Кітап – сарқылмас қазына

      Қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің №6 кітапханасының коворкинг орталығында «Жастар кітап әлемінде» жобасы аясында «Оқуға құштар жастар – тәуелсіздік тірегі» тақырыбында оқырман конференциясы өтті.

Жастар – біздің еліміздің жарқын болашағының кепілі. Іс-шара оқырмандардың назарын кітап оқуға баулу, руханиятқа бай орта қалыптастыру, оқырмандарды жаңа кітаптармен және жаңа авторлармен таныстыру мақсатында ұйымдастырылды.

– Кітапхананың жас оқырмандармен жұмыс істеудегі ең маңызды қызметі – көрме қызметі, оның мақсаты мен міндеттері кітапхана қорларының байлығын ашу. Осыған орай кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Кітап – сарқылмас қазына» атты кітап көрмесі ұсынылды.

Көрмеге өз бетінше оқуға арналған көркем әдебиеттің шытырман оқиғалар, тарихи, фантастикалық әдебиет жанрында мемлекеттік және орыс тілдерінде кітап жаңалықтары топтастырылған, – дейді кітапхана меңгерушісі А.Бекпатшаева.

Конференцияда Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Абзал Есіркепов, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының білімгері Азамат Намелбек, облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің тілшісі Нұрболат Аманбек, «Еркін ойлар алаңы» дебат клубының өкілі Фархат Қаумен қонақ болды. Сондай-ақ М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің журналистика мамандығының және Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің студенттері де қатысты. Жиын барысында кітапхана меңгерушісі Айгерім Бекпатшаева да тақырыпқа қатысты ойын білдіріп, жұмыс тәжірибесімен бөлісті.

Arai. – 2023. – 26 сәуір