Кенен Әзірбаев. Фотоальбом

       Халық поэзиясы – біздің халқымыздың нәр алып сусындаған бұлағы, сарқылмас мол қазынасы. Сол мол қазынаны бүгінгі ұрпаққа жеткізуші сал-серілер, ақын-жыраулар еді. Осы ақындық дәстүрді ілгері дамытқандардың бірі – халық жырының тарланы, екі заманды жырға қосқан ақын, композитор Кенен Әзірбаев.

       Құрметті оқырмандар! Сіздердің назарларыңызға,  маусым айында – Ай кітабы бетіне қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына орай «Кенен Әзірбаев» атты кітабын ұсынамыз:

Кенен Әзірбаев, 1884-1976 [Фотоальбом]. – Алматы : Өнер, 2008. – 160 б.

XX ғасырда ұлттық рухтың ұлы өнерпазы: жырауы әрі ақыны, жыршысы әрі күйшісі, әншісі, композиторы, шежірешісі, ірі қоғамдық қайраткері болып халықтың төрінен орын алған Кенен ата.

      Кенен Әзірбаевтың өмір жолын бейнелейтін өте мол фотосуреттер жинақталған. Фотоальбом төрт бөлімнен тұрады.

      Бірінші бөлімінде ақынның кіндік қаны тамған, балалық, жігіттік шақтарын өткізген жер-су, елді мекен суреттері бейнеленген. Мұның бәрі де Кенен ақынның өмірімен тығыз байланысты, әндері мен жырларына арқау болған жерлер.

      Екінші бөлімінде ақынның өз өмірінде шығармашылық байланыста және сыйлас-дәмдес болған қоғам қайраткерлерінің суреттері топтастырылған.

      Үшінші бөлім ақынның өз шығармашылығына, өмір жолына арналған.

      Төртінші бөлімін ақынның көзі тірісінде тойланған 80, 90 жылдық мерейтойларындағы фотосуреттер қамтиды. К.Әзірбаевтың үрім-бұтақтары да фотоальбомның осы бөлімінде.

Фотоальбом, негізінен, тарихшыларға, өнер зерттеушілеріне, мұрағат қызметкерлері мен жоғары және орта оқу орындарындағы өскелең жас ұрпаққа арналады.