Есаман Х. Құдіретке құштарлық

Құрметті оқырман!

Уақыт — адамды емес, адамның уақытқа қалдырған ізін таразылайтын ұлы өлшем. Ғұмырдың қадірі оның ұзақтығымен емес, елге сіңірген еңбегімен, ұлт руханиятына қосқан үлесімен, соңында қалған өнегелі сөзімен айқындалады. Өмірдің осындай биік өлшеміне сай келетін азаматтар – халықтың рухани жадында сақталатын, әр дәуірдің айнасына айналатын тұлғалар. Солардың бірі — ақын, журналист, қоғам қайраткері Хамит Есеман.

Хамит Ерболатұлы Есеман — қазақ руханияты мен журналистикасының өрісін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосып келе жатқан талантты ақын, қарымды қаламгер, білікті журналист әрі қоғам қайраткері. Ол 1986 жылы Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты қасиетті Тереңөзек ауылында дүниеге келген.

Білімге деген құштарлығы оны Тараз инновациялық-гуманитарлық университетіне жетелеп, аталған оқу орнында «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын игеріп шықты. Кейін М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «Журналистика» мамандығы бойынша білім алып, сөз өнері мен ақпарат саласының қыр-сырын терең меңгерді.

Еңбек жолын 2005 жылы Жамбыл облыстық «Ар-Ай» жастар газетінде тілші болып бастаған Хамит Ерболатұлы аз уақыттың ішінде өткір ойлы, сергек сезімді журналист ретінде танылды. Оның мақалаларынан ел тағдырына деген жанашырлық, ұлттық рухқа деген адалдық анық аңғарылатын.

2009-2012 жылдары Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінде тілші қызметін атқарып, қоғамдық мәселелерді батыл көтерген публицист ретінде оқырман ықыласына бөленді.

2012-2013 жылдары елордадағы «Астана ақшамы» газетінде еңбек етіп, республикалық деңгейдегі ақпарат кеңістігінде кәсіби шеберлігін шыңдады.

2013 жылы туған ұясы — «Ар-Ай» газетіне қайта оралып, шығармашылық топ жетекшісі болды. Ал 2014-2017 жылдары осы басылымның «Мәдениет және руханият» бөлімін басқарып, қазақ әдебиеті мен өнерінің көкейкесті тақырыптарын кеңінен насихаттады. Оның қаламынан туған дүниелер ұлттық құндылықтарды дәріптеуімен, терең философиялық пайымымен ерекшеленді.

2017-2022 жылдары республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі қызметін абыроймен атқарып, елдік мәселелерді өткір көтерген, өңір тынысын республикаға танытқан беделді журналистердің біріне айналды.

2022 жылғы 9 маусымнан бастап Жамбыл облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы қызметіне тағайындалып, аймақ журналистикасының жаңа белеске көтерілуіне сүбелі үлес қосты. Бас редактор ретінде ол басылымның мазмұндық деңгейін арттырып, ұлттық мүдде мен рухани құндылықтарды насихаттауда тың серпін қалыптастырды.

2026 жылы Хамит Ерболатұлы Есеман Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Бұл — оның елдік мәселелерге бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымы мен мол тәжірибесіне көрсетілген зор сенімнің айқын көрінісі.

Хамит Ерболатұлы — Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының мүшесі әрі Қазақстан Жазушылар одағының Жамбыл облысы бойынша өкілі. Ол әдебиет пен руханият саласында өнімді еңбек етіп, қазақ поэзиясына өзіндік үні мен қолтаңбасын қалыптастырған қаламгерлердің қатарынан орын алды.

Оның шығармашылық еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» атағына ие болды. Сонымен қатар, ҚР Тұңғыш Президенті қоры ұйымдастырған «Алтын тобылғы» республикалық әдеби байқауының Бас жүлдесін жеңіп алып, Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты атанды.

Ақынның 2008 жылы «Ағаның бүрі», 2013 жылы «Қараша хаттары», 2023 жылы «Фәни-Құбылыс» атты жыр жинақтары жарық көрді. Бұл кітаптарда адам жанының терең иірімдері, уақыт пен тағдыр, туған жер мен ұлт рухы көркем өрнектелген. Оның өлеңдері түрік, испан, әзірбайжан тілдеріне аударылып, қазақ поэзиясының халықаралық деңгейде танылуына ықпал етті.

Астана қаласында Президенттің арнаулы әдеби сыйлығы мен «Айбоз – 2025» ұлттық әдеби сыйлығының жеңімпаздары марапатталды. Осы байқауда ақын, облыс әкімінің кеңесшісі, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаман «Айша бибі» поэмасы үшін «Айбоз – 2025» ұлттық әдеби сыйлығының «Үздік поэзия» аталымының жеңімпазы атанды.

Хамит Ерболатұлы Есеман — сөз қадірін терең түсінетін, руханиятқа адал қызмет етіп келе жатқан санаулы саңлақтардың бірі. Оның шығармашылығы мен азаматтық болмысы кейінгі буынға өнеге, елдік мұратқа қызмет етудің жарқын үлгісі болып қала береді.

Құрметті оқырмандар, сіздердің назарларыңызға Хамит Есеманның «Құдіретке құштарлық» атты кітабын ұсынамыз.

Есаман, Х. Құдіретке құштарлық [Мәтін] / Хамит Есаман. — Алматы: Алматы-Болашақ, 2025. — 240 б.

Хамит Есаманның «Құдіретке құштарлық» атты бұл кітабына автордың әдеби мақалалары, шығармашылық тұлғалар туралы толғаныстары мен әр жылдары түрлі тақырыпта жазылған дүниелері еніп отыр.

Аталмыш кітапқа енген дүниелерде қазақ әдебиетінің тынысы, заманауи көркем ойдың өрісі, руханият мәселелеріне деген авторлық көзқарас анық байқалады. Әдебиетке деген құрмет пен жауапкершілікті серік еткен автор бұл еңбегінде оқырманды ойға жетелейді, сұрақ тастайды, сонымен қатар сол сұрақтарға бірге жауап іздейді.

Кітап «Әдеби мақалалар», «Тұлғалар туралы таным» және «Ой-толғаулар» атты үш бөлімнен тұрады. Әр бөлімде қаламгердің көркем әдебиетке, замандас қаламгерлер шығармашылығына, қоғамдағы рухани құбылыстарға қатысты толғаныстары топтастырылған. Әдеби мақалаларда көркем шығармаларға берілген байыпты баға мен сыншылық пайым байқалса, «Тұлғалар туралы таным» бөлімінде қаламдас әріптестерінің шығармашылық болмысына үңіледі. Ал «Ой-толғаулар» бөлімінде автордың жеке философиялық тұжырымдары, руханият, ұлттық болмыс, шығармашылықтың ішкі әлемі жайлы ойлары қамтылған.

Рухтың қуаты — сөзде, сөздің қасиеті — шындықта. Ал шындыққа адал қызмет еткен тұлғалардың ғұмыры халық жадында мәңгі жасайды.

Ойлы оқырманды бейжай қалдырмайтын бұл кітап — әдебиетке бейіл, сөзге іңкәр қауым үшін құнды рухани олжа болары сөзсіз.