Санжар Асфендияров кім?

Құрметті балақайлар!

Сіздердің назарларыңызға, балалар жазушысы Зауре Төреханның «Санжар Асфендиаров кім?» атты кітабын ұсынамыз.

Қазақтың дара перзенті төрелердің отбасында дүниеге келген. Оның бабасы — Кіші жүзді билеген Әбілқайыр ханның ұлы Айшуақ хан. Санжар Асфендиаров Түркістан өлкесінің саяси-әкімшілік орталығы — Ташкент қаласында 1889 жылғы 20 қазанда дүние есігін ашты.  Ол жастайынан есті, зейінді, алғыр бала болып өсті. Әкесінің айтқан ақыл-өсиетін ойына тоқып, бойына сіңірді. Ата-анасы оны өз жеке пікірін қалыптастыруға тәрбиеледі. Санжар Асфендиаров — көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, алғашқы кәсіби дәрігерлердің бірі, қазақтың арасынан профессор атағына тұңғыш қол жеткізген ғалым

      Төрехан, З. Санжар Асфендияров кім? [Мәтін] / Зәуре Төрехан.; сурет. Т. Мұзафаров. — Алматы: Мазмұндама, 2023. — 88 б.

Санжардың өмірі мен тағдыры сан қилы болды. Балалық шағы — Ташкентте, ал жалындаған жастығы Ресей империясының астанасы Петерборда өтті. Әскери-медициналық борышын Түркістан өлкесінде, соғыс майданында, Польша мен Германияда өтеді. Толысқан шағында ел басқару ісіне араласып, Мәскеу мен Алматы қалаларында аса маңызды саяси оқиғалардың бел ортасында жүрді. Кемелдене бастаған шағында сталиндік қызыл қырғынның жазықсыз құрбанына айналып, өмірі ерте үзілді.

Өзінің қысқа ғана ғұмырында Санжар Орта Азия аймағының денсаулық сақтау, жер-су шаруашылығы, ұлттық-мемлекеттік құрылыс, тіл мен мәдениет, жоғары білім мен ғылым салаларының дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Бірнеше батыс және шығыс тілдерін меңгергендіктен көне тарихи дерек пен әдебиетті еркін оқыды. Осылайша халқымыздың сан ғасырлық тарихын саралап, артынан бірнеше көлемді ғылыми еңбек қалдырды.

Санжар Асфендиаровтың есімін қайдан көріп-естідім десеңдер, оның есімі Алматыдағы Қазақ ұлттық медицина университетінің маңдайшасында жазулы тұр. Бұл жоғары оқу орны — дәрігерлер даярлайтын қазақтың тұңғыш медициналық білім ордасы. Ал оны ашқан — қазақтың тұңғыш дәрігерлерінің бірі Санжар Асфендиаров.

Көптеген ізденімпаз қазақ жастарының білім алуына жол ашқан профессор Санжар Асфендиаровтың өнегелі өмір жолы туралы білгілерің келе ме?

Ендеше, қайраткер туралы мол мағлұмат беретін кітапты мұқият оқып шығыңыздар.

Дара тұлғаның өмір жолы, елі мен жеріне аянбай еткен қызметі жас оқырманға үлгі-өнеге болары сөзсіз.