Бұл саусақ ізі кімдікі?

 Қымбатты жас ізкесуші! Құпияны ашуға дайынсың ба?

Тексеру, зерттеу, табу, салыстыру — саған қызық па? Онда бұл кітап — сен іздеген нағыз шытырман оқиға!

Эсра Авгеренің «Бұл саусақ ізі кімдікі?» атты кітабы — нағыз балаларға арналған детектив!

Авгёрен, Э. Бұл саусақ ізі кімдікі? [Мәтін] / Эсра Авгёрен. ; түрік тіл. ауд. Г. Файзулла ; сурет. И. Чифтчи. — Астана: Фолиант, 2025. — 96 б.

Фатма мен Әли бір сыныпта оқиды. Екеуінің де жасы онда. Дегенмен екеуі бір-біріне мүлде ұқсамайды. Әли сабырлы болса, Фатма, керісінше, сыныптың ең белсендісі. Алайда бұл олардың дос болып кетуіне еш кедергі емес. Екеуі бірлесіп, мектепте болған жұмбақ оқиғаның шешімін таппақ.

Біреу сурет шеберханасына байқатпай кіріп, ең әдемі картинаны құртып кетіпті. Сол күні шеберхананың  дәл жанындағы кабинетте кімнің сабағы болып жатты десеңіздерші? Фатманың! Ол кім дейсіздер ме? Ешкімді жақтырмайтын, біреудің сөзін көтере алмайтын және қол ала жүгіретін он жасар оқушы қыз.

Фатма — басты күдікті. Ол өзінің кінәсіздігін дәлелдей алар ма екен? Мектептегі ең ақылды бала Әли Бозкурт оған көмектесуге келісе ме? Жас ізкесушілермен бірге суретті кімнің шимайлап кеткенін анықтап көрейік.

Кітап балаларға қай кезде де әділ және білімпаз болу керектігін үйретеді. Бұл кітап сені нағыз детектив болуға үйретеді! Қарапайым заттардың өзінде үлкен сыр жасырулы екенін байқап, әр ұсақ-түйекке мән беруді үйренесің.

Кітапты аш та, тергеуді баста! Саусақ ізінің сыры сені күтіп тұр!

Хакер әжей

Қария адамдар тек ескі заманды ғана біледі деп ойлайсың ба? Онда бұл кітап сені қатты таңғалдырады! Құрметті оқырман балақай! Сені түрік балалар жазушысы Домбайжы Нұрдың қызықты оқиғағаларға тола кітаппен таныстырам:

 Домбайжы, Н. Хакер әжей [Мәтін] / Нұр Домбайжы. ; авторы әрі иллюстраторы Н. Домбайжы ; [түрік тіл. ауд. Д. Зікірия] — Астана: Фолиант, 2025. — 168 б.

Алдыңда — ерекше оқиға. Бұл — әженің хаккер атанған сәті жайлы ғажайып әрі күлкілі хикая! Иә, иә, сен дұрыс оқыдың — Хаккер Әжей! Ол тек бауырсақ пісіріп, ертегі айтып қана қоймайды, заманауи технологияның тілін де жетік меңгеріп алған!

Бір күні Әмір нағыз ойын әлеміне тап болады. Бұл таңға- жайып оқиға сырты ерекше безендірілген үйден басталған еді. Бұл құпияға толы үйдің иесі — Ажар әжей. Бірақ ол әдеттегі әжелердің бірі емес, хакер әжей болатын. Не, сенбейсіңдер ме? Тіпті оның Джису деген цифрлық көмекшісі де бар.

Ажар әжей Әмір мен өзге де кішкентай достарына ком- пьютерлік ойын бағдарламаларын жасауды үйретеді. Сөйтіп, цифрлы әлемге енген достардың басынан небір қызық жайттар өтеді. Бірде Ажар әжей жоғалып кетеді! Қалай ойлайсыңдар, хакер әжейге не болуы мүмкін?

Егер сен жаңашыл, тапқыр, ізденгіш болсаң – бұл кітап дәл саған арналған!

Кітап оқуға дайынсың ба? Онда беттерін аш та, Хаккер Әжеймен таныс!

Айтпақшы, кітаптың ішінде Ажар әжейдің саған дайындаған тосынсыйы бар. Құпия санды тауып, хакер болуға алғашқы қадамыңды жаса.

