Тазабек М. Еркем, өмірің болсын көркем

Құрметті оқырмандар!

«Қыздың құндылығын құдайдың өзі көтеріп қойған» деген сөз бар. Қыз береке, қыз  қонақ, қыз өріс. Алла әркез қыз баланың дәрежесін көтеріп, құрметке лайық, жүрегін нәзік етіп жаратқан. Қыз бала үйдің гүлі, елдің көркі, ұлттың үміті. Қыз – Жаратқанның мейірімінен жаралған, жүрегіне ізгілік ұялаған, әлемге жылулық сыйлайтын ерекше жаратылыс.

Бүгінде айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек ағамыз әйелдерді құрметтеуді, ата-аналарды құрметтеуді, отбасына адалдықты, балаларды қолдауды, елге деген сүйіспеншілікті насихаттайды.

Сіздердің назарларыңызға белгілі айтыскер ақын, қазақстанның қоғам қайраткері, дінтанушы, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхамеджан Оразбайұлы Тазабек ағамыздың 50 жас мерейтойына орай «Еркем, өмірің болсын көркем» Қызға деген қамқорлықтың қазақша үлгісі атты кітабын ұсынамыз.

   Тазабек, М. Еркем, өмірің болсын көркем [Мәтін] : [қызға деген қамқорлықтың қазақша үлгісі] / Мұхамеджан Тазабек. — Алматы : [баспасыз], 2023. – 152 б.

Белгілі айтыскер ақын, Мұхамеджан Тазабектің қазақтың аяулы аруларына арналған бұл кітабы рухани-мәдени құндылықтарға, өмірден түйген ой-толғаныстарына толы. Сонымен қатар болашақ келін, ана, әже болатын қыздарымыздың қаперінде ұстай жүрсе дейтін келелі ойлары көрсетеді.

«Еркем, өмірің болсын көркем» кітабі жеті бөлімдерден тұрады:

  • Қыздың құндылығын құдайдың өзі көтеріп қойған;
  • Заманауи қазақ қызының бейнесі;
  • Қызға қырық үйден қамқорлық жасау;
  • Қыз үйдің берекесі мен қуанышы;
  • Қыздың ризығы мен байлығы;
  • Қыз және қазіргі психология;
  • Қыз және махаббат.

Мұхамеджан Оразбайұлы Тазабек 1975 жылы 3 шілдеде Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Шахан ауылында дүниеге келген. Отбасында 5 баланың үлкені.

1992 жылы сол ауылдың Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебін бітіреді. Мұхамеджанның әкесі — филолог, публицист, ақын, анасы — ауылдық кітапханашы. Шыққан тегі Ұлы жүздің Дулат тайпасы Шымыр руынан.

Мұхамеджан Тазабектің айтыс саласында жеткен жетістіктері мектеп қабырғасынан бастау алады. Ол 14 жасынан қазақтың төл өнерінің додасынан табылып, ауданаралық ақындар айтысының талай рет бас бәйгесін иеленеді.

Жас ақынның тұлға болып қалыптасуына бірқатар адамдардың ықпалы тиеді.

Мұхамеджан Тазабек бұл шығармашылығын түгелдей нәзік сырлы қыз-келіншектерге арнады. Сіз бұл кітапты оқысаңыз, өміріңе қажет сабақ аласыз, шынайылық әжеге, анаға, қыз-келіншек, қарындастарымыздың қандай жүректері нәзік, іңкәрлікке толы болатынын түсінесіз.

Кел оқырман қызықты нәзік жандар әлеміне бірге саяхат жасайық!

Әлімжан Е. Абайтаудың ар жағы мен бер жағы

Құрметті оқырмандар!

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы, драматург, журналист Елен Әлімжанның шығармашылығы — халқымыздың рухани әлемінің, ұлттық болмысының айнасы. Оның қаламынан  туған көркем туындыларда адамгершілік, ізгілік, ұлттық тәрбие мен тағылым терең көрініс тапқан.

Елен ағамыз Кеңестер Одағының үш медалімен және Мәдениет министрлігінің «Мәдениет кайраткері» төсбелгісімен марапатталған. «Құрмет» орденінің, «Ерең еңбегі үшін» медалінің иeгepi, «Жамбыл облысының Құрметті азаматы», Халықаралық Алаш сыйлығының  лауреаты.

Сіздердің назарларыңызға, Елен Әлімжанның 80 жас мерейтойына орай «Абайтаудың ар жағы мен бер жағы»  портреттер, әдеби-сын мақалалар сұхбат атты кітабын ұсынамыз.

