Дина Нұрпейісова кім?

Құрметті балалар!

Сіздердің назарларыңызға балалар ақыны, журналист, зерттеуші Серікбол Хасанның «Дина Нұрпейісова кім?» атты кітабын ұсынамыз.

«Ол кім?» сериясының кезекті кейіпкері — күй анасы атанған дәулескер күйші Дина Нұрпейісова. Дина тағдырлы тұлға болды. Ол 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістер, Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғысы болған кезеңде өмір сүрді. Аштықты да, жоқшылықты да, ауыр азапты да басынан өткерді. Дина күйші тағдырдың тезіне төзе білді. Тоқсан жасында қазақтың күй өнерінің шыңына шықты. Ұстазы Кұрманғазының, өзінің күйлерін халық арасына жайды. Бұл жинақта Динаның басынан өткерген бүкіл қиын да қызықты сәттері баяндалады.

Хасан, С. Дина Нұрпейісова кім? [Мәтін] / Серікбол Хасан.; сурет. Т. Мұзафар. — Алматы : Мазмұндама, 2024. — 100 б.

Дина үш жасынан қолына домбыра алып, Құрманғазы, Дәулеткерей, Соқыр Есжан, Салауаткерей, Әлікей, Баламайсан секілді күйшілердің күйін нәшіне келтіре орындаған екен. Оның дүлдүл домбырашылығы Құрманғазының да құлағына жетеді.

1870 жылы Құрманғазы қаршадай қызды көріп, өнерін тамашалау үшін арнайы Кенженің үйіне келеді. Күй атасы тоғыз жасар ізбасарының өнеріне дән риза болады, өнерін жалғастыруға лайық домбырашы екеніне көзі жетіп, қатты қуанады. Болашағынан зор үміт күтетінін айтып, балауса қызға батасын береді. Сол күннен бастап Құрманғазы Динаның ұстазына айналады.

Дина Нұрпейісова өмірге 13 бала әкелген, көбі жас кезінде шетінеп кетіпті. Жұрынбай, Мұрат, Қажен деген ұлдары, Бақтылы, Қоңыр, Салиха есімді қыздары болды. Қажен мен Жұрынбайдың баласы Қожахмет соғыста қаза тапты. Жұрынбайдан Ақжан, Балжан деген екі қыз, баласы Қожахметтен Гүлжан есімді бір қыз қалған. Бәрін де Дина өзі бағып-қағып өсірген.

Ақжан Жұрынбайқызы Динаның жолын қуып, домбырашы болды. Ақындар айтысына да қатысты. Алматыдағы педагогикалық училищені бітіріп, өнер саласында қызмет етті. Ақжан бес баланы өмірге әкелген. Бір баласы — қоғам қайраткері Төлеген Қуанышев бүгінде республикалық «Күй анасы» қорын басқарады.

Балжан Жұрынбайқызы Алматыдағы Қазаққыздар педагогикалық институтын бітіріп, ұзақ жыл география пәнінен сабақ берген. Үш баласы бар.

 Күй өнерінің хас шебері Дина Нұрпейісова 1861 жылы  қазіргі Батыс Қазақстан облысы Канақала ауданындағы Бекетай құмы деген жерде дүниеге келді. Әкесінің есімі Кенже, анасының аты Жәниха.

 

Кенже қарапайым шаруа болғанымен, өнерден де кұралақан қалмапты. Ат баптаған, күреспен айналыскан. Домбыра тартқанда, тыңдаған жанды бейжай  қалдырмапты. Дина домбыра тартуды әкесінен үйренген екен.

Кенже күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлымен жақсы араласқан. Екеуі алғаш рет Теке жәрмеңкесіндегі балуандар күресінде танысқан болса керек. Сол кезде Құрманғазыдан «Айжан қыз» күйін үйреніпті. Кейін сол күйді қызы Динаға үйретеді.

Динаның жеңісі қазақ өнерін, соның ішінде домбыра аспабын бүкіл Одаққа әйгіледі. Атағы қазақ елінен асып, Кеңес Одағының құрамындағы барлық республикаға танымал болды. Ол туралы көптеген мақала жазылып, кітаптар жарық көрді. Күй анасы атанған өнерпаз туралы көбірек мәлімет алғыңыз келе ме? Ендеше, Дина Нұрпейісованың тағдырлы өмір жолы мен қазақ өнеріне сіңірген еңбегі туралы жазылған осы кітапты бірге оқиық.