Қымбатты жас оқырман!
Сен армандағанды ұнатасың ба? Кейде көк аспанда қалықтап ұшқың келіп, кейде өзің ғана білетін ғажайып әлемге саяхат жасағың келе ме? Ендеше бұл кітап сені дәл сондай сиқырлы мекенге бастайды.
Балақайлар, балаларға арналған қызықты әрі танымды шығармаларымен кеңінен танымал түрік жазушысы Мерт Арыктың «Менің ұшатын керігім» атты кітабын оқуға ұсынамыз.
Арык, М. Менің ұшатын керігім [Мәтін] / Мәрт Арык. ; түрік тіл. ауд. Қ. Әбенқызы ; бас ред. Ш. Мұқан ; сурет. Х. Сөнмезай. — Алматы: Мазмұндама, 2023. — 68 б.

Бұл шығармадағы Мони де сен сияқты армандайды, қиялдайды және сурет салғанды жақсы көреді. Ол кейде қиналады, кейде көңілі түседі, бірақ ешқашан армандарынан бас тартпайды. Өйткені әр баланың жүрегінде ешкімге ұқсамайтын ерекше талант пен асыл қазына жасырынған.
Кітап беттерін парақтай отырып, сен Монимен бірге қиял қанатына мініп, таңғажайып оқиғаларды бастан кешесің. Сонымен қатар өзіңе сенудің, талмай еңбектенудің және арманыңды жүзеге асыру үшін батыл қадам жасаудың қаншалықты маңызды екенін түсінесің.
Ендеше, қиял әлемінің есігін айқара ашып, Монимен бірге қызықты сапарға аттан! Мүмкін, осы кітап саған да өз жүрегіңде жасырынған ғажайып қабілетті табуға көмектесер.
Арманда! Сен! Әрекет ет! Және өз қиялыңның қаншалықты биікке самғай алатынын көр!
