Қазақ және әлем халықтарының ертегілері

Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі — білім қазынасы. Ол ұрпақтан-ұрпаққа ауызша, жазбаша түрде немесе әдебиет арқылы да жеткен. Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы.

     «Кітап дегеніміз — алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», — деген еді Ғабит Мүсірепов. Кітап таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсерді өмір қажетіне жарата білу — әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғы шарттардың бірі. 

     «Кітап маған тақтан да қымбат», — деп көрсеткен Шекспир. Бұл сөзден түйер ойымыз, адамға жан азығы, рухани байлығы бола білген — кітап. Cол себепті оның орны тақтан да жоғары. «Наданмен қас болғанша, кітаппен дос бол», — дейді Баус. Кітап — сенің асып-таспайтын асыл досың. Себебі кітаппен дос болған адамның ой-өрісі кең, сөз мәдениеті жоғары, саналы, жан-жақты болып тәрбиеленері сөзсіз. Білімнің көзін ашып, ең алғаш ғылым саласын таңытқан, оқытып-үйреткен — кітап. 

     Әр ұлттың, елдің келешегі мен болашағын баян еткен, тарихы мен өткенін жыр еткен де — кітап болатын. Сондықтан да, «кітап әлемдегі құпиялы ұлы ғажайыптардың бірі», — дейді Горький. Онда біз әлі білмейтін, естіп оқымаған қыр-сыры көп. Оны тек кітаппен дос болған адам ғана құпиясын ашып, ғажабын танып біле алады. 

     Расында қай ғасырда да кітаптың алатын орны бөлек. Кітап кемелденуге көмектеседі. Қаншама технологиялар шығып жатыр. Бірақ бұлардың бәрі кітапты алмастыра алмасы анық. Оқыған адамның күні қашан да жарық.

      «Кітапхана балаларға ұсынады» парақшасына «Қазақ және әлем халықтарының ертегілері» атты кітабын ұсынамыз:

      Қазақ және әлем халықтарының ертегілері [Мәтін] / [құраст. Жаңыл Нуралиева]. – Алматы : Балауса, 2017. – 160 б.

     Ертегі — ауыз әдебиетінің ықылым заманынан келе жатқан көне де мол мұрасы. Оның ертегі деп аталуының өзінен де, сол сияқты ертегілердің «Бұрынғы өткен заманда, ерте-ерте, ертеде» деп басталуынан да оның атам заман туындысы екенін аңғару қиын емес.

      Ертегілерде халық басынан кешкен, ғасырлар ізі жатыр. Оларда еңбекші халықтың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғүрпы, елдік тарихы, қилы-қилы қиын асулары, халықтың мұң шері, арман-мұраты бейнеленген.

      Ертегілер — халық даналығының ғажайып туындысы. Ертегілер халқымыздың ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа мұра етіп қалдырған ауыз әдебиетінің бай қазынасы. Осы мол дүниеден бұл кітапқа халқымызға кең тараған қазақ халық ертегілері және әлем халық ертегілер енгізіліп отыр. Кітап бүлдіршіндерге, жасөспірімдерге және көпшілік оқырман қауымға арналады.

      Достар, «Артық білім кітапта, Ерінбе оқып көруге», — деп ұлы ақынымыз Абай жырлағандай ерінбей білім алуға асығайық. Бар білімнің патшасын тек кітаптан ғана таба алатынымызды ұмытпайық.

Атамекен сиқырлы елінің аңыздар

Құрметті балалар!

Осы жолы сіздерге аңыздар жайлы кітапты ұсынамыз. Оқиғасы шындық өмірден алынғанымен, ауызша айтылып таралғандықтан, фольклорлық сапалармен толыққан көркем шығарма.

