Қазақ поэзиясының алып бәйтерегі, жыр дүлділі Жамбыл Жабаевтың шығармашылық мұрасын дәріптеу мақсатында Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасында «Жамбыл — менің жай атым, халық — менің шын атым» атты поэзиялық кеш ұйымдастырылды.
Тағылымды жиынды Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасының тәрбиелік, идеологиялық және кадрлық жұмыстар бөлімінің аға офицері, аға лейтенант Қайрат Байтиков пен кітапханашы Кәмилә Әбсеметова Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне қарасты Абай атындағы орталық кітапхана қызметкерлерімен бірлесіп өткізді.
Кештің басты мақсаты — қазақ халқының ұлы жыршысы Жамбыл Жабаевтың өмір жолы мен шығармашылық мұрасын насихаттау, жас буынның бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, әдебиетке деген қызығушылығын арттыру.
Іс-шара барысында жыр алыбының өнегелі ғұмыры мен халқына қалдырған бай әдеби мұрасы кеңінен таныстырылды. Қатысушылар ақынның ел бірлігі мен халық тағдырын арқау еткен өлеңдері мен жыр-толғауларын мәнерлеп оқып, Жамбыл поэзиясының өміршеңдігі мен тәрбиелік мәніне тоқталды.
Кеш барысында сөз алған қатысушылар Жамбыл Жабаев шығармашылығының қазақ әдебиетіндегі ғана емес, тұтас ұлт руханиятындағы ерекше орнын атап өтті. Ақын жырларындағы отансүйгіштік, адамгершілік пен елдік рухтың бүгінгі ұрпақ тәрбиесінде де маңызын жоймағаны айтылды.
Әдеби басқосу аясында ұйымдастырылған «Жыр дүлділі» атты кітап көрмесі де көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Көрмеге қойылған әдебиеттер арқылы оқырмандар ақынның шығармашылық әлемімен жақынырақ танысып, оның өмірі мен еңбегіне қатысты тың мәліметтер алды.
Рухани мазмұны терең поэзиялық кеш қатысушыларға ерекше әсер сыйлап, ұлы жыраудың бай мұрасын насихаттауға бағытталған тағылымды шара ретінде есте қалды. Мұндай кездесулер ұлттық әдебиетті ұлықтап, жастардың тарихи танымы мен рухани дүниесін байытуға қызмет ететіні сөзсіз.
Кәмилә Әбсеметова,
Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасы бөлімшесінің кітапхана
меңгерушісі
Aq jol. — 2026. — 20 маусым (№67). — 11 б.