалы алтын», «Соңғы соққы», «Солдат соғысқа кетті», «Ұясынан безген құс» атты кітаптары қазақ және орыс тілдерінде миллиондаған таралыммен жарық көргеніне сүйсінесің. Еңбегі еш болмай көзі тірісінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі мен КСРО Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталғанына тәубе дейсің.

КИНОРЕЦЕНЗИЯШЫ КЕМЕЛ ТОҚАЕВ

Енді архив материалдарына жүгінейік. Өткен ғасырдың 40-шы жылдары сталиндік жеке басқа табынушылық саясатының салдарынан Жамбыл облыстық бүгінгі «Ақ жол» газеті «Сталиндік жол» деп аталған. Соғыстан дін аман оралып, жоғары оқу орнын тәмамдап, шығармашылық еңбек жолын жаңа бастаған журналист Кемел Тоқаевтың «Жас гвардия» деп аталатын кинорецензиясы біз айтып отырған газеттің 1948 жылғы 24 октябрьдегі нөміріне (№213 (2524) жарияланыпты. Жазушы мұрасын іздеген мыңболғырлар үшін аса құнды дерек екенін ескере отырып, мақаланы қаз-қалпында жариялауға тырыстық.

«ЖАС ГВАРДИЯ»

1942 жыл. Краснодон. Шахтерлердің шағын поселкесі. Жаздың шуақты күні. Әр жерде қалқыған ақша бұлттар көрінеді. Поселкені баса өткен сым тартқан ұзын бағаналардың бойымен ақ көйлек киген екі қыз жүгіріп келеді. Екі қыздың қатарласа жүгіруі – қанатын жаңа жайып, ұшу сапарына шыққан аққу тәрізді. Олар арық жағасындағы гүл теріп жүрген жолдастарына келеді. Ульяна бастаған бір топ 10-кластың қыздары дала еркесі – өзен бойында гүлдер теріп, арық жағасына барып отырады. Олардың әңгімесі өзінің сүйікті мектебі туралы.

Неміс самолеттері моторының даусы әлсін-әлсін естіледі. Бұл алдағы сұрапыл күндердің болатындығын көрсеткендей. Осы кезде шаң-түтіні араласып, аспанға атылған бір заттың қопарылған дыбысы естілді. Гүл теріп жүрген қыздар қайта жүгіріп келгенде ең алдымен бұзылған шахтаны және тылға көшуге асығып, астан-кестең болып жатқан адамдарды көреді.

Міне, Александр Фадеевтің романы бойынша түсірілген «Жас гвардия» кино-романы осылай басталды. Кино-роман Краснодонның шахтерлар поселкесіндегі комсомолдың подпольялық ұйымына қатысушы «Жасгвардеецтердің» немістерге қарсы жұмысын көрсетеді, табандылықпен жүргізген күрес жолдарын баяндайды.
Отан соғысындағы жас совет патриоттары ерліктің, батырлықтың тамаша үлгілерін көрсетті, мәңгі өшпес даңққа бөленді. Александр Матросов, Зоя Космодемьянская, Лиза Чайкина, Әлия Молдағұлова, Мәншүк (Мәнсия) Мамедованың есімдері әрбір совет адамына белгілі, жақын. Сол сияқты артына мәңгі өшпес із қалдырған Краснодонның «Жасгвардеецтері» Олег Кошевой, Ульяна Громова, Люба Шевцова, Сергей Тюленин, Иван Земнюховтың ерлік істеріне совет халқы ерекше сүйсініп, оларды мәңгі есінде сақтайды.

Ленин-Сталин партиясы тәрбиелеп өсірген жас совет патриоттарының Отан соғысындағы өжеттік, батырлық, тапқырлық істерін және олардың рухани күшінің жоғарылығын көрсетуге бағытталған талай өлеңдер, дастандар, әңгімелер, повестер жазылды. Соның ішіндегі ең көрнектілерінің бірі – Краснодонның «Жасгвардеецтері» туралы жазылған Фадеевтің «Жас гвардия» атты романы болды. Фадеев өзінің романында комсомолдың подпольялық ұйымына қатысушы жастардың ерлік істерінің, олардың Советтік Отанына шексіз берілген образын шебер көрсете білді.

Бірақ, Фадеевтің романы кемшіліктен де құр емес еді. Романға жазылған сында Қызыл Армияның қаһармандық ерлік істерінің үстірт көрсетілгендігі және немістердің зұлымдығын, бейбіт халықты азапқа салған зорлығын көрсетудің орнына олардың хайуандық істерін суреттеуге көбірек орын берілгендігі, әсіресе, комсомолдың подпольялық ұйымына большевиктік партияның басшылық рөлі көрсетілмегендігі айтылған еді. Кино-романның сценарийін жазушы Сергей Грасимов бұл кемшіліктерді қайталамайды, ол романның оқиға желісін сақтай отырып, немістердің бейбіт халыққа істеген зорлығын және Отан соғысындағы большевиктер партиясының басшылық рөлін айқын көрсетеді. Мұны экраннан айқын көруге болады.

Облыстық партия комитетінің секретары Проценко жау қалаға келгенде, ендігі жұмыс саласын соғыс талабына сай жүргізу керек екендігін, сондықтан халықтың патриоттық қозғалысын ұйымдастыру керек екендігін өзінің серіктеріне айтады, алдағы халықтық қозғалыстың жоспарын жасайды, подпольяда қалатын адамдарға нұсқаулар береді, жергілікті халықтың партизандық қозғалысқа жаппай қатысуын көздейді. Осы кезде комсомол мүшесі Люба Шевцова Проценкоға келіп, өзін подпольялық ұйымда қалдыруын өтінеді. Проценко Любаға жұмыстың ауыр жағдайда жүргізілетіндігін, сондықтан қиыншылықта төзімділік, қысылшаң жағдайда – ұстамдылық, арбасуда – тапқырлық, шайқасуда – батырлық керек екендігін түсіндіреді. Люба Проценконың аталық қамқорлық кеңесіне риза болады.

Проценко өзінің көмекшілері арқылы комсомолдың подпольялық ұйымына үнемі басшылық етіп отырады. Валько (артист Бондарчук) Люба Шевцоваға шахтерлардың поселкесінде комсомолдардың подпольялық ұйымын құру туралы партия ұйымының нұсқауын тапсырады, подпольялық жұмысқа басшылық етуді Горький мектебінің оқушысы Олег Кошевойға тапсырғанын айтады. Сөйтіп фильмнің алғашқы көрінісінің өзі-ақ большевиктер партиясының халықты тылға көшіруді ұйымдастыруға, партизандар ұйымына, комсомолдың подпольялық ұйымына үнемі басшылық етіп отырғандығын айқын көрсетеді.

Неміс басқыншылары поселкеге басып кірген күні-ақ комсомол-жастар оларға қарсы аянбай күресу керек екендігін жақсы түсінеді. Неміс басқыншыларының поселкеге кірген күннің кешінде Сергей Тюленин өзінің бойына біткен өжеттік батылдығымен немістердің штабы орналасқан үйді өртейді. Сергей Тюлениннің ерлік ісі ертеңіне барлық достарына аян болады. Достары Сергейдің бұл өжеттік ісіне ортақ екенін білдіріп қуанса да, бірақ оған таңданбайды. Өйткені, олардың әрқайсысы неміс басқыншыларымен тек осылай күресу керек деп біледі. Мұнан кейін фильм – «Жасгвардеец» атанған комсомолдың подпольялық ұйымының жұмысын толық көрсетеді. Люба Проценконың нұсқауын жеткізгеннен кейін «Жасгвардеецтер» немістерге қарсы күресінің жоспарын белгілейді. Ең алдымен подпольялық ұйым штабындағы адамдарды іріктеп алу керектігі туралы Проценконың тікелей нұсқауын орындайды. Сенімсіздік білдірген Стаховичті (кейіннен «Жасгвардеецтердің» подпольялық ұйымының немістерге әйгілі болуы Стаховичтің сатылғандығынан болды) подпольялық ұйымының штабынан шығарады. Сөйтіп, штаб-тұтқындары босатуды, неміс складтарын, қоймаларын өртеуді өзінің керекті міндеті етіп алға қояды.

Ленин-Сталин партиясы тәрбиелеп өсірген совет жастарының социалистік Отанға жан-тәнімен берілгендігін, жауға деген өшпенділігін, опасыздарға мейірімсіздігін, рухани күшінің жоғары екенін Сергей Тюлениннің азғын Игнат Фоминді өлтіру керектігі туралы айтқан мына сөзінен де айқын көруге болады:

– «Мен оны өлтіруді ұсынамын. Және штабтың бұл істі маған тапсыруын өтінемін, неге десең, мен оны бәрібір өлтіремін…» – дейді.

Жас гвардия» кино-романы совет жастарының ерлік істерін көрсетіп қана қоймайды. Сонымен бірге неміс басқыншыларына қарсы күрестегі бүкіл совет халқының батырлық істерін сипаттайды. Күреске аттанған халықтың жүрегі – Москва, Сталин болады. Олар Октябрь революциясының 25 жылдық мерекесі күні сөйлеген көсеміміз Сталиннің данышпандық сөзін естіп зор қуанышқа бөленеді. Көсем сөзі подполья ұйымында жастарды, партизандық қозғалысқа қатысушы совет адамдарын күреске бұрынғыдан да гөрі жігерлендіре түседі.

Кино-роман «Жасгвардеецтердің» подпольядағы жұмысын, ерлік күресін бүкіл халықтық қозғалыспен ұштастырып отырады; оларды неміс басқыншыларына қарсы соғыстағы совет халқының жауынгер отрядының бір бөлігі етіп көрсетеді. Фильм партизандық қозғалыстың өрлеуін, «Жасгвардеецтердің» өжеттік қимылын көрсетумен қатар, неміс басқыншыларының бейбіт халыққа көрсеткен азабын, жазықсыз адамдарды өлтірген жауыздық істерін аз ғана көріністермен көңілге қонымды етіп береді.
Сол сияқты фильм мінез жағынан бір-біріне ұқсамайтын жастардың Отан бостандығы жолында ұйымшылдықпен бір кісідей жұмыс істегенін айқын көрсетеді. Мәселен, Олег – ұстамды, Уля – сөзге сараң, іске бейім, Люба – бір сырлы, сегіз қырлы, Сергей – өжет, Иван – ойшыл, Жора – қызуқанды болып көрсетіледі. Мұндай мінез жағынан алуан түрлі албырт жас жүректің бір тұтас болып бірігуі -өз Отанын шексіз сүйетіндігінің нәтижесі болып көрінеді.

«Жас гвардия» кино-романының жемісті болып шығуына оған қатысқан жас артистердің айтарлықтай еңбек сіңіргендігін, әсіресе постановкасын қоюшы Грасимовтың «Жасгвардеецтердің» образын жасаудағы зор жемісті қызметін ерекше атап өтуге болады. Герасимовтың бұл еңбегі Фадеев романының көшірмесі емес. Ол өз алдында, большевиктер партиясының басшылық рөлін айқын көрсетіп, «Жасгвардеецтердің» подпольялық жұмысын бүкілхалықтық партизандық қозғалысымен өте орынды ұштастырған.

«Жас гвардия» кино-романы комсомолдың 30 жасқа толу мерекесі алдындағы зор табыс және тамаша тарту болып табылады.

К. Тоқаев,

М. Орманбеков».

Газеттің осы нөміріне жауапты редактор ретінде Ғайса Сармурзин қол қойыпты. Еліміздегі қазақ баспасөзі үшін қадірлі журналист, жазушы Ғайса Сармурзин 1943-1959 жылдары Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» газетінің редакторы болған. Өмірден 83 жасында өткен Ғайсекең ол кезде 44 жаста екен. Өмірдің тар жол, тайғақ кешуінен өткен тағдырлы қаламгердің «Өнеге», «Мейірім», «Өмір сабақтары» атты кітаптары жарық көргені белгілі. Ол қазақ өнерінің тарихы үшін де елеулі еңбек сіңірген. Мысалы, Ғ. Сармурзиннің орындауында Абайдың «Торы жорға», «Май түні» күйлерін 1984 жылы өнер зерттеуші У. Бекенов жазып алып, нотаға түсірген. 1985 жылы «Мәдениет және тұрмыс» журналының 8-нөміріне Ғ. Сармурзиннің «Абайдың күйі» атты мақаласы жарияланған. Міне, осы ардақты қаламгер соғыс сойқанын өз көзімен көріп, оқ пен оттың ортасынан аман-есен оралған 25 жастағы тілші Кемел Тоқаевтың «Жас гвардия» фильмі туралы сол кездегі кеңестік идеологияның саяси көзқарасы тұрғысынан жазылған кинорецензиясына қол қойып, оның болашақ шығармашылығына ақ жол тілепті.
Біз Кемел Тоқаевтың жазу мәнерін, сөз қолдану тәсілін осы газетте жарық көрген басқа жазбаларымен салыстыра отырып оқыған кезімізде кинорецензия астындағы қосалқы автор ретінде көрсетілген «М. Орманбеков» деген автордың шығармаға еш қатысы жоқ екенін байқадық. Оның үстіне газетте көп жыл қызмет істегендерге қосалқы авторлар «құпиясы» жақсы таныс. Өйткені журналистер ортасында мақаласына әріптесінің аты-жөнін қосу дәстүрі бар. Негізгі автордың аты-жөні бірінші тұратыны да белгілі. Мұнда да редакцияның сол ішкі дәстүрі сақталған сияқты. Сондықтан, бұл кинорецензияны Кемел Тоқаевтың қолымен жазылған шығарма деп санауға әбден болады. Біздің бұл пікірімізді оның өзі ғана қол қойып жариялаған келесі кинорецензиясы дәлелдей түседі. Ендеше, болашақ қарымды қаламгер Кемел Тоқаевтың 1948 жылы Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» газетінде жарияланған «Алыстағы қалыңдық» деп аталатын кинорецензиясын «Жас гвардиясымен» салыстыра отырып оқиық.

«АЛЫСТАҒЫ ҚАЛЫҢДЫҚ»

Пойыз зымырап келеді. Күн шұғыласына бөленген байтақ-кең дала, дөң-төбе, бау-бақшалар бірінен соң бірі көрініп, кейін қалып барады. Жұмсақ вагонның кішкене бөлмесінде майданнан қайтқан екі дос – түркмен жігіті Керім мен Дон жігіті Захар келе жатыр. Көп жыл түзде жүріп, ауылын әбден сағынған Керім сағатына қарап: «Захар, 25 минуттан кейін біз Түркменияда боламыз» деді. Бірақ, оның бұл сөзін Захар естіген жоқ, оның көзі ілініп кеткен еді. Ол түсінде майдандағы болған уақыйғаның бір қызықты, естен қалмас көрінісін көрді.

…Қыс. Орман іші. Советтік түркмениядан келген делегаттар майдандағы солдаттарға сыйлық әкеледі. Жас колхозшы қыз Гюзель Захарға ауыздығымен алысқан «қамыс құлақ, бөкен қабақ» арғымақты ұсынады. Бұл атты ауыл адамдары майданның ең батыр жігітіне бер деп Гюзельге тапсырған еді.

Міне, «Алыстағы қалыңдық» атты комедиялық көркем суретті фильм осылай басталады. Онда Захар мен Түркмен қызы Гюзельдің арасындағы өмірлік достық, өшпес махаббат осылай өріс алады.

Жеңіспен қайтқан достарды ауыл асыға күтеді. Захарды тынық Доннан бірнеше мың километр жердегі өзінің сүйген қызы Гюзель күтеді. Захар келісімен сағынып күткен Гюзельдің үйіне бірден барғанда болар еді. Бірақ, футбол туралы радиорепортажды құмартып тыңдап отырған телеграфист осы кезде Гюзельдің телеграммасын ұмытып, Захарға бермейді. Захар Гюзельдің телеграммасын асығып күткен еді. Телеграмманы көрмеген соң, Захар ойға қажып, тынық Донға қайтадан кетпекші болады.

Бірақ, досы Керімнің көңілін қимай, оның ауылына келді. Колхозды ауыл жеңіспен қайтқан жігіттерді зор қуанышпен қарсы алады. Бұлардың келген жолдарына кілем төсеп, жұпар иісті гүлге бөлейді. Захар өз үйіндегідей, зор қошеметке бөленеді. Керімнің әкесі колхоз председателі Алтыаға Захардың «алдамшы» Гюзельді ұмытуы үшін Жамалды оған қосуға әрекет жасайды. Ол өзінің баласы Керімнің Жамалды сүйетінін білмейді. Сөйтіп, оқиғаның желісі шиеленісіп дами түседі. Керім Жамалды ойлайды. Захар Гюзельді сағынады. Осы кезде Керім «Захар Жамалға ғашық, екеуі бір-бірін сүйеді» деген жалған ойға келеді. Ежелгі достығын бұзбау үшін Ашхабадқа кетеді. Гюзельдің шешесі, колхоз председателі Айбиби республикалық ат жарысында Керім күткен оның аты бірінші орынға ие болады деген үмітте болды. Бұл колхозға Алтыағаның өзі Керімді көмекке жіберген еді. Айбиби Керімді жібергені үшін Алтыағаға риза болады.

Иппадром алаңы. Халық ағылып келіп жатыр. Осы алаңда көптен бері көріспеген екі дос Керім мен Захар кездеседі. Захар Керімнің Жамалды сүйетінін білмейтін еді. Нақ осы арада Керім Жамалды сүйетінін айтады. Бұған қуанып Захар: –Жамал да сені сүйеді дейді. Бұларға бір-бірінің жұмбақ сырын түсініскен Гюзель мен Жамал да келеді. Екі шабандоз Керім мен Захар ат ауыстырып мінеді.

