Тараз тарихы – табыс көзі

Тараз тарихы – табыс көзі

       Тараз – 2000 жыл бойы жеті бас аждаһа жаудың жалынына, жеті жұттың кеселіне төтеп берген шаһар.  Жеті рет жермен жексен болып, жеті мәрте қайта құлпырған мекен. Жетпіс елдің өкілін қабылдап,  қырық рулы елге пана болған қасиетті орда. Қанша қиын-қыстау кезеңді көрсе де, Тараз – бар байлығымен, тарихи мұрасымен, аңыз-әфсанасымен бүгінгі күнге дейін жетіп, өзінің өміршеңдігін паш етіп келеді.

Екі жыл бұрын бұл шаһарда дүркіреп Қазақ хандығының 550 жылдығы, ал 2002 жылы Тараздың екі мың жылдық тарихы атап өтілген. Қаншама көне ескерткіштер қалпына келтірілді. Тараз табанындағы ежелгі шаһардың орны қазылып, топырақтан тазартылды. Туризмді дамытуға, қонақтарды қарсы алуға барлық жағдай жасалды. Қонақүйлер, түрлі деңгейдегі мейрамхана, мәдениет ошақтары өз қызметін ұсынуда. Ұлы Жібек жолы қайта жаңғырып, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодәлізі пайдалануға берілді. Тіпті әуежайдың өзінде жаңа терминал іске қосылды. Жаңа ұшу алаңы төселіп, барлық типтегі ұшақтарды қабылдау мүмкіндігі туды.

Туризмнің кіндігіне айналуға әлі де көптеген жағдай жасалынып жатыр. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, Тараз бен Түркістан қалаларын жылына 1,5 миллион турист тамашалайтын көрінеді. Бұл көрсеткіш қуантарлық жағдай. Алайда мұның басым бөлігі өз азаматтарымыз екенін мойындауымыз қажет. Туризм ошақтарына қаржы көптеп құйылу үшін шетелден қонақтардың көптеп келуі абзал. Бір турист кемі 300 доллармен қазақ шекарасын аттаса, оны бізде қалдырып кететініне күмәнданбаңыздар. Біздің міндет – иіліп жастық, жайылып көрпе болып қызмет ету. Келесі келгенде ол екі есе ақшасымен, екі досын қосақтап ертіп келетін болады.

Бұл тұрғыда ел үкіметі туризм бағытына қолдан келген көмегін көрсетуде. Сонымен қатар жеке компаниялар да, кәсіпкерлер де атсалысуда. Жақында Qazaq Air әуе компаниясы да киелі шаһарға Алматы – Тараз бағытындағы жаңа рейс ашты. Елдің ірі мегаполисі мен көне шаһардың арасында бұған дейін әуе жолымен ешқандай байланыс болмағанын ескерсек, бұл қадам үлкен өзгерістердің бастауы екені, әсіресе, ел аралаушылардың айы оңынан туатынын көруге болады. Алматы әуежайы Орталық Азиядағы ең ірі әуе қақпасы екені аян. Бұл қалаға батыс пен шығыстан қатынайтын әуе компаниялардың санында шек жоқ. Енді шетелдік тәкаппар туристі Алматыдан алты сағат уақытын жолға сарп еткізбей, небәрі 55 минутта Әулиеата әуежайына Bombardier Q400 ұшағымен жеткізуге болады.

Осы рейсті пайдаланып өткен аптада алматылық бір топ турист, журналист, блогері бар он шақты кісі жиналып, Таразға барып тамсанып қайттық. Жаңадан ашылған рейспен аптаның сенбі, жексенбі демалысында қандай қызыққа бөленуге, қанша тарихи орынды аралап көруге болатынын көзімізбен көрдік.

Көне Тараз» археологиялық паркі

Алматының мың жылдығын дәлелдеу, әлбетте қиынға соққаны белгілі. Таразға 2000 жыл толғанын – қаланың қақ ортасында табылған жеті қабат жерастында ғасырлар бойы сақталған ежелгі шаһардың орны айтпай-ақ көрсетіп тұр. Қалашықты қазу кезінде мәдени қабаттардың барлық қатпарларын ашу арқылы көне Тараздың ең төменгі қабаттары б.д.д. І ғасырдың соңында бұл аймақта тіршілік болғанын көрсетеді.

Жамбыл облысының басшылары екі жылдай уақыттың ішінде бұл аймақты «Көне Тараз» археологиялық паркі етіп ашты. Аспан астындағы музейде әлі күнге дейін құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жер қойнауында қалған ежелгі шаһар толық аршылып біткен жоқ. Дәл осы жерден табылған түрлі бұйымдар мен жәдігерлерді парк аумағындағы жабық музейде экспонат түрінде сақтаулы. Аршылған ежелгі қаланы жаңбыр суы шайып кетпес үшін оның аумағын үлкен шатырмен жауып қойғаны қуантты. Қонақтар әр тасты, әрбір аршылған дуалды түртпектеп шұқыламас үшін арнайы ағаштан жасалған жолдар салынғаны – мәдени мұрамыздың сақталуы жолындағы оңтайлы шаралар екеніне көзіміз жетті.

Бірақ біздің топ, Тараздың тарихын білмекке, көрмекке келген басқа да туристер бұл игіліктерге қолы жетпей, құйған қаржысының желге ұшқанын түсініп, Қарахан мен Айша бибі мазарына барудан басқа амалы жоқ екенін түйсінді. Ұзын лентамен жауып тастап, «бұл жерде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, басшылық кіргізбесін деген талап қойды» деп қарауыл көне шаһардың маңайына бармауымызды өтінді. Дегенмен «біз журналист едік, анау едік, мынау едік» деп маңайлап барып көруге рұқсат сұрап, суретке түсіріп алдық. Көктем мен жаз айларында туристердің қаптап жүретінін ескерсек, Тараз қаласы басшыларының мұндай қадамға барғаны қызық-ақ. Не болмаса ескертпе жазылған қағазды да ілмеген. Көзі ашық, көкірегі ояу шетелдік турист, өз еліне барған соң Таразда дым көре алмағанын отандастарына айтады, жеткізе алмағанын әлеуметтік желідегі парақшасына жазады. Қанша бюджетке түсетін қаржыдан қағылатынымыз хақ. Осыдан кейін «елімізге турист неге аз келеді» деп бас қатырып, түрлі конференциялар ұйымдастырып тағы ақшамызды шашамыз.

«Сын болмай, мін болмайды» дейді атам қазақ. Барымызды насихаттасақ, бай мұрамызды көрсетуге қолжетімді етсек, төл тарихымызды танытсақ – Ұлы дала елін көргісі келетіндердің қатары көбейіп, елдегі туризм саласы аяғынан нық тұрып, бюджет түсімдерінің негізгі тетіктеріне айналар еді.

Бір өкінішті бір қуаныштың басатыны рас екен. Археологиялық парк аумағында шығыс стилінде өрілген мұнара бар. Осы күні есігі айқара ашық екен, бізді мұнараның жоғарғы қабатына көтерілуге тегін кіргізді. Жалпы, төлеп кіретіндерге бағасы қолайлы – 200 теңге. Әлгі биіктен Тараздың бүгінгі келбетін айқын көруге болады.

 

Жұмбақ шаһар Ақыртас

Өңірдің сан қатпарлы тарихын баяндайтын тағы бір мұралардың бірі – Ақыртас қалашығы. Тараздан 45 шақырым қашықтықта, тау баурайында тұрғызылған тас қамал іспеттес шаһардың тылсымы көп. Тарихшылар әлі күнге дейін нақты деректер келтіре алмай, түрлі болжамдар айтуда. Бір дерек көздері араб шапқыншылығы кезінде тұрғызылған қамал десе, енді бір тарихшылар буддизм шіркеуі болуы ықтималдығын айтады. Одан бөлек те түрлі әфсана ел аузында айтылып жүр. Бұл қалашық жайында алдағы нөмірлерде жеке мақала жазуды топшыладық.

Сапарды қолдап, жай-күйімізге алаңдаған «Алтын керуен» туристік мекемесі, оның басшысы Альбина Веймер, «Айша делюкс» қонақүйі, «Әулиеата» халықаралық әуежайы Тараз туризмінің дамуы жолында қыруар жұмыс атқарып жатқанын айта кетуіміз керек.

Асқар Бек

Айқын апта. – 2017. – 27 мамыр

 

 


 
 

Тарихтан тартқан тамырын (Облыстық тарихи-өлкетану музейі)

Тарихтан тартқан тамырын (Облыстық тарихи-өлкетану музейі)

          Музей қоры жаңа жәдігерлермен толығып келеді.

Облыстық тарихи-өлкетану музейі 1931 жылы ашылған. Сол жылы 23 тамызда Әулиеата кеңесі отырысының қабылданған шешімінде былай делінген: «Музей 25 тамызда ашылсын, ол туралы Әулиеата қалалық кеңесінің радио желісі арқылы хабарлансын. Келушілерге күн сайын сағат 5 пен 8-ге дейін есік ашық. Экскурсия ерекше келісіммен. Кіру тегін»

1940 жылдардың соңында музей жаңа мәртебеге ие болды. Жамбыл облысының құрылуына байланысты музей енді бүкіл облыс тарихы мен мәдениетін қамтыды. 1970 жылдардың ортасында облыстық музей бүкілодақтық туристік жол желісіне енгізілді, ал 1977 жылдан шетел туристері келе бастады. Археологиялық және ғылыми жинақтау экспедицияларының нәтижесінде музей қоры толықтырылды, қазіргі таңда облыстық музейдің мемлекеттік тіркеуінде 65 мыңға жуық жәдігерлер сақталған.

2002 жылы Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойы қарсаңында музейде 3 жаңа павильон ашылған: «Көне түркі тас мүсіндері және көне түркі жазулары», «Л.В.Брюммердің көркемсурет музейі» және ежелгі Тараз қаласының тарихынан сыр шертетін «Тараз 2000 залы». Бүгінде музейдің жалпы экспозициялық алаңы 2010 шаршы метрді құрайды.

Біз басқа өңірлерде кездеспейтін бірегей құнды жәдігерлермен мақтана аламыз. Қазіргі таңда облыстық музей тараздықтардың көп келетін сүйікті мәдени демалыс орындарының біріне айналып үлгерді.

Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа Жолдаулары мен «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері облыстағы тарихи-мәдени мұраларды зерттеуде және насихаттауда талмай еңбек етуде. Музейлік маңызы бар заттар жинастырылып, сараптамадан өткізіліп, құжаттар толтырылады. Музей залдары бойынша тақырыптық және бөлімдерге шолу экскурсиялары өткізіліп отырады. Мектептерде, кітапханаларда, жоғары оқу орындарында, облыс пен қала кәсіпорындарында музей қызметкерлері жылжымалы көрмелер ұйымдастырып, баяндамалар өткізеді. Музейдің «Жұртшылықпен кездесу» және кинодәріс залдарында білімгерлер мен оқушылар үшін облысқа танымал азаматтармен, тарихшы ғалымдармен кездесулер, мәнді атаулы күндерге орай «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырылады. Облыстық музей қоры құнды жәдігерлермен толықтырылуда.

Қаланың барлық мәдени іс-шараларына музей қызметкерлері атсалысып келеді. «Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі» – өткен тарих пен қазақ мәдениетін түгелдей көрсететін бірден-бір мәдени ошақ. Музей қорында жиынтық заттар едәуір көбейіп, сирек кездесетін жәдігерлер саны соңғы кезде арта бастады. Сондықтан музейге келушілер саны да жылдан-жылға артып келеді.

Облыстық музей қаланың және аудандардың жас мамандарына әдістемелік көмек көрсетіп, қолдау жасайды. Музей қызметкерлері өзекті тақырыптарға құрылған республикалық конференцияларға, семинарларға белсене қатысып жүр.
Еліміздің басқа облыстарында, қалаларында, мәдени ошақтарында, музейлерінде «Мәдени күндерге» орай ауқымды жылжымалы көрмелер ұйымдастыруды да қолға алғанбыз. Көп жылдар бойы дәстүрлі түрде 18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай «Ашық есік» күні акциясы үзбей өткізілуде. Музей күні 1977 жылдан бастап әлемнің 150 елінде аталып келеді. Әдеттегідей, бұл күні музейге келушілерге ерекше қызықты, танымдық экскурсиялар, ойындар, викториналар ұсынылады.

Жанна Қосалиева, 

облыстық тарихи-өлкетану музейінің археология

және этнография бөлімінің меңгерушісі.

Ақ жол. – 2017. – 18 мамыр (№54)


 
 

Хан Жамбыл жайлы не білеміз?

Хан Жамбыл жайлы не білеміз?

 Ол бостандық үшін күрескен батыр бабалардың бірі болатын

 

Ат тұяғының сынығы, шашақты найзаның ұшы қалған Қаратаудың қойнауы – кәрі тарихтың сабағы. Тау баурайындағы, дала төсіндегі белгісіз сағана там, сартас молалар, қасқайған құлпытастар, беймәлім үйінділер – барлығы да кешегі жаугершілік заманның айшықты көрінісі. Ары алдындағы аманатына адал бабаларымыз өзгеге сүйегін қорлатпай, басын басындырмай күн кешті. Шындық үшін шыбын жанын да қиып жіберуге әзір, керек кезінде қиып та жіберген ерліктің үлгісі қазақ даласында тұнып тұр.