Қаламгердің қаламынан туған әр жолы — ел мен жерге деген сүйіспеншіліктің белгісі. Сондықтан  Елен Әлімжанның шығармашылығы — туған топырақтың тынысын жеткізетін  сырлы да сазды дүние.

  Әлімжан, Е. Абайтаудың ар жағы мен бер жағы [Мәтін] : портреттер, әдеби-сын мақалалар, сұхбат / Елен Әлімжан. — Алматы: Abai, 2023. — 304 б.

Белгілі жазушы Елен Әлімжанның бұл жинағына енгізілген Әулиеата өңірінен шыққан қаламгерлер туралы шығармашылық портреттер, сондай-ак әдеби-сын макалалары, сұхбаттары топтастырылған. Бұл макалалар бұрын-соңды айтылмаған тың ойларымен құнды. Мәселен, автор Абайды қазақ ақыл-ойының асқар тауы ретінде қарастырып, оның ар жағы мен бер жағы ту­ралы ой тербейді. Бауыржан Момышұлын жазушы, батыр ғана емес, Алаш арыстарының жалғасы, қоғам қайраткері ретінде қарастырады. Шерхан Мұртазаның кенді, тыңды игеру туралы кеңестік саясат салқынымен жазылған шығармаларының табысты болуы — кейіпкерлерін ата-баба рухынан қол үздірмегендігі, дәстүрлі байланыста қарастырғандығы деп біледі. Ал, Әкім Тарази прозасын қазақ әдебиетіндегі ерекше құбылыс деп дәлелдейді.

Қаламгер бұл кітапты көпшілік қауымға және жастар мен оқушылар оқуға арналған.            

Елен Әбдуатұлы Әлімжан — көрнекті жазушы, драматург, публицист, туған топырағының тағдырын  терең сезініп, әдебиет арқылы ұрпаққа өнеге қалдырған қаламгер. Ол 1945        жылы 18 маусымда Жамбыл облысы, Талас ауданының Көмекші ауылында (қазіргі Аққұм ауылында) дүниеге келген.

«Аққұм» жеті жылдық, Бостандық ауылындағы «Алғабас» орта мектебін бітірген (1961ж.), Әл-Фараби атындағы ҚҰУ-і  филология факультетінің 1968 жылғы түлегі.

Қазақ телестудиясының комментаторы (1968-70), Жамбыл облыстық  «Еңбек туы» газетінің тілшісі, бөлім меңгерушісі (1970-1976, 1999-2004), бас редакторының орынбасары (2004-2008), Қазақстан Компартиясы Жамбыл облыстық, Комитетінің нұсқаушысы (1976-1980),  «Социалистік  Қазақстан» (қазіргі «Егемен Казақстан») газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі (1980-1991), телерадио компаниясының төрағасы (1991-1996), «Түркістан» газетінде бөлім меңгерушісі «Қазақ, энциклопедиясы» баспасында жетекші маман (1997-1998), «Алтын шырақ» журналының жауапты шығарушысы (2006-2008), облыстық, ішкі саясат басқармасы жанындағы акпараттық талдау орталығының бөлім меңгерушісі (2008-2015) қызметтерін атқарған. 2004-2008 жылдары «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығында қосымша қызмет атқарды.

Тұңғыш  «Ән сыры» атты әңгімесі  Қазақстан жас жазушыларының «Таңғы шық» (1964) атты жинағында жарық көрген. «Оралу» (1978), «Көріпкел» (2000), «Ақ пepiште — арманым» (2016) әңгімелер мен хикаяттар, «Тақталас» (2006), «Толық, адам туралы» (2005), «Бауыржанның пырағы» (2010), «Адамгершіліктің  ақ жолы» (2013) атты пьесалар мен публицистикалар жинағының «Анажар» (2019), «Алтын жүлге жыры» (2022) романдарының авторы.

