Ел еркіндей бақыт тапқан, туған өлкем — Қазақстан

Іс-шараға Тараз гуманитарлық-техникалық колледжінің бірінші курс студенттері, тұрақты оқырмандар мен кітапхана қызметкерлері қатысты. Конференцияның мақсаты — Республика күнінің тарихи маңызын түсіндіру, ел тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің құндылығын дәріптеу, өскелең ұрпақтың отансүйгіштік сезімін қалыптастыру. Кездесу барысында Қазақстанның тәуелсіздік жолындағы тарихи белестері, жетістіктері, туған жердің қадір-қасиеті мен ұлттық бірліктің маңызы сөз болды. Қатысушылар өз ойларын ортаға салып, ел тарихына қатысты естеліктерімен бөлісті.

 Іс-шараның мазмұнын өнер өрнектері де байыта түсті. Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының өнерпаздары Дидар Апбасов арнау өлеңін орындаса, Ұлықбек Дүкенбай Күләш Ахметованың «Сен қазақсың» өлеңін мәнерлеп оқыды. Асель Мұратқызы «Әділеттік орнаса» өлеңін айтып, Абылқайыр Сәрсенбай «Жекпе- жек» күйін тарту етті. Ал №3 мектеп-лицейінің бірінші сынып оқушысы Томирис Байманова «Атамекен» әнін шырқап, көрермендердің ықыласына бөленді.

Кітапхана қызметкері Сәулеш Ермаханқызы «25 қазан — Егемендік пен білімнің үндестігі» тақырыбында баяндама жасап, Республика күнінің мән-маңызына тоқталды. Сонымен қатар оқырмандарға «Менің Отаным — Қазақстан!» атты кітап көрмесі ұсынылды. Көрмеге еліміздің тарихы, мәдениеті, тәуелсіздігі және тарихи тұлғалар туралы әдебиеттер қойылып, Шырын Мамасерікованың «Атамекен» кітабына библиографиялық шолу жасалды.

Оқырман конференциясы ел тарихына құрметпен қараудың, ұлттық құндылықтарды бағалаудың және жас ұрпақтың бойына отаншылдық рухын сіңірудің маңызын арттырды. Өйткені Отанға деген сүйіспеншілік — туған жердің тарихын танудан, елдің жетістігін бағалаудан, тәуелсіздіктің жауапкершілігін сезінуден басталады.

  Нұргүл Маликова, кітапханашы.

Aq jol. — 2026. — 31 қазан (№122). — 7 б.