     Қазақ халқының оқиғасын шындық өмірден алып ауызша шығарған көркем шығармаларының бір саласы – аңыз әңгімелер. Аңыз әңгімелер тарихта болған белгілі бір адамдардың атына, іс-әрекетіне байланысты туады. Аңыз әңгімелердің тарихи адамның төңірегінде тууының, негізгі себебі сол адамның өз басына істеген, ісіне, белгілі бір тарихи кезеңде атқарған рөліне, әлеуметтік мәні зор еңбегіне байланысты. Ол адам батыр, не ел басшысы, «ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен» шешен би немесе әділеттік іздеуші, халық мұңын жырлаушы күрескер болуы мүмкін. Аңыз әңгімелерде халықтың қоспасы болғанымен, негізгі ой түйіні барлық жерде бірдей сақталады. Аңыз әңгімелердің бәрі бірдей бір сюжет, бір идеялық мазмұныда бола бермейді.      Тақырыбы бір болғанымен, идеялық мазмұны әр басқа болуы да мүмкін. Аңызда әр топтың өкілі өзінше баяндап, өзінше түсініп, оны өз тобының көзқарасына лайықтап, өз мүддесіне пайдалануға әкеп тірейді. Қазақ аңыз әңгімелерінде қиял-ғажайып дүниелер мол, олар адамды асыл армандарға бастайды, оның ұшқыр ойына қанат бітіреді, келешекке үміттендіреді.

   Сіз білесіз бе, Бөрітастаған, Толағай, Шұбарата таулары, Мыңжылқы, Шомқалған аңғарлары немесе Баянауыл, Бурабай жерлері неліктен солай аталған?

Зеренді, Марқакөл көлдерінің атаулары қайдан шыққан, Үркердің жеті жұлдызы неге аспаннан кетпейді, аспан шырақтары Ай мен Күн қалай пайда болды? 

     Ал қоянның құйрығы неге қысқа, ат неге дірілдейді немесе сұр тышқандар қайдан шықты? Қораз бен күн неге аймен ренжісіп қалды, бұл сізге мәлім бе?

    Осы және осы сияқты көптеген сауалдардың жауабын сіз «Атамекен сиқырлы елінің аңыздары» кітабынан табасыз.

     Атамекен сиқырлы елінің аңыздар [Мәтін] = The legends of Atameken Fairyland = Легенды волшебной страны Атамекен / [құраст. О. Гумирова ; ауд. Б. Қойшыбаев, К. Бобровская]. — Шымкент : Shuģylakitap, 2020. – 200 б.

Оған енген аңыздар Қазақстан өзендері мен көлдерінің, тауларының, алқаптарының, аспан шырақтары мен жануарларының пайда болу тарихы мен шыққан тегі жөнінде әңгімелейді.

    Үш тілде — қазақша, ағылшынша және орысша шығарылған, жақсы безендірілген бұл кітап біздің республикамыздың жас оқырмандарын қазақ халқының бай мәдени мұрасымен таныстырады. Кітап мектепке дейінгі және мектеп жасындағы кіші балаларға, сонымен қатар тәрбиешілерге, мұғалімдерге, ата-аналарға арналған.

Қазақ балаларының байырғы ойындары

Құрметті балалар!

      Сіздердің назарларыңызға кітапханамызға түскен жаңа кітаптарды ұсынамыз. Кітап білімімізді молайтады, кітаптан көп үлгі — өнеге мен тәрбие аламыз.  Кітап – нәзік те, тұнық әлем. Ұлтымыздың мерейі мен деңгейі қоғам мен мемлекетіміздің өркенін өсіруде қыруар пайда келтіретін осынау рухани қазына — кітап.

      Халқымыздың тарихы тым ұзақ әрі дәстүрге бай. Сондықтан арғы тегі наным-сенімнен, шаруашылық еңбек тәсілінен келіп шыққан құндылыққа ие ұлттық ойындарымыз, халқымыз жаугершілік заманды, босқын тірлікті басынан кешсе де, жадынан шығармай, оны жалғастыру арқылы бүгінге жеткізіп отыр.

     Осы жолы ұсынылып отырған кітап халық арасына кең тараған балалар ойындарына арналған.

     ҚХР мемлекеттік, Шынжан және Іле облыстық жазушылар, фольклор қоғамның мүшесі Байахмет Жұмабайұлының «Қазақ балаларының байырғы ойындары» атты кітабын ұсынамыз.

     Жұмабайұлы, Б. Қазақ балаларының байырғы ойындары [Мәтін] : [халық арасына кең тараған балалар ойындарына арн.] / Байахмет Жұмабайұлы. — Алматы : Абзал-Ай, 2020. – 256 б. : сур.

     Өзіндік ерекшелікке ие, ұлттық бояуы айқын бұл кітап қашан да өз құндылығын жоймай, болашақ ұрпақтың сана-сезімін, ақыл-парасатын жетілдіріп, дені сау азамат етіп тәрбиелеуде құнды құрал.

