Әбіл А. «Алатаудан» басталған әуен. «Тараз» триосына 50 жыл (1974-2024)

     Қазақтың ән өнерінде өзіндік өрнегі бар, Жамбыл облысынан түлеп ұшқан атақты «Тараз триосы» тыңдармандардың жүрегін жаулап, елдің ыстық ықыласына бөленген өнер ұжымы.

   Құрметті оқырмандар! Сіздердің назарларыңызға «Өлкелік Арт-галерея» бетіне Әулиеата топырағынан шыққан танымал да талантты әншілер, өнер ұжымы «Алатау» болып басталған бүгінгі «Тараз» триосының құрылғанына 50 жыл толуына орай белгілі журналист Амангелді Әбілдің  «Алатаудан басталған өнер» атты кітабын ұсынамыз:

Әбіл, А. «Алатаудан» басталған әуен [Текст] : «Тараз» триосына 50 жыл (1974-2024) / Амангелді Әбіл. – Алматы : Үш қиян, 2023. – 200 б.

     Аталған кітап «Тараз» триосының 50 жылдығына арналып жарық көрген. Жарты ғасыр шежіресі бар Алматыдағы «Үш қиян» баспасынан 500 данамен жарық көрген. Кітап Жамбыл облысын басқарған, қазіргі таңда Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің кіріспе сөзімен ашылған. Кітапта елге белгілі өнер адамдарының, мәдениет саласында басшылық қызметте жүрген азаматтардың, демеушілердің, әр жылдары триода ән салған белгілі әнші-домбырашылардың, қазіргі мүшелердің естеліктері, жергілікті ақындардың пікірі, өлеңдері берілген. Сондай-ақ, республикалық, облыстық, қалалық, аудандық басылымдарда, әлеуметтік желіде «Алатау» ансамблі, «Тараз триосы» туралы жазылған мақалалар, сұхбаттар, фотошежіре жарияланған.

     «Алатау» болып басталған бүгінгі «Тараз» триосының құрылуына Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алтынбек Қоразбаевтың сіңірген еңбегі зор.

      Қазір «Тараз» триосының құрамында жүрген әншілер, «Ерен еңбегі» медалінің иегері Ержан Ыдырысовтың да, Ноян Сейділдаевтың да әдемі естеліктерін осы кітаптан оқуға болады. Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, Мәдениет қайраткері Пернебек Оспанов та біраз тереңнен сөз қозғап, трио тарихына кеңінен тоқталады. Бұл жинақтан белгілі журналистер Көсемәлі Сәттібайұлының, Оралхан Дәуіттің, Хамит Есаманның, Табиғат Абаилдаевтың және басқалардын да естеліктерін, мақалалары мен сұхбаттарын оқуға болады. Қасқырбай Нарбатырдың, Құрманғазы Демештің арнау өлендері де әсерлі. Кітап өте жеңіл тілмен жазылған, «Тараз» триосының тамаша әндерін тыңдап жүрген көрерменнің барлығына да қызықты. Ендеше, журналист Амангелді Әбіл құрастырған жаңа кітапты оқуға асығыңыздар!

Сәрсенбек Бәкірдің сазды кеші

«Баласағұн» орталық концерт залында әнші- композитор Сәрсенбек Бәкірдің «Аузынан айдың түскен қыз» атты концерті өтті. Іс-шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров қатысып, облыс әкімінің құттықтау хатын табыс етті. Сондай-ақ, композитордың үстіне зерлі шапан жауып, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақты.

Бұл күні Тараздың аспанына жұлдыздар жиналған күн болды. Концертті қазақ радиосының журналисі Гүлмира Нәлібай жүргізсе, елдің жүрегіндегі «МузАРТ» тобының әншілері, Мұқасан Шахзадаев, Досымжан Таңатаров, Құрмаш Маханов, Ғани мен Бота, Наркенже Серікбаева және Інжу Әнуарбекқызы, Фарида Досболова, Мәди Дәуренұлы, Данияр Исаков сахнаға сән берді.

Сондай-ақ, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншілері, Мәдениет саласының үздіктері Маралбек Бабақұлов, Ғани Мәтебаев, Мәдина Сағынбекова, Айгүл Мақашева және Динара Диханбаева, «Жамбыл» үштігі де көпшілік жүрегінен жол тапты. Сәрсенбектің төл шәкірттері Әділет Әбдікерім және Мейрамбек Рысбақ шырқаған әндер де әсерге толы болды.

Бұл кеште композитордың «Не пайда?», «Сезімді қайтем тулаған?», «Аузынан айдың түскен қыз», «Махаббат назы», «Соғады сен деп жүрегім», «Әкені аңсау», «Сағынып шақырдың ба?», «Анадан асыл бар ма екен?» атты танымал туындыларымен бірге бірнеше әні шырқалды. Қазақтың біртуар ұлы Дінмұхамед Қонаевқа арналған «Тау тұлға» атты әні де тыңдарманға тұңғыш рет жол тартты.

Концерт соңында халықаралық «Қонаев қоры» облыстық филиалының кеңесшісі Жапар Күздеубеков, мемлекеттік қызмет ардагері Досмұрат Шахзадаев, Талас аудандық мәслихатының төрағасы Қадірбек Садубаев композиторға құрмет көрсетті. Сәрсенбек Бәкір Қонаев атындағы медальмен марапатталып, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі куәлігіне ие болды.

 Есет ДОСАЛЫ

Ақ жол. – 2023. – 1 маусым 

Жаз-ата, Шәмші және Мэлс

Жаз-ата, Шәмші және Мэлс

 

   Қазақтың аяулы перзенті, композитор Шәмші Қалдаяқов өмірінің соңғы жылдарын Жамбыл өңірінде өткізген. Жамбылға оған дейін-ақ талай тамаша әнімен көпшілікке танылған өңірдің көрікті жерлері мен еңбек адамдары да композиторға шабыт беріп, ән-ағаның рухани байлығы тағы да бірнеше тамаша әндермен еселенді. Тіпті, «Мойынқұмда ауылым», «Фосфорлы Жамбыл», «Дүнген қызы» әндері Жамбыл жұртшылығының гимніне айналып кетті десе де болады. Талай жақсы-жайсаңдармен сырласты, дос тапты, пікірлес азаматтармен иық тіресе қатар жүрді. Шәмші ағаның көне шаһарда өткізген ғұмыры өткен ғасырдың сексенінші жылдарының екінші жартысы мен тоқсаныншы жылдарының басы аралығына келді.

   Бір қызығы тура осы кезде қазақ өнерінің өткен ғасырдағы тағы бір композиторы – Мэлс Өзбеков те Тараз қаласының іргесіндегі Айша бибі ауылында бұйығы өмір сүріп жатты. Бұйығы дегеніміз жәй теңеу болар. Әйтпесе, шабыты шалқыма өнер адамы тыныш жатушы ма еді. «Келші, Айым!», «Ақтамақ қарлығаштар», «Жазылбекшілер маршы», «Тобылғы сай» әндерімен танылған сазгердің тынысы ашылып, «Келші, Құланға!», «Сұлутөр аруы», «Көкдөнен тау», «Шал тауында ауылым!», «Көгершін алқабында», «Нәзігім» және тағы да көптеген әндермен жүректерді тербеді. Кейде көңілде Жамбыл өңірін әсем әнмен тербеген осы қос сазгер өмірде бір-бірімен кездесті ме екен деген сауал тұрады. Шәмші де, Мэлс те бір-бірінің шығармашылығымен етене таныс болған жандар. Бірін-бірі жоғары бағалаған.

