Өнердегі өнегелі өмір

Өнердегі өнегелі өмір (Тәкен Молдақынұлы)

    Ұлттың ұлағатын, халықтың кісілік келбетін, кешегі бабалардың дәстүрінен жеткен жұлдызды тәлім мен тәрбиенің ізін әркім өзіне тұстас дәуір азамат­тарының бойынан іздемей ме?.. Осы ретте ортамызда жүрген заманы бір үлкенге де, кішіге де іштей де, сырттай да бір сәт сын көзімен қарарың хақ!

Бүгінгі әңгіменің арқауы – ұзақ жылдардан бері киелі Әулиата – Тараз жерінде жемісті еңбек етіп, ұлы мекеніміздің өнері мен мәдениетіне арнаған елеулі еңбегімен ел құрметіне бөленіп жүрген азамат інім, қызметтегі шәкіртім Тәкен Молдақынұлы. Тәкен сонау 70-жылдардың басында Алматыдағы екі бірдей оқу орны – Өнер студиясы мен Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясының қабырғасында тәлім алып, арнайы жолдамамен сол тұста жаңадан ашылып жатқан Жамбыл облыстық филармониясына жеке дауысты әнші (солист) болып үлкен еңбекке араласады. Қазақ әнінің қайталанбас тұлғалары Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Бекен Жылысбаев, Надия Шәріповалардан дәріс алған Тәкен араға бір жыл салып филармония қабырғасында құрылған «Тараз» эстрадалық ансамбліне жетекші – көркемдік жетекші қызметіне бекітіліп, өзі айтқандай, бойындағы дарыны мен талантын кешегі одақтың түкпір-түкпіріндегі тыңдармандармен жүздесуге, қазақ өнерін насихаттауға жұмсайды. Республикалық деңгейдегі айтулы өнер жиындарына, жауапты концерттерге Жамбыл облысы атынан атсалысып, үлкен сахналарға шығады. «Айларға созылатын гастрольдік сапарлардан, сол сапарлар барысында кездескен адамдардан алған тағылымым мен ойға түйгенім, әрмен қарайғы өмір жолыма, қызметтік парыз жүгін шамам келгенше адал атқаруыма үлкен ықпал етті, өмірімдегі ең үлкен мектеп болды», – дейді Тәкен. Филармония қабырғасында өткен жылдардың жемісі оның тәуелсіздіктің елең-алаңында «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген артист» жоғарғы атағына ие болуы болса керек.
Осыдан кейінгі өмір жолын өнер мен қызметті қатар атқаруға арнаған Тәкен Молдақынұлы біздің ұсыныс-қолдауымызбен сол тұстағы Жамбыл мәдени-ағарту училищесіне директор болып тағайындалды. Бұған дейін өнер өкілі ретінде көз алдымызда өскен Тәкенге үлкен сенім білдірдік, сендік…

Өнер мен мәдениеттің жас өскіндеріне, халықтық тәлім мен тәрбиені насихаттап, оқырмандарды кітап әлеміне жетелеп, алған білімдері мен бойларындағы дарындарын сынға салатын жас ұрпақтың тәрбие мектебіне жетекшілік етуде ол ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға жетті. Сол тұста Жамбыл мәдениет училищесі атауын алған оқу орнында бұрындары құрылып, кейін әртүрлі себептермен жабылып қалған қазақтың ұлт-аспаптары оркестрі, көп дауысты академиялық хоры қайтадан қалпына келтіріліп, ұлттық колөнер, араб әліпбиі бөлімдері ашылды. Сол жылдары облыс көлемінде өткізілген талай-талай іс-шараларды өнермен өрнектеген таланттар Жамбыл мәдениет училищесінің түлектері болғандығына көбіміз куәміз. Училищедегі оңды өзгерістер мен жаңа серпілісті байқап, бағалаған басшылар Т.Молдақынұлын 1995 жылы облыстық мәдениет басқармасына қызметке шақырды. Мен ол кезде осы басқарманың бастығымын, Тәкен – бірінші орынбасар. Міне, осы кезден бастап қоян-қолтық қызметтес болдық, бір-бірімізді жақын танып, етене сыйласып, аға мен ініге айналдық десем де жарасады. Мәдениет басқармасында қатар қызмет атқарған аз ғана айлардың ішінде қайда жүрсе де бойындағы кісілігін, адами кішілігін ұмытпайтын, өзгеге өнеге болу парызын көп нәрседен жоғары қоятын, пенделік менмендігі мүлдем жоқ Тәкеннің өзі таңдап, табандатқан 20 жылдан астам ғұмырын арнаған әншілік өнерден басқа да ашылмаған көптеген қырлары бар екендігіне қанықтым. Оның әдебиет пен тарихтың үлкен білгірі, керемет өлеңдер жазатын ақын, музыкалық аспаптың сан түрін меңгерген музыкант, сценарист, көркемсөз, қолөнер шебері екендігін білдік. Ол жазған өлеңдер республикалық, жергілікті баспасөз беттерінде жарияланып, оқырманның ыстық ықыласына бөленіп жүрді. Ал Тәкеннің қаламынан туып, сол жылдары Жамбыл жерінде өткен облыстық мал шаруашылығы қызметкерлерінің мерекесінде жұрт назарына ұсынылған сценарий үлгісі іле-шала үздік деп танылып, барлық облыстарға таратылды…