     Ежелгі ойын түрлері — «Жақ лақтыру», «Мұнданақ», «Атаман доп» сияқты 150-ге тарта түрі өз-өз алдына қызықты да алуандылығымен ғана емес, ұлттық даралығымен де назарға ілігеді. Соның ішінде «Балуан» (күрес) өнерін алсақ, оның өзіндік дара тарихы, іс-қимылы басқа ұлт күресінен өзгеше, әрі бұл күнде халықаралық күрес қатарынан орын алып отырғанын мақтаныш етуге болады.

     Халқымыз өзінде бар қызықты да қиян-кескі ұлттық ойындарымызды ежелден көз қарашығындай сақтап, бүгінгі ұрпақтарға аманат етіп отыр. Тіпті осы ойындардың бірлігі балалардың ақыл-ойы мен жалпы дене қуатына үйлестіре әзірленгендіктен, жалпы халықтық ойын түрлерімізді «Ересектерге және балаларга арналған ойындар» деп екі түрге бөліп қарастырылған.

     Екеуінің де мақсаты — адамның ақыл-парасатын жетілдіріп, дене қуатын арттыруға арналған. Сондықтан ұлттық ойын деуден гөрі ұлттық «Спорт ойын түрлері» деп айтуға  да болады.

    Атадан балаға мирас болып жалғасын тауып келе жатқан осы ойындар бүгінгі ұрпақ үшін барынша құндылығын сақтап, ұрпақтың жадына сіңіру арқылы осы мұраларымызды дамытып, жетілдіріп бабалар аманатын орындап, ұрпақтың болашағына жауапкершілікпен қарау, міндетттің орындалғанның бір белгісі.

      Бұл кітапта балалардың ақыл-парасатын жетілдіріп, дене қуатын арттыратын нағыз байрығы ойындарды талдап-саралап енгізілген.

Динозаврлар

Ертегідегі қаһармандардың алдынан үнемі көсе-көлденең шығып, біздің үрейімізді алатын динозавлар туралы білмейтін адам кемде-кем шығар. Ал, олардың бұрындары жер бетінде тіршілік кешіп, жұмыртқа салғандығын  қазір  ғылымның өзі дәлелдеп отыр. Ендеше балалар Клод Богаэрдің «Жалықтырмайтын энциклопедия. «Динозаврлар» атты кітабы арқылы динозаврлар әлеміне бірге саяхаттап көрейік.

      Богаэр, К. Динозаврлар [Мәтін] : ғылыми-көпшілік басылым : [кіші және негізгі орта мектеп жасындағы балаларға арн. (7-14 жас)] / Клод Богаэр. ; қаз. тіліне ауд. Мырзалы Болатбек ; [сурет. Густаво Регаладо].- Алматы : Алматыкітап, 2015. – 61 б.

     Динозаврлар Жер бетінде тұтастай 160 миллион жыл тіршілік еткен екен. Адам сенгісіз! Бірақ бұл ғаламшарымыздың жасы немесе жерде тіршіліктің пайда болу уақытымен салыстырсақ – тым аз екен.

     Динозаврлар – бұлар ерекше жаратылған әртүрлі жорғалаушылар. Бүгінгі күні ғалымдар олардың 800-ден 1000-ға дейін түрі болды деп жорамалдайды. Кейбір түрі тауықтың үлкендігіндей болса, кейбірінің салмағы 20 пілдің салмағына тең. Олардың арасында мейірімсіз жыртқыштар да, момақан шөпқоректілер де кездесті.  Динозаврлардың арасында шөпқоректілері көптеп саналды. Сөйте тұра өсімдіктермен қоректену де жеңіл шаруа емес. Әрине олар ешқайда қашпайды, бірақ бұл қатты және талшықты азық. Қатты жапырақтар мен бұталарды әбден шайнау, оны асқазанда қорыту оңай емес. Сонда да жап-жасыл желкенге құмарлар бұл істі оңай атқарған.

     Динозаврлардың балалары қандай болғанын білесіңдер ма? Олар өз ата-аналарынан аумаған кішкентай көшірмесі сияқты сүйкімді болған. Бауырымен жорғалаушылар сапына жатқызылатын айдаҺарлар жұмыртқа салған. Олардың ішіндегі маязавр сияқты кейбір түрлері өте қамқор ата-ана болған.  Олар ұя жасап, жұмыртқаларын өзге жыртқыштардан қорып, балалары аяқтанып кетпегенге шейін қастарынан бір елі тастамаған.