Микроағзалардың көрінбейтін әлемі

     Құрметті жас оқырман! Сен көзге көрінбейтін, бірақ өмірімізде үлкен рөл атқаратын тіршілік иелері бар екенін білесің бе? Олар – микроағзалар! Олар біздің айналамызда ғана емес, ішімізде де өмір сүреді. Кейбірі бізге көмектеседі, ал кейбірі ауыртатын да болады.

    Томас, И. Микроағзалардың көрінбейтін әлемі [Мәтін] / Изабель Томас. ; [ағыл. тіл. ауд. Ш. Багиева]. — Алматы: Steppe&World, 2023. – 96 б. : сурет

Изабель Томастың «Микроағзалардың көрінбейтін әлемі» атты бұл тамаша кітабы сені сол ғажайып әлемге жетелейді. Бұл кітапта сен:

Вирус деген не деп ойланып көрдің бе? Rо деген не екенін білгің келе ме?

Білімпаз жастың ойына арналған қып-қысқа кіріспе сен білуге тиіс нәрсенің бәрін ұсынады.

Бұл кітап…

 

Микроағзалардың көрінбейтін әлемі мен дүниедегі ең кішкентай тіршілік иелері туралы сұрақтарға жауап береді. Ғалымдарша айтуға керек болатын фактілер, сандар мен сөздерді үйретеді. Фотосурет, иллюстрациялар, қызық комикстер мен микроағзалар әлеміндегі батырлар туралы әңгімелер ұсынып, шабыт береді.

Түсінікті тілмен, әдемі суреттермен безендірілген бұл кітап – ғылымға қадам басқысы келетін, айналадағы дүниені танығысы келетін барлық балаға арналған!

Егер сен «неге?» және «қалай?» деген сұрақтарды жиі қоятын зерек бала болсаң, бұл кітап — сен үшін таптырмас таңдау! Ғылымға саяхат жасайық!

Жеті өнерпаз: қазақ ертегілері

     Қымбатты балақай! Қиял әлеміне қош келдің! Бұл кітаптың беттерін ашқан сайын сені ғажайып оқиғалар, ержүрек батырлар, сиқырлы жануарлар мен адал достық күтеді. Әр ертегі — өмірдің бір сабағы, ал әр кейіпкер — саған дос бола алатын жан.

Балақай, керемет ғажайыптарға тола кітаппен таныс бол:

Балақай, керемет ғажайыптарға тола кітаппен таныс бол:  Жеті өнерпаз [Мәтін] : қазақ ертегілері / [құраст. Б. Қошым-Ноғай]. — Алматы: Асыл кітап, 2024. — 96 б.

Кішкентай кезінен атасының алдында немесе әжесінің бауырында отырып, ертегі тыңдап өскен баланың ойы ұшқыр болады. Ертегі қиялыңа қанат бітіріп, ұдайы армандауға үйретеді. Ал армандай білу сенің алдыңа мақсат қойып, мұратыңа жетуіңе жол көрсетеді.

Бұл кітапқа еніп отырған «Жамандық неден болады?», «Қарт пен тапқыр жігіт», «Зеректік», «Жеті өнерпаз» сынды көптеген қазақ ертегілерінің де үйретер үлгі-өнегесі мол. Ертегілер өз оқырмандарын шұрайлы тілімен, тартымды оқиғасымен баурап қана қоймай, ғасырлар бойы тәлім-тәрбиелік мәнін жоймай келе жатқан бабаларымыздың рухани бай мұрасынан сусындатады.

Бұл ертегілер сені жақсылыққа, мейірімділікке, әділдікке үйретеді. Армандай біл, ізден, үйрен — сонда сен де өз ертегіңнің басты кейіпкеріне айналасың!

Ертегі — тек ойын емес, ол жүректі жылытатын, ақыл мен қиялды ұштайтын асыл мұра. Осы кітаптан алған әсерлерің ұзаққа сақталып, саған шабыт сыйлайды деп сенеміз.

Кітаппен  бірге саяхат жаса, қиялыңмен самға!

Тентек балақайдың күнделігі. Шыдамның да шегі бар

Құрметті жас оқырман!

