Ақыртас кешені саяхатқа шақырады

Ақыртас кешені саяхатқа шақырады

         Өңіріміздегі әлемдік мәдениетке бергісіз тарихи-мәдени ескерткіштеріміздің бірі – Ақыртас құрылыс кешені. Ата-бабаларымыздың көне дәуірдегі мәдениетінің озық үлгісі болған Ақыртас сарайы Тараз қаласынан шығысқа қарай 40 шақырым жерде, Ақшолақ темір жол стансасынан 6 шақырым оңтүстікке қарай Қырғыз Алатауының етегінде орналасқан. Талай ғасырлар мен шапқыншылықтардың куәсі болған бұл кешеннің кереметтілігіне қызыққан талай ғалым кезінде өз зерттеулерін жүргізіп, алуан пікірлер қалдырды. Алғашқы осы Ақыртас қаласы туралы жазған адам 13-ғасырдың басында осы өңірге келген қытай саяхатшысы Чин-Чунеле екен.

IMG_43+69

IMG_441++2

 Ақыртас құрылысын зерттеуші әлем ғалымдарының да сүйенері сол келтірген дерек көздер. Онда Чин-Чунеле: «Жол бойында тастан тұрғызылған қалаға тап болдық. Қызыл түсті тастан қаланыпты. Ежелгі әскери қоныс мекенінің белгілері байқалады» деп жазады. Осы Чин-Чунеленің алғашқы жазбасынан кейін бұл алып құрылысқа ең алғаш көңіл аударған орыс суретшісі М.С. Знаменский болатын. Ол 1864 жылы осы қаланың орнына келіп, Ақыртастың тас қабырғаларының сызбасын жасап, қызықты суреттер салу арқылы өз ойын қағазға түсіреді. Бұдан кейін де Ақыртас туралы қаншама ғалым,зерттеушілер өз ойларын айтып, әртүрлі болжамдар жасайды. Солардың бірі П.И.Лерх Ақыртас салынып бітпеген будда ғибадатханасы десе, академик В.В.Бартольд несториан ғибадатханасы деген болжам айтады.

Археолог Т.К. Басеновтің жазуына қарағанда Ақыртас салынып бітпей қалған ірі бек сарайының іргесі екен. Ал осы ғимаратты 1940 жылдан 30 жыл бойы тікелей өзінің бақылауында ұстаған, академик Пацевич былай дейді: «Мұндай құрылыстың керемет есептерге сүйеніп жасалынуы мен блоктарға пайдаланған материалдар бұдан бұрын болған емес. Бабаларымыздың тарихи мақтанышы, ғажап ескерткіші Ақыртастың әлем ғажаптарының қатарынан орын алуына құны да құпиясы да, құдіреті де жетеді».

Ал, 1996 жылғы зерттеулер барысында Қазақстан және Франция ғалымдары Ақыртас 8-11 ғасырларға жататын Керуен сарайдың орнына сәйкес деген қорытындыға келген. Өйткені, құрылыс жобасының Ирак пен Сириядағы орта ғасырлық құрылыстарға өте ұқсас екенін байқаған. Тағы да кейбір ғалымдарымыз: «Ақыртас VIII ғасырдың 2-жартысында, яғни, 751 жылы қарлұқтар мен араб әскерлері Атлах маңында Қытай әскерлерін талқандап, екі мемлекет арасында бейбіт қатынас орнаған кезде салынған. Бірақ, құрылысы белгісіз себептермен тоқтап қалған. Араб деректеріндегі (Ибн Хордадбех, Ибн Кудам) Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Касрибас қаласы осы Ақыртас болуы да мүмкін» деген тұжырымдарын айтуда.

Ақыртастың тарихы ашылды. Тағы бір дерек көзі табылды. Ол – Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқианнан өзіме шейін» атты шежірелік кітабы. Осы кітапта былай деп нақты жазады: «Көркембек тас шебері болған. Оған туысқандары қатты намыстанған. Әулиеата маңынан ел билеушілерге табиғи тұрған тастан үш сарай қашап шығарған. Сарайды мен өзім көзіммен көрдім. Сарай тастан қаланбаған, бітеу тастан қашалған. Көркембек тұрғызған тас сарай үшеуі де мың жылдық десем артық болмас. Бірақ, соңғы үш жүз жылда сондай ғимаратты пайдаланбай босқа қалдырғандықтан, енді ешкі ойнаққа айналған. Тас төбелер тесілген, заман өткендіктен, жел-құздан тастары жарылып мүжілген. Аман жақсы тұрғаны – бітеу белтіреулер. Ең болмаса атамыз Көркембек пен Қуандық Шағанның аты бір жерде жазылып қалар ма еді» деп өкінішін білдіре келе, бұл алып құрылысты бабаларымыздың салғызғаны туралы анық жазады. Тағы да: «Хижраның 693 жылы Қазақ даласында болмаған қатты жұт болыпты» дей отырып, осыдан кейін бұл қалада ешкімнің тұрақтамай мүлдем бос қалғанын ескертеді. Сонда, хижраға 693+622 жаңаша жыл санауды қоссақ, шамамен 1315 жылдардан кейін қаланы ешкім пайдаланбағаны сезіледі. Сарайдың салынғанына мың жылдай болғанын да айтады. Сонда, бұл жазба 1776 жылдары жазылып отырғанын ескерсек, Ақыртас кешен сарайы шамамен VIII-IX ғасырларда тұрғызылғаны және оның құрылысының қазіргі тарихшылардың зерттеулерімен дәл келуі де ғажап емес пе?! Міне, осындай әрбір дерек көзі біз үшін өте маңызды. Яғни, Ақыртастың авторы – Қуандық Шаған мен Көркембек.

