3000 жылдық тарихы бар қазан табылды

Жамбыл ауданының Бесағаш ауылынан осыдан 3000 жыл бұрын қолданылған қазан табылды. Көне жәдігерді Бесағаш ауылынан Ертай есімді азамат қабір қазып жатып тауып алған.

Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры, тарихшы-археолог Сауран Қалиев Бесағашқа арнайы барып тарихи жәдігермен танысты.

Тарихшы көне қазан біздің заманымызға дейінгі V-III ғасырдағы сақ дәуіріне жататынын айтады. Қола мен қалайының қосындысынан жасалған қазанның бойы – 70, диаметрі – 66 сантиметр.

– Қазан табылған маңда ортағасыр қалашығы – «Ақтөбе» елді мекенінің орны бар. Бірақ, қазан темір дәуіріне жататындықтан, Ақтөбенің тарихы да сонау ерте темір дәуірінен басталуы мүмкін. Бұл аумақта осы уақытқа дейін кешенді түрде ешқандай археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Осы жәдігердің табылуы Жамбыл облысының Шу-Талас өңіріндегі ерте орта ғасырлық және темір дәуіріне тән нысандарда кешенді түрде ғылыми- зерттеу жүргізіледі деп үміттенеміз. Сондықтан, ерте қола мен темір дәуіріне қатысты кенжелеп қалған зерттеу жұмыстарына көңіл бөліну керек, – дейді тарихшы-археолог Сауран Қалиев.

Тарихшы қазан ернеуіндегі ою- өрнектің геометриялық дәлдікпен жасалғанына қарап, сол кездегі сақ мәдениетіндегі тайпалардың математикалық есептеулерді мықты меңгергендігін шамалайды. Ал ою-өрнек нышандарының қазанның аузы мен сыртқы бетіне шығарылып жасалуы молшылықтың белгісі.

Қазан Бесағаш ауылындағы мектеп мұражайына берілді.

  Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ.

 Ақ жол. – 2023. – 20 мамыр (№55). – 8 б.

Ескерткіш жанындағы аллея

Ескерткіш жанындағы аллея

     Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында №11 мектеп ауласында Әлия Молдағұлова атында аллея ашылды.

Аллеяның ашылу салтанатына қала әкімдігі мен білім бөлімінің өкілдері және ардагер ұстаздар қатысты. Бас құжат шеңберінде батырын ұлықтаған салтанатты шарада ел үшін жас жанын сарп еткен Әлияның ұрыс даласындағы ерлігін дәріптейтін әдеби қойылым көрсетілді. Жиналған жұрт батыр рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды. Сондай-ақ мерген қызға аталмыш мектептің 9 сынып оқушысы Диана Жанасбек жалынды жырын арнады.

– Он жыл бұрын осы мектепте батырымыздың құрметіне қала басшылығының қолдауымен ескерткіш орнатылған болатын. Жеңіс үшін майдан шебінде жас өмірін қатерге тіккен Әлияның ерлігі күллі қазаққа мақтан, оны еліміздің әр перзенті ұран етері анық. Бұл аллея оның рухын асқақтатады деген ойдамын. Елбасымыздың мақаласы арқылы біз осындай тау тұлғаларымызды еліміздің әр өңірінде насихаттап, кейінгі ұрпақ жадында сақталуы үшін жұмыс жасауымыз қажет, – деді Тараз қаласының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Өмен Байшығаш. Он жыл бұрын аталмыш мектеп құрылысына күрделі жөндеу жұмыстары жасалып жатқан кезде қала басшылығы мен сәулетші Серік Әлібаевтың бастамасымен салынған ескерткіш аумағы қайта жанданды. Салтанатты жиында аллеяға құрметті қонақтар мен оқушылар арша ағашын отырғызды. Шарада мектеп оқушылары патриотты әндерді нақышына келтіре орындады. Туған жерге деген перзенттік сезімді білдіруге Елбасының бағдарламалық мақаласы оң ықпал еткенін атап өту керек.

Толғанай АТАБАЙ

 Жамбыл-Тараз. – 2017. – 18 қазан 

«Әулиеатаның киелі жерлерінің» картасы дайындалады

«Әулиеатаның киелі жерлерінің» картасы дайындалады

  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындагы «Қазақстанның киелі Жерлерінің географиясы» жобасы аясында Жамбыл облысында тиісті жұмыстар жургізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының  басшысы Берік Әбдіғалиұлы, Мемлекет және қоғам қайраткері саясаттанушы Айдос Сарым, саясаттанушы, журналист Әміржан Қосановтың қатысуымен өткен брифингте айтылды.

Елбасы мақаласы негізінде Мәдениет    және     спорт министрлігі «Қазакстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыру мақсатында «Қазақстанның киелі жерлерінің картасын» жасау жобасы бекітілді. Осы бағытта Республика көлемінен киелі жерлердің тізімі жинақталған болатын.

Арнайы «Қасиетті Қазақстан» экспедициясы жүріп жатыр. Осыған орай Жамбыл облысына келдік. Алдында Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында болдық. Негізгі мақсат ұсынылған тізімдердегі нысандар мен кешендерді өз көзімізбен көріп, анықтау,-дейді «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали.

Аталған жобаны іске асыру бойынша Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама баскармасының жетекшілігімен жұмысшы топ құрылып, комиссия шешімімен «Қазакстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының тізіміне енгізу үшін 33 тарихи-мәдени нысан ҚР Ұлттық музейі жанындағы «Қасиетті Қазақстан»               орталығына жолданды.

Ғылыми-зерттеу орталығы Жамбыл облысынан ұсынылған 33 нысанның ішінен, ұлттық сарапшылар кеңесінің отырысында 8 тарихи-мәдени ескерткішті іріктеп алып, «Қазакстанның 100 киелі нысаны» тізіміне енгізді. Атап айтсақ, тізімге Тектұрмас, Қарахан кесенелері, Айша бибі, Бабажы Хатын мазарлары, Байзақ батыр Мәмбетұлының кесенесі, Ақыртас сарай-кешені, «Ежелгі Тараз калашығы» және «Меркі-Жайсан»          ғұрыптық кешені енгілді.

«Қасиетті Қазақстан» экспедициясын жүргізуші топ облыс көлемінде орналасқан ескерткіштерге еліміздң жетекші жоғары оқу орындарының және ғылыми зерттеу институтының тарихшы, археолог, өлкетанушы ғалымдарынан тұратын сарапшылар кеңесі мен жұмысшы тобы құрылатын айтты. Экспедиция құрамы тарихи-мәдени     ескерткіштерге оның ішінде халық арасында кеңінен танымал киелі орындарға жан-жақты зерделеу жүмыстарын жүргізетін болады. Жинақталған материялдар негізінде «Әулиеатаның киелі жерлерінің» картасы дайындалады. Дайын болған карталар мен бүктемелер баспадан шығарылады. Ғаламтор желісіне де «Сакралды картаның» 3Д форматы және галограммасы электронды түрде енгізіледі.