Елен  Әлімжанның пьесалары  М.Әуезов атындағы академиялық  драма театрында және бірсыпыра  облыстық  театрларда,  халық театрларында қойылып келеді «Тақталас», «Бip қазаққа бip қатын?!…» комедиялары орыс тіліне аударылып, Жамбыл облыстық, орыс драма театрында, «Жанұран» комедиясы қырғыз тіліне аударылып, Қырғыз телерадиокорпорациясының «Учур» театрында қойылды. «Айт күні» атты әңгімесі Анкарада жарық көрген түрік  халықтары  әдебиеті антологиясының қазақ  әдебиеті томына енген. «Баймырза» атты әңгімесі де түpiк тілінде жарияланған. Жазушының «Бауыржан Момышұлы» атты драмасы осы тұлғаның 100 жылдығына арналған республикалық  драмалық  шығармалар конкурсында бipiнші орын алса (2010), «Әйелдер бip icті бастады…» атты комедиясы Мәдениет министрлігі жариялаған «Тәуелсіздік толғауы» конкурсының комедия номинациясы бойынша екінші жүлдегері (2014) болып танылды. «Ақ періште — арманым!» атты драмасы Мәдениет министрлігінің грантына ие болған.

Шығармаларында туған елге, ұлттық рұхқа, адамгершілік пен ар-ожданға деген терең көзқарас байқалады. Қаламгерлік қарымы мен азаматтық болмысы ел жадында сақталатын тұлға. Кітап көпшілік қауымға және жастар мен оқушыларға арналған.

 

 

Момышұлы Б. Көптомдық шығармалар жинағы

   Құрметті оқырмандар!

 Ерлік – елге мұра, ұрпаққа үлгі» Биыл халқымыздың біртуар перзенті, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, жазушы, әскери стратег Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толып отыр.

Бауыржан Момышұлы 1910 жылы Жамбыл облысы, Жуалы ауданында дүниеге келген. 1941 жылы соғыс басталғанда әскерге алынып, Мәскеу түбіндегі  шайқаста ерекше ерлік көрсеткен. Панфилов дивизиясының аға лейтенанты болып, кейін полк командиріне дейін көтерілген. Соғыстан  кейін әскери академияда ұстаздық етіп, 1982 жылы өмірден озды.

Бауыржан Момышұлы — қазақ әдебиетіндегі әскери проза жанрының негізін қалаушы. Шығармаларын қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазды. Ол — «История одной ночи» (1954), «Наша семья» (1956), «За нами Москва» (1958), «Москва үшін шайқас» (1959), «Генерал Панфилов» (1963,1966), «Куба әсерлері» (1965), «Ұшқан ұя» (1974), «Қанмен жазылған кітап» (1990, 1991), «Психология войны» (1990), т.б. кітаптардың авторы.

Өзінің өткір ойлы, тәрбиелік мәні зор шығармаларымен ұлт жадында өшпес із қалдырды.

Момышұлы, Б. Көптомдық шығармалар жинағы [Мәтін]. 16 т. Қанмен жазылған кітап / Бауыржан Момышұлы. — Алматы: Өнер, 2010. — 272 б.

Бұл шығарма — жауынгердің жан айқайы, майдан шындығы мен тәртіптің темір заңын көркем тілмен жеткізетін көрнекті туынды.

Жазушының әрбір ойы — тәрбие, ал әрбір жолы – ұлтқа үлгі.

1944 жылдың басында Б.Момышұлы Алматыға демалысқа келгенінде Мұхтар Әуезовтың ұсынысымен, академик Қаныш Сәтбаев, т.б. қазактың зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізген болатын. Б.Момышұлы сол жолы әскери патриоттық тақырыпта бірнеше күн бойы күніне 5-6 сағаттан лекция оқыды. Сол оқылған лекцияларының стенограммасын жинақтап жеке кітап етіп оқырманға ұсынылды.

«Қанмен жазылған кітап» – тек тарихи дерек емес, ол – жас ұрпаққа үлгі болар рухани мұра. Бұл кітапты оқу арқылы біз тек соғыс туралы ғана емес, ұлттың рухы, ерлік пен азаматтық туралы терең ойға қаламыз.

Құрметті оқырман! Сізді осы тағылымды шығарманы оқуға шақырамыз. Бауыржан Момышұлының өмір жолы мен өнегелі ойлары жүрегіңізге рух беріп, ерлікке үндейді.

Тараз мұралары. Сансызбай Сарғасқаев. Сұлутөр

Құрметті оқырмандар!

xa0xa0xa0xa0 Балалар әдебиеті – жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтіп, адамгершілікке, еңбекқорлыққа, патриоттыққа тәрбиелейтін маңызды жанр. Балаларға арналған шығармалар жеңіл тілмен жазылғанымен, олардың мазмұны терең әрі тәрбиелік мәні жоғары болуы тиіс. Қазақ балалар әдебиеті де осындай биік мақсаттарды көздей отырып, талай дарынды қаламгерлерді өмірге әкелді.

