Жыр алыбы — Жамбыл

      Биыл қазақтың ұлы ақыны, жырау Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай елімізде «Жамбыл жылы» деп жарияланып, ұлт руханиятын ұлықтауға бағытталған ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылуда.

 «XX ғасырдың Гомері», жыр дүлділі, ғасыр ақыны, Жыр алыбы — Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына орай қалалық Ғ.Мұратбаев атындағы кітапхана қызметкерлері «Жырдың жампозы — Жамбыл» тақырыбында әдеби портрет ұйымдастырып өткізді.

Кеш әсерлі ашылу салтанатымен басталып, сахна төрінде Жамбыл бейнесі ұсынылып, жүргізушінің мазмұнды сөзімен жалғасын тапты. Шара барысында облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының ғылыми қызметкері Апбасов Дидар Жамбылға арналған арнау жырын орындап, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Әдеби бөлімде №35 орта мектептің оқушылары ақын шығармаларын мәнерлеп оқыды. Кештің көркемдік бөлігінде «Жамбыл мен Айкүміс» айтысы сахналанып, көрермендер қазақтың сөз өнерінің құдіретіне куә болды. Сондай-ақ, «Ленинградтық өренім» атты тарихи көрініс ұсынылып, ақынның ел басына күн туған шақтағы рухты жырлары көркем түрде бейнеленді. Іс-шара аясында «Жыр алыбы — Жамбыл» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, келушілер ақынның мол мұрасымен танысты. Музыкалық бөлімде облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының үйірме жетекшісі Сәрсен Әбілқайыр «Жекпе-жек» күйін орындап, кештің мазмұнын байыта түсті.  Кештің құрметті қонағы — өлеңдері республикалық және халықаралық баспасөз беттерінде жарияланып жүрген, Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің дипломанты, республикалық Ахыт Үлімжіұлы атындағы жазба ақындар мүшәйрасының II орын иегері Жұлдыз Бейсек болды. Ақын кеш барысында сөз сөйлеп, Жамбыл мұрасының маңыздылығына тоқталды.

Аталған әдеби кеш — жас ұрпаққа рухани тәрбие беріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды мәдени шаралардың бірі болды.

 

       «Киелі өлкенің кілті — біздің қолымызда» жобасы аясындағы тағылымды кездесу

      Жамбыл облыстық қазақ драма театрының 90 жылдық мерейтойына орай Абай атындағы орталық кітапханада «Ұлтымыздың саф өнері — театр» атты тағылымды кездесу кеші өтті. Тағылым мен тәрбиеге толы шара мәдениет пен өнерді ұлықтауға, театр өнерінің қадір-қасиетін жас ұрпаққа насихаттауға бағытталды.

Кездесуге театр сахнасының саңлақтары — Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, театр саласында 52 жыл еңбек еткен Майра Жалмұхаметқызы Алимбетова және Қазақстанның халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, сахнада 55 жыл қызмет еткен Мәкен Рахымжанқызы Рахымжанова қатысты. Өнер иелері өздерінің шығармашылық жолдары, театрдағы қызықты сәттері мен сахна мәдениетінің қыр-сыры туралы әсерлі әңгімелерімен бөлісті. Кеш барысында қонақтар театрдың тек өнер ордасы ғана емес, адамның жан дүниесін байытып, рухани кемелденуіне жол ашатын қасиетті мекен екенін ерекше атап өтті. Олар сахнада түрлі образға ену арқылы өзге кейіпкерлердің тағдырын сезіну, адам жанының терең иірімдерін ашу — актерлік шеберліктің басты ерекшелігі екенін жеткізді. Сонымен қатар, кездесуде тұрақты оқырмандарға арналған шағын шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Оқырмандарға сахна тілі, дауыс ырғағын меңгеру, бет мимикасын дұрыс қолдану, сондай-ақ көңіл күйге сай жаңылтпаштарды айту әдістері практикалық түрде көрсетілді. Әсіресе, түрлі этюдтар арқылы актерлік шеберліктің қырлары таныстырылып, көрермендердің қызығушылығын арттырды.

Кездесу өте әсерлі әрі мазмұнды өтті. Сахна майталмандарының өмірден түйгені мен өнер жолындағы естеліктері көпшілікке ой салып, ерекше әсер қалдырды. Әсіресе, олардың шынайы әңгімелері мен сахнаға деген адалдығы жастарға үлкен үлгі болды.

 

Шералхан Жұлдыз,

Кітапхананы дамыту және әдістемелік жұмыс бөлімінің меңгерушісі,  Тараз қаласы

Тәрбие сағаты. — 2026. — (№4-6). — 13 б.