Жазылбектің шарапаты

Жаз-ата, Жазылбек Қуанышбаевтың атақ-даңқы асқақтап тұрғанда, яғни сонау Мойынқұм өңіріне шопан атаның ақ батасын алуға, тіпті бір күн қонақ болуға ағылған жұртта есеп болмаған. Тіпті, мемлекет және қоғам қайраткерлерінен бөлек, қарапайым еңбек адамдарының өзі Жаз-атаның жүзін көріп, пікірлесудің өзін бақыт санаған. Кейде құшағы қазақтың даласындай кең, пейілі дархан, жүзінен мейірім төгіліп тұратын осы бір қазақтың қара шалының ниетіне дүние-байлығы – адамдарды жақсы көрумен байланғандай көрініп тұрады.

Жаз-ата Шәмшіні де, Мэлсті де баласындай жақсы көрді. Шәмші де, Мэлс те Мойынқұм өңіріндегі сапарлары барысында – шопан атаның дастарханынан дәм татпай кетпейтін. Жәкең ел еркесі қос сазгердің еркелігін жан дүниесімен сезді, еркелетті. Осындай жаны жайсаң жанға тартуы болар, қос сазгер Мойынқұм өңірінің тамаша адамдарына, еңбек майталмандарына арнап ән жазды. Қалай дегенде, өткен ғасырдың орта шенінде осы өңірдегі еңбек адамдарының ерлігін айтқанда, оның көшбасында тың тұрғаны анық.

Шәмшінің «Мойынқұмда ауылым» әнінің сөзін Сабырхан Асанов жазды. Бұл ән бүгінгі күнге дейін мойынқұмдықтардың әнұранына айналды. Рас, Шәмшідей сазгердің Мойынқұм өңіріне барып, шығармашылықпен еркін айналысып, шабыт алуына сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасан Бектұрғанов пен Мойынқұм аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Айтбай Назарбаевтың қолдау білдіргені белгілі. Алайда әннің соншалықты керемет болып шығуына Жазылбектей қара шалдың хошуақ көңілі де әсер етсе керек.

Ал Мэлс Өзбековтің Жаз-атаға арнап жазған «Жазылбекшілер маршы» әнінің сөзін балалар ақыны Әдібай Табылдиев жазды. Қазақстанға, облысқа әйгілі еңбек азаматтарының жеткен жетістіктерін насихаттау мақсатында үздік ән шығару туралы жарияланған конкурспен танысқан Мэлс аға КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған шопан ата Жазылбек Қуанышбаевқа арнап жазады бұл әнді. Мойынқұмға арнайы келіп, Жаз-атаның ыстық ықыласы мен ақ жарқын пейіліне көңілі толған композитордың үлкен ізденімпаздықпен жазылған бұл әні конкурс комиссиясының шешімімен бірінші орынға ие болады. Сөйтіп, бұл ән бүкіл шопандар қауымының әнұранына айналады. Қазақстан қой шаруашылығы саласы бойынша одақ көлемінде қой басын 37 миллион басқа жеткізіп, 1974 жылы Алматы қаласында тың игерушілердің 20 жылдық мерейтойында Дінмұхамед Қонаев қой басын 50 миллионға жеткізу туралы үндеу қабылдаған кез болатын. Осылайша «Жазылбекшілер маршы» дар қауымына шабыт беріп, еңбектерін еселеді.

Жалпы, көзкөргендердің айтуынша Мэлс Өзбеков Мойынқұм өңіріне жиі келіп жүріп, бірнеше ән жазған. Олардың қатарында «Тамаша Талдыөзегім», «Мақтанышым Мойынқұм» әндері бар. Мэлс ағаның әндерін өзінен үйренген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, «Тараз» триосының жетекшісі Асылхан Шүңіреков былай деп еске алады.

– Мэлсті Жаз-ата ерекше құрметтеді. Оны мынадан-ақ байқауға болады. Жаз ата құдалыққа барғанда Мэлс Өзбековті жанына ертіп, бас құда деп таныстырады екен. Ән айтатын қыз-жігіттерді қолпаштап, көрімдік беретін көрінеді. Мэлс кейде көңілі толғанда «Мен Жаз-атаның баласымын» деп еркелейтін. Сондықтан да болса керек, ол Жазылбек Қуанышбаев қайтыс болғанда қатты қайғырды. Өмірде еш нәрсе ол кісінің орнын толтыра алмайтындығын айтып, көз жасын төкті. Асау көңілі жуасып, үнсіздік өмірлік серігіне айналды. Жаз-ата туралы ерекше тебіренетін. Өйткені Мэлс жаратылысында адамға сенгіш, аса таза адам болды. Ондай адамдарды бұл дүниеден кездестіру мүмкін емес-ау. Мэлс ағамен 1987 жылы «Талдыөзек» совхозы кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүрген кезімде таныстым. Бір күні кешкілік ауылға композитор келіпті деген хабар жетті. Артынша сазгерді күтушілер, совхоз директоры Жартыбай Қожамұратов бастаған азаматтар маған келсін, сазгердің жаңа әнін үйреніп алсын деген хабар жіберіпті. Мен ол кезде жоғары оқу орнының бірінші курс студентімін. Ән құшағына енді-енді ене бастағанмын. Сондықтан композитормен жолығу мен үшін қажеттілік еді. Біздің ауылға арнап шығарған әні – «Тамаша Талдыөзегім». Қазір ауылымыздың аты Қылышбай болғанымен бұл ән ауыл тұрғындары үшін төлқұжаты сияқты. Әнді бүгінгі күнге дейін мен орындап жүрмін. Әсте даусын көтеріп сөйлемейтін, біреудің бетінен қақпайтын, кімді де болса әңгімесін үзбей тыңдайтын қасиеті ол кісіні адамдарға жақындата түсетін. Сазгер ауылға жиі келетін. Келген сайын әннен шашу шашып, ауылымызды құдіретті әуездің бесігінде тербейтін. Бірде ол жаңа жазған «Мақтанышым Мойынқұм» әнін үйретті. Жұбайым Жұмакүл екеуміздің құтты қонағымыз болып, үйде жүрген кездері бізге «Ана», «Көктем вальсі» әндерін де үйреткен еді. Бұл әндерді қазір де шырқаймыз. Мэлс аға негізі айналасы жұп-жұмыр, көркем жыр мәтініне зәру болды. Ол сол кезде қазақтың белгілі ақыны Әбдірахман Асылбековпен шығармашылық қарым-қатынас орнатты. Бұл әндер ұзақ жылдардан бері «Тараз» триосының репертуарында орындалып келеді.

 Үш композитордың кездесуі

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Тараз қаласының іргесіндегі Жамбыл ауданына қарасты Головочевка колхозының атақ-даңқы дүркіреп тұрды. Қазір бұл ауыл «Айша бибі» деп аталады. Бірде 1953-1970 жылдар аралығында облыстық мәдениет басқармасын басқарған Есет Ақылбаев колхоз төрағасы Виктор Кимге телефон соғады. Шаруашылық жайында біраз сөйлескен соң:

– Виктор Илларионович, сіздің колхозға композитор Мэлс Өзбековті жібергелі отырмын. Өзі талантты жігіт, Чайковский атындағы музыкалық училищенің түлегі. Шаруашылығыңыздың даңқы өрлеп тұр, енді ауыл өнерпаздарының өнерін шыңдауға бір талпыныс жасап көрейік. Үй бересің, жұмыс бересің, керек болса әйел де алып бересің, – дейді қалжыңдап.

– Әрине, қолда бар барлық көмекті көрсетеміз. Жұмыс та, үй де болады. Ал әйел жағы қалай болар екен… – дейді Виктор Ким.