Жарыс басталды. Бұлардың ат ауыстырып мінгенін трибунада отырған Алтыаға мен Айбиби түсінбейді. Бұл жұмбақ, жарыс басталғаннан кейін, Захар мен Гюзельдің, Жамал мен Керімнің қосылып шаттық ән шырқауымен шешіледі. Міне, фильмнің қысқаша мазмұны осындай.

Фильмнің тақырыбы және негізгі арқауы – туысқандық, достық, махаббат, жолдастық. Достық, махаббат тек жалаң түрінде алынып қоймайды, совет адамдарының саяси-моральдық бірлігімен, туысқандық достығымен тығыз байланыстырылып отырады. Захардың түркмен қызы-кілемші Гюзельге деген махаббаты және әке-шешесі немістердің қолынан қаза тапқан Леня мен Ваняның түркмен баларымен бір үйдің адамындай болып, шаттық көңілмен өсуі көп ұлтты совет халқының туысқандық достығын, бірлігін сипаттады.

Фильмнің көрушіге әсерлі көркем болып шығуына және оның мазмұндылығына сценарийін жазушы, пастоновканы қоюшы және басты кейіпкердің бейнесін жасаған артистер зор еңбек сіңірген. Совет адамдарының достығын, махаббатын, бірлігін оның мәдени тұрмысын ешбір қосымшасыз шындық, таза күйінде көрсеткен.

Фильмнің сценарийін жазушы Е.Помещиков, Н.Рожков, В.Шкловский жолдастар советтік Түркмениядағы қуанышты күндердің бірін жақсы бере алған. Басты кейіпкерлердің образын жасаған артистер: Аман Құлмамедов (колхоз председателі Алтыаға) Алты Қарлиев (Керім), В.Нещипленко (Захар), А. Овезова (колхоз председателі Айбиби), С. Қылышова (Гюзель), М. Шафигулина (Жамал) жолдастар өз рөлдерін жақсы меңгеріп, фильмнің жақсы болып шығуына үлкен көмек көрсеткен. Әсіресе артист Алты Карлиев пен М. Шафигулина жолдастар өте шебер ойнап, совет жастарына тән кіршіксіз достықты, сүйіспеншілікті көңілге қонымды етіп тамаша көрсеткен.

Қорытып айтқанда, «Алыстағы қалыңдық» атты кинокартина совет адамдарын советтік патриотизмге, достыққа баулып, үйрететін, Отанымыздың көркейіп, гүлдене беруі үшін аянбай, қажырлылықпен еңбек етуге жұмылдыратын фильм. Қала халқы бұл фильмді зор ынтамен көруде.

К.Тоқаев».

«Сталиндік жол» газеті Кемел Тоқаевтың бұл кинорецензиясын 1948 жылы 18 август күнгі нөмірінде (№164 (2479) жариялапты. Газетке жауапты редактордың орынбасары Т. Оңғарбаев қол қойған. Біз әуестік жеңіп кино тарихы мен оқиғасын білу үшін оны тауып, көруге тырыстық. Соның нәтижесінде фильмнің режиссері Евгений Иванов-Барков екенін білдік. Жанры комедия, мелодрама, музыкалық фильм. Ашхабад киностудиясында 1948 жылы түсіріліп, премьерасы сол жылдың 2 тамызы күні Мәскеуде көрсетіліпті. Ал арада 16 күн өткенде фильм туралы Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» газетінде кинорецензия жарияланып отыр. Міне, қаламгер қарымдылығы дегенде осындай мысалмен мақтану керек шығар.

Жалпы, жауынгер, журналист Кемел Тоқаев «Сталиндік жол» газетіндегі қызметінде жүргенде күнделікті жарық көруге тиісті шаруашылық мақалаларынан бөлек дүниелерді жазуға да көбірек көңіл бөлгені көрініп тұр. Мысалы, оның «Алыстағы қалыңдық» деп аталатын мына кинорецензиясы соның дәлелі. Болашақ жазушы өзін көркем туындыға жетелейтін жолды сол кезде-ақ тапқан сияқты. Сонымен бірге, біз оны қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының ғана жампозы емес, қазақ кинорецензиясының да алғашқы қарлығашы деп айта алады екенбіз. Біз мысалға келтірген екі мақала Кемел қаламгердің қай жанрда болмасын емін-еркін құлаш сермейтінін анық байқатып тұр.

ТІЛШІ ПАРЫЗЫ

«Сталиндік жол» газетінен Кемел Тоқаевтың тағы бірнеше мақаласын таптық. Оның біреуі «Қазақ орта мектебінде орыс тілін оқытуға көңіл бөлінсін» деп аталады. Бұл, сірә, кеңес өкіметі одақтас республикаларға орыс тілін оқытып, үйретуді қатаң тапсырған саяси науқанның бір тұсы болса керек. Демек, «орыс тілін неғұрлым тез білсек, солғұрлым коммунизмге тезірек жетеміз» деген Хрущев саясаты Сталин кезеңінен-ақ басталғаны білініп тұр. Тілші мақаласын қаз-қалпында ұсынып отырмыз.

«Қазақ орта мектебінде орыс тілін оқытуға көңіл бөлінсін

Биылғы оқу жылында республикамыздың онжылдық 5 мектебінің 8-9-10 кластарында математика, физика және физкультура пәндерін орыс тілінде жүргізу тәжірибесі қолданылып отыр. Бұл мектептердің ішінде біздің Жамбыл қаласының Жамбыл атындағы онжылдық мектебі де бар.

Жамбыл атындағы онжылдық мектеп – республикамыздың қазақ мектептерінің ішіндегі көрнекті мектептердің бірі. Бұдан екі жыл бұрын мектептің 8-9-10 кластарында оқитын оқушылардың саны небәрі 144 бала болса, быйылғы жаңа оқу жылында бұл кластарда оқитын оқушылардың саны 256-ға жетіп отыр. Қазір екі-екіден 8-9-10 кластар бар. Бұл кластардағы кейбір пәндер, мәселен химия, физика, математика сабақтары орыс тілінде жүргізілуде.

Оқу жылы басталғанда бұл пәндерден сабақ беретін мұғалімдерді іріктеп алу жағынан ерекше көңіл бөлінді. Физика-математика сабағының оқытушысы Әджиева, химия сабағының оқытушысы Кузнецова жолдастар оқушылардың сабақты орыс тілінде жіте түсінуіне ерекше көңіл бөледі.

Алғашқы күндерде мектеп оқушылары біраз қиыншылықтарға кездесті. Оқушылардың көпшілігі орыс тілін жіте білмейтін еді. Олар жазу тақтасының алдында есеп шығарып, формулаларды жазды. Бірақ, бұл есептің қандай жолмен шығарылып отырғандығын ауызша көңілдегісін айтып бере алмайтын еді.

Оқытушы Әджиева, Кузнецова жолдастар оқушыларға өткен пәндерді терең түсінуіне көп күш жұмсады. Оқушылардың өз ойын орыс тілінде айтуға көмектесіп отырды. Жаңа сабақ бастарда өткен тақырыптарды сұрап, кемшіліктерін үнемі түзетіп отырды.

Оқу жылының басталғанына, міне 2,5 айға жуық уақыт өтті. Қазір оқушылардың басым көпшілігі өткен тақырыптарды орыс тілінде жақсы айтып бере алатын дәрежеге жетіп отыр.

Физика-математика сабақтарының орыс тілінде жүргізілуі оқушылардың жақсы білім алуына көмектесіп отыр.

Алайда, мектепте оқушылардың орыс тілін жақсы меңгеруіне барлық мүмкіншіліктер толық қолданылмай отыр. Жоғары кластарда орыс тілі сабағы нашар жүргізіліп келеді. Мәселен, оқытушы Хаустова, Камаев жолдастар оқушылардың орыс тілін жіте үйренуіне көңіл бөлмейді. Олардың дұрыс сөйлеп, жаттығуына зер салмайды.

Сол сияқты, мектепте (директоры Ибрагимов жолдас) орыс тілін жіте түсінуге көмектесетін әдебиет үйірмелері ұйымдастырылмаған.

Бұл сияқты кемшіліктерді түзетуге, орыс тілін оқытуға қалалық оқу бөлімі, мектеп директоры ерекше көңіл бөлуі керек.

К. Тоқаев».

Ол кездегі «ұ» әрпінің беліндегі көлденең сызықша әріптің үстінде тұрады екен. Біз бүгінде «сол сияқты» деп жазсақ, ол кезде «сол сыйяқты» деп жазыпты. Сол кезеңнің басқа да ерекшеліктері мақаладан анық көрініп тұр. Болашақ жазушы Кемел Тоқаевтың тілші ретіндегі еңбегін танытатын тағы бір мақаласы «Қордайда егін жыйнау, астық тапсыру қарқыны неге баяу?» деп аталады. Бүгінде майдангерлерден қалған әрбір жәдігер, әрбір сөз қастерлі. Сондықтан Кемел Тоқаевтың қаламгерлік жолының ең алғашқы бастауларынан сыр шертетін бұл мақаланы да оқырмандар назарына қаз-қалпында ұсынайық.

«Қордайда егін жыйнау, астық тапсыру қарқыны неге баяу?

Қордай ауданының еңбекшілері биыл егінді бітік өсірді. Колхозшылар бітік егінді дер кезінде шашпай-төкпей, ысырапсыз жыйнап алу үшін, мемлекетке астық тапсыру жоспарын мерзімінен бұрын орындап шығу үшін аянбай еңбек етті. Соның нәтижесінде ауданның бірқатар колхоздары мемлекет алдында бірінші парызы – астық тапсыру жоспарын мерзімінен бұрын орындап шықты. «Жаңатұрмыс» ауыл шаруашылық артелінің мүшелері (председателі Қожабергенов) мемлекетке жоспардан тыс көптеген астық өткізді.

Бірақ, ауданның көптеген колхоздарында егін жыйнау, мемлекетке астық тапсыру жұмыстарының қарқыны өте баяу болып отыр. Буденный атындағы ауыл шаруашылық артелі (председателі Береговой жолдас) мемлекетке астық тапсыру жоспарын небәрі 51 процент қана орындап отыр. Колхоз басшылары және ондағы партия ұйымы (секретары Красота жолдас) піскен егінді дер кезінде орып алып, тез бастыру, сөйтіп мемлекетке астық өткізу жоспарын мерзімінен бұрын орындап шығу жұмысына кәсіпшілікті әлі жұмылдыра алмай отыр. Соның салдарынан бірнеше ондаған гектардың егіні әлі күнге дейін орылған жоқ. Дән жел қағып ысырап болуда.

Сол сияқты «Талапты» (председателі Тәжиев жолдас) және Молотов атындағы (председателі Мейірманов жолдас) колхоздары да мемлекетке астық тапсыру жоспарын орындаған жоқ. Әсіресе, Талапты колхозында егін жыйнау, мемлекетке астық өткізу қарқыны өте баяу. Колхозда 59 коммунист бар. Бірақ, партия ұйымының секретары Бөлтіріков жолдас коммунистерді астық дайындау жұмысына жұмылдыра білмей отыр. Көптеген коммунистер шаруашылық жұмыстарына тікелей қатыспайды. Колхозда астық тапсыру жұмысына бар мүмкіншіліктер пайдаланылмайды. Соның салдарынан колхоз астық тапсыру жоспарын небәрі 80 процент қана орындады. Роза Люксембург атындағы колхозда да жағдай осындай.

Бұл колхоздарды егін ору, мемлекетке астық өткізу жұмыстарының нашар жүргізілуіне колхоз басшыларымен қатар, Үспенекі МТС-нің директоры Елисеев жолдас та жауапты.

МТС, колхоздарда егінді ору, бастырып беру жұмысын 25 күн ішінде аяқтауға міндеттенген еді. Бірақ, бұл алған міндеттемені бірде-бір колхозда орындамай отыр. Колхоздарда комбинаттардың көбі қарап тұрады, комбайынның жұмыс істегенінен қарап тұрғаны көп.

МТС-те еңбек тәртібі нашар. Комбайынды жөндеуге бөлінген адамдар жұмысын сапалы етіп өнімді істемейді. Соның салдарынан кейбір колхоздарда комбайындар 15-20 күн бойы жұмыс істемей бос қарап тұрған. Кейбір механиктер, мысалы, Нудга мен Елисеев дегендер комбайынды жөндемей, колхоздың астығын ұрлаған. Бұзылған комбайынды жөндеп іске қосуға МТС директоры Елисеев жолдас ешбір шара қолданбайды. Комбайындардың жөнді пайдаланылмауының салдарынан, көптеген колхоздарда піскен егін жыйналып алынбай ысырапқа ұшырауда. Молотов атындағы МТС 25 күнде орып бітіріп беруге міндеттеген болса екі айдың ішінде небәрі одан 400 гектар егін орған. Мұның себебін сұрағанымызда, Елисеев:

«МТС-тің күшін қазір егін жыйнаудан гөрі басқа жұмыстарға көбірек аударып жатырмыз, егін ору жұмысы өте баяу, біз жоспарымызды орындай алмаймыз, басқа жұмыстар МТС-ке пайдалырақ» деді.

Ауданның кейбір колхоздарын да бақылаудың жоқтығынан колхоз астығын ұрлаушыларға жол берілген. Мысалы, Сталин атындағы колхозда Лаахунов деген біреу колхоздың 15 центнер астарын ұрлап, оны 9,300 сомға сатқан. Осы колхоздағы партия ұйымының секретары Самақов жолдас Лаахуновтың қылмысты істерін біле тұрса да, оған дер кезінде шара қолданбаған және колхозшыларды егін жайлау, мемлекетке астық тапсыру сияқты аса маңызды істе жұмылдыра алмай отыр. Соның салдарынан колхоз мемлекетке астық тапсыру жоспарын небәрі 60 процент қана орындады.
Көптеген колхоздарда астық тапсыру қарқыны мүлде баяу. Панфилов атындағы ( председателі Пантузов, «Комос» (председателі Леведов жолдас) колхоздарында астық тапсыру жоспары небәрі 57 процент қана орындалып отыр. Сол сыяқты «Қаракемер» (председателі Тәжиев жолдас), «Күн батыс» (председателі Қошымбаев жолдас) колхоздарында және № 96 жылқы заводында (директоры Почитаилов жолдас) мемлекетке астық тапсыруға басшылық нашар. № 96 жылқы заводы астық тапсыру жоспарын небәрі 35 процент қана орындады.

Ауданның бірсыпыра колхоздарында егін ору, оны маялау, бастыру жұмысы жөнді ұйымдастырылмаған. «Комос» колхозында 250 гектар жердің егіні орылмаған. Орылған егіннің 20 проценті ғана маялаған. Сол сыяқты «Красный рысоров» колхозында орылған 131 гектар егіннің 21 гектары ғана маяланған. Сталин атындағы және «Путь к социализму» колхоздарында да жағдай осындай.

Ауданда бастырылған астықты жеткізу жұмысында көптеген олқылықтар бар. Ауданның машина-транспортты басқарушылары Дельнов, Анисимов жолдастар жүк машиналарын астық тасуға дайындамаған. 22 жүк машинаның небәрі 10-ы ғана жұмыс істейді. Көптеген машиналар бензиннің жоқтығынан және дұрыс жөнделмегендіктен жиі-жиі тоқтайды. № 96 жылқы заводының астық тиелген № 35-28 автомашинасы 10 сағат бойы далада бұзылып жүрмей тұрған.

Әрбір колхозда аудандық партия комитетінің басқа да басшы орындардың жіберген өкілдері бар. Бірақ, олардың кейбіреулері егін ору, мемлекетке астық тапсыру ісінде колхоз басшыларына, ондағы партия ұйымына нақты көмек көрсетпей жүр. Қарақоңыз ауыл советіндегі өкіл Інкәрбаев жолдас бірде-бір рет егін даласына, не қырман басына барып көрмеген, бақылау жүргізбеген.

Қордай аудандық партия комитеті мен аудандық совет атқару комитеті егінді ысырапсыз жыйнап алу, мемлекетке астық тапсыру жұмысын тез аяқтау жөнінде бірнеше рет құлаш-құлаш қаулылар алды. Бірақ, бұл қаулылардың орындалуын тексермейді, бақылау жүргізбейді. Олар Чапаев, Буденный атындағы колхоздарда егін жыйнаудың жайы туралы мәселе қарап қаулы алды. Бірақ, бұл колхоздарда егін ору, мемлекетке астық тапсыру жұмысының қарқыны көтерілген жоқ. Мұның бәрі де аудан басшыларының егін жыйнау, әсіресе астық дайындау ісіне тыңғылықты басшылық етпей отырғанын ыспаттайды.

К. Тоқаев».

Міне, сонау қырқыншы жылдардағы сарғайған газет тігінділерін парақтап отырып тапқан дерегімізге келтірген дәйегіміз осы. Мұны біз – орденді жауынгер, қаламы қарымды жазушы Кемел Тоқаев өмірбаянының айтылмай қалған тұсындағы олқылықты толықтыруға әбден лайық жаңалық деп білеміз. Қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының болашақ шеберінің Жамбыл өңіріндегі тілшілік өмірін босқа өткізбегеніне, керісінше жазушылық кәсіптің әліппесін үйрену үшін ерінбей-жалықай ел ішін аралап, қалам қарымын қай жанр болмасын сынап көргеніне куә болдық.