65 миллион жыл бұрын не болды? Ғаламшардағы жануарлар мен өсімдіктердің үштен екісі жоғалып кетті. Птерозаврлар ғайып болды! Алып теңіз жорғалаушыларының, аммониттердің және планктондардың басым бөлігі жойылды, динозаврлар да өліп бітті.

Динозаврлардың құрып кеткендігі жайында айтылған деректерге назар аударсақ, ол жерге астероид, метеорит  немесе кометаның соғылуы салдарынан болған деген пікір шындыққа жанасады.

     Жер тарихындағы бұл жануарлардың құрып кетуінің өзге де себептері бар, бірақ осыдан 65 миллион жыл бұрынғы динозаврлардың жойылуы апаттық жағдайдан болды. Соқтығысу салдарынан ауаға көтерілген тозаң бұлттар климатты өзгертті: өсімдіктер құрыды, жұмытқалары басылып шығарылмады, ал ересек жануларлар жер бетін мұздың басуы салдарынан аштық пен үсіктен қырылып қалды.

     Бұл кітап ежелгі алыптар және олармен қатар тіршілік еткендер туралы баяндайды. Динозаврлардың түр-әлпетін, қалай қоректенгенін, бірімен-бірі қалай, қандай қатынаста болғанын және жауларымен қалай шайқасқаны туралы мағлұмат алуға болады.

     Осы кітап арқылы сендер ғажап жаратылған хайуанаттардың тіршілігі мен әдеттері туралы еліктіріп әкететін мақалаларды, ашық түсті фотосуреттерді, қызықты көріністерді және ең әсерлі ақпараттармен таныс боласыңдар.

 

Альберт Эйнштейн

Сәлеметсіңдер ме балақайлар! Бұл жолы әлем тарихында айрықша із қалдырған танымал тұлға, математика мен физикаға берілген ғалым Альберт Эйнштейн туралы  жан-жақты мәлімет беріп,  өміріне қатысты қызықты деректермен таныстырамыз.

Альберт Эйнштейн, (1879-1955) [Мәтін] / [ағыл. тілінен ауд. Б. Қойтай ; бас ред. Қ. Байғабылова]. — Алматы : Аруна, 2017. – 24 б.

Өз заманының аса дарынды зиялыларының бірі. Оның ашқан жаңалықтары әлемге ойлаудың басқаша  жолын көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар дүниенің мәнін өзгертті.

Альберт Эйнштейн бала кезінде философияны қызыға оқитын, себебі сол арқылы өмір мен әлемнің мәнін жете түсінуге тырысты. Басқалар ойланбаған сұрақтардың жауабын іздеуге күш салды.

Дүниеге деген ерекше махаббатын оның табиғатқа етене жақындығынан да байқауға болатын. Ол таза ауаға шығып серуендегенді, скрипкада ойнауды әрі әуен тыңдауды сүйетін. Бұл әдетінен егде тартқан шағында да арылмады.

Альберт Эйнштейін мен басқа ғалымдардың зерттеу жұмыстары жарық туралы ұғымды жетілдірді және кванттық физиканың дүниеге келуіне мұрындық болды. Эйнштейн теориялық физика сіңірген еңбегі және фотоэффект заңын ашқаны үшін 1912 жылы физикадан Нобель сыйлығының иегері атанды.

Альберт Эйнштейннің зерттеулері мен еңбектері үлкен жетістік алып келгенімен, өмірінің соңғы кезеңінде зерттеген бірыңғай өріс теориясы сәтсіздікке ұшырады.

Альберт Эйнштейн әлемге сенімді де жігерлі физик ретінде танымал. Ол әрдайым адамзатты рухани дамытатын және пайда келтіретін іс-әрекетпен шұғылдануға тырысты. Оның еңбектері әлемді дүр сілкіндірсе, тапқыр ойлары мен айтқан сөздері оқыған адамға ой салады.

Суретпен безендірілген осы кітап — Альберт Эйнштейннің өмірі мен еңбегі, зерттеулері туралы біліп үйренгісі келетін балалар үшін үлкен қазына.