Мына бір жағдай есімізде қалыпты. Сол жылдары біздің облыста Қазақстан әйелдерінің II форумы ұйымдастырылды. Елбасы форум жұмысына отбасымен келіп қатысып, сөз сөйледі. «Баласағұн» концерт залындағы шара соңында форум қонақтарының назарына тек киелі Әулиеата жерінің тілі басқа болғанымен, тілектері бір таланттары қатысқан үлкен концерттік бағдарлама ұсынылды. Жоғарғы табыспен өткен мәдени басқосудың шымылдығы Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнімен жабылды. Сахнада 200 әншіден құралған хор, ал жеке дауыста, – Тәкен Молдақынов пен талантты әнші Анна Вундер. Ән басталысымен Нұрсұлтан Назарбаев бірінші қатардағы орнынан көтеріліп екпінді әнді іліп әкетті, әрі қарай бүкіл делегаттар қосылып, кейін тәуелсіз еліміздің Әнұранына айналған асқақ ән қанатында елдігіміздің, егемен Қазақстанымыздың ұлы мұраттары аспандап тұрды. Тәкен өзі режиссері, сценарий авторы және орындаушыларының бірі болған сол концерттік бағдарламаның болмысы бүгін жетпіске толып, ата жасының биігіне шыққан Тәкен інім туралы жоғарыда айтқан ағалық сөздерімнің бір айғағы болса керек.

Кейін менің Парламент Сенатының депутаты болып сайлануыма байланысты облыстық мәдениет басқармасы бастығының тізгіні Тәкенге тапсырылды. Ол ұжымға жетекшілік еткен жылдарында білімділігі мен біліктілігін облыс өнері мен мәдениетін дамытуға, ел экономикасы аздаған қиыншылықтарды бастан өткеріп тұрған шақта Әулиеата айшықтарын ажарландыра беруге жұмсағанын жақсы білеміз. Ауғанстан, Моңғолия, Венгрия, Ресей, Өзбекстан, Қырғыз елдерінің, Қазақстанның барлық өңірінен келген жас өнерпаздар қатысып, шын мәніндегі өнер мерекесіне айналған Ш.Қалдаяқов атындағы халықаралық «Менің Қазақстаным» ән конкурсының туы осы кезде көтерілді. Екі жыл өткізіліп, өкінішке қарай, белгісіз себептермен кейін аяқсыз қалған сол байқауларда таланттарын танытып, жеңіске жеткен талай дарындар бүгінде қазақ сахнасының жұлдыздары болып жүр. Әттең, сол кездегі қолдаушылары кейін бастапқы екпіндерінен таймағанда, «Менің Қазақстаным» атты қазақ әнінің мерекесі Тараздың атын аспандатып, бүгінде атақты ән мерекелерінің қатарында тұрар еді-ау…
Кейінгі жылдары Т.Молдақынұлы өлкеміздегі ата-баба мұрасына бас-көз болу үшін арнайы құрылған республикалық «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінің директоры қызметінде болды. Оның тікелей араласуымен жеріміздегі кешегі тарихымыздың інжу-маржандары жаңарып, тотықұстай таранып, алғашқы қалпына келтірілді. Бүгінде ұрпақ тәрбиесіне, тарлан тарихымыздың таусылмас тәліміне өз үлестерін қосып тұрған нысандарға айналды. Ежелгі қаламыздың ерен тарихының, қазақ даласындағы қалалардың анасы – Тараз тәлімінің ұлтқа ғана емес, адамзатқа ортақ құндылықтарға пара-пар екендігін талмай насихаттаумен келеді. Тәкен 1994 жылы аспан асты еліне барып, алып мемлекеттің әлемде теңдесі жоқ тарихнамасы – «26 тарихтың» сондағы қандастарымыз қазақшаға аударған нұсқасын Қазақстанға алғаш болып алып келді. Іле-шала «Aq jol» газетіне «Атақты «26 тарих» қазақ тілінде» атты үлкен мақала жарияланды.