Қаламгер боламын деген бүгінгі ұрпақ үйренер үлгі де осы.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Ақ жол. – 2015. – 17 ақпан(№20). – 5 б.

Жауынгер, жазушы Кемел Тоқаев

Жауынгер, жазушы Кемел Тоқаев

Жазуға кіріспес бұрын Кемел аға Тоқаевтың өмірбаянына үңілдім. Талдықорған облысының Қаратал ауданына қарасты Кәлпе ауылында 1923 жылы 2 қазанда дүниеге келген жампоз екінші дүниежүзілік соғыстың жауынгері атанып та үлгеріпті. Соғыс 1941 жылы басталды десек, жиырмаға толар-толмас шағында кейіпкеріміздің №226-шы атқыштар дивизиясы сапында, одан кейін 7-ші гвардиялық танк полкінің құрамында Сталинград, Белоруссия, Украина майдандарына қатысқанын білеміз. Қатысып қана қоймаған, ерлікпен соғысқан. Сөйтіп Ұлы Отан соғысының I және II дәрежелі ордендерімен және «Ерлігі үшін» медалімен екі дүркін марапатталған. Соғыстан оралған жауынгер білім майданында да бақ сынап, Алматыдағы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін 1948 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Біз танысқан өмірбаянда болашақ қаламгердің жоғары оқу орнынан кейінгі қызметі «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері», «Социалистік Қазақстан» газеттерінің редакцияларында өтті деп жазылған. Ал 1966-1977 жылдар аралығында «Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі ведомостары» деп аталатын ресми басылымының бас редакторлығы қызметін атқарып, одан кейінгі ғұмырында Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі болды делінген. Бірақ қаламгердің өмірбаяндарын жалықпай жинай отырып, оның 1948 жылы Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» газетінде де тілші боп еңбек еткені туралы деректі таптым. Іздегенім де осы болатын. Өйткені соғыс жылдары Жамбыл қаласының тұрғындарын дүрліктіріп, үрейін ұшырған «Қара мысық» жайлы хикаяны бозбала кезімде басқа емес, тура осы Кемел аға Тоқаевтың кітабынан қызыға оқыған болатынмын.