Аристотель

Балалар осы жолы сендерді грек ғалымы, философ, Батыс Еуропа дүниетанымы тұрғысынан Аристотель туралы кітабымен таныстырамыз:

   Аристотель, (б.з.д. 384 — б.з.д. 322) [Мәтін] / [ағыл. тілінен ауд. Б. Қойтай ; бас ред. Қ. Байғабылова]. — Алматы : Аруна, 2017. – 24 б.

Ежелгі әлемнен қазіргі ғылымның шырағын жеткізуші ретінде танымал санаулы ғана адам бар. Бұларды әлем дамуының берік негізін салған тұлғалар деп санауға болады.

Солардың бірі — Солтүстік Грекияның Стагир қаласында туған Аристотель өзінің ұстазы Платон зерттеген білім беру бағдарламасының маңызды салаларын қамтитын алғашқы пәлсапалық жүйені құрды.

Аристотель Македониядағы грек отары Стагир қаласында б.з.д. 384 жылы туған. Оның ата-бабасы да әкесі Никомах та Македония патшаларының сарай дәрігерлері болып қызмет істеді.

Аристотельдің бізге жеткен жазбалары тек бүтіннің бір кішкентай бөлігі болғанымен, олар — логика, пәлсапа, этикадан бастап, физика, биология, психология, саясат пен шешендік өнер теориясына дейін қамтыған кең ауқымды зерттеулер.

Аристотель — метафизиканың негізін қалаған алғашқы философ. Аристотель метафизиканы өмірде бар және алғашқы қозғаушы болатын Бір Субстанция туралы ілім деп  түсіндіреді. Сондықтан ол метафизиканы  адамзат біліміне негіз болады, сезу арқылы қабылданатын нәрселердің байланысын көрсетеді деп қарастырады.

Аристотельдің айтқан субстанциясы материяны өзара әрекет пен байланысқа түсіріп,  қозғалысқа келтіретін өзгерістің жаратылыстық мәні мен мақсатының дұрыстығын мойындатады. Әрине, Аристотель өзгеріс себебі қозғалыс деп танығанымен, оның мәнін ашуды өзімізге қалдырған.

Аристотель ілімі бойынша, сәттілік таңдауға байланысты, тек адамзатта ғана таңдау және ойлау мүмкіндігі бар. Әрекетке икемсіз нәрсеге кездейсоқ мүмкіндік те тән емес.

Аристотель — адамзат дамуын әлеуметтік, философиялық, логикалық, физикалық тұрғыдан жан-жақты қамтыған грек философы, көптеген еңбектердің авторы. Оның еңбектері күні бүгінге дейін мәнін жойған жоқ. Эмпирикалық зерттеу тікелей объектіге бағытталып, тәжірибе деректеріне сүйенеді. Дегенмен оның еңбектері туралы ғылымда талас әлі тоқтаған жоқ.

Фома Аквинский Аристотельді ұлы философ қатарына қосып, оның пәлсапасын өз ілімінің негізіне айналдырған.

Аристотель біздің өмірімізден көрініс тапқан революциялық ойлаудың жүйесін салған алғашқы ғалым.

Аристотель өзінің маңызды мәселелерді қамтитын зерттеулеріне өз дамуының кезеңдерінде қайта оралып, оларды сол кездегі көзқарастарына сүйене отырып жасады. Осының нәтижесінде Аристотельдің бір мәселені арасына жылдар салып әр кезеңде қараған үздік еңбегі қалыптасты. Мұндай өмірбаян Арисготельдің өмірі мен оның еңбектеріне деген қызығушылықты оятады.

Балалар, Аристотельдің өмірі туралы қызықты мәліметтер білгілерің келсе осы кітапты оқыңдар.

Ыбырай атамның әңгімелері

Сәлеметсіңдер ме балақайлар!

Ұлтымыздың ұғымындағы ең құрметті тұлғалардың бірі, ұстаз Ыбырай Алтынсарин балаларға арнап бірнеше ертегі, әңгіме жазып кеткен. Олардың көбі

осы уақытқа дейін оқулықтарға, әртүрлі кітаптарға еніп келді, мултьфильмдер де түсірілді.

Балалар, сендерге осы жолы Ыбырай Алтынсариннің әңгімелер мен ертегілерін комикс үлгісінде шыққан кітапты ұсынамыз:

     Ыбырай атамның әңгімелері [Мәтін] : комикс үлгісінде жасалған әңгіме-ертегілер / жоба идеясының авторы Б. Тілеухан; құраст. А. Битан. — Астана: Muqaba, 2018. – 32 б.

