Жастар – болашақтың алтын діңгегі

Қоғамның негізгі өзегі – жастар. Тәуелсіз еліміз қанатын кере жайып, ел мәдениеті өркендеген қазіргі заманда тек білімді жастар ғана ұлтымызды асқақтатып, көкке көтереді. XXI ғасыр жастары өте батыл, ойын бүкпесіз ашық айтатын, өзін-өзі дамытуды алға қойған тәуелсіз заман азаматтары. Олардың көпшілігі оқығанды, білгенді, ізденгенді жақсы көреді. Білімді, сауатты, ел тұтқасы болар азаматтарды өсіремін деген ел жастарын алдымен кітап оқуға баулыйды.

Кітапхана – рухани байлықтың кені, болашақ бәсекеге қабілетті жандардың сүйікті орны. Қандай заман, қай қоғамда болмасын білімнің көзі, дамудың кілті болып келген кітап білектің емес, білімнің күшіне сенген осы уақытта, әсіресе, жастарға керек. Ел ертеңі жастар болғандықтан, олардың қазіргі хал-ахуалы, тәлім-тәрбиесі, алып жатқан білімі – бәрімізге маңызды. Сондықтан да өскелең ұрпақтың талабын қанағаттандыруға, рухани байлығын, жалпы қабілетін дамытуға, жоғары эстетикалық талғамын қалыптастыруды іске асыруда кітапханалардың алатын орны ерекше. Оқырман топтарынын ерекше бір тобы жастар арасында кітап пен оқуды насихаттау жастардың сапалы білім алып, тәрбиелі, парасатты азамат болып қалыптасуына Тараз қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі де үлес қосуда.

Кітапханаларда түрлі жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы жастарды кітапханаға тарту мақсатында жұмыстар атқарылуда.

Кітап пен оқуды ілгерілету бойынша сайыстар, акциялар, флэшмобтар, буккросингтер, кітаптардың тұсаукесерлері және авторлармен, баспагерлермен кездесулер, кітап фестивальдері, кештер, пікірталастар, конференциялар, кітап жәрмеңкелері, әдеби пати, поэзия пати, библиокафе, кітапхана түні, әдеби кейс, печа-куча т.б жаңашыл түрлері көптеп ұйымдастырылуда. Жастарды патриотизмге, еңбекті сүюге, жалпыұлттық құндылықты әрбір жастың бойына сіңіруге, білімді де мәдениетті болып тәрбиеленуіне үлес қосу мақсатындағы «Жастар кітап әлемінде», «Анаға тағзым» орталығымен бірлескен «Кітап және отбасы» жобалары өлкемізде әр салада түрлі жетістіктерге жетіп жүрген, өз ісінің мамандары мен өлкемізге танымал тұлғалармен оқырмандарды кездестіруде. Сол арқылы жастардың мамандықты дұрыс таңдауына ықпал етіп, «Киелі өлкенің кілті – біздің қолымызда» атты жобасы аясында жастарға үлгі болар, түрлі тақырыптарда іс-шаралар, сонымен қатар оқырмандардың бос уақыттарын тиімді өткізуге, оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығымен» бірлескен іс-шаралар өткізіліп, заман талабына тез бейімделе алатын жаңа қоғамның дара тұлғасы атануына, саналы ұрпақ болып жетілуіне ықпал жасалуда. Жүйедегі заманауи ақпараттық құрылғылармен жабдықталған, адамның бос уақытының пайдалы әрі тиімді өтуіне негізделген және бірлесе жұмыс істейтін, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік беретін «Коворкинг» орталықтарында да өткізілетін іс-шаралардың жастар үшін берері мол. Осындай жас ұрпақтың бетін кітапқа бұрып, ықыласын кітапханаға аударатын іс-шаралар арқылы ұрпаққа ізгіліктің кілтін ұстатып, кітап әлемімен таныстыратын, әрбір оқырманға жан шуағын шаша білген, сұранысын қамтамасыз ете алатын, жан-жақты, өзіндік пікірі бар, әр ісіне есеп бере алатын кітапханашылардың еңбектері ұшан-теңіз. Кітапханашылар білім, ғыльім, өнер мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауда. Кітапханаға талабы таудай, қабілетті, ізденімпаз жастарды рухани азық кітап оқуға шақырамыз!

 Улбосын Саулебаева,

Тараз қаласы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры

Jambyl-Taraz. – 2023. – 28 наурыз