«ҚАРА МЫСЫҚ» ОҚИҒАСЫ
Ұмытпасам жинақтың аты «Тасқын» болатын. Кемел ағаны «шым-шытырық оқиғалы шығармалардың шебері» деген атақ пен даңқа бөлеген хикаятының бірі де, міне, осы «Қара мысық», яғни «Көшкен үйдің қонысы қайда?» деп аталатын көркем дүниесі еді.
Болашақ шығармасына жағрапиялық тұрғыдан алтын арқау болған хикаятының өмірге келуіне жазушының Жамбыл қаласында басталған ең алғашқы еңбек жолының да әсер етуі мүмкін. Хикаятында қала атын шартты түрде Н. қаласы деп жазудың орнына «Жамбыл қаласы» деп көрсетуі – қаламгердің осы өңірде өткен жыл, жыл жарым уақытын қатты бағалайтынын да білдірсе керек. Шығарма басындағы «Соғыс лебі алыстағы бұл тыныш қалаға да жеткен тәрізді. Көшеде жүрушілер сирек, еркек аз…» немесе «Күн жексенбі еді. Тұрғын халық жексенбіні «саудагерлер күні», «базарлы күн» деп атайды. Алыпсатарлар Ташкенттен тасыған жемістерін жаймаға салып, көкбазарды бір қыздырып кететіні бар» деген сөйлемдерді оқып отырып «Бұл қай қала болды екен?» деп ойлаған оқырман көп кешікпей «Жамбыл қаласына келгелі бері айдан асса да, Евдокия Кириловна осындай жабырқау мінезінен танбады», «Сергиенко өзінің телеграммасында қызы мен әйелінің 42-жылдың он екінші январь күні Жамбыл станциясына жеткеніне сендірген», «Атшабар базарының маңында және қаланың оңтүстік-шығыс бетінде жолдан шеткері жатқан үйлер бар» деп келетін сөйлемге кез болады. Дәлірек айтсақ, сол тұстағы ел аузындағы қорқынышты әңгімеге айналып, ағайынды жазушылар Аркадий және Георгий Александрович Вайнерлердің «Қайырымдылық дәуірі» («Эра милосердия») хикаяты мен кинорежиссер, актер Станислав Говорухиннің әйгілі «Кездесу орнын өзгертуге болмайды» («Место встречи изменить нельзя») деп аталатын көп сериялы шытырман оқиғалы фильмінің сюжеттеріне арқау болған «Қара мысық» оқиғасының Мәскеуде ғана емес, бір кездегі Жамбыл қаласында да болғанын біліп, таңдана түседі. Жазушы хикаятының кей тұстарында «Ежелеп, көз талдыра отырып, оқығандағы ұққаны – бір полковник Әулиеатаға қоныс аударған семьясының тағдырын біліп беруді сұрайды екен» деп, қаланың ежелгі тарихи атауын да еске сап қояды. Шығармада Жамбыл өңірінің жағрапиялық көрінісі оқиға өрісі ұзарған сайын кеңінен суреттеле береді. Мысалы, «– Сейілбек, мен бұлай ойламаған едім. Ең алдымен оның Шолақтауға барғанына таңданам. Әрине, ол бір мақсатты көздеген» деген диалог пен «Саудагер Абуллаходжаевтың Шу станциясындағы жылпос әрекетін Жанғабылов кейін білді» деген сөйлем соның айғағы. Диалогта аталған Шолақтауыңыз қазіргі Қаратау қаласы.
Шым-шытырықоқиғаларғатолышығармаларынқызығаоқиотырыпқаламгерКемелТоқаевтықазақәдебиетініңклассигіСәкенСейфуллиннің «БандынықуғанХамитынан» кейінгішытырманоқиғалыәңгіме, хикаяттардыңшеберіекенінмойындайсың. Оның кеңес чекистерінің өмірі мен қызметіне арналған көптеген шығармалары Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақ КСР Ішкі істер министрлігі жариялаған әдеби бәйгелерде бірінші бәйге алып, төрт мәрте лауреат атанғанына қызығасың. Хикаяттармен бірге «Қызыл комиссар», «Қылмыскер кім?» және «Сиқырлы сырлар» атты пьесалар жазған еңбекқорлығына да тәнті боласың. 1954 жылы Алматыдағы ҚМКӘБ баспасынан шыққан «Жұлдызды жорық» әңгімелер жинағынан бастап «Болашақ туралы ойлар», «Түнде атылған оқ», «Тасқын», «Арнаулы тапсырма», «Сарғабанда болған оқиға», «Таңбалы алтын», «Соңғы соққы», «Солдат соғысқа кетті», «Ұясынан безген құс» атты кітаптары қазақ және орыс тілдерінде миллиондаған таралыммен жарық көргеніне сүйсінесің. Еңбегі еш болмай көзі тірісінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі мен КСРО Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталғанына тәубе дейсің.
КИНОРЕЦЕНЗИЯШЫ КЕМЕЛ ТОҚАЕВ
Енді архив материалдарына жүгінейік. Өткен ғасырдың 40-шы жылдары сталиндік жеке басқа табынушылық саясатының салдарынан Жамбыл облыстық бүгінгі «Ақ жол» газеті «Сталиндік жол» деп аталған. Соғыстан дін аман оралып, жоғары оқу орнын тәмамдап, шығармашылық еңбек жолын жаңа бастаған журналист Кемел Тоқаевтың «Жас гвардия» деп аталатын кинорецензиясы біз айтып отырған газеттің 1948 жылғы 24 октябрьдегі нөміріне (№213 (2524) жарияланыпты. Жазушы мұрасын іздеген мыңболғырлар үшін аса құнды дерек екенін ескере отырып, мақаланы қаз-қалпында жариялауға тырыстық.
«ЖАС ГВАРДИЯ»
1942 жыл. Краснодон. Шахтерлердің шағын поселкесі. Жаздың шуақты күні. Әр жерде қалқыған ақша бұлттар көрінеді. Поселкені баса өткен сым тартқан ұзын бағаналардың бойымен ақ көйлек киген екі қыз жүгіріп келеді. Екі қыздың қатарласа жүгіруі – қанатын жаңа жайып, ұшу сапарына шыққан аққу тәрізді. Олар арық жағасындағы гүл теріп жүрген жолдастарына келеді. Ульяна бастаған бір топ 10-кластың қыздары дала еркесі – өзен бойында гүлдер теріп, арық жағасына барып отырады. Олардың әңгімесі өзінің сүйікті мектебі туралы.
Неміссамолеттерімоторыныңдаусыәлсін-әлсінестіледі. Бұл алдағы сұрапыл күндердің болатындығын көрсеткендей. Осы кезде шаң-түтіні араласып, аспанға атылған бір заттың қопарылған дыбысы естілді. Гүл теріп жүрген қыздар қайта жүгіріп келгенде ең алдымен бұзылған шахтаны және тылға көшуге асығып, астан-кестең болып жатқан адамдарды көреді.
Міне, Александр Фадеевтің романы бойынша түсірілген «Жас гвардия» кино-романы осылай басталды. Кино-роман Краснодонның шахтерлар поселкесіндегі комсомолдың подпольялық ұйымына қатысушы «Жасгвардеецтердің» немістерге қарсы жұмысын көрсетеді, табандылықпен жүргізген күрес жолдарын баяндайды.
Отан соғысындағы жас совет патриоттары ерліктің, батырлықтың тамаша үлгілерін көрсетті, мәңгі өшпес даңққа бөленді. Александр Матросов, Зоя Космодемьянская, Лиза Чайкина, Әлия Молдағұлова, Мәншүк (Мәнсия) Мамедованың есімдері әрбір совет адамына белгілі, жақын. Сол сияқты артына мәңгі өшпес із қалдырған Краснодонның «Жасгвардеецтері» Олег Кошевой, Ульяна Громова, Люба Шевцова, Сергей Тюленин, Иван Земнюховтың ерлік істеріне совет халқы ерекше сүйсініп, оларды мәңгі есінде сақтайды.
Ленин-Сталин партиясы тәрбиелеп өсірген жас совет патриоттарының Отан соғысындағы өжеттік, батырлық, тапқырлық істерін және олардың рухани күшінің жоғарылығын көрсетуге бағытталған талай өлеңдер, дастандар, әңгімелер, повестер жазылды. Соның ішіндегі ең көрнектілерінің бірі – Краснодонның «Жасгвардеецтері» туралы жазылған Фадеевтің «Жас гвардия» атты романы болды. Фадеев өзінің романында комсомолдың подпольялық ұйымына қатысушы жастардың ерлік істерінің, олардың Советтік Отанына шексіз берілген образын шебер көрсете білді.
Бірақ, Фадеевтің романы кемшіліктен де құр емес еді. Романға жазылған сында Қызыл Армияның қаһармандық ерлік істерінің үстірт көрсетілгендігі және немістердің зұлымдығын, бейбіт халықты азапқа салған зорлығын көрсетудің орнына олардың хайуандық істерін суреттеуге көбірек орын берілгендігі, әсіресе, комсомолдың подпольялық ұйымына большевиктік партияның басшылық рөлі көрсетілмегендігі айтылған еді. Кино-романның сценарийін жазушы Сергей Грасимов бұл кемшіліктерді қайталамайды, ол романның оқиға желісін сақтай отырып, немістердің бейбіт халыққа істеген зорлығын және Отан соғысындағы большевиктер партиясының басшылық рөлін айқын көрсетеді. Мұны экраннан айқын көруге болады.
ОблыстықпартиякомитетініңсекретарыПроценкожауқалағакелгенде, ендігіжұмыссаласынсоғысталабынасайжүргізукерекекендігін, сондықтанхалықтыңпатриоттыққозғалысынұйымдастырукерекекендігінөзініңсеріктерінеайтады, алдағыхалықтыққозғалыстыңжоспарынжасайды, подпольядақалатынадамдарғанұсқауларбереді, жергіліктіхалықтыңпартизандыққозғалысқажаппайқатысуынкөздейді. Осы кезде комсомол мүшесі Люба Шевцова Проценкоға келіп, өзін подпольялық ұйымда қалдыруын өтінеді. Проценко Любаға жұмыстың ауыр жағдайда жүргізілетіндігін, сондықтан қиыншылықта төзімділік, қысылшаң жағдайда – ұстамдылық, арбасуда – тапқырлық, шайқасуда – батырлық керек екендігін түсіндіреді. Люба Проценконың аталық қамқорлық кеңесіне риза болады.
Проценкоөзініңкөмекшілеріарқылыкомсомолдыңподпольялықұйымынаүнемібасшылықетіпотырады. Валько (артист Бондарчук) Люба Шевцоваға шахтерлардың поселкесінде комсомолдардың подпольялық ұйымын құру туралы партия ұйымының нұсқауын тапсырады, подпольялық жұмысқа басшылық етуді Горький мектебінің оқушысы Олег Кошевойға тапсырғанын айтады. Сөйтіп фильмнің алғашқы көрінісінің өзі-ақ большевиктер партиясының халықты тылға көшіруді ұйымдастыруға, партизандар ұйымына, комсомолдың подпольялық ұйымына үнемі басшылық етіп отырғандығын айқын көрсетеді.
Немісбасқыншыларыпоселкегебасыпкіргенкүні-ақкомсомол-жастароларғақарсыаянбайкүресукерекекендігінжақсытүсінеді. Неміс басқыншыларының поселкеге кірген күннің кешінде Сергей Тюленин өзінің бойына біткен өжеттік батылдығымен немістердің штабы орналасқан үйді өртейді. Сергей Тюлениннің ерлік ісі ертеңіне барлық достарына аян болады. Достары Сергейдің бұл өжеттік ісіне ортақ екенін білдіріп қуанса да, бірақ оған таңданбайды. Өйткені, олардың әрқайсысы неміс басқыншыларымен тек осылай күресу керек деп біледі. Мұнан кейін фильм – «Жасгвардеец» атанған комсомолдың подпольялық ұйымының жұмысын толық көрсетеді. Люба Проценконың нұсқауын жеткізгеннен кейін «Жасгвардеецтер» немістерге қарсы күресінің жоспарын белгілейді. Ең алдымен подпольялық ұйым штабындағы адамдарды іріктеп алу керектігі туралы Проценконың тікелей нұсқауын орындайды. Сенімсіздік білдірген Стаховичті (кейіннен «Жасгвардеецтердің» подпольялық ұйымының немістерге әйгілі болуы Стаховичтің сатылғандығынан болды) подпольялық ұйымының штабынан шығарады. Сөйтіп, штаб-тұтқындары босатуды, неміс складтарын, қоймаларын өртеуді өзінің керекті міндеті етіп алға қояды.
Ленин-СталинпартиясытәрбиелепөсіргенсоветжастарыныңсоциалистікОтанғажан-тәніменберілгендігін, жауғадегенөшпенділігін, опасыздарғамейірімсіздігін, руханикүшініңжоғарыекенінСергейТюленинніңазғынИгнатФоминдіөлтірукеректігітуралыайтқанмынасөзінендеайқынкөругеболады:
– «Мен оны өлтіруді ұсынамын. Және штабтың бұл істі маған тапсыруын өтінемін, неге десең, мен оны бәрібір өлтіремін…» – дейді.
Жасгвардия» кино-романысоветжастарыныңерлікістерінкөрсетіпқанақоймайды. Сонымен бірге неміс басқыншыларына қарсы күрестегі бүкіл совет халқының батырлық істерін сипаттайды. Күреске аттанған халықтың жүрегі – Москва, Сталин болады. Олар Октябрь революциясының 25 жылдық мерекесі күні сөйлеген көсеміміз Сталиннің данышпандық сөзін естіп зор қуанышқа бөленеді. Көсем сөзі подполья ұйымында жастарды, партизандық қозғалысқа қатысушы совет адамдарын күреске бұрынғыдан да гөрі жігерлендіре түседі.
Кино-роман «Жасгвардеецтердің» подпольядағыжұмысын, ерліккүресінбүкілхалықтыққозғалыспенұштастырыпотырады; олардынемісбасқыншыларынақарсысоғыстағысоветхалқыныңжауынгеротрядыныңбірбөлігіетіпкөрсетеді. Фильм партизандық қозғалыстың өрлеуін, «Жасгвардеецтердің» өжеттік қимылын көрсетумен қатар, неміс басқыншыларының бейбіт халыққа көрсеткен азабын, жазықсыз адамдарды өлтірген жауыздық істерін аз ғана көріністермен көңілге қонымды етіп береді.
Сол сияқты фильм мінез жағынан бір-біріне ұқсамайтын жастардың Отан бостандығы жолында ұйымшылдықпен бір кісідей жұмыс істегенін айқын көрсетеді. Мәселен, Олег – ұстамды, Уля – сөзге сараң, іске бейім, Люба – бір сырлы, сегіз қырлы, Сергей – өжет, Иван – ойшыл, Жора – қызуқанды болып көрсетіледі. Мұндай мінез жағынан алуан түрлі албырт жас жүректің бір тұтас болып бірігуі -өз Отанын шексіз сүйетіндігінің нәтижесі болып көрінеді.
«Жасгвардия» кино-романыныңжемістіболыпшығуынаоғанқатысқанжасартистердіңайтарлықтайеңбексіңіргендігін, әсіресепостановкасынқоюшыГрасимовтың «Жасгвардеецтердің» образынжасаудағызоржемістіқызметінерекшеатапөтугеболады. Герасимовтың бұл еңбегі Фадеев романының көшірмесі емес. Ол өз алдында, большевиктер партиясының басшылық рөлін айқын көрсетіп, «Жасгвардеецтердің» подпольялық жұмысын бүкілхалықтық партизандық қозғалысымен өте орынды ұштастырған.
«Жас гвардия» кино-романы комсомолдың 30 жасқа толу мерекесі алдындағы зор табыс және тамаша тарту болып табылады.
К. Тоқаев,
М. Орманбеков».
ГазеттіңосынөмірінежауаптыредакторретіндеҒайсаСармурзинқолқойыпты. Еліміздегі қазақ баспасөзі үшін қадірлі журналист, жазушы Ғайса Сармурзин 1943-1959 жылдары Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» газетінің редакторы болған. Өмірден 83 жасында өткен Ғайсекең ол кезде 44 жаста екен. Өмірдің тар жол, тайғақ кешуінен өткен тағдырлы қаламгердің «Өнеге», «Мейірім», «Өмір сабақтары» атты кітаптары жарық көргені белгілі. Ол қазақ өнерінің тарихы үшін де елеулі еңбек сіңірген. Мысалы, Ғ. Сармурзиннің орындауында Абайдың «Торы жорға», «Май түні» күйлерін 1984 жылы өнер зерттеуші У. Бекенов жазып алып, нотаға түсірген. 1985 жылы «Мәдениет және тұрмыс» журналының 8-нөміріне Ғ. Сармурзиннің «Абайдың күйі» атты мақаласы жарияланған. Міне, осы ардақты қаламгер соғыс сойқанын өз көзімен көріп, оқ пен оттың ортасынан аман-есен оралған 25 жастағы тілші Кемел Тоқаевтың «Жас гвардия» фильмі туралы сол кездегі кеңестік идеологияның саяси көзқарасы тұрғысынан жазылған кинорецензиясына қол қойып, оның болашақ шығармашылығына ақ жол тілепті.
Біз Кемел Тоқаевтың жазу мәнерін, сөз қолдану тәсілін осы газетте жарық көрген басқа жазбаларымен салыстыра отырып оқыған кезімізде кинорецензия астындағы қосалқы автор ретінде көрсетілген «М. Орманбеков» деген автордың шығармаға еш қатысы жоқ екенін байқадық. Оның үстіне газетте көп жыл қызмет істегендерге қосалқы авторлар «құпиясы» жақсы таныс. Өйткені журналистер ортасында мақаласына әріптесінің аты-жөнін қосу дәстүрі бар. Негізгі автордың аты-жөні бірінші тұратыны да белгілі. Мұнда да редакцияның сол ішкі дәстүрі сақталған сияқты. Сондықтан, бұл кинорецензияны Кемел Тоқаевтың қолымен жазылған шығарма деп санауға әбден болады. Біздің бұл пікірімізді оның өзі ғана қол қойып жариялаған келесі кинорецензиясы дәлелдей түседі. Ендеше, болашақ қарымды қаламгер Кемел Тоқаевтың 1948 жылы Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» газетінде жарияланған «Алыстағы қалыңдық» деп аталатын кинорецензиясын «Жас гвардиясымен» салыстыра отырып оқиық.
«АЛЫСТАҒЫ ҚАЛЫҢДЫҚ»
Пойыз зымырап келеді. Күн шұғыласына бөленген байтақ-кең дала, дөң-төбе, бау-бақшалар бірінен соң бірі көрініп, кейін қалып барады. Жұмсақ вагонның кішкене бөлмесінде майданнан қайтқан екі дос – түркмен жігіті Керім мен Дон жігіті Захар келе жатыр. Көп жыл түзде жүріп, ауылын әбден сағынған Керім сағатына қарап: «Захар, 25 минуттан кейін біз Түркменияда боламыз» деді. Бірақ, оның бұл сөзін Захар естіген жоқ, оның көзі ілініп кеткен еді. Ол түсінде майдандағы болған уақыйғаның бір қызықты, естен қалмас көрінісін көрді.
…Қыс. Орман іші. Советтік түркмениядан келген делегаттар майдандағы солдаттарға сыйлық әкеледі. Жас колхозшы қыз Гюзель Захарға ауыздығымен алысқан «қамыс құлақ, бөкен қабақ» арғымақты ұсынады. Бұл атты ауыл адамдары майданның ең батыр жігітіне бер деп Гюзельге тапсырған еді.
Міне, «Алыстағы қалыңдық» атты комедиялық көркем суретті фильм осылай басталады. Онда Захар мен Түркмен қызы Гюзельдің арасындағы өмірлік достық, өшпес махаббат осылай өріс алады.
Жеңіспен қайтқан достарды ауыл асыға күтеді. Захарды тынық Доннан бірнеше мың километр жердегі өзінің сүйген қызы Гюзель күтеді. Захар келісімен сағынып күткен Гюзельдің үйіне бірден барғанда болар еді. Бірақ, футбол туралы радиорепортажды құмартып тыңдап отырған телеграфист осы кезде Гюзельдің телеграммасын ұмытып, Захарға бермейді. Захар Гюзельдің телеграммасын асығып күткен еді. Телеграмманы көрмеген соң, Захар ойға қажып, тынық Донға қайтадан кетпекші болады.
Бірақ, досы Керімнің көңілін қимай, оның ауылына келді. Колхозды ауыл жеңіспен қайтқан жігіттерді зор қуанышпен қарсы алады. Бұлардың келген жолдарына кілем төсеп, жұпар иісті гүлге бөлейді. Захар өз үйіндегідей, зор қошеметке бөленеді. Керімнің әкесі колхоз председателі Алтыаға Захардың «алдамшы» Гюзельді ұмытуы үшін Жамалды оған қосуға әрекет жасайды. Ол өзінің баласы Керімнің Жамалды сүйетінін білмейді. Сөйтіп, оқиғаның желісі шиеленісіп дами түседі. Керім Жамалды ойлайды. Захар Гюзельді сағынады. Осы кезде Керім «Захар Жамалға ғашық, екеуі бір-бірін сүйеді» деген жалған ойға келеді. Ежелгі достығын бұзбау үшін Ашхабадқа кетеді. Гюзельдің шешесі, колхоз председателі Айбиби республикалық ат жарысында Керім күткен оның аты бірінші орынға ие болады деген үмітте болды. Бұл колхозға Алтыағаның өзі Керімді көмекке жіберген еді. Айбиби Керімді жібергені үшін Алтыағаға риза болады.
Иппадром алаңы. Халық ағылып келіп жатыр. Осы алаңда көптен бері көріспеген екі дос Керім мен Захар кездеседі. Захар Керімнің Жамалды сүйетінін білмейтін еді. Нақ осы арада Керім Жамалды сүйетінін айтады. Бұған қуанып Захар: –Жамал да сені сүйеді дейді. Бұларға бір-бірінің жұмбақ сырын түсініскен Гюзель мен Жамал да келеді. Екі шабандоз Керім мен Захар ат ауыстырып мінеді.
Жарыс басталды. Бұлардың ат ауыстырып мінгенін трибунада отырған Алтыаға мен Айбиби түсінбейді. Бұл жұмбақ, жарыс басталғаннан кейін, Захар мен Гюзельдің, Жамал мен Керімнің қосылып шаттық ән шырқауымен шешіледі. Міне, фильмнің қысқаша мазмұны осындай.
Фильмнің тақырыбы және негізгі арқауы – туысқандық, достық, махаббат, жолдастық. Достық, махаббат тек жалаң түрінде алынып қоймайды, совет адамдарының саяси-моральдық бірлігімен, туысқандық достығымен тығыз байланыстырылып отырады. Захардың түркмен қызы-кілемші Гюзельге деген махаббаты және әке-шешесі немістердің қолынан қаза тапқан Леня мен Ваняның түркмен баларымен бір үйдің адамындай болып, шаттық көңілмен өсуі көп ұлтты совет халқының туысқандық достығын, бірлігін сипаттады.
Фильмнің көрушіге әсерлі көркем болып шығуына және оның мазмұндылығына сценарийін жазушы, пастоновканы қоюшы және басты кейіпкердің бейнесін жасаған артистер зор еңбек сіңірген. Совет адамдарының достығын, махаббатын, бірлігін оның мәдени тұрмысын ешбір қосымшасыз шындық, таза күйінде көрсеткен.
Фильмнің сценарийін жазушы Е.Помещиков, Н.Рожков, В.Шкловский жолдастар советтік Түркмениядағы қуанышты күндердің бірін жақсы бере алған. Басты кейіпкерлердің образын жасаған артистер: Аман Құлмамедов (колхоз председателі Алтыаға) Алты Қарлиев (Керім), В.Нещипленко (Захар), А. Овезова (колхоз председателі Айбиби), С. Қылышова (Гюзель), М. Шафигулина (Жамал) жолдастар өз рөлдерін жақсы меңгеріп, фильмнің жақсы болып шығуына үлкен көмек көрсеткен. Әсіресе артист Алты Карлиев пен М. Шафигулина жолдастар өте шебер ойнап, совет жастарына тән кіршіксіз достықты, сүйіспеншілікті көңілге қонымды етіп тамаша көрсеткен.
Қорытып айтқанда, «Алыстағы қалыңдық» атты кинокартина совет адамдарын советтік патриотизмге, достыққа баулып, үйрететін, Отанымыздың көркейіп, гүлдене беруі үшін аянбай, қажырлылықпен еңбек етуге жұмылдыратын фильм. Қала халқы бұл фильмді зор ынтамен көруде.
К.Тоқаев».
«Сталиндік жол» газеті Кемел Тоқаевтың бұл кинорецензиясын 1948 жылы 18 август күнгі нөмірінде (№164 (2479) жариялапты. Газетке жауапты редактордың орынбасары Т. Оңғарбаев қол қойған. Біз әуестік жеңіп кино тарихы мен оқиғасын білу үшін оны тауып, көруге тырыстық. Соның нәтижесінде фильмнің режиссері Евгений Иванов-Барков екенін білдік. Жанры комедия, мелодрама, музыкалық фильм. Ашхабад киностудиясында 1948 жылы түсіріліп, премьерасы сол жылдың 2 тамызы күні Мәскеуде көрсетіліпті. Ал арада 16 күн өткенде фильм туралы Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» газетінде кинорецензия жарияланып отыр. Міне, қаламгер қарымдылығы дегенде осындай мысалмен мақтану керек шығар.
Жалпы, жауынгер, журналист Кемел Тоқаев «Сталиндік жол» газетіндегі қызметінде жүргенде күнделікті жарық көруге тиісті шаруашылық мақалаларынан бөлек дүниелерді жазуға да көбірек көңіл бөлгені көрініп тұр. Мысалы, оның «Алыстағы қалыңдық» деп аталатын мына кинорецензиясы соның дәлелі. Болашақ жазушы өзін көркем туындыға жетелейтін жолды сол кезде-ақ тапқан сияқты. Сонымен бірге, біз оны қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының ғана жампозы емес, қазақ кинорецензиясының да алғашқы қарлығашы деп айта алады екенбіз. Біз мысалға келтірген екі мақала Кемел қаламгердің қай жанрда болмасын емін-еркін құлаш сермейтінін анық байқатып тұр.
ТІЛШІ ПАРЫЗЫ
«Сталиндік жол» газетінен Кемел Тоқаевтың тағы бірнеше мақаласын таптық. Оның біреуі «Қазақ орта мектебінде орыс тілін оқытуға көңіл бөлінсін» деп аталады. Бұл, сірә, кеңес өкіметі одақтас республикаларға орыс тілін оқытып, үйретуді қатаң тапсырған саяси науқанның бір тұсы болса керек. Демек, «орыс тілін неғұрлым тез білсек, солғұрлым коммунизмге тезірек жетеміз» деген Хрущев саясаты Сталин кезеңінен-ақ басталғаны білініп тұр. Тілші мақаласын қаз-қалпында ұсынып отырмыз.
«Қазақ орта мектебінде орыс тіліноқытуға көңіл бөлінсін
Биылғы оқу жылында республикамыздың онжылдық 5 мектебінің 8-9-10 кластарында математика, физика және физкультура пәндерін орыс тілінде жүргізу тәжірибесі қолданылып отыр. Бұл мектептердің ішінде біздің Жамбыл қаласының Жамбыл атындағы онжылдық мектебі де бар.
Жамбыл атындағы онжылдық мектеп – республикамыздың қазақ мектептерінің ішіндегі көрнекті мектептердің бірі. Бұдан екі жыл бұрын мектептің 8-9-10 кластарында оқитын оқушылардың саны небәрі 144 бала болса, быйылғы жаңа оқу жылында бұл кластарда оқитын оқушылардың саны 256-ға жетіп отыр. Қазір екі-екіден 8-9-10 кластар бар. Бұл кластардағы кейбір пәндер, мәселен химия, физика, математика сабақтары орыс тілінде жүргізілуде.
Оқу жылы басталғанда бұл пәндерден сабақ беретін мұғалімдерді іріктеп алу жағынан ерекше көңіл бөлінді. Физика-математика сабағының оқытушысы Әджиева, химия сабағының оқытушысы Кузнецова жолдастар оқушылардың сабақты орыс тілінде жіте түсінуіне ерекше көңіл бөледі.
Алғашқы күндерде мектеп оқушылары біраз қиыншылықтарға кездесті. Оқушылардың көпшілігі орыс тілін жіте білмейтін еді. Олар жазу тақтасының алдында есеп шығарып, формулаларды жазды. Бірақ, бұл есептің қандай жолмен шығарылып отырғандығын ауызша көңілдегісін айтып бере алмайтын еді.
Оқытушы Әджиева, Кузнецова жолдастар оқушыларға өткен пәндерді терең түсінуіне көп күш жұмсады. Оқушылардың өз ойын орыс тілінде айтуға көмектесіп отырды. Жаңа сабақ бастарда өткен тақырыптарды сұрап, кемшіліктерін үнемі түзетіп отырды.
Оқу жылының басталғанына, міне 2,5 айға жуық уақыт өтті. Қазір оқушылардың басым көпшілігі өткен тақырыптарды орыс тілінде жақсы айтып бере алатын дәрежеге жетіп отыр.
Физика-математика сабақтарының орыс тілінде жүргізілуі оқушылардың жақсы білім алуына көмектесіп отыр.
Алайда, мектепте оқушылардың орыс тілін жақсы меңгеруіне барлық мүмкіншіліктер толық қолданылмай отыр. Жоғары кластарда орыс тілі сабағы нашар жүргізіліп келеді. Мәселен, оқытушы Хаустова, Камаев жолдастар оқушылардың орыс тілін жіте үйренуіне көңіл бөлмейді. Олардың дұрыс сөйлеп, жаттығуына зер салмайды.
Сол сияқты, мектепте (директоры Ибрагимов жолдас) орыс тілін жіте түсінуге көмектесетін әдебиет үйірмелері ұйымдастырылмаған.
Бұл сияқты кемшіліктерді түзетуге, орыс тілін оқытуға қалалық оқу бөлімі, мектеп директоры ерекше көңіл бөлуі керек.
К. Тоқаев».
Ол кездегі «ұ» әрпінің беліндегі көлденең сызықша әріптің үстінде тұрады екен. Біз бүгінде «сол сияқты» деп жазсақ, ол кезде «сол сыйяқты» деп жазыпты. Сол кезеңнің басқа да ерекшеліктері мақаладан анық көрініп тұр. Болашақ жазушы Кемел Тоқаевтың тілші ретіндегі еңбегін танытатын тағы бір мақаласы «Қордайда егін жыйнау, астық тапсыру қарқыны неге баяу?» деп аталады. Бүгінде майдангерлерден қалған әрбір жәдігер, әрбір сөз қастерлі. Сондықтан Кемел Тоқаевтың қаламгерлік жолының ең алғашқы бастауларынан сыр шертетін бұл мақаланы да оқырмандар назарына қаз-қалпында ұсынайық.
«Қордайда егін жыйнау, астық тапсыру қарқыны неге баяу?
Қордай ауданының еңбекшілері биыл егінді бітік өсірді. Колхозшылар бітік егінді дер кезінде шашпай-төкпей, ысырапсыз жыйнап алу үшін, мемлекетке астық тапсыру жоспарын мерзімінен бұрын орындап шығу үшін аянбай еңбек етті. Соның нәтижесінде ауданның бірқатар колхоздары мемлекет алдында бірінші парызы – астық тапсыру жоспарын мерзімінен бұрын орындап шықты. «Жаңатұрмыс» ауыл шаруашылық артелінің мүшелері (председателі Қожабергенов) мемлекетке жоспардан тыс көптеген астық өткізді.
Бірақ, ауданның көптеген колхоздарында егін жыйнау, мемлекетке астық тапсыру жұмыстарының қарқыны өте баяу болып отыр. Буденный атындағы ауыл шаруашылық артелі (председателі Береговой жолдас) мемлекетке астық тапсыру жоспарын небәрі 51 процент қана орындап отыр. Колхоз басшылары және ондағы партия ұйымы (секретары Красота жолдас) піскен егінді дер кезінде орып алып, тез бастыру, сөйтіп мемлекетке астық өткізу жоспарын мерзімінен бұрын орындап шығу жұмысына кәсіпшілікті әлі жұмылдыра алмай отыр. Соның салдарынан бірнеше ондаған гектардың егіні әлі күнге дейін орылған жоқ. Дән жел қағып ысырап болуда.
Сол сияқты «Талапты» (председателі Тәжиев жолдас) және Молотов атындағы (председателі Мейірманов жолдас) колхоздары да мемлекетке астық тапсыру жоспарын орындаған жоқ. Әсіресе, Талапты колхозында егін жыйнау, мемлекетке астық өткізу қарқыны өте баяу. Колхозда 59 коммунист бар. Бірақ, партия ұйымының секретары Бөлтіріков жолдас коммунистерді астық дайындау жұмысына жұмылдыра білмей отыр. Көптеген коммунистер шаруашылық жұмыстарына тікелей қатыспайды. Колхозда астық тапсыру жұмысына бар мүмкіншіліктер пайдаланылмайды. Соның салдарынан колхоз астық тапсыру жоспарын небәрі 80 процент қана орындады. Роза Люксембург атындағы колхозда да жағдай осындай.
Бұл колхоздарды егін ору, мемлекетке астық өткізу жұмыстарының нашар жүргізілуіне колхоз басшыларымен қатар, Үспенекі МТС-нің директоры Елисеев жолдас та жауапты.
МТС, колхоздарда егінді ору, бастырып беру жұмысын 25 күн ішінде аяқтауға міндеттенген еді. Бірақ, бұл алған міндеттемені бірде-бір колхозда орындамай отыр. Колхоздарда комбинаттардың көбі қарап тұрады, комбайынның жұмыс істегенінен қарап тұрғаны көп.
МТС-те еңбек тәртібі нашар. Комбайынды жөндеуге бөлінген адамдар жұмысын сапалы етіп өнімді істемейді. Соның салдарынан кейбір колхоздарда комбайындар 15-20 күн бойы жұмыс істемей бос қарап тұрған. Кейбір механиктер, мысалы, Нудга мен Елисеев дегендер комбайынды жөндемей, колхоздың астығын ұрлаған. Бұзылған комбайынды жөндеп іске қосуға МТС директоры Елисеев жолдас ешбір шара қолданбайды. Комбайындардың жөнді пайдаланылмауының салдарынан, көптеген колхоздарда піскен егін жыйналып алынбай ысырапқа ұшырауда. Молотов атындағы МТС 25 күнде орып бітіріп беруге міндеттеген болса екі айдың ішінде небәрі одан 400 гектар егін орған. Мұның себебін сұрағанымызда, Елисеев:
«МТС-тің күшін қазір егін жыйнаудан гөрі басқа жұмыстарға көбірек аударып жатырмыз, егін ору жұмысы өте баяу, біз жоспарымызды орындай алмаймыз, басқа жұмыстар МТС-ке пайдалырақ» деді.
Ауданның кейбір колхоздарын да бақылаудың жоқтығынан колхоз астығын ұрлаушыларға жол берілген. Мысалы, Сталин атындағы колхозда Лаахунов деген біреу колхоздың 15 центнер астарын ұрлап, оны 9,300 сомға сатқан. Осы колхоздағы партия ұйымының секретары Самақов жолдас Лаахуновтың қылмысты істерін біле тұрса да, оған дер кезінде шара қолданбаған және колхозшыларды егін жайлау, мемлекетке астық тапсыру сияқты аса маңызды істе жұмылдыра алмай отыр. Соның салдарынан колхоз мемлекетке астық тапсыру жоспарын небәрі 60 процент қана орындады.
Көптеген колхоздарда астық тапсыру қарқыны мүлде баяу. Панфилов атындағы ( председателі Пантузов, «Комос» (председателі Леведов жолдас) колхоздарында астық тапсыру жоспары небәрі 57 процент қана орындалып отыр. Сол сыяқты «Қаракемер» (председателі Тәжиев жолдас), «Күн батыс» (председателі Қошымбаев жолдас) колхоздарында және № 96 жылқы заводында (директоры Почитаилов жолдас) мемлекетке астық тапсыруға басшылық нашар. № 96 жылқы заводы астық тапсыру жоспарын небәрі 35 процент қана орындады.
Ауданның бірсыпыра колхоздарында егін ору, оны маялау, бастыру жұмысы жөнді ұйымдастырылмаған. «Комос» колхозында 250 гектар жердің егіні орылмаған. Орылған егіннің 20 проценті ғана маялаған. Сол сыяқты «Красный рысоров» колхозында орылған 131 гектар егіннің 21 гектары ғана маяланған. Сталин атындағы және «Путь к социализму» колхоздарында да жағдай осындай.
Ауданда бастырылған астықты жеткізу жұмысында көптеген олқылықтар бар. Ауданның машина-транспортты басқарушылары Дельнов, Анисимов жолдастар жүк машиналарын астық тасуға дайындамаған. 22 жүк машинаның небәрі 10-ы ғана жұмыс істейді. Көптеген машиналар бензиннің жоқтығынан және дұрыс жөнделмегендіктен жиі-жиі тоқтайды. № 96 жылқы заводының астық тиелген № 35-28 автомашинасы 10 сағат бойы далада бұзылып жүрмей тұрған.
Әрбір колхозда аудандық партия комитетінің басқа да басшы орындардың жіберген өкілдері бар. Бірақ, олардың кейбіреулері егін ору, мемлекетке астық тапсыру ісінде колхоз басшыларына, ондағы партия ұйымына нақты көмек көрсетпей жүр. Қарақоңыз ауыл советіндегі өкіл Інкәрбаев жолдас бірде-бір рет егін даласына, не қырман басына барып көрмеген, бақылау жүргізбеген.
Қордай аудандық партия комитеті мен аудандық совет атқару комитеті егінді ысырапсыз жыйнап алу, мемлекетке астық тапсыру жұмысын тез аяқтау жөнінде бірнеше рет құлаш-құлаш қаулылар алды. Бірақ, бұл қаулылардың орындалуын тексермейді, бақылау жүргізбейді. Олар Чапаев, Буденный атындағы колхоздарда егін жыйнаудың жайы туралы мәселе қарап қаулы алды. Бірақ, бұл колхоздарда егін ору, мемлекетке астық тапсыру жұмысының қарқыны көтерілген жоқ. Мұның бәрі де аудан басшыларының егін жыйнау, әсіресе астық дайындау ісіне тыңғылықты басшылық етпей отырғанын ыспаттайды.
К. Тоқаев».
Міне, сонау қырқыншы жылдардағы сарғайған газет тігінділерін парақтап отырып тапқан дерегімізге келтірген дәйегіміз осы. Мұны біз – орденді жауынгер, қаламы қарымды жазушы Кемел Тоқаев өмірбаянының айтылмай қалған тұсындағы олқылықты толықтыруға әбден лайық жаңалық деп білеміз. Қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының болашақ шеберінің Жамбыл өңіріндегі тілшілік өмірін босқа өткізбегеніне, керісінше жазушылық кәсіптің әліппесін үйрену үшін ерінбей-жалықай ел ішін аралап, қалам қарымын қай жанр болмасын сынап көргеніне куә болдық.
Қаламгер боламын деген бүгінгі ұрпақ үйренер үлгі де осы.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.