Экспедиция нәтижесінде архелогиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілген тарихи-мәдени ескерткіштерге қайтажаңғырту жұмыстары жүргізіліп, «Әулиеатаның киелі жерлерінің» картасына енген ескерткіштерді туристер жиі келіп тамашалайтын киелі орталыкқа айналатын болады. Жоғарыда аталған мамандардың қатысуымен «Жамбыл облысының киелі жерлерінің географиясы» жобасына енгізілетін жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени нысандар бойынша экспедиция ұйымдастырылып, қорытындысы негізінде дөңгелек үстел өткізілетін болады.

  Айгерім Иембердиева

Арстан. – 2017. – 1 желтоқсан 

Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ!

Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ!

Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған тұста еліміз көптеген тарихи оқиғаларды бастан кешіріп жатқан еді. Соның бірі – Жамбыл жерінде өткен бірінші Қазақстан әйелдері форумы.

Бұл кезде Әулиеата топырағында ғана емес, бүкіл республикада өндірістер тоқтап, жарық пен газ болмай, жалақы мен зейнетақы да төленбей жатқан болатын. Оған қоса, халықтың ауылдан жұмыс таппай, күнкөріс қамымен үлкен қалаларға үдере көшуі де белең алған тұс еді. Міне, осы кезде Елбасы бірлік пен ауызбіршілікке шақырған ұлы қадамға барып, ұлтаралық достықтың орталығы – Ассамблеяны құруы саяси жағынан аса ұтымды шешім болды.

Қазақстан әйелдерінің тұңғыш форумында Мемлекет басшысы күн тәртібіндегі өзекті мәселелермен қатар, ұлттар арасындағы теңдік пен тұтастықты ерекше атап өтіп, баянды болашаққа тек бірлік арқылы жететінімізді айтты. Талай жыл өткеннен кейін Президенттің сол кездегі сөзінің өміршеңдігін уақыттың өзі дәлелдеп берді.

Ал, 1997 жылы Мемлекет басшысының Жамбыл қаласына тарихи Тараз атауын қайтару туралы Жарлыққа қол қойғаны күні кеше өткендей әлі есімде. Сол сәтте қалалық мәслихаттың депутаттары кезектен тыс сессия отырысын өткізіп, Елбасына ең алғашқы «Тараз қаласының құрметті азаматы» деген атақты беруді бірауыздан мақұлдаған болатын. Депутаттар шешімін хабарлау құрметі маған бұйырып, облыс әкімдігінде Президентке «Тараз қаласының құрметті азаматы» деген атақтың ресми құжатын тапсырдым. Бұл кездегі толқу мен сезім өз алдына бір бөлек.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан» деген сөзі бар. Расында да, туған еліміздің өсіп-өркендеуі, гүлденіп-көркеюі жолында әрбір отандасымыздың қосып жатқан үлесі қомақты. Өз кезегінде Елбасы да халқына жақын әрі жанашыр азамат екенін еселі еңбегімен дәлелдеп келеді. Осы орайда, Президенттің этномәдени бірлестіктердің басшылары мен өкілдеріне әркез құшағы ашық екенін айтқанымыз абзал. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін жиындарға ұйытқы болып, салиқалы сұхбат құруы, өнегелі өсиетімен бөлісуі баршамызды қанаттандырып отыратыны жасырын емес. Бұл Мемлекет басшысының татулықты ту еткен сара саясаткерлігінің көрінісі.

2012 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан маған сенім жүгі артылып, ҚР Парламенті Мәжілісінің V шақырылымының депутаты атану бақыты бұйырды. Бұл лауазымды қызметте де Елбасымен бірнеше рет алқалы жиындарда бас қосып, ол кісінің кемеңгерлігі мен даналығының куәсі болдым. Қоғам өміріндегі мәнді де, маңызды мәселелерді саяси көрегенділігімен тамырын тап басып, шешу жолын дөп айтқан сәттерінде таңдай қақпай тұра алмайсың. Әсіресе, Президенттің ұлтаралық татулық пен конфессияаралық келісімді нығайтудағы еңбегі ұшан-теңіз. Есесіне, тәуелсіз еліміз жылдан жылға қарыштап дамуда. Ұлт Көшбасшының бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолындағы сарабдал саясаты негізінде мемлекетіміздің әлі талай биік белестерді бағындыра беретіндігі сөзсіз.

  Надежда Нестерова

Арай. – 2017. – 30 қараша 


 
 

Ақыртасқа бардың ба?

Ақыртасқа бардың ба?

  Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында туризмді дамыту мәселелері бойынша Жамбыл облысына жұмыс сапарымен ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы келді. Туризм саласын дамытуды мақсат еткен министр тарихи кешен Ақыртаста болды.

Аймақтағы әлемдік мәдениетке бергісіз тарихи-мәдени ескерткіштеріміздің бірі, бұл – Ақыртас құрылыс кешені. Ата- бабаларымыздың көне дәуірдегі мәдениетінің озық үлгісі болған Ақыртас сарайы – Тараз қаласынан шығысқа қарай 40 шақырым жерде, Ақшолақ темір жол станциясынан 6 шақырым оңтүстікке қарай Қырғыз Алатауының етегінде орналасқан. Әлемдік мәдениетте тарихын тасқа жасырған құпия құрылыстың ғаламдық кереметтердің қатарынан ойып орын алары заңдылық. Мұндай ғажайып керемет құрылыстар әлем тарихында санаулы ғана. Таудың қызыл түсті тастарын әдемілеп ойып отырып, салмағы тонналап тартатын бітеу тас блоктар жасап шығару – адамзат баласының есте жоқ ескі замандағы өркениетінің баға жетпес құндылығы. Міне, осындай ұлы өнер мәдениетінде ерен ерлігімен тарихтың тархан беттерінде қалған ұлттардың бірі — ол біздің Қазақ халқы еді. Ежелгі дәуірдің асыл мұрасына айналып, көз тартар көркемдігімен талайдың таңдайын таң қақтырған Ақыртас кешені ата-бабаларымыздың сәулет өнеріндегі қайталанбас ғажайып қолтаңбасының бірегейі. Мәдениеті де, тарихы да, өркениеті де ежелден өркендеген бабаларымыздың куәгер көзі ретінде бүгінгі күні өз құндылығын сақтап тұр. Талай ғасырлар мен шапқыншылықтардың куәсі болған бұл кешеннің кереметтілігіне қызыққан талай ғалымдар кезінде зерттеулер де жүргізген. Министр алдымен Жамбыл облысы аумағында орналасқан «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінің қарамағындағы «Ақыртас» сарай кешенін аралап шығып, ондағы жұмыстармен толыққанды танысты. Сондай-ақ ол республикалық және жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

– Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Біз халықтың санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап қалатын символдық қалқанымыз, ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы және бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі» деген болатын. Осыған орай, Мәдениет және спорт министрлігі 2017 жылдан бастап «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында ауқымды шараларды жүзеге асырып келеді.

