Қоғам мінберіндегі қаламгер

    Сатира жазуды оңай дүние деуге болмайды. Ол күлкілі сөздерді тізбелеу немесе сыпырмай сынап, жүйесіз міней беру де емес. Өзінің бұлжымас талаптары болатын қиын, мағынасы терең, мазмұны бай жанр. Бұл жанрды тізгіндеген белгілі журналист, жазушы Оралхан Дәуітті оқырман «Ақ самаурын» кітабы және әлеуметтік желіде жарияланып жүрген шымыр шымшыма әңгімелері арқылы жақсы таниды.

Сатиралық тамаша туындылардың авторы, облыстық мәслихаттың депутаты, Ақпарат саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, облыстық «Аq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Әбдірашұлы биыл ердің жасы 50-ге толды. Осы жастың құрметіне орай Тараз қаласы Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне қарасты № 6 кітапханасында жазушымен «Қоғам мінберіндегі қаламгер» тақырыбында әдеби кеш өтті. Мазмұнды іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпақтың қазақ әдебиетіне, мәдениетіне деген қызығушылығын арттыру, жастардың рухани жандүниесін байыту.

Әсерлі кеште қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашса, «Бозторғай» ән-күй ансамблі «Жігер» күйін орындады. Ал қаламгердің өмір жолы, шығармашылығы және азаматтық болмысы жайында кітапхана қызметкері Аңсаған Усаева таныстырды. Айтыскер ақын, облыстық айтыскер ақындар, жыршытермешілер орталығының ғылыми қызметкері, «Әулие Ата» үміті сыйлығының иегері Дидар Апбасов жазушының мерейтойына жүрекжарды арнауын арнады. Сондайақ «Қаламгер-руханият шырақшысы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, сатириктің «Ақ самаурын» кітабына кітапханашы Жанар Егеубаева библиографиялық шолу жасады. Кеш барысында қаламгердің «Ақ самаурын» шығармасы желісі бойынша кітапхананың тұрақты оқырмандары сахналық көрініс қойды.

Кеш қонақтары Оралхан Әбдірашұлының шығармашылығы мен азаматтық болмысы жайындағы жылы естеліктері мен жүрекжарды лебіздерін білдірді. Балалар жазушысы Марат Құлибаев қаламгер шығармаларының мазмұнына, мағынасының тереңдігіне, астарлы ойдың берілу шеберлігіне тоқталды. Ал «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ерұлан Мағзымбеков журналистжазушының қайраткерлік тұлғасын аша түсті. Ақын, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Табиғат Абаилдаев Орекеңнің сойып түсер сын мақалаларының алмас қылыштай өткірлігін, басшылық қайраткерлігін сөз етті.

Өз кезегінде қаламгер Оралхан Әбдірашұлы оқырмандар мен шығармашылығы рухани әлемі жайлы және балалық шақта басынан өткен қызықты, әсерлі әңгімелерімен бөлісіп, оқырмандар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Кешті Тараз қаласы әкімдігі «Мәдениет және тілдерді дамыту» бөлімінің бас маманы Марал Алтынбекова мен орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Ұлбосын Сәулебаева қорытындылады.

Айгерім Бекпатшаева,

№6 қалалық кітапхана меңгерушісі

Әулиеата. — 2026. — 2 маусым (№41). — 1 б.