«Тарих-и Рашиди»-ден тәуелсіздікке дейін

«Тарих-и Рашиди»-ден тәуелсіздікке дейін

М.Х. Дулати – Қазақ мемлекеті тарихын тұңғыш хаттаушы
Тәуелсіздік туының желбіреуі – қазақтың тектілігінің жемісі. Осы орайда «Тарихшының міндеті – ұлттық тарихты қайдағы бір әмбебап заңдылықтардың қасаң қалыптарына салып жібермей, ұлттық тарихтың жанды, бөлекше ағзасының қалай дамитынын түсіну» десек, Қазақ тарихын М. Поло мен Земарх зерттеулеріне ғана негіздеп, мемлекеттіліктің шығу тарихын Ф. Энгельс еңбектеріне сай оқытудың ендігі жерде еш қисыны жоқ екендігін білгеніміз абзал. Сонда біз ұлттық тарихымыздың, танымымыздың қайнар көзін қайдан алуға тиістіміз?
Осы тұрғыда мемлекеттілігіміздің негізі ежелден-ақ қалыптасқандығын, ал осындай құнды дерек көздерін жеткізуші атақты бабамыз Мұхамед Хайдар Дулати екендігін атап айтар едік. Жалпы, баршаға белгілі М.Х. Дулати Кашмирде билік құрған жылдары парсы тілінде «Тарих-и Рашиди» атты Орталық Азия халықтарының ХІІІ-ХVІ ғасырлардағы тарихы, этнографиясы мен географиясы, әдебиеті мен мәдениеті жайлы классикалық тарихи шығармасын жазды. Осы еңбектің ішіндегі ең қызықтысы халқымыздың тарихына қатысты мағлұматтар. Қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдық мерейтойының М. Х. Дулатидың осы әйгілі еңбегіне сүйене отырып, белгіленуі көп жайды аңғартса керек. Ғалым «Тарих-и-Рашидиде» нағашы атасы Жүніс хан мен Уәйіс ханның кенже ұлы Есенбұғаның 1418-1462 жылдары билікке таласар тұстарын сөз еткен. Сонымен қатар Дешті-Қыпшақ әміршісі Әбілхайырдан көп қысым көрген Жәнібек хан мен Керей ханның одан бөлініп, Моғолстандағы Шу мен Қозыбасыға келуі, Есенбұғаның оларды жылы қарсы алуы жайында жүйелі деректер береді. М.Х.Дулати ойларын тұжырымдай келе, қазақ халқының тарих сахнасына көтерілген кезі 1465 жыл екенін нақтылай көрсеткен.
Осы орайда Есенбұғаның баласы Тоғлық Темір ханның исламды қабылдау себебі мен осыған Дулат бектерінің де қатыстылығы туралы оқиғаларға да мән бере отырып мынадай жәйттерді анықтадық. Ол туралы Мырза Хайдар былай дейді: «Әкемнен, әкемнің ағайындарынан (Алла олардың жанын жәннәтта қылғай) және моғолдың көнекөз қарттарынан естігенім, Тоғлық Темірдің әкесі Есенбұғаның Сатилмиш Хатун атты бәйбішесі болған. Оның Меңлік атты сүйікті тоқалы да бар еді. Сатилмиш Хатун бедеу- тұғын. Сондықтан ханда бала болмаған. Хан бірде жорыққа кетеді. Моғолдардың ескі әдет-ғұрпында тоқалдар билігі бәйбішенің қолында болады. Егер қажет деп тапса, ол тоқалды басқаға күйеуге беруге де құқылы еді. Сатилмиш Хатун Меңліктің ханнан жүкті екенін біліп қояды. Қызғаныштан оны Ширәввәл Духтуи (Дохтой) атты сарайдағы мәртебелі әмірлердің біріне сыйға тартады. Хан жорықтан оралып, Меңлік Хатун жәйін сұрайды. Сатилмиш Хатун оған: «Мен оны басқаға сыйладым», – деп жауап береді. Хан: «Ол менен жүкті еді ғой», – деп наразылық білдіргенімен, моғол дәстүрі солай болған соң үнсіз қалады.
Көп ұзамай Есенбұға хан қайтыс болады. Моғол тағы хансыз қалады. Ұлыс күйреп, бүліншілікке түседі. Осы хәлді көрген әмір Болатшы дулат ханға екі атадан қосылатын туыс болғандықтан хан сайлауға бел буып, елде тәртіп орнату жұмысына кіріседі. Ол Тастемір есімді адамды Духтуи (Дохтой) және Меңлік Хатунның жәйін біліп келсін деп жұмсайды, егер де ұл туған болса, ұрлап алып келуді тапсырады. Тастемір Моғолстанды тегіс ұзақ аралайды. Ханнан алған үш жүз ешкіден тек бір сұр ешкі қалғанда Меңлік Хатун еліне жетеді. Сұрастыра жүріп Меңліктің ханнан ұл туғанын және оны Тоғлық Темір атағанын біледі. Ол амалын тауып Тоғлық Темірді ұрлап алады да, елге бет түзейді. Бұл кезде әмір Болатшы Ақсуда болатын. Шағатай хан өз иеліктерін бөліске салғанда Болатшының атасына «Маңлай Сүбе» тиген екен. Аталған аймақ Батыс және Шығыс Түркістанның басым бөлігін қамти отырып, құрамына Қашқар, Хотан, Жаркент, Әндіжан, Ақсу және басқа да қалаларды қамтыды. Әмір Болатшы өзіне орда етіп Ақсуды таңдайды. Сонымен, Тастемір елге жетіп, Ақсуға, әмір Болатшыға Тоғлық Темірді алып келеді. Әмір мұнда оны хан сайлайды. Тоғлық Темір өз билігі дәуірінде бүкіл Моғолстанды өзіне қаратты, тіпті Шағатай ұлысының көптеген бөлігін өзіне тәуелді етті.
Енді Тоғлық Темірдің исламды қабылдауы тұрғысындағы әңгімені өрбітейік. Ол ханның шейх Жамаладдинмен кездесуіне қатысты болғанға ұқсайды. Сонымен: «Тоғлық Темір аңға шығады да, бұл хабардан ешкім шет қалмасын деген жарлық береді. Аң аулап жүрген кезінде хан сарбаздары бір топ босқындарға кезігеді. Сарбаздар оларды байлап-матап хан алдына алып келіп, оларға хан бұйрығын бұзып, аңға дайындалмай келген деген айып тағылады. Хан олардан: «Сендер неге менің әмірімді орындамадыңдар?» – деп сұрайды. «Біз жат жерлікпіз, қираған Катактан келе жатырмыз, сіздің жарлығыңыздан бейхабармыз, әйтпесе бұйрығыңызды бұзбаған болар едік», – деп жауап береді шейх. Ол бұл сәтте иттеріне шошқа етін беріп отырған еді, қабағын шытып шейхтан: «Сен жақсысың ба, әлде мына ит жақсы ма?» – деп сұрайды хан. Шейх: «Егер иманды болсам, мен жақсымын, ал имансыз болсам онда менен мына ит артық», – деп жауап береді. Ханды бұл жауаптың әсерлендіргені соншалық, оның жүрегінде исламға сенімі нығайып, нәтижесінде өзінің қызметшілерінің біріне: «Анау тәжікті құрметпен атқа мінгізіп алып жүріңдер», – деп бұйырды. Моғол шейхтың алдына өз атын көлденең тартады. Шейх аттың ер-тоқымына шошқа қаны тигенін көріп, одан бас тартып: «Жаяу-ақ барамын», – дейді. Моғол оған бұйрық осылай деп тұрып алады. Шейх амалсыздан иіліп, тазарту үшін «мәс» жасап атқа мінеді. Осы кезде оның көзі жалғыз отырған ханға түседі, онда да қанның ізі қалыпты. Шейх қасына жақындағанда хан одан: «Адамды иттен артық ететін бұл не нәрсе?» – деп сұрайды. Шейх: «Иман», – деп жауап береді. Содан кейін жалпы ислам діні, мұсылмандық шарттары жайлы толық түсіндіреді. Сонда хан оған: «Егер мен хан болып тәуелсіздік алсам, міндетті түрде сіздің келуіңізді сұраймын. Мен исламды қабылдаймын», – дейді. Шейхті құрметпен шығарып салады.
Осы оқиғадан кейін шейх хал үстінде жатып, баласы маулана Аршададдинге болған оқиға жайлы әңгімелеп: «Егер сол балаң жігіт хан болса, іздеп бар, ол өз уәдесін орындауға тиіс. Сол бақыттың қолдаушысы өзің боласың. Оның мұсылман болуы бүкіл әлемді жарқыратады», – дейді.
Біршама уақыт өткен соң, Тоғлық Темір хан болады. Осы дақпырт, хабар маулана Аршададдинге жетеді. Маулана дереу жолға жиналып, Ақсудан Моғолстанға сапар шегеді. Сәті түсіп, ханға жолығып: «Мен сол баяғы өзіңіз мұсылман боламын деп уәде берген кісінің баласы едім», – дей келе, жоғарыда айтылған оқиғаны баяндайды. Хан сонда: «Мен хан болған соң уәдем жайлы ойланып жүр едім. Тек ол кісінің келмей қойғанына қайран қалатынмын. Енді сен хош келдің. Не істеу керек?» – дейді.
Осылайша сол бір таң Шығыста ерекше арайланып атып еді. Маулана ханға ғұсыл (дәрет) жасатып, иман сөзін айтқызды. Хан мұсылман болды. Енді олар мұсылман дінін қалай өрістету шараларына кірісті. Сарайдағы әмірлерді кезекпен-кезек шақырып, мұсылман дініне кіруді талап етіп, ұсынды. Бірінші болып шақырылған дулаттардың көсемі әмір Тулақ еді, ол Мырза Хайдардың арғы атасы болып келетін және үкіметтің жоғары лауазымды шенінде болатын. Ол хан сөзін тыңдап болған соң, көзіне жас ала отырып былай деді: «Мен осыдан үш жыл бұрын Қашқарда мұсылмандықты қабылдаған едім. Тек сізден именіп, ағымнан жарыла алмағанмын. Енді маған бұдан артық бақыт жоқ», – дейді. Хан орнынан тұрып, қошеметпен қатарына әкеледі.
«Сол бір күннің өзінде жүз алпыс мың адам иман келтірді де шаштарын алды. Ислам дінін ханнан кейінгі, оның ұрпақтары барлық ынта-жігерімен өрістетті», – деп қуанышпен ой қорытады ислам дінінің қорықшысы болған кемеңгер бабамыз. Берілген эпизод Қазақ мемлекеттілігінің алғышарттары Керей мен Жәнібек Көк Туды көтергеннен әудем уақыт бұрын-ақ қалыптаса бастағандығын көрсетіп тұрғандай.
Ғұламаның «Тарих-и Рашиди» еңбегінен тағы бір дерек келтіре кетсек, мәселен, кітапта Шаһибек хан есімінде берілетін «көшпелі өзбектердің» билеушісі, Әбілқайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани хан мен Қазақ хандығының негізін салушы хандар Жәнібек пен Керейдің ұлдары Қасым хан мен Бұрындық хан арасындағы текетірес былай өрілген: «Тоқетерін айтқанда, Ол (Шаһибек хан), қолын әр тарапқа жұмсап, жазалағыш жебесін барлық жаққа жаудырумен болды, ойына не келсе, соны істеді.
915 (1509 ж. қарашасы – 1510 ж. ақпаны) жылдың қысында қазақтарға шабуыл жасады. Сол кезеңде қазақтардың ханы Бұрындық хан еді. Бірақ (шын мәнінде) хандық билік және үстемдік Қасым ханда болатын. Шаһибек ханның қолында үлкен күш бола тұра оған қарсы тұра алмайтын еді. Оның (Шаһибек ханның) әскері сол заманда екі жүз мыңнан асатын. Қыс түскенде оның барлық (әскері) жемшөпке байланысты әр жерде қыстап шығатын. Қақаған қыста Шаһибек хан жортуылдағы бөріше жорыққа шығып, бірде жортып, бірде қайтып оралып отырды. Ондағы ойы дұшпанды уәлаяттың маңайына жақын келтірмеу болатын. Ең соңғы жорыққа, жоғарыда айтылған жылда шықты, әскерінің көліктері әбден титықтап қалжыраған еді. Өзі Көк Кесене маңында қалып,тың, күш-қуаты бар бір топ әскерді бөліп, алға жіберді. Оларға бірнеше кісі кезігіп шабуыл жасап, тұтқындап, олжа ретінде алып кетті.
Бірде (Шаһибек ханның) әскерлері аттарын жайып жүріп жақын маңда Қасым ханның тұрған хабарын естіп, қатты үрейленді. Қасым ханның әмірлерінің бірі Бүиун Пір Хасан Шайбанның шабуыл жасағанын естіп, өз әскерімен сол топқа қарсы қозғалып, Қасым хан келді деген қауесет таратты да, оларға алыстан өз әскерінің қарасын көрсетіп отырды. Шаһибек ханның әскерлері, сірә Қасым ханның өзі келген екен деп ойлап, алған олжаларының бәрін тастап, салт басты күйде Шаһибек ханға жетіп, Қасым ханның келгені жайында хабар жеткізді. Шаһибек хан болса, ол сәтте басқа хабар алуға әрекет етпей, дереу аттаныс дабылын қақты. Әскердің бас-аяғын түгендеместен, жиналғаны жиналып, қалғаны қалып, быт-шыт болып, қыстың аяғында Самарқанға жетеді. Өзі [Шаһибек хан] Хорасанға бет алды, сонда көктемді өткізді». Өзінің бітіспес жауы Мұхаммед Шайбаниді осынша қорқынышта ұстаған Қасым ханның жер көлемі аз, бытыраңқылық сипаты басым, ортақ мемлекеттік билік әлі қалыптаса қоймаған ұлыстардың басын біріктіріп, өзінен кейінгі ұрпаққа сол кездегі (1510-1521ж.ж.) жер көлемі ең үлкен (шамамен қазіргі Қазақстан аумағы) бірлігі мықты мемлекетті қалдырып кетуі бөлек баяндаумен берілсе керек. Сонымен, келер жылы қасиетті Әулиеата өңірінде, Шу мен Талас өзендерінің арасындағы кең атырапта дүбірлі той. Қазақ хандығының 550 жылдығы мемлекеттік деңгейде атап өтілмек. Бұл – Елбасы көрегендігін тағы бір мәрте танытқан тағылымды оқиға. Бұл – тарихқа құрмет, бабалар рухына бас ию. Бұл – еңселі елдіктің тойы!
Сейдехан Бақторазов,
М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты
Ақ жол. — 2014. — 8 қараша. — 2 б.