Сіздердің назарларыңызға белгілі жазушы қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, жас ұрпақтың жүрегіне жол тапқан шығармалардың авторы Сансызбай Сарғасқаев ағамыздың xa0100 жас мерейтойына орай «Тараз мұралары» жинағының 88-томын ұсынамыз. Бұл том түгелдей Сансызбай Сарғасқаевтың шығармашылығына арналған.

xa0Тараз мұралары [Мәтін]. Көптомдық. 88 т. Сансызбай Сарғасқаев. Сұлутөр / [жауапты ред. С. Құлбарақ]. — Тараз: Taldyqorgan GROUP, 2020. — 272 б.

Сансызбай Сарғасқаев – 1925 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданында дүниеге келген ол, өмірінің көп бөлігін балаларға арналған әдеби туындылар жазуға арнады. Оның «Достар», «Бір отрядта», «Жұмбақ қыз», «Үш сурет», «Жақсы аға», «Тәмпіш қара» сияқты шығармалары жас оқырмандардың сүйіспеншілігіне бөленіп, олардың рухани дамуына үлес қосты.

Сарғасқаевтың шығармаларының басты ерекшелігі – кейіпкерлерінің шынайылығы мен олардың өмірлік мәселелерді шешудегі ізденістері. Ол жас оқырмандарды адалдыққа, еңбексүйгіштікке, достық пен бауырмалдыққа тәрбиелеуді мақсат етті. «Сұлутөрдің балалары» повесінде де осы құндылықтар басты орын алады, бұл шығарма оқушылардың адамгершілік қасиеттерін дамытуға ықпал етеді.

Бұл «Сұлутөрдің балалары» повесінде – жазушының ауыл өмірін, әсіресе, Сұлутөр ауылының табиғаты мен тұрмысын шынайы бейнелеген шығармаларының бірі. Бұл туындыда ауыл балаларының күнделікті өмірі, олардың бастан кешкен оқиғалары мен ішкі толғаныстары суреттеледі. Жазушының табиғат көріністерін әсерлі сипаттауы арқылы оқырман Сұлутөрдің сұлулығын көз алдына елестетіп, сол ортада өмір сүріп жатқандай сезімге бөленеді. Мысалы, «Бүгін де күндегідей еді. Көкжиектің етегін түре таң біліне бергенде Сұлутөрдің сүйір-сүйір шоқыларына қонған боп-боз ақша бұлттар таң шапағымен бойына қан жүгіргендей, ашық қызыл түске еніп, бейне бір күлтеленген гүлдей жұмырлана қалғанды» деп басталатын сипаттамалар табиғаттың әсемдігін айқын көрсетеді.

Жазушының мұрасы – қазақ әдебиетінің алтын қорына енген құнды дүниелер. Оның шығармалары бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпай, жас ұрпақтың рухани азығына айналып отыр.

Бұл кітаптарды оқысаң, өміріңе қажет сабақ аласың, шынайы достықтың, еңбектің, адалдықтың қандай болатынын түсінесің. Сен де басты кейіпкерлермен бірге күліп, бірге ойланып, бірге ер жетесің.

Кел балалар Сансызбай Сарғасқаевтың қызықты әлеміне бірге саяхат жасайық!

 

 

Жамбыл облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы

xa0 xa0 xa0Құрметті оқырмандар!

xa0 xa0 xa0 Қазақстан халқы Ассамблеясы – еліміздің тұрақтылығы мен бірлігінің кепілі, этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтатын бірегей институт. 1995 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған бұл ұйым бүгінде елдің бейбітшілігі мен тұтастығын сақтауда маңызды рөл атқарып келеді.

Өткен 30 жыл ішінде Ассамблея этносаралық қарым-қатынасты нығайтып, барлық ұлт өкілдерінің мәдениеті мен дәстүрін дамытуға, қоғамдағы бірлікті бекемдеуге үлкен үлес қосты. Бұл құрылым Қазақстанның бейбітшілік пен келісім саясатының басты тіректерінің бірі болып табылады.

Ассамблеяның арқасында елімізде 100-ден астам этнос пен 18-ден астам конфессия өкілдері өз мәдениетін, тілін және салт-дәстүрлерін еркін дамыта алатын орта қалыптасты. Ұйым тек этносаралық келісімнің сақталуын қамтамасыз етіп қана қоймай, ел азаматтарының біртұтас қазақстандық халық ретінде қалыптасуына ықпал етуде.

30 жыл — бұл достық пен сенімге, келісім мен өзара құрметке негізделген жемісті жол! Алдағы уақытта да Қазақстан халқы Ассамблеясы бейбітшілік пен тұрақтылықтың берік іргетасы болып қала береді.