Комикс – ағылшын тілінде comic – күлкілі деген мағына береді. Комикс – суретпен салынған хикая. Әдебиет және сурет өнерін ұштастырады.

Кітапқа адамгершілік, еңбекқорлық, өмірсүйгіштік сияқты қасиеттерді насихаттайтын шығармалар таңдап алынған.

Осы кітаптың ішінен сендерге «Қараусыз өскен ағаш қандай болады?» атты әңгімесін әңгімелеп берем.

Бұрынғы заманда бір төре баласын ертіп баққа барыпты.

—           Шаруадан босаған кезде бірауыз аттан түсіп, осылай жаяу серуендеп тұрған жақсы, балам.

—           Ия, әке. Осы бақта егілген гүлдер мен ағаштар ормандағыдай емес, адамның қолымен егілген ғой.

—           Ия, орманда бәрі өзі өседі. Ал бақтағыларды адам егеді.

—           Мынау ағаш неліктен тіп-тік, ана біреу неге қисық біткен?

—           Оның себебі, балам, анау ағашты бағу-қағумен өсірген, қисық бұтақтары болса кесіп. Мынау ағаш бағусыз, өз шығу қалыбымен өскен.

—           Олай болса, бағу-қағуда көп мағына бар екен ғой.

—           Бағу-қағуда көп мағына барында шәк жоқ, шырағым. Мұнан сен де өзіңе ғибрат алсаң болады. Сен жас ағашсың, саған да күтім керек. Мен сенің қате істеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, сен менің айтқанымды ұғып, орнынан келтірсең, жақсы түзік кісі болып өсерсің, бағусыз бетіңмен кетсең, сен де мынау қисық біткен ағаштай қисық өсерсің.

Балақайлар осы әңгімеге қарап сендер де үлкендер ақыл айтқанда дұрыс тыңдап әдемі, түзу ағаш секілді өсіңдер.

    Балалар кітапта сендерге қажет көптеген жақсы дүниелер бар, оны меңгеріп алғандар үлкен олжаға кенеледі. Тек сендер емес, жер жүзіндегі бала сол олжаны іздеп әлек. Ол байлықтың құны шексіз қымбат, дәмі сондай тәтті, әрі ең ғажабы, қанша пайдалансаң да таусылмайтын ұшы-қиыры жоқ қазына. Бірақ, ол байлықтың қайда жасырылғанын мен сендерге айта алмаймын, оны осы әңгімелер мен ертегілерді оқып білесіңдер.

    Кітап балаларға, ата-аналарға және ата-әжелерге арналған.

Дымбілмес Күн қаласында

Бұл жолы Сіздерге Николай Носовтың «Дымбілмес Күн қаласында» атты ертегі-романын ұсынамыз.

     Шығарма — өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының орта шенінде жарық көрісімен-ақ Кеңес Одағындағы, сондай-ақ дүние жүзіндегі көптеген халықтардың тілдеріне аударылған, миллиондаған оқушылардың ыстық ықыласына ие болған туынды.

     Шығарма кейіпкері Дымбілмес (орысша есімі — Незнайка) — ертегілер елінде, ергежейлілер қаласында өмір сүретін құртақандай ғана сүйкімді балақан. Есімінің Дымбілмес болуы да кездейсоқ емес, әрине. Өзі құралыптас балақандар сияқты, ол да талай-талай тәтті қиялдарға бой алдырады. Бірақ әрдайым сәтсіздіктер мен күлкілі жайларға ұшырап қала береді. Сонда да қиялдауын, керемет бір ғажап істер тындырып тастауға, әртүрлі қызықты саяхаттарға шығуға құштарлығын қойған жоқ. Осының арқасында оның басынан талай-талай ғажайып оқиғалар өтеді. Сиқырлы таяқшаның құдіретімен орын алған таңғажайып жайттар шебер баяндалған. Саяхаттауға шыққан кейіпкерлер жаңа достармен танысып, Күн қаласындағы озық технология, заманауи қызмет көрсету түрлеріне таңырқаумен болады.