Әулиеата өңірінде Хан және Жамбыл таулары бар. Тасын түртсең тарих жайлы төгіліп қоя беретін таулардың бойындағы бұла күш, тағылымды сыр талайды таңырқатқандай. Бүгінде жыр алыбы Жамбыл бабамыздың атымен аталатын облысымызда тарихи мекендер мен шежірелі өл­келер көп. Өз өмірбаяны тура­лы жыр алыбы: «Шу өзенінің бойы­мен жүре берсеңіз, Хан және Жамбыл деген екі тауға кез боласыз. Менің әкем Жабай бір кезде осы тауларда көшіп-қо­нып жүрген. Жамбыл тауының етегінде, қақаған қатты боранды күні мен туыппын! Маған сол көне Жамбыл тауының есімі ат болып тағылыпты. Бұл 1846 жы­лы ақпан айы екен. Менің әкем Жабай шоқпыт шапанды көшпелі кедей адам болған», деген ұлы жырау өз өмірбаянын «Байғара, Жам­был, Ханда мен туыппын» деп те жырға қосқан.

Жамбыл тауының түпкі жы­ныс­тары ашық, беткейлері тік, құлама. Топырағы сұрғылт қоңыр, қиыршықты болып келеді. Боз жусан, бұйырғын, баялыш, күй­­­реуік көбірек өседі. Талай сәт­терге куә болған, ішіне сыр бүк­кен Жамбыл тауының тарихы тереңде жатыр. Жамбыл ақын «Көз аштым, сорғалаған қанды көрдім, қамыққан, қанды жасты жанды көрдім. Ел көрдім – еңіреп босқан аңды көрдім, Қойнында Алатаудың зарды көрдім» немесе «Қақаған қар аралас соғып боран, Ел үрей, көк найзалы жау торыған. Байғара, Жамбыл, Хан­да мен туыппын, Жамбыл деп қойылыпты атым сонан» деп жырлайды. Бұл – тарихтың шын­дығы. Басынан талай аласапыранды кешкен, талай азапты көрген қазақ халқының өлеңмен өрілген бір шежіресі.

Тарихтан белгілі, бұл уақыт­тарда Жетісу өңірі Қоқан хан­ды­ғына қарады. Бұл кезеңде ел басқаруда жолсыздық белең алды. Бір жағынан ақ патшаның, екінші жағынан жергілікті би­леу­шілердің шектен тыс ал­ым-салығы да халықтың шамына тиіп, ыза-кек өрттей қаулап тұрған шақ еді. Қоқан хандығы бұл өңірді 1864 жылға дейін би­леді. Жалпы, Хан, Жамбыл тау­лары жайлы аңыздардың сыр шертері бар. Жаугершілік замандарда қалмақ ханының Хан тауы маңында үш түмен әскері тұрған екен. Бір күні хан Сырдария бо­йын­дағы қалаларды шабу үшін түменбасыларын шақыртыпты. Әскерінің бір түмені Хан тауының етегіндегі Жыландысайда, біреуі Жамбыл тауының етегінде­гі Жы­­ланды­бұлақта, бір түмені Бас және Орта Ақтөбелердің ма­ң­айында болған. Алайда, Хан және Жамбыл тауларындағы түменбасылар барыпты да, Ақ­тө­бедегі түменбасы  келмей қа­лыпты. Түннің бір уағында ханға жолыққан түменбасы ханның аяғына жығылып, Бас Ақтөбедегі қазақтар қалмақ ханының Сыр бойындағы қазақтарды шабатынын біліп, қорғанды бұзып қашып кеткенін айтады. Аңыздың өзі ақиқатқа жетелейді. Тарихтың те­рең қатпарларына үңілдіреді. Толғандырады.

Дүниеде ештеңенің атауы се­беп­сіз қойылмайды. «Құдайсыз қу­рай да сынбайтынына» сенген қазақ әрбір атауға, әрбір есімге ерекше мән берген. Ұлы қазақ да­ласында бір ғана Хан тауы бар. Ғалым Сәйден Жолдасбаев өзінің «Жетісу тарихы» деген еңбегінде Хан тауын зерттейді. «Хан сатысы», «Хан қорасы», «Хан оры» деген тарихи орындар­ды ашып, ғылыми айналымға шығарады. Ғалым өз байламында бұл атаулардың барлығын да Керей және Жәнібек хандармен байланыстырады. Тіпті, Керей хан осы Хан тауында жерленген деген де аңыз бар. Тарихшылардың айтуынша, Хан тауындағы ежелгі құбылыстардың барлығы да әр замандарда жауды бақылап отыру үшін пайда болған делінеді. Қо­қан хандығының қыспағына шыдамай, жауға қарсы шапқан батырлардың бірі – Ерназарұлы хан Жамбыл деп айтылады. Хан Жамбыл бабамыз Үйсіннің бір бұтағы Ыстыдан тарайды.

Дүниеде тарихтан көне ештеңе жоқ. Кәріқұлақ, көнекөз тарих ұрпағының алдына сонау замандардан бастап күні бүгінге дейінгі шежірені жайып салады. Ат ауыздығымен су ішіп, ер еті­гі­мен қан кешкен заманда, қазақ Ресей мен Қоқанның қыспағында қалғанда, елдің бас көтерер, рух оятар азаматтары ел тыныштығы, ұрпақ амандығы үшін атқа қон­ды. Сондай ерлердің қатарында Ер­назарұлы хан Жамбылдай ерлердің болғандығы да күмән тудырмайды. Хан Жам­был баба­мыздың өзі Қоқан қыспағына қарсы шығып, тарихта қалған тұлға. Кезінде көздегені қазақтың кең-байтақ жері болған Қоқан хандығы орыс отаршылдарымен бірігіп, тізесін батырады. Алайда, Хан Жамбыл артындағы қараорман халқына сеніп, Байғара екеуі Қоқан хандығына алым-салық төлеуден бас тартады. Қоқан хандығы бұған оңайлықпен көне ме? Содан Байғара мен Хан Жамбыл рулы қалың елді соңынан ертіп, ата қонысынан ауа көшіпті дейді. Керей мен Жәнібек хандар ту тіккен Шу өңірінің Қозыбасы тауына тұрақтайды. Бұл уақытта Қоқанның қолы бұл жерге жете қоймаған екен.

Арада уақыт өтіп, дәуір бір арнаға түсті. Кешегі кер заман, жау­гершілік уақыт тарихқа жүк болып қалды. Енді сол тарихты ұрпаққа жеткізетін, кейінгі буынға шежірелейтін кез келді. Хан Жамбыл бабамыздың ұрпақ­тары да бүгінде бір қауым ел. Олар да баба атын қастерлеп, болашаққа қалдыруды өздеріне парыз санайды. Қашанда ел ерсіз болмаған. Ерлердің ерен аты ұрпаққа үлгі. Хан Жамбыл ұр­пақ­тарының бірі, бүгінде ақ­сақалдық жасқа жетіп отырған Көшербек Жұманқұлов та бабасы жайлы көп жайды толғайды. Бұл кісі кейіннен тағдырдың жазуымен Хан Жамбылдың Шу бойынан өз еліне оралғанын айтады. Жаз мезгілінде баба салтымен тау жайлап, қыста Талас бойына кө­шіп, бейбіт ғұмыр кешкен екен. Талас бойындағы Жаңақорған қалашығын салдырғанын да ұрпақтың біле жүргені жөн.

Ал жазушы, драматург Бо­лат Бекжановтың да Хан Жамбыл жай­лы өзінің айтары бар. Жазушы әңгімені тарихи баян арқылы өрбітті.

– Кезінде Қоқан хандығы біз­ден алым-салық алып тұрған. Қо­қанның қазаққа көрсетпегені жоқ. Міне, осы жайларға Хан Жамбыл қарсы болған. Ақыры, Мойынқұм жеріне қарай көшкен. Бүгінде Мойынқұмдағы Жамбыл тауы сол кісінің атымен аталады. Сол тауда қазір тастан жа­салған тақ тұр. Сол жерде қазақтар Жамбыл Ерназарұлын хан қылып көтерген. Ол кісінің ең үлкен ұлының аты Шоқпар. Шу өңірінде Шоқпар деген жер бар. Бұл да сол Шоқпар бабамыздың құрметіне қойылған. Хан Жамбыл бабамыздың немересі Бейбіт би де халыққа танымал адам болған. Оязға да белгілі ол төменгі Та­ласта ғұмыр кешкен. Көптеген үл­кен дауларды шешкен. Кезінде Меркіде Нұрмағамбет деген кісі өткен. Сол Нұрмағамбет пен атақты Керімбай болыс қа­зақ жолымен құда болыпты. Нұр­мағамбеттің қызына Керім­байдың ұлы бесікте жатқанда-ақ айттырылып қойыпты. Алайда, бірі бай, бірі болыс, екі құданың ара­сы­на бір келіспеушілік кіріп Нұрмағамбет бай қызын қырғызға ұзатып жібереді. Даудың өрші­гені соншалық, арасында кісі өлі­мі де болады. Содан Меркіде Нұр­мағамбет бай бір киіз үй, Керімбай болыс бір киіз үй тігіп, Бейбіт биді күтеді. Ақыры, Бейбіт би Нұрмағамбеттің үйіне келіп, қамшысын үш сілтейді. Керімбай болыстың тіккен үйіне келіп, ол жерде де қамшысын үш рет сілтейді. Сөйтіп, биге арнап тігілген жерге келіп отырып, сөз бастайды. «Нұрмағамбет, сен біріншіден, қазақтың салтын бұздың. Екіншіден, кезінде бесіккерді құда болып едің. Ақы­ры, айнып, уәдеңде тұрмадың. Сон­дықтан, сен кінәлісің», дейді. Осындай дауларды шешкен Бейбіт би де Хан Жамбылдың ұрпағы. Тарихта көп айтыла бермейтін, Қоқанға қарсы шыққан адам осы Хан Жамбыл. Ол кезде Қоқанға қарсы шығу деген үлкен қатер. Ал атақты жырау бабамыз Жамбыл Жабаев сол Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген, – дейді Болат Үмбетәліұлы.

Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Айтулы Мағжан ақын да «Ерлерін ел де, жер де ұмытпайды» деп жырлап еді. Ұрпақтың бүгінгі асыл мұраты, ақиық арманы ба­балар ерлігін, атын ұмыт қал­дырмай, оны келешек ұрпаққа насихаттау болып табылады. Жуырда сарысулық кәсіпкер, «Алтын орда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Дәулеталды Жанбаев баба рухына арнап ас беріп, Құран оқытты. Бұл күні Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданы және Жамбыл облысының Сарысу ауданының түйіскен шекаралас аймағында, қарт Қаратау сілемін бойлай аққан Арыстанды, Қарасу өзендерінің маңына бірнеше киіз үй тігіліп, көпті көрген көнекөз қариялар тарихтан сыр шертті. Көпшілік Ерназар әулие мен хан Жамбылдың аруағына дұға жасап, Алладан медет тіледі. Бәйдібек ауданы, Шақпақ ауылының тұр­ғындары Елубек Сералиев, Әлмырза Еркебаев, Құсибек Наурызбаев сияқты ел қариялары ата тарихтың ұрпаққа беймәлім тұстарын әңгімеледі. Хан Жам­былдың Қоқан хандығына қарсы күрестегі ерлігін айтты.

Дәулеталды Жанбаев құба далада елеусіз жатқан бабалардың басына кесене орнатсам деген де ойын айтты. Сондай-ақ, көнекөз қариялардың аузынан бабалар жайлы естелік-шежіре жинап, оны тарихпен ұштастырып кітап шығару ниеті де бар екен.

Игі шара барысында жиналған көпшілік, баба ұрпақтары әуелі Ерназар әулиенің басына барды. Алақан жайып тілеген дұға қабыл болғандай, аспанның да тиегі босап, нұр сорғалағандай жаңбыр төкті. Артынша күн көзі күлімдеп, айнала төңіректі бір ғаламат күйге бөледі. Құлпытастың бетінен «Назарымбетұлы Ерназар Шоғайдартегі. 1705-1795» деген жазу көрінді. Кезінде әулиелігімен аты шыққан Ерназар баба тоқсан жасаған екен. Бұдан кейін көп­шілік Хан Жамбылдың басына келді. Арасы үш шақырымдай жер. Елсіз далада, аспан астында тұрған құлпытастың бетінде «Ерназарұлы Хан Жамбыл, Шо­ғайдартегі. 1772-1872» деген жазу бар екен. Хан Жамбыл баба­мыз да ғасыр жасап дүниеден көшіпті. Бұл құлпытастар 2001 жылы, яғни осыдан он бес жыл бұрын орнатылған екен. Жаңбыр шайып, күн қақтаған құлпытас ұрпағына бар тарихты баяндап, аманат арқа­латып тұрғандай.

Болашақта Ерназар әулиенің, Хан Жамбылдың бой көтерген кесенелері де қазақ жеріндегі бір қастерлі тарихи орынға айналарына күмән жоқ. Бұл – қолдан жасалған, ойдан құрастырылған жалған тарих емес, кешегі «болып бір кеткен жайсаң» бабалардың тарихи баяны. Ұрпақтың ұла­ғаты осындай сауапты істерден көрінеді.

 Хамит ЕСАМАН

ТАРАЗ

Егемен Қазақстан. – 2016. – 22 қыркүйек. – 7 б.