      Өмірде бәрін сабырмен қабылдай беру мүмкін бе? Бір күні бәрі жиналып, ішіңе сыймай кететін сәт те болады, солай емес пе? Жаңа шыққан бұл кітап – дәл сондай сәттер жайлы! Біздің кітапхана сөресіне күлкі мен шындыққа толы ерекше туынды келіп түсті. Бұл – әлемнің түкпір-түкпіріндегі балалар сүйіп оқитын Жефф Киннидің «Тентек балақайдың күнделігі» сериясынан «Шыдамның да шегі бар» атты қызықты кітап. Кейіпкердің бастан кешкендері сізге де таныс болуы мүмкін. Ал оны қалай жеңгенін білгіңіз келсе – бұл кітап сізге арналған!

Жефф Кинни – қазіргі балалар әдебиетінің үздік өкілдерінің бірі. Ол – «Тентек балақайдың күнделігі» арқылы әлем балаларының жүрегін жаулап алған америкалық жазушы. Оның шығармаларында шынайы өмір, күлкілі жағдайлар және жасөспірімдердің ішкі жан дүниесі көркем әрі жеңіл тілмен берілген. Кітаптары 70-тен астам тілге аударылып, миллиондаған тиражбен тараған.

Үй тапсырмасы, ата-ананың ескертуі, тентек достар мен қырсық бауырлар… Осындай сәттерде шыдамның да шегі бар! Бұл жолы да Грег Хэффлидің басынан не өтпеді дейсіз?!

Біздің кітапханаға жаңадан түскен Жефф Киннидің атақты сериясынан – «Шыдамның да шегі бар» кітабын қарсы алыңыздар!

       Кинни, Ж. Тентек балақайдың күнделігі. Шыдамның да шегі бар [Мәтін] / Жефф Кинни.; [ағыл. тіл. ауд. Н. Берікқазы]. — Алматы: Steppe&World Publishing, 2023. — 224 б.

Бұл шығарма – мектеп оқушыларына арналған, жеңіл әрі қызықты стильде жазылған заманауи күнделік түріндегі роман. Бас кейіпкер Грег Хэффлидің күлкілі оқиғалары арқылы әр оқырман өзіне таныс жағдайларды таба алады.

Мектепте де, үйде де, тіпті көшеде де Грег Хэффлидің шыдамы сынала бермек. Айналасындағылардың бәрі одан бірдеңе талап етеді: мұғалімдер – тәртіп, ата-анасы – жауапкершілік, достары – сенім… Ал Грег болса, өзінің «тыныш өмірін» қалайда сақтап қалғысы келеді. Бірақ, күндердің күнінде оның шыдамының да шегі жетіп, бәрі төңкеріліп түсуі мүмкін!

Бұл кітап жасөспірімнің ішкі арпалысы мен сыртқы әлемге бейімделуі туралы әзіл мен шынайылыққа толы тамаша туынды.

«Шыдамның да шегі бар» — тек күлкілі оқиға емес, сонымен бірге достық, жауапкершілік және өзіңді түсіне білу жайлы ойландыратын шығарма. Жеңіл оқылады, бірақ соңында байыпты ой қалдырады.

Қадірлі жас оқырман! Келіңіз, алыңыз, оқыңыз — өзіңді Грегтің орнынан көріп, бірге ой түйіңіз!

Тұмар. Соңғы кеңес

Құрметті оқырман!

       Қолыңыздағы бұл кітап – жай ғана ертегі емес. Бұл – жүрекке жол табатын, ерік-жігер мен батылдыққа үндейтін ерекше оқиға. Эмилидің басынан кешкендері арқылы біз жауапкершілік пен таңдау, сенім мен күмән, үміт пен күрес туралы ойлана аламыз. Бұл шығарма тек балаларға емес, әрбір жас оқырманның ішкі әлеміне әсер ете алатын, графикалық романның қуатын сезіндіретін туынды.

Эмили – тұмар иесі. Оның мойнында – бүкіл Альледия әлемінің үміті мен қауіпсіздігі. «Соңғы кеңес» – осы жауапкершілік пен күрес туралы әсерлі де көркем оқиға.

Казу Кибуши (Kazu Kibuishi) – америкалық жазушы, суретші, комикс авторы. Ол әлемге әйгілі «Тұмар» (Amulet) графикалық роман сериясының авторы ретінде танымал. Бұл серия қазіргі балалар әдебиетіндегі ерекше құбылыс саналады. Кибуши өз шығармаларында терең ой мен тартымды иллюстрацияны шебер үйлестіреді. Оның туындылары 20-дан астам тілге аударылып, миллиондаған тиражбен тараған.