Осылайша Мэлс Өзбеков төрт-бес жыл осында тұрақтап, ауылдың Мәдениет үйінде еңбек етеді. Осы ауылдың тұрғыны Ұрлыхан Рахманқұлқызымен шаңырақ көтеріп, балалы-шағалы болады. Үнемі шығармашылық ізденісте жүретін композитор жергілікті ақын Совет Әлімқұловпен «Асадағы ақ сәулешім» әнін жазады. Бұл ән алғаш «Аса жастарының вальсі» аталып жүрді.

Сол жетпісінші жылдардың басында облыстық партия комитетінің хатшысы Ғайникен Бибатыроваға хабарласқан Әсет Бейсеуов: «Ғайникеш, біз Шымкентке кетіп бара жатыр едік» – дейді. Біз дегені – Шәмші Қалдаяқов, Сабырхан Асанов үшеуі. Олардың Сарыағашқа бара жатқан сәті екен. Ғайникен Бибатырова қонақтарын күтіп алып, кешкілік Шымкентке шығарып салады. Әсілінде Шымкентке шығатын жол Айша бибі ауылын қақ жарып өтеді. Ауылдан өтіп бара жатқанда Әсет: «Әй, Мэлсті осы ауылда тұрып жатыр деп естуші едім. Жолығып кетсек болар еді…» дейді. Сөйтіп, бұл үшеуі қайтар жолда Мэлске соқпақшы болады…

Ал колхоздағы кешкі мектептің директоры Сүйінбек Жанғарин Мэлстің шығармашылығын бұрыннан білетін, өнерді қадірлейтін азамат еді. Композитормен етене жақын араласып, өнерге аңсары ауып жүрген ұлы Асылханды қанатының астына алуына өтініш жасайды. Асылхан да Мэлс ағасымен танысқанына қуанып, үнемі жанынан табылады. «Мен үйіріліп, Мэлс ағаның жанынан шықпайтын болдым. Аға біраз әндерін үйретті, ол кісінің музыкалық аспаптарда орындау шеберлігі, яғни кәсібилігі керемет болатын. Менің баянды үйренуім осы кісінің мектебі десем де болады. Ағаның жаңа әндерін облыстық радиоға апарып беріп жүрдім. Тіпті, сол радиода ағаның біраз әндерін де орындадым. Мэлс аға жұмсайды, мен шауып барып орындап келемін. Үйіндегі майда-шүйде жұмыстарға да қолғабыс етіп жүрдім» – дейді Асылхан Жанғарин.

– Ұрлыхан жеңгей қызылшашы, таңнан кешке дейін жұмыста. Мэлс ағаның үйі ауылдың орталығындағы көшенің бойында. Бірде Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов пен ақын Сабырхан Асанов қонаққа келді. Мэлс аға мұны күтпесе керек. Сәл абдырап қалды. Сөйтті де, бір кітаптың ішіне тығып қойған 25 сом ақшаны менің қолыма беріп, дүкенге жұмсады. Жоғары сыныпта оқитын жігітпін, нені алу керек екендігін де түсіне қойдым, жайнатып дастарханды да ұйымдастырып жібердім. Қонақтар екі-үш сағат болды. Өнер, музыка төңірегінде, әуеніне сөз іздеген сазгерлер мен ақындардың шығармашылық одағы, ізденісі жайында жүрек тебіренткен әңгімелерінің біразы есімде қалды, біразы қалмады. Тірі композиторларды көрген менің есім де ауып қалды. Мэлс Өзбеков Шәмші ағаның әндерін пианинода ойнады. Міне, осы кездесуде Шәмші аға көзіне жас алып: «Қайран, Мэлс! Менің шығармаларымды сен секілді соншалықты сауатты орындайтын композиторлар аз-ау» – деп бір тебіреніп, Нұрғиса Тілендиевтің Мэлсті Алматыға шақырған аманатын жеткізді. Әсеттің әндерін орындағанда Әсет Бейсеуов: «Мэлс мен де сендей пианинода шебер ойнайтын болсам, тағы қандай әндер шығарар едім…» – деген еді. Иә, бұл кездесуді мен еш ұмытпайтын шығармын, – дейді Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің ұстазы Асылхан Сүйінбекұлы.

Иә, Шәмші мен Мэлс кездескен, бір-бірінің шығармашылығын жоғары бағалаған, пікірлес болған. Тіпті Шәмші Қалдаяқов 1982 жылы «Лениншіл жас» газетінде «Ән құмар қауым неге ділгір?» деген мақаласында Мэлс Өзбековтің творчествосына жоғары баға береді.

Енді тоғыз жолдың торабындағы «Айша бибі» ауылында Мэлс Өзбеков тұрған үйді тауып, маңдайшасына «Бұл үйде белгілі композитор Мэлс Өзбеков тұрған» деген тақтайша ілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл жайды Жамбыл ауданы әкімдігі ескерер деген үміттеміз. Алайда кезінде осы ауданға қарасты Жалпақтөбе ауылында бір кездері Шәмші Қалдаяқов тұрған үйге де осындай тақтайша ілінсе екен деген әріптестеріміздің өтініші аяқсыз қалып еді…

Ерман Әбдиев, Тараз қаласы

Aq jol. – 2020. – 13 mamyr

  


 
 

Алаштың Асанәлісі сахна саңлағы Сарысу ауданында болды

Алаштың Асанәлісі сахна саңлағы Сарысу ауданында болды

    «Мың өліп, мың тірілер актер еңбегін сөз қылғанда, есіңе еріксіз түсер танымал есім, таңғаларлық есім – Асанәлі. Қай құрлыққа, қай ұлтқа көрсетсеңіз де, қысылмай-қымтырылмай арқа сүйер өнерпаз ұлың Асекеңдей болса, әрқалай-ақ асқақтай бергейсің, халқым, қазағым!» деп қабырғалы қаламгер, белгілі жазушы Оралхан Бөкей бағалап кеткендей Асекең – бүгінгі қазақ театры мен кино өнерінің дарабозы екендігі даусыз.

«Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» дегендей, КСРО Халық әртісі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, режиссер, ұстаз Асанәлі Әшімов – Сарысу ауданының тумасы. Сомдаған образдары халықтың жүрегінен орын алған сахна саңлағы биыл мерейлі сексен жасқа келіп отыр. Осыған орай, тұрпаты бөлек тұлға туған жерінің тірегі – тарихи Таразға келіп тағзым етіп, кіндік қаны тамған Сарысу ауданына арнайы ат басын бұрып, жерлестерімен қауышты.
Шәкірттерімен бірге келген актер ең әуелі өзінің кіндік қаны тамған Жайылма ауылында болып, деректі фильм түсірді. «Ысқақ Пірәдар» мешітінде әруақтарға құран бағыштады. Бұдан соң актердің мерейтойы Саудакент ауылындағы Ә.Әдіхалықов атындағы Мәдениет үйінде арнайы ұйымдастырылған мерекелік шараға ұласты. Өнер мерекесіне облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысты. Аудан әкімі Балабек Нарбаев сахна саңлағын айтулы мерейтойымен құттықтады.

– Актерлік деген бекзат өнердің биігіне көтеріле білген сіздің сексен жылдық өмір жолыңыз бүгінгі ұрпаққа, тіпті болашаққа үлгі-өнеге. Сіз кешегі Кеңес өкіметі кезінің өзінде-ақ талантыңызбен қазақ мәдениеті мен өнерін әлемге таныттыңыз. Сіз сомдаған образдар өзінің шынайылығымен көрермендерді тәнті етті. КСРО Халық әртісі атағына ие болдыңыз. Әдебиетке деген құштарлығыңыздың арқасында бірнеше кітаптардың авторы атандыңыз. «Майраның әні», «Жан бөлек», «Алаштың Асанәлісі», «Менің жанрым – күнделік», «Ғұмыр дария» атты кітаптарыңыз әр оқырманның жүрегінен орын алғаны сөзсіз. Қазақстанның тәуелсіздігінің нығаюына қосқан үлесіңіз де ерекше, – деген аудан әкімі Балабек Нарбаев мерейлі той иесіне Сарысу ауданының «Құрметті азаматы» атағын беріп, иығына шапан жауып, астына ақ түйе мінгізіп, құрмет көрсетті. Және ауданда ағымдағы жыл «Асанәлі Әшімов жылы» деп аталатынын жария етті.
Сондай-ақ, Балабек Нарбаев той иесімен бірге келген Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының театр-өнер факультетінің деканы, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, профессор Аман Құлбаев, профессор Байдалы Наурызовқа жергілікті шебер Балтабай Дәуірбековтің қолынан шыққан қазақтың қасиетті домбыраларын тарту етті.

КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов өзіне көрсеткен зор құрметі үшін аудан әкімі мен жерлестеріне алғысын жеткізді. «Туған еліме, туған жеріме адал қызмет ету – менің азаматтық парызым», – деді актер көзіне жас алып.
Кеш соңында Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының театр-өнер факультетінің білімгерлері ән мен биден шашу шашып, «Айлакер жесір», «Король лев», «Бір үйдің баласы» атты қойылымдардан үзінділер сахналады. Жас өнерпаздардың талантына зор қошемет білдіріліп, аудан әкімінің ықылас гүлі ұсынылды.

Сәулембай Әбсадықұлы

Ақ жол. –  2017. – 11 наурыз


 
 

Тұнық өнер тұлғасы (Асанәлі Әшімов)

Тұнық өнер тұлғасы (Асанәлі Әшімов)

   «Сексеннің сеңгіріне шықса да Асанәлі сахнадан түскен жоқ. Көп бейнелерді, образдарды жасады. Қазір ұстаз. Академияда шәкірттерді дайындайды. Сахнаның, театрдың құпиясын біледі, киноның сырына қанық. Асанәлі – халықтың сүйіктісі, үлкен абыройлы азамат. Асанәлі елмен бірге, байланысы өте күшті. Асанәлі қайда барса да халқы жақсы қарсы алады», деп замандасы, сахнадағы серіктесі, Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаев ағамыздың жүрекжарды лебізінің шындығына жақын арада көзіміз жетті.

Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер акаде­миясының «Театр өнері» факультеті дүбірлі мерейтой алдында шеберлік шыңдау тәжірибесін ел ішінде өткізуге бел буды. Иә, мұндай іс-шара оқта-текте ғана болады. «Аңызға айналған Асанәлі» (теңеу театр сыншысы – Ә. Сығайдың сөзі болатын) атты бағдарламаны академия ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Бибігүл Нұрғалиқызымен бірге жоспарлап, ортақ шешімге келгеннен кейін тәуекел еттік. Бұл іс-шара Жамбыл облысының әкімі К.Көкірекбаев мырза мен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж. Түймебаевтың тікелей қолдауынсыз іске асуы екіталай болатын. Себебі, А. Әшімовтің шеберханасында 3-курс студенттерінің саны – 35, оған қоса жеке автобус пен 4 ұстаз бірге жүруі керек. Іс-шараның жауапкершілігі аса маңызды. Сонымен 40 адам жолға шықтық. Бағдарламадағы басты міндетіміз – «Аңызға айналған Асанәлінің» ұстаздық қырын халқына таныстыру. Шәкірттерінің үш түрлі қойылымы. Ол қойылымдар кәсіби сахналарда өнерсүйер қауым алдында ойналмақшы. Әр күні – әртүрлі сахна, әртүрлі көрермен, әртүрлі жарық пен акустика, оған қоса жол алшақтығын да естен шығармаған абзал. 3-курс студенттері үшін мың жарым шақырым жол жүріп, төрт кеште көрермен алдына өз рөлдерінің көркемдік деңгейін түсірмей, көрерменнің ыстық ықыласына бөлену – негізгі мақсаттың бірі екенін тамыр-талшығымен сезініп келеді.

Сәл шегініс жасасақ, таңертеңгі астан кейін Жамбыл облысы әкімдігінің мәдени мұрағаттар мен құжаттама басқармасының «Жамбыл облыстық тарихи өлкетану музейі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны жанынан ашылған Қазақстанның дарабоз актері Асанәлі Әшімов шығармашылық орталығының директоры Т.Сұлтанкереев орталық жұмысымен таныстырды. Мұндай шығармашылық орталықтардың жастарға берер рухани тәліміне студенттер мен ұстаздар зор риза­шылығын білдіріп, естелікке суретке түсті. Ән шыр­қалды, би биленді, шаттыққа бөленген жастарға қала жастары қосылып, соңы думанға айналды. Бірақ, уақыт шектеулі, келесі тарихи мұрағат – Қарахан кесенесі. Қол жайып, Құран бағыштап, тарихы терең Тараз жері туралы, шежіресі шерлі Айша бибіден де есте қаларлық естелік тыңдап, кешкі репетицияға келдік.

Сонымен, көне Тараз қаласының облыстық қазақ драма театрының сахнасында зал толы көрермен, ортада курс жетекшісі А.Әшімов пен қала, облыс басшылары мен мәдениет, өнер өкілдері. Қойылым бітті, ду қол шапалақ. Ал, ұстаздар қауымы болса, пікір алысып, қойылымды талдауға кірісті. Қойылым соңынан табиғаттың тосын мінезіне қарамай, борандатып Жаңатас қаласы арқылы Байқадамға жол тарттық. Келесі күні Асанәлінің ауылы – Жайылмаға табан тіредік. «Туған ауыл – топырағыңнан айналайын, туған жер! Көңіл дархан, кең пейілді қазақ ауылы! Ғажайып сезімді ұл-қыздарына сыйлап жатқан егемен елдің баға жетпес Жер-анасы!» – деп Асекең ауылға кіреберісте сәл аялдап, жерге түсіп, бас иді. Құшақ жая қарсы алған ағайын мен жастардың қуанышында шек жоқ. «Ассалаумағалейкум! Қош келдіңіз! Ас-аға!». Бабалар басына барып Құран оқып, тағзым еттік. Саудакентке (Байқадам) келіп, Мәдениет сарайында қойылымымызды көрсеттік. Ел-жұрты, көрермендер орындарынан тұрып, жерлесінің тәрбиелеп жатқан жігерлі шәкірттеріне қошемет көрсетіп, құрметтеуден шаршайтын емес.

Түнделетіп жолға шықтық. Келесі нысана – Шымкент қаласы. Екі кештегі төккен терден соң жайдары жылылықпен қарсы алған қонақүйге орналасып, бірер сағат тынығып, Жастар сарайында бас қостық. Өнерге ықыласы зор халықтың қарасы Жастар сарайына әзер сыйып тұр. Екі сағаттық қойылым көңілден шыққанын көрерменнің ыстық қошемет шапалағынан да аңғаруға болады. Ду шапалақ, құшақ толған гүлдер!

Алда – киелі Түркістан. Түркі халқының рухани, мәдени Астанасы! Қазақстанның халық әртісі, профессор Райымбек Сейтметов құрған театр сахнасы. Кішігірім бол­са да рухы биік өнер шаңырағы. Өнер рухы шалқып тұр!

Аталмыш театрдың табалдырығын аттап, қала әкімінің, мәдениет басқармасының, қалың көрерменнің алдындағы жауапты істі өз деңгейінде атқарғанымызға көрермен де, әкімшілік те ыстық ықыласын білдіріп, А.Әшімов ағаларына, студенттеріне қошемет көрсетіп, қол соғып шығарып салды. Әрине, мұндай кездесулер студенттердің, шығармашылық өнер жолына баулып жат­қан өнер ордасының бастамасына екі облыстың да өнерсү­йер азаматтары қолдау білдірді. Ректорға алғысын айтты.