Енді осы Көркембек пен Қуандық Шаған бабаларымыз соққан Ақыртастың құпиясына келейік. Бұл тарихи кешен – күрделі құпияға толы нысан. Тіпті мұның құрылысына қарап еріксіз таңғалмасқа амалың жоқ. Ата-бабаларымыздың өркениеттің даму барысында мәдениетімізге қосқан үлкен үлесі болған Ақыртас сарайы – тұла бойы тұтас жұмбақ күйінде аумағы 2,5 гектар жерді алып жатыр. Оның 70-ке жуық бөлмелері болған. 15 колонна галереясы мен ортада жарты гектар ашық алаңы бар, сырт қабырғаларының ені 5 метр болып, ірге тасы 2 метр тереңдікке қазып орнатылған ірі тас блоктармен қаланған. Салмағы бірнеше тонналық тастарды, сыналап қалай сындырғаны белгісіз. Әрбір 20 см аралықта шеңбері 2,5-3,0 см болатын, тереңдігі 5-8 см үңгілеумен қатты тау ағашынан сына жасап сонымен жарып сындырғанға ұқсайды. Қорғанның 4 қақпасы бар, біреуі солтүстікте, үшеуі оңтүстікте. Тұрғын үйлер ішкі ауланың төңірегіне топтастырыла салынған қызмет көрсететін және шаруаға қажетті бөлмелер кешенінен тұрады. Ауланың түпкі жағында оңтүстік есік жақтағы Ақыртас иесінің жатын және қонақ үйі орналасқан сыңайлы. Солтүстік есік жақтағы үйлер қызмет ететін адамдар мен күзетшілерге, бір бөлегі ат қораға арналғаны байқалады және су қоймасы бар орталық аула, қорған әскерлерінің алаңы немесе діни рәсімдер атқарылатын орындар орналасқан. Қалаға судың жеткізілуінің де өзіндік сол кездері құпиялары сақталған. 4-5 шақырым қашықтықта жатқан Ұзынбұлақ тау шатқалынан осы ғимаратқа су жеткізетін қыш құбырлар желісі әкелінген. Көлемі үлкен шеңберлі 20-18 см, тұрқы 45-60 см, ал қамалдың ішкі бөлмелеріне кіші шеңберлі су құбырлары жүргізілген. Негізі,судың іргесіндегі Ұзынбұлақтан тартылмай сонау бастау басынан тартылуы да екі жағдайға байланысты: бірінші, қамал жау қоршауында қалған жағдайда су жасырын жер асты арқылы қалаға келіп тұруы үшін, екінші, су аязды күндері қатып қалатын жағдайды ескеріп, сонау шатқалдың 4 шақырым қашықтықтағы суы мол қатпайтын бастау табанынан тартылған. Осылайша қаланың ішкі және сыртқы жақтарынан су құбырлары желісі жүргізілген.

Міне, ақиқаты әлі де толық ашыла қоймаған, әртүрлі болжамдарға байланған алып құрылыстың жалпы көрінісі осындай. Бірақ, әлі де оның құпия сырларына қаныға алмаған жұрттың, кейде: «Неге алып құрылыс осы арадан соғылды?» деген қызығушылық сұрақтарын туғызары да қақ. Әрине, әр нәрсенің өз себебі болатындай мұның да өз есебі бар. Біріншіден, төбе астында тас блоктардың жетерлік қоры бар. Екіншіден, іргесінде ағып жатқан мол сулы Ұзынбұлақ өзені болған. Үшіншіден, кірпіш – құбыр өндіруге сары топырақ қоры жеткілікті. Төртіншіден, 40 шақырым күн батысында ежелгі Тараз қаласы, Ақыртаспен бір бағытта әлемді байланыстырған Ұлы Жібек жолы бойында қатар жатыр. Осындай экономикалық және саяси мақсат көздеген де болуы керек. Қалай айтсақ та қамал құрылысы өте сауатты, геометриялық есептерге сәйкес соншама сәтті атқарылған. Салмақ түсетін топырақ жынысының тығыздығы, жерасты су деңгейі, ғимараттың жалпы жерге түсер салмағы, ірге тасының жерге қазылып орнатылуы, осы айтылған ережелер Ақыртаста өте ұқыпты қатаң сақталынған. Адам айтқысыз ғажап ғимараттың сыртқы қабырғаларының қалыңдығы 5 метр, әрбір метрге 15 см ішке қарай еңкіш (уклон) ережесін қатаң сақтап отырғаны сүйсіндіреді. Табаны 5 метр, төбесі 3 метр болғанда сыртқы қабырғасының биіктігі шамамен 15 метр болып шығады емес пе? Осындай зор көлемді 5 метрлік 15 тас бағаналардың тізбегі күн батыс терістікке қарай қатар орналасқан.