Орталық Азияда теңдесі жоқ, түркі тарихындағы орны ерекше «Ақыртас» кешеніне бүгін төл мерекесін тойлап отырған Тәкен інімнің сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Оның «Ақыртас» тарихы мен тағдыры туралы радио, теледидар, жергілікті және республикалық газеттер мен журналдарда үзбей жарияланып келе жатқан жанайқайға бергісіз материалдарының бір нәтижесі – сол аяулы нысанымыздың бүгінгі бейнесі! Бұл айтылғандар Тәкен атқарған мәдениет пен өнердігі өрелі істердің бір парасы ғана.

 Жандар Кәрібайұлы

Ақ жол. – 2018. – 21 сәуір 


 
 

«ӘН-ЖЫРЫМ САҒАН, ТУҒАН ЕЛ!»

«ӘН-ЖЫРЫМ САҒАН, ТУҒАН ЕЛ!» белгілі сазгер Алтынбек Қоразбаевтың шығармашылық кеші табысты өтті

Ән әлемінің корифейіне айналған Алтынбек Қоразбаевтың әндері жан-жүрегіңді шымырлатып, көңіліңді толқытып, жүрек тербейтіні сөзсіз. Елу жылдай уақыт бойы ел алдында маңдайы жарқырап жүрген композитордың еліміздегі өнердің өркендеуіне қосқан үлесі зор.

Оның «Қара шалын» тыңдап, тұла бойы толқымаған, «Қара кемпіріне» елжіремеген жан баласы кемде-кем. Өрі мен құзын қатар тосатын өнер әлемінің адал перзентіне айналған Алтынбектің туындылары қазақ үшін ерекше сый-тарту. Оның лирикалық әндері адам жанын баурап алады. «Бозторғаймен» боз далаға үні жеткен Мейрамбек Беспаев сынды сұңғыла таланттарды тай күнінен тану да мықтылық. Қысқасы, Алтекең – қазақ өнерінің қара нары, жарқыраған шоқ жұлдызы.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында Тараздағы «Баласағұн» атындағы орталық концерт залында Халық әртісі, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, композитор, жерлесіміз Алтынбек Қоразбаевтың «Ән-жырым саған, туған ел!» атты ән кеші өтті. Жүрек толқытар, жан жадыратар сиқырлы сазбен, әдемі әнмен әдіптелген өнер кешін облыс әкімі Асқар Мырзахметов жамбылдық жұртшылықпен бірге тамашалады.
Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған шара Алтынбек Қоразбаевтың 70 жасқа толған мерейтойы аясында жүзеге асты. Ән кешінде қазақ даласын сазбен тербеген өнер иесінің отызға жуық туындысы орындалды. Концерт шымылдығы «Ай-хай, жиырма бес» әнімен ашылды. Жастық шаққа деген сағыныш сезімінің шоғын үрлейтін шығарманы эстрада жұлдыздары, Алтекеңнің шәкірттері Мейрамбек Беспаев пен Тоқтар Серіков орындап, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді. Ал сахнаға Алтынбек Қоразбаев шыққанда көпшілік дамылсыз қол соғып, ерекше құрмет көрсетті.

Алтекең Меркі жерінде туып, Жамбыл топырағында 17 жыл еңбек еткенін қысқаша айтып өтіп, өзінің әндер сериясын «Елге сәлем» әнімен бастаса, оны Александр Беляков дирижерлік ететін эстрада-симфониялық оркестрі сүйемелдеді. Мұнан соң Алтекең аяулы азамат Арғынбай Бекбосынның сөзіне жазылған «Таразым» және өзге авторлардың «Таудағы көктем», «Қараша қаз, қайдасың?», «Менің дағы бір аққуым бар шығар» әндерімен көпшіліктің көңілін дөп басты.

Аида Смағұлова орындаған «Сарыдала» күйі, Саят Медеуов қоңыр дауысымен жүректерге жеткізген «Сағындым, Кенен атамды», Жанболат мен Жазира дуэті шырқаған «Әгугай, домбыра» әндері тыңдармандарды ән қанатында тербетті. Елбасының сөзіне жазылған «Үшқоңыр», Серікбай Оспановтың сөзіне жазылған «Сағындым, Алматымды» әндері «МузАрт» майталмандарының орындауында тыңдарман жүрегіне жол тартты.
Мұнан соң Алтекең тағы бір шәкірті Алма Аманжоловамен бірге «Жайлауда» әнін жүректерге жеткізе шырқаса, «Қап-қара жеңгем әдемі» атты шығармасын Ернар Айдар орындады. Жұбаныш Жексен шырқаған «Көзіңнен айналайын», Тоқтар мен Бейбіт дуэті орындаған, Жүрсін Ерманның сөзіне жазылған «Жан асылым» әндерін де көпшілік зор ықыласпен тыңдады. Нұрболат Абдуллин, Сая Махамбет шырқаған әндер де шынайы шықты.