Сіздердің назарларыңызға Жамбыл облысының Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне арналған иллюстрацияланған, өңірдегі этностардың бірлігі мен татулығын нығайтуға бағытталған маңызды іс-шараларды, тарихи оқиғаларды және мәдениетті дамытуға қосқан үлестерін қамтитын Қазақстан халықтарының Ассамблеясының 30 жылдығына орайxa0 «Жамбыл облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы» атты кітабын ұсынамыз.

xa0 xa0 xa0Жамбыл облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы [Мәтін] = Ассамблея народа Казахстана Жамбылской области = Тhe Assembly of People of Kazakhstan Jambyl region : [фотокітап] / бас ред. В. Титенев. — Алматы : Тау-Кайнар, 2020. — 256 б.

Кітап көпэтносты қоғамдағы ынтымақтастықтың жарқын үлгілерін көрсетіп, Жамбыл өңіріндегі халықтар достығы мен келісімінің айқын көрінісін баяндайды. Кең аудиторияға арналған бұл басылым қызықты деректермен, тарихи мәліметтермен және көркем фотосуреттермен толықтырылған. Кітап үш тілде жазылған.

Бұл кітап оқырмандарға Қазақстан халқы Ассамблеясының ел бірлігін сақтаудағы рөлін түсінуге, оның аймақтық деңгейдегі маңызды бастамаларымен танысуға мүмкіндік береді.

Кітап көпшілік оқырман қауымға арналады.

Асанов Қайырбек. Ай мен күннің сәулесі

Құрметті оқырмандар!

xa0 xa0 xa0 xa0 Поэзияның өзгешелігі — адам баласына тән терең сезімнің нәзік пернесін тап басатын тылсым күшке ие. Сондықтан бұл өнер әлеміне енгенде жан дүниең астаң-кестең толқып, айрықша әсерге бөленесің… Қуанасың, күйінесің, сүйінесің…

xa0 xa0 xa0 xa0 Ағалықтан асып, абыз ақсақалдықтың асуына иек артқан ақынның осынау уақыт бедеріндегі өнегелі xa0өмір жолына зер сала отырып, xa0қазақ әдебиетінің қазынасына айналған шығармашылығы жайлы қалың оқырманды хабардар етуді жөн көрдік.

xa0 xa0 xa0 xa0 Сіздердің назарларыңызға, өмірдің өзіндей шынайы, салмақты да салиқалы жырларымен қазақ поэзиясында сүбелі қолтаңбасы бар белгілі ақын, қоғамдағы маңызды әрі жауапты сала — журналистикада қырық жылға таяу абыройлы қызмет атқарған қарымды қаламгер, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Қайырбек Асанов ағамыздың xa080 жас мерейтойына орай «Ай мен күннің сәулесі» атты кітабын ұсынамыз:

xa0 xa0 xa0 xa0Асанов, Қ. Ай мен күннің сәулесі [Мәтін] / Қайырбек Асанов. — Алматы : Abai, 2023. – 328 б.xa0 xa0 xa0 xa0 xa0xa0

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын Қайырбек Асановтың бұл жыр-жинағына махаббат, ғибрат, Отан, туған жер тақырыбындағы және танымал тұлғалар мен замандастарға арналған өлендері енгізіліп отыр. Кітап үш бөлімге топтастырылған. Алғашқы бөлімінде алпыс жылға таяу бір шаңырақ астында өмір сүріп келе жатқан аяулы жары, ақын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Күләш Ахметова екеуінің арасындағы сүйіспеншілік сыйластық, сондай-ақ жастыққа тән сұлулыққа іңкәрлік сезімдер ақын жырының арқауы болса, екінші бөлімге әлеуметтік, қоғамдық құбылыстарды, уақыт бедері мен жүрек сырларын сыйғызған жырлары енді. Ал үшінші бөлімдегі арнауларына ақын адам бойындағы адалдық, азаматтық, мейірбандық сияқты мәңгі маңыздылығын жоймайтын қасиеттерді айта отырып, әр өлеңінде әдемі ой түюге тырысып, оқырман қауымды бей-жай қалдырмауға ұмтылады.