Қазақ хандығының құрылуы қарсаңындағы жалпы жағдай

Қазақ хандығының құрылуы қарсаңындағы жалпы жағдай

Алғашында қазақ хандығының жері Жетісу, Шу және Талас өзенінің алабы еді…
Қазақ хандығының құрылуы қарсаңындағы жалпы жағдай
Қазақ хандығының құрылуы қарсаңына (14-15-ғасырларда), қазақ тайпалары Сібірден Сыр бойына, Ертістен Жайық жағасына дейінгі жалпақ өңірге жайылып қоныстанған болатын. Осы дәуірді баяндайтын ортағасырлық тарихшылардың шығармаларында қазақ даласының негізгі тұрғындары Алтын Орда хандары «Қыпшақ патшалары» деп аталды. Қыпшақтар 14-ғасырда Орда Ежен мен Шайбани ұлыстарын біріктірген Ақ Орда халқының, ал кейіннен Әбілхайыр хандығы халқының да едәуір бөлігін құрады.
Батыс Cібір тайпаларымен көрші болып, оларға елеулі ықпал еткен қазақ тайпаларының ретінде қыпшақ, қаңлы, қарлық, үйсін, найман, керей, қоңырат, маңғыт, тағы басқа тайпалар аталады. Бұлар қазақ даласының ежелгі тұрғындары, сондай-ақ бұдан бұрын осы өңірлерде құрылған Ақ Орда, Моғолстан, тағы басқа хандықтардың этникалық негізі еді.
Бұл тайпалар ішінде қыпшақтардың орны өзгеше болды, 13-ғасырдың деректерінде негізгі ұйытқысы қыпшақтар еді. Ертіс өңірінің Торғай, Есіл далаларының қыпшақтары: құлан қыпшақ, қытай қыпшақ, сағал қыпшақ, торыайғыр қыпшақ және мажар (мадияр) қыпшақ бірлестіктеріне бөлінді. Тобылдың төменгі бойынан Ұлытау мен Сырдарияға дейінгі территорияда басқа тайпалардың едәуір бөлегі, олардың ішінде наймандар, керейттер (керейлер) меркіттер мен оңғыттар қоныс тепті.
15-ғасырда Ақ Орда орнына құрылған Әбілхайыр хандығының (1428-1468) халқы арасында қарлық, қоңырат, үйсін, найман, өкіреш найман, қият, маңғыт, шынбай, итжан, тапғұт, дұрман, тубай, таймас, күшті, отаршы, шап, қытай, барақ, ұйғыр, күрлеуіт, ишкі, ишкі-маңғыт, тұман, т.б. тайпалардың болғандығы мәлім.
Ноғай ордасының құрамында маңғыт, қоңырат, найман, арғын, қаңлы, алшын, қыпшақ, кенгрес, қарлық, алаш, тама, т.б. тайпалар болды.
Моғолстанға қарасты Жетісу тайпалары: дулат, қаңлы (бекчик), қарлық, керей, арғынот, күрлеуіт, күшші, барлас, шорас, көнші, қалушы, бұлғаш, т.б. еді.
Қазақ хандығының құрылуы қарсаңында, әрбір қазақ тайпасының өріс-қоныстары ұлан-байтақ территорияны алып жатты:
Наймандар – 14-15-ғасырларда Ұлытаудан Есілге дейінгі аудандардың көпшілігін қоныстанды.
Қоңыраттар – 14-15-ғасырларда Түркістан мен Қаратау аудандарын мекен етті.
Арғындар – 14-15-ғасырларда Ертістен батысқа қарай орталық Қазақстанды, ішінара Сырдарияны және батыс Жетісуды мекендеді.
Керейлер – 14-15-ғасырларда Жетісуда және Тарбағатайда, сондай-ақ Ертіс бойында, Зайсан көлінен Ом және Тобыл өзендеріне дейінгі өңірде өмір сүрді.
Дулаттар – 14-15-ғасырларда Іле, Шу, Талас өзендерінің алқаптарында, Ыстықкөлден оңтүстікке қарай, сондай-ақ оңтүстік Қазақстанда «Отырар жасыл алқабын» мекендеді.
Қаңлылар Қаратау баурайы, орта Сырдария және батыс Жетісудағы өздерінің ежелгі мекенінде болды.
Үйсіндер өздерінің байырғы заманнан бергі мекені Жетісу өңірін қоныстанды. Тарихи деректердің айтуынша, Әбілхайыр хандығында да үйсіндер болған.
«Тарих-и-Рашиди» мен «Раузат ас-сафаның» дерегіне қарағанда, 14-15-ғасырларда Іленің сол жағасында және Янги (Тараз) ауданында керейттер (керейлер), Шу өзенінің оң жағасында арғындар мекендеген.
Жалайырлар Қаратау баурайын, орта Сырдария өңірі мен Жетісуді қоныстанған.
Қазақ хандығының құрылуы осы ұлан-байтақ өңірді қоныстанған қазақ тайпаларының және қазақтың этникалық территориясын біріктірді. Қазақтың өз алдына халық болып қалыптасу барысы біржолата аяқталды.
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ ЖӘНЕ НЫҒАЮЫ
Қазақ хандығы – шаруашылықтың дамуы, өндіргіш күштердің өсуі, феодалдық қатынастардың қалыптасуы нәтижесінде ерте заманнан бері Орта Азияның ұлан-байтақ өңірін мекендеген көшпенді тайпалардың бірыңғай этникалық топ – қазақ халқы негізінде бірігуі арқылы 15-ғасырдың орта шенінде құрылды. Қазақ хандығының құрылуы қазақ халқының тарихындағы төтенше маңызды оқиға болды. Ол ұлан-байтақ өңірді мекендеген қазақ тайпаларының басын қосып шоғырландыруда, қазақтың этникалық территориясын біріктіруде, қазақтың байырғы заманнан басталған өз алдына жеке ел болып қалыптасуын біржолата аяқтатуда аса маңызды және түбегейлі шешуші рөл атқарды.
1456 жылы Керей хан мен Әз Жәнібек ханның Әбілхайыр хан үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларын бастап шығыс Дешті-Қыпшақтан батыс Жетісу жеріне қоныс аударуы қазақ хандығының құрылуына мұрындық болған маңызды тарихи оқиға болған еді. Бұл оқиғаның мән-жайы мынадай болатын: 1428 жылы Ақ Орданың ақырғы ханы Барақ ішкі феодалдық қырқыста қаза болған соң, Ақ Орда мемлекеті ыдырап, ұсақ феодалдық иеліктерге бөлінгенде өзара қырқыс үдей түсті. Бұрынғы Ақ Орданың орнына Әбілхайыр хандығы мен Ноғай одағы құрылды. Шайбани тұқымынан шыққан Әбілхайыр хан бұрын Орда Ежен ұрпағы билеген Ақ Орда территориясы – шығыс Дешті-Қыпшаққа 40 жыл (1428-1468) үстемдік етті. 15-ғасырдың ортасында Әбілхайыр хандығында толассыз болып отырған қан төгіс соғыстар мен ішкі феодалдық қырқыстар барған сайын үдеп, феодалдық езгі мен қанау халық бұқарасын ауыр күйзеліске түсірді. Аласапыран соғыстар мен феодалдық бытырандылық салдарынан Дешті-Қыпшақ даласында бұрыннан қалыптасқан мал жайылысын пайдаланудың дағдылы көшіп-қону тәртіптері бұзылды, көшпенді тайпалар мезгілінде жайлау-қыстауларына бара алмайтын болды. Бұл көшпенді мал шаруашылығына ауыр зардабын тигізді. Осындай ауыр тауқымет тартқан халық бейбіт өмірді, Әбілхайырдың үстемдігінен құтылып, өз алдына тіршілік етуді арман етті. Ақ Орданың ақырғы ханы Барақтың балалары Керей мен Әз Жәнібек бұл жағдайды өз мақсаттары үшін шебер пайдаланды да, Әбілхайыр ханның үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларының көсеміне айналды. Қалың қазақ тайпаларын бастап батыс Жетісуға қоныс аударды. Ол кезде Жетісуды билеген Моғолстан ханы Есенбұға (1434-1462 жылдары билік еткен) бұл қазақтарды Әбілхайырға қарсы пайдалану үшін қарсы алып, қоныс берді. Бұлар батыс Жетісуды тіректі мекен ете отырып, қазақ хандығын құрды. Тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегінде былай дейді: «Ол кезде Дешті Қыпшақты Әбілхайыр хан биледі. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарға күн көрсетпеді. Нәтижесінде Жәнібек хан мен Керей Моғолстанға көшіп барды. Есенбұға хан оларды құшақ жая қарсы алып, Моғолстанның батыс шегіндегі Шу мен Қозыбас аймақтарын берді. Олар барып орналасқан соң, Әбілхайыр хан дүние салды да, өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды. Ірі-ірі шиеленістер басталды. Оның үлкен бөлігі Керей хан, Жәнібек ханға көшіп кетті. Сөйтіп олардың маңына жиналғандардың саны 200 мыңға жетті. Оларды өзбектер «қазақтар» деп атады. Қазақ сұлтандары 870 жылдары (1465-1466) билей бастады…».
Алғашында қазақ хандығының территориясы батыс Жетісу жері, Шу өзені мен Талас өзенінің алабы еді. Міне, нақ осы территорияға деректемелерде тұңғыш рет «Қазақстан» деген атау қолданылды (Уасифи, 16-ғасыр), ежелден осы алапты мекендеген қазақтың ұлы жүз тайпалары дешті қыпшақтан қоныс аударған қазақ тайпаларымен етене араласып кетті. Әбілхайыр хандығындағы аласапыран соғыс салдарынан қанжілік болған қазақ халқы бұл араға келіп ес жиып, етек жауып, экономикалық тұрмысы түзеле бастады. Мұны көрген дешті қыпшақ көшпенділері Әбілхайыр хан қол астынан шығып, бөгеуін бұзған судай ағылып Қазақ хандығына келіп жатты. 15-ғасырдың 50 жылдарының ортасынан 70 жылдарының басына дейін Әбілхайыр ханның қарамағынан батыс Жетісуға 200 мың адам көшіп барды. 1462 жылы Моғолстан ханы Есенбұға қайтыс болған соң, бұл мемлекетте ішкі феодалдық қырқыс күшейіп, өкіметсіздік жағдайдың өріс алуы, Амасанжы Тайшы бастаған ойрат жоңғарларының жасаған шабуылы салдарынан Моғолстан мемлекетінің шаңырағы шайқалған кезде Жетісуды мекендеген қазақ тайпаларының Қазақ хандығына келіп қосылуы үдей түсті. Бұлар жаңадан құрылған Қазақ хандығының үкімет билігін нығайтып, оның беделі мен әскери-саяси күш-қуатын арттыра түсті.
Алайда жаңадан құрылған Қазақ хандығының экономикалық негізі әлі де әлсіз еді. Бірсыпыра қазақ тайпалары Әбілхайыр хандығының, Моғолстанның, Ноғай одағының және Батыс Сібір хандығының қол астында төрт хандыққа телім болып отырған болатын. Оның үстіне шығыс Дешті-Қыпшақты билеген Әбілхайыр хан өзіне қарсы шығып, Жетісуға қоныс аударған қазақтардың өз алдына хандық құрып, масайрап отырғандығына, әсіресе Әбілхайыр хандығынан көптеген тайпалардың оған ағылып барып жатқанына азуын басып, қылышын қайрап отырды. Ол жаңа құрылған Қазақ хандығын тарпа бас салып жойып жіберуге сұқтанды. Он шақты жыл айналасында батыс Жетісу өңіріне екі жүз мың жан саны бар көшпелі тайпалардың жиналуы кең өріс-қоныс керек етті. Ал көшпелі елдің отырықшы-егіншілігі көркейген аудандармен, әсіресе қолөнері мен саудасы дамыған экономикалық орталық – Сырдария жағалауындағы қалалармен сауда-саттық қарым-қатынастарына қолайлы жағдай жасау халық тұрмысындағы маңызды мәселеге айналды. Бұл қарым-қатынастың оңалуына тек көшпелі халықтар ғана емес, отырықшы аймақтардағы егіншілік өнімдерін өткізіп егіс көлігін алуды аңсаған егіншілер де, қолөнер өнімдерін өткізіп шикізат (жүн, тері, т.б.) алуды аңсаған қолөнершілер де, сауда тауарын өткізіп пайда табуға саудагерлер де мүдделі болды. Бай аймақтар мен қалаларды қол астына қаратуға феодалдар тіпті де мүдделі еді, әсіресе жаңадан шаңырақ көтерген Қазақ хандығын саяси-экономикалық база негізінде нығайту үшін Сырдария бойындағы қалаларды қарату төтенше маңызды еді. Сөйтіп жоғарыдағы жағдайлардың талабына сай, Қазақ хандығының алдына үш үлкен тарихи міндет қойылды.

1. Мал жайылымдарын пайдаланудың Дешті-Қыпшақ даласында бұрыннан қалыптасқан дағдылы тәртібін қалпына келтіру (бұл тәртіп Әбілхайыр хандығындағы аласапыран арқылы бұзылған) көшпелі шаруалардың көкейкесті мүддесі еді.

2. Шығыс пен батыс арасындағы сауда керуен жолы үстіне орнаған Сырдария жағасындағы Сығанақ, Созақ, Отырар, Яса (Түркістан) т.б. қалаларды қазақ хандығына қарату. Бұлар осы өңірдегі саяси-экономикалық және әскери-стратегиялық берік база болатын.