Сахнаға Мақпал Жүнісова шыға келгенде әнсүйер қауым ұзақ қол соғып, зор ықылас көрсетті. Ол орындаған «Анадан асыл бар ма екен?», «Қоштасудың қиыны-ай!» әндері әнші мен тыңдарман арасын жақындатып жіберді. «Меломен» тобы, Райым Уайс пен Қанат Үмбетов бебеулеткен әндер де көңіл толқытты.

Белгілі әнші Бағдат Сәмединова мен Алтынбек Қоразбаевтың орындауындағы Елбасының сөзіне жазылған «Сарыарқа» әнін көпшілік көрермен бірге шырқады. Әуелі Бағдат бастап барлық әншілер қосыла шырқаған «Қазақстан» әнімен бұл ғажап концерт мәресіне жетті.

Мұнан соң сахнаға облыс әкімі Асқар Мырзахметов көтеріліп, талантты жерлесіміз Алтынбек Қоразбаевты 70 жас мерейтойымен құттықтап, Алтекеңнің бүкіл қазаққа ортақ тұлға екенін айтып, иығына зерлі шапан жауып, қолына жол талғамайтын автокөліктің кілтін ұстатты. Сахнаға облыс әкімінің ықылас гүлі әкелінді.
«Өзім осындай мерейлі жасқа келгенмен, жүрегім жиырма бесте» деп тебіренген Алтекең осы концерттен түскен қаржыны Тараз қаласындағы №30 мектеп-гимназиясында ашылатын ІТ бағдарламасы сыныбына аударатынын айтып, арнайы сертификатты Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбәрак Жинақбаеваға тапсырды. Ғажап әндердің сазына еліткен жұрт Алтынбек­тің кешінен айрықша әсер алғаны анық. Бұл бір елдің рухани шөлі қанған күн болды.

      Есет ДОСАЛЫ.

Ақ жол. – 2018. – 31 мамыр 


 
 

JAMBYL арнасы – Әулиеата айнасы

JAMBYL арнасы – Әулиеата айнасы

1958 жыл, 8 наурыз. Бұл күн – қазақ жеріндегі жаңалықтарды көгілдір экран арқылы әлеуметке таратқан күн.

Алматы қаласында алғаш рет жұмысын бастаған телестудия жарты ғасырдан астам уақыт ішінде қарыштап дамып, жаңарып келеді. Қадамы аталмыш қалада жасалған арнаның филиалдары одан кейін ел аймақтарында тарала бастады. Осы тұста аймақта арнаның филиалы 1989 жылдың 1 қарашасынан бастап Жамбыл облыстық телеарнасы деген атаумен әулиеаталықтарға жол тартты. Айта кетейік, Жамбыл телеарнасы республика көлемінде 21 жыл үзілістен кейін электронды ақпарат кеңістігіне қосылған алғашқы ұжым. Кейін келе, «Қазақстан- Тараз» атауымен толқынға енген арна өткен жылы «Jambyl» арнасы болып қайта өзгертілді. Бүгінде ұжымда 90 адам еңбек етіп жатса, оның 24-і шығармашылық қызметкерлер.

Тәулігіне 17 сағат бойы аймақ, ел, әлем жаңалықтарын жеткізіп отыратын арна 3 жыл бұрын «Отау ТВ» жерсерігіне қосылып, бүкіл қазақ елі мен Моңғолия және Ресей халықтарына ақпар таратуда. Қазақ-орыс тілінде жаңалық тарататын арнада бүгінгі таңда мазмұны зор, берері мол 33 бағдарлама бар. Өткен жылы 5 бағдарлама енсе, биылғы жылы бес бағдарлама жүзеге асуда.