Тарихы тылсым Тасқаланың әлем мәдениетінен ойып тұрып орын алары ақиқат. Аталарымыздың тарихтың даму барысында сан ғасырлар бойы Еуразия даласын көшіп-қонып жүріп-ақ қала мәдениетін дамытып, әлем өркениетінде мәдениеттің озық үлгісін жасай білгені керемет!

Асылжан Шайділдаев,

облыстық мәдениет,

мұрағаттар және құжаттама

басқармасының «Тарихи-

мәдени ескерткіштерді

қорғау және қалпына келтіру дирекциясы»

КММ-нің «Тарих және археология»

 бөлімінің ғылыми қызметкері

Ақ жол. – 2016. – 25 маусым. – 6 б.


 

Азаттықтың айбаты мен айғағы

Азаттықтың айбаты мен айғағы

Тәуелсіздіктің 25 жылында мемлекетіміздің тарихи тағдыры түбегейлі өзгеріп, еңсесін тіктеп, іргесін нықтап, өркениеттің жаңа өрнегін қалыптастырды. Кешегі сақ пен ғұн дәуірінің датын балбал тастар жеткізсе, бүгінгі тәуелсіздікке қаламыздағы әрбір өнер туындысы өзіндік үн қосып тұрғандай.

Керуен-керуен дәуірлердің күймесімен ұрпаққа жеткен Күлтегіннің тасқа қашалған аманаты, талай ғасырдан бері сестіліктің символына айналып кеткен Тектұрмас пен Қараханның, сұлулық пен махаббаттың киесі Айша бибінің кесенесі қазақ даласында текке бой көтерген жоқ. Астарында сол заман мәдениетінің, руханиятының, бір сөзбен айтқанда, тарихтың табы бар. Тіпті тарихтың өзі осындай жәдігерлердің жұрнағымен жазылған.

 Ал осыдан жиырма бес жыл бұрын еліміз маңдайға жазылған тәуелсіздігіне қол жеткізіп, жоғын түгендеп, барын саралайтын мүмкіндік алды. Қағидалар өзгеріп, қазығынан жұлып кетіп азаттығына жеткен қазақ еліміз үшін нәубетті жылдарға нүкте қойылды.

 Экономикалық, саяси, әлеуметтік ахуалдың буыны босап, Азияның алтын құрсағынан қайта туылған нәрестедей Қазақстан Республикасына осының барлығын оймен саралап, ақылдың алдаспанына салу еңбегі қатпаған балаға асау арғымақтың тізгінін ұстатқанмен бірдей еді. Дегенмен, даналықтың дәнегінен өніп шыққан бәйтеректей, дархан халқымыз бен ұрпақтың тағдырын ойлаған ел ағалары мемлекетіміздің іргесін биіктетпесе, төмендеткен жоқ. Кешегі халқым деп жүрегі қарс айырылып, жазықсыз жаланың жетегінде кеткен азулы ғұмыры абақтыға сыймаған арыстан ұл, мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың ізімен қанатын қылыштай сермеген Отанымыз армандаған ақ сәулесіне, Тәуелсіз тұғырына қонып, күннен тәж киді. Сонау тарихи сәтте елімізде елеулі өзгерістер орын алып, сәулетті нысандар, ескерткіштер бой көтерді.Соның бірегейі — Тараз төріндегі Тұрар Рысқұловтың ескерткіші. Қысқаша айта кетсек, Т. Рысқұлов (1894-1938) — Кеңес мемлекеттік, партия қайраткері.

 1917 жылдан КПСС мүшесі болған. 1916 жылғы Орта Азия көтерілісіне қатысушы. Түркістан АКСР ОАК Төрағасы (1920), РСФСР Ұлттық істері жөніндегі халық комиссарының орынбасары (1921-1922), РСФСР Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары (1926-1937), Бүкілодақтық Орталық атқару комитетінің мүшесі. Түркі халықтарының мемлекет ретінде қайта дамуын қолдады. Ұлтшылдығы үшін кінәланды, қуғын-сүргінге ұшырап, 1938 жылы қайтыс болды. 1965 жылы ақталды.

 Мүсін Абай көшесінің бойындағы қайраткердің атымен аталған мәдени және демалыс саябағының кіреберісінде тұғыр тұлғаның туылғанына 100 жыл толуына орай орнатылған. Мүсіншісі Ю. Баймұхашев, сәулетшісі Т. Жұмағалиев. Ескерткіштің ашылуына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан президенттері қатысқан болатын. Т. Рысқұловтың есімімен Жамбыл облысының бұрынғы Луговой ауданы, елді мекендер, көшелер, саябақтар мен алаңдар аталады. Ескерткіш композициясы — мінбе түрінде жасалған гранит тұғырға орнатылған қола мүсін. Тұғыр көлемді стилобатқа қойылған, қызыл жылтыр гранитпен қапталған. Тұғырдың беткі жағында қазақша бедерлеп жазылған «Тұрар Рысқұлов» деген сөздер және өрнек бар. Ескерткіштің жалпы биіктігі — 1,7 м. Мүсін биіктігі — 4,0 м, қоладан құйылған. Ел егемендігін алғаннан кейін араға екі жыл салып, тарихтың темірқазығы атанған Тараз шаһарында еңсе көтерген туынды бүгінде қала халқының рухани демалыс орнына айналған.