3. Қазақ тайпаларының басын қосып, қазақтың этникалық территориясын біріктіру, бұлардың ішіндегі маңдайалды маңызды міндет – Сырдария жағасындағы қалаларды қарату күресі болды.
Сырдария бойындағы бай қалалар бұдан бұрынғы мемлекеттік бірлестіктердің – Ақ Орданың, Әбілхайыр хандығының саяси-әкімшілік және сауда-экономикалық орталықтары еді. Бұдан бұрынғы тарихта осы Сырдария бойындағы қалаларды өзінің экономикалық және әскери тірегіне айналдыру Дешті-Қыпшақ даласын билеудің басты шарты болып келген. Сондықтан бұл қалалардың саяси-экономикалық және соғыс-стратегиялық маңызы зор еді. Сырдария бойындағы егіншілігі мен қолөнері өркендеген қалалы аудандар мен сауда-саттық жасауға тек даланың әкімдері ғана емес. Дешті-Қыпшақтың шаруалары да ділгір болып отырды.
Сырдария бойындағы қалалар мен Дешті-Қыпшақ даласы үшін күресте қазақ хандығының басты бәсекелесі және ата жауы Әбілхайыр хан еді. Қазақ хандығы Әбілхайырға қарсы күресу үшін ең алдымен Моғолстан мемлекетімен тату көршілік, одақтық байланыс орнатты. Бұл одақ ойрат жоңғарларының тайшасы Амасанжының Моғолстанға шабуыл жасауынан және Әбілхайыр ханның Жетісудағы қазақ хандығына шабуыл жасауынан тізе қоса отырып қорғануды мақсат етті. 1468 жылы қыста Әбілхайыр хан қазақ хандығын қиратпақ болып, Жетісуға жорыққа аттанды, бірақ сапары сәтсіз болып, жорық жолында қаза тапты. Әбілхайырдың қаза болуы қазақ хандығының нығаюына және көлемінің кеңеюіне үлкен орай тудырды. Әбілхайыр өлгеннен соң оның елінде қиян-кескі қырқыс басталып, хандық ыдырай бастады: «Өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды, ірі шиеленістер басталды. Оның (қарамағындағылардың) үлкен бөлігі Керей хан мен Жәнібек ханға көшіп кетті». Мұндай тиімді жағдайды дер кезінде пайдаланған қазақ хандары Керей мен Әз Жәнібек бұдан 12 жыл бұрын өздері ауып кеткен ата қонысы Дешті-Қыпшаққа қайта оралды. Қазақ хандары Әбілхайыр ханның мұрагерлеріне қарсы күресте олардың тап болған ішкі-сыртқы қайшылықтарын толық пайдаланды, бұрыннан бері Әбілхайырмен билікке таласып келген Жошы ұрпақтары – Ахмет хан мен Махмұд Батыс Сібірдің билеушісі Ибақ хан мен, сондай-ақ Ноғай одағын билеген мырзалармен одақтасып, тізе қоса отырып күрес жүргізді.
Әбілхайыр ханның орнына отырған мұрагер баласы Шайх Хайдар бұл күресте мүлде жеңілді және өлтірілді. Әбілхайыр ханның немерелері Мұхаммед Шайбани мен Махмұд сұлтан Астраханьға барып паналады. Әбілхайыр ханның мұрагерлерімен күресте толық жеңіске жеткен қазақ хандығы Әбілхайыр хан 40 жыл билеген шығыс Дешті-Қыпшақ даласын және ондағы көшпелі тайпаларды бірте-бірте өзіне қосып алды. «15-ғасырдың 70 жылдарында қазақтар Сырдария бойымен оған жалғас Қаратау өңірінің бірсыпыра территориясын басып алды». Сөйтіп қазақ хандығының территориясы әлдеқайда кеңейді, оған тұс-тұсынан қазақ тайпалары келіп қосылып жатты.
Алайда Сырдария жағасындағы қалалар үшін Әбілхайырдың немересі Мұхаммед Шайбани ханмен күрес отыз жылдан астам уақытқа созылды. Бұл күрес Керей ханның баласы Бұрындық ханның (1480-1511) тұсында да толастаған жоқ. Сырдария бойындағы қалаларды алу үшін қазақ хандығымен таласқан белді бәсекелес Мұхаммед Шайбани еді. Сонымен қатар Түркістан аймағын билеген Әмір Темір әулетінен шыққан Әмір Мұхаммед Мәзит Тархан мен Моғолстан ханы Жүніс хан да бұл қалаларды қолдарына түсіруге сұқтанды. Бұлардың бәрінің назары – Сырдария жағасындағы стратегиялық маңызы зор шұрайлы қалалы аудандарға арқа сүйей отырып, қазақ даласын басып алу және ондағы халыққа өктемдік жүргізу еді. Бұл қалалар үшін қазақ хандары да қажырлы қайрат жұмсады. Бұл күрестің мән-жайы мынадай болды: Әбілхайыр ханның мұрагері Шайх Хайдар өлтірілген соң Астраханьға барып паналаған Әбілхайырдың немересі Мұхаммед Шайбани Астрахань қоршауынан қашып шығып, Түркістан аймағына келіп, Әмір Темір тұқымынан шыққан Мұхаммед Мәзит Тарханға паналады. Ол Мұхаммед Шайбаниды қолдап, қазақ хандығына қарсы аттандырмақ болды. Бірақ Мұхаммед Шайбани оның бұл үмітін ақтамады, керісінше оның қолынан Түркістан аймағын тартып алды. 1470 жылы қыста қазақ ханы Керей қол бастап Түркістанға шабуыл жасады. Қазақ ханы Әз Жәнібектің үлкен баласы Махмұд сұлтан Созақ қаласын бағындырды, екінші баласы Еренжі (Иренжі) Сауранды иемденді. Сауран түбінде қазақтардан соққы жеген Мұхаммед Шайбани Бұхараға қашты. Сөйтіп, Сырдария жағасындағы екі қала – Созақ қаласы мен Сауран қаласы Қазақ хандығының құрамына кірді.
Екі жылдан соң Мұхаммед Шайбани Түркістанға қайта оралып, Ноғай ордасының әмірі Мұса мырзаның көмегіне сүйене отырып, Аркөк бекінісі мен Сығанақ қаласын басып алды. Бұл уақытша жеңіс еді, Бұрындық сұлтан мен Махмұд сұлтан бастаған қазақтың біріккен әскерлері Қаратаудағы Соғынылық түбінде Мұхаммед Шайбанидың әскерлерін талқандады. Бұрындық сұлтан Сығанақ қаласын қайтарып алды, бұл шайқаста күйрей жеңілген Мұхаммед Шайбани Маңқыстауға қашты. Сырдария жағасындағы қалалар қайтадан қазақ хандығына өтті, бірақ аумалы-төкпелі жағдай үздіксіз өмір сүріп отырды.
15-ғасырдың сексенінші жылдарында Әмір Темір әулетінің өкілі Сұлтан Ахмет мырза мен Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд арасындағы соғыста Мұхаммед Шайбани Моғолстан хандарына болысып, олардың қолдауымен тағы да Аркөк, Сығанақ қалаларын басып алды. Қазақ ханы Бұрындық хан қырдан келіп Сығанақ қаласын қоршады. Бұл кезде Мұхаммед Шайбани әскерлерінің бір бөлегі қала бекінісін қорғауға кеткен-ді. Қаланың тұрғындары қазақ әскерлеріне қала бекінісінің қақпасын ашып берді. Сонымен бұл аймақ Бұрындықтың қолына өтті. Бұдан соң қазақтар Мұхаммед Шайбанидың туысы Махмұд Сұлтан билеген Яса (Түркістан) қаласын қоршауға алды. Қазақтардың біріккен әскери күшінен қорғанған Шайбани әскерлері Аркөк қаласына қырық күн бекінді. Үш жыл бойы қазақтармен соғысқан Мұхаммед Шайбани жеңіліске ұшырады. Бұрындық хан мен Қасым сұлтан бастаған қазақтардың қысымына төтеп бере алмай, 1466 жылы Түркістанды тастап, Хорезмге кетуге мәжбүр болды.
Қазақ хандығы, Шайбани әулеті, Әмір Темір әулеті және Моғолстан билеушілері арасындағы тайталаста қазақ хандығы мен Мұхаммед Шайбани арасындағы жауласумен қатар, Әмір Темір әулеті мен Моғолстан билеушілері арасында да арпалыстар асқына түсті. Осындай арпалыстар барысында Моғолстан ханы Жүніс 1482-1485 жылдары Ташкент пен Сайрам қалаларын басып алды. Моғолстан билеушілері Әмір Темір әулетіне қарсы жұмсау үшін Мұхаммед Шайбаниды қолдады, ал Әмір Темір әулетінен шыққан Әмір Мұхаммед Мәзит Тархан оларға қарсы қазақ хандығымен одақтасты. Сонымен бұлар екі шекке айырылды. 15-ғасырдың басында Моғолстан билеушісі Жүністің баласы Сұлтан Махмұд хан Отырар қаласын басып алды да, оны Мұхаммед Шайбаниға берді. Мұндағы мақсаты – Мұхаммед Шайбаниды Әмір Темір әулетінен шыққан Ахмет мырзаға қарсы аттандыру еді. Моғолстан ханының қолдауына және Отырар сынды маңызды стратегиялық орынға ие болған Мұхаммед Шайбани тағы да Сауран мен Яса (Түркістан) қаласын басып алды.
Қазақ ханы Бұрындық пен Қасым және Жәдік сұлтандар Мұхаммед Мәзит Тарханмен күш біріктіріп, Мұхаммед Шайбаниға қарсы аттанып, Созақ қаласына шеру тартты. Созақтың атақты адамдарының бәрі Бұрындық ханға тілектес және онымен байланысты еді. Сауран қаласының халқы қазақтың біріккен қалың қолын көрісімен-ақ Мұхаммед Сауранды билеуге қалдырған тауыстарын қамап ұстап алды. Бұрындық хан Сауранды қайтарып алған соң Мұхаммед Шайбанидың тиянағы Отырар қаласының қамалын қоршады. Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд Ташкенттен Мұхаммед Шайбаниды құтқаруға көмек жібергендіктен, қазақтар Отырар қамалын қоршауды тоқтатты. Мұхаммед Шайбани хан қазақтармен бітім жасады.
Мұхаммед Шайбани Сырдария бойындағы қалаларды алуға және атасы Әбілхайырдың Дешті-Қыпшақта құлаған үстемдігін қайта орнатуға ұмтылып, қазақтармен 30 жыл соғысты. Ол осы соғыстарда бірде Әмір Темір әулетіне, бірде ноғай мырзаларына, ақырында Моғолстан хандарына сүйенді.
Бұл соғыстар Сырдария жағасындағы отырықшы-егінші аудандар мен қалаларды қатты күйзеліске ұшыратты. 15-ғасырдың ақырында Отырар, Яса (Түркістан), Аркөк, Бозкент қалалары мен Түркістан аймағының бір бөлігі Мұхаммед Шайбаниға қарады да, Сығанақ, Сауран, Созақ қалалары мен Түркістан аймағының солтүстік бөлігі Қазақ хандығының иелігінде қалды. Ташкент пен Сайрам қалаларын Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд биледі.
Қазақ хандығы шаңырағы көтерілген батыс Жетісудағы иеліктерін және Сырдария бойындағы отырықшы-егіншілік аудандары мен сауда, қолөнер және мәдениет орталығы болған Сығанақ, Созақ, Сауран қалаларын саяси, шаруашылық және әскери тірек еткен қазақ хандары Дешті-Қыпшақты басып алуға ұмтылғандардың бірінен соң бірін жеңіп, өз иеліктерін едәуір ұлғайтты. Қазақ хандарының билігінің нығаюы Шайбани ханды Дешті-Қыпшақ тайпаларының біраз бөлегімен Мауараннахрға ығысуға мәжбүр етті. Ол 1500 жылы ондағы Әмір Темір әулетін талқандап, Мауараннахрды жаулап алды да, Шайбани әулетінің негізін қалады. Бұл дәуірде, феодалдық-қайшылықтардың шиеленісуі, түрлі феодал – шонжарлар арасында үкімет билігіне таласқан ішкі қырқыстардың күшейуі, толассыз соғыстардың халық шаруашылығына тигізген зардабы салдарынан туылған халық бұқарасының наразылығы нәтижесінде ауыр дағдарысқа тап болып отырған Мауараннахр билеушілері (Әмір Темір әулеті) пәлендей қарсылық көрсете алмай, топырақтай тозып кетті. Мұхаммед Шайбани ханға ілесіп Мауараннахрға енген көшпелі тайпалар да бірте-бірте жергілікті отырықшы халыққа сіңіп, олардың тілі мен мәдениетін қабылдап, өздерінің бұрынғы (Дешті-Қыпшақтағы) өзгешеліктерінен бірте-бірте айырылды. Бұл көшпелі тайпалар Дешті-Қыпшақтан ала келген «өзбек» деген атау бірте-бірте Мауараннахрдың байырғы тұрғындарына жалпыласты. Бірақ олар «өзбек» деген аты болмаса, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігіне ықпал жасай алмаған».
15-ғасыр мен 16-ғасырдың өліарасында (1500 жылы) Мұхаммед Шайбани (Шайбах) ханның Дешті-Қыпшақтан ығысып барып қос өзен аралығын (Мауараннахрды) жаулап алуы Орта Азия тарихындағы, әсіресе қазақ пен өзбек үшін елеулі оқиға болды. Бұл ең алдымен қазақ хандығының жерін кеңітіп, беделін арттырып, ерікті елдігін нығайтты. Бұрынғы дәуірлерде бытыраңқы болып келген қазақ тайпаларының басын бір жерге қосуға, қазақтың этникалық территориясын біріктіруге, сонау 6-7-ғасырдан басталған қазақтардың халық болып қалыптасу барысын біржолата аяқтатуға мүмкіндік берді. Бұрын Ақ Орда мен Әбілхайыр хандығында қолданылған «өзбек-қазақ» деген жалпы атау бір-бірінен ажырады. «Қазақ» термині бірте-бірте Дешті-Қыпшақ пен Жетісуда қалыптасқан халықтың тұрақты атына айналды. «Өзбек» термині Мұхаммед Шайбаниға еріп кеткен тайпалардың этникалық атауы ретінде Орта Азияда ғана қолданылатын болды».
«Қазақтың көне тарихы»
ҚХР. Шинжаң халық баспасы. 1987 жыл.
(Араб қарпінен аударған Мұратхан Қани
Ақ жол. — 2014. — 28 қазан. — 2 б.