 
 

Тараз жері – тұнған тарих

Тараз – тарихымыздың алтын діңгегі. Осынау тарихы тасқа, шежіресі құмға сіңген киелі өлкеде ежелгі дәуірлерден, орта ғасырлардан жеткен ұзын-саны 1000-нан асып жығылатын тарихи-мәдени мұралар бар. Бұл қасиетті мұралар тек бір елдің, бір ұлттың мүддесі үшін емес, бүкіл Жер шарын мекен ететін адамзат үшін қызмет етіп келеді.

Бүкіл адамзатқа, оның ортақ өркениетіне тән жәдігерлердің қазақ топырағында орын тепкен бірегейлерінің бірі – іргетасы шамамен осыдан 2100 жыл бұрын қаланған, қай-қай дәуірде де өзінің аса ірі мәдени-рухани және саяси орталықтардың бірі санатындағы биігінен төмендеп көрмеген шаһарлардың бірі – Тараз қаласы екені даусыз.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Тарихын білмеген ұлттың болашағы да мүшкіл болуы мүмкін» деген еді. Расында да, соңғы ғасырларда қазақ халқының болмысы үлкен өзгеріске ұшырап, тарихи жады өше жаздаған еді. Тәуелсіздік жылдарында ғана ұлттық санамыз қайта жаңғырып, тарихымызды түгелдей бастадық. Бүгін де көне тарихымыздың көмбесі – қасиетті Тараздың киелі мұраларын «Қазақстанның киелі жерлері» айдарымен назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Таза сезім символы

Айша бибі кесенесі – ХІ-ХІІ ғасырлардағы сәулет өнерінің үздік нұсқасы. Тараз қаласынан 17 шақырым жерде Жамбыл ауданының Айша бибі ауылында орналасқан. Бұл өңірге аяқ басқан әрбір адам мұсылман әлемі құрмет тұтатын, «әулие орын» деп аталған ортағасырлық сәулет өнерінің інжу-маржаны Айша бибі кесенесіне ат басын бұрмай өтпейді.

Ғасырлар тереңінен біздің заманымызға дейін кесененің батыс жақ қабырғасы мен оған жапсарлас қабырғаларының қалдықтары ғана жеткен.

Кесене жобасы – шаршы формалы бұрыштарында колонналары бар құрылыс. Кесене қабырғаларының сыртқы жағы қолдан ойылған ою-өрнектері бар 62 түрлі терракот қыш тақталармен көмкерілген. Әрқилы үйлесім мен нұсқалардан тұратын, түрлі өсімдік гүлдері мен геометриялық түрлер сарынындағы өрнектерге бай. Бұл – орталық Азия мен Қазақстандағы өн бойы ою-өрнектермен көмкерілген жалғыз ескерткіш.

Сондықтан да Айша бибі кесенесі қазақ халқының ежелгі ою-өрнегін сақтаған музейі іспетті. Қабырғаларының ортасында жебе бейнелі иіндермен көмкерілген терең қуыстар бар. Колонналардың жоғарғы жағы ваза түрінде жасалған.

Кесене құрылысына антисейсмикалық мақсатта арша ағашы пайдаланылған.

Жерленген адам туралы тек аңыздар ғана сақталған. Аңыздардың бірінде Тараз билеушісі Қараханға сапары кезінде жылан шағып, қайтыс болған Зеңгі баба мен Ануар бегімнің ару қызы Айша бибі туралы айтылады. Аңыз бойынша – Қарахан өзінің сүйіктісіне арнап керемет кесене салдырған. Қазіргі күні жастар Айша бибі кесенесіне мәңгілік махаббаттың, таза сезімнің, пәктіктің символына айналған киелі орын ретінде мінәжат етуге келеді.

Бабаджа Хатунға құрмет

Айша бибі кесенесінің маңына орналасқан. Кесене өзінің композициясы мен құрылымы жағынан өте қарапайым. Құрылыс күйдірілген кірпіштен салынған. Қабырғаларында сәндік безендірулер жоқ, бірақ сәулеттік құрылыстың жинақы әрі қарапайым ою-өрнектері үйлесім тапқан.

Кесененің көркемдік пен сымбаттылық беретін призмалық барабанға орналасқан 16 қырлы конус жабыны – Қазақстан күмбездерінің ішіндегі ең ерекшесі. Қасбетінде: «Бұл Бабаджа Хатун қабірі. Оны салушы» деген жазулар бөлігі сақталған. Шебердің аты-жөні сақталмаған.

Аңыз бойынша, кесене Айша арудың күтушісі болған, кейіннен бибісі өмірден өткен соң жас қабірдің өмір бойғы шырақшысы міндетін атқарған парыз адамы – Бабаджа Хатунның жер бесігі үстіне орнатылған.

Қарахан – әулиеата

Тараз қаласының орталығында орналасқан (Төле би мен Байзақ батыр көшелерінің қиылысы), ортағасырлық рабат аумағындағы діни-мемориалдық кешенге кіреді. Кесене Қараханидтер әулетінің көрнекті тұлғасының бірі – Шах Махмуд Қараханға арналып салынған. Кесенені салушы шебердің аты-жөні тарихта сақталмаған. Кесененің алғашқы нұсқасы біздің заманымызға жетпеді. 1906 жылы жергілікті тұрғындардың күшімен алғашқы кесененің орнына қайта салынған, алайда оның сәндік өрнектері жойылған. Кесененің алғашқы келбеті мен сәулеттік құндылығын тек 1902 жылы түсірілген фотосуреттен ғана көре аламыз. Суретте кесене шаршы формалы. Бас қасбетінде кірпіштен өрілген өрнектер бар. 1961 жылғы қазба жұмыстары кесенені сәндеу үшін 30-ға жуық түрлі терракоттар пайдаланылғанын анықтады. Кіреберіс иіні сүйірлене қаланып колоннаға тірелген. 1836-1936 жылдар аралығында қала Қараханның құрметіне Әулиеата деп аталды.

Қазір бұл жер – бесік орналасқан орталық залы, үш бұрышында үш құджыра бөлмелері бар порталды-күмбезді құрылыс. Қарахан кесенесінің қабырғалары патшалық кезеңінің кірпіштерімен өрілген. Күмбезі мен арқалық ойықтары ғана ХІ ғасырдағы кірпіш-плиткалармен салынған.

 

Тектұрмастың тұрағы

ХІV ғасырда Талас өзенінің оң жағалауында Тектұрмас кесенесі салынған және бұл діни орындардың бірі болған. Осы төбенің басында зороастризм, христиандық, мұсылмандық рәсімдегі зираттар орналасқан. Төбенің етек жағында ежелгі жерасты жолы және Талас өзені арқылы өтетін тас көпір болған.

ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы атеистердің дінге қарсы саясаты кезінде көптеген тарихи-мәдени ескерткіштер толықтай немесе жартылай қирады. Тектұрмас кесенесінің тек фотосуреті ғана сақталып қалған (ХІХ ғ. 80-жылдар). Кесене формасы қарапайым. Аталған мекенге 2001 жылы археолог А.Итенов қазба жұмыстарын жүргізді. 2002 жылы кесененің алғашқы орнында жаңадан кесене тұрғызылды. Кесене жергілікті халыққа Тектұрмас атымен белгілі Сұлтан-Махмудхан жерленген орын ретінде белгілі. Ал Тектұрмас сөзінің өзі түркіше «тынымсыз орын» дегенді білдіреді.

Гүлжан Рахман

Астана ақшамы. – 2017. – 23 қыркүйек

Жуалы-Мыңбұлақ

Жуалы-Мыңбұлақ

     

 ….Жуалыға келгенде жыл құстары қанатын қомдағанымен өскен, өнген жерін қимай, төмендеп ұшып, аймалап, Шақпақ асуы арқылы қысқы мекеніне жол тартады. Бұл көрініс жер бетінде тіршілік пайда болған кезден бері жалғасып келеді. Сондықтан да жұлдызы да, жері де биік Жуалыны орнитологтар Құс жолы деп те атайды.

 Жуалы-Мыңбұлақ аты орта ғасыр тарихында, саяхатшылар мен жиһан­герлердің жазбаларында жиі айтылады. Ұлы Жібек жолының алтын арқауында жатқан Жуалы жері талай тарихшылар мен саяхатшыларды да қызықтырған. Мәселен, 846-847 жылдары Жуалыда болған араб саяхатшысы Убейдаллаһ ибн Хордабек күнделігінде өңір туралы былай жазыпты: «Испиджабтан (Сайрам) Будухкетке келдік, одан Тамтаджға (Түлкібас), одан Абарджаджға (Мұнарлы төбе) 4 фарсах жол жүріп Жувикет арқылы Таразға жеттік» десе, 1246 жылы Шыңғыс ханның шапқыншылығынан кейін Ұлы Жібек жолының сүрлеуімен жүрген римдік Плано Карпини деген саяхатшы мынандай жазба қалдырған: «Бұл жерде біз қираған, талан-таражға түскен көп қақпалы сарайлары бар сансыз қалалар мен қаңыраған бос көптеген елді мекендерді тап­тық». Осы деректерден-ақ осы өңір­дің мәдениеті мен эконо­микасының шам­шы­рағы болған бекініс­тер мен қала-қорғандар көп орын тепкенін, халқын Шыңғыс хан аяусыз қырғанын аңғаруға болады. Тек Жуалы жерінде Жуакент, Баркубас, Абарджадж, Ақса­­рай, Шақпақата, Бақаата, тағы басқа қамалдар мен бекіністер, қалалар мен қорғандар болған. Табиғаты ғажап өңірде қала салмау, хандар жаз жайлау етпеу мүмкін емес.

Алатау мен Қаратаудың Құлан, Борал­дай, Бөкей, Ақшоқы, Арқарлы, Қошқарата, Ақсу-Жабағылы, Берікқара сілемдері қоршаған көк майсалы аңғар мен шалқып жатқан Билікөл кімнің болса да көзінің құртына айналған. Жуалы жері шапқыншылық кезінде жаудан қорғанар берік қалқан болған. Жеріне қарай оны қорғайтын даңқты ұлдары да шашақты найзаны қолға алып, қорамсаққа қол салып, туған жерін, елін қорғаған. Осы өңірді Қойкелді, Ақша, Құлан, Рысбек, Тілеуке, Қожық, Құттық, Онбай, Бердіқожа, Байдәулет, Есір­кеп, Тоғанас, Бармақ, Садыбай, Шоқан, тағы да басқа батырлар мен дуалы ауыз бабалар мекен еткен, табандары тиген. Күні кеше ғана Байзақ, Батырбек датқалар, олардың ұрпақтары – Ақмолда мен Мақұлбек қазақ халқының бірлігі үшін шайқасқан, күрескен. Қолбасшы Бауыржан Момышұлының інілері, генералдар – Тәттібай Дүйсебаев, Есен Деме­сінов, Тілепалды Ибраев, Бақыт­жан Ертаев, Сейітжан Қойбақов, Диқанбек Сатылғанов, Владимир Тегубенко, Димитрий Кавешников, Александр Тромбачев сынды азаматтар Жуалыдан ұшқан сұңқарлар. Айта берсе тағылым болар тарих, үлгі болар ел азаматы көп.

Бүгінгі күні батырлар ұрпағы – қа­зақ­тың төлқұжатына айналған аталары – Тұрар Рысқұловтың, Бауыржан Момышұлының, Шерхан Мұртазаның мәңгілік өсиеттерін ұран етіп, тәуелсіз Қазақстанның көк байрағы биік желбіреуі үшін еңбек етіп, ұрпақ тәрбиелеуде. Күйік пен Шақпақ асуларының арасында, Теріс өзенінің Шақпақ, Ақсай, Көксай, Бақаты, Боралдай саласы мен батысқа қарай ағатын Қошқарата өзендерінің жағасында, таулардың баурайында егін салып, мал өсіруде. Өзін жуалылықпын деп есептейтін Шыңғыс Айтматов 1969 жылы «Правда» газетінде туған жері туралы былай толғады: «Аңызға айналған Ақ бидай өлкесі – Жуалы өңірі менің санамда мәңгілік қалып қойды. Өмірдің шартарапқа сүйреген жолы мені Жуалыдан бірте-бірте алыстата берді. Одан алыстаған сайын, Ақ бидай өлкесіне деген сағынышым күшейді. Орақ науқанын сағынған кезде есіме сол өлке түседі. Алыс жерлер мен теңіздерді басып өтіп, бөтен елдерге сапар шеккенде де бүкіл Орталық Азияға әйгілі қазақ әні «Ақ бидай» әуені ерекше елітіп, қуантады. Сол ән осы Ақ бидай өлкесі – Жуалыда туған ғой деп ойлаймын…». Қалай айтсақ та, жазсақ та Жуалы ақ бидайымен де, батырларымен де, мың бұлағымен, сұлу табиғатымен де, тарихымен де қазақ еліне ертеден-ақ белгілі болған.

Жуалының солтүстік шығыс жағында Билікөл бастаған кішігірім бірнеше көл бар. Екі Ақкөліңізге жалғасқан Жартас, Күйген, Ащыкөл, Таскөліңіз бен Қызылкөліңіз осы Билікөлден бастау алып жатқандай көрінеді. Себебі, үлкені де, суының тұщысы да осы көл.