   Жазушы Дымбілместі ар-ұжданымен сөйлестіру арқылы балаларды адалдыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелеп, жаман әдеттерден аулақ болуға шақырады. Соның бәрін орыстың аса шебер балалар жазушысы Н.Носов үш ертегі-романға арқау етіп, қызғылықты баяндайды. «Дымбілмес пен достарының хикаялары» (Приключения Незнайки и его друзей»), «Дымбілмес Күн қаласында» («Незнайка в Солнечном городе»), «Дымбілместің Айға саяхаты» («Незнайка на Луне») деп аталатын шығармалар әрқайсысы жеке-жеке күйінде де, бір мұқабаның ішіне біріктіріліп те, жоғарыда айтқанымыздай орыс тілінде, сол кездегі Кеңестер Одағының және дүние жүзінің көптеген халықтарының тілінде сан мәртебе басылып шықты. Жазушының атағын бүкіл әлемге жайды. Қай халықтың тілінде шықса да балалардың, олардың ата-аналарының шексіз сүйіспеншілігіне ие болды. Өйткені балаларының бас алмай, құмартып оқитын шығармаларына ата-аналарының да немқұрайлы қарай алмайтыны белгілі. Мұның үстіне Н.Носовтың Дымбілмес пен оның достары туралы жазылған кітаптары — жас жеткіншектерді ғана емес, балалық бал дәуренді әлдеқашан артқа тастаған ересектерді де бірдей баурайтын тартымды туынды.

     Н.Носов бірде өзінің осы шығармасы жайында айта келіп, бұл ертегі-романдарында да ол (барлық өзге шығармаларындағы сияқты) адамгершілік, батылдық, досқа және жолдасқа адалдық, жігерлілік, алға қойған мақсатқа жету жолындағы табандылық қасиеттерді сөз ететінін, даңғойлық, қызғаншақтық, қорқақтық, өтірікшілік, мақтаншақтық, дөрекілік сияқты адамдардың бойында кездесіп қалатын ұнамсыз қасиеттерді әжуалайтынын айтқан еді. Көркемдік дәрежесі жоғары, тәрбиелік қуаты мол осы ғажап трилогияға 1969 жылы РСФСР-дың Н.К.Крупская атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілген.

     Шығарма авторы туралы бірер сөз: Н.Носов 1908 жылы туып, 1976 жылы қайтыс болған. Қолынан қаламы түспеген қырық жылдай уақыт ішінде ол аталмыш трилогиядан басқа «Көңілді семья», «Коля Синицынның күнделігі», «Витя Малеев мектепте және үйде» (1952 жылы бұл шығармасы СССР Мемлекеттік сыйлығына ие болды), «Досым Игорь туралы хикая», «Құдық түбіндегі құпия» атты хикаяттар мен көптеген әңгімелер жазды. Оның қаламынан шыққан дүниелердің барлығын — балалар әдебиетінің шын мәніндегі асыл туындылары, ешқашан маңызын жоймайтын классикалық шығармалар деуге болады.

     Әлемге әйгілі жазушысының шығармалары балаларға да, ересектерге де арналған.

Андерсен Г.Х. Ертегілер

Құрметті балақайлар, бұл жолы дат жазушысы, әлемге әйгілі балалар және ересектерге арналған ертегілер авторы Ганс Кристиан Андерсеннің үш тілде жарық көрген ертегілер кітабына саяхат жасаймыз.

     Түрлі-түсті әсем суреттермен безендірілген кітапта Ганс Христиан Андерсеннің әлемдік мәдени мұра болып табылатын ең атақты ертегілері қазақ тіліне аударылып берілген. Бүкіл дүние жүзі балаларының сан буыны осы ертегілерді оқып өсті.

     Бұл кітаптың көркемдеуші редакторы Даурен Кастеев.

     Андерсен, Г.Х. Ертегілер [Мәтін] = Tales = Сказки / Ганс Христиан Андерсен. — Шымкент: Shuģylakitap, 2020. – 480 б.

    Ханс Кристиан Андерсен 1805 жылы Данияның Оденсе қаласында, кедей отбасында дүниеге келеді. Әкесі Ханс етікшілікпен айналысса, анасы Анна Мари Андерсдаттер нәпақа табуға болатын жұмыстың қай-қайсысынан да қашпайтын. Ырым-жырымға сенгіш Анна Мари балшыларға баласының болашағын болжатуға құмар етін. Солардың бірі: «Күндердің күнінде ұлыңыз атақты адамға айналады», – депті. Өкінішке орай, ғазиз ана жалғызының «әлем балаларының сүйікті ертекшісі» атанғанын көрмей кеткен.