Жамбыл облысы өңірінің тарихи-мәдени мұраларын қорғау, туризмін дамыту мақсатында өңірдегі нысандарды тиімді пайдалануымыз керек. Әсіресе, осы облыстағы ЮНЕСКО-ның тізіміне енген «Ақыртас», «Ақтөбе-Баласағұн», «Құлан», «Өрнек», «Қостөбе» ескерткіштеріне де үлкен маңыз берген жөн. Тек осы өңірдегі емес, Қазақстан, қала берді Орталық Азия елдерінде кездеспейтін, бірегей болып табылатын Ақыртас ескерткішінің туристер үшін өзіндік тартымдылығы бар. Өткен жылы «Ежелгі Тараз ескерткіштері» музей-қорығына қарасты «Көне Тараз» археологиялық паркіне, Айша бибі, Қарахан кесенелеріне және «Ақыртас» кешеніне келушілердің саны 215 мыңды құраған. Соның ішінде Ақыртасқа келушілердің саны 25-30 мыңнан аспаған. Сондықтан отандық және шетелдік туристерді осы нысанға көптеп тарту біздің, яғни Мәдениет және спорт министрлігінің, Жамбыл облысы әкімдігінің, туристік қауымдастықтың және өзге де мүдделі тараптардың ортақ мақсаты. Осы ретте бүгін Мәдениет және спорт министрлігі мен Жамбыл облысы әкімдігі екі жақты Меморандумға қол қоймақшымыз, – деді А.Мұхамедиұлы.

Ал облыс әкімі Асқар Мырзахметов өз сөзінде облыста 3400- ден астам тарихи-мәдени ескерткіштердің барын айтып, алдағы уақытта Ақыртас кешенінде қазақы этонауылдар туристер үшін қызмет ететінін, онда ұлттық құндылығымызды дәріптейтін дүниелердің болатындығын атап өтті.

– Біздің бүгінгі кездесуіміздің түпкі мақсаты – «Ақыртас» кешенінің қазіргі жағдайына зерделеу жұмыстарын жасап, қалпына келтіру мәселелерінің шешімін тауып, көптеп келетін Қазақстандық және шетелдік туристерді бірден-бір қызықтыра алатын қасиетті орынға айналдыру. Өтіп жатқан кеңесіміздің осы «Ақыртас» сарай кешені орналасқан жерде өтуінің мәні мен мақсаты осында.«Ақыртас» кешені күрделі құпияға толы нысан ретінде Египет кереметтері, Афины Акропольдары, Рим колизейі, Перудегі Майя сарайлары және Антикалық аңыздармен деңгейлес жатқан алып құрылыс деңгейінде бағалануда. Туризмнің заманауи индустриясы бүгінгі күні қызметтердің халықаралық нарығында жоғары табысты және серпінді дамып келе жатқан сегменттерінің бірі. Осы тарихи кешеннің экономиканың өсуі мен жаңғырту қарқынын тездетудің күшті негізі болуға қабілетті екендігін түсіну маңызды. Осындай бай мәдени мұраларымыз, ежелгі Тараз қаласын мекендеген түркі халықтарының аңыздары, тарихи ескерткіштер мен археологиялық қазбалар Ұлы Жібек жолы бойындағы Жамбыл облысы бөлігінің мәдени-тарихи ресурстары мен туристік әлеуетінің негізі болып табылады, – деді Асқар Исабекұлы. Жиын барысында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне және Қазақстанның жалпыұлттық маңызы бар киелі жерлерінің тізіміне енген «Ақыртас» кешенін және осы өңірдегі өзге де тарихи мәдени мұра нысандарын туристік орталыққа айналдыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Осы мақсатта ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Жамбыл облысының әкімдігі мен «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ үш жақты Меморандумға қол қояды. Жалпы меморандум Жамбыл облысындағы «Тараз қалашығы», «Ақыртас», «Меркі», «Құлан», «Ақтөбе-Баласағұн» тәрізді тарихи-мәдени мұра нысандарын кешенді зерттеуді, «Ежелгі Тараз» музейі жұмысын жандандыруды, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» музейі-қорығы базасында туристік кластер құруды көздейді. Сондай-ақ тараптар алға қойылған мақсаттарға жету үшін өңірдің ескерткіштерін сақтау, зерттеу, реставрациялау, консервациялау және насихаттау ісіне барынша қолдау көрсететін болады.

Сонымен қатар «Ақыртас» кешенінің Сапар орталығында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінің жылжымалы «Рухани жаңғыруға 1 жыл» атты көрмесі өтті. Көрмеге Жамбыл облысы аумағындағы тарихи орындарда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлер қойылды.

Ал келген қонақтарға Ақыртас кешенінде арнайы киіз үйлер тігіліп, өңір өнерпаздары онда ән айтып, күй тартып, қыздар мың бұрала биледі. Сондай-ақ көпшілікке Наурыз көже таратылды. Бұл расында үлкен істің басындағы бастаңғы еді.

 Арайлым Шабденова

    Jambyl-Taraz . – 2018. – 11 сәуір


 
 

Мәдениеттің өзегі – ұлттық тарих

Мәдениеттің өзегі – ұлттық тарих

   Халқымыздың рухын көтеру бағытында тап бүгін атқарылып жатқан істер бұрын-соңды қолға алынған емес. Елбасының халқымыздың санасын ұлттық құндылықтарымызды дамыта отырып қалыптастыру ұстанымы  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдарламалық мақаласы мен үстіміздегі жылғы Қазақстан халқына Жолдауында ерекше айшықталған. Оны Мемлекет басшысының биылғы Жолдауда айтқан мына сөздерінен анық байқауға болады. Елбасы: «Ұлттың әлеуетін артыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды  одан әрі дамытуымыз керек. «Рухани жаңғырудың» мән – маңызы да  нақ осында. Өзінің тарихын,  тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық және жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына  айналуы тиіс» деген болатын. Міне, сондықтан да Жамбыл облысы әкімдігінің Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы  бұрын қолға алынған өрелі істерді одан әрі дамыта отырып,  өңір тұрғындарының  бабалар мен аталардан мұра болып қалған мәдениетімізді ұлттық тарихымыз арқылы тануы бағытында  жаңаша жұмыс істеуді  үйлестіруде.  

Ұлы Жібек жолының інжу-маржаны ортағасырлық Тараз қаласының айнала­сын­да көптеген қалалар мен қорғандар, қамал­дар мен керуен сарайлары бар. Солар­ды саралай келіп, бұрын көп зерттел­мегендерін жаңғыртуды қолға алдық. Атап айтқанда, 2018 жылы ғылыми-зерттеу жұмыстары жоспарланған нысан­дар­дың ішінен Жамбыл ауданы Бектөбе ауылын­дағы ортағасырлық Бектөбе (Жувикат VII-XII ғасырлар) қала жұрты таңдалынып, нысандарға қарасты­рылған қаражат біріктіріліп, қалашықта 74 мил­лион теңгеге кешенді археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу көзделуде. Алдымен, оның Шахри­стан бөлігіндегі шығыс қақпасы, оған жапсарлас жатқан көшелері мен тұрғын үй құрылыстарын, қоғамдық ғимараттардың (мешіт, медресе) бірін аршып зерттеу және археологиялық жұмыс жүргізіледі.