Көне Тараз

Көне Тараз

«Сахара шаһарлары» айдарымен оқырман қауым назарына ұсынылып отырған ежелгі қаланың бірі – Тараз. Тараздың тарихи-археологиялық деректері сонау тас және қола дәуірлерінен желі тартады. Бұған қазба жұмыстары кезінде табылған шақпақтас, қырғыштар, жаңқалар мен кішкентай нуклеустар дәлел бола алады. Сонымен қатар Талас өңірінен табылған тас қоршаулар мен мәйіті өртелген жерлеу орындарының іздері, жерлеу мүліктерінің, жалпақ орақ, төске тағатын әртүрлі әшекейлер мен білезіктердің табылуы, бүгілмелі үлгідегі қола пышақтар, керамика сынықтары жоғарыда айтқанымыздай, тас және қола дәуірінен хабар беріп, осы өңірлерде тіршіліктің болғандығын айғақтайды.
Ал Тараздағы Жамбыл кірпіш зауыты аумағынан кездейсоқ табылған үлкен тас дәнүккіш, тас келі, ұңғылы қола шот, түп жағы үшкірлеу шар бүйірлі қазандар да бұл жерде отырықшы мәдениеттің болғандығын білдіреді. Мұны Тараздың солтүстігінен табылған ұңғылы жебе ұшы мен жауынгердің қола мүсіні айғақтай түседі. Осылайша сан түрлі археологиялық зерттеу жұмыстардың барысында табылған құнды дүниелер ұлы өркениеттердің белгісіндей біздің заманымызға жетіп, тарихтан сыр шертіп келеді.
ХVІ ғасырға тиесілі жазба деректерде Талас өңірі бірнеше қалалардың үйіндісі ретінде суреттелетінін тарихшылар үшін де, археологтар үшін де пайдалы дерек ретінде қарастыруға болады. Мәселен, бұл жөнінде Мұхаммед Хайдар Дулатидың: «Моңғолдар даланы Янги Тараз деп атайды, олар мұны шамасы бірнеше қалалардың ізімен айтады, онда күмбездер, минареттер мен медреселердің ізі мен белгілері бар, осы ежелгі қалалардың бірі Янги, ал қалғандары қалай аталды» деп жазған сөзі бар.
Бүгінгі таңда көне қаланың зерттеxadлуінің екі ғасырға жуық тарихы бар екендігі анықталып отыр. ХІХ ғасырдың 30-жылдарында шаxadһарды бірінші болып зерттеxadген француз ғалымы М. Картмер болса, одан кейін 1867 жылы П.И. Лерх, 1880-1898 жылдары В.А. Каллаур, 1890 жылы Е.Ф. Кален, 1893-1894 жылдары В.В.Бартольд, 1894 жылы В.П. Лаврентьев деген ғалымдар зерттеп, қала туралы табылған деректер мен мәліметтерді өз еңбектерінде атап өтті. Жалпы, біздің заманымызды кешегі өткен ұлы дәуірлермен байланыстырып, рухани, мәдени жағынан мәнін арттырып тұрған қала жайында бүгінгі таңда тарихи дереккөздер, мағлұматтар мол. Оның барлығын бір мақаланың көлемінде айтып шығу мүмкіндігі болмағандықтан, солардың кейбіреулеріне ғана тоқталуды жөн көрдік.
Ежелгі Тараздың орны қазіргі қаланың орталық базары астында болғандықтан, ол біраз уақыт зерттеу жұмыстарынан тыс қалып келгені мәлім. Ал бүгінгі таңда зерттеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Алдағы уақытта археологтардың қолына қала туралы жаңа әрі тың деректер түсетіні сөзсіз.
Шаһарға әркезде жүргізілген зерттеу жұмыстары барысында көптеген ғимараттардың орны, атап айтсақ тұрғын үй, монша және тағы басқада сәулеттік құрылыс орындары табылды. ХІ ғасырға жататын монша Қазақстан аумағынан табылған моншалардың ең ежелгілерінің бірі саналады. Өзіндік жоспарлануы мен қабырғасындағы өрнекті сылағы ескерткіштің маңыздылығын арттырып отыр.
Тоғыз жолдың торабы
Таразға қатысты тарихи еңxadбектер не дейді? Енді соған тоқталайық.
Талас өңіріндегі тайпалар туралы құнды мәліметтерді қытай саяхатшысы Чжан-Цяньның жазбаларынан кездестіруге болады. Чжан-Цяньның хабарламалары ежелгі қытай тарихын сипаттаудағы Орта Азия елдерін суреттеуге негіз болды. Осы жазбаның негізінде біздің заманымыздың 27 жылы қытай тарихшысы Баньгу «Цянь-Хань Шу» атауымен «Үлкен Хань әулетінің тарихын» құрастырды. Осы тарихта Талас өзені алғаш рет айтылып, отанымыздың тарихына тікелей байланысты ірі оқиғалар атап көрсетіледі.
Чжи-чжи басшылығындағы ғұндар бөлінгеннен кейін Қаңлы мемлекеті иелігіне қоныстанады. Кейінгі археологиялық зерттеулер Талас өңірінде б.з.д. І ғ. – б.з. V ғ. аралығында қаңлы тайпаxadларының өмір сүргендігін дәлелдеп отыр. Қытай деректерінде кездесетін Да-луй сөзі бұл ежелгі қытай транскрипциясы бойынша Талас өзенінің атауын білдіреді. Сонымен қатар Тараз және Талас өңірі туралы деректер Византия, Персия, Үндістан, Қытай елдерінің қатысуымен VІ ғасырда болған тарихи оқиғаларда атап көрсетіледі. Мәселен, 568 жылы соғды Маниах бастаған түрік елшілігі Византияда болғанда, ал түрік қағаны Дизабулдың (түрікше Істеми қаған) астанасында Византиядан шыққан император ІІ Юстинның Земарх Киликийский бастаған елшілігін қабылдайды. Тараз қаласында олар Византия елшілігін қабылдап, қайтар жолда Земарх Дизабулды (Істеми) сасанидтік Иранға қарсы жорыққа алып барады. Мұны ортағасырлық Тараздың мәдени қабатынан табылған византиялық алтын солида (теңге) дәлелдейді. Беткі жағында (аверс) І Юстинианның жоғарғы жағы бейнеленген, дулыға киген, оң қолында найза болса, сол жағын қалқан жауып тұр. Артқы жағына (реверс) ұзын әрі жалпақ крест ұстап тұрған хитондағы жеңіс әйел құдайы бейнеленген.
572 жылы Жетісу жерінен Қара Шұрын Датқа өтеді. Тараз бұрынғысынша астаналық қала мәртебесін сақтап, Түрік мемлекетінде айтарлықтай орын алғандығын осы уақытта болған оқиғалар дәлелдей түседі.
580 жылы Соғдыда Абруй басқарған түріктер мен бұхаралық ақсүйектер арасындағы қақтығыс нәтижесінде халықтың бір бөлігі Таразға қоныс аударады. Бұл оқиғаны тарихшы Нершахи былай суреттейді: «Уақиға бойынша біршама уақыт өте Абруй билігі күшейіп, ол осы аймақты (Бұхара) қатаң басқара бастады, тұрғындардың төзімі таусылды. Диқандар мен көпестер бұл аймақтан Түркістан мен Тараз жаққа кетті және ол жақтан жаңа қала салып, оны Хамукет, яғни Хамука мырзалар қаласы деп атады». Таразға келген ақсүйектер мен диқандар Қара Шұрыннан көмек сұрайды, осы ұлылығы үшін халқы Биягу Жабғу қаған деп лақап ат қояды. Абруйды (Або-хан) Қара Шұрынның ұлы Шаболио (түрікше Чуло-хэу) өлтіреді.
Археологтар Хамукет қаласын тауып, онда археологиялық зерттеулер жүргізді. Аталған қала Тараздан 2 фарсахта (12 шақырым) жерде орналасқан.
Таразға соғды ақсүйектерінің айтарxadлықxadтай саны келгендігі, сонымен қатар Бұхарадағы көтерілістің жаншылғандығы туралы дерек осы өңірдің саяси өмірінде қаланың маңызды рөл атқарғандығын дәлелдейді.
Көпестер қаласы
630 жылы қалаға келген қытайлық монах Сюань Цзян Таразда әртүрлі елдердің көпестері тұрады деп суреттеді.. ІХ ғ. бірінші жартысында математик және географ Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезми «Китаб сурат ал-ард» атты шығармасында: «Тараз бұл көпестер қаласы» деп жазылған. Араб саяхатшысы Абу-Қасым ибн Хауxadкаль «Тараз – мұсылман түріктердің сауда жасайтын орны, одан ары ешбір мұсылман бармайды, себебі оның шекарасынан кім өтсе, қарлұқтардың шатырына (қонысына) тап болады» деп жазған. Арабтың көрнекті географы Мұхаммед ибн Ахмед әл-Макдиси «Тараз – үлкен бекіністі қала, көптеген бақтары бар, тығыз қоныстанған, оның оры, төрт қақпасы бар және рабад орналасқан. Медина (шахристан) қақпасы алдында үлкен өзен (Талас), оның арғы жағында қаланың бір бөлігі, оған қарай өткел бар. Жұма мешіт базар ортасында» деген. Махмұд Қашғари «Диуани лұғат-ат-түрік» еңбегінде: «Талас – Тараз атауымен белгілі қала. Олар екеу: оның бірі – Ұлығ Талас, яғни үлкен, екіншісі ислам шекарасында – Куми Талас» деп жазады. Міне, осылайша Тараз қаласына қатысты көптеген деректерді алға тартып, сөйлете беруге болады. Бұл қаланың шын мәнінде өзіндік бай тарихқа ие екенін, өркениеттердің тоғысқан жері екендігін анық көрсетеді.

VІІІ-Х ғғ. Қазақстанның ұлан-байтақ даласын Жоңғар Алатауынан Сырдарияның орта ағысына дейін, Балқаш пен Ыстықкөлдер арасын, Іле, Шу, Талас өзендері алқабынан ортағасырлық Отырарға дейін қарлұқ тайпалары иеленгені тарихтан белгілі. Бұл туралы араб географы Ибн Хаукаль (Х ғ.): «Қарлұқ жерін батыстан шығысқа қарай жүріп өту үшін 30 күндік жол керек болды. Қарлұқ астаналарының бірі Тараз қаласы» деп жазған. Таразда Ибн әл-Асирдің хабарлауы бойынша аймақтағы Қарахан әулетін басқарған өкіл Сатұқ Қарахан (Сатұқ Боғра хан Ибн әл-Керім) болады. Оның ұлы Боғра хан Харун Мұса 960 жылы Тараз қаласында исламды мемлекеттік дін деп жариялайды. Тараздың саяси дербестігі мен аймақтағы автономдығы экономика мен мәдениеттің дамуына әсер етпей қоймады. Осылайша қала әр ғасырдың айтулы тарихи өзгерістерін басынан кеше отырып, мол мұрасымен, құнды жәдігерлерімен біздің заманымызға жетті.
Уақыттан асқан байлық жоқ. Заманалар биігінен қарасақ, ежелгі Тараздың біздің ұрпаққа айтары аз емес. Ең бастысы, содан тағылым ала білсек болғаны. Биыл елімізде кең көлемде атап өтілетін Қазақ хандығының 550 жылдығында да ежелгі Тараздың алатын орны айрықша. Бір сөзбен айтқанда, ежелгі Тараз ұлы өркениеттерді танып-білуге жол ашатын қастерлі де қасиетті мекен.
Арнабай НҰРЖАНОВ,
Ә.Марғұлан атындағы Археология
институтының жетекші ғылыми қызметкері,
тарих ғылымының кандидаты
Ералы АҚЫМБЕК,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің PhD докторанты
Ана тілі. – 2015 . – 22-28 қаңтар(№3). – 1,12 б.

Облыс орталығында заманауи перзентхана ашылды

Облыс орталығында заманауи перзентхана ашылды

Денсаулық сақтау стратегиясының маңызды бір бөлігі Ана мен бала денсаулығы. Әлеуметтік жағдайдың жақсаруы — бала санының көбеюімен айшықталып, болашақ ананың қауіп-қатерсіз дүниеге сәби әкелуі оның денсаулығына қоршаған орта мен медициналық көмектің деңгейіне байланысты. Стратегияда айтылғандай, еліміздің орнықты әлеуметтік — демографиялық дамуын қамтамасыз ету үшін облыс орталығында облыстық перинаталдық орталық ашылды.

Орталықтың ашылу салтанатында аймақ басшысы Кәрім Көкірекбаев: -Хандық тойымен қатар келген Әулиеата әлеуетінің дамуына сеп болар заманауи перзентхананың ашылуы — өңір халқы үшін үлкен қуаныш. Бүгінгі таңдағы денсаулық сақтаудың негізгі міндеттерінің бірі — ана мен баланың өлімін азайту болып табылады. Нәрестелер мен ана өлімінің азаюына заманауи деңгейде жабдықталатын осындай мамандандырылған мекемелер көмегін беретін болады. Соңғы жылдары ана мен бала өлімі көбеюіне орай, мемлекет тарапының қолдауымен осындай заманауи бөбектер жайы салынып отыр. Біздің облысымызда жыл сайын 10000-ға жуық сәби дүниеге келеді. Жаңа технологиялык әдістер қолданысқа енгелі ана мен бала денсаулығын қорғау арта түсуі қажет. Міне, бүгінгі ашылып отырған орталықтың өзі 200 орынды болып отыр. Бұл әрине халық денсаулығы үшін, игілігі үшін атқарылып жатыр. Осындай сәби мен ана денсаулығының жақсаруына қызмет ететін аудандарымыздағы перзентханалар баршылық. Мәселен, Шу ауданында -150 орындық, Меркі, Қаратау, Жамбыл аудандарында 250 адамға жәрдем беретін орталықтар толығымен жұмыс жасап жатыр, — деді.

Игі шарада «Тараз құрылыс дизайн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Тимур Манашев перинаталдық орталықтың кілтін орталықтың бас дәрігері Гүлнағира Байзатоваға салтанатты түрде табыс етті.

Салтанатты рәсімде облыс басшысы Кәрім Нәсбекұлы облыста алғаш болып орталық ішінде орналасқан тілек кітабына колтаңбасын қалдырып, жиналған көпшілікпен қатар орталықтың бөлімшелерін аралап көрді. Айталық, бұл орталықтың негізгі мақсаты – әйелдерге жүктілік, босану және босанғаннан кейінгі кезеңде медициналык көмек
көрсету.Ағымдағы жылдың 9 айында облыстық перинаталдық орталықта 7689 нәресте дүниеге келген. Және орталықта салмағы 500 грамнан асатын дүниеге келген сәбилердің өмірін сақтап қалу үшін колдан келген көмегін аямайды.
Орталықта босану, әйелдер, жаңа туған нәрестелер реанимациясы және интенсивті терапия, оталық блок, жүктіліктен кейінгі физиологиялык, жүктілік патологиясы, жедел гинекологиялық, шала және жаңа туған нәрестелер, жана туған нәрестелерді неврологиялық оңалту, хирургиялық бөлімдер мен бірқатар қосалқы бөлімшелер қарастырылған.

Толғанай Бекетқызы

АРстан. — 2015. — 23 қазан (№31). — 1 бет.

Қордай қақпасында — төрт тұлға

Қордай қақпасында — төрт тұлға

Ежелгі Жібек жолы мен бүгінгі «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автомагистралының бойында – Қордай асуының бас қақпасында тарихи монумент бой көтерді.

Алыс жолдан келетін асығыс жолаушы ат кідіртетіндей айшықты ескерткіш қазақтың белгілі төрт азаматының құрметіне қойылды. Салтанатты ашқан Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев өз сөзінде болашақ ұрпақты елдік, ерлік рухта та тәрбилеудегі өтіп жатқан бұл шараның саяси-рухани мәніне де кеңінен тоқталды. «Бұл – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясындағы халқымыздың ұлы тұлғаларын есімін жаңғыртудың жарқын дәстүрі, ұлттық өрлеуіміздің айқын көрінісі, кісілік келбетіміздің үлгісі» деді тебірене сөз сөйлеген облыс әкімі.

Әдетте, діттеген бағытты бетке алып көк жүзінде қалықтап келетін кез-келген әуе лайнері Алматы әуежайына қонатыны туралы алғашқы хабарды осынау Қордай асуының үстінен өткенде хабарлайды. Кеңес Одағында «Төтенше жағдайда Қытай шекарасына бір түннің ішінде жетеміз» деген есеппен құрылған аса ірі Отар әскери гарнизоны да осы Қордай асуында салынған еді…. Жиналған қауым алдында ақтарыла ой түйіндеп, ақ батасын берген айтулы ақсақалымыз – мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді «Күре жолдың бойындағы осынау биіктен көкжиекке көз салсаңыз аттың дүбірі, жауынгердің жалынды ұраны құлағыңа естілгендей әсерде қаласың. Өйткені, қазақтың тарихи тағдырын талқыға салған Аңырақай шайқасы осы Қордайдың қақпасынан бастау алған» деуі де тектен-тек емес секілді. Орналасқан жер жағдайы жағынан осындай үйлесімдіктер байқатқан қасиетті Қордай асуында халықтың ниетіне сай ұлы дүрмек қызу жалғасын тапты.

Шаңырақпен көмкерілген төрт тұғырдағы төрт тұлғаның біріншісі – сөз сүлейі Сүйінбай мен жыр алыбы Жамбылдың жырларына арқау болған, ата жауын қазақ даласынан шеттете қуып шыққан атақты Өтеген Батыр еді. Ұлтын сүйген оғланның халқына деген шынайы сезімін Жамбыл атамыз былай жырлаған-ды.

…Жапан түзде жол шегіп,

Қорқыттай-ақ қаңғырдым!

Күн күркіреп асапанда,

Найзағай ойнап жатса да

Жанарымды жандырдым

Мен халқымды сүйемін…

Одан кейінгі барельефте Майқы биден бері қарай ғұмыр кешкен қазақтың мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік шыққан 50 бидің қатарына орын алатын атақты қордайлық Кебекбай мен Ноғайбай шешендер. Ауыздарын айға білеген екі тұлға да халық алдында әділдік төрелік айтып қана қоймай, ел тағдырын шешетін қоғамдық саяси қайраткер дәрежесінде болғаны тарихтан мәлім.

Заманынан асып туған қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов кезінде «Сіз Кенен ата, қазақ-қырғызға тең ортақ ұлы адамсыз. Сіздің тойыңыз – біздің тойымыз. Сіздің мерекеңіз біздің мерекеміз. Қырғыздар сізді ардақ тұтып өз атамыз, өз ақынымыз, өзіміздің өнердегі Алатауымыз деп есптейді» деді емес пе?! Әңгіме – қазақ әлемінде бір ғасырдан астам уақыт әсем әуезді бұлбұлдай болған Кенен Әзірбаев хақында. Ескерткіштен орын алған төртінші тұлға –Қордайдың бозторғайы, халқыны сүйіктісі Кеене Әзірбаев болатын.

Биік тұғырдан орын алған батыр мен шешендер, күміс көмей әншінің бейнесі алдында кең байтақ елімізге есімдері аса танымал ғалымдар мен өнер тұлғалары, депутаттар мен қоғам қайраткерлері танымдық пікірлерін білдірді, ойларын ортаға салды.

Жамбыл облысының Қордай ауданына көршілес жатқан Алматы облысының Жыр алыбы Жамбыл атындағы ауданның құрметті делегациясын бастап келген, ел алдында сөзі жүретін абыройлы ақсақал Әскербек Абаев былай дейді: «Күре жолдың бойында көз тартар жерден орын алған тарихи ескерткіш бүгінгі және келер ұрпақты ой тұңғиығына жетелері даусыз. Халықтың кім екенін ұғындыратын айшықты бұл белгі кешегі мен бүгінгі дәуірдің арасын жалғап жатқан алтын көпір десе болады. Халықтың жадының жаңғырып, өткенімен бүгінгісін сабақтастырып отыруы тарихи құбылыс. Күні кеше ғана халық өзінің өткен жолдарына бағамдап баға бере алмайтын мүсәпір күй кешті емес пе, естеріңізге түсіріңіздерші?! Ендеше мұның бәрі де ел егемендігінің арқасы. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсыңында болып отырған бұл салатанаттың мәнін әлеумет осы тұрғыдан түсінеді деген ойдамын».

Атақты Жамбыл триосы осы өңірде туған Кенен әндерін шалқытып, халықтық салтанатқа шырай берді.

Арыстарға арналып Құран бағышталды, ас берілді.

Талғат СҮЙІНБАЙ,

Суретті түсірген Нұрғали ӘШІР

Егемен Қазақстан. – 2016. – 19 қазан. – 8 б.