«Асанәлі Әшімұлы – қазақтың рухани паспортына айналған адам. Кез келген қазақ Асағаңмен мақтана алады. Кез келген қазақ Асанәліге еліктейді, сондай бол­ғысы келеді, бірақ бола алмайды. Неге? Себебі, Асанәлі – жалғыз, дара дарын. Енді тағы бір Асанәлі тууы, болуы үшін бәлкім 100 жыл, иә, 1000 жыл керек болар» – деп «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай айтпақшы, тұлғалардың тұғырының биік әлде аласа екенін халықтық ықылас білдірген рухани сыйластық құрметін білу, сезіну, мақтануын ел арасында сезінеді екенсің. Түнделетіп Алматыға, академияға тарттық. Ұйқы жоқ. Әр шәкірт, әр ұстаз терең ой мен толғаныс үстінде келеді. Ол болашақ сахна алаңына қадам басқандағы жауапкершілік пен кәсіби біліктілік мектебіндегі шыңдалу жолы…

Музыканың тылсым тілінің табиғатын қазақ еліне әсем әрлеп жеткізген КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Ғазиза Жұбанова: «Юлий Цезарь» қойылымында Асанәлі Әшімовтің өнері бір төбе. Мен бұл спектакльді бірнеше рет көрдім. Көрген сайын сахна өнерінің құдіретін бұрынғыдан да тереңірек сезіне түскендеймін. Ол үшін Асанәлінің актерлік дарынына таңдана да сүйсіне отырып, шексіз алғысымды білдіремін. Енді Асанәлідей Цезарь тумайды» десе, «сіз (А.Әшімов) ұлы актерсіз. Мен үш ұлы әртісті білемін. Олар осы рөлді (Юлий Цезарь) ойнағандар – Симонов (Петербург), Царев (Мәскеу) және үшіншісі сіз – Асанәлі Әшімов» – деген екен режиссер, КСРО халық әртісі, профессор Марк Захаров.

Иә, дара тұлғаға деген халқының, көрерменнің сүйіспеншілігі мен ықыласы бір бөлек болса, кәсіби мамандардың тұлға еңбегіне берген бағасының өзі бір төбе. Ал, біздің студенттеріміздің арасынан да дара тұлға есімдердің ізін басып, қазағымның өнерін өрге сүйрер тау тұлғалы, өр мінезді, нәзік сезімді дархан дарын иелері шығарына нық сенемін.

Аман Құлбаев

Егемен Қазақстан. – 2017. – 4 сәуір


 
 

Батырлар бейнесіне жан бітірген – Қ. Мұратаев

Батырлар бейнесіне жан бітірген – Қ. Мұратаев

 Жуалылық суретші Қанат Мұратаевтың өз мәнері бар

Талант ешқашан тасада қалмайды. Әсіресе, ел ішіндегі ерекше өнер иелері көпшіліктің көзайымына айналған дүниелер тудырып қана қоймай, өз шеберліктерін үнемі шыңдап отырса, олардың алар асулары да, бағындырар белестері де жетерлік. Өйткені, талантты танытатын да, тың дүниелер тудыртатын да табандылық. Талмай еңбектенгенде ғана бояуы қанық туындылар өмірге келмек. Тұла бойына біткен өз өнерімен тамаша дүниелерді көпшілік назарына ұсынсам деп жүрген өнерпаздың бірі – Қанат Мұратаев.

Қанат – Жуалы ауданы, Б.Момышұлы ауылының тумасы. Ол бала кезінен суретшілікке жаны жақын болып, қиялынан туған дүниелерді

қылқалам арқылы қағаз бетіне түсіре береді. Сәт санап осы өнерге деген қызығушылығы артып, балаң шағында-ақ есейгенде суретші болуды армандайды. Содан шығар, ол мектепті бітіре салысымен сол кездегі ел астанасы Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түседі. Алайда, белгілі себептермен бозбала Қанат оқуын аяқтай алмайды. Кейіннен Тараз педагогикалық институтында көркемсурет мамандығы бойынша білім алады. Содан бері өзі туған аудандағы №1 балалар өнер мектебінде ұстаз болып қызмет атқарып келеді.

Отбасы-ошақ қасының қым-қуыт тіршілігімен, жұмыстың жүгі ауыр жауапкершілігінен қолы босамайтын Қанаттың бір кездері суретшілік өнерден әлдеқайда алысқа ұзап кеткені де жасырын емес. Десек те, талант тасада тұншығып жатпайтыны сияқты, ол қолы қалт еткенде қылқаламын жанына серік етіп, ақ қағазға сырын ақтаруды әдетіне айналдырады. Күндіз-түні кірпік қақпай, шығармашылықпен айналысуға уақыты болмаса да, бос кезін тиімді пайдалануды жөн деп білетін Қанекең ауылда жатып-ақ әдемі суреттер салып жүр. Бейнелеу өнеріне деген бейімділігі оның әрбір картинасынан қылаң беріп тұрады. Бұны біз Қанаттың қолымызға тиген бірнеше шығармасынан аңғара алдық. Оның картиналарынан аңқып тұрған қазақилықтың жұпарымен кең тыныстап, бояу арқылы берілген ұлттық болмысымыздың парығын пайымдай аласыз.

«Шеберхана… ауасы – ауыр, түнек дем,

Суретші отыр өз ойынан дір еткен.

Бір суретті көшіре алмай қағазға,

Не онысын өшіре алмай жүректен», – деп ақын жырлағандай, суретшінің де өз-өзімен қалып, қиялынан туындаған дүниелерге өзінше тың өрнек беріп, жансыздыққа жан бітіруге тырысатын сәттері аз емес. Қанат көбіне орта ғасырдағы қазақ батырларының, яғни эпостық жыр кейіпкерлерінің бейнесін өз таным-таразысы бойынша сомдауды жаны сүйеді. Сондықтан оның картиналарынан көбіне алып денелі, сом тұлғалы, сауыт-сайманын, бес қаруын асынған қазақ батырларының кейпін аңғарасыз. Ол өзі бұл туралы былай дейді:

– Біздің бала кезіміз КСРО кезеңінде өтті ғой. Сол кішкентай шағымда орыстың әдеби кітаптары қолыма көп тиетін. Сонда, солардың қару асынған, атойлап, ұрандап бара жатқан батырларының бейнесін жиі кездестіретінмін. Қызығатынмын. Бірақ, неге қазақтың осындай батырларының суреттері кітаптардан көп кездеспейді деп қайран қалатынмын. Содан өзіме мақсат қойып, ертеректе ел, жер үшін жауға қарсы шайқасып, сүйем қарыс жер үшін жанын қиған қазақ батырларының бейнесін салуға тырыстым. Оларды бейнелей отырып, өзім де рухтанып, тарихқа көз тастап, өткеннен өнеге, ұлағат іздеуге талпындым. Шығармаларым арқылы көрушілерге де сондай ой тастай білсем дедім. Басында суретті қарындашпен салып жүрсем, кейіннен майлы бояумен салуға әуестендім, – дейді Қанат Жарасұлы.

Суретшінің бір ерекшелігі – әдемі өнер тудырам деп күндіз-түні шеберханада отырып алып, жанын қинамайды. Ол шабыты келгенде, ойында жүріп әбден пісіп жетілген дүниені қағазға түсіреді. Осыдан болар, Қанаттың күні кешеге дейін салған шығармасының жалпы саны – қырыққа жуық. Болашақта ой түкпірінде жүрген шығармаларды дүниеге әкеліп, картиналар санын арттырып, жеке сурет көрмесін өткізуді армандайды.