Алатау мен Қаратаудың мың бұла­ғынан нәр алып жатқан Билікөл суының емдік қасиеті туралы ертеден-ақ айтатындар көп болған. Теңіз деңгейінен 500 метрдей биіктегі көлдің айналасы суы шипалы бастауларға толы. Буырыл мен Берікқара баурайларынан атқылап жатқан бұлақ суы шынында да ерекше екенін сараптама жасаушылар жиі айтады. Билікөлдің айналасындағы бастау­лардан шипалы су өндіргендер де аз болған жоқ. Әулиебастау деп аталатын ортағасырлық қала орнының жанындағы қайнар суы республикаға белгілі. Ал көлдің жаға­сындағы Қарабастау ауылының нәрі болып отырған бастау суын көпшілік біледі. Мұнда қысы-жазы суын ішіп, шомылатындар бір үзілмейді. Бір ауылға нәр беріп отырған судың шипалық емі туралы сараптау орталықтарынан қорытынды алған кәсіпкер жігіттер шипалы су өндірмек болғанын да ауыл тұрғындары жақсы біледі. Тастай суық, таңдай тамсандыратын шипалы су бір ауылдың нәріне айналған. Осы ауылда сары ауруға ұшыруашылар ілуде біреу болатындығы – олар тұтынатын Қарабастау суының тазалығында болса керек. Кезінде ақ сазандары мен бақадай шулаған көп балығы береке басы болғанын да ел ұмыта қойған жоқ.

Ертеректе Әулиекөл деп аталатын Билікөлдің айналасында тарихи орындармен бірге мемлекеттік қорғалымға ие болған сұлу, қайталанбас табиғаты бар. Мәселен Берікқарада ғана өсетін терек, алма, пісте, қызғалдақтың өзгеше түрлері, рауғаш еліміздің Қызыл кіта­бына енген. Билікөлдің солтүс­тігі­нен келіп құйылатын Асаның тоғыз тарауы, ертеректе бояу өндірген Жосалы, құпиясын бүгіп жатқан сақ қорған­дары, сұлулығы мен берекесі мол Шыбық­бел мен Ақой, жерасты жолы сияқты тарихи орындардың сыры әлі толық ашылған жоқ. Сыры ашылмаған, Билікөл атауының қайдан шыққаны туралы да тап басып айту қиын. Аңыз бойынша ертеректе тап осы Билікөлдің жағасында өңірдің билері бас қосып, түйінді мәселелерді шешеді екен. Бұл жерде шешілмей кейінге қалатын іс болмапты дегенді айтады. Тіпті, билердің басқосуында бір-біріне қарсы тұрған елдердің мәселелері де талқыланып, шешімін тауып жатады екен. Билердің дұрыс шешім қабылдауына Берікқарадан соққан самал жел мен көлдің шипалы суы әсер етіпті деген аңыз да бар. Аңыз шындыққа негізделетіндігін еске алатын болсақ көл киесі құдіретті екені анық. Сондықтан да, көлдің атауы «Биліккөл» немесе «Билеркөлі» деген сөздің өзгеруінен пайда болса керек.

Жуалыны қақ бөліп шығысқа, тау-тас­ты бұзып, ағып жатқан Теріс өзенінің солтүстік батысындағы адыр-адырлы, қыры мен сайы көп таулы даланы Қошқар­ата немесе Боралдай өңірі деп атайды. Тарихшылар мен жағрапияшылар бұл өлкедегі Үшаша (Үшқоспа, Үшащы), Қостұра, Боралдай, Жолбарысқамал, Ордабасы (немесе Кіші Ордаған, Үлкен Ордаған), Қызтоған, Қалмаққырған, Күреңбел, Садырқамал, Кәріқорған, Көлтоған, Бөкей тауы, Қоғалы, Ақтасты, Төңкөріс, Қаратас деп аталатын тарихи жер атауларының барлығы да Қош­қа­рата өңіріне жатады. Бұл жерлердің басым көпшілігі Көсегеннің көк жо­лының бо­йында жатыр. Қырғыздың Күр­кіреусуынан жететін жол Бақаатаны, яғни, Бақааты қиялап өтіп, Аралтөбе, Қошқарата арқылы Шаянға, одан әрі Бетпақдаланы басып, Ұлытауды бетке алады.

Жуалы жерінде «ата» деген толық­тауышпен аяқталатын үш жер атауы бар. Олар – Шақпақата, Қошқарата, Бақаата. Рас «Бақаатаны» «Бақаты», «Бақатей» деп те атайды. Жуалы жерінен бастау алатын «аталар» Әулиеатаға, одан соң сонау Балқаш көлінің жағасындағы Бектауатаға жалғасады. Жал­пы, тіл білімінің кейбір ғалым­дары­ның айтуынша «ата» деген сөз бұл жерде жасқа немесе әулиелі жерге қосылған анықтауыш емес екенін айтады. «Ата» сөзі «биік», «асқар» деген мағынаны білдіретін сияқты. «Қошқарата» деген атаумен аталатын жер Қырғызстанда, Маңғыстауда бар. Барлығы да Қошқаратаны әулие санайды. «Қошқарата» қой атасы дейтіндер де бар. Бұл жылқы пірі Қамбарата, сиырдың пірі Зеңгібаба сияқты дегенді алға тартады. Алайда, қойдың пірін «Шопаната» деп атайтынын еске алсақ, бұл атауды малмен сабақтастырудың қажеті жоқ. Бұл жерде «Қошқарата» деген сөз батырлықтың, қасиеттіліктің үлкені, ірісі, биігі, асқары деген мағынаны білдірсе керек. Түркі, оның ішінде қазақ батырларының, қолбасыларының дулығаларында немесе ою-өрнектерінде қошқар мүйіздің болуының да осы ойымызбен сабақтасар бір сыры бар.

Жуалының Шақпақата асуындағы құс жолымен қапталдаса орын тепкен Ақсу-Жабағылы қорығы табиғаттың тау­лы өңірінің бар ғажайыбын жинаған.

…Сеңгір – сеңгір тау. Жылдағыдай емес биыл қуаңшылық болған соң Алатаудың басында қар да қалмапты. Алыстан көзге түскен тау басындағы қар қабыршықтанып қарауытыпты.Тауға көтерілген сайын жер бауырлап жатып алған бұлтқа жақындай түстік. Терең құзды жағалап, бір аяқ жолмен жүріп келеміз. Төменге қарауға жүрегіміз дауаламайды. Ақсу өзені терең сайдың табанында балқып, ағып бара жатқан қорғасындай көзге түседі.Мұнда Орталық Азия тауларында кездесетін аң-құс та, өсімдік те түгелімен бар. Тау табиғатының інжу-маржаны осы жерде. Оның үстіне Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында Ақсу және Жабағылы, Жамбыл облысы өңірінде, Тобышақты, Ақсай мен Көксай өзендері қорық аумағындағы мұзаттардан басталады. Бұл өзендердің тастай әрі мөлдір суы жаныңызды рахатқа бөлесе, тәніңізге қуат беретін саф ауасының шипалық қасиеті қандай десеңізші! Тобышақты табиғатының сұлулығын сөзбен айтып жеткізу қиын. Жуалы өңірінде осы Тобышақтыдай қалың тобылғы өсетін жерді кездестіре алмайсыз. Ертеректе жылына бір рет қолөнершілер осында келіп, сабау, қамшы сап, шоқпар дайындап, майда бұтақтарын қымыздың күбісін ыстау үшін алып кетеді екен.

Біз тағы төмен қарадық. Тау мен тасты бұзған су Ақсу өзеніне ұласқан. Өзен­ге дейінгі жарқабақтарының биік­­ті­гі 500 метрден 700 метрге дейін жете­тін­дігін іштей болжап келеміз. Тік құздар­ды қақ жарып ағып жатқан өзенге бару мүмкін емес. «Балықшының аты шөл­деп өледі» демекші, біз де табиғатты қызық­тап, сарқырап ағып жатқан өзеннің жаға­сында келе жатсақ та шөлдеп барамыз.

Шаңқ-шаңқ еткен дауысқа елеңдеп бәріміз көкке көз тастадық. Шыңның ұшар басында қалықтап жүрген бүркітке көзіміз түсті. Тағы да шаңқ етті. Қанатын жайып, толған айдың суретін салып, бір сызықтың бойымен екі-үш рет айналды да төмен қарай құйылды. Бейнебір найза іспеттес, қанатын жинап, тұмсығын соза түсіп, зулады. Оның одан әргі қимылын биік жартас қалқалап көрсетпеді. Мүмкін жемтігін іліп, тояттаған болар. Мұнда құстың түрлері өте көп екенінен бұрыннан хабардармыз. Қорықтың батыстан басталар тұсы Шақпақ асуына жақындағанда құс төмендеп ұшып, тауға көтерілген сайын ақ басты Алатаудың асуынан асып, жылы жаққа қанат қағатын құстың да көп екенін Жабағылы ауылындағы қорықтың музейін аралағанда қаныққанбыз. Мұн­дағы үлкен құстармен бірге суыққа төзімді қарқазысы, торғай сияқты құс аз емес. Тастан тасқа, құздан-құзға секіретін ай мүйізді арқар мен сақалы желп-желп еткен тау текесін, елеңдеген елігін, қор­ба­лаңдаған қоңыр аюын, қор­сылдаған қабанын көрсеңіз – табиғаттың тамашасы осында екеніне кү­мән­­сіз сенесіз де, әсем­дік пен табиғилыққа құлай ғашық боласыз.

Табиғаты адам әре­кеті­мен бұзылмаған Ақсу-Жабағылы қорығы 1926 жылы қазақтың біртуар ұлы Тұрар Рысқұловтың бастамасымен құрылған. Орман маманы Тұрар Рысқұлов табиғат­тың қасиеті мен таңға­жайып­тарын өте жақсы білген. Табиғатты аялау, оның заңдылық­тарын өмірмен байланыстыра білу, ғажайып­тарынан сабақ алу Тұрардай сұңқардың өмірлік ұста­нымы болғанын оның шығарма­ларынан байқауға болады. Сондықтан да туған жердің керім табиғаты мен аң-құсын сақтап қалу үшін сол бір қиын қыстау кезде қорықты құру аса қажет екендігін дәлелдей біліп, жеңіске жеткен.

Қорықты құру мақсаты табиғаттың бастапқы қалпын сақтау және өсімдіктер мен аң-құс дүниесін зерттеу мен қорғау болған. 8000 мың гектардай тау алқабын алып жатқан қорықтың адамның аяғы көп баса бермеген өңірінде аң-құс еркін жүріп, тау шатқалдарына ұя салады, өсіп, өнеді. Мұнда жаз айларында ғана мұзарттардың еруінен пайда болатын жиырмаға жуық көл бар. Көлдердің суы өте мөлдір әрі суық.

Қорық  Жамбыл облысының Жуа­лы және Оңтүстік Қазақстан облысы­ның Түлкібас, Төле би, Бәйдібек аудан­дарының жерін алып жатыр. Ол 1100 метр биіктіктен басталып, 4236 метр болатын Сайрам шыңына дейін созылған тау қыраттарында орын тепкен. Ауа райы құбылмалы. Қазір қорықтың ең биік шыңы Сайрамға көтерілген саяхатшы табиғаттың ғажайыптарының куәсі болатындығы сөзсіз. Бір күнде жылдың төрт мезгілін басыңыздан өткізуіңіз әбден мүмкін. Найзағайы шатырлап, құйындата, селдете жауын жауса, артынша жарқырап күн шығады. Көп уақыт өтпей жапалақтап қар жауа бастайды. Ғажап! Сонымен бірге, ыстығы мен суығы да тез алмасып отырады. Жаз айларында 38 градусқа дейін ыстық болса, қыста 41 градус аяз болады. Соған қарамастан, әлемнің және еліміздің Қызыл кітабына енген, тау шатқалдарынан пана тапқан жан-жануар, ауа райына бейімделген өсімдіктер өте көп. Еліміздің тәжіне айналған тау барысы қорықтың Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттерінің жерімен шектесер тұстарын, Тәңіртау – Алатаудың биік құздарын мекен еткен. Барыс еліміз­де Ақсу-Жабағылыны айтпағанда, бір-екі жерді ғана мекен ететінін еске алатын болсақ қорықтың құндылығы арта түседі. Жануарлардың –52, құстың 267 түрі кездеседі. Сонымен бірге, 1200-ден аса өсімдік өседі. Оның арасында дәрі-дәрмектік шөп те өте көп. Ағаштың – 25, бұталы өсімдіктің 65 түрі бар. Біз алаң­қайдағы керемет көріністерді тамаша­лап тұрып қалдық. Бояуы қанық неше түрлі гүл самал желмен мың бұралады. Ғажап!

Табиғат және оның барлық байлығы адам баласына ортақ емес пе?!. Сондықтан да Ақсу-Жабағылыда ұштасар үш мемлекеттің қорық қорғаушылары табиғат байлығын бірлесе қорғайды. Ол үшін арнаулы бақылау-шекаралық тұрақтар орналасқан.

Жуалының шығысында да, батысында да асу бар. Оның батысындағы Шақпақ аты қосарлана аталатын асу, жел, өзен, ауыл, станса, орта ғасыр қаласы, әулие үңгірі бар. Киелі жердің мінезі де ерекше. Көктем мен жазда арагідік болмаса салқын самал соғып тұрса, күз бен қыста бұл самалыңыз атқұлағы көрінбейтін алай-түлей боранға ұласады. Апталап соғатын боран асу бермей ышқына соға беретіні бар. Ауа райының осындай күндерінде жерұйығын іздеп жүрген Асан қайғы атамыз Шақпақтың боранына тап келіп, Түлкібасқа көтеріле алмай жатып қалса керек. Сонда атамыз; «Аспаның қайқы, жерің дөң, мінезің өр екен» десе керек. Теміржол мен тас жолдың бір-біріне жақындасар жерінде құс жолы да тоғысады. Теңіз деңгейінен бір жарым шақырым биік Шақпақата асуы­нан пойызыңыз да, машинаңыз да қинала, күшене көтерілсе, аспандағы құсы­ңыз да осы тұста жер бауырлай ұшады.