– Облыста телевидение саласына кадр даярлау мәселесінде тапшылық сезіледі. Оның үстіне сала мамандары БАҚ-тың басқа жанрларына қарағанда тез танылады. Ал бүгінгі күні телеарна журналистерді дайындайтын шағын цех секілді. Осы жерден толысып, тәжірибе жинақтаған мамандарымызды үлкен арналар аттай қалап жатады. Турасын айтқанда, «Қазмедиа» орталығы, «QAZAQSTAN» ұлттық арнасы, «24», «Хабар» секілді үлкен арналарда біздің мамандар да еңбек етіп жүр. Осыған орай, өңірдегі сала мамандарын оқытатын М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетімен келісімшарт жасалып, «JAMBYL» арнасы – Әулиеата айнасы студенттерді тартып, тәжірибеден өткізіп, салаға баулимыз. Талапқа сай жас журналисті көркемдік кеңеспен келісе отырып жұмысқа қабылдаймыз. Сондай-ақ маусым сайын кастинг өткізіп тұрамыз. Қазір бір мәселе туындап отыр. Ол кастингке келген 18-20 жастағы қыздардың «суфлердегі», яғни алдына экран арқылы берілген мәтінді көзі көрмей жатады. Бұл – олардың 80 пайызында кездесетін жай. Екіншіден, «ң» әрпіне тілі келмей, «н» деп оқып жатқан жастар қаншама. Осы мәселелердің салдарынан кастингке келген 60 қатысушының алтауын да іріктеп алуға мүмкіндік болмады. Қазіргі таңда солардың арасынан сұрыптап, 3 студентті дайындап жатырмыз, – дейді «Jambyl» телеарнаcының басшысы Жасұлан Әбдіманап.

Алпыс жылдық мерейтойын тойлағалы жатқан ұжым дата қарсаңында үлкен жобаларды қолға алған. Айталық, бұрын қызмет етіп кеткен дикторлар эфирде жаңалықтарды тізгіндеп, халықпен қайта қауышуда. Ал аймақ қара шаңырағы саналған телеарнада көп жылдар еңбек еткен ардагер журналистерге арнап «Қара шаңырақ» атты фильм түсірілуде. Және де қызығы мен қиындығы қатар жүрген телеарнадағы қызметкерлердің балаларын шақырып, ата- аналарының қызмет барысымен танысыпты. Ал осынау саланың қым-қуыт әрекетінен бас алмай жүріп, телеарна төрінде өз сыңарларын тапқан 10 жұп жайлы «Телеарна қосқан тағдырлар» атты арнайы хабарда кеңінен қаузалады.

Сондай-ақ филиал Жамбыл Жабаевтың 172 жылдық мерейтойы мен қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай өңірде екінші рет түндігі түрілетін республикалық «Жамбыл – менің жай атым» атты ақындар айтысына ақпараттық демеуші болып отыр. Сонымен қатар күндізгі сағат 16.00-18.00 аралығында қазақ радиосының желісі арқылы филиалдың радиоторабы толқынға шығуда. Телеарна жұмысы тілшілер тобының тіршілігімен біте қоятын тірлік емес. Онда дизайнер, инженер, монтажер, режиссер секілді техника тілін жетік меңгерген сала майталмандарының да еңбегі жатыр. Телеарна өз жұмысын бастаған уақыттан бері аталмыш ұжымда 25 жыл табан аудармай еңбек етіп келе жатқан жанның бірі бас инженер – Ербол Нәметқұлов. Ұлыбританияның атақты «Би-би-си» корпорациясында тағылымдық тәжірибеден өткен бас инженер секілді инженер-техниктердің, жас режиссерлердің ортақ іске қосқан үлесі ерекше.

– Бүгінде арнада талдамалық, сараптамалық бағдарламаларды кеңінен қолға алып отырмыз. Апта бойы берілген жаңалықтардың өзектілерін алып, журналистік көзқараспен зерттеп, сараптап, халыққа ұсынамыз. Техникалық мүмкіндіктер күн сайын дамып тұрған тұста әлеумет телеарна тұрмақ газеттен алыстап барады. Осыған байланысты әлеуметтік желілердегі бағдарлама, жаңалықтарды сайтымызда онлайн түрде беріп отырмыз. Бұл өз кезегінде халық үшін оңтайлы болады. Осы уақытқа дейін сайтымыз аймақ арналарының рейтингінде көш соңында тұрса, осы жұмыстарды қолға алғалы үшінші орынға жайғасты, – дейді Жасұлан Лесбекұлы.

Ал бір басында бірнеше бағдарламаны қатар алып жүретін журналист үшін мұндай салмақтың ауыртпалығы шығармашылық тоқырауға әкелетінін айтқан басшы саннан гөрі сапамен жұмыс істеген жөн деп біледі. Тіпті арнада 2 жыл бойы таңертеңгілік «Рауан» бағдарламасын жүргізіп жатқан журналистерді жаңалық бөліміне ауыстырса, бағдарламааралық тілшілерді де жиі өзгертіп тұруды қажет деп тапқан. Сондай-ақ бәсеке бар жерде өсу, өзгеру мен даму болатынын ескерсек, екі жылға жуық уақыт бұрын аймақ кеңістігінен жол тартқан «77» арнасы аталмыш филиалдың жаңаша түрленуіне сеп болады. Және тағы бір мәселе – облыста телеарналарға арналған дыбыс режиссері маманы тапшы екен. Ал келген мамандарды дайындап, жоғары деңгейге жеткізу мүмкіншілігі де қиындау дейді филиал басшысы.