PS: Тараз тарихы қалың қазақтың арғы-бергі һәм болашақтың тарихымен де тығыз байланыста десек тіліміз жазықты болмас. Тәуелсіздік алғалы бері шаһар келбетіндегі өзгерістер мен сәулеті жарасқан мәдени орындарға жеке-жеке тоқталуды жөн көрдік. 25 жыл ішінде қала ажарын арттырған сәулетті туындылармен газетіміздің әр нөмірінде танысатын боласыздар.

Нұржан СЕРІКХАНҰЛЫ 

Жамбыл-Тараз. – 2016. – 20 шілде


 
 

Тараз әлем жұртына тарихымен есік ашады

Тараз әлем жұртына тарихымен есік ашады

 

Уақыт ағымымен жақындап келе жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық маман­данды­рыл­ан көрмесінде ежелгі Тараз қаласы әлем жұртына есігін тереңнен тартқан тарихымен ашпақ. Жамбыл облысы Ұлы Жібек жолы бо­йында орналасқан іргелі мекендердің бірі және бірегейі. Тарихы мыңжылдықтардың мұратымен үндесіп, адамзат өркениетінің елең-алаңымен астарласқан аяулы алтын бе­сігіміз Тараз қаласының тарихи шежіресін па­рақтау дәуірі XX ғасырдың ғаламат сыйы – Тәуелсіздік таңымен ұштасады.

Алғашқы іргетасы біздің жыл санауымыздан жүз жыл бұрын қаланған қасиетті мекеніміз, өзінің өрелі ғұмырында талай-талай тарихи тасқындар мен дауылды ғасыр­ларды бастан өткерді, Ұлы Жібек жолының кіндік бекеттерінің бірі, аса ірі өркениет ошағы ретінде батыс пен шығысты жалғады, сөйтіп «Тараз – тарихымыздың алтын ар­қауы» дейтін мәртебеге ие болды.

Тәуелсіз Қазақ елінің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың дуалы аузынан шыққан шымқай шындықтың арғы тегінде тебіндеген Тараз тарихының жарқын беттері – ар­ғысы жалпы түркі өркениетінің, бер­гісі Қа­зақ мем­лекеттігінің басынан кешкен көп жақ­сы­ның басында тұрғандығымен ерекше­ле­неді.

Екінші Түрік империясының тарихтан ойып тұрып орын алған ұлы тұлғасы Тон Ябғу ордасын тіккен Мыңбұлақ мекені, адамзаттың даму тарихына аса ірі бетбұрыс әкеліп, аймақ аясында Ислам өркениетінің өркен жаюына себепкер ұлы шайқас өткен (751ж.) Атлах қаласы жатқан, араға сан ғасырларын салып, ақыры 1465 жылы Керей мен Жәнібек оғландар Қазақ хандығының алтын туын аспандатқан Қозыбасы биігі тұрған Шу – Талас аңғарының бас қаласы Тараз тарихының тынысы, тылсым-болмысының бүгінгі қауымға да айтары мол…. Жалпы, түркі әлеміне ортақ өрім­дерімен ерекшеленетін өркениет өрісіне өлшеусіз үлес қосқан Тараз қаласы, киелі қала осыдан 21 ғасыр бұрын өз іргетасын қалаған Шу – Талас аңғары туралы әлемдік тарихнамада арнайы тарау бар екендігін біреу білсе, біреу біле бермеуі мүмкін. Бүгінгі шек­ара­лық шеңберді тарихи таным өресімен «бұзып» көрсеңіз, түркілік ұлы өркениет аясының Азия-Алтай асқарлары мен далаларын аттап, алыс құрлықтарға дейінгі ауқымды қамтитындығына қанығар едіңіз.

Ежелгі балбал тастағы таңбалар, мәңгі­тастардағы сына жазулар мен ел аузын­да­ғы аңыз-әфсаналар әлемі осыны мең­зейді. Осынау құндылықтардың бел ортасында тағы да Тараз – Талас, Шу – Меркі өңірлері алыстан менмұндалайды. Тарихи томдар тарауларынан ойып тұрып орын ал­ған Талас жазуы, Қаратау сілемдерін қуа­лаған ежелгі қоныстар шоғыры, Қарасай-Мойнақ петроглифтері, Меркі  – Жайсаң жау­һарлары түркі өркениетінің түп-тамырымен біте қайнасқан құндылықтар екендігін сезінесіз. Бүгінгі ұрпақ парызы – осынау құндылықтардың қуат-күшін, кескін-келбетін бүгінгі ұрпаққа рухани ұлағат ретінде ұсы­нып, болашақ ұрпаққа Ата аманаты санатында табыстау, әлем жұртына түрен тимеген тың жаңалық ретінде жеткізе білу болса керек.