…Жуалыға келгенде жыл құстары қанатын қомдағанымен өскен, өнген жерін қимай, төмендеп ұшып, аймалап, Шақпақ асуы арқылы қысқы мекеніне жол тартады. Бұл көрініс Жер бетінде тіршілік пайда болған кезден бері жалғасып келеді. Сондықтан да жұлдызы да, жері де биік Жуалыны орнитологтар Құс жолы деп те атайды.

…Құс жолы… осы жерде орманның шетінде орын тепкен орнитологтар стансасының қызметкерлері тө­мен­деп ұшып, торға түскен қанаттыларға сақина салады.

…Сақиналы болған ақтамақ қарлығаш бірден көкке көте­рілді. Бостандық деген қан­дай ғажап! Қараңызшы, қара­ңыз­шы, қанатын талмай қағады… Әуелеген құсты өзіне табын­дырған, саясына аялдатқан, алыс сапар алдында қуат берген Жуа­лы жерінің тартылыс күші ғажап!!!

Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ,

журналист,

Жуалы ауданының

құрметті азаматы

Жамбыл облысы

 Егемен Қазақстан. – 2016. – 29 сәуір. – 10 б.

Жамбыл тауының етегінде

Жамбыл тауының етегінде

«Жыр алыбының кіндік қаны тамған жер осы» дейтін бір киіз үй-кешен тұрса менмұндалап

 Жамбыл – Шу-Іле тауларының солтүстік-батыс бөлігіндегі тау. Ең биік тұсы 972 метр болады. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 40-45 шақырымға созылып жатыр. Ені 10-15 шақырымды құрайды. Жер бедеріне, геологиялық құрылымына келсек, таудың жоғары жартасты бөлігінің түпкі жыныстары ашық, беткейлері тік құлама болып келеді. Ғалымдар сонау палеозойдың эффузивті шөгінді жыныс­тарынан түзілген деп тәпсірлейді. Өсімдігіне келсек, қиыршық­тасты сұр қоңыр топырағында боз жусан, бұйырғын, баялыш, күйреуік басым. Өзен арналары бойында тобылғы шоғырлары кездеседі.

 Міне, жазы – аңызақ, аптап, қысы – аязды, ызғырық болып келетін осынау өңірде 1846 жылы 28 ақпанда іңгәлаған үнге іңкәр боп жүрген Жапа атты (ақынның өзі «Батаңды маған бер, әке, тіліме менің ер, әке, Жапаның ұлы ақын боп, жақсы істепті дер, әке!» деп жырлайды) қарға тамырлы қазақтың үйінде нәресте өмірге келеді. Жамбыл тауының етегінде туған сәбидің атын таудай биік болсын деген ырыммен Жамбыл деп қояды. Құдайдың құдіреті, Жапаның тілегі қабыл боп, Жамбылдың даңқы төрткіл дүниеге жайылды. Жамбыл мен Жабайдың (Жапа) аты-жөні еліміздегі мектептерге, көшелерге, ауылдарға, аудандарға, қалаларға, облыстарға берілді. Мысалы, Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылы, Жамбыл мектебі, Жамбыл даңғылдарының болуы осы сөзіміздің жарқын мысалы. Ақынға деген бұл құрметті шетел халқы, оның білікті басшылары мен саналы саясатшылары да қолдап, қолға алды, ескерткіштерін орнатты, көшелерге атын берді.

Жыр алыбы Жамбылдың атын иеленген өңіріміздің жақсы атын бүгінде үлкен жиындардан жиі естиміз. Облыста іске қосылған кәсіпорындардың тұсауын кесіп, ақ жол тілеген Елбасы сөзін Жамбыл жұртын құттықтаудан бастайды. Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ, өткен жылы Ақордасы асқақ Астанадан басталып, еліміз бен өңірімізде ғажайып іс-шаралармен жалғасқан Қазақ хандығының 550 жылдық тойында Президентіміз: «Жамбыл облысы еліміздің басқа да өңірлері сияқты өз дамуы жолында жаңа биіктерге жететініне сенімім мол. Жамбыл облысы – менің ең жақсы көретін өңірім», – деп, ерекше атап өтті.

Жамбыл атымен аталатын өңіріміздің Мойынқұм ауданы аумағындағы Жамбыл тауының етегінде ақпанның ақ боранында туып, 1945 жылдың мамыражай маусымының 22 жұлдызында Алматы қаласында 99 жасында қайтыс болған ақынның туғанына биыл 170 жыл толады. Елімізде ақын құрметіне арналған түрлі мәдени іс-шаралар басталып та кетті. Өңірімізде де атқарылып жатыр. Бірақ бұл іс-шаралар 28 ақпанмен аяқталмай, одан ары қарай да жарасымды жалғасын таба береді. Ел үшін, ес үшін, ұлт ұшін, ұрпақ үшін, тарих үшін, тағылым үшін ақын ғибраттары жыл бойына жазылып, жыл бойына жырлануы керек.

Осындайда Жамбылдың ойы өрелі, кісілігі көшелі ұрпақтарына бір ой тастағың келеді. Қазақ деген халықтың бар екенін жер-жаһанға танытқан (басқасын айтпағанда, атақты «Джентельмены удачи» атты фильмдегі «–Джамбул. – При чем тут Джамбул? – Потому что, там тепло. Там мой дом, там моя мама» деген диалогты-ақ алайықшы) Жамбыл ақынның кіндік қаны тамған жердің тағылымды тарихын таныту үшін неге бір ерекше ескерткіш-белгі қоймасқа?! Ол ескерткіш-белгі Жапа атты қазақтың Жамбыл атты ұлы дүниеге келген киіз үй пішінінде болса дейміз. Сөйтіп, кең тынысты эпик-ақынның атақонысын арнайы іздеп келгендер мен жол-жөнекей естіп, ат басын бұрғандар бір мезгіл аялдап, тау-тастың табиғатымен бірге жыраудың кіндік қаны тамған жерді де көріп, тамашалайтын туристік орынға айналдырсақ, қандай ғанибет болар еді. Халқымызда «Тойдың тамашасын бақпа, тағылымын бақ» деген қанатты сөз бар. Қазақ хандығының 550 жылдық тойына тарту ретінде қаншама тағылымды ғимараттар мен ескерткіштер бой көтеріп, қала қонақтары мен тұрғындарының демалатын орындарына айналды. Сол сияқты, Жамбыл тауының етегінен де Жамбыл ақынға арнап ғимарат тұрғызып, қасына ескерткішін қойып, халықаралық туризм жөн-жобасына сәйкес қолға алсақ, бұрыннан да аң мен құсқа бай, абатты мекен Андасай қорығы маңындағы биылғы игі істің бірі болар еді.

Жамбыл дегенде Сүйінбайды да ұмыта алмайсың. «Менің пірім –Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деп, ақынның өзі айтып кеткен. Одан кейін Айкүміс, Бақтыбай, Сары, Сарбас, Досмағанбет, Шашубай, Құланаян Құлманбеттерсіз де жыр алыбын еске алу мүмкін емес. Көрші қырғыз халқының Балық, Тыныбек, Қалығұл, Найманбай, Қатаған, Арыстанбек, Сағымбек сияқты ақын-жырау, манасшыларын да ұмытуға болмайды. Сол кезеңдерде Жетісуға ұлы Абайдың, Біржан, Шашубай, Балуан Шолақ, Түбек, Майкөт, Майлықожа, Құрманғазы сияқты дауылпаз әнші-ақындардың, күйшілердің келуін де қазақ сөз өнерінің тарихынан қалай сызып тастаймыз. Бұл қатарда Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Нартай Бекежанов, Доскей Әлімбаев сияқты белгілі суырыпсалма ақындар бар. ХХ ғасырдағы Кенен бастаған бұл халық ақындарына Жамбылдың әсері өте зор болды. Айтайық дегеніміз – Жамбыл тауының етегін қоныстанған Жапаның ұлы Жамбыл үйінде біз айтқан осы және басқа қазақ дүлдүлдері мен бұлбұлдарының аты-жөндері, сөздері, өлеңдері жазулы тұрса дейсің. Әрине, игі бастама қолдау тапса, мұны осы іс-шараға байланысты құрылған комиссия мүшелері ақылға салып, ортақ келісімге келер деп ойлаймыз.

Жамбыл шығармалары қырықтан астам шетел тілдеріне аударылды. Ромен Роллан, Мартин Андерсен Нексе, Катарина Сусанна Причард сияқты атақты суреткерлер Жамбыл поэзиясына өте жоғары баға берді. Жамбыл туралы жүздеген өлең-жырлар жазылды. Қазақтың ұлттық мәдениеті мен әдебиетіне сіңірген еңбегі үшін Жамбыл Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды. 1941 жылы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.

Қазақ халқы Жамбылдың 100, 125 және 150 жылдық тойларын халықаралық деңгейде салтанатты түрде атап өтті. Ендеше, жыр алыбының 170 жылдығын да ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі қарсаңында ерекше ескерткіш-кешенмен түйіндесек дұрыс болар еді. Ол үшін Мойынқұмды өндірісті өңірге айналдырған «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы», «Ақбақай алтын алу фабрикасы», «Хантау цемент зауыты», «Мыңарал балық» зауыты, «Аль-Басар» және «Казгранит» ЖШС-лары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып іске кіріссе, ел мен ес, ұлт пен ұрпақ қам-қарекеті тұрғысындағы осы ұсынысты тап-тұйнақтай етіп атқаратыны сөзсіз.

Неге ел мен ес, ұлт пен ұрпақ? Өйткені, Жамбыл жүз жыл бойы ел мен есті, ұлт пен ұрпақты жырлап өтті. Өзін жүз жылдық терекке теңеген Жамбыл бабамыз: «Менің тамырларым – туған халқым, менің бұтақтарым – жырларым, менің жапырақтарым – ұлдарым мен қыздарым, мен бар болғаны жүз жылдық терекпін, қартайғанда тапқан жарық күнімді, халқымның бақытын, ұл мен қыздарымның бақытын жырлаймын. Қазақ жерінің ұлдары мен қыздары нағыз керемет істер істейді», – деп, ұрпағына үлкен аманат жүктеп кетті.

Ендеше, жүз жасаған бәйтеректің ұлы мен қыздары, – бүгінгі ұрпақ, абыз ақынның аманатына адал деп сенгіміз келеді.

                                                                                                                                                     Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ

                                                                                                                                                         Тараз қаласы

                                                                                                                         Ақ жол. – 2016. – 13 ақпан(№18). – 6 б.

Төрткүл — дүниенің киесі

Төрткүл — дүниенің киесі

   

    Әр тасын түртсең, қатпар-қатпар тарихтан сыр шертетін көне қаланың кербез келбеті қандай ғажап десеңші! Тараз шаһарының тарихи құнын, бағзы замандағы саяси салмағының көрсеткішін айқындайтың тағы бір киелі орын – «Төрткүл» көшпенділер керуен сарайы емес пе, құрметті оқырман?!

 Б.з.д. ІІ-І ғасырлардан бастау алған Жібек жолы көптеген елдердің экономикалық өркендеуіне өз үлесін қосқаны анық. Қытайдан бастау алған керуен жолы Тибет, Қашқар, Жетісу арқылы көне Тараз қаласына келіп, осы жерден екіге бөлінгені белгілі. Бірі Орта Азия қалалары арқылы Ташкент, Самарқанд, Хиуа, Үргеніш арқылы Иранға кетсе, екіншісі Түркістан, Отырар, Хорезм арқылы Еділ, Кавказ жолымен Жерорта теңізіне жеткен. Осындай ұлы дала жолдарының түйісетін жолдарының бірі әрі бірегейі Тараз қаласы еді. Сондай-ақ, қалаларды өзара байланыстыратын жолдардың бойында керуен сарайлары көптеп бой көтерген-ді. Соның бірі көне шаһарымызда орын тепкен «Төрткүл» керуен сарайы болатын. Тарихшылардың айтуынша, «Төрткүл» көшпенділер сарайы ХІ-ХІІІ ғасырлар аралығын қамтиды. Жалпы, «Төрткүл» сөзі түркі тілінен аударғанда «төрткүл дүние» деген мағынаны береді екен. Міне сол себепті болар, сол уақыттағы алып шаһарлардың бірі Тараз қаласына ат басын тіреген көптеген халықтар осы кешенге арнайы келіп аялдаған деседі. Қаланың батысында орын тепкен «Төрткүл» кешенінің зерттеу жұмыстарымен бірқатар археолог-ғалымдар белсене айналысқан. Алғаш рет есімі елімізге белгілі ғалым Карл Байпақовтың басшылығымен 1983-1985 жылдары зерттеу және қазба жұмыстары жүргізілген-ді. Тәуелсіздіктің арайлы ақ таңы атқан соң, яғни 2008-2010 жылдары Ә.Марғұлан атындағы археология институтының мамандары қазба жұмыстарын қайта жүргізіп, керуен сарайды қалпына келтіруге күш салған. Археологтар зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында Төрткүлден қонақ бөлмелерін, қазан-ошақ пен керамикалық заттардан жасалған үй тұрмысында пайдаланатын ыдыс-аяқтарды тапқан екен. Сонымен қатар, 2010-2011 жылдары керуен сарайда қайта толық жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары қолға алынып (жөндеу жұмыстарының құны 97 млн. теңге болған көрінеді), бес метрлік дуалдар тұрғызылып, ішкі көрінісі туристік нысан ретінде қайта жасалынған екен.