Шеберханада қамалып отырмаса да, суретшінің санасы сарсаңға түсіп, жүрегі ешқашан байыз таппай жүреді. Ол өзін кәсіби суретші деп санамағанымен, табиғи таланты оны бұл өнермен тамырлас, өзектес екенін көрсетіп тұр. Үнемі ізденіс үстінде жүретін оның «Тамыр», «Жекпе-жек» «Кенесары хан», «Аңыз батыр», «Бүркітші», «Көкпар», «Көшпенділер» секілді көптеген картиналары майлы бояумен берілген ұлттық болмысымызбен ұштасып жатқандай. Атап айтар болсақ, «Тамыр», «Мерген» және «Көшпенділер» картинасында ежелгі қазақ даласын мекендеген сақ пен ғұн, түркі тайпаларының болмысы кереметтей көрініс тапқан. Шығарманың шынайылығы сол – суретке қарап отырып, сол дәуірдің әсерлі сәтін сезіне аласың. Ал «Аңыз батыр» картинасында данқты қолбасшы, баһадүр Баукеңнің өзі тірісінде талай мінген ақ боз аттың үстіндегі бейнесі анық та айшықты түрде сомдалған. Бұл шығармасы жерлес батырдың 100 жылдық мерейтойы қарсаңындағы суретшілер байқауында жеңімпаз деп танылып, бүгінде аудандағы батыр музейінің төрінде ілулі тұр. Суретшінің «Кенесары хан» картинасы өткен жылы аталып өткен Қазақ хандығының 550 жылдық тарихи тойында көрмеден орын алып, той қонақтарының ықыласына бөленіпті. Айта кетейік, жуалылық суретші жоғарыда айтылған бір топ шығармасымен жуырда Шымкент қаласында өтетін ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған көрме-байқауға қатысып, бағын сынап көрмекші. Қылқалам арқылы қазақ батырларының, халқымыздың ұлттық болмысын бейнелеп жүрген суретшіге сәттілік серік болсын деп тілейміз.

Қанат Мұратаев – бүгінде жұбайы Роза екеуі 1 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген, ардақты әке, аяулы жар. Үлкен қызы Мадина әке жолын қуып, суретшілік қырын байқатып, бүгінде Чехия астанасы Прага қаласында сәулет құрылысы мамандығы бойынша білім алуда. Ал ұлы Исламбек өз саласы бойынша қызмет етіп жүрсе, екінші қызы Камила биыл мектепті Алтын белгіге аяқтап, арманға қанат қақты. Кіші қызы Амина осы оқу жылында тоғызыншы сыныпқа көшкен.

Жанғазы АХМЕТ,
Жуалы ауданы.

Ақ жол. – 2016. – 4 тамыз. – 4 б.


 
 

Суретшілер отбасы

Суретшілер отбасы

         Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрме залында суретші Қойшыбай Төремұратов және ұлдары Бауыржан мен Пердеғалидің «Жер жәннаты – Жуалы» атты шығармашылық көрмесі ашылды. 

Рухани жаңғыру аясында ұйымдастырылған көрмеде суретшілердің майлы бояумен салған туындыларының 60- қа жуығы көрермен назарына ұсынылды. Олардың қатарында портрет, пейзаж, жи- вопись, натюрморт, тарихи тақырыптағы картиналар бар. Көрменің ашылуында облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Гүлнұр Ембердиева қылқалам шеберлерін құттықтап, сәттілік тіледі.

– Бейнелеу өнері – сан ғасырлар өтсе де өзінің мәні мен мағынасын ешқашан жоғалтпайтын шынайы құндылықтардың бірі. Сондықтан бүгінгі көрмеде Қойшыбай ағамыз бен ұлдарының ұсынып отырған қайталанбас жұмыстары уақыт көшінен қалмай, мәңгі өшпес құндылықтар ретінде сақталады, – деді Гүлнұр Бақытқызы. Осы орайда, Жуалы аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы директорының орынбасары Нәзипа Тұранқызы көрмені ұйымдастыруда кәсіби қолдау көрсеткені үшін облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұжымына Алғыс хат табыстап, ықылас танытты.

Жалпы Қойшыбай Тәжімұратұлы бала кезінен сурет салуға ерекше қызығыпты. 2004 жылы Қарақалпақстаннан тарихи Отаны Қазақстанға қоныс аударған суретші бүгінде Жуалы аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығындағы «Жуалы» халық театрында қоюшы суретші болып қызмет етеді. Бірнеше байқауларға қатысып, түрлі дәрежедегі дипломдармен марапатталған қылқалам шебері көптеген кітаптарға суреттер салып, мұқабасын безендіріп жүр. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, Қойшыбай Төремұратовтың 2012 жылы «Өмір – ұстаз» атты өлеңдер жинағы жарыққа шыққан. Сондай-ақ ол ұлдарымен бірге ағаштан түрлі мүсіндер жасай- тын қолөнер шебері. Әкелі-балалы Төремұратовтар өздері қызмет ететін «Жуалы», «Мыңбұлақ» халықтық театрларының түрлі қойылымдарының реквизиттерін жасайды. Театр қойылымдарына арнап жасалған киіз үйдің шаңырақ, кереге, уықтары, батырлардың сауыт-саймандары, хандардың тақтарының фотосуреттері де көрмеден табылды. Әке жолын жалғаған Қойшыбай Төремұратовтың үлкен ұлы Бауыржан пейзаж («Қыс көрінісі», «Гүлдер», «Аула», т.б.), ал кіші ұлы Пердеғали тарихи тақырыпта («Қорқыт ата», «Хан Абылай», т.б.) сурет салғанды ұнатады екен. Өнерлерін жан-жақты шыңдап жүрген суретшілер отбасының әрбір туындысынан туған жерге, өлкеге деген сүйіспеншілік байқалады.

– Жуалы – айналасын Алатау мен Қаратау қоршаған, ауа райы өзгеше, қасиетті де киелі өңір. Жер жәннаты аталған оның ішіне бүгіп жатқан сыры көп. Жуалының тамаша табиғатына арнап «Жуалы атырабы» атты картинаны салдым. Сондай-ақ туындыларымның ішінде өзім ерекше санайтын ол – «Батыр Бауыржан» картинасы. Жуалы – Бауыржан атамыздың қасиетті ұшқан ұясы. Сондықтан біртуар тұлғаның картинасын салу – мен үшін бақыт, – дейді суретші.

Айдана Нұрман

  Жамбыл – Тараз. – 2017. – 20 қыркүйек 

Алаштың Асанәлісі ардақталды

Алаштың Асанәлісі ардақталды

Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының оқытушылары мен студенттері Асанәлі Әшімовті құшақ жая қарсы алды. Кіреберістен би билеп, екі жақ қатарға тұрып қол шапалақтаған жастардың Еңбек Еріне деген ілтипат- құрметі ерекше еді. Өйткені Асағаңның өзі айтқандай, «30 баламен басталған оқу орны бұл күнде академияға айналған». Мұнда ұлы актердің атындағы лаборатория ашылды.