Толғанай Атабай

Жамбыл-Тараз. – 2018. – 28 ақпан


 
 

Өнермен өрілген өмір (Әлібек Әмзеұлы – 70 ж.)

Өнермен өрілген өмір (Әлібек Әмзеұлы – 70 ж.)

     

        ҚР Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Тараз қаласының және Талас ауданының Құрметті азаматы, актер, драматург Әлібек Әмзеұлы жемісті жетпіс жасқа толып отыр. Өнер иесінің мерейтойы облыстық қазақ драма театрында салтанатты түрде аталып өтті.

Сахнаға көтерілген облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков мерейтой иесінің ұзақ жылдар бойы еткен елеулі еңбегін, өңір мәдениетін, театр өнерін дамытуға қосқан елеулі зор үлесін атап өтіп, жемісті жетпіс жасымен құттықтады. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың құттықтау хатын тапсырды.

«Құрметті Әлібек Әмзеұлы. Сізді мерейлі жетпіс жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Өнер – халықтың өшпес байлығы, сарқылмас асыл мұрасы. Бүтін бір ұлттың болмысы, парасат пайымы сол өнермен сабақтасып жатады. Сіз саналы ғұмырыңызды өнерді өркендетуге, мәдениет пен көркемөнердің қамқоршысы, іздеушісі болуға арнап келесіз. Еңбек жолыңызды өңіріміздегі өнердің қара шаңырағы қазақ драма театрында актер болып бастап, сол өнер ордасын басқарып, театрдың шығармашылық жағынан қарыштап дамып, алға басуына барынша күш салдыңыз. Ұзақ жылдар бойы облыс әкімдігі мәдениет басқармасына басшылық жасадыңыз. Ширек ғасырдан астам уақыт облыс мәдениетінің көркеюіне, талапты өнерпаздардың бүкіл елімізге танылуына сіздің қосқан үлесіңіз зор…» делінген құттықтау хатта.

Облыс әкімінің орынбасарлары Ерқанат Манжуов пен Тимур Жанке де ізгі ниеттерін білдіріп, қазақы дәстүрмен шапан жауып, ықыластарын жеткізді. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының жолдаған құттықтау хаты оқылып, кеш иесінің мерейін асыра түсті.

Сондай-ақ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев Әлібек Әмзеұлының еңбек жылдары мен өнегелі өмір жолынан сыр шертті. Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев қала әкімі Рүстем Дәулеттің ізгі лебізін жеткізіп, өзінің жүрекжарды тілегін арнады.

Бұдан соң мерейтой иесі Әлібек Әмзеұлы сөз алып, жиналған қауымға алғысын білдірді.

Қодар көрген қорлық. Мерейтой өнер иесінің «Қор болған Қодар-ай!» атты фантасмогориялық спектаклімен жалғасты. Режиссер Қуандық Қасымов сахналаған қойылымның басталуы ә дегеннен-ақ көрерменді селт еткізіп, сендіре түсті.

«Тірі жүрсең, ел қарғасын, Қодар!

Жер басып жүрсең, жер қарғасын, Қодар!

Су сұрай барсаң, көл қарғасын, Қодар!

Өле қалсаң, көр қарғасын, Қодар!»

– деген суық қарғыстың ащы үні жаңғырып, көрерменді күрсіндіріп, зал ішін күңірентіп жібергені шындық. Бұл Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясындағы Қозы мен Баянның аналары Мақпал мен Күнікейдің Қодарға деген қарғысы екені белгілі. Ал қойылымда бұл ащы сөздер режиссердің шешімімен бір топ аналардың аузымен айтылғаны қарғыстың өткірлігін еселей түсті. Өне бойды осып өтетін зарлы үн қойылым барысында қайталанып беріліп отырғаны жүйелі қарғыс күнәһардың қыр-соңынан қалмайтынының, сөздің киесі бар екенін сезіндіріп тұрғандай болды.