24 торткуль3 1

 Біз де өз кезегімізде қаламыздың ең көрнекті жерінің бірі болып табылатын «Төрткүл» көшпенділер керуен сарайын көзімізбен көруге жыл сайын асығып тұрамыз. Себебі, керуен сарайда қала халқы мен алыс-жақын шетелдерден келетін туристерді қызықтыратын деректер көп. Керуен сарайдың ішіне аяқ басқанда, бағзы жаугершілік заманға тап болғандай әсер аласың. Жан-жағы биік дуалмен қоршалған сарайдың ішіндегі шағын ғана бөлмелер, ондағы қазан-ошақ пен керамикадан жасалған құмыра көзіңе оттай басылады. Өз уақытында кешеннің шеткі ұзындығы 100 метрден 115 метрге дейін, ал биіктігі 4-5 метрге дейін жететін болса, бүгінгі таңда оның ұзындығы 85 метрден 100 метр шамасында. Ал биіктігі 1,5 метрге жетіп, бойына айтарлықтай зақым келген.

Бүгінде «Төрткүл» керуен сарайы Жамбыл облысының тарихи-мәдени ескерткіштерін қорғау және қалпына келтіру бойынша дирекциясының қарауында. «Төрткүл» керуен сарайының бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ-і «Тарих және археология» бөлімінің меңгерушісі Сауран Қалиев бізге кеңінен әңгімелеп берді.

Сауран аға әуелі керуен сарайдың тарихы турасында баяндап, қазіргі таңда бұл кешенге қызығушылық танытып отырған туристердің қарасы қалыңдағанын, соның ішінде қытайлықтардың ықыласы айрықша екенін айтты.

— Жалпы, біздің облыста Төрткүл секілді көшпенділер сарайының бірнешеуі анықталып отыр. Тараз қаласы маңындағы Құлан, Күлшіп, Жүлшіп, Ақыртас, төменгі Барысханды айтуға болады. Бұл керуен сарайлары сол тұста «Төрткүл» деп аты айтып тұрғандай, төрткүл дүниенің әр бұрышынан келген халықтардың арнайы тоқтайтын жері болған. Мәселен, сол тұста көшпенділер мінген түйелер 30-50 шақырым жерді жүріп өтіп, шаршап-шалдыққан мезгілде әлгінде айтқан керуен сарайларына аялдап, демдерін басып алатын болған. Осынау керуен сарайлардың ең үлкені «Төрткүл» болып табылады. Бұл VI-VII ғасырларда жол азабынан құтылу үшін жасалған, ұтымды ойластырылған дүниелер, — дейді Сауран Қалиев.

Сауран мырзаның айтуынша, олар көне қаламыздың киелі орындары мен кешендерін жер-жаһаннан келетін туристерге кеңінен таныстыру үшін 5-6 туристік компаниямен тығыз жұмыс жасайды екен.

Өткен жылы Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту мақсатында Қытай жерінен түйелі керуен келген-ді. Олар қазақ жеріне табан тірей отырып, өз отандарының символына айналған шайларының көптеген түрлерін жарнамалап кеткен еді. Сонда қытай керуеншілері Төрткүлге арнайы тоқтап, бұл жердің тарихи мәнінің тереңде жатқанын тілге тиек еткен екен.

— Міне, шілде айының орта тұсында сол қытайлық керуен көне Таразға қайта табан тіремекші. Аспанасты елінен ат терлетіп келетін 200-ден аса қытайлықтар әулиеаталық ағайынға өздері әкелген заттар мен өнімдерін көрсетіп, әрі қарай Ташкент қаласына жол тартатын болады. Осыған орай, облыс әкімдігінде үлкен жиын өтіп, қонақтарды қалай қарсы алатынымыз және мерекелік іс-шараны ұтымды ұйымдастыру мәселесі талқыланды,-дейді ол.

Бұйыртса, келесі жылы елордамыз Астанаға төрткүл дүние көз тігіп отырған «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін тамашалауға миллиондаған турист ағылады. Осынау әлемдік масштабтағы көрме аясында жер-жаһанның жиһангездері қазақ жерінің бірнеше тарихи–мәдени қалаларын аралайтыны белгілі. Осынау киелі шаһарлардың қатарында 2 мың жылдық тарихы бар көне Тараз шаһары да бар. Демек, Сарыарқаның төріндегі ғаламат көрмені көздерімен көруге келген туристер біздің өлкеге арнайы тоқтап, қасиетті һәм тарихи жеріміздің таңғажайып келбетін тамсана да таңырқай тамашалайтын болады.

Алайда, қаламыздағы «Төрткүл» секілді тарихи маңызы бар керуен сарайының қадір-қасиетін тек шетелдіктерге ғана көрсетіп, мақтаныштан кеуде қағудан аулақ болғанымыз жөн. Сауран Қалиұлының айтуынша, «Төрткүл» керуен сарайына келемін деуші қала тұрғындары мен қонақтары үшін оның есігі әр уақытта айқара ашық. Оның үстіне су тегін. Өкінішке орай, «Төрткүл» кешені туралы тараздықтар тегіс біледі деу қисынға келмейді.

Демек, өскелең ұрпақтың тарихи санасын жаңғырту үшін қолда бар алтынның қадірін біліп, осындай киелі орындарға жиі бас сұқтырсақ, ұлттық рухымыз да асқақтай түсіп, өзгенің жауһарына қызықпай, өзіміздің інжу-маржандарымызды бағалайтын еді-ау…

 Индира БАЙҚОНЫС

Жамбыл-Тараз. – 2016. – 29 маусым. – 11 б.

 

Ақкөздің ерлігі — Ұлт-азаттық көтерілісі

Ақкөздің ерлігі — Ұлт-азаттық көтерілісі

          1916 жылдың маусым айында орыс патшасы Николайдың халықты тыл жұмыстарына пайдалану үшін әскер қатарына шақыру туралы жарлығы қазақтарды дүр сілкіндірді. Әр аймақта болыстар әскер қатарына қазақтардан шақырылуға тиіс 19 бен 45 жастағы азаматтардың тізімін жасап, уезд басшыларына тапсыру керек болатын. Біраз адамдар жастарын кішірейтіп, енді бірі жастарын үлкейткенімен қазақтың көбісі әскерге кететін болды. Алайда, патша жарлығына қарсы әр жерде көтеріліс тұтанып, келіспеушілік көбейді. Жұрт болыстардың үйлерін қиратып, тізімді жоюға қарсы шаралар ұйымдастырып, әскерге адам жібермеуді ойластырып, наразылық білдіре бастады. Тарихтан белгілі, осындай көтерілістің ең үлкені Торғайдағы Амангелді Иманов бастаған ұлт-азаттық көтеріліс болды. Көтерілістің бірін Алматы маңында Бекболат батыр ұйымдастырды.

Мұндай наразылық Меркі мен Шу жерінде де бұрқ етті. Бұл көтеріліске Ақкөз Қосанов жетекшілік етеді. Көтерілісшілердің саяси жетекшісі – Тұрар Рысқұлов. Ақкөз Қосановтың көмекші хатшысы болып Ысқақ Асимов бекітіледі.

Осы көтерілістің 55 жылдығы қарсаңында, 1971 жылы, сол кездегі «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетіне мақала жазған едім. Көтеріліске қатысқан бірнеше адамнан алған шағын сұхбатымның облыстық газетке жарияланғаны да есімде. Кейіннен Ақкөз Қосановтың туған-туыстары табылып, есімі Меркідегі Калинин мектебіне беріліп, алдына ескерткіші қойылып еді. Ал енді Ақкөз Қосановтың көтерілісі туралы айтатын болсақ, 1916 жылдың маусым айының аяғында Аспара болысы жақтағы қазіргі Алтын арық ауылының маңында 5-6 мың адам жиналып, оған Шу бойынан сиқым, жаныс руынан, Меркіден ботбай, шымыр руларының азаматтары келіп, елге сыйлы, беделді, батыр мінезді Ақкөз Қосановты ұлғайған жасына қарамастан, көтерілістің басшысы етіп сайлаған. Олар алдымен Шу өзенінің маңында орналасқан Новотроицк селосындағы орыс әскерін жойып жібереді. Кейіннен Меркі бекінісіне жасырынған орыс әскерлерін жойып, жау жағының біраз қару-жарағын жинақтап, қолдарындағы айыр-күректерін қаруға айырбастап алады. Көтерілістің саяси күреске айналуына Т.Рысқұлов басшылық етеді. Әулиеатадан келген орыс әскерлеріне де аямай соққы беріп, жеңеді. Бірақ, көп ұзамай Ташкенттен жеткен, Г.Савченко бастаған жазалаушы отрядтың 5-6 зеңбірегі, 10-нан аса пулеметі, атты әскер жасағы мен жаяу әскерлері болады. Қарулары аз, соғыс өнерінен хабары жоқ көтерілісшілердің қолға түскенін Меркі мен сол кездегі Луговойдың арасындағы бағаналардың әрқайсысына іліп азаптайды. Т.Рысқұлов Ташкентке, Ысқақ Асимов Бішкекке кетіп, бой тасалайды. Ал А.Қосанов Шу маңындағы шымырлар мен сиқымдардың арасына кетіп қалады. Дегенмен, көп ұзамай біреулердің айтуымен қолға түскен оны Новотроицк селосы маңына орналасқан орыс әскерлері ұрып өлтіреді. Осы көтерілісте менің атам Қоқай жараланып, көп ұзамай алған жарақатынан қайтыс болады. Міне, Ақкөз Қосанов көтерілісі осылайша біздің әулет үшін де қайғылы аяқталады. Ақкөзге атқосшы болған Андабай батыр бір аяғынан айырылады. Көтерілісшілерге аспаз болған өзбек жігіті Салижан да берірекке дейін ғұмыр кешті. Андабай да, Салижан да 1980 жылдары өмірден озған. Кезінде мен ол кісілермен кездесіп, сұхбаттасқан едім. Совет үкіметі орнаған соң Ысқақ Асимов Меркі ревкомының алғашқы төрағасы болып сайланады.

1916 жылғы Ақкөз көтерілісі ұлт-азаттық қозғалыстың, тәуелсіздік үшін күрестің алғашқы қарлығашы десе де болады. Осындай сан қилы қасіретке толы көтеріліске биыл 100 жыл толып отыр.

Мәскеу Ноқрабеков,
журналист.

Меркі ауданы

Ақ жол. – 2016. – 7 сәуір. – 3 б.


 
 

Тоғыз тағдыр

Тоғыз тағдыр

     

             1937 жылдың зауалына құқық қорғау органдарыныңоның ішінде прокуратура қызметкерлері аз ұшыраған жоқКеңес өкіметіне қарсы шықтыконтрреволюциялық ұйымға қатысты деген желеумен талай боздақтар қыршынынан қиылды немесе түрменің ұзақ жылғы азабын шектіКеңес өкіметінің «халық жауынан тазарту дауылы» республика прокуратурасын басқарған марғасқалардан бастап, қарапайым прокуратура тергеушілерін де шарпыды. Сол 37-ші жылы Алматыдағы НКВД республикамыздың дербес прокуратурасының бірінші прокуроры Сүлеймен Есқараевты қинап жауап алып жатқанда ауылдағы оның бірнеше әріптестері оған қатысы бар деп қамауға алынды. Оңтүстік Қазақстан облысы НКВД-сының жала жапқан «№473985 қылмыстық іс» деп аталатын қалың томын қолыма алғанда оған анық көз жеткіздім. Оның күлгін түсті мұқабасында халық жауы деп айып тағылған тоғыз адамның аты-жөні жазулы. Олар: Қосназаров Базарбай – Жамбыл қаласы прокурорының көмекшісі, Төребаев Имаш – Жамбыл қалалық прокуратурасының халық тергеушісі, Әбдірахманов Мұхамед – Жамбыл қаласының халық судьясы, Тоқсанбаев Абдолла – Жамбыл қаласындағы жылқы техникумының директоры, Баетов Қаршыға Байманұлы – Жамбыл қаласындағы жүн жуу мекемесінің директоры, Таласбаев Әбдіраш – сот орындаушысы, Жанкин Көшенғали – адвокат, Захаров Григорий Владимирович – Жамбыл қаласындағы №13 балалар үйінің есепшісі, Давлетмендов Хусаин Каримович – қалалық аурухананың дәрігері.

 Олардың ішінде прокуратураның халық тергеушілері Қосназаров Базарбай мен Төребаев Имаш Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша НКВД Үштігінің қаулысымен 1938 жылы 29 наурыз күні түнгі сағат 12-де атылған. Қылмыстық істің 364-бетінде ол жөніндегі актіден көшірме тіркеулі тұр. Ал қалған жетеуі әрқайсысы он жылға сотталып, жазасын концлагерьде өтеуге жөнелтілген.

Іс материалдарын қарап отырсаңыз, тергеу кезінде оларға айыпты күшпен мойындатқанын байқау қиын емес, тіпті өздерінің «мойындаймын» деген сөзінен басқа ешқандай дәлелдемелер жоқ, тіпті кінәсін мойындамағандар бар.