Ескерткіштің болашақта туристік нысан ретінде қалыптасуына мүмкіншілігі зор. Ол Тараз қаласының батыс қақпасынан 2,5 шақырым жерде орналасқан. Ескерткіш «Көне Тараз» археологиялық саябағы, Қарахан, Айша бибі кесенелерін біртұтас туристік маршрутқа айналдыру қарасты­ры­луда. Сонымен бірге, Қазақстанның киелі жерлері картасының тізіміне облыс­тан енген 8 тарихи-мәдени ескерт­кіш­тер айналасында нақты жаңғырту жұмыстары басталып кетті. Олардың қатарына Тектұр­мас, Қарахан, Айша бибі, Бабажы Хатун, Байзақ батыр кесенелері сәулет ескерт­кіш­тері, Ақыртас сарай-кешені, Ежелгі Тараз қалашығы, Меркі-Жайсан ғұрыптық кешені археологиялық ескерт­кіш­тері енді. Сондай-ақ Қазақстан­ның жергілікті мәндегі кіші қасиетті орын­дары­ның картасын жасау үшін жинақ­та­лып жатқан 500 ескерткіштің тізіміне Жамбыл облысы­нан 27 ескерткіш ұсынылды.

Биыл «Әулиеатаның киелі жерлерінің картасы» жобасын іске асыру жоспар­ланып отыр. Жоба аясында бағдарламаның мақсатына сәйкес, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына» енген нысандардың фотосуреттері, сызбалары, аэрофотолары архивтік құжаттары және аңыз әңгімелері жинақталады. Жинақ­тал­ған материалдар негізінде «Әулиеатаның киелі жерлерінің» картасы және кітап-альбомы дайындалады. Дайын болған карталар мен кітап-альбомдар баспадан шығарылады, ғаламтор желісіне «Сакрал­ды картаның» 3D форматы және галограм­масы енгізіледі.

Сонымен қатар «Жамбыл облысының архитектуралық ескерткіштері» голограм­масы бүгінгі таңда облыстық тарихи-өлкетану музейіне орнатылды. Бұл голо­грам­маға облысымыздың киелі орындары енгізіліп, келушілердің тарихи-мәдени нысандармен жан-жақты тамашалауына мүмкіндік жасалды.

Тағы бір қуанышты хабар – көптомдық әдеби энциклопедия шығару. Оны жүзеге асыру үшін ақылдастар алқасы мен арнайы жұмыс тобы құрылды. Осы мақсатта және кітапқа керекті тың дерек­тер алу үшін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен шығармашылық байланыс орнатылды. Сонымен қатар Өзбекстан, Қырғызстандағы дерек көздері­нен тарихи құжаттар жинақтау бағытында жұмыстар жүргізілетін болады.

Тұрғындардың мәдени-рухани сұраны­сын қанағаттандыру мақсатында бірқатар тың жобалар іске асырылды. Оның ішінде «Жаңарған Жамбылым» халықаралық ән конкурсы, «Туған жер – тал бесігім» атты республикалық ақындар айтысы, «Ашық қоғамға – ашық архивтер» тақырыбында Президент Архивінің Жамбыл облысындағы күндері және тағы да басқа 7 республикалық, 30-дан аса облыстық деңгейдегі мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылды.

Ал көпшілік куә болған Жамбылдың туған күніне орай «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республи­калық айтыс жоғары дәрежеде өтті. Сонымен қатар жыл соңына дейін бірқатар халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі фестивальдер мен конкурстар ұйымдастырылады. Алдағы жылдары облыс әкімінің бастамасымен «Ежелгі Тараз» ашық аспанасты мұражайы кешенінің «Шахри­стан» бөлігінде ортағасырлық үлгідегі бір­неше мәдени нысан бой көтермекші. Соны­мен қатар Тараз қаласының саябақтары, скверлерлері жаңартылып, Бауыржан Момыш­ұлы, Азамат және Ұлы Отан соғы­сы жылдарында қаза тапқандарға құр­мет, жауынгер интернационалистер, Жамбыл­дық жауынгерлер ескерткіштері Жеңіс сая­бағында бой көтереді. Ұлы Отан соғы­сы­на қатысушыларының тізімі нақты­ла­нып, арнайы мәрмәр тақтаға қашалып жазы­ла­ды. Сондай-ақ Жамбыл атындағы «Руха­ният» орталығы «Жамбыл атындағы музей» болып ашылып, «Руханият» орталығына жаңа заманауи үлгідегі ғимарат соғу мәсе­ле­сі қолға алынды. Жоғарыда айтыл­ған жұ­­мыстардың басым көпшілігі басталып кетті.

Атқарылған және биыл жүзеге асатын нақты істердің бәрі Елбасының Жолдауын­да айтылған қағидаларды жүзеге асыруға бағытталған. Бір сөзбен айтқанда, Жолдау­да қойылған міндеттерді орындау рухани байлығымызды асқақтатып, мәдениетімізді көтеріп, тарихымызды тануға жол ашады. Мұның бәрі сананы жаңғыртуға, өзімізді өзіміз тануға, жас ұрпақтың Тәуелсіз Қазақ­ста­н­ға деген мақтаныш сезімін молайтады. Ал бұл біздің басты мақсатымыз болып қала береді.

Дүйсенәлі Бықыбаев,

 Айқын. – 2018.  – 17 сәуір


 
 

Әулиеатаның өзіндік брендін әйгілейтін кезең келді

Әулиеатаның өзіндік брендін әйгілейтін кезең келді

Қазақ даласының қай қиыры да қазынаға толы, тарихқа бай. Еліміздегі еңселі әрбір шаһар, өркен жайған өңірдің бәрінің де өзіндік ерекшелігі бар. Ұлы даланың барлық аймағынан тіршілікке қолайлы, өмір сүруге тиімді жайлылықты кездестіруге болады. Сонымен қатар әр өлкенің өзіне ғана тән, өзгелер қызыға қарайтын да бренді қалыптасқан. Мәселен, Түркістан дегенде бірден әйгілі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі еске түседі. Кезінде Әмір Темір салдырған алып кешенде ұлт тарихындағы ұлы тұлғалар мәңгілік тыныс тапқан.

Бейнеленген фотосурет

Көп жағдайда отандық туристердің де дені сол Түркістанға қарай жиі барып, ұлы аруақтардың рухына тағзым етіп әрі саяхаттап қайтатынын көріп жүрміз. Ал Сарыағаш дегенде адам денсаулығының кепілі болған шипалы орталық жылы­ұшырайды. Жаңақорғанның қара балшығы да талайдың дертіне дауа болғаны анық. Сол секілді Жетісу аймағы десек, табиғаттың тылсым сырына қанықтыратын атақты «Шарын» шатқалын, Алматы десек әйгілі «Шымбұлақ», «Медеу» кешендерін, Ұлытау дегенде ұлы Жошы хан кесенесін, ал Көкшетауды еске алғанда Бурабайды айтпай қала алмаймыз. Әрине мұның бәрі де қазақтың қасиетті даласының мәні мен сәні, тарихы мен тағдыры.