 «Соңғы кеңес» – осы серияның төртінші бөлімі. Шығарма қазақ тіліне Саят Мұхамедиярдың аудармасымен жарық көрді.

Кітапты 11 жастан жоғары оқушыларға, фантастика мен графикалық роман жанрын ұнататын оқырмандарға, сондай-ақ сурет арқылы оқуды оңай қабылдайтын балаларға ұсынамыз.

    Кибуиши, К. Тұмар [Мәтін]. 4 кітап. Соңғы кеңес / Казу Кибуиши. ; [ағыл. тіл. ауд. С. Мұхамедияр]. — Алматы: Steppe&World Publishing, 2023. — 224 б.

«Соңғы кеңес» – Казу Кибушидің «Тұмар» сериясындағы төртінші кітап. Бұл бөлімде Эмили, бауыры Навин және достары Сиелис қаласына жетеді. Онда олар Соңғы кеңестің мүшелерімен кездесіп, үлкен шешімдер алдында қалады.

Эмилиге тұмар иесі ретінде енді тек күш емес, күмән мен сенім, ақиқат пен алдау арасындағы шекараны ажырату міндеті жүктеледі.

Кітап иллюстрациялары өте әсерлі: әр беттен ертегі әлемі мен нағыз сезімдерді сезінуге болады. Суреттер мен мәтін үйлесе отырып, оқырманды терең әсерге бөлейді.

Эмилидің әлемі – бүгінгі жас оқырманның қиялымен қатар, рухын да тәрбиелейтін кеңістік. Бұл кітап баланы өзіндік шешім қабылдауға, батыл болуға, жақсы мен жаманды ажыратуға үндейді.

Егер қиял мен ақиқаттың тоғысқан тұсында жүріп, тағдырлы шешімдер жасағыңыз келсе, егер графикалық роман арқылы ерекше әлемге енуге дайын болсаңыз — Казу Кибушидің «Соңғы кеңес» кітабын міндетті түрде оқыңыз!

Кітапхана сөресінде сізді күтіп тұрған бұл кітап – жай оқулық емес, шынайы сапар!

Аудармашы Саят Мұхамедиярдың тілімен қазақ оқырманына жол тартқан бұл туындыны бірге тамашалайық!

 

Тентек балақайдың күнделігі. Родрик жарды

Жас достар!

Кітап оқуды жақсы көресіз бе? Онда сізге арналған керемет жаңалық бар! Біздің кітапханаға күлкі мен қызыққа толы жаңа кітап келді! Бұл – бүкіл әлемнің жасөспірімдері сүйіп оқитын, Жефф Киннидің әйгілі «Тентек балақайдың күнделігі» сериясынан «Родрик жарды» атты шығарма!

Жефф Кинни – америкалық жазушы, иллюстратор және ойын жасаушы. Ол «Тентек балақайдың күнделігі» атты графикалық кітаптар сериясы арқылы әлемге әйгілі болды. Бұл серия 65-тен астам тілге аударылып, миллиондаған данамен сатылып, бірнеше фильмге де арқау болды. Кинни өзінің ерекше юморы мен шынайы бала психологиясын дәл жеткізетін стилімен оқырманның жүрегін жаулап үлгерді.

Сіздердің назарларыңызға «Родрик жарды» кітабын ұсынамыз! Бұл – басты кейіпкер Грег Хэффлидің шытырман оқиғаларға толы өмірінің жалғасы. Бұл бөлімде Грегтің ағасы Родрикпен қарым-қатынасы жайлы көп қызықтар орын алады. Қырсық ағасы мен аңғал Грегтің арасындағы күлкілі сәттер мен отбасылық түсініспеушіліктер жас оқырманды бей-жай қалдырмайды.

Кинни, Ж. Тентек балақайдың күнделігі. Родрик жарды [Мәтін] / Жефф Кинни. ; [ағыл. тіл. ауд. Н. Берікқазы]. — Алматы: Steppe&World Publishing, 2023. — 224 б.