Алқызыл лентаны Қазақстан Жазушылар одағы басқарма т­өрағасы Нұрлан Оразалин мен Өнер академиясының ректоры Бибігүл Нүсіпжанова қиды. Академия оқытушылары мен студенттері жиналған конференц-залда Асанәлі Әшімовтің 80 жылдық мерейтойы жалғасын тапты. Халық артисі Есмұхан Обаев «Биылғы жылды «Асанәлі жылы» деп жарияласақ та болғандай екен, жер-жерде осындай керемет кештер өтіп жатыр. Бұл – қазақ театр және кино ­өнерінің абыз тұлғасына деген ел-жұрттың үлкен құрметі» деген пікір білдірді. Нұрлан Оразалин мырза Асекеңнің ­өнердегі, ­өмірдегі азаматтық ұстанымына жоғары баға берді. Ақын Жүрсін Ерман «Біз Асанәлі Әшімовтің абырой-беделін айтыс ­өнерін биіктетуге пайдаланып жүрміз» деді. Дулат Исабеков болса, «Бір кезде баудағы ­өрік ағашының дәнегіндей к­өп едік, бұл күнде аға буынның қатары сиреп барады, сондықтан қазақтың азаматтары бір-бірін ылғи қолдап жүргені абзал» деген ойын айтты. Смағұл Елубай ағамыз Асанәлі Әшімовтің кино саласындағы жеткен жетістіктерін айта келіп, «Біз Батырлар жырын жаттап ­өскен елміз, батыры жоқ заманда баяғы Ер Тарғын, Қобыланды батырларды ел-жұрт іздеді. Асекең сол батырлар бейнесін кинода сомдай білді. Енді жас болса келді, ел абыз бейнесін көргісі келеді, Алла жазса, Асанәлі Әшімов сол тұрғыда экраннан табылатын болады» деген с­өз айтты. Ақын Маралтай ­ө­леңін оқыды. Танымал журналист Қали Сәрсенбай інілік ілтипатын білдірді. Нұрт­өре Жүсіп Асанәлі Әшімовтің жазушылық қырына тоқталды.

Белгілі театртанушы Бақыт Нұрпейіс: «Актердің кинодағы алғашқы рө­лі 1958 жылы С.Мұқановтың «Ботагө­з» романының желісімен түсірілген фильмнен басталды. Содан бері қазақ киносының әлемдік деңгейден к­рінуіне ө­з үлесін қосып келеді. «Ән қанатында», «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі», «Жаушы», «Нан дәмі», «Қазақы оқиға», «Сіз кімсіз, Ка мырза?», «Бұлғарлар туралы баян» тағы басқа фильмдер А.Әшімов ойынында көрермен  қауымның ыстық ықыласына б­өленді. Оның «Қыз Жібектегі» – Бекежан, «Атаманныңа қырындағы» – Шадияров, «Транссі бір экспресіндегі » Қасымханов р­лдері актерлік шеберліктің үлгісі болып қана қойған жоқ, шын мәніндегі ішкі болмыс-бітімінің жан-жақты к­пқырлылығымен және онда бейнеленген адамгершілік-психологиялық сипаттардың тереңдігімен ерекшеленді. Зерделі актер ө­зі сомдаған бейнелер арқылы қалың к­өпшіліктің адамдар туралы түсінік-түйсігін, эстетикалық к­өз қарасын кеңейтіп қойған жоқ, сонымен қатар кейіпкерлер бойына ­өз қарым-қатынасын, ой-пікірін сіңіріп жеке ойын да білдіріп отырды. К­өрнекті актер, қайраткердің ұлттық ­өнерге сіңірген үлкен еңбегі лайықты бағасын алды. «Атаманның ақыры» фильміндегі Шадияров бейнесі үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1973), «Қанментер» спектаклінде (Ә.Нұрпейісов, реж. Ә.Мәмбетов) Еламан бейнесі үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1974) атанды» дейді. Қазақ кино ­өнеріне ­өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның театрдағы р­өлдері де бір т­өбе. Дара актер режиссурада да ­өз қолтаңбасын қалдырды. «Саңлақ актердің режиссурасымен М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында Ғ.Мүсіреповтың «Амангелді», И.Оразбаевтың «Мен ішпеген у бар ма?» Ж.Аймауытовтың «Ақбілек», Н.Гогольдің «Ревизор», Н.Хикметтің «Фархад-Шырын» спектакльдері қойылды. Сондай-ақ кино саласында «Аждаһа жылы» (1981), «Шоқан Уәлиханов» (1985), «Жусан» (1986), «Қозы К­өрпеш – Баян сұлу» (1992) және «Тұзды к­өл жағасындағы үй» деп аталатын фильмдерін түсірді. Мұның бәрі сарабдал актердің күш-қуаты мен к­өркемдік танымының жемісі саналып ­өнер тарихынан ­өз орнын иеленді» дейді театртанушы Бақыт Нұрпейіс. Аңыз адамның, абыз адамның жылы басталды. Бұл – өнер саңлағының, Алаштың Асанәлісінің жылы. Өнердегі салмағы биік адамның ­мірдегі салмағы да осал емес. Асанәлі жылы, ­өнер жолы жалғаса бермек.

Шыңғыс Жәнібек

Айқын. – 2017. – 22 қыркүйек 


 
 

Мәдина салған ән қандай!

Мәдина салған ән қандай!

Мұзбалақ ақын Мұқағалидің сөзіне жазылған «Ұнатамын мен сені» әні – қазақ эстрадасында ойып тұрып орын алған лирикалық шығарма.

Жастардың махаббат әнұранына айналған бұл әнді жамбылдықтар көмейіне бұлбұл ұя салған талантты әнші Мәдина Сағымбекова арқылы жете таниды десек артық айтқандық емес. Ол Талас топырағынан нәр алып, жастайынан әнші болуды армандады. Асқақ арманы оны алдамады. Қаршадайынан киелі сахнада ән салып, бүгінде өзінің өнердегі орнықты олжасын еншілей алды. 2001 жылы өнердің қара шаңырағына айналған Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония оның екінші үйіне айналды. Араға жеті жыл салып осынау өнер ордасында алғашқы ән кешін өткізді. Атыраулық бард әнші Табылды Досымовтың «Ұнатамын мен сені» әні кейіпкерімізді халыққа кеңінен танытты.

Төлқұжатына айналған әннің сазгеріне арнап Алматы қаласында алғашқы бейнебаяны да жарық көрді. Бала күнінде әкесі Жақсылық Мәдинаға «егер сен халық әндерін орындамасаң, әнші болмайсың» деген талап қойған екен. Әке тілегін құп көрген әншінің репертуары халық әндеріне толы. Қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың шығармалары да әншінің қоржынында жоқ емес. «Мен ән айтқанда жаным жадырап кетеді. Өзімнің жүрегіме жақын әнді өзім таңдаймын және оған дауысымның келгенін білгеннен кейін ғана ыңылдап айта бастаймын. Өйткені ондай әндерді жүрегім өзі қалап тұрады», – дейтін өнер иесінің ән таңдауға келгенде талғамы жоғары. Мұны әншінің өнерін бағалайтын тыңдарман да жақсы біледі. Ауылда өскен Мәдина радиодан берілетін небір жақұттай әндерді тыңдап отырып, әуеніне елітіп, сөздеріне балқып, сұлулықты, қадір-қасиетті, махаббаттың адалдығын жырлайтын әндерді ұйып тыңдап өсті. Әнге деген әуестігіне студенттік жылдары аймаққа ат басын бұрған мүйізі қарағайдай зиялы қауым өкілдері де куә болды. Тіпті 20 жасында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың алдында жақсы көретін әндерін шырқап, батасын алған.

– Мемлекет басшысының облыс орталығына кезекті сапары болатын. Маған сол кезде ән айту бағы бұйырыпты. Елбасының алдына шығатын кезегімді күтіп тұрғанда кенеттен жарық сөніп қалды. Сонда үлкен ағаларымыз: «Мәдина, тезірек шығып ән айта тұр, біз жарықты қосып алайық», – деп өтініш білдірді. Сөйтіп, ойламаған жерден Шәмші, Нұрғиса аталарымыздың әндерінен бастап Елбасы жақсы көреді-ау деген бірнеше әнді Нұрсұлтан Әбішұлымен қосылып айтып шықтық. Шамамен 20 минуттан соң жарық жанды. Елбасы маған алғыс айтып, дастарқаннан қызыл алма ұсынған еді. Осы бір бақытты сәт әлі күнге дейін менің көз алдымда. Бұл – менің өнердегі керемет естелігім, – дейді Мәдина Сағымбекова.