          Lager

Б.Қосназаров пен И.Төребаев тер­геу­шіге берген жауаптарында өздерін контрреволюциялық ұйымға тартқан адамдардың «атын атайды», бірақ тергеу кезінде ондай адамдардан не жауап алынбаған, не бетпе-бет кездестіріл­меген. Ал НКВД тергеушілері қамауға алынған қос прокурорға қазақтың белгілі ұлдары Есқараев және Жүргеновпен байланыстарың бар деген айыпты шімірікпестен мойындарына іледі. Б.Қосназаровқа 1937 жылы маусымда Алматыға оқуға барғаны пәле болып жабысады, демек ол сол жолы контрреволюциялық ұйымның мықтыларымен кездескен деп айып тағылады. Іс материалдарымен танысқанымызда Б.Қосназаров пен И.Төребаевтың ұсталуына басқа бір маңызды жағдай да әсер еткеніне көз жеткіздік. Яғни олардың халық тергеушісі ретінде әділ де принципшіл болуы өздеріне сор болып жабысқан. Оған Б.Қосназаровтың 1937 жылы 23 тамыздағы облыс прокуроры Бартаевқа жазған мәлімдемесі дәлел бола алады. Халық тергеушісі Имаш Төребаевтың уәкіл болып барған «Жас өркен» колхозы ұжымы оның үстінен арыз жазады, оны тексеруге барған Б.Қосназаров ешқандай фактінің дәлелденбегенін баяндайды. Арызды ұжым атынан бір адамның жазғанын, оның аты-жөнін айтып, дәлелдеп береді. Өйткені сол арыз жазған адамның туысқанын халық тергеушісі И.Төребаев тұтқындап, екі жылға соттатқанын және тергеушінің бұл әрекетін қуаттайды. Б.Қосназаров тергеушіге жала жапқан үшін арыз жазған адамның үстінен қылмыстық іс көтеретіндігін облыс прокурорына мәлімдеген. Бірақ оны басшылары құптамай, И.Төребаевты қайта тексеруге басқа адам жібереді. Тергеуші Б.Дәуірбаев 1937 жылғы 14 желтоқсанда облыс прокурорына жазған баяндауында Б.Қосназаровтың айтқандарының бәрін жоққа шығарып, И.Төребаевқа нағыз халық жауы деп айып тағады. 1933 жылы Өзбекстанда тұрғанда-ақ ол контрреволюциялық ұйымға қатысқан, халық жаулары Жүргенов пен Батырбековтің шәкірті деп асыра сілтейді. Ақыры сол жылы 21 желтоқсанда И.Төребаев қамауға алынады. Оңтүстік Қазақстан облысы, Шәуілдірде дүниеге келіп, отызға жаңа толған жас тергеуші енді тоғыз күннен кейін өзінің ату жазасына кесілетіндігін, 23 жасар жары Зейне жесір, 5 жасар ұлы Ерік, 3 жасар қызы Раушан жетім қалатынын білген жоқ еді.

1907 жылы Қазалы ауданындағы №3 ауылда туған, Жамбыл қаласы прокурорының көмекшісі болып істейтін Базарбай Қосназаровты да сойқан саясаттың сілтеген семсері аяған жоқ. Ол тұтқында жатқан кезде аудандық НКВД бастығы лейтенант Капустинге мынадай мазмұнды арыз жазған екен (251-бет):

 «Арыз

Мен өзім жұмысшымын. Прокуратура органында 1934 жылдан бастап қызмет істеймін. Менің жастығымды ескеруіңізді өтінемін, лагерьде жан аямай жұмыс істейтін боламын…».

 Демек, ол өзінің ату жазасына кесілетіндігін алдын ала білді. Бірақ түрменің меңіреу төрт қабырғасынан оның жанайқайы ешкімге естілген жоқ. Тұтқын одан кейін тағы да осы мазмұндас арыз жазады. Өкінішке орай НКВД тас қамалы оған міз баққан жоқ, сөйтіп, бір жас тағы да қыршынынан қиылды.

Ал халық жауы деп айып тағылған қалған жетеуі он жылға сотталып, Сібірге, Қиыр Шығыстағы концлагерьлерге айдалды. Олардың үшеуі заңгер болатын. Соның бірі – тұтқындалғанға дейін Жамбыл қаласында халық судьясы болып істеген Мұхамед Әбдірахманов еді, өзінің ұлты қырғыз, 1908 жылы Қырғызстанның Аламедин ауданында туған. Ол концлагерьде жүріп 1940 жылы 12 қаңтарда КСРО НКВД-сы 1-бөлімінің бастығына шағымданады. Онда өзінің жазықсыз сотталғанын, жанын азаптап жауап алғандықтан бәрін «мойындағанын» жазады. Сол зарлы замандағы НКВД қанпезерлері тұтқыннан қалай жауап алғаны шағымда жантүршігерліктей етіп баяндалған, сондықтан оның мәтіні сәл қысқартылған түрінде оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

«Мәскеу қаласы. КСРО 

НКВДсының 

1-бөлімі бастығына 

Қазақ ССР Оңтүстік 

Қазақстан НКВД 

басқармасы Үштігімен 

Қылмыстық кодекстің 

58-10 бабымен 10 жылға 

сотталған сотталушы 

Әбдірахманов Мұхамедтен

 ШАҒЫМ

Осыдан тура екі жыл бұрын, 1937 жылы қарашада, Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратура органымен, дәлірек айтсам, облыс прокуроры Бартаев арқылы тұтқындалдым… Мирзоян аудандық НКВД-ның бастығы, мемлекеттік қауіпсіздік лейтенанты Капустин менен жауап алды. Ол алдымен маған мынаны айтыңыз деді:

1.Қай уақыттан бастап қазақтың ұлттық контрреволюциялық ұйымына мүше болдыңыз?

2.Қашан және кім арқылы контрре­волюциялық ұйымға тартылдыңыз?

  1. Сіздіңконтрреволюциялық ұйымға тигізген пайдаңыз қандай?
  2. Контрреволюциялықұйымға өзіңіз кімдерді тарттыңыз?
  3. Сіздіңұйымның нақты міндеті қандай еді?

Адам шошырлық мұндай сұрақтар­ды қойғанда мен алғашқыда абдырап қалдым. «Сонда маған осы сауалдарға жауап бер деп тұрсыз ба?» деп бастыққа қарадым. Ол болса маған кіжініп: «Иә, иә!» деді. «Мен мұндай ұйымды өзіңізден бірінші рет естіп тұрмын, ол жөнінде ешқандай хабарым жоқ әрі оған мүше де болған емеспін» деп жауап қайырдым. Капустин маған қарап «ешқандай қапа болмаңыз, сізге 24 сағат уақыт беремін, жақсылап ойланыңыз, қабырғаңызбен кеңесіңіз, жауабыңызды ертең айтарсыз» деді. Сосын ол «өмір» не «өлім», соның бірін таңдауыма да кеңес беруді ұмытқан жоқ. Егер өмір сүргім келсе, онда он жыл концлагерьге жіберуге уәде беретіндігін айтты. Ал өмір сүргің келмесе, онда бұл дүниемен қоштаса бер деп доқ көрсетті. Содан кейін мені жатқан жерімнен басқа №11 камераға жіберетінін ескертіп, сонда асықпай ойланарсың деді… Айтқан камераға келсем, онда 8-9 адам жатыр екен. Оның бәрі де бір адамдай «өзіңді өзің азапқа салма, бәрін мойындасаң жақсы болады» деп азғыра бастады. Өздерінің қатты азап шеккендерін, ақырында кінәлімін деп мойындауға мәжбүр болғандарын жарыса айтып жатыр. Бұл адамдар маған бірінен кейін бірі келіп тағылған айыпты қалайда мойындауды ұсынды. «Жабылған жаланы мойындағанша өлгенім артық, мен үшін қиналмай-ақ қойыңыздар, одан да өздеріңізді ойлаңыздар» дедім.

Менің түсінгенім, бұл адамдар осы камераға әдейі іріктелген екен. Не де болса олардан құтылғым келді де өзімді азаптамас үшін халық жауымын деп мойындайтындығымды, ертең жауап алуға шақырғанда солай жазатындығымды айтып сендірдім. Содан кейін әлгі адамдар маған кәдімгідей разы болып қалды. 1937 жылы 11 желтоқсанның да таңы атты. НКВД бастығы мені жауапқа шақырып, «ойландың ба, жоқ па?» деп сұрады. Мен контрреволюционер болмағанымды және болғым да келмейтіндігімдіі жасыра алмадым!

Бастық маған ұзақ уақыт бойы айқайлаумен болды, ақыры ештеңе шығара алмасын білді де конвейерге тұрғызып қойды. Мен 11 желтоқсаннан 25 желтоқсанға дейін тізе бүкпей түрегеліп тұрдым. Өзімнің әбден әлім құрып, денем ісіп кетті, қайта-қайта есім ауып, тұра алатын халім болмады. Сол кезде мені отырғышқа отырғызды, бірақ енді аяғым жерге жетпейді. «Козел» деп аталатын сол отырғышта 25 желтоқсаннан 29 желтоқсанға дейін тапжылмай тағы отырдым. Ұйқы қысып құлап бара жатамын. Бет-аузым адам шошырлық ісініп, денедегі қанның бәрі аяғыма жиналды. Есім кіресілі-шығасылы мен 29 желтоқсанда алдыма әкелген бірнеше бет қағазға оқымастан қол қойдым.

Көзімді ашсам түрменің ауруханасында жатырмын. Мен мұнда 20-25 күндей болдым, сосын камераға алып келді, ондағы жолдастарыма көрген қорлық пен азапты айтып ағыл-тегіл жыладым. Сол азаптаудың салдарынан қатты науқастанып, 1938 жылдың мамырына дейін төсек тартып жаттым. КСРО Ішкі істер халық комиссариатына НКВД бастығы Капустиннің үстінен шағымдандым. Онда бәрін қалдырмай айтып, ол Ягода мен Бухариннің агенті екендігін де қостым, бұл жөнінде біраз фактілер келтірдім. Менің бұл шағымым облыстық НКВД басқармасы бастығының орынбасары Костенконың қолына түсіпті. Ол Капустинге болған істі өзі баяндайды, яғни Халық комиссариатына үстіңнен жазылған арыз бар дейді. Шағым бергенімді естіген Капустин мені 11 мамырда өзіне шақырды да арыз неге жаздың, одан бас тарт деді, әйтпесе о дүниеге жіберемін деп абай-қоқай жасады. Мен ештеңе жазған жоқпын деп, білмеймін деп мойындамай қойдым. Ол жарайды деді де мені кері камерама жіберді. 12 мамырға қараған түні Капус­тин түнгі сағат 12-де пәтерінде өзін-өзі атып тастады. Шымкенттен облыстық НКВД бастығының орынбасары Костенко келіп, 13 мамыр күні түсқайта сағат 4-те мені «ажал камерасына» қамады, онда 13 мамырдан 29 маусымға дейін отырдым. 45 күн бойы аштан аш, ешқайда шықпай ажал камерасында жалғыз өзім болдым. Алты күнге талшық қылатыным 400 грамм нан, стақан су, аптасына бір рет ыстық сорпа. Мені енді ататын шығар деп ойладым. Жоқ, олай болмады, 1938 жылы 29 маусымда облыстық НКВД басқармасы бастығының орынбасары Костенко бөлмесіне шақыртып, шағымды неге жаздың, одан іске келіп-кетер пайда жоқ деді. Сосын ол шағымнан бас тарту жөнінде арыз жазуымды талап етті. 45 күн бойы ажал камерасында отырып, аяғымды әзер басып тұрған мен неде болса азаптан құтылайын дедім де, 1938 жылғы 8 мамырдағы жазған шағымымнан бас тартып арыз жаздым. Бұдан кейін этаппен жөнелтіліп, 48 күннен кейін Қиыр Шығыстағы Комсомол қаласына келдім. Айтпақшы, оған аттанайын деп тұрған кезде 1937 жылы желтоқсанда НКВД мені он жылға соттағанын хабарлады. Міне, жағдай осы!

Сөйтіп, менің тағдырым осылай шешілді. Содан бері екі жылдан астам уақыт бойы өзіме заңсыз берілген жазаны өтеп келемін. Айта кетейін, облыс прокуроры Бартаев 1938 жылы қаңтарда Қазақ ССР-нің НКВД-сымен ұсталып, Жоғарғы Соттың әскери алқасымен 25 жылға сотталды.

…Менің ісіме әділдікпен қарайтын, мені халық жауларының апанынан шығарып алатын, Ұлы көсем Сталин ісіне шын берілген большевик шынымен, табылмай ма? Қалайша мен бұл жерде жарық дүниемен қоштаспақшымын!..

Демократиялық кеңес мемле­кетінде мұндай болуы мүмкін емес, әділдік бар, әрі ол ақыр аяғына дейін бола береді.

Сондықтан да менің ісімді қада­ғалау тәртібімен қарауыңызды және мені қамаудан босатуыңызды сұраймын.