xa0 xa0 xa0 xa0 Қайырбек Асанов 1945 жылы 19 ақпанда Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданындағы бұрынғы «Қызыл орақ» қазіргі Асқар Тоқмағамбетов ауылында дүниеге келген. 1953-1964 жылдары орта мектепті бітіріп, әскер қатарына шақырылады. Әскерден оралған соң Тереңөзек ауданындағы мәдениет бөлімінің автоклуб меңгерушісі, «Қараөзек» совхозы Комсомол комитетінің хатшысы, аудандық тұтынушылар одағының кадр жөніндегі инспекторы болып қызметтер істеген. 1968 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсіп, соңғы курсында оқып жүріп-ақ «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде жұмысқа орналасады. Оның «Шәкира», «Бағлан», «Шиелі шынарлары», «Береке бастауы», «Бақыт баспалдақтары», «Оның жұлдызы биік» т.б. очерктері сол кезеңнің жастарын тәрбиелеуге ықпал еткені сөзсіз.

xa0 xa0 xa0 xa0Қайырбек Асанов жақсы жар. Тәрбиелі ұл-қыз өсірген ардақты әке. Жұбайы Күләш Ахметова белгілі ақын, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының және республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Қызы — Жазира Асанова 1990 жылы өткізілген Республикалық «Қыз сыны» конкурсының бас жүлдегері. Қазіргі кезде кемеліне келген ақын Қайырбек Асанов жаңа ізденістер үстінде.

xa0 xa0 xa0 Өмірдің өрінде, өнердің төрінде жүзген ақынның ғибратты жолы ұрпаққа үлгі!

Мамасерікова Ш. Елге деген махаббат

Құрметті оқырмандар!

«Ақынын құрметтеген ел озады, ақынын құрметтемеген ел тозады», — демекші ақын Шырын Мамасерікованың шығармашылығы өз бояуын жоғалтпайтын, шындықты ту ететін, тек биік шыңдарды бағындыратын туындылар екендігі қақ. Ақындығы мен азаматтығын тең ұстайтын, елдің сөзін сөйлеп, жоғын жоқтаған, дауласуға бар, жауласуға жоқ қасиеті басым ақыны екені даусыз.

Сіздердің назарларыңызға «Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің үздігі», «Ерен еңбегі үшін», ҚР Президентінің «Алғыс хатымен», аудандық, облыстық әкімшіліктің Құрмет грамоталарымен марапатталған, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шырын Мамасерікованың 80 жас мерейтойына орай «Елге деген махаббат» атты кітабын ұсынамыз:

xa0 xa0 xa0 Мамасерікова, Ш. Елге деген махаббат [Мәтін] : [өлеңдер, балладалар, сценарийлер, мақалалар] / Шырын Мамасерікова. — Алматы: Abai, 2023. — 268 б.

Ақын Шырын Мамасерікованың бұл жинағына негізінен соңғы кезде жазған шығармалары еніп отыр. Кітап екі бөлімнен тұрады: бірінші бөлімде өлеңдер мен балладалар, екінші бөлімінде сценарийлер мен мақалалар ұсынылған. Автор туған жердің кешегісі мен бүгінін парасатты поэзия тілімен кестелеп, мемлекеттің ең басты байлығы — ел адамдарының биік адамгершілігі мен рухани құндылықтарын жырға қосады.

Шырын Мамасерікова — 1945 жылы 1 қаңтарда Жамбыл облысы,xa0Тұрар Рысқұлов ауданындағыxa0Жалпақсазxa0ауылында туған. Каменка орта мектебінің 7-сыныбын бітірген соң, Жамбыл педучилищесінде оқыды. 1963-1967 жылдарыxa0Алматыдағыxa0Қазақ педагогикалық институтыныңxa0филологияxa0факультетін бітірген. Еңбек жолынxa0Меркі ауданындағыxa0Гранитогор мектеп-интернатындаxa0мұғалімxa0болып бастаған. Кейін аудандық халық ағарту бөлімінде методист, 1986 жылдан зейнетке шыққанға дейінxa0Меркі ауданыxa0тарихи өлкетануxa0мұражайыxa0директоры қызметтерін атқарған. 1986 жылдан беріxa0Қазақстан жазушылар одағыxa0мүшесі. «Жыл құстары», «Гәкку», «Назерке», «Нәзік нақыш», «Асылдың сынықтары», «Өлеңімнің әр жолы — өмірбаян», «Әулие бабам — Сыпатай», «Фатима», «Бақыт», «Арман гүлі» атты кітаптары жарық көрді. Ойға тарта жыр жинақтарына топтамалары енген. Бірнеше дүркін аудандық, облыстық, республикалықxa0Ақындар айтысыныңxa0жүлдегері атанды.