Грег Хэффлидің өмірі бұрынғыдай оңай емес. Ол мектептегі, үйдегі және достар арасындағы беделін сақтап қалуға тырысады. Алайда бәрін бүлдіретін адам – оның үлкен ағасы Родрик. Родрик – бүлікшіл, жалқау, рок-музыкаға әуес, әрі інісінің «құпиясын» біліп алған. Грегтің басты мақсаты – сол құпияның ашылмауын қадағалау. Бірақ бұл оңай бола ма екен?..

Күлкіге толы оқиғалар, ерекше суреттер мен бала көңіл-күйі шебер жеткізілген бұл кітап – сіз үшін таптырмас демалыс серігі болары анық!

«Родрик жарды» – достық, бауырмалдық пен өсу жолындағы түрлі сынақтарды әзілмен жеткізетін қызықты туынды. Бұл кітап оқырманды бауырлар арасындағы қарым-қатынасты жаңа қырынан түсінуге жетелейді.

Оқы, күліп ал, бөліс – және келесі кітапқа асық! Біздің кітапхана сөресінде сізді Жефф Киннидің «Родрик жарды» кітабы күтіп тұр.

Сен де оқып көр — қызығы енді басталады!

 

 

 

Мейірімді Асқар

Құрметті оқырман!

    Айналаңа мейіріммен қарау – үлкен батырлықтың бірі. Бұл кітапты оқи отырып, жүрегі таза, пейілі кең, шынайы бала – Асқармен танысасыз. Оның әр әрекеті мен ойы сізге жақын, таныс әрі үлгі боларлық. Адалдық пен ізгілікке толы бұл шығарма сіздің де жүрегіңізге жылу сыйлайды деген сенімдеміз.

Баянғали Әлімжанов – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, жазушы, драматург, жыршы-жырау. Ол — балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармаларымен де елге танылған қаламгер. Оның туындылары қарапайым өмір шындығын көркем тілмен жеткізеді, бала санасына лайық, мейірім мен ізгілікке толы.

Солардың бірі – «Мейірімді Асқар» кітабы. Бұл шығарма – балалық шақтың шынайы бояуы, ауыл өмірі мен қазақы тәрбиенің айнасы.

«Мейірімді Асқар» кітабын бастауыш және орта буын оқушыларына, ата-аналар мен ұстаздарға, балалармен жұмыс істейтін кітапханашыларға, сондай-ақ ұлттық құндылықтар мен адамгершілік тәрбиеге мән беретін кез келген оқырманға ұсынамыз.

     Әлімжанов, Б. Мейірімді Асқар [Мәтін] : ертегі / Баянғали Әлімжанов. — Астана: Фолиант, 2024. – 120 б.

«Мейірімді Асқар» – ауыл баласының өмірі, оның айналасына деген көзқарасы, үлкендерге құрметі мен кішілерге қамқорлығы жайлы шынайы оқиғалар тізбегі. Асқар – қарапайым қазақ ауылының баласы. Бірақ оның жүрегіндегі мейірім, үлкенге деген ізеті мен кішіпейілділігі – әр оқырманға үлгі боларлық. Кітапта баланың өз ата-анасына, достарына, ұстаздарына деген сүйіспеншілігі, табиғатқа деген қамқорлығы көркем тілмен әсерлі суреттелген.

Баянғали Әлімжанов шығармаларына тән бір ерекшелік – ұлттық рух пен адамгершілік құндылықтарды бала жанымен жеткізуі. Бұл кітап та сол бағытта.

Кітап тілі – жеңіл, мазмұны – терең. Әсіресе ауыл баласының өмірін жақсы көретін балалар үшін таптырмас туынды.

Бұл шығарма – қазіргі қоғамда аса қажет болып тұрған адамгершілік, ізгілік, ата-анаға құрмет, еңбекке баулу сияқты қасиеттерді бойға сіңіруге көмектеседі. Бала жүрегіндегі мейірім, таза ниет пен шынайы сезімдер көркем тілмен көрініс тапқан бұл кітап әр оқырманға ой салады.

Егер жылы сөз бен мейірімді әрекеттің қадірін білгіңіз келсе, егер қазақы тәрбиенің шынайы көріністерін баланың көзімен көргіңіз келсе — Баянғали Әлімжановтың «Мейірімді Асқар» кітабын міндетті түрде оқыңыз!

 

Тентек балақайдың күнделігі. Итше ыстық күндер

Қымбатты жас достар!

