Атамның тәтті тоқашы

Қымбатты жас оқырман!

Кейбір кітаптар бізді таңғажайып оқиғаларға жетелесе, кейбірі жүрегімізге жылулық сыйлап, жақын адамдарымыздың қадірін тереңірек сезінуге көмектеседі. Танымал түрік жазушысы Арлы Эминенің «Атамның тәтті тоқашы» – дәл сондай мейірімге толы шығарма.

Арлы, Э. Атамның тәтті тоқашы [Мәтін] / Эмине Арлы. ; түрік тіл. ауд. Ә. Бекболатұлы ; бас ред. Ш. Мұқан ; сурет. Ш. Зарей.- Алматы: Мазмұндама, 2023. — 68 б.

Атамның тәтті тоқашы – отбасы құндылығын, достық пен қамқорлықты дәріптейтін әсерлі туынды.

Шығармада Самир атты балақайдың атасына деген ерекше сүйіспеншілігі баяндалады. Ол атасының наубайханасында дайындалатын зімбір қосылған тәтті тоқашты қатты жақсы көреді. Алайда бір күні сүйікті тоқашының дәмі өзгеріп кеткенін байқап, оның себебін анықтауға бел буады. Бұл жолда оған досы Менессе мен ата-анасы қолдау көрсетіп, бәрі бірге қиындықтарды еңсереді.

Оқиға барысында Самир ұмытшақтық дертіне шалдыққан атасының жанынан табылып, оған қамқорлық танытады. Осы арқылы автор атасы мен немересі арасындағы мейірім мен сенімге құрылған байланысты әсерлі суреттеп, отбасының адам өміріндегі ең үлкен тірек екенін көрсетеді.

Кітаптің тағы бір ерекше тұсы – шығарманың соңында атасының әйгілі тәтті тоқашының рецепті берілген. Жас оқырмандар тоқаштың құрамы мен әзірлеу тәсілімен танысып қана қоймай, ата-анасымен бірге дайындап көруге мүмкіндік алады. Бұл кітапты одан әрі қызықты әрі есте қаларлық етеді.

Жылы сезімге толы бұл шығарма балаларды үлкендерді құрметтеуге, достықты бағалауға, жақын жандарына қамқор болуға және әрбір сәттің қадірін түсінуге үндейді.