Күндерімнің куәсі

Тарих – ұлттың өзегі, жаны екені даусыз. Батыр бабаларымыз тұлпар тұяғын дүрілдетіп өткен Ұлы Дала елінде, атажұртта отауын тігіп, қоныс тепкен қазақ халқының арғы-бергісінде қаншама тарихтың ізі жатыр. Ал ол ізді тірілтіп, рухымызды өсіруге еңбек сіңірген ұлтымыздың маңдайы жарқыраған тұлғалары бізге күш береді. Ал сондай аяулы есімдердің бірі әрі бірегейі – филология ғылымдарының докторы, Мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.

Құрметті оқырмандар, сіздердің назарларыңызға сайтымыздың Ай кітабы бетіне Мемлекет және қоғам қайраткері, аса ірі түріктанушы, профессор Мырзатай Жолдасбековтың 85 жас мерейтойына орай «Күндерімнің күәсі» атты жеке күнделігін ұсынамыз:

Жолдасбеков, М. Күндерімнің куәсі [Мәтін] / Мырзатай Жолдасбеков. — Астана : Фолиант, 2017. – 320 б.

Автордың 1993-1996 жылдар арасын қамтитын күнделік жазбалары «Елшінің күнделігінен» деген атпен 1997 жылы «Ел тағдыры — ер тағдыры» дейтін кітабында жарияланған болатын. Одан кейін «Күндерімнің куәсі» (2007), «Күнделік сөйлейді» (2010), «Күндерімнің куәсі» (2012, екі том) дейтін күнделіктері жарық көрді.

«Күндерімнің куәсі» де — сол күнделіктердің жалғасы, 2012-2016 жылдар арасын қамтиды.

Қай қаламгердің болмасын күнделігін оқып отырып, оның өмір өткелдерін, сол сәттегі көлеңкесіз көңілін, қуанышы мен мұңын, сағынышы мен сезімін көз алдыңызға әкелетініңіз анық. Мырзатай Жолдасбеков күнделігінің ерекшелігі — Тәуелсіз мемлекетімізбен замандастарымыздың өсу, калыптасу жолдарын тайға таңба басқандай көрсетіп отыр.

Кітап көпшілік оқырман қауымға арналады.

 

Көпіш Ә. Құмайкөктің көк аспаны

Жергілікті жазушы, қаламгер Әшірбек Сейілханұлы Көпіш Қордай ауданы Керу ауылында дүниеге келген, биыл 75 жасқа толып отыр. Осыған орай, сәуір айында cайтымыздың Ай кітабы бетіне жазушының «Құмайкөктің көк аспаны» атты кітабын сіздердің назарларыңызға ұсынамыз.

Көпіш, Ә. Құмайкөктің көк аспаны [Мәтін] : хикаяттар мен әңгімелер / Әшірбек Көпіш. — Алматы : Раритет, 2007. – 264 б.

Жазушының «Құмайкөктің көк аспаны» атты жинғында енген шығармалардың біреуіде – лирикалық, оқиғалық көркем баяндау басым болып келеді де, енді біреуінде – автор қуатты психологиялық талдаулар арқылы тікелей эпикалық ізденістерге бет бұрған. Жазушының бұл жинағына кейіпкерлерінің терең жан сезімі, күйініш-күйзелісі арқылы қақ жарып өтетін әлеуметтік қағыстарға негізделген хикаяттары және сыршыл әңгімелері топталады.

Қаламгер дүниетанымын түбегейлі айқындай түсетін өзіндік қолтаңба мен шұрайлы суреткерлік шығармалардың көремдік дәрежесін арттыра түскен. Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.

 

Кәрім Баялиев. Адам ізі.

Бүгінгі әдебиетіміз — барлық жанры иық сүйене дамып отырған күрделі әдебиет. Оның мән-жайын түсіну мен түсіндіру міндеті қай кездегіден де ауырырақ. Соңғы жылдары проза жанрында повестер кернекті орынға ие.

Құрметті оқырмандар, наурыз айында Ай кітабы бетіне Тараздық белгілі қаламгер Кәрім Баялиевтің туылған күніне орай «Адам ізі» атты повестер жинағын ұсынамыз.

Баялиев, К. Адам ізі [Мәтін] : повестер / Кәрім Баялиев. — Алматы : Атлас, 2002. – 272 б.

Кәрім Баялиев 1 наурызда 1927 жылы Әулиеата (қазіргі Тараз) қаласының батыс жағындағы Билікөлдің жағасында туған. Алматы мемлекеттік заң институтын бітірген. Облыстық әділет басқармасы бастығының орынбасары, мұғалім, облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетінде әдеби қызметкері, Қазақ радиосының Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі, Қазақстан Жазушылар одағының облыстық кеңесшісі қызметтерін атқарды.

Оннан астам прозалық жинақтардың авторы Кәрім Баялиевтың есімі оқырман қауымға жақсы таныс. Жинаққа қаламгердің “Адам ізі”, “Нөсер”, “Тойбастар” атты үш повесі беріліп отыр.

«Адам ізі» повесінде адамгершілік, ілтипат мәселесін көтереді. Мамандық алу, жұмыс жоспарын артығымен орындау жақсы-ақ, бірақ бұлармен ғана өмір сұраулары мен борыштары түгелденбейді. Адам өз мүддесін ғана көздемей, өзгелердің де жай-күйіне көңіл бөлуі керек. Сонда ғана өмір жарасымы, келісімі тумақ, қоғам мен адам тіршілігінің сәйкестігі жасалмақ. Повестің бір кейіпкері «жүрегің сұлу болса ғана, жер бетіндегі ісің сұлу» дейді. Жазушы қолынан өнер төгілген Мәлік деген жас жігіттің еңбектегі табысына мастанып, тәкаппарлыққа түскенін, ақыры сол мінезінен опық жегенін көрсетеді. Оның есесіне әшейін де көзге елеусіздеу жүретін Әмірдің бойында қарапайымдылық, адамгершілік, жүрек жылылығы бар екенін оқиғалар өрілімі үстінде аңғартады. Повесте бұдан басқа да тағдырлар жайы сөз болады.

Сүйсінерлігі сол — автор өмір проблемаларын талдап, тексеру жасап, жауап айтуды көздеген және дәл қазіргі замандастар тіршілігінен сенімді оқиғалық байланыстар таба білді.

Кітап Тараз қаласының 2000 жылдығына орай жарық көрді. Көпшілік оқырман қауымға арналған.