Сол сияқты, жалпы Әулиеата өңірі дегенде де көпшіліктің есіне әуелі Қарахан, Айша бибі тарихы туралы танымдық рухани жәдігер оралады. Ғасырлар бойы ел есінде сақталып келе жатқан қос ғашықтың кесенесі де Жамбыл өңірінің аумағында орналасқан. Шығыстың ұлы шайырлары тамсана жырлаған Талас, бұдан өзге де Баласағұн, Құлан, Өрнек, Ақыртас секілді көптеген қалашық да халқымыздың ежелден-ақ өркениет көшіне ілескенін көрсететін құндылықтар. Заманындағы Ұлы Жібек жолының киесі де мәңгілік елдің бір нышаны. Негізінен, Тараз қаласы туралы сөз болғанда, шаһардың екі мың жылдан астам тарихының бар екені қоса айтылады. Дегенмен, дәл қазіргі кезде Тараздың өзіндік бренді қандай? Жалпы, өңірдің өзіндік брендін қалыптастыру туризмді дамытуға да жол ашатын негізгі құралдың бірі. Жамбыл облысында ерекше тарихи-мәдени орындар жетерлік. Әрі табиғи ресурстарға да бай. Алайда әлі күнге дейін туризмді дамытуда бірқатар кедергілер кездесіп отыр. Бірінші кезекте туризм саласындағы кадр тапшылығы, сонымен қатар автожолдар сапасының нашарлығы, жол бойындағы сервис деңгейінің төмендігі туризмнің дамуына кедергі келтіретін мәселелер. Аталған мәселе төңірегінде әкімдікте талай рет әңгіме де болған. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі мейрамханалар мен кафелерде қызмет көрсету деңгейінің төмен екенін, бұл  келушілердің сенімсіздігін тудыратынын айтқан еді. Сонымен қатар жол бойындағы сервистің де көңіл көншітпейтіні айтылған. Мәселен, облыстан туризмді дамыту үшін тоғыз сервистік кешен салу жоспарланған болса, бүгінде оның біреуі ғана Байзақ ауданында салынған екен. Сондай-ақ облыста еліміздің және шетелдің туристерін тартуға қабілетті бүгінгі заманға лайық туризм индустриясын құру мәселесі тұр. Мұның бәрі де бір күнде шешіле салатын шаруа емес. Жамбыл облыстық туризм басқармасының  басшысы Ғани Майлыбаевтың айтуынша, бұл бағытта бірнеше жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бес тілде аудио және бейнегидтері бар «Taraz tour» мобильдік қосымшасындағы туристік нысандар санын 200-ге дейін арттыру көзделуде. Алайда қазіргі таңда қосымшадан тек 37 нысанды ғана табуға болады. Сондай-ақ Халықаралық «Әулиеата» әуежайына Тараз топырағы туралы толық ақпарат беретін smart-дүңгіршектер орнатылады. Аталған басқарма тарапынан аудио және бейне нұсқаулығы бар екі қабатты автобус жұмыс істейтін болады. Тараз әйгілі «2GIS» мобильді қосымшасына, яғни сандық картаға қосылады. Бұл туристерге басқалардың көмегінсіз өздеріне керек жерлерді тауып, дұрыс бағыттағы автобусқа отыруға көмектеседі. Сонымен қатар 200 туристік нысанда QR-кодтары орнатылады. Биыл Айша бибі, Қарахан, Бабаджа-Хатун кесенелері, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай бой көтерген Керей мен Жәнібек ескерткіштері, Ақыртас және Тектұрмас этнотарихи кешені сияқты бес тарихи-мәдени нысанда қайта жаңғырту жұмыстары басталады. Этноауылдар салу бойынша инвесторлармен келіссөздер жүргізілетін болады. Мұның бәрі де өңір туризмін дамытуға жасалып отырған қадам. Алайда Тараз дегенде бірден еске түсетін, көпшілік көне шаһарға сол үшін келетіндей орталықтың, яғни өзіндік брендтің болуы қажет. Әрине бүгінде Әулиеатаға туристер қай жерден келсе де оның тарихымен, мәдени нысандарымен таныса алады. Бірақ туризмді нақты дамыту үшін әлі де қолға алатын дүниелер бар екен. Мәселен, бүгінде облыс бойынша тек жеті гид ресми тіркелген. Енді жыл соңына дейін олардың санын 50-ге жеткізу жоспарланып отыр. Әрине туризм саласын дамыту мақсатында атқарылып жатқан мұндай жұмыстар жақсы-ақ. Енді талай жылдан бері шешілмей келе жатқан кадр тапшылығынан бастап барлық мәселе оң шешімін тапса, Тараз туризмінің де өзгелерге таңдай қақтырып, дамитын күні жақын деуге болады.

Дегенмен, өңірге туристерді тарту үшін бұдан өзге қандай шараларды қолға алу керек деген сауал туындайды. Бұл ретте М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков жоғары оқу орындарымен бірлесе жұмыс істеу керектігін және бұл мақсатқа «Туризм және сервис» кафедрасының түлектерін тарту қажеттігін айтады. Шынында да, егер туризм мамандығының түлектерін тарту жұмыстары қолға алынатын болса, бұл бір жағынан жас мамандарға табыс көзі, екіншіден өңірдегі кадр мәселесінің де шешілуіне оң ықпал етуі мүмкін. «Бұл бағыттағы зерттеулердің маңызы зор. Тараздың басқа қалалардан өзіндік ерекшелігін айқындау қажет. Мәселен, біз Сарыағашқа емделу үшін, Түркістанға ұлы бабаларымыздың рухына тағзым ету үшін барамыз. Сол секілді Тараздың да өз ерекшелігі болуы керек», дейді Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлы. Ал «Золотой караван» туристік орта­лығының директоры Альбина Веймер Тараздың өзіндік брендін қалыптастыру ішкі туризмнің дамуына септігін тигізеді деп санайды. Сондай-ақ ол Тараз шаһарының екі мың жылдық тарихы туралы барлық қазақстандықтардың да біле бермейтінін айтады. «Көрші қалалар, соның ішінде ең алдымен Алматы мен Тараз арасында әуе рейстерін ашу керек. Сонымен қатар бүгінде балалар туризмі де назардан тыс қалып отыр. Жамбылдық оқушыларды тарихи орындарға апарып, таныстыруға ешкім де аса ден қойып отырған жоқ», дейді Альбина Веймер. Ал мейрамханалар мен қонақүйлер ассоциациясының төрайымы Айгүл Ақшалованың айтуынша, бұл ретте егер жергілікті қызмет көрсету сапасы сын көтермесе, туристерді дәмді тағамдардың food-фестивальдеріне тартуға болады екен. Әрине туризмді дамытудың тетігі көп. Мұның тағы бір ұтымды тұсы, Жамбыл облысы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік жолының бойында орналасқан.  Бұл жолмен күн сайын мыңдаған көлік қатынайды. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі Жібек жолы десе де болады. Ал осы арқылы да туризмді дамытуға, өңірдің өзіндік брендін қалыптастыруға мүмкіндік бар.

