Сатира — қоғамдағы келеңсіз құбылыстарды, адам бойындағы жағымсыз мінездерді өткір әзіл, астарлы ой арқылы бейнелейтін әдеби жанр. Оның басты мақсаты – күлдіру ғана емес, күлкі арқылы ой салу, адамды жақсылыққа үндеп, қоғамдағы кемшіліктерді көрсету. Бақытжан Советұлы осы міндетті өз шығармаларында шебер жүзеге асырып келе жатқан қаламгер.
Құрметті оқырмандар! Биыл қазақ сатирасының көрнекті өкілдерінің бірі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, сатирик-ақын Бақытжан Советұлының 60 жас мерейтойы аталып өтуде. Осы мерейтойға орай «Ай кітабы» айдарында қаламгердің «Хайп пен лайк» атты сатиралық жинағын назарларыңызға ұсынамыз.
Советұлы, Б. Хайп пен лайк [Мәтін] / Бақытжан Советұлы. — Алматы : Abai, 2023. — 312 б.
Бақытжан Советұлы 1966 жылы Жамбыл облысы, Меркі ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.
Еңбек жолын 1984 жылы Жамбыл ауданында «Шұғыла-Радуга» газетінде баспаханашы болып бастаған. Әл Фараби атындағы қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің түлегі. 1992 жылы Республикалық «Санат» баспасында редактор, 1993 жылы сатиралық «Ара-Шмель» журналында фельетонист болған. 1993 жылы Жамбыл облыстық телерадикомпаниясының редакторы, 2004-2006 жылдары Қазақстан ұлттық телеарнасының Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі, 2006-2014 жж. «Қазақстан» РТРК ЖОФ редакторы, 2014-2017 жж. «Қазақ» радиосының Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі қызметтерін атқарған. 2017 жылдан қазірге дейін Жамбыл радиосының жетекшісі.
Бақытжан Советұлы — Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, ақпарат саласының үздігі, көптеген мемлекеттік және салалық марапаттардың иегері.
Қаламгердің «Мен де бірдеңе дейінші…», «Ерін туралы ертегі», «Бұл мен ғой» атты сатиралық жинақтары мен «Қоянның құлағы неге ұзын, құйрығы неге қысқа?» атты балалар кітабы оқырман қауымның жоғары бағасына ие болды.
«Хайп пен лайк» жинағына әзіл әңгімелер, сын-сықақ өлеңдер, мысалдар, сахнаға арналған интермедиялар, эпиграммалар, скетчтер, сондай-ақ балаларға арналған мазақтамалар мен ертегілер енген. Автор қазіргі қоғамдағы әлеуметтік желілердің ықпалы, жасанды бедел, жалған танымалдық, адам мінезіндегі кемшіліктер сияқты өзекті мәселелерді өткір сатирамен суреттейді. Шығармалар жеңіл тілмен жазылғанымен, олардың астарында терең әлеуметтік ой жатыр.
«Хайп пен лайк» – өмірдің өзекті мәселелерін өткір әзілмен өрнектеген, күлкі арқылы ой салатын мазмұнды шығарма. Кітап сатира жанрын сүйетін және заманауи қазақ әдебиетіне қызығушылық танытатын қалың оқырман қауымға арналған.