Өнер өлкесінде жүріп талай байқауларда бағы жанып, лауреат атанды. Мәселен, 1995 жылы Шәмші Қалдаяқов атындағы республикалық ән байқауында бас бәйгені қанжығаласа, араға жыл салып «Жас қанат» республикалық жас әншілер байқауында және 1997 жылы Ашхабад қаласында өткен Дүниежүзілік студенттер мен жастар фестивалінде лауреат атанды. Сондай-ақ табанды еңбек, тынымсыз тірліктің нәтижесінде ол «ҚР Мәдениет саласының үздігі» атағын еншіледі. Биыл бұлбұлша сайраған Мәдинаның қазақ сахнасында ән шырқағанына 25 жыл толды. Бұған дейін де талай жеке шығармашылық кешін өткізіп, көптеген ән жинақтарды жарыққа шығарды. Шығармашылықтағы ширек ғасырлық мерейтойына орай үстіміздегі жылдың 15 мамырында «Баласағұн» мәдениет сарайында әншінің «Сайра, бұлбұл!» атты ән кеші жоғары деңгейде өтті. Рухани кеште ақын Шөмішбай Сариев, Фариза Оңғарсынова, Тұманбай Молдағалиев, Мұқағали Мақатаев, жергілікті ақын-сазгерлер Әуезхан Салабеков, Дүйсенәлі Бықыбаев, Олжас Отардың шығармалары орындалды. Бүгінде әншінің қоржынында үш жүзден астам ән мен үш бейнебаян бар. Әншінің өнердегі қуанышын Қазақстанның эстрада жұлдыздары Айгүл Иманбаева, Досымжан Таңатаров, Әділ мен Дана, Айгүл Мақашева, Индира Расылxан, сондай-ақ өнердегі әріптестері Маралбек Бабақұлов пен Қайсар Көкішовтер бөлісіп, кеш көркін қыздырды. Он алты жасынан бастап киелі сахнадан табылған Мәдина Жақсылыққызы бұл кеште домбыра мен гитара аспабында ән шырқап, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді.

   Толғанай АТАБАЙ

Jambyl -Taraz. – 2019. – 22 mamyr


 
 

Жеті нотаға бүкіл көңіл күйді сыйдыруға болады

Жеті нотаға бүкіл көңіл күйді сыйдыруға болады

Ән әлеміне өзіндік өрнегімен келіп, қазақ өнерінің дамуына үлесін қосып жүрген жастардың бірі Нұрислам Сәменқұлов әрі әнші, әрі сазгер. Бірқатар әндерін белгілі эстрада жұлдыздары Төреғали Төреәлі мен Бағлан Әбдірайымов үлкен сахнада шырқап, дүйім жұртқа танытып та үлгерді. Бүгінде Т.Рысқұлов аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінде қызмет ететін жас сазгермен сұхбаттасып, өнер әлемі туралы әңгіме өрбіткен едік.

– Кез келген жұмырбасты пенде, алдымен туған ауылына адал еңбегімен танылуды мақсат етеді. Сіздің де өнерге бет бұруыңызға өскен өңірдің ықпалы болған шығар.

–Иә, туған жердің топырағы талай тұйғынның томағасын сыпырып, қияларға самғататын қасиетімен ерекшеленеді ғой. Дана қазақта «Ел іші – өнер кеніші» деген сөз бар. Алтын бесік – ауылдан алаштың мақтанышына айналған айтулы азаматтар шықты. Мен де талай саңлақтарды тәрбиелеген киелі Құлан ауылының тумасымын. Осында өстім, туған ауылымда қызмет етіп жүрмін. Бүгінге дейін 40-қа жуық ән жазып, оны сахнада орындап, бойымда бар өнерімді танытқан соң, алғашқы шығармашылық кешімді жақында ғана «Жасай бер, Құланым» тақырыбымен өткіздім. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялауына байланысты ұйымдастырылған концертіме келушілер ризашылықтарын білдіріп кетті.

– Ұстазыңыз кім?

– Әрбір адам үшін ең алғашқы ұстазы және өмірлік үлгі етер тұлғасы әкесі мен анасы деп білемін. Менің де ұстазым– әкем Жұмабек. Көз ашқалы сол кісінің домбыраның құлағында ойнап, төгілтіп ән шырқағанын естіп өстім. Қазақтың қара домбырасын қолыма алғаш ұстатқан да, өнердің мәнерін ұғындырған да осы әкем. «Әке – балаға сыншы» дегендей, артық-қалыс кеткен тұстарымды қатаң ескертіп, жөн сілтеп отыруды да назарынан тыс қалдырмайды. Әкем қамқор ұстазым болумен қатар, қырағы сыншым. Туындыларымның алғашқы тыңдарманы да өзі.

– Ең алғаш шығарған әніңіз кімге арналып еді?

– Анама арналған «Жан анам» әнім – ең алғашқы композиторлық туындым. Сөзін шымкенттік ақын Қуаныш Жұманқұлов жазды. Шығармашылық адамдарының бәрі де алғашқы туындысын, сірә, анасына арнайтын болар деп ойлаймын. Себебі баласының қателігін кешіріп, ержетсе де сәбидей мәпелейтін ана ғана ғой.

– Қазір әншілікті жеңіл табыс табу көзіндей көретіндер көп. Сіз үшін өнердің құны қандай?

– Бүгінгі нарық заманы өнерді де табыс көзіне айналдырғаны анық. Бәлкім, бұл да жөн шығар. Себебі темір түйіп, ағаш оятын шеберлердің де түпкі табысы сол еңбегімен келеді емес пе?! Ол да өнер ғой. Сондықтан кең, әдемі дауысы бар әнші сол қызметіне ақысын алып жатса, оның айыбы жоқ деп ойлаймын. Әншілер де әнді жаздыру үшін қыруар ақшасын жұмсайды. Ал оны орындағаны үшін ақы алса, несі айып? Бала күнімде музыкаға қатты қызығып, әкеммен тойға шығатынмын. Ол кезде қазіргідей таспаға жазылып, дайын тұрған әндер жоқ. Әлгі Жапонның «Ямаха» деген күйсандығында той басталғаннан біткенше өзім ойнаймын. Менің ертеңімді ойлаған ата-анам сауатсыз қалмасын деп, ауданымыздағы Мұқан Төлебаев атындағы саз мектебіне оқытты. Сол киелі шаңырақтан 7 жыл білім алдым. Мектепті аяқтағаннан кейін Тараз қаласындағы Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқыдым.

Өмірде сан алуан жағдай орын алып жатады. Солардың әрқайсысын көңіл күймен сезіндіре алатын жеті нота. Қуантатын да, мұңайтатын да, қайғыртатын да, жұбата алатын да, тіпті ойға батырып, жүрекке қозғау салатын да музыка. Ал оны құрап шығару – ұлы өнер. Маған осындай бақ берген Жаратқанға сансыз шүкірлік етемін. Менің әрбір жазған әнімнің өз тарихы бар. Жүректегі сезімдер шабытыма арқау болып, қаншама әндер дүниеге келді. Бұл – менің өнерім, бұл – менің өлеңім, бұл – менің өмірім. Мен адалдықты, еркіндікті, махаббатпен өмір сүргенді ұнатамын. Және мендегі елге деген сүйіспеншілік ешқашан ортайған емес.

– Әңгімеңізге рақмет!

   Сұхбаттасқан Қ. Рахметуллина

Арай. – 2019. – 16 мамыр