Өткен жылы Тараз қаласының орталығынан шығыстық үлгіде «Көне Тараз» кешені ашылды. Сонымен қатар Тектұрмас аумағынан көне мекеннің символы боларлық еңселі «Әулиеата» ескерткіші бой көтерді. Мұның сыртында көне шаһардың келбетін арттыруда қаншама жұмыстар атқарылып жатыр. Көне шаһарды қызықтап келушілер үшін бұл да көзге көрінерлік дүние. Ал ежелден келе жатқан өңірдегі Қарахан, Айша бибі, Тектұрмас әулие кесенелерінің маңызы ерекше. Қазақ мемлекеттігінің туы тігіліп, қазығы қағылған мекен де Жамбыл облысының аумағында. Бүгінгі Шу және Мойынқұм аудандарының аумағындағы Қозыбасы жері тірі тарих, шынайы шежіре болып қасқайып тұр. Бәлкім, Әулиеатаның брендін әйгілеуге Қозыбасының өзі аздық етпес. Ұлы бабаларымыздың ізі қалған, ұлы шешімдер қабылданған мекенді ел баратын, жұрт көретін аймаққа айналдырып қойса, бұл да елдікті дәріптейтін бір жоба болар еді…

  Хамит Есаман

Egemen Qazaqstan. – 2020. – 10 маусым

  • 3386
  • 201
  • 62
Интернет-ресурстан материалдарды пайдаланған кезде кері сілтеме жасау міндетті! © – Тараз қ. ОККЖ. csmb@bk.ru,
Разработано: Агентство «5-й Элемент»

Тараздағы туризм

Тараздағы туризм

 «Көне Тараз» туристерді шақырады.

    Дүниежүзілік туризм ұйымының соңғы жариялаған мәліметтеріне сенсек, туризмнен түскен табыс көлемі мұнай және автокөлік экспортынан түсетін табыстан кейінгі үшінші орынды иеленеді екен. Туризм арқылы экономикасын дамытып, бюджетін толтырып отырған мемлекеттердің қатары көп. Мәселен, Түркия, Швейцария, БАӘ, Сингапур, Куба сияқты елдер осы арқылы кіріс көзін молайтып отыр. Жер көлемі бойынша тоғызыншы орынды иеленетін, табиғи ландшафтарға, тарихи ескерткіштерге бай Қазақстанда туризмді дамыту мүмкіндігі жоғары. Бүгінде мемлекет тарапынан елді туристік орталыққа айналдыруға бағытталған шаралар жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің ашылуы. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін көне шаһар Тараздағы туризмді дамытуға арналған іс-шараларға тоқталады.

ТАРАЗДАҒЫ ЖАҢА КЕШЕННІҢ ХАЛЫҚҚА БЕРЕРІ МОЛ

 «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің аумағында өткен жылдың желтоқсан айының соңында Қолөнершілер мен туристер орталығы ашылды. Орталықтан жамбылдық шеберлердің жұмыстары мен ежелгі қолөнершілердің, құмырашылардың, ұсталардың және тоқымашылардың жұмыс барысын көруге мүмкіндік бар.

Алып кешен – ортағасырлық шығыстық стильде жасалған сәулет ансамблінің құрамына кіретін ерекше ғимараттардың бірі. Ғимараттың бірінші қабатында семинарлар, баспасөз конференциялары, шеберлік сағаттары мен түрлі кездесулер өткізуге арналған үлкен зал бар. Сондай-ақ, онда кәдесыйлардың сауда көрмесі де орналасқан. Көрмеде былғарыдан, ағаштан жасалған бұйымдар, сәндік торсықтар, киізден жасалған, жүннен тоқылған заттар және бас киімнен аяқ киімге дейінгі киімнің түр-түрі сатылады. Жастықтар, кілемшелер, көрпелер мен қапшықтар, әмияндар, сөмкелер, түрлі ойыншықтарды да осы жерден кездестіресіз.

«Кәдесыйларға қатысты қойылатын арнайы талаптар бар. Біріншіден, кәдесыйлар Тараздың тарихымен, мәдениетімен байланысты болуы керек. Екіншіден, бағасы көрсетілген тақтайшада шебердің аты-жөні мен кіріспе үш тілде жазылуы тиіс. Үшіншіден, Тараз қаласының бойтұмары саналатын Айша бибі кесенесінің элементтері бар сегіз бұрышты тақтайша логотипі және әдемі қапта болуы шарт, – деп түсіндіреді Жамбыл облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Шеберлер клубының жетекшісі Вера Майкович. – Мен, сонымен қатар, қолөнершілерді іріктеу комиссиясының қазылар алқасының мүшесімін. Біздегі мәліметтер бойынша, клубымызда жүзге жуық шебер бар. Бірақ, солардың ішінен тек 20 адам ғана күнделікті сабақтарға қатысады. Олардың арасында Сәуле Мұсаева, Вера Площенко, Мұрат Жексембин, Наталья Золотарева, Федалия Измайлова, Гүлнар Қотырова сынды шеберлерді ерекше атауға болады. Облыс әкімшілігінің Туризм басқармасы Тараз шеберлерін кәдесыйлар көрмесіне қатысуға және жаңадан ашылған орталыққа келіп, қолөнершілерге шеберлік сыныптарын өткізуге шақырады. Негізі-нен, шеберлердің мақсаттары әртүрлі болып келеді. Бірі өнімін сату мәселесіне қызығушылық танытса, енді бірі жаңа бір нәрсені үйренгісі келеді. Өз жұмысымен атын шығару үшін көрмеде істейтін де шеберлер жоқ емес».

Любовь Полунинаның айтуынша, көрмеге өз қолынан шыққан өнімдерін пайда табу үшін емес, алдымен жұмысын халыққа таныстыру мақсатында қойған.

«Көрмедегі сатылымға өзім тоқыған қуыршақтарымды, тоқылған аяқ киімім мен түрлі маталардан тігілген сөмкелерімді шығардым. Десе де, түсетін пайда туралы әңгіме қозғауға әлі ерте. Мен коммерциялық мақсатты көздемеймін. Керісінше, мұны өз шығармашылығымды жетілдіру үшін берілген жақсы мүмкіндікке балаймын. Қаламызда қолөнершілер орталығының ашылып, бой көтергеніне қуаныштымын. Бұрын шеберлерімізде өз өнімдерін халыққа ұсына алатын арнайы алаң болған жоқ. Ал, шеберлер жәрмеңкесі жылына бір-екі рет қана өткізіліп тұратын. Менің Instagram желісінде парақшам да бар. Бірақ, үш жылда әлеуметтік желінің көмегімен бар болғаны екі зат сата алдым. Енді шеберлердің әрқайсысымен туризм бөлімі арнайы келісім жасады. Кәдесыйларды қабылдау актісін берді. Сол арқылы айына бір рет еңбекақымызды ала аламыз. Сонымен қатар, бұйымдарды сату үшін де, ғимаратты жалға алу үшін де орталық бізден ақша талап етпейді. Мысалы, Алматыда қолөнершілер жәрмеңкесіне қатысу үшін он мың теңге көлемінде жарна төлеу қажет. Ал, Тараздағы қолөнершілер орталығында өтетін сауда көрмелеріне қатысу шеберлердің шығармашылығын жетілдіруге арналған қосымша ынталандыру деп білемін. Мен өткен жылдың желтоқсан айындағы халықаралық көрмеде Қазақстан Суретшілер одағының мүшелерімен кездестім. Олар көптеген қызықты жәйттерді әңгімелеп, өз білімдерімен, тәжірибелерімен бөлісті», – деп ағынан жарылды Любовь Полунина.

