Нұрпейісов Ә. Курляндия

Биыл Алаштың бағына біткен қарымды қаламгер, классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туылғанына  100 жыл толады.

Құрметті оқырмандар! Қазан айында, Ай кітабы бетіне қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан суреткерлердің бірі, соғыс ардагері, жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің мерейтойына орай «Курляндия» атты кітабын назарларыңызға ұсынамыз:

            Нұрпейісов, Ә. Курляндия [Мәтін] / Нұрпейісов Ә. — Алматы : Өлке, 2005. — 320 б.

             Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазан Қызылорда облысы, Арал ауданының Үшкөң ауылында дүниеге келген. Ол орта мектепті тәмамдаған бойда әскер қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына аттанды. Қысқа мерзімді курстарды бітіргеннен кейін Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курлянд плацдармындағы шайқастарға қатысты.

1946 жылы желтоқсанда әскерден босанған Әбдіжәміл Нұрпейісов армия қатарында жүріп бастаған «Курляндия» романын жазуға кіріседі, роман 1950 жылы шыққан алғашқы атауымен екінші рет (кейін «Күткен күн» атауымен төрт рет шыққан).

Романда Курляндия жерін неміс басқыншыларынан азат ету жолындағы кеңес жауынгерлерінің, партизан отрядтарының қажырлы ерлігі, азаматтық тұлғасы сипатталады. Олардың арасындағы халықтар достығы, бауырмалдық, азаматтық ар тазалығы, адалдық проблемасы, махаббат сезімдері, жеке адамдар арасындағы арамзалық, өсек секілді әдепсіздіктер шынайы, көркем тілде, елеулі оқиғалармен суреттелген.

Ұлы Отан соғысы кезіндегі оқиғалар, халықтың тұрмысы жайлы осы романда айтылады. Романда реализмді көруге болады. Өйткені, Есей, Петр Денисов, Қожақ, Самед сияқты кейіпкерлер күнделікті өмірдегі бейнелерімен суреттелген. Олардан басқа Ғизатуллин, Баян, Миронов, Остапчук тәрізді біраз кейіпкерлер осы образдарды толықтыра түседі. Курляндия түбіндегі жойқын соғысқа қатысқан осы тұлғалардың қимыл-әрекетінен патриоттық сезімін, ой-армандарын Ұлы Отан соғысының дауылдарымен астасып жатты

Әбдіжамал Нұрпейісовтің «Курляндия» романы Ұлы Отан соғысының сұрапыл сәттерін суреттейтін туындылардың бірі болып, әдебиет аспанында бір ғаламшар ретінде қалмақ. Курляндия түбіндегі шайқас арқылы біраз образдарды жинақтап, оқырманын еліктіріп, қызықтырады.

Тұтас бір ғасырда қазақ көркем сөзін өрге сүйреуден танбай, сол жолда талай-талай биік жетістіктерге жеткен Әбдіжәміл Нұрпейісов — бүгінгі әдебиетіміздің көшбасшысы. Оның қаламынан туған құнды шығармалар мәңгілікті бетке алған қазақ руханиятының көгінде жұлдыз болып жана берері хақ.

Кітап көпшілік оқырман қауымға арналады.