…Менен жауап алу кезінде қолданған тізе бүктірмей түргелдіріп қою, конвейерде ұстау, «козел», карцер және т.б. жауыз әдістер жан түршіктіреді. Мұның бәрі жекелеген халық жауларының ісі деп білемін. Мұндай жағдайды түзетеді деп өзіңізден үміт күтемін. Егер сіздің тара­пың­ыздан тиісті әділдік болмаса, онда он жыл кесімді жазаны өтеуге шыдаймын деп айта алмаймын, әрі онда өмір сүрудің де қажеті шамалы деп ойлаймын. Қалайын, қаламайын, ондай жағдайда өзіме-өзім қол жұмсауыма тура келетін шығар…

12.1.1940 ж.
Приморье өлкесі
Солтүстік Гавань қаласы,
24-пошта жәшігі, 1-бөлімше,
НКВД-ның Төменгі Амур лагері,
1-колонна, сотталған М.Әбдірахманов».

Амал не, Мұхамед Әбдірахманов көзі тірісінде әділдікке жете алмады. Ол 1941 жылы 31 мамырда лагерьде қайтыс болды. Оның осы шағымындағы соңғы сөздерінен әділдіктің салтанат құра қоятынына сенімсіздік байқалады. Бұл дүниеден аһ ұрып, тұйыққа тірелген, ­амалы таусылып, тауы шағылған адамның сөзі ғой бұл…

Он жылға сотталғандардың ішінде ең жасы сот орындаушысы Таласбаев Әбдіраш еді. Ол сол кезде небәрі 24 жаста болатын. Ол аман-есен жаза мерзімін өтегенімен бостандыққа шыға алмай қалған, себебі 1950 жылы КСРО прокуратурасы мен Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің №66/241 директтивасымен сол Магадан қаласында жер аударылған есебінде қалдырылады. 1952 жылы сәуірде Ә.Таласбаев өзінің контрреволюционер болмағанын дәлелдеп, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігіне шағымданады. Обалы не керек, Жамбыл облыстық Мемлекеттік қауіпсіздік басқармасы 1952 жылы Таласбаевтың өтінішін қанағаттандыруға, яғни істі қайта қарау жөнінде жоғары жаққа мәселе қояды. Өкінішке орай, олардың Қиыр Солтүстіктегі әріптестерінен ­Таласбаев өзінің айналасындағыларға кеңес өкіме­тіне қарсы үгіт-насихат жүргі­зіп жүр деген 1952 жылы 30 қазанда ­жолда­ған анықтамасы (№52-5051) сап ете қалады. Сөй­тіп, Әбдіраштың алдын тағы да қаратүнек тұмшалайды. 1952 жылы 20 желтоқсанда КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің 4-ші сектор бастығының орынбасары, мемлекеттік қауіпсіздігі полковнигі Правиков пен 4-бөлімше бастығының орынбасары подполковник Насыров Магадандағы қауіпсіздік басқармасының 9-бөліміне А.Таласбаевтың ісін қайта қараудан бас тартылғаны жөнінде хабарлайды (қылмыстық істің 645-беті).

Иә, жазықсыз торға түскендер қанша арызданса да оларды босатуға кеңес өкіметі мүдделі болмады. Қайта оларға саяси қуғын-сүргін құрбандарының сол барған жерлерінде мәңгі-бақи қалуына небір айла-шарғы жасап баққанын осы іспен танысқанымда көзіміз жете түсті. Егер саяси тұтқын босануға ілік тапса, онда оның шыққан тегін зерттей қоятын болған. Бұл жөнінде концлагерь мен НКВД органдары арасында ерсілі-қарсылы жазылған хаттардан көз сүрінеді. Айталық, Мұхамед Әбдірахмановты болыстың баласы екендігін растап, Орто-Алыш ауылдық кеңесі анықтама беріпті. Ярослав облысында жазасын өтеп жүріп, 1940 жылы КСРО Ішкі істер Халық комиссариатына шағымданған Көшенғали Жанкин жанын азаптағаннан кейін бәрін «мойындағанын» жазған екен. Оның да ататегінің кім болғанын білуге мемлекеттік қауіпсіздік қызметі біраз жұмыстанғаны байқалады. Ақыры оның туған жері Чкалов облысы, Ақбұлақ ауданындағы Қызылбұлақ ауылдық кеңесі Жанкиннің ірі байдың баласы болғанын, әкесі 1929 жылы тәркіленіп, жер аударылғаны жөнінде тайға таңба басқандай етіп анықтама ұсыныпты. Адвокат болып ұзақ жылдар қызмет істеген К.Жанкин ақыры өзін ақтап алғанға ұқсайды. Ол жөнінде істе нақты дерек болмағанымен (571-бет), 1946 жылғы 19 шілдедегі Жамбыл қаласы бойынша Мемлекеттік қауіпсіздік басқармасының тергеушісі архивтік істі қайта қарап жасаған қорытындысында К.Жанкин КСРО Ішкі істер министрлігінің хабарлауы бойынша 1940 жылы 11 мамырда лагерьден босатылғанын келтіріпті.

Осы құжатта Жамбыл облысы, Қор­дай ауданында 1905 жылы туған, жоғары білімді, Жылқы техникумының директоры Абдолла Тоқсамбаев – 1945 жылы 25 тамызда, ал Батыс Қазақстан облысындағы Теректі ауданында 1897 жылы туған, Жамбыл қаласындағы жүн жуу кәсіпорнының директоры болып қызмет істеген Қаршыға Байманұлы Баетов – 1944 жылы 4 наурызда концлагерьде жаза­ларын өтеп жүргенде қайтыс болғаны тура­лы мәлімет бар.

37-ші жылғы зауал осылайша талайды қыршынынан қиды, талайдың тағдырын ойыншыққа айналдырды. Осы мақалада аты аталған тоғыз адамның бәрін де Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы 1999 жылы ақтады. Саяси қуғын-сүргін құрбаны болған тоғыз тағдыр хатталған қалың томның әр парағында жазықсыз төгілген көздің жасы, қасірет-қайғының, орны толмас өкініштің ізі сайрап жатыр…

 Самат ИБРАИМ

Ана тілі. – 2016. – 26 мамыр. – 7 б.

Тараз төңірегі тұнған тарих

Тараз төңірегі тұнған тарих

     

           Әлемдік тәжірибеде табыс көзі жағынан туризм мұнай мен газдан кейінгі орынды иемденеді. Өңір үшін де табыс көзі саналатындығы сондықтан. Шындығында бүгінгі таңда дамыған мемлекеттердің дені туризмнің арқасында өсіп-өркендеп келе жатқаны шындық. Елбасының өткен жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауы мен Ұлт жоспарында елімізде туризм инфрақұрылымын дамыту, бәсекеге қабілетті туристік индустрия құру міндетін қойғаны баршамызға аян. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Ұлт жоспарының басым бағыттарының орындалу барысы туралы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізгенде облыстың туристік әлеуетін көтеру мақсатында қолға алынған шараларға кеңінен тоқталған еді.

 

  Облыс басшысының бастамасымен, облыстық кәсіпкерлер палатасының ұйытқы болуымен Жібек жолы бойына орналасқан Тараз қаласы мен аудандарда көптеген таңғажайып нысандар, тарихи, мәдени ескерткіштер мен көркем тау шатқалдарын, жалпы табиғат әлемін көзімен көріп, туризм саласының бүгінгі тынысын зерделейтін ақпараттық топ құрылып, жолға шықты.

Байзақ ауданынан жасақталған топтың құрамын аудан әкімі М.Шүкеев өзі бастап жүрді. Турсапар аудан аумағында орналасқан Ботамойнақ ауылдық округіне қарасты Қостөбе қалашығынан бастау алды.

– 2017 жылы елімізде өтетін «ЭКСПО» көрмесіне келген туристерді қабылдайтын үш облыстың бірі – Жамбыл облысы. Облысқа қарасты Байзақ өңірінде Темірбек ауылдық округіне қарасты Оххум, Түймекент, Тараз қаласынан 1,5 шақырым жерде орын тепкен төменгі Барысхан секілді қойнауы құпияға толы қалашықтар қатарына Қостөбе қалашығын да жатқызуға болады. Аудан аумағындағы бұл нысан «ЮНЕСКО»-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген.

VІ-ІІ ғасырлардағы көне қалаға алғаш рет А.Н.Бернштам, кейіннен К.М.Байпақов бастаған Қазақ КСР ҒА Тарих, археология және этнография институтының Тараз археологиялық экспедициясы қазба жұмыстарын жүргізгені белгілі. Қостөбе VІ ғасырда қоныс аударған соғдылықтар негізін қалаған Жамукат қаласының орны деген болжам бар. Қазба жұмыстары кезінде керамика ыдыстар, сүйектен жасалған бұйымдар табылған, – деді облыс бойынша туристік индустрияны дамыту ассоциациясының басшысы, «Сабтур» ЖШС-ның директоры Искендір Торбеков.

Бұдан соң топ Тараз қаласына бет алды. Алдымен «Тектұрмас» кесенесіне, одан соң «Көне Тараз» музейі, «Қарахан» кесенесі, Дәуітбек (Шамансұр) кесенесі, «Қали Жүніс моншасы», облыстық тарихи-өлкетану музейі, Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне бой көтерген монумент пен «Тараз-Арена» спорт кешенінде болып, шаһардың тарихымен тереңірек танысты. Әсіресе, Тараз қаласының орталығында орналасқан ХІ-ХІІ ғасырларда салынған Қарахан кесенесі алыстан көз тартады. Қараханидтер әулетінің көрнекті тұлғасының бірі – Шах Махмуд Қараханға арналып салынған кесененің кіреберіс маңдайшасы «Алладан басқа Құдай жоқ, Мұхаммед Оның елшісі» деген Құран сөздерімен өрнектелген екен.

Әлемнің жеті кереметінің бірі саналатын «Ақыртас» ежелгі қалашығына түс ауа жеткен топ мүшелері сырын ішіне бүккен кешеннің құпиясына терең бойлап, әрбір тасты қолымен ұстап көрді. Көлемді төрт бөліктен тұратын «Ақыртас» сарай кешенін «Шеберлер ауылы», «Хан ордасы», «Құмтас кешені» және «Ақыртас ғимараты» бөліктерінен тұратын, VІІІ-ХІІ ғасырларда салынған тылсымға толы нысан, өткен ғасырлардан сыр шертеді.

Сапардың екінші күні Шу ауданындағы Балуан Шолақ ескерткішіне тағзым етуден басталды. «Қорғаншы» мен «Баласағұн» қалашығына атбасын тіреген байзақтықтар Ұлы Жiбек жолының тарихы да Баласағұн қаласымен тiкелей байланысты екенін сезінді.

Гид-кскурсовод Торбековтің айтуынша, Баласағұн қаласы ұзақ жылдар бойы қараханидтер империясы батыс бөлігінің астанасы ретінде, Еуразия құрлығының аумағындағы аса ірі мәдени, ғылыми, рухани орталық болған. Шаһарда Жүсіп Баласағұн, Махмуд Қашқари, тағы басқа көрнекті тұлғалар өмір сүріп, қызмет етіпті. Осы жерде Жүсіп Баласағұнидің «Құдатғу Білік» (даналық сөзі) атты аса құнды еңбегі жазылған. Баласағұн қаласынан археологтар 500 данадан астам мыс теңгелер көмбесін тапқан екен.

Қордай-Жамбыл облысының шығыс бөлігінде, Шу өзенінің солтүстік жағалауында орналасқан аудан. Жері негізінен таулы болып келетін аудан жерімен Шу өзенінің оң саласы саналатын Ырғайты, Қалғұты, Қарақоңыз, Қақпатас (Қақпақтас), Кіндіктас пен Жетіжолдан бастау алатын Жаманты, Иірсу, Өзынсу секілді бірнеше кішігірім өзендер ағады. Табиғаты сұлу да көркем Қордай жеріндегі Кенесары бабамыздың белгітасына тағзым еткен соң топ мүшелері ауданның көрікті жерлерін аралап, үшінші күні Жуалы ауданына бет алды.

«Жерің семіз, қарың мол, қадіріңді егін салған ел білер» деп баға берген екен Жуалы өңіріне келгенде Асан қайғы бабамыз. Жасыл шалғынға оранған көрікті де әсем өлкеде халқымыздың даңқты батыры Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған. Батыр мұражайында болған байзақтықтар елінің бостандығы мен болашақ ұрпақтың жарқын болашағы үшін жауына оқ болып атылған Бауыржанның тағылымды өмір жолы мен әскери қызметі, ерлік жолдарымен танысты. Бұдан кейін «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы, «Көксай», «Берікқара» шатқалдарында болды.

Берікқара – республикалық маңызы бар кешенді мемлекеттік табиғи қорық. Аумағы 17,5 мың гектар жерді алып жатыр. Қаратаудың Билікөл маңындағы өсімдіктер мен жануарлардың реликт және эндемик түрлері көп кездесетін өңірде орналасқан. Қорықшада сирек кездесетін «Семенов» үйеңкісі, «Сиверс» алмасы, «согдиана» шағаны, «берікқара» терегі, «сарғалдақ», жалпы мұнда өсетін өсімдіктің 51 түрі қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізіліпті. Осында орын тепкен «Тау самалы» туристік орталығының директоры М. Тлебаев туризмді дамыту бағытында қолға алған тірліктерімен бөлісті.

Әр жерін басып қалсаң «сөйлеп» кететін Талас ауданының аумағындағы «Тамды» қалашығында, Қаратау қаласындағы этномузейде болған топ мүшелері ән мен күйдің сазына бөленді.

Гүлшаһар Әбдіқұлова,
журналист.

Байзақ ауданы

Ақ жол. – 2016. – 9 маусым. – 8 б.