Шаһардың тілі шұрайланып келеді

           «Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен облыс орталығында биылғы жылдың 10 қазаны мен 10 қарашасы аралығында «Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаға сауаттылық!» атты қалалық айлығы жүргізіліп жатыр.

             Жыл бойына әрі күнделікті үздіксіз өтетін «Таза қалаға – таза жарнама» атты дәстүрлі шара жиын-теріннің уақытын тұжырымдайтын күз айының екінші маусымында өзінің жиған-тергенін осылай қорытындыланады.

Мақсат – сыртқы көрнекі ақпарат құралдарында орын алған қателіктер бойынша нысан иелеріне және әкімшілік басқарушыларына ескерту жасап, әдістемелік көмек көрсету.

Зерделеу жұмыстары барысында кәсіпкерлерге заң талаптары көрсетілген парақшалар таратылып, үздіксіз байланыспен бірлесіп жұмыс істеу үшін жауапты мамандардың ұялы және жұмыс телефондары, электрондық пошталары ұсынылды.

Бөлімде, сондай-ақ, «Жедел желі» қызметі бар. Жедел желі арқылы көрнекі ақпарат, деректемелер бойынша шұғыл аударма жасауға, жарнаманы тіл туралы заңнама талаптарына сәйкес дұрыс рәсімдеуге көмек көрсетіледі.

Қала тұрғындары мен нысан иелеріне жарнама беру кезінде, басқа да көптеген жұмыстардың атқарылуы барысында өз істеріне аса жауапкершілікпен қарап, Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының талаптарын сақтау жүктеледі.

Біліктілік көрсетіп, патриоттық танытып, осы айлыққа белсене атсалысқан тіл жанашырлары қала әкімдігі тарапынан марапатқа да ие болатындығы қарастырылған.

Мұның алдында бөлім қызметкерлері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Жаңа қазақ әліпбиінің жетілдірілген жобасын халық арасында жан-жақты түсіндіру, жұртшылықты жаңа әліпбиге бейімдеу, оны насихаттау, диарктикалық таңбалармен таныстыру және мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында қала тұрғындары мен қонақтары арасында «Латын әліпбиі – болашақтың кілті» деген тақырыпта ауқымды акция өткізген болатын. Акцияға қатысқандар жетілдірілген жаңа әліпбимен тереңірек танысып, оның ерекшелігі туралы толық мәлімет алды.

        Бөлімге қарасты қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі қызметкерлерінің шаһар күніне орай ұйымдастырған іс-шарасын да айтпай кетуге болмас. Қала мерекесі қарсаңында олар маршрутта жүрген қоғамдық көліктер ішінде екі мың жылдан астам тарихы бар талайғы Тараздың шежірелі тарихы мен көркем мәдениеті туралы толық ақпараттар берумен айналысты. Қоғамдық көліктердегі бұл «Тараз тарихының шежірелі деректері» атты әдеби круизге жолаушылардың зор қызығушылығы туындап, шараны ұйымдастырушыларға шексіз алғыстарын білдірген.

Бөлімнің басты функциясы – өңіріміздегі ұлттар мен ұлыстардың, түрлі этнос өкілдерінің дәстүрлі мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын барынша дамытумен қатар, Қазақстан халқын ұйыстырушы бола алатын ұлы күш – Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру.

Біздің полиэтникалық еліміз үшін 5 қыркүйектегі Қазақстан халқының Тілдері күні ерекше маңызға ие. Бүгінде Тілдер күні еліміздегі мәдениеттер мен тілдердің бірлігі мен алуан түрлілігінің символына айналды. Ол азаматтарымыздың бойында мемлекеттік және ана тіліне деген құрмет сезімін, Отанға деген сүйіспеншілігін арттырады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық бағыттарының бірі барлық азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі болып қала береді. Қазақ тілі азаматтық интеграцияның пәрменді құралы, мәдени-рухани бірліктің бейнесі болып табылады.

Өз дәуірінде «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс келетін Тілдер күнін зор ұйымшылдықпен атап өту ел азаматтарына парыз.