Өз кезегінде керамикалық бұйымдардың шебері Вера Площенко да өз шығармашылығы туралы қысқаша мәлімет берді: «Мен Тараздағы техникалық шығармашылық орталығында көркем модельдеу және безендіру үйірмесінде жұмыс істеймін. Керамика – менің хоббиім. Қолөнершілер орталығындағы сауда көрмесінде мен «Ауыл» деп аталатын топтамамды сатылымға шығардым. Бұл әртүрлі күлкілі кейіпкерлерді бейнелейтін он екі мүсіннен тұратын топтама. Әр мүсінді он екі мың теңгеге бағаладым. Кейбіреулер үшін ондай баға артық болып көрінуі мүмкін. Алайда, бір мүсінді жасау үшін кем дегенде бір күндік жұмыс қажет. Оған электр энергиясы мен муфельді пешті жағуға кететін шығынды қосыңыз. Керамика туралы шеберлік сыныптар өткізуді айтпағанда, шығатын шығынның мөлшері көп болады. Мен мұны туристер үшін дұрыс деп ойлаймын. Сатылымның қаншалықты жақсы деңгейде болатынын айту қиын. Әлі көп уақыт өтпеді. Ұзамай белгілі болады. Әртүрлі ынтымақтастыққа да дайынмын. Мен қолөнершілер орталығының ашылуын жағымды оқиғалардың бірі деп санаймын».

Орталықтың екінші қабатында жеті түрлі шеберхана, аудитория және «Тараз-Туризм» туристік-ақпараттық орталығының кеңсесі орналасқан. Олар әзірге орталықты керекті құрал-жабдықтармен, шығармашылық ортаны ұйымдастыру жұмыстарымен айналысып жатыр. Жақында есігін айқара ашып, толыққанды жұмыс кестесіне өтеді.

«Қолөнершілер мен туризм орталығы ашылған күні жамбылдық тіс қаққан кәнігі шеберлер «Аспара» модельдік және бизнес колледжінің студенттеріне шеберлік сабақтарын өткізіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Шеберлік сабақтарында студенттер қыш бұйымдар жасауға, тоқыма тоқуға, ағаш кесуге үйретілді. Шеберхана қабырғала-рының әдейі әйнектен жасалынғанын да айта кеткеніміз жөн. Бұл кәдесыйлар мен бұйымдардың қалай жасалатынын туристердің өз көздерімен көруі үшін жасалған. Сондай-ақ, шетелдік туристерді шеберлік сабақтарына қатыстыру үшін біз оларға аудармашы ұсынуға дайынбыз», – дейді Ішкі және сыртқы туризмді дамыту бөлімінің басшысы Айнұр Ақпаева.

Жамбыл облыстық Туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекованың айтуынша, Туризм ассоциациясы мен «Алтын керуен» туристік орталығының бірлесіп жасаған бағыты Қолөнершілер мен туризм орталығының меншігіне жатады. Бағыт арқылы туристер Тектұрмас, Қарахан, Айша бибі сияқты тарихи ескерткіштер мен қаланың өзге де көрікті жерлерін аралай алады.

Таразда орын алып жатқан мұндай оң өзгерістер жергілікті тұрғындардың да көңілдерінен шығуда. Өйткені, 360 мыңдай халқы  бар  қала  былтыр  тотыдай түрленді. «Көне Тараз» этномәдени кешені де, жергілікті «Арбатқа» айналған алаң да қала мен қала қонақтарының көз қуанышына айналып келеді.

 КӨНЕ ШАҺАР КӨРКЕЙІП КЕЛЕДІ

 Рас, Жамбыл облысының орталығы жылдан жылға көркейіп келеді. Ал, тамыры тереңге тартылған көне қалаға шетелдік туристерді тарту, олардың үміттерін ақтау – тараздық кәсіпкер Ілияс Отанның айнымас ұстанымы.

Кәсіпкер пікірлестер тобымен республика көлемінде бірнеше авторлық тур ұйымдастырды. Ілияс Отанның құлшына атқарған жұмыстарының арқасында шетелден келген қонақтар Байқоңыр, Арал, Шымкент, Түркістан қалаларымен бірге Жамбыл облысына да саяхаттап қайтты.

«Менің мақсатым – Қазақстанда, оның ішінде кіндік қаным тамған Таразда туризмді дамыту. Шетелдіктермен жасаған қарым-қатынастарымнан жинаған тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, саяхатшылардың басым көпшілігі ежелгі мәдени-тарихи сәулет өнерінің көзіндей болып қалған ескерткіштері бар, үйлесімді атмосферасы бар шағын қалаларда болғанды жөн көреді», – деп санайды Ілияс Отан.

Кәсіпкердің айтуынша, саяхатшылар арасындағы танымал платформа Workaway.info арқылы шетелдік туристермен өзара байланыс орнатады. Платформаның мақсаты – түрлі халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайту болып табылады.

«Жыл сайын біз жаңа бағыттардан құралған жобаларды дүниеге әкелуге тырысамыз. Мысалы, биыл маусым айында киіз үй  қалашығының  жобасын іске асыруды көздеп отырмыз. Сондай-ақ, бұл шараға Таразды Азия бойынша туристер ең көп ағылатын рухани-тарихи орталыққа айналдыруға бір кісідей атсалысатын еріктілерді тартуға тырысатын боламыз», – деген Ілияс Отан өзінің осындай жоспарларымен бөлісті.

Тараздық кәсіпкердің пікірінше, Workaway.info платформасы еріктілер мен гидтерге тілдік ортаға түсу мүмкіндігі тұрғысынан пайдалы болуы ықтимал. Әсіресе, бұл алдағы уақытта туризм саласында маман болуға ниеттенген студенттерге септігін тигізеді.

Айта кетейік, Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті мен Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің Туризм мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттеріне «Тараз-Туризм» ақпараттық база орталығында тәжірибеден өтулеріне мүмкіндік бар. Қазіргі таңда аталмыш ақпараттық орталықпен бірігіп Ілияс Отан да өнімді жұмыс жасауда.

Айтпақшы, биылғы жылы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде аталған мамандық бойынша білім алған студенттердің алғашқы легі қолдарына дипломдарын алады. Колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Саят Қойшыбаевтың айтуынша, 2017 жылы мемлекеттік тапсырыс аясында 25 талапкер туризм мамандығына оқуға түскен. Ал, былтыр бірінші курсқа 12 адам ақылы бөлімге қабылданған. Жақында колледждің бір топ студенті «Тараз-Туризм» туристік орталығы негізінде өндірістік тәжірибеден өтті. Осының арқасында жігіттер көптеген жаңа нәрселерді біліп, шетелдік туристермен ағылшын тілінде сөйлесуге машықтанды.