Енді міне, оның да орынды орайы келіп тұр. Ол орай – әлемдік қоғамдастықтың, ең алдымен инженерлік ақыл-ойының же­тіс­тіктерін әлем талқысына салатын, Тәуелсіз Қазақ елінің төрінде тұңғыш рет ашылып, әлемнің әр түкпірінен келетін 5 мил­лион адамды асыға күтіп отырған сарабдал іс-шара – ЭКСПО-2017 көрмесімен байланысты. 2015 жылдың қазан айында аталып өткен Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесі қарсаңындағы қарбалас жұ­мыстардың нәтижесінде ежелгі Тараз тағы да бір түледі, 2100 жылдық тарихы бар ежелгі қаламыздың ажарына ажар қосар игілік­ті істер атқарылды. Сәулетті ғимарат-құры­лым­дар – «Ежелгі Тараз» музейі, тамашалау-шолу мұнарасы, Достық үйі бой көтерді, кешенді археологиялық зерттеу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді, еліміздің тарихындағы тұңғыш ашық аспан астындағы музей ашылды. Қазба жұмыстарының нәти­жесінде табылған ежелгі жәдігерлерді музей сөресіне орналастыру жұмыстары жақын мерзімде аяқталып, мәңгілік мұралардың көпшілік көзайымына айналар сәтіне де санаулы күндер қалды. Амандық болса, келер жылы әлем жұртына өз есігін Қазақ елінде айқара ашатын ЭКСПО-2017 көрмесінің қонақтары, көрме аясында өтетін арнайы бағдарламаға енгізілген Тараз бағыты бойынша киелі мекенімізге атбасын бұрмақ.

Әлемнің әр түкпірінен келген қонақтар тарихи мұраларға тұнып тұрған өлкеміздегі «Ежелгі Тараз», «Айша бибі», «Қарахан», «Тек­тұрмас», «Ақыртас» нысандарының кез кел­ген қонаққа жасқанбай көрсетуге татыр­лық келбетін тамашалап, олардың деңгейі биік тарихымен танысатын болады. Ол үшін арнайы бағдарлама жасадық, кәдесый өнімдерін шығару, тіл мамандарын іріктеу жұмыстарын да қолға алып жатырмыз. Сонымен бірге, қорық-музей мамандарынан жасақталған топ ЭКСПО-2017 көрмесі қонақтарына арналған арнайы көрме жасақтап, Астана қаласына іссапармен барады, олар бір ай бойы қөрменің мәдени іс-шараларға арналған арнайы залында «Шырағдандар шеруі» атты көлемді экспозиция құрып, көрме қонақтарына қызмет көрсетеді. Онда Тараз тарихына арналған бейнефильм көрсетіліп, Әулиеата – Тараз топырағында мәңгілік мекенін тапқан киелі жәдігерлер жайында түсірілген фото-бейне өнімдері көрсетіледі. Арнайы көрменің негізгі арқауы – Тараз жерінде әр жылдары жүргізілген археологиялық, ғылыми-зерттеу жұмыстары кезінде табылған, біздің ата-бабаларымыздың өткен ғұмырынан, олардың ұлттық-ұлыстық мәдени-рухани деңгейі мен шеберлік мектептерінен хабар беретін жәдігерлерден тұратын болады.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, ЭКСПО- ­2017 көрмесінің Ежелгі Тараз мәдени-ту­рис­­тік бағытының ауқымы Жамбыл облысы­ның, ең алдымен, тарихи-рухани, мәдени-әлеу­меттік мүмкіндіктерін кеңінен қамтып, өлке­мізде туристік кластердің дамуына игі ықпал ететіндігіне сеніміміз мол. Яғни, іс-шара­ның жауапкершілік деңгейі биік те мәртебелі.

 Алмас МҰХТАРОВ,

МСМ «Ежелгі Тараз ескерткіштері» ТМҚМ бөлімі басшысы

Егемен Қазақстан. – 2016. – 9 қыркүйек. – 8 б.


 
 

Тараз өңіріндегі ортағасырлық қалалардың тарихы

Тараз өңіріндегі ортағасырлық қалалардың тарихы

 Тараз (Талас) туралы ортағасырлық географтар, тарихшылар мен саяхатшылар көптеген мəлімет қалдырған.

 Себебі қала Ұлы Жібек жолындағы маңызды орындардың бірі еді. Авторлар Тараз жайлы жазғанда, ең алдымен, оның сауда саласындағы маңызы туралы айтады. Өйткені сол кездегі халықтардың өмір сүру деңгейі тек саудамен бағаланатын. 630-жылдары осы өңірге саяхаттап келген Қытай саяхатшысы Сюань-Цзянь Тараз қаласында біраз күн аялдап, оны қызыға тамашалаған екен. Оның: «Таластың аумағы – 8-9 ли. Бұл қалада көптеген елдердің саудагерлері аялдап, түрліше заттар əкеліп сатады», – деп жазғандары сол кездегі Тараздың аумағын анықтауға көмектесер өте тамаша дерек көзі еді. Одан кейін үш ғасырдан соң осы қалаға келген жиһангез Ибн Хаукаль да қаланы дəл осылай – «Тараз – мұсылмандардың түріктермен сауда жасайтын қаласы» деп суреттейді. Ал араб тарихшысы Әл-Макдиси болса: «Тараз – бақтары мол, тұрғындары тығыз орналасқан үлкен қала», – деген мəліметтер қалдырады. ІХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген математик және географ Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезми «Китаб сурат ал-ард» атты шығармасында: «Тараз – бұл көпестер қаласы», – деп жазған. Міне, Талас өңірінің мәдени ошақтарының негізі болған Тараз қаласының айналасына көптеген қалалардың топтасуы заңдылық екені белгілі.