Шығармада ғашығына қолы жетпей, күнәға батып, арманда өткен Қодар өз Баянын іздеп бүгінгі кезеңге өтіп кетеді. Қойылымдағы оқиғалардың шиеленісуі сол тұстан бастау алды десек, қателеспейміз. Ескі ғасырдағы зұлымдығы үшін жаңа заманның Баяндарынан кешірім сұрағысы келген күнәһар ғашық ғасырлар арасындағы алшақтыққа аһ ұрып, өзгеріске өкініш білдірумен болады. Себебі, оның іздеп, тапқан Баяндары бірі қайыршы, бірі жезөкше, бірі мансапқұмар арсыз, енді бірі нәзіктігін жоғалтқан еркекшора кейіпте кездеседі. Өз ғашығының бойындағы асыл қасиеттерді бүгінгі бұрымдылардан көре алмайтынына көзі жеткен Қодар тіпті қорланып, қападан құсаланады. Әр Баянмен жүздесуі шым-шытырық оқиғалармен өрбіді. Қойылымның шарықтау шегінде үзілуге шақ қалған үміт қайта жалғанып, әлі дүниеге келмеген сәбиін Баяндай нәзік әрі ақылды етіп өсіруге серт берген жас келіншектің сөзі көпшілік көңілін демеп, күрсіністен арылтты. Қодар образын сомдаған талантты актер Кенен Ақүрпековтің шеберлігі көрермендерді сүйсінтсе, өзге де бейнелерді сәтті сомдаған театр актерлерінің еңбегі еш кетпеді. Оны жұртшылықтың толассыз қошеметінен байқадық.

Осындай ерекше жанрда қалам тербеп, өткен заман мен бүгінгі күнді шебер астастыра білген автор өз пьесасы арқылы екі кезеңнің әттеген-айларын, жан сыздатар олқылықтарын сенімді суреттей білген десек, артық айтпағандық.

 Жанғазы АХМЕТ

Ақ жол. – 2017. – 23 желтоқсан 


 
 

Толайым еңбектің ері (Қуандық Қасымов – 60 ж.)

Толайым еңбектің ері (Қуандық Қасымов – 60 ж.)

   

Жамбыл облыстық қазақ драма театрында белгілі режиссер Қуандық Қасымовтың 60 жылдық мерейтойы аталып өтті.

«Ұшқан ұя» атты документальді фильмнен бастау алған салтанатты кешке облыс әкімдігі мен облыстық мәдениет басқармасы басшылығы, республиканың әр облысынан аймақтық театр басшылары мен өкілдері, белгілі өнер қайраткерлері, жазушы-драматургтер қатысты. Кеш барысында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев, республикаға танымал ақын Иран Ғайып, Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов қуаныш иесіне жүрекжарды ыстық ықыластарын білдіріп, ҚР Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хаты оқылды.

Аласармайтын арман, сарқылмайтын сезім, толағай талант пен толайым еңбектің басын бір арнаға тоғыстырған ұлы көш өмір деп аталады. Ал сол өмір атты өткелдің өзегін өнермен өріп, биік белестерді талантымен бағындырған дарын иесі ғана өзін бақытты сезінері сөзсіз.

Биікте, ту-ту алыста, қаракөлеңкенің құшағында бір қара бала отыр. Ол жас Қуандық. Дәлірек айтқанда Қуандықтың жас кезін сомдаушы театр актер – Кенен Ақүрпеков. Бар болмысымен әлденеге күйзеліп, әлденеден тарығып һәм әлденені іздейді. Ол өнердегі өзін іздеп отырған еді… Сол сәт қым-қуыт тіршілік басталды да кетті. Әуелеген Шәмші әні. Қолшатырда бас түйістірген қыз-жігіттердің вальс биі. Талдырмаш қыз. Режиссер мен жас қыздың арасындағы таныстық. Сол сәт режиссурасын өзі жасаған «Сыған серенадасындағы» сыған қызы Изольда жігіт пен қыздың арасындағы тұтанған махаббат сезімінің нұрға шомып тұрғанын, екі жастың жанұя құрып, бақытты болатынын болжап береді. Бұл көрініс өнер мен өмірдің тоғысқан сәті. Расында талдырмаш қыз Қуандықтың асыл жары Айжан болатын.

Одан кейін желмен жарысқан құлыншақтар. «Әке, кең далада еркін шабуға рұқсат етіңіз!» дейді. Әкенің ақ батасын алған құлыншақтар кең даланы бетке алып, шаба жөнелді. Бұл да режиссердің өмір мен өнер шыңына баптап ұшырған шын құлыншақтары…

Ал қым-қуыт тіршіліктен шаршап, қиындықтан жеріп, ойдан қажып, бәрінен баз кешуге шақ қалған сәтінде киелі өнердің кейуанасы қарсы алып, берген серті мен алған антына берік болғанын қалап, зор үміт күтіп жүргенін ескертіп, ақ батасын берді.

