Оспан С. Балуан Шолақ

Оның есімін де халық осы соңғы өнеріне сүйсінгендіктен еркелетіп, жас күнінде саусағын үсітіп алуына байланысты «Балуан Шолақ» деп атаған, әйтпесе өзінің азан шақырылып қойылған шын аты – Нұрмағанбет.  Ол әнші-композиторлық дәстүрді берік ұстанып, өзі де ән шығарады. Балуан Шолақ қазақтың әншілік өнерін өрістетуге үлкен үлес қосқан композитор.

Құрметті оқырмандар! Сіздердің назарларыңызға,  шілде айында – Ай кітабы бетіне қазақтың халық композиторы, ат ойынының түрлі тәсілін меңгерген өнерпазы, күш өнерін көрсеткен спортшысы, жауырыны жерге тимеген балуаны Нұрмағанбет Баймырзаұлы, Балуан Шолақтың 160 жылдығына орай «Балуан Шолақ: өмірі мен музыкалық мұрасы» атты кітабын ұсынамыз:

   Оспан, С. Балуан Шолақ [Мәтін] : өмірі мен музыкалық мұрасы. – Нұр-Сұлтан: Фолиант, 2020. – 176 б.

Өнер зерттеушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Серік Кәрібайұлы Оспан бұл ғылыми-зерттеу еңбегінде атақты ақын композитор, палуан Балуан Шолақтың шығармашылық өмірбаянына байланысты деректерді, мәліметтерді ғылыми айналымға қосқан.

Көнекөз ақылы дария, есті қариялардың әңгіме-естеліктерінен Балуан Шолақтың мағыналы ғұмырына, сұлу өнеріне, трагедиялық тағдырына қатысты мол, тың деректер жинақтауы – осынау еңбектің басты сипаты. Кейінгі жылдары Балуан Шолақтың шашырап жүрген әндерін біріздендіріп, нотаға түсіріп, хронологиясын сақтағаны, бір-біріне ауысып кеткен ән мәтіндері де ретке келтірілгендігі қуантады.

Бұл тың еңбек өнерсүйер қауым мен қазақи әдебиетке сусап отырған өнер мен мәдениет оқу орындарына арналған.