    Алдарыңызда — күлкі мен қызыққа, шынайы оқиғаларға толы бір керемет кітап! Жазғы демалысты көңілді өткізгіңіз келсе, жаңа достармен танысып, кейіпкермен бір түрлі оқиғаларды бастан кешіргіңіз келсе — бұл кітап сіз үшін!

Бұл жазғы демалыс шомылуға, демалуға достармен көңіл көтеруге  арналған уақыт. Бірақ кейіпкеріміз Грегтің бұл жаздан күткені басқа еді… Ендеше, Жефф Киннидің «Итше ыстық күндер» атты кітабын бірге ашайық.

Жефф Кинни – америкалық жазушы, карикатурашы және онлайн ойын әзірлеуші. Ол балалар мен жасөспірімдерге арналған «Тентек балақайдың күнделігі» (Diary of a Wimpy Kid) сериясының авторы ретінде бүкіл әлемге танымал. Оның кітаптары 75-тен астам тілге аударылып, миллиондаған данамен таралып, киноға да айналған. Жазушы өз шығармалары арқылы балалардың шынайы өміріндегі қызықты, күлкілі әрі кейде қиын сәттерін жеңіл тілмен жеткізеді.

Сіздердің назарларыңызға Жефф Киннидің «Тентек балақайдың күнделігі» сериясынан шыққан «Итше ыстық күндер» атты қызықты да ерекше кітабын ұсынамыз.

       Кинни, Ж. Тентек балақайдың күнделігі. Итше ыстық күндер [Мәтін] / Жефф Кинни. ; [ағыл. тіл. ауд. Н. Берікқазы].- Алматы : Steppe&World Publishing, 2023. – 224 б.

      «Итше ыстық күндер» кітабында басты кейіпкер Грег жазғы демалысты ойын-сауыққа толы өткізгісі келеді. Бірақ анасы оны күнделікті отбасымен уақыт өткізуге, кітап оқуға және сыртта ойнауға итермелейді. Грег болса ыстық күндердің барлығын үйде видеоойынмен өткізгісі келеді. Демалыс қызықты ма, әлде сұмдық па – оны кітаптан оқып білуге болады! Күлкіге, шынайылыққа, бала қиялына толы бұл кітап жасөспірім оқырманды бірден баурап алады.

«Тентек балақайдың күнделігі» – қазіргі балалардың тілімен жазылған, қызықты оқиғаларға толы күнделік формасындағы шығарма. Жеңіл тіл, ерекше стиль, күлкілі суреттер мен шынайы оқиғалар – балаларды кітап оқуға тартатын басты факторлар. «Итше ыстық күндер» — осы сериядағы жарқын туындылардың бірі.

Құрметті оқырман! Егер сен де жаз мезгілінде қандай қызықтар мен оқиғаларға тап болуға болатынын білгің келсе – осы кітапты оқып көр! Жаңа кітап кітапханамызда! Кел де, ал да, күлкі мен қызыққа толы демалысқа бірге аттан!

 

Құстар тілі

Құрметті достар! Жас қаламгер Айсұлу Жолтайқызының «Құстар тілі» атты повесть-фэнтези, әңгімелер, ертегілер, ертегі-драмалар, этюд-эсселер, тәрбие туралы толғамдарын назарларыңызға ұсынамыз.

Жолтайқызы, А. Құстар тілі [Мәтін] : повесть-фэнтези, әңгімелер, ертегілер, ертегі-драмалар, этюд-эсселер, тәрбие туралы толғамдар / Айсұлу Жолтайқызы. — Алматы : Дәуір, 2024. — 140 б.

Айсұлу Жолтайқызы 1991 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2013 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Халықаралық қатынастар мамандығы бойынша оқуын қызыл дипломмен тәмамдаған. Ұлыбританияның Ковентри университетінде білім алып, 2015 жылы Дипломатия, құқық және әлемдік даму саласында магистр дәрежесін алды.

«Рух» атты республикалық әдеби бәйгенің «балаларға арналған шығармалар» аталымы бойынша бас жүлдесін жеңіп алған балалар жазушысы әрі драматург Айсұлу Жолтайқызының бұған дейін баспадан екі кітабы шыққан болатын.

Жас қаламгердің кезекті жинағына соңғы кезде жазған көркем туындылары топтастырылды. Шығармалар оқуға жеңіл, бала ұғымына түсінікті.