Ал енді осы ұлық қалаға айналған Тараздың төңірегіндегі алыс-жақын орналасқан орта ғасырлардағы жазба деректерде кездесетін қалаларға оралайық. Деректерде ежелгі Тараз қаласының төңірегінде Балу, Шігіл (Жікіл), Барысхан (Төменгі Барысхан), Отлақ (Атлах), Жамукат, Бектөбе, Құлан, Меркі, Аспара, Тамды деген қалалардың атаулары кездеседі. Бұл қалалардың барлығы да өз заманында еліміздің тарихи-мәдени дамуына үлкен үлес қосқаны айдан анық. Егер бұл қалалар сол дәуірде дамып гүлденбесе, онда олар тарихшылар мен саяхатшылардың көзіне ілінбеген де болар еді ғой. Әрине, анау айтқандай үлкен қалалар болмаған да шығар, бірақ кішігірім қала болса да, өз заманының мәдениеті қалыптасқан қалашығы болғанын мойындауымыз керек.

Солардың бірі – Шігіл қаласы. Ол туралы Əл-Мукаддаси: «Шігіл – Тараздан дауыс жетер жердегі шағын қала», – деп сипаттаса, ал Махмұт Қашқари болса: «Шігіл –түрктердің үш аймағының бірі, Тараз-Талас қаласының жанындағы бір қалашықта тұратындар да «Шігіл» деп аталады», – деп көрсетеді. Бұдан біз Шігілдің Тараздың дәл түбіндегі қала екенін байқаймыз. Осы Шігіл қаласын археолог ғалымдарымыз Г.И.Пацевич, Т.Н.Сенигова, К.М.Байпақовтар Тараздан оңтүстік-шығыста 3 шақырым жерде орналасқан Жалпақтөбе қаласы деп көрсетеді. Жалпақтөбе – VІІ-ХІІ ғғ кезеңінде өмір сүрген қала. Әрине, бұл атаудың қайдан шыққаны да әлі күнге дейін зерттеусіз қалып келеді. Археолог А.Н.Бернштамның пікірінше, Шігіл Ыстықкөл мен Тараздың маңын мекен еткен түріктердің Жікіл тайпасының атымен аталған екен. Қазіргі қазақ тайпасының ішінде де әлі күнге дейін өшпей келе жатқан Шығыл деген ру-тайпа бар. Бұл осы тайпаның мекендеген жеріне қала соқтыруынан аталған да болар. Қашқари да осыған меңзейтіні байқалады. Қазыбек бек Тауасарұлы да өзінің «Түп-тұқианнан өзіме шейін» атты 1776 жылы жазған қазақ шежіресі кітабында, Үйсін Елсау бидің үлкен ұлы Нулының баласы Азық деген атамыздың ұрпағынан тарайтын «Шығыл» деген тайпа сол замандағы ең ірі рулардың болған еді деп жазады. Кейбір ел ішіндегі аңыз-әңгімелерге қарасақ, Шігілде ХІІ ғасырда өмір сүрген, мұсылман дінін уағыздаушы Әбдрахман әл-Мұхаммед ибн Яхия туған деген де мәліметтер бар. Енді бұл мәселені қазақ ру-тайпаларының шығу тегін зерттей отырып, болашақ жас ғалымдар анықтай жатар. Біздің айтпағымыз, қазақтың әрбір тайпасының өзіндік қалажұрты мен қалалық мәдениеті болғанын мақтанышпен айту ғана болатын.

Тағы да Əл-Мукаддасидің Төменгі Барысхан жайында: «Барысхан шығыста екі адамның дауысы жетер жерде, оны қоршаған қамал бұзылған. Мешіті базардың ортасында орналасқан», – деген мəліметтері бар. Тараздан Төменгі Барысханға дейін 3 фарсах. Төменгі Барысханды археолог Т.Н.Сенигова Тараздан солтүстік-шығыста, Талас станциясының жанындағы Төрткүлтөбе деп көрсеткен. Төрткүлтөбе VІІ-ХІІ ғасырлар аралығында өмір сүрген. Осы Төменгі Барысхан қалашығын, яғни Төрткүлтөбе қаласын алғаш 1940 жылы Жамбыл археологиялық пунктінің экспедициясы (Г.И.Пацевич) зерттеген. Ал 1956 жылы ҚазКСР ҒА ТАСИ Жетісу археологиялық отряды (Т.М.Сенигова) зерттеп, қазба жұмыстарын жүргізеді. 1985 жылы Қазақ КСР-нің тарихи және мәдени ескерткіштері Жинағы археологиялық экспедициясының отряды зерттеп, тік бұрышты екі қабатты төбе тұрпатты болып келген қала қабырғалары төрт тарапқа қаратылғанын анықтайды. Шахристанда жасалған қазбалар ошақтары мен тандырлары бар бірнеше үй-жай, қора-қопсы құрылыстарын ашты да, оларды VIII-IX ғасырларға жататынын айқындап, қаланың «Төменгі Барысхан қаласы» екенін дәлелдеді.