Ханс әкесінен қызықты әңгімелерді, қиял-ғажайып ертегілерді, аңыз-хикаяларды тыңдап өседі. Балалық шағын «Менің өмірімнің ертегісі» атты кітабында былайша еске алыпты: «Әке-шешемнің жалғыз баласы болғандықтан, ерке өстім. Анам маған: «Сен бақыттысың. Нағыз графтың баласысың», – дейтін.

Әкесінен айрылған соң жасөспірім Ханс үй ішіне көмектесу үшін мата, темекі фабрикаларында жұмыс істейді. Істеген жұмыстары нәтижесіз аяқталғанымен, өзінің «қайтпас қайсар қалайы солдаты» секілді алға ұмтылуын тоқтатпайды. Енді ол жазушылыққа шындап кіріседі. 1829 жылы Ханстың «Холмен каналынан Амагераның шығыс шетіне дейін жаяу саяхат» атты шытырман оқиғалы әңгімесі жарық көреді. Дат жұртшылығы тырнақалды туындыны жақсы қабылдапты. Жазушы содан бастап қаламынан еш ажырамаған.

Балалар «ертегі патшасы» Андерсеннің «Ұсқынсыз үйрек балапаны» ертегісін білесіздер ме?

   Зерттеушілердің айтуынша, ондағы балапанның прототипі – ертекшінің өзі. Жексұрын үйрек балапанынан асыл аққуға айналатын кейіпкердің хикаясы, шынымен, оның өз өміріне негізделген…

    Махаббат үшін қандай да болсын құрбандыққа барған су перісінің хикаясы – адал сезімнің гимні іспетті.

    Бүгінде Копенгаген портына көрік беріп тұрған «Су перісі» мүсіні Дания астанасының символы саналады. Жалпы, Андерсен  ертегілерінің көптеген кейіпкерлері махаббат үшін тіпті, өз өмірін құрбан етуге де әзір.

    Ал, әйгілі «Қар патшайымы» ертегісінде кішкентай Герда досы Кай үшін көп қиянат көргені есіңізде ме?! Ал, Сіз осындай ерлікке дайынсыз ба?

   Андерсеннің ертегілерінде тікелей ақыл үйрету жоқ. Алайда, олар оқырманды мейірімділікке, қайырымдылыққа шақырады. Өзінің айтуынша, ол ертегілерінде өзіне жетіспеген не шынайы өмірден таба алмаған адами құндылықтарды сөз етуге тырысты.

 

 

«Жануарлар» 1100 қызықты дерек

Білуге ұмтылу – қоршаған ортаны, әлемдегі бізге беймәлім құбылыстардың құпия сырларын ашуға талпыну деген сөз. Жан-жақты болуға деген құштарлық әрбір адамның бойынан табылады.

       Балақайлар бұл жолы сіздерді жануарлар әлеміне саяхаттауға шақырамын. Өмір сүріп отырған әлемді танып-білгісі келетін білімқұмар балалардың құштарлығын қанағаттандыру мақсатында «Аруна» баспасы «Жануарлар» 1100 қызықты дерек атты топтаманы ұсынамыз.

     Жануарлар әлеміне сапар шеккен адам әр жануардың тек өзіне ғана тән тіршілік ету ерекшелігі бар екенін түсінеді. Жануарлардың көптігі сонша, ешкім олар туралы бәрін білем деп айта алмайды. Жануарлардың әрқайсысының өзіндік өмір сүру ортасы мен мінез-құлқы болады.

     Жер жүзінде бір миллионнан астам жануар түрі тіршілік етеді. Олардың ішінде бауырымен жорғалаушылардың — 6000, өрмекшілердің -73000, биттердің 73000 түрі тараған. Әлемде әр адамға 200 миллион жәндіктен келеді.

    Жануарлар класы дегеніміз — ғалымдар бір-біріне ұқсас деп есептейтін жануарлардың үлкен топтары.

    Қолыңыздағы кітап жануарлардың дене пішіні, түр-сипаты, мекендейтін жері, қорегі, түрлі қылықтары, жайлы әңгімелейді.

     Білесіңдер-ме, арыстандардың бет-әлпетіндегі әртүрлі мимика мен дене қимылдарынан оның көңіл күйі мен ойындағысын түсінуге болады, олар 12 метрге дейінгі қашықтыққа секіруге қабілетті.