Шырын Мамасерікова — дарынды ақын, бақытты ана, адал жар, аяулы әже. Ауылда туып, ауданда тұрып, қалың қазаққа танылған Шырын Мамасерікованың ұлттық бояуы қанық, қарапайым өлеңдері елге белгілі. Осындай дарынды ақыны бар қазақ халқы шын бақытты.

Кітап көпшілік оқырман қауымға арналады.

Тараз мұралары. Көптомдық. 86 т. Әбен Сатыбалдиев

Аударма ұлт пен ұлтты, мәдениет пен мәдениетті жақындастырудың басты рухани құралы ретінде барған сайын маңызын арттыруда.

xa0 xa0 xa0 Көркем аударма — көркем шығармашылықтың түрі ретінде онда аудармашының дүниетанымы мен тәсілі, шығармашылық дербестігі әрі аудармадағы, сонымен қатар, түпнұсқадағы ұлттық ерекшелігі айқындалады.

xa0 xa0 xa0 Құрметті оқырмандар! Сіздердің назарларыңызға, Ай кітабы бетіне, қазақ әдебиетінің белгілі өкілдерінің бірі, дарынды прозаик, қаламымен туған халқының бақытына, мәдениетіне қызметін аямаған азамат, ардақты қаламгер, аудармашы Әбен Сатыбалдиевтің 110 жылдығына орай көптомдық «Тараз мұралары» атты кітабынің

xa0 xa0 xa0 xa086-шы томындағы қаламгердің «Беласар»: роман, повесть, әңгімелер жинағын ұсынамыз:

Тараз мұралары [Мәтін]. Көптомдық. 86 т. Әбен Сатыбалдиев. Беласар: роман, повесть, әңгімелер / [жауапты ред. С. Құлбарақ]. — Тараз : Taldyqorgan GROUP, 2020. — 224 б.

Қаламгер 1914 жылы 31 желтоқсанда Жамбыл облысының Мойынқұм ауылында дүниеге келген. 1939 жылы облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясына жұмыс атқарды. Әуелі әдеби қызметкер, сонан соң бөлім менгеруші болып қызмет етеді. 1945-1955 жылдары республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы тілшісі, одан кейін аударма бөлімін, әдебиет және өнер бөлімін басқарған. ҚазМУ-дің филология факультетін сырттай оқып бiтipгeн (1955 жыл).

xa0 xa0 xa0 xa0Белгілі журналист-жазушы, әрі шебер аудармашы Әбен Сатыбалдиевтің бұл кітабына аяқтай алмай кеткен «Беласар» романы, «Ақ-Марал» повесі мен «Жұбаныш», «Намыс», «Қарттың мақтанышы», «Ескінің жұрнағы» атты әңгімелері еніп отыр.

xa0 xa0 xa0 «Беласар» романы 1916 жыл оқиғасының Жетісу өңіріндегі көрінісінен дерек береді. Сол тұстағы қазақ елінің аянышты халін сенімді етіп суреттейді.

xa0 xa0 xa0 «Ақмарал» повесінде еңбек озаты жас қазақ әйелінің жұмысы мен отбасы жағдайын қатар алып, осыған байланысты адамзаттың проблемасын қозғайды.

xa0 xa0 xa0 Әбен Сатыбалдиевтің туындылары жұп-жұмыр әңгімелер мен повестерден басталып кең көлемді романдармен, бірнеше аудармаларымен жалғасады.

 

Майлин Б. Күлпаш

Жазушы Мұхтар Әуезов: «…өмір шындығын, адамдардың типтік бейнесін жасауда Бейімбеттей ешбір жазушы шынайы суреттей алған емес» деген екен. Бейімбет Майлиннің осыдан бір ғасыр бұрын көтерген мәселелерінің барлығы да дәл бүгін де өзектілігін жойған жоқ.

Қараша айында Ай кітабы бетіне, кемеңгер жазушы Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл толуына орай «Qasym kitaphanasy» сериясы бойынша жарық көрген «Күлпаш» таңдамалы атты кітабын ұсынамыз:

xa0 Майлин, Б. Күлпаш [Мәтін] : таңдамалы / Бейімбет Майлин. — Қарағанды : Qasym, 2024. – 184 б.

Бейімбет Майлиннің «Күлпаш» әңгімесі – ел басына түскен ашаршылықтың шындығын көрсеткен шығармалардың бірі. Онда аштық алдындағы дәрменсіздік, ұлы мен күйеуінің аштықтан аман қалуы үшін Күлпаштың ойда жоқ әрекетке баруы, яғни басқа ерге шығуы әңгімеленеді.