Келесі қаламыз – Жамукат. Жамукат туралы деректер X ғасырдың географы Әл-Макдисиде, сондай-ақ Нершахидің «Тарих-и-Бұхарасында» кездеседі. Ол жазба деректерде: «Жамукат үлкен. Оны қамал қоршаған. Мешіті қамалдың ішінде, ал базарлары рабадта», – делінген. Жамукат (Хамукат) қаласын А.Н.Бернштам Майтөбе немесе Бесағаш қалаларының бірі болса керек деп есептеген, ал К.М.Байпақов Тараздан солтүстік-шығыста, Сарыкемер ауылының жанындағы, Талас өзенінің оң жағасында тұрған Қостөбе дейді. Осы Қостөбе қаласын ең алғаш 1938 жылы ММЗИ ЖАЭ және КСРО ҒА қазақстандық бөлімшесі (А.Н.Бернштам) зерттеген. Зерттеу барысында қалажұртты VI-XII ғғ. жатқызуға мүмкіндік берген қыштар мен тиындар табылған. Одан әрі қалажұрттағы қазба жұмыстарын ҚазКСР FA АЭЗИ ТАЭ 1985 жылы бас-тады. 1986-87 жж. ҚазКСР FA АЭЗИ тарих және мәдениет ескерткіштерінің Жинағының археологиялық экспедициясы (К.М.Байпақов) жалғастырып, 2000 жылы ОҚКАЭ (К.М.Байпақов) зерттеді. Осындай көлемді зерттеулердің нәтижесінде қалажұрт VI ғасырда тұрғызылып, мәдени-рухани орталыққа айналғанын дәлелдеді. Ғалымдарымыздың ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша, Қостөбе қалажұрты Талас алқабындағы ірілерінің бірі екендігі мәлім болды. Ал ғалымдарымыз осы қаланы Түркістанға қоныс аударған бұхар соғдылары негізін қалаған деп жазып жүр. Бұған келісуге болмайды, себебі бұл қаланы соғдылар соқты дегеннен гөрі түркілер соқты деген дұрыс болар еді. Осы мақаланың авторы өзінің «Хамукат қаласының зерттелу тарихы» атты ғылыми мақаласында ортағасырлық араб дереккөздеріне сүйене отырып, нақты дәлелдермен Тараз өңіріндегі қалаларды ешқандай да соғдылар емес, Бұқара мен Самарқандтан ауып келген түркілер соқтырғанын ғылыми түрде дәлелдеп жазған еді. Соғды деген ел де, ұлт та, ұлыс та жоқ. Тек Орта Азияда Согд деген қала ғана бар. Арабтар мен парсылар осы қаланың тұрғандарымен көп сауда жасағандықтан және солармен шекаралас бетінде тұрғандықтан да, бұл өңірді жалпылама Согдиана деп атап кеткен-ді. Ал сол Согда, Бұқара, Самарқанд қалаларын түркілердің атышулы қағаны Афрасиаб соқтырғанын, сонымен бірге сол заманнан бері ол аймақты түркілер жайлап келе жатқанын айтпай-ақ түсінуге болады. Кезінде Ресей тарихшыларының бұрмалап жазғанынан біздің көптеген тарихшыларымыз да шыға алмай, солардың айтқанымен жүре берді. Ал қазіргі кезде бұл шындық бұлтартпас дәлелдермен айшықталып, нақтыланып отыр.

Отлұқ қаласы да жазба деректерде бар. Ол Әл-Муккадасидің еңбегінде аталып өтіледі. Онда: «Отлұқ көлемі жағынан бас қаламен (Таразбен) шамалас, оны қамал қоршаған. Бау-бақша оның үлкен бөлігін алып жатыр. Мешіт мединада, ал базарлары рабадта орналасқан», – дейді. Осы Отлұқты зерттеуші ғалымдар оны Жуантөбе қаласымен баламалайды. Жуантөбе – Талас өңірлеріндегі ең үлкен ұзын қорғанысты қалалардың бірі, ол VІ-ХІІ ғасырларда өмір сүрген. Осы қаладан табылған түрік руникасымен жазылған «Атлах» деген жазуы бар диірмен тастың сынығы зерттеушілердің болжамының дұрыс екендігін көрсетіп берді. Талас өңірінде жоғарыда сипатталған қалалардан өзге қалалар да жетерлік. Тарихымыздың терең қойнауына көз жүгіртіп қарайтын болсақ, 751 жылы осы Атлах қаласының маңында, Талас өзенінің жағасында әлемдік үш империяның, яғни Қытай – Араб – Түркі елдерінің арасында үлкен соғыс болған. Негізгі соғыс Араб пен Қытай арасында болғанымен, оған түркілер де араласып, арабтарға жақтасып, Қытай империясының әскерін тас-талқан етіп жеңген. Осыдан бастап өздерін алып мемлекет санайтын Қытай мың жылға дейін түркілердің, яғни қазақтардың жеріне аяқ баспайтындай болып шегінді. Арабтар да бұл соғыстан әлсіреп, олар да қазақ жеріне қайта шабуыл жасай алмайтын дәрежеге жетті. Осылайша түркі халқы өздерінің тәуелсіз қалпын сақтап қалды.