Сондықтан әрбір азамат мәңгілік еліміздің сарқылмас байлығы – қазақ тілін көзінің қарашығындай сақтап, құрметін арттырса, ұлтымыздың болашағы жарқын болатынын ескерген қалалық тілдерді дамыту бөлімі Тараз қаласы әкімдігінің аппараты мен барлық бөлімдердің құжат айналымындағы қазақ тілінің жағдайын үнемі бақылауда ұстайды. Бұл тұрғыда ай сайын және тоқсан сайын тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі.

2024 жыл бойынша шығыс құжаттарының мемлекеттік тілдегі үлес салмағы 100 пайызды құраған. Осы жылдың қаңтар-қазан айы аралығында мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мақсатымен 26, қазақ тілінің латыннегізді әліпбиіне көшу мақсатында 51, ономастика саласы бойынша 79 іс-шара ұйымдастырылған.

Сонымен қатар, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру мақсатында өткізілген облыстық, республикалық байқауларға Тараз қаласынан бірнеше үміткерлер қатысып, жүлделі орындарға да ие болыпты.

Қазақстан дамуында өзге елдердің де назарын аудартып отырған маңызды реформалардың бірі, рухани кеңістікте үлкен өзгеріс күттіріп отырған мәселе – қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары. Әзірге, әрине, әліпбидің жаңа нұсқасы мақұлданған, бірақ бекітілген жоқ. Дегенмен, 2023 жылдың 19 мамыры күні апробациядан өтті. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар негізінен латын графикасындағы әліпбидің жетілдірілген жобасымен таныстыру, түсіндіру форматында жүргізіледі.

Осы орайда өткен «Латын әліпбиі – болашақтың кілті», «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы», «Тегімізді дұрыс жазайық» атты акциялар өз тиімділігін көрсетуде.

Тіл саясатын жүзеге асыруда баса назар аударар саланың бірі – ономастика.

Республика көлемінде әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жұмыстары Үкіметтің №138 қаулысының талаптарына сәйкес және Президент Әкімшілігімен келісілген «Тарихи тұлғалар» 555, «Тарихи жер-су атаулары» 380 және «Дәстүрлі атаулар» 298-ші тізімін басшылыққа ала отырып жүргізіледі.

Бұл ретте былтыр қаламыздағы 10 көшеге жаңа атау берілген. Оның ішінде мағынасы ескірген көшелер – 1, қайталанатын атаулар – 2, бұрылыстар – 3, атауы жоқ жаңа көшелер – 1, жаңа алқап – 1.

Жалпы қала бойынша геонимдер саны – 1442. Оның ішінде қазақша тарихи тұлғалар саны – 604, жер-су атаулары – 156, дәстүрлі атаулар – 294, орысша кісі есімі – 186, мағынасы ескірген орысша атаулар – 203.

Өткен жылдың 7 маусымында Тараз қаласындағы бірқатар мағынасы ескірген және атауы жоқ 22 көше бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданған болатын. Оның ішінде 21 мағынасы ескірген көше және атауы жоқ жаңа көше біреу еді.

Алайда, өткен жылдың 17 маусымында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты отырысында берілген тапсырмаларға сәйкес, қолданыстағы «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары» мен «Дәстүрлі атаулар» тізімін өзектендіру туралы ономастика комиссиясының жұмысы тоқтатылған болатын.

Биыл 24 қаңтарда республикалық ономастика комиссиясының отырысында Әдістемелік ұсынымдар, «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары» мен «Дәстүрлі атаулар» тізімі қайта бекітілді.

Қазір сонымен қатар, Президент Әкімшілігі Басшысының 2016 жылғы 20 шілдедегі №6-1 бұрыштамасына сәйкес аншлагтарды ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.

Биыл, жаңадан атау берілген және аншлагтары түсіп қалған, ескірген көшелердің аншлагтары ауыстырылды.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаеваның айтуынша, көрнекі ақпарат пен жарнама – тіл саласындағы ең бір өткір мәселе.

