Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Зерделі ұлт қалыптастыру» бағдарламасы аясында кітап оқу мәдениетін дамытуға ерекше мән берілуде.
Ал, кітапхана — осы игі мақсаттың жүзеге асатын ең маңызды орындарының бірі. Өйткені, мұнда кітап қана емес, білім бар, тарих бар, ой бар.
Осы бағытта Тараз қаласындағы Абай атындағы орталық кітапханасында «Кітап-рухани сарқылмас қазына» атты әдеби кеш өткізілді. Әдеби кешті жүргізуші кітапханашы Гүлжан Қордабай бүгінгі басқосу әдеттегідей кітапхана ішінде емес, ашық аспан астында кітап көрмесі әлеміне саяхат жасау арқылы өткізіліп жатқандығын айта келе, кештің мәнін арттырып, тағылымды әңгімелерімен, өмірлік тәжірибелерімен бөлісер ардақты ардагерлер, қаламы қарымды қаламгерлердің қатысып отырғандығын атап өтті.
Алғашқы сөз кезегін алған қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын — жазушы Баймахамбет Ахмет: «Кітапсыз да, кітапханасыз да адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Қазіргі таңда интернет әлеуетінің қарқынды дамып жатқанына қарамастан, дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды.
Егер біз ұрпағымызды жастайынан мазмұнды, сапалы, ұлттық рухы жоғары және заманауи бағыттағы кітаптармен сусындатсақ, жаһандық сын — қатерлерге төтеп бере алатын парасатты азаматтарды тәрбиелеп шығара аламыз», — деп сөзін тұжырымдады.
Ал, Тараз қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы тұрақты комиссияның төрағасы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Алдаберді Мақашев балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» атты кітабына шолу жасап, бұл туындының өзінің өмірлік жолына сара бағыт бергендігін әсерлі әңгімелеп берді.
Жамбыл өңірінің белгілі балалар жазушысы журналист Марат Құлибаев: «Кітапхананың есігін ашу үшін жарлық та, жоба да , науқан да қажет емес. Тек ниет керек. Ниет болса, кітап та табылады, уақыт та табылады, оқырман да табылады. Ал оқырманы бар елдің болашағы да жарқын болмақ» — деген қаламгер тұрғындарды, оның ішінде жастарды кітап оқуға шақырды.
Жылы жүздесу барысында кітаптың адам өміріндегі орны, жас ұрпақты кітап оқуға баулудың маңызы кеңінен сөз болды.
Әдеби кештің екінші бөлімінде «Кітап білгірі» атты әдеби — танымдылық сайыс өткізіліп, оқырмандарға «Біз қаншалықты кітаппен доспыз?» деген сауал берілді.
Одан кейін «Оқырмандар таңдауы» бойынша «Егер сізге өміріңізде бір ғана кітапты қайта-қайта оқуға мүмкіндік берілсе, қай кітапты таңдар едіңіз және неліктен?» — деген сұрақ қойылды.
Жалпы, қатысып отырған оқырмандар белсенділік танытып, сұрақтарға толыққанды жауап берді.
Абай мұрасы — адамды білімге, еңбекке, талап пен ізденіске жетелейтін терең тағылым мектебі. Ұлы ойшылдың осы ойларын жүрекпен қабылдаған кітапханашылар А.Усаева мен Н.Қайырбекова ақынның қара сөздерінен және өлеңдерінен үзінді оқыды.
Келесі кезекте ұлттық өнердің мәйегін сақтап, терме арқылы тағылым мен тәрбие таратқан дәстүрлі өнердің иесі Сәрсен Әбілқайыр қасиетті домбырамен бірнеше күйдің сырлы сазын зор шабытпен орындап, көпшіліктің ілтипатына бөленді.
Әдеби кеш соңында кітапханашылар Света Қожахметова, Анар Тілеген және Бағира Бұлтанқұлова кітап көрмесімен таныстырып, бірқатар жазушылардың кітаптарының мазмұны мен тағылымы жайында ойларын ортаға салды.
Сауранбек Жамалбеков,
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы.
Ғұмыр-Дария. — 2026. — 12 қыркүйек (№17). — 7 б.