Мейірімді Асқар

Қымбатты балалар!

Ертегі  қиялдың қанатын кеңге жайып, бізді таңғажайып әлемдерге жетелейтін ғажайып жол. Құрметті жас оқырмандар, назарларыңызға ақын, жазушы Баянғали Әлімжановтың «Мейірімді Асқар» атты әсерлі ертегісіне шолуды ұсынамыз.

Әлімжанов, Б. Мейірімді Асқар [Мәтін] : ертегі / Баянғали Әлімжанов. — Астана : Фолиант, 2024. — 120 б.

 Ертегінің басты кейіпкері Асқардың басынан кешкен оқиғалары әрбір оқырманға жақсылық жасаудың қадірін ұғындырып, жүрекке ізгілік нұрын себеді. Бұл кітапты оқи отырып, сендер түрлі ертегі кейіпкерлерімен танысып қана қоймай, адам бойындағы ең асыл қасиеттердің құдіретін сезінесіңдер.

Бұл шығарма — мейірімділігімен көптің ықыласына бөленген Асқар есімді кейіпкердің таңғажайып сапарлары туралы қызықты ертегі.

Оқиға ауылдағы ақкөңіл қария Асқардың күтпеген жағдайдан кейін жас балаға айналуынан басталады. Осы сәттен бастап ол сиқырлы ертегілер әлеміне тап болады. Мұнда Асқар түрлі халықтардың ертегілеріндегі танымал кейіпкерлермен кездесіп, жаңа достар табады. Ол Алдар Көсемен жолығып, Алтын балықты құтқарады, Қар ханшайымымен, Барон Мюнхгаузенмен достасады. Осы арқылы автор балаларды әртүрлі халықтардың мәдениетімен және ертегілерімен таныстырады.

Ертегінің «Мейірімді Асқардың жаңа достары» бөлімінде Асқар қазақ ертегілеріндегі атақты кейіпкерлер — Таусоғар, Желаяқ, Көлтаусар және Ептімен танысады. Олар бірге кең далада небір қызықты оқиғаларды бастан кешіріп, қиындықтарды бірлік пен тапқырлықтың арқасында жеңеді.

Үшінші бөлімде Асқардың мейірімді жүрегі тағы бір мәрте көрінеді. Ол төрт түлік малдың төлдерін Жезтырнақ пен Жалмауыз кемпірден құтқарып, әлсіздерге қамқор болудың үлгісін көрсетеді.

Төртінші бөлімде Асқар мен достары Анд таулары мен Амазонкаға саяхат жасап, табиғаттың ғажайып сырларымен танысады. Ал бесінші бөлімде олар Жердің егізі саналатын қиял-ғажайып Галлий ғаламшарына аттанып, бұрын-соңды болмаған қызықты оқиғаларды бастан кешіреді.

Бұл ертегінің басты құндылығы — мейірімділік, достық, батылдық және жанашырлық. Асқар қай жерде жүрсе де өзгелерге көмектесіп, жақсылық жасаудан жалықпайды. Сондықтан да ол көптеген достар тауып, ертегілер әлемінің сүйікті кейіпкеріне айналады.

Бұл ертегі әр баланы армандауға, ізгілік жасауға және өмірге мейіріммен қарауға үндейді.