«Біз Португалия, Италия, Аустралиядан келген туристермен кездестік. Оларға арнап турлар өткіздік. Әсіресе, 51 жастағы аустралиялық турист Питер Кэнон ерекше есте қалды. Ол әлемді аралауда. Қазір оның бүкіл өмірі саяхаттаумен өтіп жатыр. Осы кездесулердің барлығы бізді шабыттандырады. Біз білікті маман болудың қыр-сырын мұқият зерттей бастадық. Себебі, гид-экскурсовод қонақтарды қабылдаушы елдің жауапты өкілі, өз жұмысы арқылы халықтар арасындағы достықты, мәдени байланысты нығайтады», – дейді аталған колледждің студенті Батыр Нұрмерген.

 ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

 Иә, туризм халықтар арасындағы достықты, мәдени байланысты нығайтады. Еліміздің туризм саласын дамытсақ, әлем елдеріне төл мәдениетімізді де насихаттауға қол жеткіземіз. Біріншіден, бұл – елді насихаттаудың төте жолы, екіншіден, бұл – ел қазынасын толтыратын табысты сала. Осыны жақсы түсінген әлемнің бірқатар елдері туризмді мықтап қолға алған. Мәселен, Дүниежүзілік туризм ұйымы 2019 жылдың алғашқы жартысында-ақ туристердің саны 671 млн адамға жеткенін хабарлады. Бұған туристік маусым саналатын шілде, тамыз, қыркүйек айларындағы туристер санын қосыңыз. Былтыр Франция 93,2 млн, Испания 82,8 млн, АҚШ 82,2 млн, Қытай 62,9 млн, Италия 62,1 млн, Түркия 45,8 млн, Мексика 41,4 млн, Германия 38,9 млн, Таиланд 38,3 млн туристерді құшақ жая қарсы алыпты. Демек, бұл елдердің туризмнен қыруар қаржыға кенеліп отырғаны айтпаса да түсінікті. Ал, барша әлем халықтары өз мәдениетін, тарихын, табиғатын туризм арқылы насихаттап, экономикасын көтеріп жатқанда, таңғажайып табиғаты, тамыры тереңге тартылған тарихы, қайталанбас бай мәдениеті бар Қазақстанның көштен қалғаны әбестік болар. Сондықтан мемлекет те турзимді дамытуды көздеп отыр.

 Фараби Сәйкенов

Qazaq. – 2020. – 25 ақпан 


 
 

Қаланың сәулеті келісті

Қаланың сәулеті келісті

Шаһардың сәулеттік келбеті күн санап көркеюде. Қаланың сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында ағымдағы жылы бірқатар әлеуметтік нысандар мен гүлзарлар, саябақтар мен аяқжол, фонтандар орналасқан арбат құрылыстары жүргізілуде.

Екі мың жылдан астам тарихы бар көне Таразда соңғы жылдары бой көтерген түрлі нысандар мен демалыс орталығы көздің жауын алады. Елде болып жатқан жағдайға қарамастан қала бойынша абаттандыру, көгалдандыру, жалпы қаланың сәулеттік келбетін келістіру жұмыстары жан-жақты жүргізілуде. Барлық жоспарланған құрылыс нысандары облыстық әкімдік жанындағы сәулеттік кеңесте қарастырылған. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тікелей басшылығымен қаланың келбетіне көрік беретін бірқатар нысандардың жобалары қайта қарастырылды. Мәселен, «Март» сауда үйінің маңы мен Адамбаев көшесі бойынан арбат құрылысы жүруде. Жобада фонтан, орындықтар, жарықшамдар, кіші архитектуралық формалар қаралған. Төле би даңғылы бойындағы (Сыпатай батыр мен Аққозиев көшесінің аралығы) арбаттың жалғасы салынуда. Бұл аумақта биіктігі 30 метрді құрайтын «Қазақ халқына мың алғыс» монументі бой көтеруде. Екі нысан да ағымдағы жылы ел игілігіне тапсырылады деп жоспарлануда.

Сондай-ақ Сейфуллин көшесі мен Қонаев даңғылы қиылысында көпшілік пайдаланатын демалыс орнының құрылысы жүргізілуде. Аумақта орындықтар, жарықшамдар, воркаут алаңшалары орналасады. Ал көпқабатты тұрғын үйлердің алдындағы 163 ауланы абаттандыру, балалар ойын алаңшаларын салу жұмыстары да жүргізіледі. Қала көшелерінің бойын абаттандыру жұмыстары және орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін әрлеу бойынша эскиздік жобалар дайындалып, ағымдағы жылы жұмыстар жүргізіледі. «Жеңіс» саябағынан «Анаға тағзым» орталығы бой көтеретін болады. Бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Сондай-ақ «Тектұрмас» этнотарихи кешенінің құрылысы жалғасын табады. Бұл аумақта туристік нысандар, қорған құрылысы және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар Талас өзені бойын абаттандыру, жаяу жүргіншілер мен көпір құрылысын салу жоспарланып отыр. Алдағы уақытта құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін қаланың сәулетті келбеті келісті болары сөзсіз.

 Айтқазы Қарабалаев,

Тараз қаласының әкімі

    Jambyl -Taraz. – 2020. – 13 мамыр

Тараз гүлдене береді

Тараз гүлдене береді

 Тараздың тазалығы мен көгалдандырылып, көгеріштендірілуі қашанда облыс, қала басшылығының басты назарында. Бүгінде қаламыздың үлкен даңғылдары мен көшелерінің бойында, саябақтар мен гүлзарларда көктемгі көріктендіру жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Осынау сауапты да жауапты жұмыстарды сапалы әрі уақтылы атқаруды «Жасыл ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз мойнына алған. Аталмыш мекемені қазір Талғат Зауырбеков басқарады. Осы мекемеде бес жылдан бері еңбек етіп келе жатқан жол тазалау учаскесінің бас шебері Арайлым Арыстанованы сөзге тартқанымызда ол:

– Біздің жұмыс негізі жыл-он екі ай бойы тоқтамайды. Қазіргі қарқын алған көгалдандыру жұмыстары үстіміздегі жылы наурыздың 15-нен басталған. Сол кездері жер аударылып, гүл егілетін жерлер дайындалған болатын. Енді міне, рет-ретімен Атшабар, Төле би және Жамбыл даңғылдары қиылыстары, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағынан кейін «Жеңіс» саябағына да кезек келді. Алдымен сынған шыбықтар мен қоқыстардан тазартып, сонан соң гүл түрлерін отырғызудамыз, – деді.

Жалпы, осы жұмысқа қанша адам тартылып, қандай гүл түрлері егілуде дегенімізде: «Бұл жұмыстарға 30 адам тартылған, оларды арнайы автобус тасымалдайды. Мекеме есебінен ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Таңғы сағат 7.00-ден кешкі 19.00-ге дейін жұмыс істейтін еңбеккерлерге әзірге 90-100 мың теңге жалақы төленуде. Мекеме тарапынан қала сыртында тұратындарға отын жағынан тегін жәрдем көрсетіледі. Негізі «Шабо», «Салвия», «Такетес», «Катарантус» атты гүл түрлерін егудеміз. Бір айта кететіні, ЖШС-ның жылыжайларында өсіріледі», – деді ол.

      Тұрмаханбет ҚАЗАҚБАЙ, 

Тараз қаласы

 Aq jol. – 2020. – 13 mamyr