Тағы да бір ортағасырлық қала Адахкет туралы да айтпай кетуге болмас. Адахкет (кей деректерде Кавикат қаласы) қаласы туралы да мәліметтер орта ғасыр тарихшыларында кездеседі. Археолог ғалымдардың болжауынша, қазіргі Жамбыл облысы Талас өзенінің бойында, Тараз қаласының солтүстік-батысында орналасқан деген қорытындыға келген. Біздің өңірдегі ортағасырлық қалаларды көбінесе араб саяхатшылары өз еңбектеріне түсіріп отырған. Себебі оларды Азиядағы ең күшті мемлекет түркілердің қалай дамып, қалай өркендеп жатқаны қатты қызықтырған. Түркілердің әрбір тіршілігін жіті бақылап, жазып отыру олардың әдеті болды десе де болады. Әсіресе, түркілер туралы көп мәліметтер жинаған орта ғасыр саяхатшылары Ибн Хаукал, Гардизи, Ибн Хордадбек, Мұхамед Наршахи, Ибн әл-Асир секілді тарихшылар болған. Осылардың ішінен араб географы Ибн Хордадбех: «Кавикат Тараздан 7 фарсах жерде, ал одан Қимақ патшалығының астанасына дейін 80 күндік жер», – деп жазса, Х ғасырда өмір сүрген тағы да бір араб географы Әл-Хамаданидің айтуынша: «Тараздан қимақтарға баратын жол Кавикат деп аталатын жерде орналасқан жақсы жабдықталған екі елді мекен арқылы өткен», – деген деректі келтіреді. Оның орындары Тараздың солтүстік-батысында орналасқан Қаракемер қалажұртына сәйкес келеді. Бұл орталық бөлігі ұзын дуалмен қоршалған бекіністі төбе ұқсайды. Оның көлемі – 450х450 м, биіктігі – 8 м. Қаланы қоршаған дуалдың аумағы 1 шақырымдай болады және үлкен қала болғандығы анық байқалады. Қаланы 1938 жылы Жамбыл археологиялық экспедициясы (жетекшісі А.Н.Бернштам) зерттеген.

Келесі қаламыз Оххум деп аталады. Бұл қала қазіргі Байзақ ауданында орналасқан. Алғаш рет қаланы 1894 жылы В.В.Бартольд зерттеп, ортағасырдағы орташа дамыған қалалардың бірі деп бағамдаған. Одан кейін де қалажұртты А.Н.Бернштам, К.М.Байпақов, Д.А.Лобас, М.Елеуов сияқты археолог ғалымдарымыз зерттеп, аталған мекеннен көптеген құнды заттай деректер тапқан болатын. Олардың айтуынша, қала VІ-ХІІ ғасырларға жатады. Әзірге бұл қалалық мәдениет туралы деректер жоқтың қасы болып, тек археологтарымыздың зерттеулерімен ғана шектелуге мәжбүрміз.

Орта ғасыр саяхатшыларының жазбаларына түскен қалалардың бірі – Джувикат қаласы. Бұл қала да өз дәуірінде мәдениет пен өркениеттің қанаты кең жайылған, өзіндік даму үрдісі бар қала болған. Ортағасырлық тарихшы Құдама ибн Жафардың жазбаларында: «Жувикат Шауғар мен Тараздың аралығында орналасқан», – делінген. Бұл қала Тараз қаласынан батысқа қарай 15-16 км жерде, Аса өзенінің жағалауындағы, қазіргі Жамбыл ауданы Бектөбе ауылында орналасқан. Археолог ғалымдарымыздың зерттеуі барысындағы төбенің жоғарғы қабатынан жиналған заттай деректерге негіздей отырып, оның VII-XII ғасырлар аралығында болғаны дәлелденді. В.А.Каллаур, А.Н.Бернштам, В.Бартольд, К.Байпақовтай ірі ғалымдарымыздың ғылыми зерттеулерінің нәтижесі бойынша Бектөбе қаласы ортағасырлық Жувикат қаласының орны екені нақтыланды.

Осымен сөзімізді аяқтай келе айтарымыз, жері шұрайлы, өңіріне құт-береке дарыған Алатаудан тасып төгілген асау Таластың айналасы ата-бабаларымыздың қалалық мәдениет пен далалық мәдениетте өзіндік ізін қалдырған қасиетті мекенге айналғаны осындай ғылыми-зерттеу жұмыстарынан дәлелденіп отыр. Аралары жақын әрі бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болған осы қалалардың бір ғана аймаққа орналасуының өзі маңайда әлеуметтік-экономикалық дамудың жоғары болғанын көрсетеді. Таластың жағасына Тараз қаласы бастап, осыншама қалалардың салынуы далалық өркениетті қалалық мәдениетпен ұштастыра білген бабаларымыздың өз дәуірінде ірі ақыл-ойдың иелері болғанын білдіреді. Міне, бұл – бір ғана Тараз өңірінде орналасқан қалалардың тізбегі. Иә, әлі де зерттеуді қажет ететін, қазақ тарихының бай мәдениеті мен мұраларынан тың мағлұматтар беретін қалашықтарымыздың топырақ астында көміліп жатқаны қаншама! Өңіріміздегі ғасырдан ғасырға, заманнан заманға ұласып, көненің көзіндей болып кейінгі ұрпағына аманат ретінде жеткен осыншама қалалардың көбісі зерттелмей жатқаны өкінішті-ақ.

 Асылжан ДУЛАТИ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі,

Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы тарихтану бөлімінің меңгерушісі

Jambyl -Taraz. — 2021. — 25 nauryz