Таза бұлақ

  «Оқысаңыз, балалар, шамнан шырақ жағылар, тілегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар» деп, «өнер-білім бар жұрттар, тастан сарай салғызды» деп озық елдерді жастарға үлгі тұтқан ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин.

       Құрметті достар! Сіздердің назарларыңызға, қазақ халқының ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырған тұлға Ыбырай Алтынсариннің «Таза бұлақ» атты жинағын ұсынамыз:

       Алтынсарин, Ы. Таза бұлақ [Мәтін] / Ыбырай Алтынсарин.; [сурет. А. Акимова,  А. Ерназаров; «Мазмұндама» қоғамдық қоры]. — Алматы: Мазмұндама, 2023. — 160 б.

  Қазақтан шыққан тұңғыш ағартушы Ыбырай Алтынсарин — қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы тұлға.

       Ыбырай қазақ жастарын оқуға үндеумен қатар адамгершілікке, достыққа, еңбекке, адам деген ардақты есімді ақтай алатын кісі болып шығуға үндеді және жастарға бала кезінен бастап дұрыс тәрбие бергенде ғана бұл міндеттерді іске асыруға болатындығын ол жақсы ұғынды. Сондықтан Ыбырай өзінің оқытушылық, жазушылық, аудармашылық жұмыстарын осы мақсатқа бағындырды.

Жазушы әңгімелері еңбек сүюшілік, оқу, өнерге ұмтылушылық, Отанын, елін сүюшілік, талаптылық, жігерлік, іздемпаздық, кішіпейілділік, махаббат, қайырымдылық тағы басқа осылар тәрізді жақсы мінез–құлыққа тәрбиелеуге керекті мәселелерді қамтиды. Бұларға жалқаулықты, қиянатшылдықты, надандықты, сотқарлықты қарсы қойып, жастардың мұндай әдеттерден аулақ болуына жол көрсетті.

 «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» әңгімесінде, ең кішкентай жәндіктердің де өмір, тіршілік үшін тыным таппай еңбек етіп жүретінін көрсете келіп, оларды балаларға үлгі етеді. Қарлығаш, өрмекші ғұрлы жоқпысың, сен де еңбек ет, босқа жатпа», — дейді.

Ыбырай Алтынсарин бар саналы ғұмырын өз халқына білім беруге арнаған. Кітапқа жазушының өлеңдері, мысалдары, әңгімелері, ертегілері топтастырылған.

Достар, «Кел балалар оқылық!» — деп сіздерді Ыбырай Алтынсариннің кітабын оқуға шақырамыз!