Театр әртістері режиссердің сан жылдарғы ерен еңбектерінің нәтижелері жайлы сөз етіп, әрі әкесі, әрі анасына айналған халқының алдында өзгеден оқ бойы оза шапқан жетістігімен бөлісіп, режиссердің додаға қатысып алған марапат, диплом, әрбір жеңісінің жемісін дәріптеді. Сөйтіп, үзілмеген үміт пен тот баспаған төзім киелі өнер таразысында теңесті. Қуандық Құлмамырұлының тағдыры мен талғамынан үйлесім тапқан кездері сәтті сомдалып, алпыстың есігін ашып, шырағын жаққан асқаралы аға адымдай басып өнер мен өмірдің көкжиегін бетке алды.

Құралай Сейсенбекқызы

 Жамбыл-Тараз. – 2017. – 25 қазан 

  • 3274
  • 172
  • 97
Интернет-ресурстан материалдарды пайдаланған кезде кері сілтеме жасау міндетті! © – Тараз қ. ОККЖ. csmb@bk.ru,
Разработано: Агентство «5-й Элемент»

Табиғат сұлулығынан артық сурет жоқ

Табиғат сұлулығынан артық сурет жоқ

                          

             Жамбыл облысының тарихи-өлкетану мұражайының көрме залында  «Туған елдің тұғыры» атты суретші Мақсат Қаңтарбаевтың жеке шығармашылық көрмесі өтті.

   Бүгінде Алматы қаласының тұрғыны Мақсат Қырғызбайұлына туған жерінің тауы да ыстық, тасы да қымбат. Жамбыл топырағында туып өскен талантты ұл қай қиырда жүрсе де, туған жерін жүрегінің бір бұрышына сақтап, сағынышқа толы жан сырын қылқалам арқылы төгеді.

 Әкесі Қырғызбай физика-математика саласының ұстазы бола тұра, ағаштан ою ойып, темірден түйін түйген. Қазіргі таңда да бірқатар мұражайлар әке қолынан туған туындыларын сақтап қалған. Әке көріп оқ жонып өскен кішкентай Мақсат та балабақша қабырғасында жүріп-ақ сурет салуға құштарлығы артады. Ал 9-шы сыныпқа аяқ басқанда, алғашқы туындысын сынып жетекшісі Ольга Жұмабаеваға арнаған. Мектепке келген жас та білімді ұстазға деген бала махаббаты Мақсатты ұстазының портретін айнытпай салып, Мұғалімдер күніне орай қабырға газетіне шығаруға жетеледі.

 – Менің алғашқы туындымды көрген ұстазымның маған артқан сенімі орасан еді. Ол маған түрлі бояулар алып беріп, үнемі қолдап жүретін болды. Кейін мектеп бітірген соң Абай атындағы ҚазПИ-дің көркемсурет факультетіне оқуға түсіп, үздік оқып бітірдім. Оқу бітірген соң Луговойда көркемсурет мектебіне мұғалім болып орналастым. Үш-төрт жыл сурет саласында еңбек етіп, қиын-қыстау кезеңдерде сурет салуды қойып, жеке кәсіппен айналысуға бет бұрдым. Дегенмен, Алла берген қасиетті тұмшалау мүмкін емес екен. Он жылдан аса қалам, қағазды қойғаныммен, 2013 жылдары сурет салуға қайта ден қойдым. Ақ қағазды қолыма алсам болды талдар билеп, таулар ән салып қоя беретіндей күй кешемін. Тұмса табиғаттың Алла жаратқан туындысынан артық сурет жоқ шығар. Дегенмен, орыс суретшісі Репин айтқандай: «Суретшінің басты мақсаты табиғатты дәл салуында емес, қалай салуға тиістілігінде». Бүгінгі таңда адам аяғы баспаған жер қалмады. Ал адам жүріп өткен жердің соңы өзгеріске ұшырап, бастапқы көрінісін жоғалтатыны белгілі. Мен сол алғашқы кейіптегі тұнық табиғаттың тұңғыш болмысын, пәк сұлулығын сақтап қалғым келеді,- дейді суретші.

 Сондай-ақ қылқалам шебері бойдағы дарын еңбекпен ұшталып, тәжірибе арқылы ғана шыңдалатынын айтады. Ғұламалардың пайымдауындағы «талант 10 пайыз болса, жеңіс нәтижесінің 90 пайызы еңбекпен келетінін» жадынан шығарған емес. Қазақ қылқаламшыларынан Ә. Қастеев пен Телжановтың туындыларына таңданысын жасырмады. Бір жылдары ұмыт қалған қылқаламын қайта қолға алған Мақсат Қаңтарбаев алдағы уақытта да бұлақтың сыңғырынан сыр іздеп, дала гүлдерінің нәзіктігі мен тау-тас, тал-дарақтың бойынан тараған табиғат сұлулығын паш етер туындыларымен бөліспек.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Жамбыл-Тараз. – 2016. –  27 қаңтар(№ 4). – 24 б.