«Елімізде сонау 1997 жылы жарық көрген Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңының 21-бабына оң өзгерістер енгізілгені мәлім. 2022 жылдың 22 қаңтарында күшіне енген өзгерістердегі ең бастысы – бұған дейінгі заң деректемелер мен көрнекi ақпараттардың мемлекеттік тілмен қатар орыс тілінде болуын міндеттесе, ендігі жерде мемлекеттік тілде міндетті түрде жазылуы, ал қажет болған жағдайда орыс және басқа тілдерде орналастыру қарастырылды. Атап айтатын болсақ, кәсіпкерлік субъектілеріне деректемелер мен көрнекі ақпараттарын тек мемлекеттік тілде, ал қажет болған жағдайда орыс және басқа тілдерде орналастыруға таңдау құқығы берілген. Жарнама сауатты болуы тиіс, сауаттылық емле мен пунктуация ережелеріне ғана мән берілу емес, мазмұнға көңіл аударылуы керек. Сондықтан сауаттылық мәселесімен қатар жарнама мәтінінің ішкі мазмұнына да мән беріп, әсіресе, ұлттық танымның тілдік көріністерін кеңінен көрсек игі болар еді», – дейді Бақыт Тілегенқызы.

Алайда, қала аумағында естіген құлаққа түрпідей тиетін, грамматикалық, стилистикалық қателері бар жарнамалар мен көрнекі ақпараттар кездеседі.

Көшелерде, сауда орындарындағы, қоғамдық тамақтану орындарындағы тек орыс тілінде рәсімделген немесе сөзбе-сөз, мағынасыз аударылған көрнекі ақпараттар, баға көрсеткіштер, хабарландыру және басқа да жарнамалар тұрғындардың наразылығын туындатады.

Бөлімнің нысан иелері мен жарнама агенттіктерінің қызметкерлеріне тек қана әдістемелік көмек көрсету, семинар, дөңгелек үстел мен әртүрлі бағыттағы іс-шаралар өткізуге ғана құқы бар. Жеке тұлға құзырлы органдарға шағымданған жағдайда, оған Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 75-бабының 3-тармағына сәйкес тек ескерту берумен шектеледі.

Көрнекіліктерді біріздендіру мақсатында «Қала келбеті – 2024» зерделеу жұмысы, «Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаға сауаттылық», «Сыртқы көрнекі ақпарат құралдары және сыртқы жарнамалардың тіл сауаттылығын зерделеу», «Таза қалаға – таза жарнама» айлықтары тұрақты түрде өткізіліп тұрады.

– Біздің тарапымыздан жеке бизнес өкілдерімен үнемі етене жұмыс істеу барысында шағын және орта бизнес өкілдеріне, жарнама агенттіктеріне сыртқы көрнекі ақпараттың, яғни жарнаманың сауатты жазылуына, орналасуына, тағы басқа да мәселелер бойынша тегін консультациялық көмек көрсету үшін «Callcenter» құрылып, жауапты маман бекітілген. Кейбір азаматтар кітап оқымауы, газет-журналға жазылмауы мүмкін, бірақ көшедегі жарнаманы міндетті түрде көреді, көрген соң оқиды. Визуал дүние адамның есінде міндетті түрде қалады. Сондықтан жарнама мәтінінің сауатты болуы өте маңызды екендігін баса айтқым келеді. Жарнама берушілерден көрнекі құралдарындағы мәтіндерінің сауатты болуын сұрар едік. Қате кеткен жағдайда түзетуге дайын болып, бірлесе жұмыс істесек, мемлекеттік тіліміздің мерейі артып, қателіктер азаятын еді, – дейді бөлім басшысы.

Айтса-айтқандай, қалалық бөлім тарапынан көрнекі ақпарат мәтіндеріндегі әдеби нормалардың бұзылуын жою жөніндегі шаралар ретінде ақпарат мәтіндерін әзірлеушілерге берілетін әдістемелік және консультациялық көмек жыл сайын артып, күшейтілуде.

Қазіргі таңда, қала көшелеріндегі нысандарда орналасқан жарнамалардың мәтіндеріндегі қателіктердің алдын алу мақсатында, Тараз қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімімен бірлесіп жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер жарнаманы орналастыруға рұқсат аларда, оның мәтіндерін қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен алдын ала келісуі тиіс екендігін біледі.

Жыл басынан бері жүргізілген айлық, зерделеу жұмыстары барысында анықталған кемшіліктер бойынша жұмыстар жүргізіліп, бірқатары түзетілді.

Қаланың әрбір азаматы өзі қоныс тепкен мекеніне деген сүйіспеншілігі мен құрметін арттырса, қоршаған ортасына жауапкершілікпен қараса, шаһар ғана емес, ұрпақ болашағы да жарқын болмақ.

Үміт Битенова

Ақ жол. — 2024. — 9 қараша