Сөз өнерінің бір құдіреті — өткенді көз алдыңа әкеліп, көріктендіру. Өнердің бұл құдіретін әр суретші өз мүмкіндігіне қарай біледі. Бейімбет Майлиннің қаламынан туған әңгімелер – ХХ ғасыр басындағы қазақ өмірінің әдеби шежіресі. Оның шығармаларында сол дәуірдің оқиғалары, үлкен-кіші әрекеттер, жаңа өзгерістер, зорлық-зомбылық, тәртіпсіздік әрекеттері дәл суреттеледі. Бұл жинаққа енген бірқатар әңгімелер, сондай-ақ «Шұғаның белгісі» әңгімесі Б.Майлиннің авторлық даралығын, шығармашылық көзқарасын кеңінен танытады.

Жазушы шығармашылығы қазақ әдебиетін жаңа деңгейге көтергені. Өткір тіл, уытты юмор, заман шындығы, халықтың мұң-мұқтажы, бәрі-бәрі оның шағын ғана әңгімелерінен көрініс тапты. Кітап барша оқырман қауымға арналады.

 

 

Нұрпейісов Ә. Курляндия

Биыл Алаштың бағына біткен қарымды қаламгер, классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туылғанынаxa0 100 жыл толады.

Құрметті оқырмандар! Қазан айында, Ай кітабы бетіне қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан суреткерлердің бірі, соғыс ардагері, жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің мерейтойына орай «Курляндия» атты кітабын назарларыңызға ұсынамыз:

xa0xa0xa0xa0xa0xa0xa0xa0 xa0 xa0Нұрпейісов, Ә. Курляндия [Мәтін] / Нұрпейісов Ә. — Алматы : Өлке, 2005. — 320 б.

xa0 xa0 xa0 xa0 xa0 xa0 xa0Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазан Қызылорда облысы, Арал ауданының Үшкөң ауылында дүниеге келген. Ол орта мектепті тәмамдаған бойда әскер қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына аттанды. Қысқа мерзімді курстарды бітіргеннен кейін Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курлянд плацдармындағы шайқастарға қатысты.

1946 жылы желтоқсанда әскерден босанған Әбдіжәміл Нұрпейісов армия қатарында жүріп бастаған «Курляндия» романын жазуға кіріседі, роман 1950 жылы шыққан алғашқы атауымен екінші рет (кейін «Күткен күн» атауымен төрт рет шыққан).

Романда Курляндия жерін неміс басқыншыларынан азат ету жолындағы кеңес жауынгерлерінің, партизан отрядтарының қажырлы ерлігі, азаматтық тұлғасы сипатталады. Олардың арасындағы халықтар достығы, бауырмалдық, азаматтық ар тазалығы, адалдық проблемасы, махаббат сезімдері, жеке адамдар арасындағы арамзалық, өсек секілді әдепсіздіктер шынайы, көркем тілде, елеулі оқиғалармен суреттелген.

Ұлы Отан соғысы кезіндегі оқиғалар, халықтың тұрмысы жайлы осы романда айтылады. Романда реализмді көруге болады. Өйткені, Есей, Петр Денисов, Қожақ, Самед сияқты кейіпкерлер күнделікті өмірдегі бейнелерімен суреттелген. Олардан басқа Ғизатуллин, Баян, Миронов, Остапчук тәрізді біраз кейіпкерлер осы образдарды толықтыра түседі. Курляндия түбіндегі жойқын соғысқа қатысқан осы тұлғалардың қимыл-әрекетінен патриоттық сезімін, ой-армандарын Ұлы Отан соғысының дауылдарымен астасып жатты

Әбдіжамал Нұрпейісовтің «Курляндия» романы Ұлы Отан соғысының сұрапыл сәттерін суреттейтін туындылардың бірі болып, әдебиет аспанында бір ғаламшар ретінде қалмақ. Курляндия түбіндегі шайқас арқылы біраз образдарды жинақтап, оқырманын еліктіріп, қызықтырады.

Тұтас бір ғасырда қазақ көркем сөзін өрге сүйреуден танбай, сол жолда талай-талай биік жетістіктерге жеткен Әбдіжәміл Нұрпейісов — бүгінгі әдебиетіміздің көшбасшысы. Оның қаламынан туған құнды шығармалар мәңгілікті бетке алған қазақ руханиятының көгінде жұлдыз болып жана берері хақ.

Кітап көпшілік оқырман қауымға арналады.